Дана Әмірбек: Бертонның кейіпкерлері ешкімге өздері сияқты болуды міндеттемейді

Кинотанушы Дана Әмірбекпен сүйікті режиссері Тим Бертон жайында сұхбат.

Cұхбаттасқан: Ерден Кабдрашидов

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, III курс



Джонни Деппті Бертонның альтер эгосы деп жатады?..

Меніңше, Тим Бертон мен Джонни Депп көзқарастары мен ой-ниеттері үйлескен, қиял байлығы, көкірек өресі ұқсас адамдар. Қиял-ғажайып ертегі кейіпкерлерін еске түсіретін екеуі, мен үшін бір бүтіннің бірін-бірі толықтырып тұратын екі жартысы секілді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Джонни Депп Тим Бертонның айнадағы көрінісі  іспеттес.

Кабинетінде жұмыс істеп отырған Тимнің үстінен ойда-жоқта камера ұстаған журналистер кіріп келген ролик пайда болды. Сол кезде оның түрі дәл қазір атылатын адамдікіндей өзгеріп шыға келген екен. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

Тим Бертонның баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттарын оқи отырып, оның бала кезден болмысы бөлек болып өскенін байқауға болады. Көпшілік ішінде отырғаннан гөрі оңаша қалып, өз қиялына еркіндік бергенді қалайтын ол, өзіне таныс емес адамдардың жанында ыңғайсыз сезінетіндігі жайлы көп айтады. Жан-жағында жүрген адамдар мазаламас үшін есі ауысқан адамның кейіпіне еніп, өз-өзімен дауыстап сөйлеседі екен. «Ақыл-есі сау емес адамдарға көпшілік жоламауға тырысады. Бұл менің олардан ойлап тапқан қорғанышым» дейді ол. Бұл көбінесе, интроверттерге тән қасиет. Осы тұрғыда төбеден қар түскендей, ойда жоқ жерден қолдарына камера ұстаған бір топ адамның кіріп келуі Тим Бертонды өліммен жүздескендей қорқынышты күйге бөлеуі әбден мүмкін.

Тим Бертонның фильмдеріндегі басты кейіпкерлер қоршаған ортадан бөлектенген, өз әлемдерінде өмір сүруді әдетке айналдырған кейіпкерлер, дәл осындай кейіпкерлердің болуының себебі неде деп ойлайсыз?

Кейіпкерді жасаушы автор. Ал, кез-келген автор өз болмысына тән нәрсені ғана суреттейді. Осы тұрғыда Тим Бертон режиссер болып, Джонни Депп сомдаған кейіпкерлердің өзгеше болулары мүмкін емес еді. Жалпы, Бертонның кейіпкерлерінің қайсысын алып қарасаңыз да, «Қайшы қолды Эдуард» (Edward Scissorhands) фильміндегі Эдуард сияқты бәрін жақсы көріп, құшақтағысы келетін жандар. Бірақ, Эдуардтан  қарапайым халық өздерін алшақ ұстағанды жөн көреді. Себебі, қарапайым адамдарға ұқсамайтын қайшы қолды Эдуард құшақтаған жан жарақат алып қалуы мүмкін.

Бертонның біз көріп жүрген тылсым күшке ие кейіпкерлерді көрсетуі мен оларды түсінуі де өзгеше. Тим ол адамдарға берілген күшті ауру ретінде қарастыратын секілді. Оның «Мисс Перигриннің ерекше қасиеттерге ие балалар үйі» («Miss Peregrine's Home for Peculiar Children») фильміндегі балалардың мақсаты әлемді құтқарып, жаман адамдардың бәрін жеңу емес, алдымен өздерін қабылдау және әлемге бейімделу сияқты. Бұл жөнінде ойыңыз қалай?

Ойыңызбен толыққанды келісемін. Оның кейіпкерлері басқалардан өзгеше болуды ешқашан қаламаған, тылсым күш иесі болуды армандамаған жандар. Олар өздерін басқалардан жоғары санамайды, керісінше өздерін ауру сезініп, қарапайым адам болуды аңсайды. Олардың көздегені зұлымдықты жойып, әлемді құтқару емес. Керісінше, олар өз-өздерін қабылдап, ерекше қасиеттерімен бірге өмір сүруге бейімделіп жүрген жандар. Олар бізге үйреншікті әлемге интеллектуалды немесе физикалық тұрғыда дамымай қалған, мүмкіндігі шектеулі жандар тәрізді бейімделуге мәжбүр.

Тимнің кейіпкерлері көпшіліктің пікіріне қарсы шығып, «жоқ» деген сөздің энергиясымен жұмыс істейтін сияқты. Оның «Таңғажайып әлемдегі Алис» («Alice in Wonderland») фильміндегі Алисі қатып қалған тәрбиенің жетегінде кетпеген, жауынгер қыз. Келісесіз бе?

Жалпы, Бертон кейіпкерлерінің қайсысын алып қарасаңыз да, көптің ойымен келіспейтін, өз дегенімен жүретін жандар. Эгоист – өз қалауынша өмір сүретін адам емес, өзгелердің өз қалауынша өмір сүргенін қалайтын адам. Осы тұрғыда бар болмысымен адамның бәрін дос санайтын Тим Бертонның кейіпкерлері ешкімге өздері сияқты болуды тақпайды, міндеттемейді. Алис – өзгелердің пікірімен келіспеуге қорықпайтын және өз менін қорғауға барын салатын батыл қыз.

Оның ең алғашқы қысқаметрлі фильмі 1982 жылы шыққан «Винсент» (Vincent) болатын. Дәл осы картинадан біз экспрессионизм эстетикасына тән элементтер: жарық пен көлеңкенің қайшылығын, өзгеше ракурстарды, қорқынышты дыбыстық фондарды және ән айтқанда немесе диалог кезінде өте жоғары театралды интонацияларды байқаймыз. Бұл элементтерді кейіннен «Қалыңдықтың мәйіті» («Corpse Bride») фильмінен де көрдік. Бертонды экспрессионисттердің қатарына қосар ма едіңіз?

Кітап оқығанға қарағанда кино мен теледидарды жөн көріп, басқа балалармен ойнағаннан гөрі бейіт басында уақыт өткізгенді қалап өскен тұйық Тим кішкентай кезінде қорқынышты фильмдерді көргенді ұнатыпты. Экран алдындағы құбыжықтар қорқыныш сезімін емес, жанашырлық сезімін тудыратын дейді ол. Неміс экспрессионизмінің заманында балалық шағы өткен ол, әрине Фридрих Мурнау, Фриц Лаң (Fritz Lang) қатарлы қорқыныш жанрының ұсталары мен «саспенстің» атасы Альфред Хичкоктың фильмдерін көріп өскен. Осы тұрғыда оның «Қалыңдықтың мәйіті» және сценариін жазған «Рождество алдындағы қорқыныш» (The Nightmare Before Christmas) және т.б. фильмдеріндегі өлілер әлемі суреттелетін фильмдері сонау «Доктор Калигаридің кабинетінен» («Das Cabinet des Dr. Caligari») бастау алған экспрессионизмнің бүгінгі көрінісі деп айтуға да болады.

Сіз үшін Тим Бертон мультипликатор ма әлде кинорежиссер ме?

Тим Бертон мен үшін ақ пен қараның, шынайы өмір мен қиял әлемінің, балалық пен даналықтың шеңберін өшірген қайталанбас дарын иесі!

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет