Смағұл Елубайдың кинодағы шығармашылығы

Суреткердің шығармашылық лабораториясын зерттеудегі басты мақсат – туындылары бойынша түсірілген кинофильмдер мен жазған сценарийлерінің экрандалу құбылыстарының концепциясын, айтар ойын жалпылама емес, детальдар арқылы жаңа қырларын табу. Сонымен қатар кейіпкерлердің экрандық образындағы іс-әрекеттерінің және диалогтерінің ішкі мәнін, астарын зерделеп, бейнесін ашып беретін қырлары мен желілерін зерттеу.

Гүлдана БЕЙСЕН

Кинотанушы

 


Смағұл Елубай – әдебиетте де, кинодраматургияда да өзіндік қолтаңбасымен танылған қарымды қаламгер. Оның ұшқыр қиялынан туындаған «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» өз оқырмандарын тапқан, халықтың көңілінен шыққан кеcек те тартымды дүниелері, қазақ руханиятына қосқан сүбелі еңбектерінің бірі болып табылады. Қаламгердің осы шығармаларынан бөлек қазақ кинодраматургия саласында да шоқтығы биік туындылары бар екені барша қауымға белгілі. Әдебиет пен кинодраматургия саласының қос тізгінін берік ұстап, азаматтық позициясының өзіне тән айшықты бедері айқын қаламгер қазақ әдебиеті мен қазақ кино өнеріне ата-салт әдебі мен қазақы ортаның шынайы көріністерін суреттей отырып, қаншама образдық бейнелерді экранға шығарды.

«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры атанған ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасында «Туған күн» атты шағын әңгімесімен әдебиет айдынына келген»[1] жас жазушы уақыт өте келе қанаты қатайып, кеңістігі кеңейіп, суреткерлік тұғыры биіктей берді. Шығармаларының көркемдік құрылысы терең, айтар ойы ауқымды, реалистік ауаны бөлек, сол ортаның, сол қоғамның шындығын, айтылмаған ақиқатын зергерлікпен шебер суреттей білген қарымды қаламгерге айналды. Әдебиет әлеміне ұлтына қажетті халқының болашағына болжам болатын өткен тарихи ақтаңдақтарды жастар санасына жеткізетін құнды шығарма «Ақ боз үй» атты трилогиясын өмірге алып келді. Әдебиетсүйер қауым, зиялы орта бұл шығарманы рухани жеңіс, ғажайып жаңалық, айтылмаған ақиқат және көзсіз ерлік деп бағасын берді. Сол кезеңдердегі баспасөз беттерінде жарияланған қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, айтулы азаматтардың бағалы пікірлерін айтқан. Академик Зейнолла Қабдолов: «Талантқа ең керегі екі нәрсе: еңбек және батылдық. Смағұл Елубаевта осының екеуі де түгел, тұтас. Өзге шығармаларын өз алдына қойғанда, Смағұл аз жылдар ішінде үш роман жазды. Бұлар– күн демей, түн демей, ұзақ сарылған үлкен еңбектің жемістері. Ал батылдыққа келсек, үш роман да («Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние») қаламгердің қайсар батылдығынан, керек десеңіз, тіпті батырлығынан туған. Алғашқы екі шығарма кеңес кезіндегі қазақ атаулыны шыбындай қырып кеткен аштыққа, қуғын-сүргінге, ату-асуға арналған. Тоталитаризм тұсындағы бұл тақырыпқа бару біздің жазушылардың ішінде жас та болса тек Смағұлдың ғана қолынан келеді» [2], -дейді.

Көрнекті академик түйіндеген қайсар батылдық пен батырлық және санасындағы сілкініс суреткердің бойына қайдан келді? Қаламгердің бойына біткен қайсарлық пен ұлттық құндылықтардың сәулесі, ол тым арыдан басталып, суреткердің ата-тегінен бастау алған. Жазушының ата-анасы сұрапыл 30-жылдар  ойранында ата-мекені Ақтөбе облысының қазіргі Байғанин ауданынан Үстірт асып, Амудария сағасына дейін көшкен. Осы көшу барысында бүкіл ауыл, әке-шешесі аштыққа ұрынған. Қаламгер сол аласапыран заманда Қарақалпақстан мен Түрікменстанның шекарасындағы Маңғыт деген жерде 1947 жылы дүниеге келіпті. Ауыл көшпелі өмір салтын сақтай жүріп, Түрікменстанның Фараб елді мекеніне қоныс аударады. Күнкөріс қамымен ауыл Фараб елді мекенінен Амударияның арғы бетіне баржаға бүкіл мал-жанымен көшін артып, Ауғанстан шекарасының жақын маңына,  Қарақұм каналының бойына барып қоныстанады. Әке-шешесі 1956 жылы ғана Кеңес өкіметіне тіркеліп, құжаттарын алып, өкіметті мойындаған екен. Қаламгердің осы бір өмір деректеріне зер салсаңыз, ширек ғасыр өкімет тізімінде жоқ, аты-затымен өзгерген қоғамда көшпелі өмір салтымен өмір сүріп, азаттығын ардақтаған ата-анасының батылдығы бала табиғатына, мінезіне шым-шымдап еніп, оны қайсарлыққа, байсалдылыққа, байыптылыққа жетелегені анық. Ал осындай батылдық суреткердің балалық шағынан-ақ көрініс тапқанын жазушының өз өмір белестерінен білеміз. Жазушы бір әңгімесінде Қарақұм каналына жақын отырған ауылына қасқыр тиіп, бірталай малды тамақтап, қарындасы Қаракөздің ақ лағын бөктеріп кетіпті. Ағасы Жақсығұл екеуі мылтықтарын алып, қасқыр ізіне түседі. Ауғанстан шекарасына жақын тұстардағы ақ шағылды жарлардың бірінен қасқыр апанын табады. Апанға жақындағанда, көкжал қасқыр апаннан ата жөнеледі. Апанның аузына келген ағайынды екеуі апанның ішіне қарай оқ атады. Мылтықтың түтіні сейілген кезде қараса, апанның ішінде өліп жатқан қасқырды көреді. Апанның аузынан әрірек жатқан қасқырды алу үшін денесі кіші Смағұл апанға түседі. Смағұл Елубай айтады: «Ағамның «аңшының көмекшісі» дегені құлағыма майдай жағып бара жатса да, апанға қарасам, жүрегім ұшып кетеді. Өзім не бары сегіз жастамын. Апанның ішінде тағы да қасқырлар болуы мүмкін ғой. Ол бас салса, қайтемін? Осыны ойласам, жүрегім тас төбеме шығады. Әйткенмен, «қорқамын» деп айтуға намысым жібермейді. Ағам аяғыма шылбырды байлады да, мен қараңғы апанға еңбектеп кірдім. Қасқырдың артқы аяғынан ұстасам, шынында да, өліп қалыпты. Денесі жып-жылы екен».[3]  Қаламгердің естеліктеріндегі осы көрініс баланың бойындағы қайсарлықты айқындап тұрғандай. Кішкене ғана штрих, кішкене ғана деталь намысты баланың өр мінезін танытады.

Тағдыр талайымен Түрікменстанның Қарақұмының ішіндегі Көрпе, Барыс, Көрбаба делінетін ыстық құмдарында қаламгердің балалық шағы өтеді. 1960 жылдардағы замана лебінің өзгеруі, сонау қысталаң қиын кезеңдерде атамекеннен алыстаған аулының ұлы көші ата-баба жұрты– Ақтөбе аймағына жете алмаса да, Алатау бөктеріне келіп қоныстанып, ел-жұртымен табысады. 1971 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген жас маман 1972 жылдан қазақ кинематография саласында еңбектенуде. 1975 жылы Мәскеудегі сценаристер даярлайтын жоғарғы курсты бітіргеннен кейін 1992 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясының сценарий бөлімінде шығармашылық жұмыстарда болды. Абдолла Қарсақбаевтың «Даладағы қуғын» фильмінің  басты рөліне Досхан Жолжақсыновты ұсынған Төлен Әбдіков пен С.Елубай екен. «Алпамыс идет в школу» фильмінің атауын орысшасынан қазақшаға С.Елубай  «Алты жасар Алпамыс» деп өзгерткен. Болат Мансұровтың «Құлагер», «Транссибирский экспресс», «Көксерек», «Охрана бастығы» т.б көптеген фильмнің жобасына қатысқан. 1992-1995 жылдары «Парасат» журналының бас редакторы, 1995-2004 жылдары Еуропаның төріндегі Прага қаласында «Азат Еуропа,  Азаттық» радиосында қызметте болды. 2004 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы қызметінде. «Құрмет» орденінің иегері. Қазіргі кезде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы. Бүкіл әлем жазушыларының басын қосатын «Пен-клуб» халықаралық ұйымының вице-президенті. Көптеген кітаптардың авторы,  біршама көркемсуретті фильмдердің сценарийін жазған кинодраматург. Шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындылары–  «Ақ боз үй» атты үш кітаптан тұратын трилогиясы. 1930-33 жылдары  халқымыздың басына түскен нәубет жылдар оқиғасын суреттеген. 1937-38 жылдары басталған қуғын-сүргін, репрессия зұлматын қамтитын «Мінәжат» романы және үшінші «Жалған дүние» романы осы туындылардың заңды жалғасы іспетті. Өзінің қаламынан туған шығармалары 1982 жылы «Қызыл отау» (режиссері Қ.Қасымбеков), 1983 жылы «Ай астындағы үй» (режиссері Б.Омаров). Басқа да көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларын кино тіліне аударды. Жазушы Төлен Әбдіковтің «Қыз-Бәтіш пен Ерсейіт» новелласының желісі бойынша 1983 жылы «Өтелмеген парыз» (режиссері С.Жармұхамедов), халқымыздың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» тарихи дастанын 1993 жылы экранға шығарды (режиссері С.Тәуекелов).  1991 жылы «Сұрапыл Сұржекей» (режиссері Д.Манабай). 2006 жылы Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың ілгеріде жазылған «Күй» атты хикаятын негізге алып (режиссері Д.Манабай), «Кек» атты тарихи кинотуындысының сценарийін жазды. Ал бұл кинофильм– қазақ кино өнеріндегі ұлтымыздың көшпенді өмір салты мен тақырып аясының үйлесімділігі көрініс тапқан кинотуынды, үлкен табыс деген жоғары бағасын алған шығармалардың бірі.

Суреткердің шығармашылық лабораториясын зерттеудегі басты мақсат– туындылары бойынша түсірілген кинофильмдер мен жазған сценарийлерінің экрандалу құбылыстарының концепциясын, айтар ойын жалпылама емес, детальдар арқылы жаңа қырларын табу. Сонымен қатар кейіпкерлердің экрандық образындағы іс-әрекеттерінің және диалогтерінің ішкі мәнін, астарын зерделеп, бейнесін ашып беретін қырлары мен желілерін зерттеу. Осы тұрғыдан әдебиет әлеміндегі сом шығармалар, туындылар әр халықтың тарихи-рухани деңгейі биіктігінің анықтаушы факторларының бірі екені рас. Шоқтығы биік шығармалар сол халықтың төлқұжаты іспетті. Мысалы, ұлы жазушымыз М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы қазақ халқын әлемге танытқан классикалық туынды екені даусыз. Қырғыздың көрнекті қаламгері Ш.Айтматовтың шығармалары арқылы әлем халқы түркі дүниесін таныды. Ал С.Елубайдың «Ақ боз үй» туындысы арқылы жас ұрпақ өткен тарихымыздағы айтылмаған ақиқат, ақтаңдақ, зобалаң жылдар қасіретін еске түсірді. Осы шығарманың құндылығы жайлы мәскеулік танымал жазушы, кинодраматург Олег Осетинскийдің суреткердің қаламынан туған «Ақ боз үй» трилогиясына қатысты «Роман Смагула Елубаева есть национальный шедевр, казахский «Тихий Дон» деген пікірі, орыстың қабырғалы жазушысы Михаил Шолоховпен теңестіруі– қазақ әдебиетіне берген бағасы, ұлтымызға берген бағасы, суреткерге берген бағасы, үлкен олжа.

Жазушының шығармашылық аудиториясы туралы көркем сөз зергері, көрнекті қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың суреткер жайлы айтқан пікірінде: «Ол оқырман қауыммен бөлісетін өз «Одиссеяларын» өзі тумастан он бес жыл бұрынғы оқиғалардан бастайды. Алайда сөз болып отырған шығармада автордың өзі көрмеген, өз тәнімен түйсінбеген, өз жүрегімен сезбеген, өз қолымен ұстап, өз басынан өткермеген бірде-бір штрих жоқ десек, артық айтқан болмаспыз. Бұл, әрине, хас суреткердің қасиеті. Нағыз шеберлік. Алайда мұндай шеберлік неден жаратылып, адам бойына қалай бітеді? Ол өз алдына мәселе... Ондай шеберлікке ие болу үшін, әрине, бір ғұмыр аз. Ол үшін жүздеген, мыңдаған ғұмыр керек шығар. Бірақ сонша көп ғұмыр бір жұмыр басқа бұйыра қоя ма? Ол екі бастан мүмкін емес. Ендеше, суреткерлік дегеніміз– бүкіл тұқым-тұқиянымыз көзбен көріп, бастан кешкендерін бір бойына жиып, керек кезінде соның әрқайсысына тамызық тұтатқызып, әрқайсысына тіл бітіріп, сұңқылдата сөйлетіп отыра алатын сұңғыла көкірек, зергер зердеге ие бола алатындарға ғана бұйыратын олжа шығар»[4],- дей келіп, халық жазушысы жалпыға бірдей сұрақ қояды: «Хас шеберлік неден жаратылып, адам бойына қалай бітеді?» Осы сұраққа жауапты суреткер С.Елубаевтың өз естелігінен табамыз: «Жаз ортасы. «Барыс» деген құдық басында жан-жақтан ел жиналып, Қазақстаннан келген жырау-жыршыны тыңдадық. Айлы түн астында отырып, таң атқанша соқыр жырау айтқан «Мұхаммед-Әнәпия» жыры есімде. Тоғыз жасар баламын. Жартастай дәу қара шал қара домбырасын құшақтап, айлы аспан астында шаршы топты аузына қаратып, таң атқанша күмпілдетіп саба піскендей жыр толғады. Абыз мақаммен айтылған жыр-толғау бала сананы балдай ұйытып, тербеп, өзге бір әлемге алып кеткендей болды. Теңдессіз ұлы өнер, жырау өнерімен тұңғыш жүздесуіміз еді. Естен танғандай болдық. Мүмкін, сол түннен бастап ұлы сөз құдіретіне деген іңкәрлік, тізе бүгіп табынушылық басталған шығар... Сол соқыр жыраудың мақамын әлі сағынамын. Сол мақам әлі құлағымнан кетпейді».[5] Арғымақты ауыздықтап, асауды қамшылаған баланың көңілін балдай ұйытып, санасына өнер атты тылсым күштің рухын сепкен Абыз мақам суреткерді «сөз құдіреті» атты әлемге жетелегені анық. Суреткер өмірінің ұмытылмас осы сәті, яғни Абыз мақамның тылсым күші суреткердің ұлттық негіз діңгегінің бекуіне, халқының тұрмыс-тірлігін, табиғатын терең түсінуіне жол ашқан негізгі арна. Ал бұл арна, осы эталон өмірдің өрлі-қырлы соқпағында адастырмай, жазушы С.Елубайды өзіндік әлемінің биігіне шығарды. Осы жол замана келбетінің ыстық-суығын, қайғы-қасіретін, кеңістігі мен тамыр соғысын дәл тапқан әлеуметтік эстетикаға бай нәрлі реалистік шығармаларын дүниеге алып келуіне себепші болды. Ал осы туындылары жазушыны ұлттық мінезі айқын, парасаты мол, ұлт жоқтаушысы дәрежесіне көтерді.

Адамның қалыптасуына өскен ортасының, құрбы-құрдастарының ықпалы болатыны сөзсіз. Осы орайда С.Елубай өз шығармашылық өсуіне осы құрбыларының әсері мол болғанын жасырмайды: «ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, лекция басталмастан бұрын Горный Гигант колхозына алма теруге бардық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, баспасөзде енді-енді көріне бастаған, сондықтан да басымыздан буымыз бұрқырып тұрған жас пері, данышпандармыз. Бір-бірімізге үрке қараймыз. «Әне, әне, Жақау Дәуренбеков келе жатыр!» Жалт қараймыз. Өз көзімізге өзіміз сенбейміз. «Қазақстан пионері» газетінен түспейтін Жақауды көріп тұрғанымыз рас па, өтірік пе?» дейміз. «Анау кім, алма ағашының бұтағында тақпақ оқып отырған?» «Ойбай, Шөмішбай Сариевтің өзі ғой ол!» «Мәссаған, одан бетер үрке түсеміз». «Қолтығында папкесі, мына кісі ұстаз болды-ау!» «Жоқ, ол маңғыстаулық Жоламан Бошалақов!» «Астапыралла!» «Мына жағыңызға қараңыз, ой, жол беріңіз, Баққожа Мұқаев келе жатыр!» Сол кездің өзінде бас редактор сияқты сұсты жігітке бәріміз қақ жарылып жол береміз. «Мынау кім, ақ қайындай солқылдаған?» «Қызылордалық Сұлтанәлі Балғабаев!» дейді Жеңіс Шыныбеков құлағымызға сыбырлап. Мінеки, осылай таныстық».[6]

Ал енді суреткердің өзі туралы жазушының досы, замандасы журналист Жарылқасын Боранбайдың қаламгер туралы айтқаны: «Иә, оның кемшілігі көп. Ол ешкімді ешқашан қасиеттінің қасиеттісі– өзінің жан дүниесіне жақындатпайды. Ол ешқашан сізге барымен ақтарылмайды, оған әуре болмаңыз һәм жазу-сызуы да солай. Оны түсіну, ғарышқа аттанып бара жатқан ақ кемеге қарғып мінуден де қиын. Сіз бір сөзден қателік жіберсеңіз, оқиға ауаны ауысып жүре беруі мүмкін... Неге дейсіз бе, ол сіздің деңгейіңізді байқасымен, көңіліңізге келмесін, жалт бұрылады. Қысқасы, жалпақ шешей емес».[7]  Мінеки жазушының оқырман білмеген бір қыры.  Тағылымы мол аға буынның да, ізбасар інінің талантына берген бағалары жоғары. Абыз ақсақал, көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденов: «Жайбасарлығы, ақырын сөйлейтіндігі, даусын көтермейтіндігі мені таңғалдырған еді. Мен тіпті бір жерде өзіне сұрақ қойғаным бар. «Осы сен жас кезіңде бала болып жүгірген, біреуді қуған не болмаса қашқан кезің болды ма?» деп. Сондай байсалдылығы, ұстамдылығы, ізденгіштігі мені таңғалдыратын... Екінші бір разы болғаным– мынау қиын-қыстау заманда осы жігіттің ойлаған жерден табылатындығы. Ол сонау 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты шаруаларға қатты кірісті», [8] - деген пікірі арқылы суреткердің парасаттылығы, оның ұлтының тағдырын өз тағдырынан да жоғары қоятынын, сол үшін ешкімнен де тайсалмайтын қайсарлығын, рухани қуаттылығын  тап басқан. Осы орайда орыстың ұлы ақыны М.Лермонтовтың мына бір сөзі ойға оралады: «Бойда бұғып жатқан ұлы қуаттың белгісі–сабырлылық».

С.Шаймерденов байқаған сабырлылық, байсалдылық секілді қасиеттер суреткердің «Туған күн» әңгімесінің кейіпкері Монтидың мінезінде бар. Әңгімеде: «Монти бойы аласа, талдырмаш келген арық қара жігіт еді. Жүргенде жұрттың соңын ала жүретін. Әңгімеге де көп араласпайды... Сөзге кейде құлақ тіксе, кейде өзінше келе жатады. Мұның тұйық мінезіне сыралғы қатар құрбылары оған сөз айтып әуреленбейді... Монти қашан да жападан-жалғыз, состиып шеттеп жүреді... Тым-тырыс, «сен тимесең, мен тиме» отыра береді. Лекцияға келген келмегенін кейде байқамай да қаласың»[9],- деп сипатталады. Осы суреттеуден кейіпкер мен автордың мінездері арасында ұқсастық байқалады.

Шығармашылық жолын айқындаған,  әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасы жаңа қалыптасқан жас қаламгер ҚазМУ-дың журналистика факультетін 1971 жылы бітірген соң, Шығыс Қазақстан облысының шалғай  Қатонқарағай ауданына тілшілік қызметке кетеді. Араға алты ай салып аудандық газет қызметінен ауысып, Алматы қаласына келеді. Қаламгердің айтуы бойынша:

«Оқу бітірген жас маман өнер мен әдебиеттің шоғырланған Алматыдай орталығынан жұмыс іздеуі– заңды құбылыс. Табылған жұмысы шығармашылық ой-армандарына сәйкес келсе, жас маманның өмір баспалдақтарының орнықты да нық болуының негізгі кепілі емес пе? Оның шығармашылық өсуіне зор мүмкіндіктер ашылады» деген арманын арқалаған жас қаламгер Қазақ  ССР-ның кинематография комитетіне редакторлық қызметке орналасады. Осы жылдары қазақ кино өнерінің шығармашылық ауқымы кеңейіп, нағыз кемелденген ұрпақ алмасқан кезең болатын. Осы кемелдену кезеңдері туралы көрнекті кинотанушы ғалым Б.Нөгербек өзінің еңбектерінде мына деректерді келтірген: «1970-е годы шел процесс интенсивного формирования казахской кинорежиссуры и актерской киношколы под воздействием молодой талантливой кинодраматургии, которая пыталась сломать сложившие стереотипы советского тоталитарного фильма. В известном смысле можно даже утверждать, что казахская кинодраматургия в лице О.Сулейменова, А.Тарази, К.Искаков шла впереди кинорежуссуры, задовала тон, вынуждала режиссеров искать новые краски в обрисовке экранных героев, новые кинематографические способы построения сюжета».[10]

Редакторлық қызметін жаңа бастаған қаламгер С.Елубайдың Москвадан оқып келген С.Нарымбетовпен арасында туындаған шығармашылық байланыстың әсері оны кинодраматургия саласын жетік білуге жетелейді. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, екеуі 70-жылдардың басында киностудияда кездеседі. Сатыбалды Нарымбетов осы кезде ВГИК-ті бітіріп келген болатын. Киностудияда редактор болып жүрген С.Елубай киногер болуды армандап, Мәскеуге оқуға дайындалады. Бұл бағытына кәнігі киногер Сатыбалдының мол әсері болған екен. 1974-75 жылдары Москва қаласындағы Жоғарғы сценаристер курсына оқуға түседі. Осы оқу орнында әлемдік кинематографияның көрнекті өкілі орыс кинодраматургиясының ақсақалы Николай Фигуровскийдің шәкірті атанады. Ұстаздары– кинодраматургтер Туррин, Соловьевтармен бірге кинорежиссерлер Жалакявигус, А.Кончаловский секілді білімді ұстаздардан дәріс алады.

Ресей астанасы Мәскеу қаласында оқып жүрген кездері суреткер Смағұл Елубай ондағы оқу порцестерінің ерекше түрде өрбитіндігін, кино тарихындағы алтын қор студенттер назарына ұсынылып, лекциялар пікірталас сипатында өтетіндігін айтады. Тағы бір ерекшелік, суреткер білім алған кезең жалпы коммунистік идеологияның бір жағынан тоқырып, бір жағынан шарықтау шегіне жеткен шағы болатын. Мәскеудегі оқу орнындағы сабақтарға танымал жеке тұлғалар, саясаткерлер, философтар, зерттеушілер шақырылып, олар студенттермен өзара ой-пікір алмасатын. Кеңес одағының саясаты дәуірлеп тұрған бұл кезеңде еркін ойлап, еркін жазуға, ойыңды анық айтуға мүмкіндіктер болмаған. Сол себепті де студенттердің лекцияларына арнайы келетін тұлғалар арқылы жастар көп мәселеге басқаша, анық көзбен қарай алатын болған. Суреткер Смағұл Елубай осы сабақтардың кейінгі шығармашылық өмірде көп пайдасын тигізгенін жие еске алады.

Мәскеудегі оқуын бітірер кезде дипломдық жұмысы, кинодраматургия саласындағы тырнақ алды туындысы «Қызыл отау» фильмінің сценарийін С.Нарымбетов екеуі бірігіп жазады. Кинодраматургиялық шығарманың алғашқы нұсқасында сценарий авторының негізгі мақсаты қоғамдағы өзгеріс революция, ен далада еркін жүрген ерке халықты күштеп коллективтендіру саясатының жалпы халықтың тұрмыс-тірлігіне тигізген әсері болатын. Көп жылдар бойы өндіріске енбей қалған осы сценарий 1982 жылы режиссер Қаныбек Қасымбековтің экрандауы бойынша экранға шығады, сол дәуір саясатының екпіні болар, байлар– үстем тап өкілі, яғни жағымсыз кейіпкерлер, кедей тап өкілі қаналушы тап– жағымды кейіпкерлер деген стандартты схема бойынша сценарий барысы, оқиғасы, тақырыбы күзеліп, айтар шындығы қалмаған қатардағы революциялық сарындағы қарадүрсін фильмдердің бірі болып қалады.

Фильмнің оқиғасы 20-жылдар тұсындағы большевиктердің бұқара халықты өз жағына тарту үшін халық ішіне жаңа өкімет саясатын насихаттайтын қызыл отау (агит бригада) мүшелерінің саяси жұмыстары туралы, насихаттары және жаңа үкіметтің ауыл адамдарының көзін ашып, сауатсыздықпен күресі туралы айтылады.

Өткен ғасырдың тарих беттеріне көз жүгіртсек, коммунистік идея, оның қозғаушы күші орыс халқы, үлкен аға халық, ақылшы басқарушысы, қазақ халқын оқуға, білімге, ғылымға жетелеген авангарттық рөл атқарды. Барлық іс Москва арқылы шешіліп жатты. Мысалы, өзіміз жазған киносценарийлердің міндетті түрде түпнұсқасы орысша болу қажет және идеялық мазмұны сол уақыттың саясатына сәйкес болмаған дүниелер кейінге қалдырылып, өндіріске жіберілмеді. Бұл– мәселенің бір жағы, екінші жағы– режиссер мен сценаристің бірге шығармашылық жұмыстар барысындағы сценарий авторы мен режиссердің талғамы, дүниетанымы ешуақытта 100 пайыз қабыспайды, сондықтан сценарийлік нұсқасы өзгерістерге көп ұшырайды. Себебі режиссер соңғы сөзді айтатын және сол кинофильмнің иесі іспетті өз ойымен интерпретация жасайды. Кино өнерінде режиссер– басты тұлға, оның көзқарасы өзіндік қолтаңбасы өз қолынан өтеді, тіпті кейбір жағдайларда сценарий авторына соавтор болып алады. Бұл жағдай, әрине, режиссердің әдебиет пен тарихтан хабары мол болып, сол түсіретін туындының болмысын жақсы білуін талап етеді. Өмірде кездесіп қалатын көріністер режиссердің шығармаға атүсті қарап, материалды толық меңгермей, соавтор болуы бір атқа екі адамның мінгескеніндей әсер қалдырады, бұл, әрине, кинодраматургия өнеріне, оның шығармашылық кеңістігіне үлкен қиянат. Осы бір түйіні көп, шешімі аз мәселелер төңірегінде Смағұл Елубай кинодраматургияны үйдің іргетасына теңеп, іргетасы қаланбаса,  үй де салынбайтығын тілге тиек етеді. Шындығында түпкі негізі берік қаланған туынды көрермен көңілінен шығатындай жақсы дүниеге, шедевр шығармаға айналуы– заңдылық. Кинодраматургтің өзі де киноның 70 пайызы қағаздың бетінде жасалатындығымен келіседі. Суреткердің пікірінше негізгі ой, концепция, түрлі моноглогтар, әсерлі диалогтар шын мәнінде кинодраматургтің еңбегіне және сценарий еншісінде жатады. Осы тұжырымға сүйенген кинодраматург С.Елубай кез-келген туындыны көркемдеу барысында режиссер оған белгілі бір оқиға, суреттемелер мен бейнелік образдарды өз шығармашылық қиялы арқылы өзгерте алатындығын алға тартады. Суреткердің ойынша кинотуынды экранға шыққан соң режиссердің еншісі болып табылды. Бұл әділетсіздік болса да, өнер үшін заңдылық болып саналатыны аян.

Ал театр өнерінде бұл жағдай өз мағынасын дұрыс тапқан. Мысалға алсақ, Дулат Исабековтің «Әпке» пьесасы жазушының еңбегі деп бағаланады, ал режиссер қойылымның режиссері деп аталынғанмен, шығарманың иесі бола алмайды. Шығарманың нағыз иесі қағаз бетіне түсірген сценарий авторы болып табылады. Айырмашылық қандай, жер мен көктей. Мысалы, көрнекті қаламгеріміз Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін араға жылдар салып 2-3 рет өңдеп, 70-жылдары экранға жолдамасын алып берді, ал соңғы нүкте С.Ходжиковтің еңбегі болып қалды дегендей өзекті ойларымен кинодраматургияның шешімін әлі таппаған актуальды мәселелердің бірі екенін айтқаны орынды.

С.Елубайдың шығармашылық аудиториясында ауқымы кең желілер байқалады.

Бірінші желі, ол – табиғи шыншылдығы және байыпты байламы бар жазушылық дарыны.

Екінші желі – кинодраматургиялық өрнегіндегі негізгі бояулардың түсі, айқындаушы фоны, қазақтың дәстүрлі тұрмысы, көшпелі елдің көшелі рухы, бабалар үні.

Үшінші желі – ұлт болып ұйысуымызға бастайтын ұлттық иммунитеті басым желі. Қоғамдық келбеті. Осы үш желі – қаламгер шығармашылығының негізгі діңгегі.

Бұл желілер қосылғанда, үлкен шығармашылық арна болып ернеуі толысады. Қазақы өмірдің әлеуметтік-эстетикалық түбірінен нәр алған осы арна суреткердің ұлттық мінезі айқын, заманының ыстық-суығын аңғаратын, оның кеңістігі мен тамыр соғысын таба алатын сөз зергері екеніне көзімізді жеткізеді.

Суреткер Смағұл Елубай – әдеби ортада да, қазақ кино өнерінде де өзінің айтар ойы мен халқына қажетті рухани дүниелері мол қарымды қаламгер. Өзі өмір сүрген ортаның әр құбылысы мен тіршілігін суреттей отырып, қазақ кино әлеміне өткен ғасырдағы қазақ қоғамын, бұрыннан қалыптасқан қоғамдық формациядан күштеп таңылған жаңа қоғам құру жолындағы адами, табиғи сананың тапқа бөлініп, өз ауылдасын, өз досын, бауырын, туғанын сатып тозақ отына итермелеген күнімдік күн көрістің қамы мен пендешіліктің құрылған құрсауына түскен, жағымсыз кейіпкерлер галереясын сомдаған және тарыдай шашылып, қынадай қырылған халық тағдырын алғашқы рет экранда бейнелеген кинодраматург.

Жалындаған жас шағынан бастап асқаралы алпыстың белесінен асқан суреткердің шығармашылық жолы қазақ кино өнерімен тікелей байланысты. Осы тәжірибелі өмір жолынан өткен, көргендері мен түйгендері мол қаламгердің қазіргі қазақ киносы жайлы ойлары, өзекті мәселелер төңірегіндегі пікірлері шын мәнінде іске асса, онда қазақ кино өнерінің, кино өндірісінің ұтары көп болар еді.

Кинодраматург С.Елубай – қазақ кино өнерінің ХХ ғасырдағы тоталитарлық режим жүйесіндегі қалыптасқан шығармашылық қиын жолдарынан өткен тәжірибелі маман. Қазіргі таңдағы заманауи талаптарға сай өркениеттің өрелі көшінен қалмай, өзіндік шығармашылық жолын, бағыт-бағдарын анықтаған қазақ кино өнерінің өзекті мәселелері төңірегінде өз ойларын ортаға салып, қоғамдық пікір қалыптастырған мына бір ойларын айтуымызға болады: «Кино– өнер атаулының ішіндегі асау түрі. Мұнда көптеген өнердің басы тоғысады. Оның көркемдік, әлеуметтік салмағын көтеруге бір кісінің шамасы келмейді. Кінәмшілдігі соншалық, кейде ақша салған адамның өзін дағдартып қояды. Киноның сәтті шығуына мінсіз сценарий, сезімтал режиссер мен талантты әртістер сақадай сай болғанымен, іске асуы қиын. Сондықтан кино өнерінің өрісін кеңейтіп, кинокомпания, киностудиялардың санын арттырған мақұл. Сан сапаға айналады. Ресейде кеңес заманында жылына 50 кино түсіретін, қазір 150-ден асты. Соның ішінде іліп алар 3-4 фильм кино әлемінің, күллі елдің назарын жаулайды. Өзгесі күнделікті нантабар шаруаның айналасында. Бізде кеңестің дәуірінде бес фильм шығатын, әзір сол деңгейден аса алған жоқпыз. Жоғарғы нәтижеге қол жеткізу үшін Қазақстанда 15-20 фильм жасалуы керек. Соның бір-екеуі ғана ұлттың мүддесінен шығуы мүмкін. Жалпы кинода да, әдебиетте де шедеврдың жазылуы– өте сирек құбылыс. Құдайға шүкір, қазақта жыл сайын жүздеген, мыңдаған бала өмірге келеді. Соның бәрінен данышпан шығып жатқан жоқ. ХIX ғасырда екі Абай туған жоқ. Демек, биыл бір шедевр түсіреміз. Келесі жылы тағы ғаламат кино туғызамыз деу асылық»[11], - деген түйінді толғамдары қазіргі таңдағы актуальды мәселелердің бірі болып табылады.

Қазіргі нарықтық заманымыздың қатал заңдарының бірі – экономика, кино өндірісіне құйылған өкіметтің қаржысының қайтарымы болуы міндетті. Кино өндірісіне құйылған қаржы қалай қайтады? Осы міндеттерді орындау үшін қазақ киносы өзі түсірген фильмдерін көрерменге жеткізу керек. Ол үшін қалыпты жұмыс істейтін прокат жүйесі болуы шарт. Ал қазіргі таңда осы жүйе жұмыс істеп тұр ма?

Кеңестік дәуірдің 1921 жылдары арнайы құрылған кинопрокат жүйесі қалыптасып, Кеңес өкіметі тарих сахнасынан кеткенге дейін өз мәнінде жұмыс істеп тұрды. Әр ауданда кинопрокат бөлімшесі құрылып, оның киносақтау құрылымдары қалыптасып, әр ауылдағы клубтарға, мәдениет үйлеріне кинотеатрларға сол кезеңдердегі халық тұтынатын, көрермендер көретін әлемдік кино қорынан, туысқан республикалардың киностудияларының шығарған кинофильмдерінің, «Қазақфильмнің» деректі фильмдерінен бастап, анимациялық, көркемсуретті фильмдері насихатталып, бұқара халыққа дер кезінде жеткізіліп тұрды. Осы бір ауқымды жұмыстар өкіметтің өз құзырында болып, «ГОСКИНО», «Кинопрокат», «Кинофикация», «Совет по кино» бөлімшелері жоспарлы жұмыс істегеннің арқасында сол кездердегі түсірілген шығармалардың қайтарымы мемлекеттік тұрғыда шешіліп тұрды. Көрермен қауымға кино өнері жайлы «Советский экран», «Новый фильм», «Жаңа фильм», Бюллетень кинозрителя» атты газет-журналдар мерзімді баспасөзде жарияланып, өз уақтымен жеткізіліп жатты. Осы іргелі жұмыстардың нәтижесінде мемлекет бір қолымен қаражат беріп, екінші қолымен берген қаражатын қайтарып отырды. Ал қазіргі таңдағы жағдайларға назар аударсақ, мемлекеттік прокат жүйесі толықтай құрдымға кетті, кинотеатрлар, клубтар жекешеленіп, қалыптасқан дәстүрлі жүйе жоқ болды. Үлкен қалалардағы кинотеатрлар, кинозалдар жекелікке өтіп кетті, олар өз кәсібімен қаражат жағын қамдап, ұлттық кино, мемлекеттік мүдде туралы ойлаудан қалды. Қоғамның осындай қитұрқы құбылысы ауылдағы көрермен қауым мен қазақ кино өндірісінің арасындағы байланысты үзіп тынды. Қазіргі таңда заманымызға қарай өркениеттің өзіндік талаптары бойынша қазақ кино өнерінде продюсерлер, менеджменттер және жекелік киностудиялардың пайда болуы, «Қазақфильм» құрылымымен бәсекелестікке түсуі заңды құбылысқа айналды. Атап айтсақ: «Танарис» кинокомпаниясы бас директоры С.Азимов, «Шымкент пикчерс» бас директоры Серікжан Дәукеев, «Жас Ұлан» киностудиясы директоры Е.Рақышев, «Сатай фильм» директоры Ақан Сатаев.

Осы бәсекелестіктің таразы басындағы негізгі кеңістігі, кең бағыт, халыққа тез жететін құрал– телеэкран. Осы желі – қазақ киносының өнімдерін халыққа жеткізуші жол. Кино – телеэкран, мәдениет пен өнердің көшбасшысы, аудиториясы төрткүл дүниемен араласқан ғаламат кеңістік, осы кеңістікте дамыған елдердің ықпалы көбеюде. Қазір телеэкранда бұқара халыққа көрсетіліп отырған шетелдің арзанқол өнімдері, Ресей мемлекетінің идеологиясы, түріктің, корейдің сериалдары көрерменнің көңілін жаулауда. Осы бір келеңсіз жайттарды суреткер қоғам назарына былай жеткізеді. «Өкінішке қарай, Қазақстан жерінде теңгенің екі беті сияқты орыс тілі мен отаршылдық идеология бір-бірімен ажыратқысыз құбылыс болып келді. Яғни отаршылдық идеология орыс тілінде, тәуелсіздік идеологиясы қазақ тілінде сөйлейді. Тәуелсіздік алса да, қазақ орыс тілінде сөйлеп, әлі де мақау қалыпта қалып отыр. Қазақтың ұлттық идеясы іске асуы үшін ана тілінде үлкен телеарналардан әбден сөйлеуі керек. Телеэкран – қазіргі уақытта ең негізі идеологиялық тәрбиелік құрал. Оның пәрменділігіне ешқандай бұқаралық ақпарат құралдарының пәрменділігі жетпейді. Оның қамтитын аудиториясы өте үлкен. Мінеки, «Ел болам десең, экраныңды түзе!» деп ұран тастағаным сол себептен. Қазіргі қазақ экраны тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің экранына ұқсамайды. Әлі де сол бұрынғы кеңестік тәсілдерден ажырамай келе жатыр. Орыс тілінде қазақтың ұлттық идеясын айтып жеткізу мүмкін емес. Орыс тілінің икемділігі оған келмейді. Қазақтың ішкі арманы, жанайқайы, үш жүз жыл қордаланып қалған жан даусы тек қана қазақ тілінде сыртқа шығуы керек. Сол үшін айқай салып келе жатырмыз. Мына Қытайдың бір ғана провинциясы Шыңжанның өзінде екі телеарна 24 сағат бойы қазақша сөйлейді. Ал тәуелсіз Қазақстанда бір телеарна тәулік бойы қазақша сөйлемейді. Қазақстандықтар бүгінде жалпы ақпараттың 20 пайызын ғана қазақша, қалған 80 пайызын орысша алады, ал 80 пайыздың дені Ресейден екені белгілі. [12] Әлемдік тәжірибеден көргеніміздей, экран – жаңа ғасырдың мәдени-идеологиялық қаруы. Ал кино өнеріндегі жағдай кеше ғана өндірістен экранға жолдама алған кинофильмдер қарақшылық (кинопират DVD) жолмен бүгін көрерменнің қолына тиіп отырады, осындай ақша табудың жабайы жағдайында кино өндірісінің қандай қайтарылымы болмақ. Бұл – түйіні көп, шешімі жоқ үлкен мәселе. Осы тұрғыдан кинодраматург С.Елубайдың пікірі: «Мемлекет деңгейінде ұлттық киноны қорғайтын заң шығарып не болмаса өкіметтің қаулылары мен шешімдері арқылы өз киномыздың жағдайын жақсартуымыз керек. Кинопрокатымыз мүлде сын көтермейді, қазір Қазақстанда жаппай қандай кинолар көрсетіліп жатыр? Әрине, тек шетелдікі. Ал, енді ұлттық киноны насихаттап, жарнама жасау дегенге мемлекет мән беріп отыр ма? Жоқ. Кез келген кинотеатр репертуарына қарасаңыз, осыған көз жеткізу оп-оңай. Ең болмаса, белгілі бір уақытта тек қана өз киноларымызды көрсететін орын белгілеуге болады ғой. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ешқандай ресми әрекет жоқ. Еліміздің ертеңгі рухани жағдайын, өзіміздің ұлттық идеологиямызды ойлайтын болсақ, ұлттық мәдениет пен өнерді қолдайтын мемлекеттік саясат болуы керек. Соны тездетіп қолға алу керек. Уақыт ырғалып-жырғалуды күтпейді. Бүгін болмаса, ертең кеш болады. Біздің елдің экранын шетелдік кино басып алғандықтан, өз киноларымызды көрермендерге толығымен жеткізу мүмкіндігі болмай отыр». [13]

Осы шешімін күткен кино туралы заң қабылданса, әр қазақ отбасының төрінде тұрған телеэкран ұлт мүддесі үшін үлкен шығармашылық бетбұрыс жасап, өз телехикаяларымызды шығарып, ана тілімізде тәулік бойы сөйлейтіні айдан анық.

Дегенмен де қазақ кино өнерінде жасалынып жатқан үлкен жобалар мен кинофестивальдар бар. Бұл жобалар қазақ кино өнеріне өзіндік өрнегін қосқан сүбелі еңбектері деп айтуымызға болады. Соңғы жылдары елімізде өтіп жатқан «Шәкен жұлдыздары», «Дидар», «Еуразия» халықаралық кинофестивальдары– осы істердің айғағы. Бұл фестивальдардың қазақ кино өнеріне, киногерлеріне, бұл саланың мамандарына пайдасы зор. Біріншіден, фестиваль аясында тәжірибе алмасып, мастер кластар өткізу әр киногердің өз деңгейін пайымдауына шығармашылық қанаттануына жол ашады.

Өкімет қаншама қаржысы желге ұшса да, қазақ киносын қаржыландыруды тоқтатпай келеді. «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі материалдық базасы әлемдік стандарттарға сай. Қаржыландырудың өсімі жыл сайын көбеюде. Қазіргі кино өндірісіміздегі сан алуан тақырыптар аясында түсірілген фильмдер біртіндеп көбейіп келе жатыр. Деректерге зер салсақ, 2009 жылдың өзінде 10 көркемфильм, 11 қысқаметражды, 2 балалар фильмі, «Арман қала» атты сериал топтамасы, 10 деректі фильм түсіріліпті бұл, әрине, құптарлық жайт. Осы сандық көрсеткіштер Кеңес Одағы кезеңіндегі «Қазақфильм» киностудиясының бір жылда шығарылған туындыларынан көп. Ал сапалық жағы туралы әңгіме бөлек.  Қазіргі таңда киностудиямыздың шығармашылық ұжымының тыныс-тірлігі өнер адамдары туралы кинодрамтургтер, әріптестері жайлы суреткер С.Елубаевтың ойларын, пікірлерін білу барысында біраз шығармашылық жұмыстар жайлы мағлұмат алдық. Өнер саласында көп жылдан бері өнімді еңбек етіп келе жатқан үлкен жазушымыз Ә.Таразиді қазақ кинодраматургиясының ақсақалы деуімізге болады. Қазақ көрерменіне «Перекресток» атты телехикаяның сценарийін жазған Зәуреш Ерғалиеваның шығармашылық жұмыстары көрерменнің көңілінен шығуда. Қазақ балалар киносының асыл қазыналарының бірі– А.Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Сегізбаев қазіргі кездерде қазақ кинодраматургиясында өнімді еңбек етуде. Оның  «Періште бала» атты балаларға арналған тұңғыш ұлттық сериалдар топтамасына суреткер С.Елубай қазіргі заманауи үлгісінде жақсы жазылған сценарийлердің бірі деп бағасын берген. Жас кинодраматургтердің ішінен С.Елубайдың назарына іліккен Е.Тұрсыновтың «Бейбарыс» сценарийі тарихи асыл тұлғаларымыздың бейнесін жақсы аша алған мықты сценарийлердің бірі деген пікірлерін айтқан.

Суреткердің көп жылдардан бері шығармашылық ізденістерінің бірі– қазақ ауыз әдебиетінің асыл қазынасы «Қобланды» эпосын экрандау. «Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан эпостық дастанды фильм етіп шығару– біздің, яғни кино мамандарының парызы», – дейді қаламгер. Себебі қазақ халқын халық етіп сақтаған ауыз әдебиетінің осы жанры эпос болып табылады. «Қыз Жібек» дастанынан басқа эпостық жырлар әлі өз деңгейінде шығарылған жоқ. «Қобыланды» жырын түсіруді армандаған қаламгер оған бөлінер қаржының тапшылығын, қазіргі таңдағы «Қазақфильм» киностудиясының мұндай ірі жобаларды іске асыруға жүрексінетінін айтады. «Халқымыздың көшпелі өмір дәуірін көрген, осынау бір қазақи өмір салтын сезетін, аздап та болса тұмсығына исі баратын ұрпақ кетіп қалды, біз солардың ең соңғысымыз деуге болады. Қаланың қазіргі таңдағы өскелең ұрпағы «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қозы Қөрпеш – Баян сұлуды» жасай алмайтын себебі– көшпенді қазақ өмірін, классикалық қазақ тұрмысы дегенді түсінде де, өңінде де көрмеген ұрпақ. Менің өзім көшпенді өмір салтын халқымыздың игі дәстүрлерін балалық шағымда көріп өстім. Дала заңын, көшпенді бабаларымыздың тағылым-танымдарын, ұлт болып ұйысып, ұлан-ғайыр жердің сынық сүйемі үшін арпалысып өткен жорықтарын, ерліктерін келер ұрпаққа жеткізу– біздің мойнымыздағы парыз. Осы бір қажетті шараны бізден басқа ұрпақ жасай алмайды,  қалада туған балалар ұлттық шығармаларға ден қойғанымен де, еуропалық стильдерге еліктеп, қойыртпақ дүние шығарары сөзсіз. Халқымыздың інжу-маржандары эпостық дүниелерге баратын өнер адамының бүкіл жан-жүрегі, ой-санасы, шынайы қазақ болуы керек,– деген пікірлері– бүгінгі таңда қазақ кино өнерінің шынайы жанашырлық ой-толғамдарының көрінісі.

Ал қазір еліміздің экрандарында жүріп жатқан кассовый фильмдер дерлік– шетелдің өнімдері, яғни көрермен қауым шетелдің туындыларымен сусындауда, тәрбиеленуде. Ел болашағы Қазақстан жастарын қазақ кино өнерінің туындыларына деген көзқарасын қалыптастырып, қазақ киносын көруге деген ынтасын арттыру үшін үлкен бетбұрыс қажет. Осы орайда қаламгер: «Өкінішке қарай, кино дегеніміз– көкбет коммерция мен періште өнердің бір арбаға жегілуі. Қазір киностудия прокатқа бағынбайды, прокат киностудияға бағынбайды. Жекеменшік кинотеатрлар, шынын айтқанда, тіптен өкіметке де бағынбайды. Өзіне қандай фильм ұнайды, қандай фильм көбірек ақша түсіреді, соны жұртқа ұсынады. Қазақ киносын көрсетуге, насихаттауға прокат иелері барлық жағынан мүдделі болуға тиіс. Осы мәселе жөнінен бізде әлі заңдар қабылданған жоқ» [14],– дейді.

«Осы бір тақырыбы терең шешімін күткен қазақ киносындағы көзге көрінбес құбылыстардың функционалдық қызметтерінің ара жігін ажыратып, шартты рефлекциялық қайшылықтарын тапқан түйінді ойларында «қазіргі нарықтық жағдайда прокатты ойламай, тек қана көрерменнің пікірінің ізінде салпаңдап жүре берсек, қалың көрерменнен жақсы баға ала алмаймыз». Қалың көрермен дегеніміз– еліміздің кинотеатрларындағы киноларды көретін 17 мен 25-тің арасындағы 100 пайыз жастар. Ал осы жастар біз айтып, талап етіп жүрген киноларды қабылдамайды. Мысалы; жақында экранға шыққан «Біржан-Сал» кинофильмі прокатта жүрмей қалды. Жасы 60-қа келген бізге ұнады, ал 20-дағы көрерменге ше? Оны прокаттан қараңыз. Мінеки, сөйтіп бізде екі түрлі көрермен бар, бірі– үйінде отырып мақала жазып, бізге мынау керек, анау керек деп айқайлайтын, ал екіншісі– шын мәнінде, сол киноларды көретін көрермен. Киностудия қазіргі жағдайда өздері түсірген туындыларының қайтармы үшін кинотеатрларға баратын көрермендермен жұмыс істеуге тиіс болып тұр. Ұлттық киноны «Қыз Жібек», «Біржан-Сал» тәрізді түсіретін болсақ, 17-25 жас арасындағы қаланың жастары қабылдамайды. Өйткені олардың ұлттық мәдениеттен хабары жоқ, қазақ тілінде берсең, түсінбеуі мүмкін, себебі олар– ой-санасы орыстанған, социализм тудырған жастар. Ал ауылдарда кинотеатр жоқ, яғни көрермен жоқ. Сондықтан қазақ фильмінің өндірісі жастарға арналып  кетті, жастар өмірі, қала өмірі туралы болып кетті. Мысалы, бұл құбылыс маған ұнамайды. Маған ұлттық сарындағы тарихи фильмдер ұнайды. Ал маған ұнайтын шығарма 100 пайыз прокатты құрап отырған қала жастарына ұнамайды. Міне, «конфликт поколении». Қазақ кино өндірісі ақша үшін жауап беретін болғандықтан, көрерменнің соңынан кеті деуге болады, кетуге мәжбүр», -  дейді қаламгер.

Көрермен қауымның ұрпақтар арасындағы қазақ фильмдеріне деген көзқарастарының қарама-қайшы екі жаққа жарылуы, кинодраматург С.Елубай зерттеген «конфликт поколении» деген келелі ой-пікірі– қазіргі  таңда туындаған киношығарманың эстетикалық сапасы емес, экономикалық пайдасын көздеген бағыт. Ал осы бағыт қазақ киносының түйінді де актуальды мәселелерінің ішіндегі өзектісі екенін өмірдің өзі көрсетіп тұр.

Қазақ киносының өркендеуі– қазақ ұлтының өркендеуі. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жастарымыздың рухани өсуіне үлкен жол ашады. Ал бұл тұрғыда қазақ кино өнері әлемдік деңгейге сәйкес келетін өркениет талабына сай әр түрлі жанрларды қамтыған заманауи туындыларды қолға алып, экранға шығаруда.  Атап айтсақ, «Алтын адам», «Мың бала», (реж. Т.Бекмамбетов), «Қара майор»(реж.Е.Кончаловский),«Мулин Ружға шақыру» ( реж. Т.Теменов) т.б фильмдер экшн жанрында түсірілген. Бір ғана «Сіз, кімсіз, Ка мырза?» (реж.Қ.Ахметов) фильмі қазірдің өзінде прокатта елеулі табыстарға жетуде. Осындай үлкен жобалар еліміздің мәртебесін көтеріп, қазақ киносының өнімдерін әлемдік прокатқа шығарып, бүкіл әлемдік кино жарысында өзін-өзі дәлелдейтін жетістіктердің ауылы алыс емес екеніне көз жеткізеді.

Кинодраматург Смағұл Елубайдың сценарийлері бойынша түсірілген фильмдерге құрылымдық талдауларды  «Өтелмеген парыз» фильмінен бастауға болады. 1983 жылы экранға шыққан  «Өтелмеген парыз» фильмі жазушы Төлен Әбдіковтің «Қыз-Бәтіш пен Ерсейіт» атты повесінің желісі бойынша түсірілді.  Фильмнің бас кейіпкері Қожабек қарт жалғыз ұлынан айрылды.  Мезгілсіз қайтыс болған ұлының артында тігерге тұяқ қалмағанына қатты қайғырған қария  тосын жаңалық естиді. Картинада ұлы Сұлтаннан қалған ұрпағын іздеп қалаға келген қарияның азапты да ауыр күндері туралы баяндалады. Өзі тәрбиелеген өнегелі ұлының соңында қалған ащы шындық, адамшылық парызын өтеу жолындағы ар сынағы алдында Сұлтанның тұрақсыздығы туралы есту қандай қиын болса да, оның өтелмеген парызын өтеу барысында көрген азапты сәттері баяндалады.

Түйіні көп, шешімі аз осы бір жалғанда күні кеше ғана досы түгіл, қасы да кісілігін мойындайтын, пендешіліктен бір сүйем биік тұратын Қожабек қарияның шаңырағы бір күнде ойран-топыр болды. Тосын оқиға– жол апаты. Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жалғыз ұлынан айырылды, қураған қу бұтақтай бозарған қос мұңлық қаралы күндерін бастарынан өткізуде. Жанарында тамшы жас қалмай, қуарған тіршіліктен кейіген қарттың өміріне өзгеріс енеді. Сарғайған сары уайымның тұңғиығына батып, тобынан бөлінген ақсақ қойдай есеңгіреген қарияның көңіліне шуақ шашқан жұбаныш– ұрпақ жалғастығы, ұлынан ұрпақ қалды деген жылы лебіз Қожабек қартты аяғынан тік тұрғызғандай. Баласының артында алданыш болар, шаңырағын көтерер ұрпақ қалғанын естіген Қожабек қарияда ес қалмады. Бейне бір құлындай құлдыраңдаған кішкентай немересі аталап төсіне секіретіндей, асығы алшысынан тұрып, бүкіл елді ойран-асыр тамашаға бөлейтіндей тәтті арман қарияны қалаға қарай жетеледі. Қаланың қайнаған өмірі, адамдарының тұрмыс-тірлігін көреді. Қожабек қарт ұлының достары арқылы Сұлтаннан қалған ұрпағын іздеу барысында «Адамның бір-біріне деген ықыласы сүйіспеншілігі шынайы болуы керек. Ол болмаған жағдайда, тұрақсыздық, пендешілік, өзімшілдік белең алып адамның артында қалар парызы мен қарызы көбейе бермек» деген мәселелердің жауабын іздейді.

Қарт жанын азаптаған ащы шындық– өзі тәрбиелеген ұлының өнегесіз іс-әрекеттері үшін ар сынағының алдында қасіретті сәттерін басынан кешіреді. Фильм соңында баласының кішкене күнінде ойнаған асықтарын беретін жан таба алмаған шарасыз қария «адамға қиянат жасасаң, ерте ме, кеш пе, алдыңнан шығады» деген өмір қағидасын көрерменге жеткізеді.

Бұл кинофильм өткен ғасырымыздың 80-жылдарында экранға шықты. Сол кезеңдердегі қоғам бейнесі, кейіпкерлердің әлеуметтік сатылары мен уақыт сипаты туралы деректерді картинаның оқиғасынан эпизодтық көріністері арқылы білуімізге болады. Заман бейнесі, атмосферасы, кеңістігі сол дәуірдің ортасын, фильм сюжеті арқылы сол дәуірдегі қоғам көрінісін халық пайдаланған техникалық құралдар, автобустар, автакөліктер, мейрамхана интерьерлері сол кезеңдегі қаланың сәулеті сол ортаның бет-бейнесін көз алдымызға алып келеді.

«Өтелмеген парыз» кинофильмінің түсірілім барысы жайлы айтып өтсек. 80-жылдардағы қазақ кино өнерінде оқыған жаңа буын режиссерлер келгенмен де, кадр тапшылығы үлкен проблемалардың бірі болатын. Осындай шығармашылық жұмыстарының өз мәнінде жүре алмай тұрған бос кеңістікте театр режиссерлері В.Пұсырманов, А.Мамбетов сынды өнер адамдары кино саласына келе бастады. Жазушы Т.Әбдіковтің «Қыз-Бәтіш пен Ерсейіт» атты көркем повестінің кинодраматургиялық нұсқасы дайын болғанмен де, түсіретін режиссерлер осы бір көркем туындыны қолына алмады. Осы кезде киностудияның редакторлық бөлімінде жұмыста жүрген С.Жармұхамедовті қаламгер С.Елубай дайын сценарийімен таныстырады. Осы жұмыстар барысында С.Жармұхамедов алғашқы өзінің режиссерлік дебюттық жұмысы ретінде «Өтелмеген парыз» кинофильмін экранға шығарды. Кинотүсірілім барысында режиссер С.Жармұхамедов тақырып аясын, ауыл өмірін, кейіпкерлердің характерлық тұлғаларын жақсы бергенмен де режиссерлік деңгейі қарапайым еді. Кинотуындының негізгі концепциясы мен ауыл қариясының психологиялық күрделі бейнесін актер Ә.Молдабековтің «таланты мен шеберлігінің арқасында фильм көрерменнің ыстық ықыласына ие болды» деген пікірін сценарий авторы С.Елубай бір әңгімесінде айтқан болатын.

Әдеби шығарма мен кинотуындының айтар ойы, тақырыбы адам тағдыры мен тағылымы, психологиялық дағдарыстары бір-бірінен алшақтамаған бір арнамен жүреді. Кинодраматургиялық тәсілі ұтымды, кинотуындыдағы эпизодтық көріністер мен табиғат суреттерінің көркемдігі көрерменді бейжай қалдырмайды. Мысалы, Алатау бөктері, Көктөбе көрінісі, мейрамханалар, тау мен өзен суреттемелерінің әсем көріністерінің әсері кинофильм тақырыбына етене бірігіп біртұтас дүниеге айналған. Бұл эпизодтар фильмнің операторы (А.Шорабаев), суретшісінің (Ю.Вайнштоктың) ұтымды еңбектерінің бірі болып табылады.

Шығарманың әдеби нұсқасында айтылмаған кейбір көріністер кинотуындыға өзіндік шешімдерімен кинокартинаны толықтыра түскендей. Сол көріністердің біріндегі деталь: Қожабек қарттың қалаға жиналу эпизодындағы қос қарттың өздері әлі көрмеген немересіне баласынан қалған асықтарын іздеуі; Қожабек қарттың атын суғарып тұрған суат басындағы өткен өмірді еске алу эпизодындағы ұлының ізі қалған, асыр салып ойнаған, шомылған жерлерін көргендегі жалғызы Сұлтанның бала бейнесін елес пен күн шапағының сәулелері арқылы бейне бір өң мен түстей әсерлі көрсетуі. Өткен өмірге оралу, еске алу эпизодындағы аламан бәйге, сол бәйгеден баласының атының сүрінуі өмір атты үлкен додаға ұлының енді ілесе алмайтынын астарлап меңзейді. Осындай қысқа бірсәттік көріністер режиссер С.Жармұхамедовтің шығармашылық қиялының ұтқыр да ұтымды тұстарының бірі деп бағалағанымыз жөн. Режиссерлік шешімдердің кейіпкер характері мен оның ішкі сезім иірімдерін беруі мына бір көріністерде айқын көрінеді: Киім үтіктеп жатқан Бану (А.Муратбаева), батыстың даңғаза әуені. Кенет магнитафон таспасынан баласы Сұлтанның «Ақ көйлек, қара бешпет ахау» деп әуелеп салған әніін естіген ірі планда Қожабек қарияның толғанысқа толы жүзі көрінеді, ұлының даусын естіген кейіпкердің не қуанарын, не қиналарын білмей абдыраған бейнесі қарияның қасіретін анық сездіргендей. Кинотуындыдағы басты кейіпкер Қожабек қарияның образдық тұлғасын ашудағы шешуші екпін (акцент)– актер Ә.Молдабековтің актерлік шеберлігі деп түсінгеніміз абзал. Ішкі толғаныстар мен толқуларды көрерменге жеткізуі режиссер көбіне ірі планмен  актер Ә.Молдабековтің монологсыз-ақ актерлік фактурасы арқылы жүзеге асырған. Кейіпкердің  ішкі сезім мен психологиялық арпалыстарын көрсету барысында образдық тұлғаның характерінің ашылуы актердің шеберлігі мен қайталанбас таланты арқылы өз шешімін тапқан. Кинофильмнің өзіндік ритміне және оқиғаның сабақтастығына, оның тақырып аясын кеңейтіп, көрерменге әсерлі жеткізілуіне, ең бірінші, әдеби хикаятты кино тіліне аудару– кинодраматургия тәсілдерінің ой-қырын жақсы меңгерген сценарий авторы С.Елубайдың  еңбегінің жақсы қырларының бірі. Әдеби нұсқа мен кинотуынды арасындағы ерекшеліктерін сәтті де әсерлі эпизодтармен өрнектеп көрерменге жеткізуші алтын көпір– кинофильмнің сценарий авторының үлесі деп танығанымыз жөн. Кинотуындының осындай эпизодтарының бірінде: соңғы үміті іздеген адамы Гүлсім болғандықтан, Қожабек қария арақ исі мен темекі түтініне тұншыққан «бар» деген жын ойнақтың ішіне де жасқанбай кіреді.

«Би біткен кезде жынойнақтың ішінде айрықша көзге түсіп аласұрып жүрген ақ шалбарлы қыз Қожекеңдердің үстеліне қарай жүрді. Өзі мастау секілді, аяғын ырғалып басады...

«Мына пәле қайтеді?» деп тіксініп қалады Қожабек... Гүлсім екі ортадағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Мұның кім екенін түсінген Қожекең басын көтеріп, оның бетіне тура қарады. Тура қарады да, қыздың сұлулығына қайран қалды. Апырмай, ажары келіскен бала екен, осынша қор болғанын қарашы... Жасаған адам баласын мінсіз ғып тудыра береді екен-ау... Бірақ неге осынша қара жүрек болды екен?» [15]

Қыз жауабы: «... Қайтыс болды, –деді кекеткен үнмен. –Подумаешь... Мен де қайтыс болғам... Мені өлтірген сіздің балаңыз...» Оқиға шиеленісі, характер шиеленісі, шешуші сәт. Осы оқиға желісін сценарий авторы С.Елубай кинодраматургиялық тәсілмен басқа тұрғыда шешкен.

Әдеби нұсқадағы мейірімсіз Гүлсімнің образындағы суреттеген әдемілікті мейрімді Сая (Г.Досматова) образына ауыстырған да, кешірімсіз, қатыгез бейнесін Саяның анасының образына (М.Өтекешова) берген. Бір кейіпкердің бет-бейнесіне қарай және мінезіне орай екі кейіпкер жасаған. Екі кейіпкер образдық тұтастықты сақтай отырып, фильмдегі кейіпкерлердің характерлік тартысын (конфликт) образдық мінез ерекшеліктерінің толықтай ашылуына, тақырып желісінің шарықтау шегіне келуіне себепші факторлардың біріне алып келеді. Жауынды күні Сая мен Қожабек қарияның арадағы диалогтері:

Қожабек: «Сенен жөнін білейін деп кете алмай тұрмын балам!»

Сая: «Екеуміз бір-бірімізді жақсы көрдік. Үйлену туралы айтамын деп ауылға кеткен еді, айтты ма?»

Қожабек: «Үлгере алмады, қарағым! Маған сендердің реніштерің мен азаптарыңды қалдырды да, кете барды». Осы эпизодтан кейін фильмнің ритмі өзгереді, баяулайды, фильм динамикасының алға жылжуы тоқтайды.

Киношығарманың әсерлі шығуы кино музыкасының жақсы көркемделуіне көп байланысты. Осы орайда көрнекті композиторымыз Базарбай Жұманиязовтың өзіндік қолтаңбасы көрініп тұр. Киношығармада дәстүрлі халық әндері мен домбыраның қоңыр үнін, эстрадалық, оркестрлік жанрдағы музыкалық өрнектелуінің өзі ұлттық нақышқа толы.

Басты кейіпкер Қожабек қария (Ә.Молдабеков), осы кейіпкердің серіктесі – ұлының досы Нұрлан (Д.Жолжақсынов),  екі образ бір-біріне оқиға желісі бойында сабақтас, яғни бір-бірін толықтырып, оқиға барысы осы екі кейіпкер арқылы өрбиді.

Тағы бір ерекшелік– әдеби хикаяттағы әңгіменің соңы мен кинофильмдегі соңғы шешуші көріністердің айтар ойы әртүрлі.

Әдеби нұсқада соңғы көрініс былай суреттелінеді: «Одан бері, мінеки, үш жыл өтті. Қожекеңнің кемпірі қайтыс болған. Өзі жамағайын бір туысының қолында... Күндегі әдетімен үй сыртына шығып, таяғына сүйеніп, төңірегіне қарап тұрған.

Әлгі Әубәкірдің Қамидолласы бір арба тал әкетіп бара жатыр екен.

- Ау, шырағым, келін аман ба? Маған бір төрт-бес тал қалдырып кетші, айналайын, тіпті насыбайға күл таба алмай өлер болдым, деп қиылды Қожекең. Қамидолла бір сөз айтпай бір құшағын аудара салды. «Ойпырмай, қандай тәуір бала еді», -деп мәз болды. Қожекең мұратына жеткендей жымың-жымың етеді... «Рахат болды- ау!» деп қояды.

Арсыз тіршілік!».[16] Кинофильмдегі соңғы эпизодтағы шешуші түйін (деталь)– ұлынан қалған асықтарды беретін адам табылмаған соң, Сұлтанның зиратына алып келіп, сырласу сәті. Бейіт басындағы эпизод.

Қожабек: «Асығыңды беретін адам табылмады, балам! Істеген қиянаттарыңды ақтаудан шаршадым. Бұл менің кінәм, сенің барлық ісіңе кешіріммен қарағаным! Апаңа не деп жауап беремін? Өтелмей қалған парызыңды қалай өтеймін?» Бір тіршілік иесі өмірден өтсе, оның сабағы, оның жалғасы – ұрпақ атты дәстүрлі жолы бар. «Ұрпақ» деген– ұлы ұғым, өмір қағидасының жазылмаған заңы. Қырсыққан қу тірліктің қырқасына қиғаштай түскен үміт шырағы жанбай қалды. Қарттың өшуге айналған қоламта көңілі қайта тұтанғандай болып, бір сәуле, үміт оты жанайын-ақ деп еді, оны да Құдай көп көрді. Тағдырдың құрығынан ешбір пенде қашып құтыла алмайды. Пенденің парызы болса, беретін қарызы қалса, ұрпағы өтеуі тиіс еді. Қожабек қартта парызын өтейтін, қарызын төлейтін артында қарайған ештеңе қалмады. Жалғызының суреті ілінген құлпытас қана мен бармын дегендей, қараңғылық тұңғиығында алыстан қарауытады. Бұл– кинодраматургиялық шешім. Табан тірер бұдыры жоқ, бір әулетті бүгінен түсірген жалған дүние. Тақырып біреу, шығарма кеңістігі мен ауаны ортақ, ал түйіндеу шешімдері басқа. Суреткерлердің өзіндік әлемін көрермен көңілі өзі шешер.

Киношығарманы көріп отырған көрермен, бұл туынды адамдар арасындағы парыз, өнегелі өмір сүру, өткен өмір белестерінде қалдырған ізің, жақсылығың әрқашан да елдің назарынан тыс қалмайды деген өмірлік қағидаларды еске салатын ойлы туынды деп бағалаған жөн.

Смағұл Елубайдың сценарийі бойынша 1983 жылы «Ай астындағы үй»  (реж.Б.Омар) фильмі жарыққа шықты.

Фильм оқиғасы қызықты да қым-қуыт. Ол қала өмірін тәрк еткен Дәуіт жұбайы, қаланың қызы Салтанат пен ұлы Бекарысты алып, алыстағы ақ шағыл ішіндегі ауылға келуінен басталады. Кіндік қаны тамған туған топырағына келіп, айдалада табиғаттың небір сұрапыл дауылды күндерін бастарынан өткізеді. Бұл– осындай өмірдің қиыншылық сәттерінде ауыл өмірін көрмеген қаланың қызыСалтанат жұбайы Дәуітке серік бола білді. Ашуын ақылға жеңдірген жас шаңырақтың бірлігі, табиғаттың сұрапыл мінездеріне де, адамдардың небір қитұрқы іс-әркеттеріне де, малшы өмірінің үлкен ауыртпалығына да қарсы тұрып, қиыннан жол таба білген сәттерін баяндайтын мелодрама.

Көркем фильмнің өзі толықсып, толған айдың әдемі көріністерінен басталады. Сайын дала төсінде ақ шағыл құмның ішінде қаладан келген Дәуіт (Д.Жолжақсынов) пен Салтанаттың (Г.Әлімбаева) шаңырағы бой көтерді. Түйеші жігіттің шаңырағын көтеруге келген қамқор пейілді ауыл ақсақалы, қарт шопан Шаубай (А.Құттыбаев) мен Шырай (Б.Римова) апаның бейнелері арқылы ауылдың ақ пейілді, көңілі кең даладай, мейірімі мол жандарын көреміз. Жайма-шуақ басталған фильм оқиғасының динамикасы бірте-бірте ширығып, кейіпкерлердің арасындағы өзара қарама-қайшылықтар барысында өрбиді. Дәуіттің мектепте бірге оқыған жолдасы Әскербек (Ә.Шоқыбаев) бастаған жігіттер, көршілес отырған Шаубай қарттың жарық беретін движогын Дәуіттің үйіне әкеліп орнатады. Осы бір эпизодта адамның ішкі ойы мен ниетінің тазалығын тексерер елеулі сынақ іспетті кейіпкер образын ашатын көріністедің бірі көркем тілде берілген. Кейіпкеріміз Дәуіт осы бір сыннан сүрінбей өтті, движокты баласы Бекарыстың (Біржан Жолжақсынов) жылағанына қарамай– алмай қайтарып жіберді, ол сонымен қатар өз қылмысын ортақтастырғысы келген бас зоотехник Исахметтің (С.Жұмаділов) бар болмысын танып, осы кезеңде өз жолын таба білді. Фильмнің оқиғасының ширығу сәті Дәуіттің ақ маясының жоғалуы болып табылады. Бас зоотехник Исахмет кеңсесіне баса көктеп кіріп келген, жоқ іздеген малшы жігіттен іштей тіксінеді. Бірақ сырын алдырмайды. Жорыта тыңдаған кейіппен оған: «Әу, сен мұнда қайдан жүрсің?!» - дейді іштегі қорқынышын баса алмай.

–Түйемді ұрлаттым.

–Не дейді?!  –деді өтірік шошыған зоотехник.

–Сен өзің не деп тұрсың! Бір түйенің қанша тұратынын білемісің өзің?!

Кинофильмдегі осы диалогтерден барлық болған істі ұйымдастырып отырған Исахмет екенін көрермен қауым іштей сезеді. Дәуіттің  ақ маясын ұрлаған Есеннің (Д.Рахимов) қылмысын әшкерелеуі басты кейіпкеріміздің азаматтық позициясының айқын, ар алдында таза екенін көрсетеді. Ол– қылмыс жасауға ешбір көнбейтін таза жандардың образы. Дәуіттің тағы бір жақсы қасиеті– туған топырағын, ақ шағыл құмын, ен даласын, малшы өмірін Салтанат пен ұлы Бекарысты жанындай жақсы көретіндігі. Кейіпкеріміз Дәуіттің бойында жастық жігер, қызу романтика басым. Қаладан ауылға құмның арасына, жапандағы жалғыз үйге оны алып келген қандай тартылыс күші? Осы сұраққа жауапты фильм айшықты поэтикалық суреттеулер арқылы, кейіпкердің туған жерге деген махаббатын, шынайы сезімін табиғат көріністерімен жеткізеді. Толықсыған ай, ай астындағы ақ шағыл, құммен  көмкерілген табиғаттың тылсым тынысы, маң-маң басқан ақ мая, табиғат еркесі– дала төсін дүбірлеткен ақбөкендер, ай астындағы үй, міне, осындай әдемі көріністер монологсіз, фразировкасыз-ақ кейіпкердің туған ауыл табиғаты мен үндестігі әсерлі берілген. Осы тұста айтарымыз, сағым дала романтикасы, малшылар өмірі, қазақы тұрмыс-тірлік– кинодраматург Смағұл Елубайдың стихиясы. Дала үні, ақ шағыл құмдардың суырып салған сыбдырлы әні, маң-маң басқан маңғаз жануар Ойсылқара– осы суреттемелер, көріністер арқылы сценарий авторы өзіне тән үні сайын дала үнімен үндес екенін сездіреді. Фильмнің басты кейіпкері Дәуіт образын сол кезеңдердегі жас актер Д.Жолжақсынов өз талантының арқасында шебер суреттей білген. Жақсы шыққан актерлік ойын. Фильмдегі тағы бір күрделі кейіпкерлердің бірі– Салтанат образы. Қаланың қызықты да думанды тыныш өмірін ен даладағы жалғыз үйге айырбастаған ерекше кейіпкер. Малшы өмірінің тауқыметі, табиғаттың дауылы мен боранына тап болған қала қызының қиындықтармен бетпе-бет келуі, осы сәттердегі отбасындағы пайда болған дүрдараздыққа мойымаған ашылған жарқын күндей бейнесі арқылы кейіпкеріміз Салтанаттың кең ойлап, қиын сәттерде жарына демеу бола алатын парасаттылығы мол жан екенін пайымдаймыз. Сәтті шыққан образдық бейне, дегенмен де қалада өскен Салтанаттың малшы өміріне бірден кірігіп кетуі көңілге сенімсіздік алып келеді. Осы бір бейнелік образды аша түсетін эпизодтар керек сияқты.

Фильмдегі жағымсыз образдардың бірі– бас зоотехник Исахметтің бейнесі. Түлкідей жылмаңдаған, жамандықққа жақын, қоғам малын өзінің жеке мүддесіне жаратуға арланбайтын, пайданың мол көзін табу үшін барын салатын, айлакерлігі басым, құныққан, дүниеқоңыз жандардың бейнесін актер С.Жұмаділов біршама нанымды алып шыққан. Фильмнің көрерменге жеткізер астарлы ойы, детальдарының бірі – ақ мая мен өлген бота. Ақ маяның ботасын іздей беруі арқылы режиссер өз ойын шығарманың басты кейіпкері Дәуіттің туған жерін аңсап келуі деген ойға жетелейді. Киношығарманың басты жетістігі– фильмнің драматургиясының тиянақты түрде ойластырылып түзілуінен. Эпизодтық суреттемелердің оқиға барысы мен тақырып желісіне өзара бірігуі, ұласуы кейіпкерлердің диалогтеріндей ішкі ой толғаныстарын анықтаушы фразировкалары, көркемдік трактовкаларының сәтті шығуы сценарийдің эстетикалық талғамының жоғары екенін айтады. Кинофильмнің кеңістігі, уақыты, ортасы, қоғамдағы малшылар өмірі, қоғамдық құрылымдар, адамдар тағдыры мен олардың өзара қатынасы арасындағы характерлік қайшылықтар... Кинофильм соңында жақсылықтың жамандықты жеңгені айқындалып, тағы да толған ай көрінеді, соның фонында ақ маяға мінген Дәуіт түн тыныштығын бұзған аңшыларға қарсы желіп барады, ол тағы да өзінің азаматтық міндетін атқармақ.

Фильмнің айтар ойы. Ай астындағы үй. Айдаладағы ақ отау. Сыртынан қарағанда, адамға жапан түзде қоныс теуіп қалғыған тыныштық құшағындағы осы үйден ешқандай тіршілік белгісі байқалмайтын секілді. Ал ішіне енсеңіз, мұнда қайнаған өмір жатыр. Алақандай осы үй ішінде жаңа жағдайға, өзі көрмеген тұрмысқа көндіге алмай жүрген, қаланың у-шуын сағынған жас келіншектің мұңы, бүлдіршін Бекарыстың пәк күлкісі, жас жігіттің жүрек дүрсілі – бәрі де сыйып жатыр. Тыста да қарбалас тіршілік. Адамдар арасындағы сан алуан мінездер, адамдар тағдыры. Адамзат пен табиғат арасындағы байланыс. Өмір атты ұлы қозғалыс, тіршілік.

Жазушы С.Елубайдың «Ақ боз үй» атты трилогиясының алғашқы кітабының негізінде режиссер Дамир Манабай 1991 жылы «Сұрапыл Сұржекей»  фильмін түсірді.

Алыста жатқан бір мемлекеттің ішінен басталған үлкен қоғамдық өзгерістің ұшқыны, оның озбыр саясаты, құм ішінде жайбарақат жатқан ауылға да келіп жетті. Тіршіліктің дәстүрлі қалыбы бұзылып, адам санасына күштеп енгізілген таптық тартыстың салдары ағайын арасына, ауыл адамдарының психологиясына жік салып, бір-біріне айдап салып, ауылдың берекесін кетіреді. Ауыл бірлігін ыдыратып, халық тұрмысын тұралатады. Сол заманның сұрқылтайлары, жаңа қоғам өкілдері Сұржекей, Жорға Күреңдердің озбырлығы, қиянаты халықты тығырыққа тірейді. Қолындағы бар малынан айырылған ел ашаршылыққа ұрынады. Қазақ ауылы тоз-тозы шығып, босып кетеді. Кинофильм зұлмат саясаттың кесірінен тұтастай бір халықты қынадай қырған нәубет кезеңінің ащы шындығын айтады.

Қатпарлы тау сілемдері көмкерген кең шатқалдың әсем көрінісі. Алыстан ауыздығымен алысқан, асыққан салт атты. Аласұрған салт атты кенет ат-матымен омақаса құлады. Өлі тыныштық. Есін жиған кейіпкеріміздің назары кенет киелі ағаш, жерасты үңгірдің аузында отырған мифологиялық номадтар дәуірінің көрінісіндей диуана ажал періштесімен кездеседі. Әңгіме барысында «Ауылыңа барсаң, ағаңмен араздасасың, ар жағын тағы көресің» деген жауап естіген Әзберген еді. Әзберген– ауылдың сөз ұстар биі, зиялысы Пахраддиннің інісі. Түрмеден босанып келген Әзберген ағасына «заманның райы жаман, бала-шағаны ойлайық, көшейік» деген өз шешімін жеткізеді. Ағасы Пахраддиннің бар байлығын Кеңес өкіметі сыпырып алса да, оған қарсы қол көтергісі жоқ. «Қартайған шағымда мына құм даланың қай жерінде сүйегім шашылып, көмусіз қалмайын, у ішсең де руыңмен» деген ойын айтады. Келісе алмаған інісі Әзберген үйін жығып көшуге бел байлайды. Әзбергеннің бұл шешіміне ауылдағы өкімет өкілі ауылнай Жорға Күрең менің рұқсатымсыз көше алмайсың деп қарсы тұрады. Ауылнайдың дегеніне көнбеген Әзберген отбасымен көшіп кетеді.

Төбе басындағы Мажан бай мен Пахраддиннің әңгімесі: «Өкіметтің сыңайы жаман, мені талапайға салады, ал сен Пахраддин бұл іске араласпа, өйткені халыққа тіреу болатын адам керек»,– дейді Мажан бай. «Үдере көшкенімізбен, артымыздан ерген халықты қырып аламыз ба? Біз болсақ жасарымызды жасадық, ел болашағын ойлайық, Әзбергеннің ойы да дұрыс болар, өйткені ол әлі жас, балаларының қамын ойлағаны болар!» - дейді Пахраддин. Осы екеуінің диалогі арқылы оқиға желісі өрбиді.

Бұл – фильм соңында өмір сүрудің барлық негіздерінен, малынан, астығынан айырылған халықтың көмусіз иен далада ит-құсқа жем болып, аштықтан қырылған халық қасіретін бейнелеген тарихи фильм.

Жаз жайлауына шығып, көктеуі мен күздеуі бар, қыс қыстаған, төрт түлік малдың бабын тауып, тіршіліктің адамзатқа тән нәрімен өмір сүрген халыққа зауал келгендей болды. Табиғаттың осынау бір үндестігіне сай өзіндік өрнегін таба білген, ешкімге қиянаты жоқ, қонақжай, иен даланың иесі– мәрт халықтың басына зобалаң заман орнады. Кер заман ауыл адамдарын бір-біріне қарсы қойып, әке мен баласын, ағасы– мен інісін, ері мен әйелін жағаластырды. Тарыдай шашылған, қынадай қырылған халық қасіреті, нәубет заман келбетінің бар шындығын айтқан «Ақ боз үй» шығармасының кино баламасы «Сұрапыл Сұржекей» фильмінің тақырып желісі– осы.

«Отызыншы жылдары адам қолымен жасалынған қастандық– ашаршылық жайлы тарих беттерінде мүлде жазылмаған. Коллективтендіру науқаны болды, асырасілтеу болды деген деректерді ғана кездестіреміз. Солақай саясаттың зор зардаптары туралы, сол кезеңдегі қазақ халқының оқыған, зиялы қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов бастаған Сталинге жазылған «Бесеудің хаты» халқына араша бола алмады, өйткені бұл ашаршылық Коммунистік партияның қолдан ұйымдастырған іс-әрекеттері еді»,– деп айтқан еді суреткер бір әңгімесінде.

Халық басына түскен ауыр қасіретті сол кезеңдердегі саясат бүркемелеп, өзімізден жасырған ашаршылық жайлы әлем жұрты хабардар еді. Жазушы С.Елубай осы деректер туралы мына бір ойларын айтады: «Ал енді ашаршылық дегенге тоқталайық. Кезінде Роберт Конквест деген ағылшын зерттеушісі «Қасірет орағы» деген кітап жазды. Батыста шыққан бұл кітаптың орыс тіліндегі аудармасында қазақтардың ашаршылықтағы шығыны 1 миллион деп көрсетілген, бұл өтірік, өйткені кітаптың түпнұсқасында қазақтардың шығыны 4 миллиондай делінген».[17]

«Ақ боз үй» атты шығарманың кинотуындыға айналуына себепші болған көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовті сол кездердегі ашаршылық жайлы:  «1932 жылғы халық трагедиясынан айналып өту арқылы біздің әдебиетіміз өзінің халық алдындағы міндет-парызын да айналып өтті. Ол сөйтіп, өзінің ар-ожданынан да айырылды. Ал ар-ожданын жоғалтқан әдебиеттің әрі қарай өсуі, өркендеуі екі талай»,[18] –деп айтқаны қаламгердің «Сұрапыл Сұржекей» фильмінің сценарийін жазуға себепші болды. Ал осы кездері «Ақ боз үй» романы баспадан жаңа шығып жатқан кез еді.

Кинофильм әдеби нұсқадағы зерделі ой мен адам психологиясының күрделі суреттеулерін дәл бере алмағанмен,  сценарий бойынша түсірілген фильм романдағы көптеген желі мен линияларды сақтай білді. Бірақ екі сағаттық фильмге үлкен романды салу қиянат болды, қысқа-қысқа көріністер шығарма мағынасын терең бермегенмен де, талантты режиссеріміз Д.Манабай уақыттың келбетін, сұмырай саясаттың зымияндығын, халықтың көрген қиянатын, қазақтың бастан кешкен ұлттық трагедиясын бере білді. Фильм тарихи тұрғыдан болашақ ұрпаққа 30-жылдар көрінісінің нақты деректерін беретін пайдалы кино деп ойлаймын... «Осы кинотуындыны 31 мамыр– Ашаршылық пен репрессия құрбандарын еске алу күніне телеарналарда көрсете алмай келеміз. Оның себебі– фильм тәуелсіз «Катарсис» кинокомпаниясының меншігі болып табылады. Осы  кинокомпанияны 90-жылдары Макс Смағұлов деген азамат құрған. Қазіргі кезде Макс Смағұловты таба алмай отырмыз. Кинокомпаниясы банкротка ұшырап, өзі қайда жүргені белгісіз. Оның қолында осы фильмнің лицензиясы бар. Осы азаматтың лицензиясы арқылы біз кинофильмді телеарналар арқылы халыққа көрсете аламыз» деген фильм авторларының пікірі, біздің ойымызша, бұл жағдайды нарықтық заманның өз дүниесін өзі тамашалай алмайтын қатал заңдарының бір көрінісі. Кинофильм әдеби шығармадағы табиғат көріністеріне орай Маңғыстау өңірінің, Ералиев ауданы Қызыл өзен аймағында түсірілген екен. Кинокартинадағы басты кейіпкер Сұржекей (М.Нұрекеев)– сол уақыттың өзі тудырған, шаш ал десе бас алатын, саясаттың сұрапыл қолшоқпары, қазақ ауылына төнген зұлмат күш иесінің символы іспетті даңғой қатыгез бейне. Осы бейненің соншалықты қанына қатқан қатыгездікті романда жазушы былай суреттеген: «Пахраддинді жалғыз аяқ жолмен алдына салып айдап келе жатқан мылиса Сұржекей алдындағы жан ырсылдап деміккен сайын, қиналған сайын жаны рахаттанып келеді. «Мен жетім кезімде Есенейдің қойын жалаң аяқ баққанмын. Көзімнен жасым тамшылып жүріп баққанмын. Күнде өстіп жүгіріп жүріп баққанмын. Сонда сендер шалқайып ат үстінде бара жатушы едіңдер. Қой шетінде көз жасын жұтып тұрған қаршадай балаға көз қиықтарыңды да салмаушы едіңдер. Енді еңкілдеңдер сол жетім Жекейдің алдында»– дейді Сұржекей. Сұржекейдің етінде де, жанында да мәңгі жазылмастай жара бар. Ол «жараны тек сендей жібек шапандылардың көз жастарымен жуса ғана жазылады»[19]– деген Сұржекей– өзі дәмін татып, үйінде өскен Есеней байдың да көзінен қанды жасын ағызып тізерлеткен, ішіне қан қатқан зұлым бейне. Осы бейненің кинофильмдегі образын айшықтаған «Тамаша» ойын-сауық театрының комедиялық жанр актері М.Нұрекеев тамаша ойнады. Актерлік шеберлігінің сан-қырлы екенін осы образдық бейнесі арқылы дәлелдеді. Себебі актердің образдық бейнесі халыққа, көрерменге көбіне ауыл қартының аңғал бейнесімен есінде қалған еді. Кинофильмдегі қатыгез жанның образы– М.Нұрекеевтің Сұржекей кейіпкері актердің келбетіне, фактурасына келмейтіндей көрінгенмен, жағымсыз кейіпкер образын да нанымды алып шыққанын кинофильм барысында көреміз. «Актердің кино өнеріндегі «Ұзақ құс жолы», «Адамды қабыл алыңдар», «Өрнек» киноленталарындағы бейнелері жақсы шыққанмен, «Сұрапыл Сұржекей» фильміндегі Сұржекей бейнесі– оның киношығармашылық жолындағы шоқтығы биік, кәсіби ойнау шеберлігі жоғары образдық бейнесі» деп кинотанушылар әділ бағасын берген.

Романдағы әсерлі, шынайы сомдалған образдардың бірі және күрделісі– Пахраддин бейнесі. Бұл тұрғыда режиссер Д.Манабай актер таңдауда қателеспеген. Пахраддин бейнесін сомдауға дарынды да актерлік тәжірибесі мол қазақ кино-актерлік мектебінің ірі тұлғаларының бірі– Н.Жантөринді шақырады. Актердің табиғи шеберлігі, кейіпкердің ішкі психологиялық қалтарыстарына тереңдей алатын, оның жан дүниесінің арпалыс-толғаныстарын қас-қабағы арқылы, актерлік фактурасы арқылы жеткізе алатын талант иесі екеніне көзімізді жеткізеді. «Ақ боз үй» романындағы Пахраддин бейнесі «ірілік емес бірлік іздеген», әділдігімен, көрегендігімен, үстем тап өкілі болса да, озбырлығы жоқ, сыйлы ел ағасы ретінде көркем суреттелінген. «Қорлықпен өткен өмірден, көсіліп жатар көр артық» деп Абай айтпақшы, «бүйткен өмірден шынында да, көсіліп жатар көр артық»[20] деп айтқан нар тұлғаны көреміз. Әдеби нұсқа мен киношығармадағы Пахраддин бейнесі– өте ұқсас, ойлы, байыпты бейнелер. Оқиғалардың өзара өрбуі мен сабақтастығы Пахраддиннің бәйбішесі Сырғаға екеуінің мына бір диалогі арқылы алдыда ұлы дүрбелеңнің басталатынын сеземіз: Пахраддин: «Аяғымның астынан бір құс ұшып кеткендей болды, сол ұшқан құспен бірге жаным да бірге кеткен сыңайлы, бәйбіше! Мажанның да күні бітті. Ертең оның бар жинағанын мына қара тобыр кедей-кепшік талапайға салады. Е, күйі кеткен кер заман»,– деген монологінің арғы фонында құмды боран, ысқырған жел замана келбетін сездіріп тұрғандай.

Кинокартинада оқиға барысы мен тақырып аясында біршама өзгерістер бар екенін байқаймыз. Атап айтсақ, романда Пахраддин Темірдегі түрмеде қамалып қиналған тұсында бұрыннан сыйлас, көз көрген, ел ішінде мұғалім болған Апанастың көмегімен түрмеден шығып, ел ішінен көшіп кетеді. Соңында құм ішінде иен далада, ақ шағылды құм төбенің басында бәйбішесі Сырға екеуі аштықтан өмірден өтеді. Ал кино нұсқасында Сұржекей Пахраддинді алдына салып алып кетеді де, көрермен айдалада өліп жатқан Пахраддинді көреді. Сценарийдің бұлай түзілу себебі дарынды актер Н.Жантөриннің мезгілсіз қазасы болатын. Әдеби шығармадағы Сұржекей, Жорға Күрең, Шеге, Бұқарбайлардың ел ішіндегі лаңын кино нұсқасында да дәл берген. Кинокартинадағы режиссерлік ұтымды шешімдердің бірі– Мажан байдың образы. Романда Мажан бай тоқалы Балқияны алдына салып шыңғыртып сабайтын адуынды жан ретінде суреттілінген. Ал кино нұсқасында екі аяғы жансыз мүсәпір жанды көреміз. Осы көріністерді салыстырсаңыз, заңды сұрақ туындары сөзсіз. «Сап-сау адамды неліктен мүгедек жан бейнесінде көрсетті?» деген ой санаңыздан кетпесі анық. Ал енді мүгедек Мажан образының тереңіне зер салсаңыз, режиссер «күні кеше ғана жағасы жайлауда, қымыз ішіп, қызара бөртіп жүрген халық ішіндегі байлардың жаңа заман өзгерісіндегі шарасыз күнін айтады. Жансыз аяғын ұрғылаған Мажан бейнесі заманның асау ағысына төтеп бере алмаған қоғамның бетке ұстар ірілерінің жағдайын сездіреді. Ұтымды шешім! Тағы бір режиссердің ой-қиялынан туған мына бір эпизодта: «Пойыз жүріп келеді, вагон іші қазақтың қыз-келіншектері, оларды күзеткен орыс әскерлері, олар жарты бөлке қара нанды тұтқын әйелдерге көрсетіп көздерін қызықтырып, өздеріне қарай ымдап шақырады. Аш байғұстар лап қояды... ең әдемі қыз жылдамдықпен қолына түскен нанды қомағайлана асай берді... Жас жігіт ыржалақтап келіп, қыз үстіндегі көйлекті қақ айырды. Дәл осы кезде атылған оқтың дыбысы қыз үстіне құлаған жігіт қимылымен қатар шықты. Қыздың бетін қан жауып кетті». Осы эпизодтағы орыс солдатын атқан Әзбергеннің іс - әрекеті арқылы қанша қиын заман туып, тоз-тозы шыққан елде бас көтерер, қарындасын қорғайтын ерлері бар деген ұғымды сездіргендей.

Экранға 1991 жылы шыққан «Сұрапыл Сұржекей» кинофильмі жайлы сол кезеңдегі мерзімді баспасөзде көптеген мақала жарық көрді. Осылардың ішінен кинотанушы Г.Әбікееваның: «Бұл кинофильм– шынында да, бұрынғы тарихи-ревалюциялық ленталарға альтернативті картина... Бұл фильмде бәрі шынайы... Тұрғын үйдегі әрбір зат мейлі ол жиһаз болсын я болмаса киіз үйдің жай бір көрінісі болсын өзіндік бір нәрімен көрінеді... Картинаның финалы... Қазақ халқының сол дәуірдегі қасірет-қайғысын көркемдік жағынан ұтымды айғақтаған. Мұнда 30-жылдардағы аштық, жалпылама алғанда, мәдениеті дамыған бүкіл бір әулеттің құрып кетуі баяндалады»,[21] –деген пікірін осы туындыға берген әділ бағасы дегеніміз жөн.

Киносценарийдің жазылу үлгісінде жақсы бір желі бар. Ол– кинотуындыдағы жан алғыш Әзірейіл диуана бейнесі. Бұл– фильмдегі соқыр кемпір немересіне баяндайтын «Қорқыт туралы аңыздағы» Қорқыттың соңынан қалмайтын ажал бейнесі. Фильм соңында қырылған халыққа қарап отырған Әзірейіл– жан алғыштың «өз дегеніме жеттім» дегендей бейғам бейнесін көреміз. Кинофильмнің әр көрінісінен еске «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» деген көнеден қалған осы бір қасіретті ұғымды сол заманның төлқұжатындай көрерменнің есіне салатын эпизодтар. Философиялық шешім, ұтымды көрініс.

Романда көркем суреттелінген Пахраддиннің бәйбішесі Сырға мен оның ерке қызы Хансұлу, Дәу апа бейнелері– жан-жақты ашылған, характерлік тұлғалары айқын әйелдер образы. Шығармада қазақ халқының қыз баланы, әйелді қалай құрметтеудің үлгісі, салт-дәстүрлі тұжырымдары ерекше орын алған. Әйелдер образы романда ұлттық сипатымен суреттеле келе, даралығы мен әр образдық бейненің сол шығарманың уығы «Ақ боз үйдің» шаңырағын көтерген тірегіндей дараланады. Хансұлу образы– қазақтың эпостық жырларындағы Құртқа, Ақжүніс, Гүлбаршын, Қарлыға секілді ақылы көркіне сай аруларының жалғастығы. Ақыл-парасаты мен мінез-құлқы жан-жақты ашылған. Әдеби шығармадағы намысты қолдан бермейтін өжет жан екенін төмендегі сюжеттен кореміз. Қозбағардың үйіне кіріп, көрпесін сыпырып алып: «Сен бе мені алатын?» – дегенде Қозбағар: «Ойбай, мен емес!» –деп көтерілген қамшыға қарап, баж етті. Қамшы «шарт» етіп оң жамбастан осып өтеді. «Ойбай и-и!» –деп қалады Қозбағар». Осы суреттемелер арқылы Хансұлу тағдыр тізгінін өз қолына алған іс-әрекеттің адамы, оның образында қазақ қызына тән қасиеттер мол.

Киношығармада Хансұлу мен Шегенің бір шаңырақ астында отбасылы болғанын көреміз. Таптық күрестің нәтижесінде Хансұлудың екі оттың арасында қалғанын бейнелейді. Күйеуі– ауыл белсендісі, жаңа үкіметтің адамы, төркіні болса– бай-құлақтардың өкілі, осы тартыстың соңында Хансұлу Шегенің әкесі Пахраддинге қарсы шығуын құп алмайды, әке-шешесі жағына шығып, сүйгенінен біржола қол үзеді.

Кинофильмдегі ауыл белсенділерінің бірі– Шеге образы. Романда етікші Шәріптің ұлы Шеге бейнесі– сабырлы, жігерлі жақсы сомдалған образ.  Шығарманың даму барысында қатыгез заманның қасіреті арқылы рухани өсіп, толысады. Ал кино нұсқасындағы Шеге бейнесінің характерлік желілері жан-жақты тиянақты ашылмаған сыңайлы. Былай тартса– өгіз өледі, былай тартса– арба сынадының кері. Араққа бой алдырған әлсіз, жігерсіз адамды көргендей боламыз. Фильм драматургиясының жақсы бір шешімі осы Шегенің іс-әрекеттері арқылы бейнеленген мына бір эпизодты айтсақ: Араққа тойып алған Шеге ағаш сырықтың басына байланған домбалды ту ғып көтеріп, өлеңдетіп жүрген көріністер арқылы режиссер Д.Манабай «Сол қоғамның басына ту ғып көтерген идеясының көк тиындық құны жоқ» деген астарлы ойды айтқан сыңайлы. Осы образдық бейнені сомдаған Б.Әлпейісовтің актерлік ойнау шеберлігін және тәсілдерін жақсы меңгергенін көреміз. Кейіпкердің мінез-құлқындағы өзгерістер мен қайшылықтарды мына бір эпизодта сәтті көрсеткен.

Шеге Жорға Күреңге айтқан: «Әне сен қазір әйеліңді Сұржекейге саттың, ал мен өзімнің қайын атамды саттым, екеуміз де сатқынбыз! деген мойындауы Шегенің арғы жағындағы ішкі дүниесі алай-дүлей болғанмен де, ары таза адам екенін айқындайды. Адам характерін ашатын келісті деталь.

Кинотуындыдағы жағымсыз кейіпкерлердің ішіндегі қырылған халық обалына қалған сұм, айлакер– Жорға Күрең. Заманның оңды кезінде Мажан байдың қол баласы болып жанын баққан, пысық Жорға Күреңнің көкейін тескен– алтын-күміс. Тойымсыз, дүниеқор жан. Оның айлакерлігі Сұржекейдің өзін де шаң қаптырады, фильм соңында ол Сұржекейдің де түбіне жетеді. Естері ауып, жан-жаққа босып кеткен ауылдастарының ат-көлігіне дейін тартып алып, шөл далада аштан өлтіруі сол 30-жылдар кезеңіндегі бүкіл халықтың басына төнген қайғы-қасіреттің діңгегі осындай залым адамдардың, арызқой адамдардың қолымен жасалынғанын түсіндіретін жиынтық образ. Осы кейіпкерді сомдаған Жанас Ысқақов– Жорға Күреңнің образдық келбетін толық аша білген талантты актер.

Шығармадағы Хансұлудың анасы Сырға– салмақты, сабырлы, Пахраддин бидің образын толықтырып тұрған ақыл-парасаты мол жан. Сырғаның кинофильм соңында өзінің ақ жаулығына оранып, өлім сағатын күткен көрінісі ол– рухы күшті, иманы берік жандардың өлмес бейнесі. Фильмде мынандай бір көрініс бар:Пахраддиннің үйін тіміскілеген Сұржекей мен оның көмекшісі Жорға Күрең қылышының ұшымен топырағын қопарып жүріп жерге көмілген сандықшаны тауып алады. Алтын екен деп ойлаған олар сандықшаны ашқанда, ішінен бұрқыраған қағаздар шығады. Қажет деп таппаған Сұржекейлер кітаптарды отқа тастайды. Осы эпизод «халқымыздың ұрпақтарына деген қаншама жәдігерлері, асыл қазыналары қолды болып, өткен өмір белестерінен қалған мұраларымыздан айырылдық» деген ойға жетелейді. Кинотуындыда кейіпкер көп. Айрықша сұңғыла жан, сұлу мінезді Пахраддин образы– ел қамын ойлар ауылдың қазыналы қарттарының асыл бейнесі, Сырға– жан-жарының ақылшысы, асыл жар, Хансұлу– ерке болса да есті жан, замана лебін сезінбейтін, дүмбілез, дүлей Әзберген, шырылдауық даукес Шәріп, айтар ойы анықталмаған Бұлыш образы, бай тоқалы, сылқым Балқия, ауыл белсендісі Шеге, айлакер ажал оты Жорға Күрең, халық басына төнген зауалдай Сұрапыл Сұржекей– барлығы тұтас «Ақ боз үйдің» үлкен шаңырағын көтерген уықтары. Уықтарының кейбірінің өзегінде шірік бар. Осы шіріген уықтар «Ақ боз үйдің» шаңырағын ортасына түсіреді. Әдеби шығарманың негізгі айтар ойы– «Ақ боз үй» қазақ халқының берекесі, көшпенді өмір салтының символы. Ақ отаудың шаңырағын ортасына түсірген– нәубет заман, Сұржекейлер.

Фильмнің соңғы көрінісінде әр жерде қырылған халық, шашылып жатқан уықтар, қисайып құлауға айналған шаңырақты, қисайған бақан тік ұстай алмай тұр. Әр жерде шашылған үй жиһаздары. Кезінде айдыны асқан «Ақ боз үйдің» заман желіндегі қасіретті көрінісі.

Фильмнің айтар ойы– Сталиндік саясаттың қазақ даласына «Кіші Қазан» жасаймыз деген зұлматын, ауыл белсенділерінің шаш ал десе бас алатын озбырлығы. «Сұрапыл Сұржекей» фильмі халық қасіретін, ашаршылық атты нәубетті шынайы бейнелеген, халыққа қажетті өшпес ескерткіш, мұра болып табылады.

С.Елубайдың сценарийі бойынша 1993 жылы «Батыр Баян» фильмін режиссер С.Тәуекел түсірді.

Қазақ елі – әрқашан даналарға, халқының қамын ойлар хандар мен билерге, елін сүйген ерлерге, ақындар мен батырларға бай халық. Елінің болашағын көрегендікпен болжаған, Алашым деп өз басын қатерге тігіп, елі үшін еңбектенген, халқымыздың ардақты ақын ұлдарының бірі Мағжан Жұмабаевтың шоқтығы биік шығармаларының бірі «Батыр Баян» дастаны болып табылады. Еңбектері көптеген жылдар бойы көлеңкеде қалып, халқына жетпей келген ардақты ақынымыздың туындыларының қай-қайсын алсаңыз да ұлтына деген ыстық ықыласы, мақтанышы, өткені мен бүгініне, ертеңіне зор сеніммен қарағаны бәрімізге аян. «Мен жастарға сенемін», «Күннен мен жаратылғам» т.б. көптеген шығармаларында қазақ халқының болашағы жастарда екенін жырлап өткен. Халқымыздың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы осы бір от жүректі ақын туралы: «Мен Жүсіпбек Аймауытовты Герценнен, Гогольден, Мағжан Жұмабаевты Пушкиннен, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты жүз тіл білетін атақты тюрколог академик Маррдан кем санамаймын», – деген болатын.

«Мен келемін, мен келемін, мен келем

Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар», – деп басталатын өлеңінде Мағжан Батыстан Шығысты биік қойған. Мұндай ойды әлі күнге ешкім айтқан жоқ. Мағжан ғана айтты». [22]

«Батыр Баян» поэмасын Мағжан ақын отызға толған шағында 1923 жылы Ташкентте М.Әуезовтің пәтер үйінде бір түнде жазып шыққан екен. Қара сөз алыбының үйінде өстіп жыр алыбы Мағжан бір түн толғанып, ақ қағаздың бетіне алуан нұрлы гауһардай бас-аяғы  жұп-жұмыр «Батыр Баян» поэмасын түсіріпті».[23]

Қазақ халқының көнеден келе жатқан өзегі қаһармандық пен отаншылдық сезімге толы батырлар жыры мен дәстүрлі жыраулар мектебінің озық үлгілерінен нәр алған М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанының желісі бойынша түсірілген, осы шығарманың сценарийін жазушы С.Елубай, режиссер С.Тәуекелов қолға алыпты. Осы поэманың кинотіліне аударылмай тұрған кезеңдердің бірінде режиссер С.Тәуекелов бір кездесуінде жазушы С.Елубайдан дауылпаз ақынымыз Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романын киносценарийге айналдырып беруін өтінеді. Ал жазушы С.Елубай Мағжанның «Батыр Баян» поэмасын киношығармаға айналдыру идеясын ұсынады. Сонымен, екі өнер саңлағының келісімімен 22 күнде киносценарий дайын болады. Сценарий үлгісі ешқандай өзгеріссіз қабылданып, 1993 жылы «Қазақфильм» тарапынан бөлінер қаржының жоқтығына қарамай, көкшетаулық іскер азамат Әділбек Жақсыбековтің  «Цесна» корпорациясының демеушілігімен экранға жолдама алыпты. Киношығармада батырлық дастан, ел басына күн туғанда, азаттық жолындағы Абылайдың ақ туының астына жиналған халқымыздың тарихи тұлғалары, батырлар мен билері, үш жүздің басын біріктіріп, елін Жоңғар шапқыншылығынан азат етуші Абылай хан мен оның серіктерімен Батыр Баянның батырлығы және оның артынан ерген жас інісі Ноянның ғашықтық хикаяты туралы, Батыр Баянның басындағы трагедиясы жайлы баяндалады.

Поэманы экранизациялау барысындағы баяндар бірінші оқиға, тақырып өрнегі, ақылын ашуға жеңдірген Көкшенің батырының ішкі-сезім арпалыстары мен күйзелістерін, өзегін өртеген өкінішін баяндайды. Жаугершілік заманда олжаға түскен қалмақтың Лағда атты аруын алып, мол олжамен оралған Батыр Баян мен інісі Ноянның кездесу сәтінен басталған  фильмнің оқиғасы қоюланып, Лағда аруға Батыр Баянның шындап көңілі ауады. Ал уыздай жас қыз батырдың ұсынысын жауапсыз қалдырады. Осылай өрбіген тақырып аясы жас Ноян мен балауса Лағда арасындағы пайда болған сүйіспеншілік сезімдерінің соңы Ноян екеуінің қалмақ еліне қашуына алып келеді. Елдің қаңқу сөзі мен көкірегіне тұнған қызғаныш отына сабырын алдырған ашулы арыстан артынан ерген жалғыз інісі Ноян мен,көңілі ауған ару Лағданы оққа байлайды. Өкінгенмен не пайда бәрі кеш еді. Осындай өкінішті сәттерде Абылайдың жіберген жаушысы арқылы дастанның екінші бөлімі басталады. Ханның қосынына кешігіп келген жаралы арыстан Абылайдың ақ туын көтеріп, жауына қарсы жорыққа аттанады. Фильмнің соңғы көріністерінде өзін-өзі кешіре алмаған Батыр Баян ханның уәдесі бойынша шекара асып бара жатқан жау жасағына өз шешімімен жалғыз шабады. Өзін-өзі өлімге байлайды.

Фильм оқиғасы, оның кезеңі мен кеңістігі туралы поэманың мына жолдары арқылы мағлұмат аламыз:

– Сарыарқа–сары дария қиыры жоқ,

Кез болсаң, қандай қыран талады да,

Ішінде сары дария көз тоқтатар

Көкшетау– Сарыарқаның аралы да.

Оқ жетпес найза қия-қыранға ұя,

Қарасаң, жанның шері тарамай ма?

Солардың ортасында Бурабай көл

Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға.

Бурабай– Арқа аралы, жер еркесі

Ертеде қоныс болған Абылайға. [24]

Кинофильмнің басталу эпизодының өзі табиғат суреттемелері арқылы басталады. Сарыарқаның сары желі, ақселеу басқан дала төсіне тыным бермей үздіксіз соғуда, күн ұясына қызарып батқан ымырт шақ, қою бұлттар, қалың шаңмен араласып бейне бір ай тұтылып, ақырзаман орнағандай қанды шайқас. Қазақ жеріне, қазақ еліне қанды қолын салған жоңғарлар сол елдің елдігіне де, бірлігіне де, тірісі мен өлісіне де тыныштық бермей, озбырлығын жасауда. Тарих беттерінің көне көз дәуіріне зер салсақ, бұл кезең халық шежіресінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атпен белгілі, тыныш жатқан қазақ еліне жасаған жоңғар шапқыншылығы, қанды қырғын, тоз-тоз болған елді бір тудың астына асқан ақылымен, батырлығымен үш жүздің басын қосып біріктірген Абылай ханның дәуірін, оның ортасын және сол кезеңді көрсетеді.

Қытай жазбалары мен Ресей деректерінде де кездеседі. «Тауарих хамса и шархи» жазбаларында жоңғар қолында тұтқында болып келген Абылайға хан Әбілмәмбет өз орнын берген, яғни ресми түрде 1743 жылы хан болды деп нақты жазылған.[25]

Мағжанның «Батыр Баян» дастанында осы кезеңді былай суреттейді:

– Алыстан орыс, қытай– ауыр салмақ,

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында– ор, алдында– қор, жан-жағы– жау,

Дағдарған алаш енді қайда бармақ?

Сол кезде елге қорған болған Абылай

Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап ... [26]

Ал кинокартинада осы суреттемелер Абылай ханның монологі арқылы беріледі. Ойланып отырған Абылай хан бейнесі. Күңіренген қобыз үні.

«Өз жөніңді өзің ойламасаң, өзгеден не үміт, не қайыр?

Орыстан көмек сұрасаң, орысқа бодан боласың,

Қытайдан көмек сұрасаң, Қытайға бодан боласың.

Қайда барсаң да– Қорқыттың көрі. Не істейміз?» –деген сұраққа жауап іздейді.  Қаншама уақыт өтсе де, ел билеген тұлғалар, айбыны асқан қалалар ғасырлар қойнауына келмеске кетіп жатса да, өзгермейтін табиғат ана, арнасымен ағар өзен мен айдыны шалқар айна көлдері, сайын дала, сары дала, Сарыарқа мен Оқжеспестей шыңдары, жұмбақ тастары– уақыттың өзгермейтін естеліктері. Көз тартар сұлу табиғат көріністері, кинофильмнің шырайын кіргізіп, өзіндік өң беріп, оқиға желісі мен тақырыбын ашуда үлкен мәнге ие болып тұрғандай. Картинадағы Бурабайдың айнакөлі, Жұмбақ тасы, Оқжетпесі мен Биші қайыңдарының шебер суреттеуі– фильм операторы Э.Даулбаев, суретшісі И.Қарсақбаевтың еңбегінің жемісі. Поэмада да, кинофильмде  де табиғат суреттеулері өте әсерлі, шырайлы берілген. Осындай табиғат суреттемелерінде кейіпкердің ішкі толғаныс, күйзелістерін көрерменге жеткізуде кинофильмнің музыкасын жазған композитор Секен Тұрысбековтің шығармашылық ізденістері мен өзіндік өрнегі фильмнің сәніне ән қосқандай әсерлі берілген. Мысалы, мына эпизодтарында тұтқынға түскен қалмақ қызының отауының ауыл көрінісі, Батыр Баянның қыз отауына келуі сәтіндегі әсерлі саз. Лағда мен Ноянның кездесу кезіндегі саз сырнай  үні. Фильмнің образдық характерлеріне орай музыканың берілу тәсілдері, шертпе күйлер, қобыз үні, саз сырнай адам көңілінің ауанын сездіріп,  әдемі әсерге бөлейді. Табиғат суреттемелеріндегі домбыраның қоңыр үні, қанды шайқас кезіндегі дабылды да дауылды музыкалық үндестік фильм табиғатын, оның оқиғасының қоюланып, ширығуын, екі жастың арасындағы көзқарастарын беруде оңтайлы шешімдердің бірі болып табылады.

Мағжанның «Батыр Баян» дастаны – ақ жалын сезім, батырлар эпосына жаны жақын мұңлы көркем туынды болып саналады. Ал киноэкрандық тәсілі поэманың осы бір қайталанбас табиғаттың сұлу көріністері мен Батыр Баян ауылының сән-салтанатын, Абылай ханның ақ ордасы мен оның батыр мен билерін және эпизодтарындағы массовка, көпшілік қатысқан көріністер арқылы толықтырып, халқымыздың көшпенді өмір салтын бейнелеген кинопоэма болып экранға шыққан жақсы кино туындылардың бірі.

Фильмдегі басты, аса күрделі кейіпкер – Батыр Баян. Көкшенің арыстаны, Абылай ханның өзі оның батырлығын, жау жүрек қайтпастығын жоғары бағалаған. Дастандағы осы жағдайды кинофильмде Абылайдың ақ ордасына жиналған елдің сөз ұстар билері мен батырлары ханға: «Алдияр хан, енді жауға аттанайық»,– дегенде, Абылай хан: «Көкшенің арыстаны Батыр Баянды күтеміз»,– деген кесімді сөзі және кешігіп келген батырға, хан Абылай өзінің ақ туын сеніп тапсыруы, Батыр Баянның қазақ батырлары ішінде өзіндік орны бар, ту ұстар айбарлы тұлға екенін айғақтайды.

Фильм оқиғасы барысында олжаға түскен 14 жасар қалмақ қызының алдында жауға шапқанда арыстандай айбатты батырдың Лағданың отауына келіп, оған бата алмауы, айбыны асқан батыр болса да, осы бір сұлу аруға табиғаттың бейкүнә перзенті ретінде қарауы, ғашық болуы, оның алдында озбырлыққа бара алмауы оның адами образдық келбетінің бір қыры танылады. Жалғыз інісі Ноянмен қалмақ қызы Лағданың қашып кеткендегі эпизодта жаралы арыстандай, ашу мен қызғаныштың салдарынан сөзге келместен екеуін де жайратып салуымен образдық бейненің тағы бір қыры ашылады. Кинофильмнің соңғы көріністеріндегі жауға жалғыз шауып, мерт болған батырдың бейнесі жапон фильмдеріндегі камикадзе самурайларының көзсіз ерліктеріне ұқсайды. Мысалы, айқас кезіндегі жаудың көп қолына жалғыз өзінің шамасы таусылып бара жатқан Батырдың көк сүңгіні өзіне қадайтын сәті әсерлі шыққан. Киношығармадағы Батыр Баян (Жұмахан Әбдіқадыров)– киноға театр өнерінен келген дарынды актер. Батырға лайық түр-тұлға, көзқарастарын, кейіпкердің ішкі иірім толқындарын актер жақсы алып шыққан. Кинотуындыдағы Батыр Баян бейнесі– көрермен көңілінен шыға білген образ.

Кинодраматургияның сан қилы тәсілдері мен жетістіктерін орынды пайдаланып, қосымша эпизодтар мен кейіпкерлер образын қосып, поэманың көркемдік сипатын бұзбай, жақсы кинотуынды жасауда жазушы С.Елубайдың кейбір ерекшеліктерін атап айтуымызға болады. Поэмадағы қалмақ хандары Уса мен Сереннің орнына Лағданың ағасы Доржы бейнесін өз орнымен ұтымды қоса білген.

Дастанның екінші бөлімінде Абылай хан жорығының соңғы сәттеріндегі Хан мен Батыр Баян арасындағы конфликт.

Шекарадан ары асып бара жатқан жау жасағы.

«Ерлерін жиып Абылай, ел ағасы

Сұрайды: «Мынау істің не шарасы?»

Қырандар әрі-бері толысқан соң,

Қанайы Қарауылдың, топтың басы

Саңқылдап суырылып сөйлей берді:

«Қытайдың қол ұсыным шекарасы.

Қалмақты Қытай кірген қуар болсаң,

Қазақтың бірі қалмай мерт болады!»

Тұнжырай қалса-дағы хан Абылай.

«Қайту» деп, сөздің болды бітуанасы. Осы тұста

Ерлігі алашқа аян Батыр Баян

Тұрды да, деді: «Алдияр Абылайым,

Мергеннің мылтығына қарсы жүрмес,

Қырдағы адам түгіл, қуландайын.

Сөзімді не кектерсің, не жұптерсің,

Ойыңды теріс»,– дейді Баян- айын! [27]

Осы сәттердегі характерлердің шиеленісуі киносценарийде былай өрбиді: Хан Абылаймен арадағы конфликтіні жазушы С.Елубай кейіпкердің өзінің ішкі конфликтісіне теліп, ішкі сезім арпалыстарын, өзінің кінәсін, өз мойнымен көтеріп, жауға жалғыз шабуы арқылы суреттеген.  Өзін-өзі өлімге қиюы оның күнәсін жуғандай, әсерлі эпизодпен айырбастаған. Соңғы көріністердегі жау найзаларының ұшындағы батырдың жан тапсыруы, ажалды қарсы алуы– «өзі өлсе де, батырдың рухы жаудың төбесінде найза бойы биікте тұр» деген ойды көрерменге астарлы мағынада жеткізгені, кинофильмнің ұтымды тұстарының бірі– осы. Кинофильмнің ерекшеліктерінің бірі– ұлтымыздың салт-дәстүрінде сақталған жоқтаудың зарлы әуеніне салып, поэманың өз нақыштарын қолдануы. Осындай ерекшеліктерді кинофильмнің өн бойынан кездестіріп отырамыз. Мысалы:

- Ойламай, белді бекем будым неге?

Қозымды қас душпандай қудым неге?

Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,

Қасқайып қарсы алдымда тұрдың неге?

Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,

Бір ата, бір анадан тудым неге?

Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым

Қанымен өз қозымның жудым неге?

Күнәсіз екі жасты өлтіргенше

Өлмедім ішіп уын удың неге».[28]

Осындай әуез кинофильмнің лейтмотиві секілді фильмнің өн бойынан кездесіп тұрады. Бұл әуен, бұл өлеңдік ұйқастар қазақтың «Алпамыс батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Қобыланды батыр» эпостық жырларында кездеседі. Кинокартинаның өн бойынан естіп отырамыз. Мағжанның дастанындағы фольклорлық құндылықтарының табиғи қалпын бұзбай, киношығармаға аудару, ұлттық салт-сананың игі дәстүрлерін бойына сақтай отырып, оның ұлттық негіздерінің қайнар көзінің нәрін сезетін сезімтал драматург С.Елубай осы қазақи өрнектерді кинокартинада орынды қолдана білген.

Кинофильмнің әдеби дастаннан біршама айырмашылық нюанстары бар. Бұл нюанстар режиссердің (С.Тәуекелов) ой-қиялының кинопоэманың оқиғасына өзіндік қолтаңба қалдырып, өңін аша түскендей. Әсіресе режиссердің бірнеше ұтымды шешімдері есте қалады. Мысалы, Батыр Баян жорықтан келген кездегі екі жастың алғашқы кездесуінен-ақ Ноян мен Лағданың көзқарастары арқылы көрермен екі жастың арасында алда болатын оқиғаның тақырыбы махаббат сезімдері туралы екенін іштей сезеді. Сарбаздардың жаттығу, соғыс өнеріне машықтану кезіндегі жас Ноянның асауды үйретіп жатқан эпизодындағы ару қыздың Ноян құлап қалмасын дегендей дегбір таппай елеңдеп мазасыздануы жас Ноянға деген сезімінің сырын ұқтырғандай. Түлкіні ілген бүркіт, аң аулап, құс салу көріністері көрерменді бей-жай қалдырмайды. Қалмақ қызымен жас Ноянның қашып кеткен кезіндегі ашулы батырдың Қандыөзекте екеуін қуып жеткен эпизодында алда бір сұмдықтың болатынын табиғат көріністері арқылы білдіреді. Күннің көзін жапқан қою қара тұман, қашып бара жатқан қос ғашық, қатар тұрған қос ағаш, інісі мен Лағданы өлтіргеннен кейінгі батырдың жан күйзелісін қара нөсермен қатарластырып бейне бір батырмен бірге табиғат-ана да жылағандай әсерлі жеткізуі, Батыр Баянның ішкі жан дүниесін, күйзелістер мен өзегін өртеген өкінішін көрсететін эпизодтары кинофильмнің динамакасының шарықтау шегін дәл көрсете білгені режиссерлік шешімнің дұрыс екенін аңғартады. Тағы да бір астарлы тұсы– жерленген екі ғашықтың қорымының үстінде жатқан Ноянның саз сырнайымен қалмақ қызының тас құдайының қатар жатуы, тірлікте қосыла алмаған қос мұңлық шын дүниесінде бірге жатыр деген ұғымды сездіретіндей. Жорықтағы Батыр Баянның ойлы жүзі, түн, әр жерде жылтылдағын оттар, шертпе күйдің мұңлы толқындары, батырдың шарқ ұрған тынымсыз көңілі, елес, ақ қайыңдар арасындағы аппақ киінген қос ғашық, домбыраның әсем әуенімен астасып жұмақтағы суреттемелердей көрерменге жетеді. Фильмнің көрікті Көкшенің сұлу табиғаты аясында түсірілгені өте әсерлі шыққан. Мағжан поэмасындағы мың құбылған бояуы қанық табиғат суреттемелерін жыр кестесіндегідей көрсетіп, оның табиғи болмысын дәл сақтай білгені– режиссер (С.Тәуекелов), фильм суретшісі (И.Қарсақбаев) ізденістері мен шығармашылық аудиториясының кеңдігінің көрінісі.

Дастанда Абылай ханның айбынды тұлғасы жақсы сомдалған. Сол кезеңдердегі тарихи жағдайға хронологиялық дәлме-дәл баға берген Мағжан ақын «Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап» деген баға беріп, ханның  ақылы мен айласы тең түсетінін, алдындағы жорықтар мен келелі кеңестерді өз жанындағы батыр мен билермен ақылдасып, халқының болашағына деген сенімі, елінің сынық сүйем жері үшін өмірі аттан түспеген хан да, сардар да өзі деген жауынгерлік бейнесін баяндаса, ал кинотуындыдағы Абылай хан аз сөйлеп, характерлік тұлғасын қас-қабағы арқылы сездіретін психологиялық кейіпкер ретінде бейнеленген Абылай образын кескіндеуде (Сәтімжан Санбаев) оның ұлт көсемі ретінде тұлғалық қырларын (палитрасын) айқын бере алмаған. Сезімді, ойды, билікті  сөзді өрнектеуде қазақ халқының шешендік дәстүрі мен  билердің сөйлеу мәнерінің үндестігін көрсетсе, Абылай ханның образдық бейнесі толық ашылар еді.

Хан ордасындағы келелі кеңеске жиналған тарихи тұлғалар Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, жас Барыс Жәбекті жырлаған Мағжан ақын поэмада сол қоғамдағы тағы да бір көрнекті кейіпкерлерді былай суреттейді:

–Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр,

Айтатын өрлеп барып аспанға сыр.

Бұхар мен Тәттіқара қосылғанда

Толқынды тұңғиық боп төгілер жыр, [29]– деген өлең жолдарында Бұхар жырау туралы айтқан. Абылай хан дәуіріне, оның жауынгерлік жолына көз жүгіртер болсақ, Бұхар жырау– Абылай ханның замандасы, Абылайдан жасы үлкен ақыл-кеңесшісі, ақылгөйі. Ол қаһарлы ханның өзіне: «Абылайшам», «Абылайша» деп сөйлейді екен. Өзінің мына бір өлең жолдарында:

–Ей, Абылай, Абылай!

Сені мен көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің.

Әбілмәмбет төренің

Қызметінде тұр едің, – деген Бұхар жырау хан Абылайды он бір жасынан бастап, өмірінің соңына дейін білетін адам болып сөйлейді. Жыртық күркеде жатып, хан сарайына шекесінен қарайтын Жиренше шешеннің дүниеге пысқырмайтын өрлігін Бұхар жырау да тарихымызда қайталады емес пе?  Көркем фильмде бір жетіспейтіні– орны бар, өзі жоқ Бұхар жырау образы. Қазақ халқының ақындық өнерінің, дәстүрлі жыраулар мектебінің өкілі, сайын дала мен кең-байтақ, азат елдің «тура биде туған жоқ» атты дала демократиясының үлгісі, қара алдында болсын, қаһарлы хан алдында да қаймықпайтын ұлттық болмыс, бет-бейнесінің жиынтық образы іспетті киношығармада Бұхар жырау бейнесі Абылай ханның образдық бет-бейнесін толықтырып аша түсер еді. Хан жарлығын, билердің байламын, батырлар сөзінің нәрін, шешендік үлгісін жырау бейнесі арқылы бейнелегенде, фильмде басқа бір арнаның қайнар көзі ашылар еді. Шешендік, жыраулық мектебінің озық үлгілері нәр беріп, туындының шырайына сән беріп тұрары анық еді.

Кинофильмнің көркемдік деңгейін оның әдеби-драматургиялық ерекшеліктерінің экрандық қойылымына ой жүгіртіп қорытсақ, фильмнің композициялық құрылымдары мен образдық бейнелері және музыкалық өрнегі толыққанды өзіндік бітімі бөлек «Қыз Жібек» кинофильмінен кейінгі тарихи-танымдық эпостық жақсы шығармалардың бірі болып табылады.

Ә.Кекілбаевтың «Күй» атты хикаятының негізінде сценарист С.Елубай 2006 жылы «Кек» атты фильмін режиссер Д.Манабаймен бірге түсірді.

Бұл кинотуынды көшпенді екі елдің өмір сүру салтын сипаттайды. Тақырып ауаны көршілес екі ел арасындағы тұтанған жер дауы, барымта және қарымта қайтару атты көнеден келе жатқан даудың соңы өштесу, кектесу секілді қайшылықтар барысында өрбиді. Фильмнің негізгі өзегі  екі туысқан халықтар арасындағы бәсекелестік, жаугершілік, өшпенділіктің соңы– қантөгіс. Бір-біріне қастасқан батырлардың ұл-қыздары Ершора мен Жамал арасындағы туындаған махаббат сезімдері туралы. Шығарманың шарықтау шегі–  екі жастың арасындағы мөлдір махаббаты екі ел арасындағы тұтанған кекке-кек атты өшпенділіктің құрбандығына айналуы.

Ымырт үйірілген шақ. Батқан күннің сәулесі мен бозарып көрінген үй сұлбасы. Бейуақытта жоқ іздеген Дүйімқара қонаға ел шетінде отырған түрікменнің үйіне келуінен кинофильм оқиғасы басталады. Түрікмен әйелі, Адайдың қызы ұйықтауға кеткен Дүйімқараның қылышының қынына желім құйып, Жөнейтке хабар жібереді. Хабар жетісімен Жөнейт те Дүйімқараның үстінен түседі. Жауға жалғыз шабар түрікмен батыры  мен қазақ батырының жекпе-жегінде Жөнейт жеңіледі. Осы жеңілісіне намыстанған Жөнейт айдалада жалғыз отырған жазықсыз екі жанды өлтіріп, жетім қалған баласын асырап алады. Фильм оқиғасы ары қарай екі елдің қастасқан батырларының ұлы мен қызы ержетіп, бірін-бірі ұнатуы арқылы өрбиді. Ұлының жау қызын жақсы көріп қалғанын қаламаған Дүйімқара Уап батырмен құдаласып, ұлы Ершораны үйлендіруге ниеттенеді. Ал ұлы әкесінің бұл ісіне қарсы шығады, әкесі мен баласы арасындағы тартыс ушығып, анасы баласын нағашы жұртына жіберуге мәжбүр болады. Екі жастың кездесу сәттерінде Көкбөрінің қақпанына түскен Ершораны Жөнейт Дүйімқарадан қайтарған кегі ретінде басына таз кепеш кигізіп мәңгүртке айналдырады. Фильм соңында есінен адасқан Ершора елін-жерін де, сүйгенін де танымастай өзгерген санасы өшкен мәңгүртке айналады. Фильм Ершораның өлі денесін құшақтаған Жамалдың зарлы монологтерімен аяқталады.

Әдеби хикаятта «Қазақтар Түрікменді Үстірттің қыры мен Маңғыстаудың ойы түгілі, Қарынжарық,  Ақсора, Үдек сияқты жайдақ қоныстарынан ығыстырып, ішер суы, жайылар оты тапшы Қауынды, Қақпақтының ызғыма дөніне тықсырып тастады»– деген анықтама оймен осы көршілес екі елдің бір-біріне деген кектенуінің өшігуінің басы, әңгіменің негізгі өзегі осы тарихи жайттардан басталады. «Өрісі тарылған, малы мен өзінен күй кеткен түрікмендерге «Ал, қане, жау келді, атқа қон» деген айқай шықса, бөрік киген еркек кіндіктінің бәрі тілге келместен жүгенге жүгірер еді»[30] – деген суреттеулер сол кезеңнің бет-бейнесін, жаугершілік заманын бір-бірінен кек алу, барымтаға қарымта қайтару осылай жалғаса беретінін суреттейді.

Киношығармада малын бағып, күйін күйттеген көршілес екі халықтың көшпенді өмірі, өздері өмір сүріп отырған ортасы, табиғаты мен кейіпкерлердің ара-қатынастары туралы айтылады. Әдеби нұсқамен уақыты, табиғаты ұқсас болғанымен, кинофильмнің суреттелуі тұрғысынан қарағанда біршама ерекшеліктері бар. Мысалы, кинокартинадағы жер асты мешітінің көріністерімен Ершора мен Жамалдың үнгірдегі кездесу сәтіндегі экзотикалық суреттемелер, табиғат көріністері оқиға желісінің ашылуына көп әсерін тигізіп тұр. Кинодраматургиялық құрылымындағы жаңадан қосылған Көкбөрі, Ершора, Жамал, Әулиеата, аналардың образдық бейнелері әдеби шығарманың желісін үзбей, оның сюжетін жақсы өрбітіп, әсерлі шыққан.

Ауыл іргесі тыныш болмаған соң, кектің соңы– кек, барымта соңы– қарымта қайтару сәтін жазушы: «Екі жақтың да бір-біріне соғымға сойдыртқан жылқысынан соққыға жығылған жігіттері көп», – деп. Ал, киношығармада Қараман атаның басында жиналған екі елдің батырлары мен оғландарына Әулиеатаның бітімге шақыру көрінісі арқылы бейнеленген.

«Жеті жұртты ел қылған, жеті жұртты жер қаптырған Маңғыстау, Атырау мен Аралдың, Сағыз бен Қарабұғаздың арасындағы көл-көсір ала қырдың, Адайдың да, Айладырдың да еркін жайлауына жетпей ме, бітімге келіңдер», – деген Әулиеатаның баталы сөзіне екі елдің игі жақсылары қырсықтық пен өзімшілдікке бой алдырып, бітімге келе алмайды.

Әдеби шығармада осы көріністі жазушы (Ә.Кекілбаев) ой өрнегімен: «Екі елді келістіретін де– сөз, дауға найза араласты-ақ, келісім жоқ, кетісу бар. Келістірер сөз тек кемеңгердің сөзінен шығады, алжастырар айбалта кез келген тентектің тақымында жүр. Тентек күнде туады, кемеңгер мың жылда туа ма, жоқ па, туа қалса, өңшең қылышқа жақын қыршаңқысы көп қырсық ел оған тізгін бере ме, жоқ па? Беймәлім дүние. Ендеше, ол шапса, сен де шап! Ол қорласа, сен де қорла! Алдыртып жатып ақылгөйсіген кемеңгерлік құрысын», [31]– деп керемет толғаған. Кинокартинада әдеби шығармадағыдай суреттелген.

Әдеби шығарманың негізгі драматургиясы – күй құдіреті. Қанды жорықтары мен батырлық баяндарын аңсаған Жөнейттің соңғы үміті, жауына кеткен кегін қайтарып беретін ұлы Дәулеттің қазасы, кек үстіне кек жамылып, өшпенділікке айналуы еді. Осындай өштескен сәттерде қолына түскен кінәсіз адай күйшісі мен Жөнейттің арасындағы үнсіз арпалыс пен ішкі сезім иірімдерін күй арқылы тамаша суреттеген. Бебеулеген домбыраның сиқырлы үніне бірер сәтке болса да мұз жүрегін жібіткенімен, өзегін өртеген өшпенділік, кеудесіне сыймаған «кек»  атты зұлмат күш «күй» атты ғаламат сезімді жеңіп кетті. Кінәсіз күйшіні тірідей жерге көмді. Шығарманың соңында өзімен-өзі іштей арпалысқан Жөнейт өмірден өтеді. Мүмкін күй құдіретінің тылсым наласы болар, жазықсыз күйшінің назасы болар, «кек» атты өшпейтін қоламта сөнді, зауал келді. Ал кинонұсқада басқа сарын бар, ғашықтар қасіреті мен мәңгүрттік атты құбылыс.

Кинематография кеңістігінде оқиға желісі мен сюжеті шығарманың айтар ойы мен тақырып аясынан алыстамай, жаңа образдық кейіпкерлер Ершора мен Жамал, Көкбөрі, Әулиеата, аналар бейнесі арқылы толығып, қиял әлемінің оюлы өрнектері кино тілінде сәтті бейнеленуі арқылы көрінеді.

Киношығармадағы негізгі тартыс – Дүйімқара мен Жөнейттің көкірегіне тұнған кек. Ескі қорым басында Әулиеата бірлікке, татулыққа шақырған эпизодтағы қолын алуға ыңғайланып келе жатқан  Дүйімқараға Жөнейттің ыңғай бермеген эпизоды кейіпкерлердің характерлік шиеленісін көрсете отырып, оқиға желісі осы деталь арқылы өрбиді. Ал бұл тартыс шығарманың ішкі ағзасына қан жүгіртіп, ритмін бұзбайды. Әдеби нұсқаның көркемділігін сақтай білген.

Киношығармада тақырып аясын кеңейтіп, оның оқиғалық желілеріне әр түрлі арналар (эпизодтар) қосқаны оның динамикасына өң беріп тұр. Кинодраматургиялық тәсілдерімен өрнегі өзгеше драматургиялық шешімдері келісті картина екені даусыз. Жаңадан қосылған образдық кейіпкерлер қатарына Ершора мен Жамал бейнелері әдеби шығармаға тың тақырып, екі жастың арасындағы жарастық, махаббат тақырыбы кинофильмнің негізгі өзегіне айналған. Ал әдеби нұсқада бұл тақырып жоқ. Әдеби нұсқадағы негізгі кейіпкер күйші образы кинофильмдегі Дүйімқараның ұлы Ершора (Нияз Абдіғапаров) арқылы бейнеленген. Кинофильмдегі Ершора образы– әдеби шығарманың негізгі айтар әңгімесі күйші мен күйдің құдіреті болғандықтан, екі елдің де ортақ дүниесі, рухани байлығы «күй» атты халықтың өнерін айшықтаған жиынтық образ. Түрікменнің бахшысы, дутаршысы мен қазақтың күйшісінің түбі бір, ендеше, түркі дүниесінің ортақ мұрасы екенін білдіреді. Бұл ой  әдеби шығармада Жөнейттің баласы Дәулеттің қазасында Айладырдың қолына түскен Адай күйшісінің күй тарта отырып, Жөнейтпен арбасуы керемет суреттелінген. Ал киношығармада бұл көріністі Ершора Жөнейт пен оның асыранды баласы Көкбөрінің алдында күй тартуы арқылы көрсеткен. Көркем туындыда адамның ішкі ой иірімдерін суреттеу динамикасы шымыр. «Домбыраның ішегін ортан қолмен шертіп қалып еді, қарағай шанақ бір күрсініп қойды да, күңіреніп ата жөнелді, тепсінбейді, жер түбіндегіні қозғап тебіренеді... Әуелі жасқаншақтап шыққан жаңа күй бірте-бірте ширығып, серпіліп, көшеленіп келеді... Жөнейт бір сәт күйшіден жүзін тайдырып, күй тыңдап отырған жұртқа көз тастады. Жаңа ғана мұның қасы мен қабағын бағып, тырп етерге дәрмен болмай отырған момын көпшілік енді күйшіге ентелей қалыпты. Дудар бөріктің астында ылғи ызғар шаша қарайтын шүңірек көздерден де ашу ыдырап, елтіп отыр... Бәрі жұмсарыпты, бәрінен де айбат қашыпты. Жөнейт сыр білдіргісі келмеді. Домбыраның үні былпып майда шықты. Құлақты қытықтар жұмсақ әуез көңіліңе қонақтаған сайын көкірегіңді тілгілей түседі. Жөнейттің жүйке жүйесінің бәрі босап барады: ширыққан жүйкесі жібектей езіліп, құрыстаған арқасы кеңіп сала берді. Бұл не? Домбырашы одан көз айырмады. Енді күй өз тізгінін өзі алып кетті... Қай-қайсының да құлағына мына бір саз жағып барады... Күйші емініп отыр. Жыланмен арбасқан бақсыдай көзін Жөнейттен айырмай, домбырасының үстіне төне түсіпті. Қарашанақтың пұшпақ-пұшпағында қалған сиқыр саздардың бәрін сауып жатыр. Апырау, Жөнейт мықты еді ғой. Еліне сұсты, жауына қаһарлы еді ғой! Қаһар қайда? Сұс қайда? Күй тынды. Тәкаппар батыр көзінен ыршып кеткен түйдек жасты сүртуге арланды». [32]

Қаһарлы да сұсты, жылымайтын жүректі еріткен қандай күш! Бұл күш күй құдіреті, күйші шеберлігі еді. Ал кинонұсқада осы суреттеме, осы сәт дәл әдеби шығармадағыдай әдемі, әсерлі берілмеген, үстіртін ғана айтып өткен әңгімеге ұқсайды. Тұтқындағы Ершораның тартқан күйі Жөнейт пен оның асыранды баласының жанды жеріне тигендей көрсетілгенмен де, қысқа ғана берілген. Шығарманың оқиға құрылымындағы мазмұнының мағыналық жағы әсерлі болып, кейіпкерлердің мінездерінің ширығуы, астарлы ойлары мен өзекті монологтері арқылы айтылған. Шығармаға өң беріп тұр деп кинофильмдегі жаңадан қосылған кейіпкер Әулиеата образын айтуға болады. Қасиетті Маңғыстау жеріндегі халық жадында әлі де сақталынған аңыз- әңгіме, әфсаналардың жаңғырығы қазір де тұнып тұр десек жаңылмаймыз. 360 әулие мекендеген жерасты мешіттері әлі күнге дейін сақталғаны бәрімізге аян. Халқымыздың қасиетті Бекет ата, Шопан ата, Темір баба, Қараман ата секілді рухани тұлғаларының жиынтық бейнесі осы Әулиеата бейнесі, образы арқылы берілген. Киношығарманы талдау барысында Әулиеата бейнесі көрерменге жетпеген,  солғындау, әсерлі шықпаған. Себебі «әулие» деген ұғымның, сөздің өзі адамға әсер ететін мифологиялық, әфсаналық бейнені еріксіз көз алдыңа алып келмей ме? Халық арасындағы діни наным бойынша, әулие дегеніміз– тірілердің тағдырына ықпал жасай алатын, тағылымы мол, киелі, қадір-қасиетті адамдар. Ал біздің киношығармадағы Әулиеатаның жұпыны монологтері, дауыстық интонациялары адамды өзіне баурай алмаған. Көрермен көзіне бірден көрінетін осы олқылықтар мүмкін актерлік типаждың дұрыс таңдалмағанынан шығар, мүмкін фильмнің суретшілері мен мамандардың әулие бейнесіне лайықты киім үлгілерін дұрыс таңдай алмағандығынан болар, Әулиеата образы көрерменді сендіре алмады. Ұтымды тұстары да бар, мысалы,  кинокартинаның соңғы кадрларында Әулиеатаның мешіттегі шамдарды  өшіріп, соғысып жатқан екі елдің жасақтарына қарамай кетіп бара жатқан сәті. «Алауыздық жайлаған, өшпенділік өзегінен кетпеген халықтан иман да кетеді», – деген ұғымды көрерменге астарлы жеткізе білген деталь. Меңзеу, астарлы ой.

Киношығармаға қосылған жаңа кейіпкер  Көкбөрінің (Е.Жолжақсынов) образдық тұлғасы Жөнейттен де қатыгез жанды көз алдыңа алып келеді, қас дұшпанынан қан құстырардай қарап қалмас қатыгез бейнесін жасауда Е.Жолжақсыновтың актерлік шеберлігі Көкбөрі образын анық та айшықты ашқан.

Әдеби шығармада айтылмаған, ал киношығармада сценарист С.Елубайдың қосқан аналар бейнесі– өзіндік айтар ойы бар образдық тұлғалар. Кинофильмде Дүйімқараның әйелі: «Батыр балаң не өлі емес, не тірі емес, бірдеңе болыпты дейді, ең құрығанда сүйегіне ие болайын, көмегіңді бер», – деп ақ жаулығын Уаптың алдына тастап, басына топырақ шашуы «баламның орнына мен топырақ болайын» деген жан айқайын білдіреді. Ал Жөнейттің әйелі қызы Жамалды арашалау үшін алмас қылышты өндіршегіне тақап, балам үшін жаным пида деген сертін көрсеткен. Осы екі көрініс бір-біріне ұқсас, демек, баласы үшін шырқыраған ана бейнелерінің тағдыры ұқсас екені осы эпизодтардан байқалады. Бұл– ұтымды шешім.

Кинофильмдегі басты кейіпкерлердің бірі Жөнейт бейнесін түрікмен актері Ходжадүрді Нармиев бейнелеген. Дүйімқарамен жекпе-жекте жеңіліп, оқшау тиіп, оңашаны тонайтын бөрібасарлығына салған Жөнейт жеңілгенін ел емес, жел білмесін деген арамза ой жетегімен жазықсыз жандардың қанын төгіп, жетім қалған баласы Көкбөріні асырап алған. Жау десе жалақтаған жүрек жұтқан көкжұлын етіп тәрбиелеген. Көкірегінде өшпеген кегі бар, сол кегін алу мақсатында қандай да болсын  қатыгездікке бара алатын образдық типті жақсы сомдаған. Мысалы, үй иесін, оның әйелін өлтіріп, баласын асырап алғаны әдеби нұсқада болмағанымен, кино нұсқасындағы бұл жағдай оқиға желісі мен тақырып мазмұнының ширығып, сюжетінің басқаша өрнектеліп, кинотуындыға басқа бір тың арнаның қосылғанын көреміз. Бұл арна– Жөнейт образын толықтырып тұрған Көкбөрі образы. Бұл ораздық бейне суреткер С.Елубайдың кинодраматургиялық айшықты тәсілдерінің бірі болып табылады.

Әдеби шығармада да, кино туындыда да басты кейіпкер– Дүйімқара (Алдабек Шалбаев) образы. Кейіпкердің образдық тұлғасын әдеби нұсқада былай суреттеген: «Бүгінде Адай ғана емес, иісі Алшында одан асқан батыр жоқ. Жалаңаш жауға шабар Дүйімқара бүгінде бір елді ығында жүргізген дігірлеген батыр. Қос балтыры бурадай, уда-дуда, жүн-жүн төсін дудыратып, иініне киім ілмей белуардан жоғары тыржалаңаш жауға шабатын оны түрікменнің жылқысына дейін сонадайдан көріп жөңкіле қашады»[33] «Танысаң– Адаймын, танымасаң– құдаймын» дегендей, атан түйедей батыр бейнесін суреттеген. Ал кинокартинадағы Дүйімқара образынан жау іздеп жалақтаған жалғыз өзі жауға шабар батыр бейнесін көре алмаймыз. Дүйімқара образы– тұлғалық көзқарасы анықталмаған солғын, ынжықтау шыққан бейне. Тұтқындағы баласы Ершораны құтқару үшін қол жинауы, Уап батырға көмек сұрап баруы образдық бет-бейнесін әлсіретіп жіберген.

Көрнекті жазушымыз Ә.Кекілбаев «Күй» атты хикаятындағы «мәңгүрт» атты ұғымды оқырман назарына өткен ғасырдың 60-жылдары енгізген. Әдеби шығармада мәңгүрт бейнесі мына суреттеулерде  анық айтылған. Дүйімқараның туған нағашысының ауылын шапқан түрікмен батыры Жөнейт Адайдың айдай сұлу алты қызын, алты жасөспірім бозбаласын олжалайды. Осы бір қайтқан кегінің дәлелі ретінде Дүйімқарадан ажал тапқан інісі Көкбөрінің басына ақтайлақты сойып, құдайы таратады. Жеңісті тойлайды. Қол-аяғы қыл арқанмен шандулы алты бозбаланы бір-бірлеп құлақтан тұқыртып, тізеге басып, өткір алмас қанжармен әуелі шаштарын алдыртады. Шашынан арылған жылтыр басқа жаңа сойылған ақ тайлақтың терісі кептеліп кигізіледі, қол-аяғы арқанмен байлаулы тұтқындардың істерге амалы жоқ тағдырдың жазмышына көнуден басқа шарасы болмайды. Бастарына жапсырылған ақ тайлақтың терісі күн қызуымен тырысып-бырысқан сайын алты тұтқынның құлындаған даусы шығып, бастарын ұрғыштап, жан далбасалап шыңғырады. Күннің қызуына кепкен ақ тайлақтың терісі қаудырлаған көнге айналады. Бас сүйектерін уатып жіберердей осы бір сұмдық құбылыс бебеулеген бозбалалардың көздерінен жас парлатады. Кісендері шақырлап, өздері қалшылдап, дірілдеп азап отына түседі. «Олар бір апта бойы осылай зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көнінен өте алмай, қайтадан басының құйқасын тесіп кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айырылды. Түйемен бірге өреді, түйемен бірге келеді»,[34]–деп суреттеген көріністер «мәңгүрт» атты ұғымды алғаш оқырман назарына ұсынған жазушы Ә.Кекілбаевтың үлкен жаңалығы еді. Осы жаңалық, «мәңгүрт» атты ұғымның әлемдік әдебиетте алар орны ерекше. Бұл ұғымды, осы терминді әлемдік әдебиеттегі ұлы тұлғалардың бірі Ш.Айтматов та өз шығармаларында жан-жақты  толықтырып, әңгімесіне арқау етті. Ал кино әлемінде осы мәңгүрт деген бейнені, оның кесір-кесапатын толықтай айта білген алғашқы  кинокартина  «Кек» екені даусыз. Бұл еңбек көрнекті жазушымыз Ә.Кекілбаевтың жаңалығы, жаңа ашқан тың тақырыбы болып қала береді. Ал осы тақырыптың ішкі динамикасына өз өрнегін салып, мәңгүрт бейнесін тереңдеткен кинодраматург С.Елубайдың ашқан жаңалығы қазақ кино өнерінің тарихында өз орнын алатыны сөзсіз. Кинофильмнің соңғы кадрларында бұрынғы көркем жігіт Ершора– адамдық болмыстан ада, елін, жерін, дос-дұшпанын, сүйгенін танымас ой-санасы өшкен бейбақ. Бойында адамдық қасиеттен гөрі иттік инстинкт басым мәңгүрт бейнесін әсерлі бере білген. Режиссер Д.Манабаймен бірге түсірген «Кек» кинофильмінің алғашқы сценарийлік нұсқасында драматург С.Елубай: «Фильмнің соңғы көріністеріндегі мәңгүрт Ершора әкесі Дүйімқараны атып өлтіруі тиіс  еді, өкінішке орай, осы эпизодты режиссер қажет деп таппады, менің ойымша, қысқартпау керек еді. Мәңгүрттіктің біздің халыққа, қоғамға қандай қауіпті екенін тиянақты түрде жеткізу керек еді. Мәңгүрт деген өз ана тілін ұмытқан, ата тәрбиесін ұмытқан, қиналмай-ақ, ойланбай-ақ өз әкесін өлтіруге дайын құбылыс иесі екенін ашып көрсетсе болар еді. Кез келген профессионал сценарист алдымен өзі қиялдайды, өзі қағаздың бетіне түсіреді. Ал кейбір жағдайда сол жазған дүниелері экранға бұрмаланып шығады немесе сол көріністер мүлде алынып тасталынады. Бұл көріністер– кинодраматургтердің режиссерлерге ренжіп жүретін классикалық жағдай. О бастан-ақ екеуі екі түрлі тұлға, дүниеге екі түрлі көзқараста болуы мүмкін, сондықтан сценарийдегі дүниелер экранға ешқашан 100 пайыз шықпайды. Бірақ фильмнің концепциясы, оқиғасы, тақырыбы, айтатын ойы 100 пайыз сценарий авторының ой-толғауынан туындайды»,– деп еске алады.

Дегенмен де кинофильмдегі осы бір жаншошырлық көріністер, мәңгүрт бейнесін драматург С.Елубайдың шығарма желісіне қосқан үлкен жаңалығы, елеулі еңбегі деп бағалағанымыз абзал.

Қазіргі заман ағысындағы рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтарға бой алдырған осы бір кезеңдердегі актуальды мәселелердің бірі рухсыздану, ұлтсыздану (нигилизм) болып табылады. Жаһанданудың (глобализация)  осы бір аламан тасқынында өзінің ұлттық рухани болмысынан алыстаған, ой-санасы жаһанданудың виртуалдық діңгегіне байланған, тіл мен дінін өзгерткен, ойлау мен сөйлеу мәнерінен айырылған ұлт өкілдері мәңгүрттен де қауіпті екені қоғамымыздағы кейбір келеңсіз көріністерден байқалып жүр. Көзі қарақты көрермен фильмдегі мәңгүрт бейнесін қазіргі заман кеңістігіндегі мәңгүрттермен салыстыра білсе, қоғамымызға, ұлтымызға қауіптің қайдан келерін сезер еді.

«Екеуміздің не күнәміз бар, жазығымыз не?» –деп шырқыраған, бебеулеген Жамалдың сұрағына жауапты кім береді? Өштескен, кеуделері кекке толған, өшіккен екі елдің есерлері бере ме? Жоқ әлде, имандылықтың отын өшіріп, елден жырақтаған Әулиеата бере ме? Осы сұраққа кинофильм: «Алауыздық пен өшпенділік, тұншықтырған кеудедегі кек тұрғанда рухани құндылықтар мен имандылық, махаббат сезімдері мен достыққа, бітімге жол жоқ», – деген жауапты көрерменге анық айтып тұрғандай.

Сөзіміздің соңын қазақ руханиятына сүбелі үлес қосқан қазақтың халық жазушысы, осы шығарманың авторы Ә.Кекілбаевтың киношығармаға берген бағасы арқылы қорытындыласақ: «Бұл өте ертеде жазылған шығарма болғандықтан, фильмнің бас-аяғы біткенше қобалжып жүрдім. Бәлкім, балалық кездегі менің концепциям, ол кезде менің көз алдыма келген көріністер үшінші мыңжылдыққа қадам басып тұрған замандастарым үшін онша қызғылықты болмас деп ойлағанмын. Екіншіден, бұл фильмнің жанры, негізінен, психологиялық тұрғыда жазылғандықтан, мұндай шығармалардың кинобаламасын табу өте қиынға түсетіні белгілі. Менің ойымша, режиссер мен актерлер тобы оны сәтті тапқан секілді. Мұнда менің ойым, халыққа айтар сырым– бәрі сақталған. Ең бастысы, Маңғыстау жерінің табиғаты, онда өмір сүрген қазақтардың мінез-құлқы, өздерінің моральдық кредосы, әдеп-ғұрпы– барлығы сол қалпында жеткізіліпті. Осымен екінші рет көріп тұрмын. Фильм маған ұнады»,[35]– дейді қаламгер.

Смағұл Елубайдың ұлттық рухқа толы шығармаларының өзегі салт-дәстүрлі мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарға бай. Табиғаты қазақ, рухы қазақ, үні қазақ, ойы қазақ. Өз ұлтының көшпелі өмір салтының тұнығынан сусындаған суреткердің шығармашылық жолында халқының кәдесіне жарайтын әлі де сом туындылары бар деп ойлаймыз. Қазақ киносына қосар өзіндік өрнегі бар жаңа дүниелері, дайын сценарийлерінің әлі де бар екені баршамыз білеміз.

Өнер бір күндік емес, ол – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан рухани қазына.

Рухани қазынамыздың інжу-маржандарын ұлт игілігіне жарататын Смағұл Елубайдай қаламгерлердің, киногерлердің көп болғаны – қазақ кино өнері үшін үлкен байлық демекпіз.


 Пайдаланылған әдебиеттер көрсеткіші:

[1]  «Жас қазақ» газеті №18.14.05.2009. «Қаһарман қаламгер», Ж.Боранбаев.

[2]  «Ақ боз үй»: ХХ ғасыр қасіреті. Дөңгелек үстел. «Әдебиет айдыны». 2006.04.№15.

[3] «Айқын» №148.9.08.2008. «Сегіз жаста қасқыр соққан Смағұл». М.Қаратайқызы

[4]  «Қазақ әдебиеті». 6.04.2007. «Тағдыр менің қолыма қалам ұстатты». С.Елубай.

[5] «Парасат». «Батыста тиын санау айып емес». С.Елубай. 2007. №5.06.

[6]  «Парасат». Сыр-сұхбат. «Батыста тиын санау айып емес». 2007.№5.06.

[7]  «Жас қазақ» 18.14.05.2009. «Қаһарман қаламгер». Ж.Боранбай.

[8]  «Жас Алаш» газеті, 12.01.1992.

[9]  «Туған күн». С.Елубаев.  «Лениншіл жас», 1970жыл 14қазан.

[10]   «Экранно-фольклорные традиций в казахском игровом кино». Б.Ногербек. 2008, Алматы: RUAN. 222 бет.

[11]«Парасат», «Болашақта киностудиялар арасында бәсекелестік пайда болады». Сыр-сұхбат. Р.Төленқызы.№123.10.2010.

[12]  «Ана тілі». «Біткен іс бір тоғыз, бітпегені тоқсан тоғыз». С.Елубай. №31.06.2007.

[13]   «Мәдениетте шекара жоқ» С.Елубаев. «Алтын орда». №30.24.30.07.2008.

[14] 20  «Егемен Қазақстан», «Қазақ киносы жайлы ойлар мен толғаныстар», С.Елубай. 30.01.2010.

[15] «Қыз-Бәтіш пен Ерсейіт» Т.Әбдіков. 469 бет.

[16]   «Қыз-Бәтіш пен Ерсейіт» Т.Әбдіков. 472-бет.

[17] «Ұлы зұлмат», жазушымен сұхбат Э.Якия. Қазақстан тарихы. Әдістемелік журнал. 2009. №7.

[18] «Ақ боз үйге енгенше», Л.Шотаев.

[19]  «Ақ боз үй» 161-б. С.Елубай.

[20] «Ақ боз үй», 163-бет, С.Елубай.

[21]   «Жаңа фильм». Г.Әбікеева.

[22] «Ар перзенттері», Мамытбек Қалдыбай. «Жас Алаш»,  №13. 17.03.2011

[23] «Қазақ әдебиеті»,  С.Елубаев, №33. 13.08.1993.

[24] «Батыр Баян»,  М.Жұмабаев 296-297-бет.

[25] «Қазақстан тарихы»,  М.Қозыбаев. 14-бет.

[26] «Батыр Баян», М.Жұмабаев, 298-бет.

[27]  «Батыр Баян»,  М.Жұмабаев, 320-бет.

[28] «Батыр Баян»,  М.Жұмабаев, 311-бет.

[29] «Бес ғасыр жырлайды»,  Бұқар жырау. 23-бет.

[30] «Күй», 200-бет, Ә.Кекілбаев.

[31] «Күй», 203-бет, Ә.Кекілбаев.

[32]  «Күй», 226-228-беттер, Ә.Кекілбаев.

[33] «Күй», 201-бет, Ә.Кекілбаев.

[34] «Күй», 209-бет, Ә.Кекілбаев.

[35] «Астана хабары», 16 қараша 2006 жыл, .№199, Азамат Құсайын.

18 Наурыз 2017
879
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет