Мелодрамаға деген шынайы көзқарас. Нури Билге Джейланмен сұхбат

Режиссердің 2008 жылғы Канн кинофестивалінде "Ең үздік режиссерлік жұмыс" номинациясын жеңіп алған "Үш маймыл" фильмі жайында берген сұхбаты.

Сізге «өмірбаяншы» кинематоргафист деген лақап ат қойып үлгерген кейбір сыншылар, «Үш маймыл» (“Üç Maymun”) фильмінің сюжет желісінің құрылымын көріп таң қалып жатыр.

Менің фильмдерім ойдан шығарылған оқиғалар негізінде таспаланады. Өзгенің шығармашылығына интерпретация жасаймын деп қатты қателесуге болады: егер өз өмірімде болған оқиғаларды пайдалансам, онда қандай да бір саяси астар шыға келетін еді. Ал мені қазіргі уақытта көбіне экзистенциалды мәселелер мазалайды.

Фильм сценарийінде мелодрамаға саятын сәттерді байқап қалдық.

Өз басым күнделікті түрік кинематографында жиі қолданылатын мелодрама тақырыптарын ұнатамын. Байқағаным, Түркияда халық мелодрамаға өте жақын, мен де солардың қатарынанмын. Мелодрамаларды алып, оны барынша шынайы суреттеп, өзімдікі ретінде шығарғым келді. Бұл жанрда түсірілген фильмдердің көпшілігі ақылға сиымсыз оқиғаларды сипаттайды, бірақ, оларға өз түсінігімізде шынайы көзқараспен қарасақ, қабылдауға жарамды болып шыға келеді. Мен үшін өмірдің өзі мелодрама. Ал Түркиядағы өмірім одан да әсерлі.

Сіз айтып отырған реализм алдын-ала ойластырылып, сценарийде жазылып қоя ма, әлде түсірілім кезінде пайда бола ма?

Сценарийде жазылады. Бірақ, кейде бір нәрсенің жетіспейтіндігін түсірілім алаңында байқайсың, сол себепті эпизодты қайта жазуға тура келеді. Өте мұқият болу керек. Мысалы, анасы үйге келіп, саясаткерден алған ақшаны ұлына көрсеткенде ол қуанып шыға келеді. Сценарийде солай жазылды. Бірақ, түсірілім кезінде қарасақ, олай болуы мүмкін емес екен. Соңғы нұсқада біз ұлының  әрекетсіз, эмоциясыз қалғанын көрсеттік.

Өйткені, ол анасының опасыздық жасағанын сезіп қойды, солай ма?

Бұл маңызды емес. Ницше айтқан екен (осы тұста Джейлан Бернард Шоудың сөзін Фридрих Ницшенікі деп айтып қателесті, - аудармашының ескертпесі), өмірде үлкен екі трагедия бар: біріншісі – өзіңнің өмірлік арманыңа қолыңның жетпей қалғаны; екіншісі – екеуінің ең сорақысы – арманыңа қолыңның жеткені. Олар отағасымен келіспей жатып, қауіпті іс – әрекетке барады. Түсірілім кезіндегі оқиғаның шынайылығы логикадан емес менің интуициямның негізінде туындады

Түсінуімше, сізді бәрінен бұрын кейіпкердің ішкі әлемі қызықтыратын сияқты.

Иә, бәрінен де мені адам жаны қызықтырады. Бұл тұста әрине әдебиет кинематографтан көш ілгері келе жатыр. Кино – әлі жас өнер саласы. Мен кино осы уақытқа дейін Достоевскийдің шығармаларына деңгейлес туынды жасады деп ойламаймын. Түптің-түбінде шығуы мүмкін. Мен адам табиғатының тереңінде не болып жатқанын түсінуге тырысып келемін. Өзіміздің ең қараңғы, қатыгез тұсымызды түсіну арқылы ғана біз жаңаруға, дамуға ұмтыла аламыз.

Фильмнің атауын қалай ойлап таптыңыз?

Конфуций ілімінде үш маймыл туралы аңыз арқылы сипатталатын даналық трактовкалары кездеседі: жаман нәрсені естімеймін, көрмеймін, айтпаймын деген. Фильмде ұлы анасының опасыздығы жайлы білмейтін сияқты кейіп танытады, әкесі телефон тұтқасынан өз бастығының дауысын естімеген сияқты болады, ал анасы екеуіне де өтірік айтады. Бұл метафора әдетте өзің біліп тұрған өтірікті әшкерелеу үшін жиі қолданылады.

«Бөгде» (“Uzak”) фильміндегідей, дәл осы картинада неге өзіңіз оператор болмадыңыз?

Мен өз операторым Гёкхан Тирьякимен жұмыс жасағанды ұнатамын. «Мезгілдер» (“İklimler”) фильмінде басты кейіпкерлердің бірі болып ойнағандықтан, ол картинаны өзім түсіре алмадым, сол себепті мен Гёкханды шақырдым. Осы жолы да онымен жұмыс істеуді жөн деп шештім. Оның идеялары керемет. Жарықтың, камераның қай тұста тұратынын мен шешсем де, оның ықпалы фильмде байқалып тұрады. Бұған қоса мен түсіріліп жатқан картинаны манитордан қарап отырамын, бұл тікелей камерадан көргенге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайда болған арақашықтық маған болып жатқан процесті толық қамтып, актерлерге баса көңіл бөлуге мүмкіндік туғызады.

Картинаға қатысты қандай идеяларыңыз болып еді?

Болып жатқанның бәрі отбасының үш мүшесінің айналасында орын алғанын қаладым. Осыған жету үшін мен оларды барынша қоршаған ортадан бөлектеуге тырыстым. Бастапқыда фильмде олардан басқа адамдар бой көрсетпейді деп жоспарланған. Және түсірілім кезінде олардың айналасындағы атмосфераға барынша бозғылт рең бергім келді. Бірақ, ол кейіннен постпродакшн кезінде жасалды. Мен өзімнің жеке әлемімді жасағым келді.

Бұл жоспарыңыз, шешіміңіз көбіне трагедияға толы оқиғаға жарайтын сияқты.

Көзбен көруге болатын дүниенің мағынасын асыра сілтеудің қажеті жоқ деп ойламаймын. Бұл картиналар тікелей жанның әсерінен пайда болады. Ол фильмдер мен жиырмаға толған сәттен бастап, менің әлемді қабылдауыммен бірге келе жатыр. Және, дәл қазіргі уақытта мен арманыма бір табан жақындадым. Алайда, өмірдің жеңіл болып шыға келуінен қорқамын.

Үлкен мүмкіндіктерге ие сандық камераға ауысқаннан кейін не өзгерді?

«Мезгілдер» (“İklimler”) фильмін дәл осы картинаны түсірген камераға таспалағанмын. Барлық құпия постпродакшнның мүмкіндіктерінің даму процесінде жатыр. Бұл дегеніміз мәселе камерада емес, барлық камера бірдей. Фотография саласында бұл бұрыннан белгілі: көпшілігінің қолданып жүргені сол бір камера. Өзгеріс сурет түсірілгеннен кейін, басып шығару кезінде жүзеге асады. Әрбір кадрды өз қалауыңша өзгертуіңе болады. Мысалы, бала темір жолға қарай жүгіріп бара жатқанда біз оны үйдің төбесінен қарап отырғандай боламыз. Және бір тұстан, бұл шешім балаға анасы қарап тұрғандай әсер қалдырады. Терассаның көлеңкеленгенін көреміз. Шын мәнісінде ешқандай көлеңке болмаған, бірақ, дәл сол әдіс кадрға мән мен мағына бергенін байқаймыз.

Фильмдегі музыкалық шешімдердің ұтымды пайдаланылғаны қуантады; Брессонның фильмдерін еске түсіреді екен.

Робер Брессон – мен сүйіп көретін режиссерлердің бірі. Кейбір дүниелерді бейнемен жеткізу мүмкін емес, ол кезде көмекке музыка келеді. Бірақ, мен түсіріп жатқанда музыка жайында ойламаймын. Бәрі дыбыс монтажы мен дыбыс жазу кезінде жасалады. Мүмкіндіктер өте көп болғандықтан, дәл осы немесе басқа композицияны фильмге қосу туралы шешім қабылдау өте қиын. Әрбір ән өзінің оқиғасын жасап шығуы мүмкін. Мен тұңғыш рет фильмде ешқандай музыка қолданбадым. Ұялы телефонның қоңырау дыбысынан басқа музыка болған жоқ.

Ол ән қайдан пайда болды?

Біз «Мезгілдер» (“İklimler”) фильмін түсіріп жатқан кезде, Түркияның батысында, иен далада болдық. Автобуста түнеуімізге де тура келді. Түннің бір уағында суықтан көліктің моторы істемей қалды. Ол жерде қалсақ, тоңғаннан қатып өледі екенбіз. Ары-бері қимылдап жүре бастадық. Алыстан жарықты көріп соған қарай бардық. Ол жерде, ішінде үш жігіт от жағып жылынып отырған үй бар екен. Біреуі сүйген адамы жайында айтып отырды. Түркияда қалыңдықтың отбасына ақша сыйлайтын дәстүр бар. Жігіт қажетті соманы жинау үшін екі жыл бойы талмай еңбектеніп келеді екен. Сүйгеніне үйлену үшін дәл осылай әлі бес жыл жұмыс жасауы керек. Қай тұстан екенін білмеймін сол жерде жаңағы ән ойнап тұрды. Мен әлі күнге дейін жігіттің айтқанын да, әнді де ұмытқан жоқпын.

 

Орыс тіліне аударған: Кирилл Адибеков

Қазақ тіліне аударған: Ерден Кабдрашидов

Материал: http://splanet.ru/paper/r1-336521.php сайтынан алынды. 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет