Зейнет Тұрарбекқызы. Әлемдегі алғашқы продюсерлер

"Өзгеден бұрын - кинематограф - өнеркәсіптің бір түрі" - Андре Мальро.

Зейнет Тұрарбекқызы

Кинотанушы



Бүгінде «продюсер» сөзі өнердің қай түрінде болмасын кең қолданысқа ие болған мамандықтың біріне айналды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, нарықтық-экономикаға өткелі бері өнер саласында бәсекелестік арта түсті. Қайсыбір өнер туындысы болмасын, міндетті түрде алдын ала жарнама мен сатылымды (прокат) керек ететін дәрежеге жетті. Қоғамдық психологияның, адами құндылықтар мен өнерге, тек өнерге ғана емес-ау, жалпы өмірге деген көзқарастың өзгеруіне байланысты жаңа мамандықтардың пайда болып, барлары трансформацияға ұшырап жатқанын көз көруде. Отандық шоу-бизнес өкілдері продюсерлік жүйенің қыр-сырына біршама қанығып үлгерсе, кино саласында продюсердің орны, атқарар міндеттері мен қызметін жүйелеу қиынға соқтырды. Дегенмен, фильмдер түсіріліп, қазақ кино әлемінде жаңашылдық пайда болды. Бұл өзгерістердің орын алуының өзі продюсерлердің еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

XIX ғасырдың аяғында пайда болып (1895 жыл, Франция), бірден бұқара халық назарына іліккен кино өнерінің қолданысқа енгеніне, міне, бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Алғашында, тез арада жойылып кетер өнер түрлерінің бірі болып көрінгенімен, уақыт өте келе өзінің құндылығы мен сапасын арттырып, бүгінде бүкіл әлем халқы қызыға, таңдана қарайтын кино саласы өнер ордасында өзіндік орынға ие болды. Содан бері бірнеше даму кезеңдерінен өтіп, тіпті, бірнеше түрлерге де бөлініп, қазіргі уақытта өзінің шарықтау шегіне де жетті. Техниканың қарыштап дамып, кинонарығында бәсекелестіктің артып тұрған кезінде, кино саласына тек шығармашылық тұрғыдан ғана емес, коммерциялық көзқарасты продюсерсіз елестету тіпті мүмкін емес хәлге де келді. Тек Һоллиудта ғана емес, бүкіл әлемде продюсер болуды армандайтын жандар саны да күн санап артып келеді. Өнердің ішіндегі сәндісіне айналған продюсерлердің арасында саны көп болғанымен, тәжірибесі жеткіліксіздері толып жатыр. Дегенмен, тәуекел мен сәттілікті қажет ететін осы бір мамандықтың басында тек оның ащысы мен тұщысына көнгендері ғана қалары анық.

Халқымыздың хал-ақуалы жақсарып, етек-жеңі жиылғалы бері кинода да өзінің бағын сынап, қалтадағы қаржысы мен күші жеткенінше әлек болып жүрген продюсерлердің саны артуда. Ұлттық продюсерлердің жаңа толқынының пайда болуы, қазақ киносының өндірісін бір қадам алдыға жылжытты. Ел ішінде кино өнеріне деген қызығушылықтың артуы, қилымсыз тұрған ішкі нарықтың оянуына түрткі болды. Күні кеше «продюсер деген кім? оның басты мақсаты мен міндеті неден құралады?» деген сұрақтарға жауап іздеп жүрген киногерлердің де құлағы «продюсер» сөзіне үйренді. Жекелеген киностудиялар пайда болып, өндіріске шыққан фильмдер саны жылдан-жылға артып келеді. Фильмдердің титрларынан да «бас продюсер» Ахан Сатаев, Сергей Азимов, Алия Увальжанова, Гүлнар Сарсенова, Баян Есентаева, Нұртас Адамбай сынды жазуларды көздеріміз шалып қалады. Баспасөз беттерінен тәуелсіз продюсерлеріміздің болашақ жоспарларының бірегейі - биікті бағындыру екенін де оқып, көріп жүрміз. Мақсаттар мен міндеттер бар, бірақ оларды орындаудағы ақаулар әзірше көңіл көншітерлік емес. Дегенмен, жас режиссерлер мен продюсерлердің толқыны, тың идеялармен қатар жобалардың пайда болуы болашаққа деген сенімді ұялатады. Бір қуантары, әзірге Америка, Франция, Ресей сынды мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп жүрген ұлттық продюсерлеріміз қол қусырып отырған жоқ. Бұған - үлкен экран бетінен шығып жатқан туындылар дәлел. Осыдан оншақты жыл бұрын отандық өнімді экран бетінен көріп қалу таңқаларлық құбылыс болса, қазіргі таңда жыл сайын өзге де шетелдік фильмдер қатарында қазақстандық фильмдердің көрсетілуі біз үшін үлкен жетістік.

Сонымен, «продюсер» дегеніміз кім? «Басқа кәсіпкерлерге қарағанда, продюсердің жұмысы жаңа зияткерлік меншікті жасауға және шығармашылық тұлғалардың басын біріктіріп тың жоба істеуге арналған. Қазақстанда құқықтық базаның жоқтығынан әлі күнге дейін киноиндустриясының негізгі басымды бағыттары анықталмаған», - дейді аға оқытушы Тәңірберген Хажиев «Проект» журналында. Сонымен қатар, Т.Хажиев Қазақстан Республикасының Мәдениет туралы Заңында «продюсер дегеніміз – спектакльге иелік етуші, қоюшы режиссер және жоба директоры» деп түсіндірілгендігін, ал соңғы 2006 жылдың он бесінші желтоқсанында шыққан «Мәдениет туралы» заңында продюсер ұғымы мүлде аталмайтындығын да айтып өтеді. Б.Криштулдың «Кинопродюсер» атты еңбегінде: «продюсер (ағылшынның «produce» – «өндіру» сөзінен шыққан) – нарықтың қажеттілігін меңгерген, білімін өндірісте пайда табу мақсатында қолданатын, тәуекелге бара алатын маман иесі» делінсе, Г.П.Иванов, П.К.Огурчиков, В.И.Сидоренконың «Продюсерліктің негіздері» (Основы продюсерство) оқулығында: «фильмнің продюсері – кинематографтағы кәсіпкер, жобаның барлық кезеңін қадағалайтын киноөндірісіндегі негізгі тұлға» деген анықтама берілген. 1996 жылы 22 тамызда «Ресей Федерациясының Ұлттық кинематографты қолдау» жайлы заңына енгізілген өзгерістерге сай: «продюсер дегеніміз – фильмді өндіру, қаржыландыру және сатылым (прокат) мәселелерін өз жауапкершілігіне алған жеке немесе заңды тұлға». Сонымен, тұжырымдай келсек, «продюсер» деп фильмнің идеясынан бастап, оның экран бетіне шығуына дейінгі барлық міндеттерді өзіне жүктеген, өндіріс пен нарық жүйесін меңгерген шығармашыл кәсіпкерді айта аламыз.

Продюсер мамандығының алғашқы қадамы сонау 1895 жылдың өзінде-ақ жасалған. Бүкіл әлемге кино өнерінің қыр-сырын ашқан ағайынды Люмьерлер өздерінің алғашқы «Жұмысшылардың Люмьер заводынан  шығуы»,  «Поездың Ла Сьота вокзалына келуі» сынды фильмдерінің режиссер, оператор, суретші, механик, ұйымдастырушы қызметтерінің барлығын өздері атқарып, түсірген көріністерінің толық мәнді иесі атанған. Саудамен айналысып үйренген ағайындылар алғашында кинематографқа өнер ретінде емес, үлкен пайда әкелер кәсіптің бір түрі ретінде қараған. Сол себепті, бүкіл әлем кинематографтың туған күнін ағайынды Люмьерлердің алғашқы кадрларды пленкаға түсірген немесе екі ағайындының сол жылдың 22-наурызында «Ұлттық индустрияны қорғау» ұйымы алдында көрсеткен күнін емес, оның коммерциялық бағытта 1895 жылдың 28-желтоқсанында жасалған алғашқы ақылы сеансын есептейді. Дэвид Паркинсонның «Кино» кітабында көрсетілген мәліметке сенетін болсақ, сол күнгі көрсетілімге 35 билет сатылып, әр билет құны 1 франкті құраған. Паркинсонның айтуынша Луи синематографтың шығармашылық бөлігіне, яғни түсірілім мен техникаға жауапты болса, Огюстқа ұйымдастырушылық міндеттер жүктелген екен. Бұл - продюсер мамандығының кинематографпен бірге пайда болғандығының дәлелі. Әрине, сол мезетте ағайынды Люмьер өздерінің оператор, суретші, режиссерлікпен қоса продюсерлік қызметті бірге атқарғандықтарын білмегендері анық. Бірақ, олар продюсерге тән іс-әрекет көрсету арқылы, яғни, кинодан пайда көріп қалу арқасында, жаңа өнер түрін әлемге паш еткен. Бұл ақылы киносеанстар кейіннен Францияның түкпір-түкпірінде жалғасын табады. Нәтижесінде, халықтың кино өнеріне деген қызығушылығы артып, кино үлкен коммерция түріне айналады. Ерекше айта кететін жайт, алғашында пайда көруді көздеген ағайынды Люмьерлер, кейіннен кино тілінің небір ашылмаған (сол уақытта) қырларын түсіну мен оны дамыту мақсатында еңбек етеді.

1896 жылы Шарль Патэ мен Леон Гомон басқарған «Патэ фрер» және «Гомон» фирмалары фильм өндірісімен қатар, оны сатумен де айналыса бастайды. «Ағайынды Люмьерлердің «Гран кафедегі» тарихи көрсетілімінен кейін, бірнеше айдан соң Париждің Венсен шағын аймағында жұмысын бастаған ағайынды Патэ, өте қысқа мерзім ішінде ірі әлемдік монополистке айналып үлгерді. Фирма өндірісін (оның ішіне түсірілім және проекциялық құрал-жабдықтар, пленка, дайын фильмдер кірді) Сингапурдан Буэнос-Айресқа, Токиодан Нью-Йоркқа дейінгі үлкен территорияны қамтитын ірі қалаларда саудаға шығарды. Дәл осы ағайынды Патэ Люмьерлердің ойлап тапқан жаңашылдығын бұқара халықтың санасына, тұрмыс-тіршілігіне, жаңа ғасырдың мәдениет әлеміне енгізіп, халықтың сүйсіне көрер өнер түрі болуына ықпалы мол болды» дейді Н.Зоркая «Искусство кино» журналында. Бұл екі фирманың филиалдары Америка, Ресей, Ұлыбритания т.б. елдерде де болған. Ш.Патэнің Венсенде жеке киностудиясы, Жуанвильде пленканың көшірмесін шығаратын зауыты да болған. Аталмыш фирмалардың өзге ұйымдарға қарағанда тұрақты режиссер, оператор, актерлері және кинотехника тілін меңгерген қызметкерлері  болады. «Патэ фрерде» Ф.Зекка, Л.Ганье, Л.Нонге сынды режисерлер және М.Линдер, А.Дид, Р.Пренс сынды актерлер қызмет етсе, «Гомонда» А.Ги Блаше, Л.Фейад, В.Жассе есімді көркемдік жетекшілер мен Б.Онезим, Ж.Дюран сияқты өнерпаздар жұмыс атқарған. Сонымен қатар, олар «Патэ» және «Гомон-Жаңалықтар» деп аталатын киножурнал шығарумен де айналысқан. Бұл екі фирманың басты мақсаттары - халықтың назарын аударып, көңілінен шығатындай  фильм түсіру.

Ш.Патэ 1907 жылдан бастап өндірген фильмдерді сатпай, уақытша жалға бере бастайды. Осылайша, кинопрокаттың негізі қаланады. Кейіннен өзге де фирмалардың барлығы осы үрдісті жалғастырады. Шарль Патэ: «Мен киноны ойлап таппадым, оны әлемге таныттым», - дегенді жиі айтатын делінген Клод Бейлидің «Кино: фильмы, ставшие событиями» кітабында.

1908 жылдан бастап Францияда стационарлық кинозалдар салынып, киноның коммерциялық негізі нығая түседі. Жылдан жылға киноөндіріс артып, бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Франция кинофирмалары әлемдік кинонарықтың 90% қанағаттандырып отырған. Кино өндірісіне «Эклер», «Эклипс», «Люкс» студиялары да қосылады. Алайда, бірінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетуі, бүкіл Еуропа кинематографына үлкен дағдарыс күшін алып келеді. Фильмдерді өзге елдерге сатылымға шығару қиынға соғу салдарынан, Франция кинофирмалары қаржылық дағдарысқа душар болады. Есесіне, осы жылдар аралығында АҚШ киносы қарқынды дами түседі. Шетел өнімінен босаған Америка кинонарығының қаусырап қалғанын пайдаланған жекелеген киностудиялар, фильм өндіруді қарқынды түрде дамыта түседі. Сөйтіп, соғыс аяқталысымен әйгілі Һоллиудтың жұлдызды шақтары басталады.

Жаңа киноқұрылғылармен жабдықталған АҚШ киностудиялары Франция кинофирмаларымен бәсекеде әлде қалай алдыға жылжуда еді. Соның салдарынан, француз кинофирмалары фильм өндіруін тоқтатып, АҚШ-та өндірілген фильмдерді Франция аймағында сатылымға шығарумен шұғылдана бастайды.

Борис Криштулдың «Кинопродюсер» деген енбегіне сүйенетін болсақ, кинотарихшылардың айтуы бойынша Һоллиудта продюсер мамандығына деген кәсіби көзқарас 1910 жылдан бастап пайда болған. Сондықтан, әлем киносына кәсіби продюсерлердің келуін 1910 жылға жатқызады. Продюсер мамандығына арналған өзге де оқулықтарда да осы мәлімет беріледі. Бірақ, өкінішке орай, продюсер мамандығының алғашқы қадамы киноның туған отаны Францияда бастау алғаны жайлы мәліметтер олардың ешбірінде айтылмайды. Һоллиудта кәсіби продюсерлердің пайда болуына дейін, Францияның өзінде жоғарыда атап өткенімдей «Патэ фрер» мен «Гомон» фирмалары фильмдерді өндірумен және оны сатылымға шығарумен айналысады, яғни, олар да Һоллиудтың кейіннен пайда болған үлкен кинофирмалары («Юниверсал», «Парамаунт» т.б.) сынды жүйелі түрде жұмыс атқарған. «Патэ фрер» фирмасының қожайыны Патэ дүниежүзінде алғашқы болып, кинотеатрларға фильмді уақытша жалға беруді ойлап тапқан. Нақтылайтын болсақ, продюсердің негізгі мақсаты болып саналатын, өндірілген өнімнен максималды түрде пайда көрудің жолын тапқан. Ендеше, неліктен «Патэ фрер» мен «Гомон» фирмаларының иелері Шарль Патэ мен Леон Гомонды алғашқы кәсіби продюсерлер деп есептемеске? Сондықтан, продюсерлердің дүниежүзіндегі алғашқы толқыны Һоллиудта емес Францияда пайда болған дер едім.

«Көгілдір экран бетіндегі барлық өнімдерді екі категорияға бөлу керек. Біріншісі – мықты индустрия. Бұл - көрерменнің назарын аудару арқылы, олардан мүмкіндігінше көбірек қаржы жинау мақсатында өндірілетін кинематограф. Екіншісі – өнер, яғни кино тілі мен өнерін дамыту мақсатында түсірілетін кинематограф», - деп, кинорежиссер Вадим Абдрашитов айтып кеткендей, киноны индустрия, демек бизнестің бір түрі ретінде қарастыратын болсақ, Һоллиудты айналып өте алмаспыз. Себебі, Һоллиудтың тәуелсіз продюсерлері кино бизнесінің тиімді жүйесін құрастыра білді. 2001 жылдың қорытынды есебі бойынша, Һоллиудтың жылдық пайдасы 7,3 млд. долларға жеткен. Сонымен, Һоллиуд продюсерлерінің қалыптасу тарихына көз жүгіртейік.

XX ғасырдың алғашқы он жылдығы америка киногерлері үшін қауіпті де, ауыр жылдардың біріне айналды. Себебі, осы жылдар аралығында киноқұрылғылардың патент иегерлерінің бірігуі арқылы құрылған  «Моушн  пикчер пейтентс компани» тресі АҚШ аумағындағы барлық киноиндустрияны өз қол астына алу мақсатында, жаңадан құрылған жеке киностудияларға киноқұрылғылар мен пленканы қолдану үшін лицензия бермей отырған. Трест мүшелерінің қысымынан қорыққан киногерлер Нью-Йорк пен Чикагодан қашып, Колифорнияға орнығады. Сөйтіп, Лос-Анжелестің шетінде орналасқан Һоллиуд елді мекенінде өз киноорталықтарын ашады. Бұл жердің климаты кино түсірумен қатар, жеке бастың қауіпсіздігі үшін қолайлы болған. Осы жылдардан бастап тәуелсіз продюсер деген сөз қолданысқа енеді. Трест көмегінсіз түсірілген барлық фильмдер «тәуелсіз» деген атқа ие болған. Алғашқы киностудияны тәуелсіз «Нестор» фирмасы салады. Сөйтіп, жылдан жылға Һоллиудта жекеменшік тәуелсіз студиялар саны арта түседі. Солардың біріне әйгілі «Кистоун» кинокомпаниясы жатады. Кессель мен Баумен есімді кітап саудасымен айналысқан бизнесмендер кино саласына да қаржы бөлуді жөн көріп, 1912 жылдың жазында «Кистоун» компаниясын ашады. Компанияның жетекшісі етіп әйгілі режиссер Мак Сеннетті тағайындайды.

Алғашқы жылдары барлық студиялар тек қысқаметрлі фильмдерді шығарумен айналысқан. Себебі, қысқаметрлі фильмдерді түсіру қаржы жағынан продюсерлерге тиімді болса, кейіннен оларды сатылымға (прокат) шығару да қолайды болды. 1913 жылы Джесси Лески мен Сэм Голдуин есімді продюсерлер бірігіп, «Муж индианки» (The Squaw Man) пьесасын экрандайды. Фильмнің режиссері ретінде дебютант Сесиль Б.Де Миллді шақырады. «Муж индианки» Һоллиудта түсірілген алғашқы толықметрлі фильм болды. Фильм продюсерлеріне атақ пен пайда әкелсе, өзге продюсерлердің бойына толықметрлі фильм түсіруге деген сенімділікті ұялатады.

1919 жылдың 17-сәуірінде Чарли Чарлин, Мэри Пикфорд, Дуглас Фэрбенкс, Дэвид Гриффит бірлесіп, фильмдерді тек салтылымға шығарумен айналысатын «Юнайтед Артистс» компаниясын ашады. Кейіннен, «Юнайтед Артистс» өз саласындағы ірі компаниялардың біріне айналды.

1922 жылы Америкада продюсерлер гильдиясы құрылады. Осы жылдар аралығында Һоллиуд продюсерлерінің алғашқы толқыны қалыптасып болады. Олардың қатарына:

Карл Леммле – «Юниверсал» компаниясының негізін салушы. 1908 жылы құрған компаниясы, 1912 жылдан бастап  «Юниверсал» деген атқа ие болады.

Маркус Лоу – 1919 жылы «Метро» фирмасын сатып алады. 1924 жылдан бастап фирма «Метро-Голдуин-Майер» компаниясының бір бөліміне айналады.

Уильям Ходкинсон - «Парамаунт» компаниясының негізін салушы.

Джеси Лески – кино саласына 1911 жылы келіп, «Парамаунт» компаниясының жетекшілерінің біріне айналады.

Луис Майер – «Оскар» сыйлығының негізін салушы.

Уильям Фокс – «XX Ғасыр Фокс» компаниясының негізін салушылардың бірі.

Джозеф Кенниди, Дэвид Сарнофф, Джон Мэрдок – «РКО» (Radio-Keith-Orpheum) компаниясының негізін салушылар.

Беделді продюсерлер санатына ағайынды Николос пен Джозер Шенктер, Эдгар Селдвин, Сэм Кац, Эдвин Портер жатады.

Экономикада белгілі бір саланы бірнеше фирмалардың иемденіп алуын олигополия деп атайды. 1930 жылдың өзінде Һоллиудтың 8 ірі компаниясы АҚШ-тағы бүкіл киноөндірісінің 90% алып отырды. Олар: 


  1. Юниверсал – 1912ж.
  2. Парамаунт – 1914ж.
  3. Юнайтед Артистс – 1919ж.
  4. Метро-Голдуин-Майер – 1924ж. (Голдуин-1914ж., Метро-1915ж., Майер-1912ж.)
  5. XX Ғасыр Фокс – 1935ж. (Фокс – 1914ж.)
  6. Уорнер Бразерс – 1923ж.
  7. Коламбиа – 1924ж.
  8. РКО – 1928ж.

Бұл компаниялар тек пайда көруді көздегендіктен, кино саласы үлкен бизнес түріне айналды. Жарық көрген фильмдердің титрында міндетті түрде бірінші болып продюсер есімі жазылған. Мысалға, продюсер Дэвид Сэлзник «Унесенные ветром» фильмін ұсынады. Фильмнің режиссері, сценарий авторы, операторы т.б. топ мүшелері кішкене әріппен бір қатарға енгізілетін. Сол себепті, жылдың ең үздік фильмі ретінде «Оскар» сыйлығын әуел бастан-ақ тек продюсер иеленуге құқылы.

Жан-Люк Годар кинематографтың 100 жылдығына арнаған «Француз киносының тарихы» фильмінде француз бен америка киносының айырмашылығы: француз кинематографында алғашқы жылдардан бастап-ақ Луи Делюк, Жермен Дюлак сынды киносыншыларының болғандығын, яғни, кино мен кино сынының бірге дамығандығын тілге тиек етсе, америка киносында Эдисонның фильмдері тек коммерциялық көзқараста жасалғандығын айтады. Осы ретте, эстетик Пьер Банфидің: «Шынайы өнер, оны тұжырымдай алатын теория болғанда ғана дамиды» деген сөзі елеңсіз еске түседі. Годар ойының түп негізі - туынды мен сын қатар жүргенде ғана өнердің пайда болатындығында жатыр. Ал, Америкада өндіріс дамығанымен, сын болмаған. Өндіріс бар жерде, бірінші қатарда сын емес - жарнама жүретіндгі белгілі. Әрине, Годар Францияда да коммерциялық фильмдердің түсірілетіндігін  жасырмайды, бірақ олардың арасында таза кино өнерінен туындаған фильмдердің басым болғандығын қызыға әңгімелейді. Олай болса, Годар француз киносында «өнердің» «коммерцияға» қарағанда біршама жоғары тұрғандығын айтып отыр. Әрине, бұған біздің де күмәніміз жоқ. Бірақ, бүкіл америка кинематографын (бұл өзге де елдерге қатысты) – өнерсіз құр бизнестің бір түрі ретінде қарастыру дұрыс болмас. Өйткені, әр заттың ағы мен қарасындай, әрбір саланың да өз қыры мен сыры болатыны анық. Сондықтан, мен америка киносын «өнер» және «бизнес» деп екіге бөліп қарастыруды жөн көріп отырмын: Һоллиуд – бизнес, Нью-Йорк – өнер орталығы. Неліктен бұлай бөліп отырғанымды түсіндіріп өтейін.

Бүгінгі таңда, продюсерлердің көптеп шоғырланған ортасы Һоллиуд болып отыр. Әлемге әйгілі киножұлдыздар да, небір жаңа ойлап табылып жатқан фантастикалық сюжеттер де, рекордтық бюджеттер де осы - Һоллиудта. Бүкіл әлемдік коммерциялық киноөндіріс Һоллиуд мөлшерімен өлшенетін болды. Егер, автордың жеке қолтаңбасы, стилі айқындалатын туындыны нағыз өнер деп қарастыратын болсақ, Һоллиуд өндірісін бір ғана топқа жинастырып қояр едік. Себебі, онда шығарылған фильмдер өте сапалы, жоғары деңгейде жасалғанына қарамастан, барлығы бір-біріне ұқсас, біртектес болып келеді. Сол себепті, Һоллиудта режиссерді автор ретінде емес, заманауи техниканың тілін жақсы меңгерген жалдамалы шебер қатарына жатқызады. Ал, фильмнің иесі - продюсер болып есептеліп, продюсердің бекіткен нақты сценариі арқылы түсіріледі. Сөзіміздің дәлелі ретінде, американдық белгілі продюсер Майк Фитцжеральдтың «Караван» газетінің журналисіне берген сұхбатын мысалға келтірейін. М.Фитцжеральд, продюсер - кинопроцестің басты тұлғасы, оның өзге мамандықтарға қарағанда әлде қарай қызығырақ екендігін айта отырып: «Неліктен екендігін білесіздер ме? Өйткені, мен сценаристке үкім жүргізе аламын. Продюсер емес, сценарист болсам мен басқа адамға тәуелді болар едім. Мен болашақта жұмыс істейтін топтағы адамдарды өзім таңдап, өзім шақырамын. Фильмнің кез-келген кезеңінде жеке ойымды білдіріп, жұмыс процесіне араласа аламын, яғни менде толық еркіндік бар», - дейді. Сондықтан, режиссер фильмді түсіру барысында продюсердің рұқсатынсыз ешбір өзгеріс енгізе алмайды, бұл дегеніміз, режиссердің құзырында шығармашылық бостандықтың мүлде болмайтындығын білдіреді. Жүйе түрінде көрсететін болсақ, Һоллиуд өндірісі продюсер → режиссер  ретімен жұмыс атқарады.

Һоллиудта актер продюсер үшін жоба ұғымының негізін анықтаушы компоненттерінің бірі болып саналады. Фильмнің сәтті немесе сәтсіз шығуының 90%-ы актерлерге байланысты екенін Һоллиуд продюсерлерінің көпшілігі мойындайды. Оны Майкл Фитцжеральд «Начнем с понедельника» газетінде де айтып өткен. Өйткені, актер фильмді жарнамалауда басты рөлді атқарады. «Жобаның көркемдік ерекшеліктеріне қоса продюсер фильмге тым болмаса бұқара халыққа танымал бір актерді шақыруға мәжбүр. Себебі, танымал тұлға кейіннен фильмді сатылымға шығаруға, видеокассета, телевизия көрсетілімдерінде және шетелге сатуда жарнамада көп септігін тигізеді» - делінген А.Атанесянның «Краткая инструкция для начинающих продюсеров» кітабында. Ал, халық арасында сүйікті актерін экран бетінен көріп қалғысы келетіндердің саны жеткілікті. Сол себепті де, Һоллиуд фильмдері актер ойының шеберлігі тұрғысынан құрылады.

Нью-Йорк киносын «өнер» қатарына жатқызуымның себебі, осы аймақта өндірілетін фильмдердің көпшілік бөлігі режисер → продюсер жүйесімен түсіріледі. Продюсер басты идеяны тауып, режиссерді жалдағанымен оның туындыда авторлық интерпретация жасауына мүмкіндік береді. Олардың қатарына Хал Хартли, Джон Джостты жатқызуға болады. Джон Джост Нью-Йоркта арзан әрі тәуелсіз авторлық фильмдер түсіретін шебер режиссер әрі продюсерлердің біріне жатады. Д.Джост еуропа мәнерінде, әсіресе Годарға еліктейтіндігі фильмдерінен белгілі. Годарға арнаған «Годар-80» деген фильмі де бар. Мысалға, Д.Джосттың 1990 жылы жарық көрген «Вермеерлердің барлығы Нью-Йоркте» (All the Vermeers in New York) фильмі таза авторлық туынды. Егер, Джост бюджеті 100 000$ ғана құрайтын фильмдер түсіретінін ескеретін болсақ, аталмыш фильм ол үшін қымбатқа, яғни, 250 000$ түскен.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


  1. Атанесян А. «Краткая инструкция для начинающих кинопродюсеров»: Москва: УНЦ ДО, 2004.
  2. Абдрашитов В. «Кино, индустрия, искусство» Кинофорум, 2008, №1
  3. Бейли К. «Кино: фильмы ставшие событиями» - Санк-Петербург: академический проект, 1998.
  4. Паркинсон Д. «Кино» -  издательство «Росмэн», 1996. Москва.
  5. Криштул Б. «Кинопродюсер» - Москва: Российский фонд культуры, 2000.
  6. Иванов Г.П., Огурчиков П.К., Сидоренко В.И. «Основы продюсерства» - Москва: Юнити, 2003.
  7. Н.Зоркая «Шарль Пате и его и мперия» Искусство кино, 1995, 4
  8. Хажиев Т.Ы. «Нарық жағдайындағы продюсерлік киноның рөлі» Проект, 2008, №2
  9. KinoExpert.ru – Энциклопедия кино сайтының мәліметтері
  10. Фролова Т.А. «Экономическая теория» - Таганрог: ТТИ ЮФУ, 2009.
  11. Бондоренко Е.А. «Путешествие в мир кино» - Москва: Олма пресс Грант, 2003.
  12. Мукадас Н. «С нами кинопродюсер» Караван, 2005, №45
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет