Зейнет Тұрарбекқызы. Продюсерлердің түрлері мен міндеттері

Продюсер – білімді басшы сынды көреген, білікті менеджер сынды менеджментті игерген, адвокат сынды құқықты, банк қызметкері сынды финанстық менеджметті, сценарист сынды сценарий құрылымын, режиссер сынды режиссердің міндеттерін білетін, актер шеберлігі мен оператор сынды кадр құрылымынан сауаты бар, аз да болса техниканың тілін түсінетін, ал маңыздысы фильмнің көркемдік сапасы мен қаражатын қадағалай алатын үлкен талғамға ие тұлға.

Зейнет Тұрарбекқызы

кинотанушы



Кез-келген өнер туындысы оны қоршаған орта, әлеуметтік және экономикалық шарттардан тыс өмір сүре алмайды. Өмір ағымымен біте қайнасқан өнер ғана тарихпен ұштасатыны анық. «Кино да салт-дәстүр мен барлық өнер түрінің жинақталған, көптеген ғылыми зерттеулер нәтижесінде пайда болған технологияның өнімі» (Onaran, 1994:XI). Өзге өнер түрлеріне қарағанда кино экономикамен, технологиямен, әлеуметтік-қоғамдық құрылыммен тікелей байланыста. Пайда болған күннен жүз жыл ішінде әртүрлі географиялық орталар мен адамдарды табыстырған, фильм архивтері мен қоғамның физуалды есте сақтау жадын қалыптастырған, болашақтың жобаларымен бұқара халықты таныстырған өнер саласы (Erkılıç, 2009:47). Демек әрбір кинопродюсер заман ағымына сай бейімделе білуі тиіс.  Себебі продюсер білімді басшы сынды көреген, білікті менеджер сынды  менеджментті игерген, адвокат сынды құқықты, банк қызметкері сынды финанстық менеджметті, сценарист сынды сценарий құрылымын, режиссер сынды режиссердің міндеттерін білетін, актер шеберлігі мен оператор сынды кадр құрылымынан сауаты бар, аз да болса техниканың тілін түсінетін, ал маңыздысы фильмнің көркемдік сапасы мен қаражатын қадағалай алатын  үлкен талғамға ие тұлға. Сатылымда (прокат) ең көп қаражат жинаған (Box offıce) «Титаник» (1997ж) және «Аватар» (2009ж) фильмдерінің продюсері Джон Ландаудың пікірінше: «Киноөндірісіндегі ең үлкен мәселе – шығынды қадағалау. Өндірісте бәрін жүз пайыз кесіп, сенімді түрде айту мүмкін емес. Әр жаңа фильм – жаңа бизнес, бизнестің тек бастамасы, ол – үлкен мәселе» (Newsweek, N.Bajekal, 2016). Америка менеджмент саласының майталмандарының бірі Ицхака Адизесаның пікірінше жоғарыда аталған компоненттерді толық меңгерген басшыны кездестіру тіпті мүмкін емес. Ондай басшыларды тәрбиелеу де қате ұғым. Америка менеджментінің осал тұсы да осы дейді ол. Адисеза басшыны біліміне қарай төрт бопқа бөліп қарастырады:


  • өндіруші (P, producer);
  • әкімші (A, administrator);
  • кәсіпкер (E, entrepreneur);
  • интегратор (I, Integrator).

Бастапқы сөздерінің қосындысы PAEI аббревиатурасын құрайды. Автор бұл төрт компоненттердің бір менеджердің бойынша шоғырлануы, PAEI болуы мүмкін еместігін тілге тиек етеді. Оның пайымдауынша әрбір білікті басшы осы құрамдас бөліктердің тек біреуінде ғана мықты, яғни Paei немесе pAei, paEi, paeI болуы мүмкін. Бұл қалғандарын білмеу немесе оларға тіпті назар аудармау дегенге саймайды. Салыстырмалы түрде білім мен біліктілікте тек біреуінің ғана таразысы жоғары болатындығының көрсеткіші (И.Адизес, 2011:25-26). Бұл актер – продюсер, режиссер – продюсер, сценарист – продюсер, әнші – продюсер т.с.с. кинопродюсеріне айналған адамдардың алғашқы мамандықтарының шеберлігі басымырақ болатындығының дәлелі.

Философия ғылымдарының докторы А.Е.Зимбулин «Жаһандану тұрғысынан өнер: этикалық аспектілер» мақаласында: «Өнерге қатысы бар кез келген адам, ғылым тұрғысынан – парақорлықтан алыс, бір-бірінің және өзінің алдында шынайы, принципшіл болуы тиіс. Саясат тұрғысынан – тек өзінің отандастарына ғана емес, өзге де этностарды да құрметтеуі тиіс. Өзінің көркемдік талғамы мен қағидасы, ұстанымына саяси әдептілікпен қарауы керек. Құқық тұрғысынан – көркемдік және мәдени шығармашыл жаңалықтарымен халықты арандатып, заңға қайшы іс-әрекет жасамауы тиіс. Дін тұрғысынан – өзінің конфессионалдық және конфессионалдық емес құндылықтарын үндесе де, өзгелердікіне үлкен құрметпен қарауы тиіс. Міне, тек осы кезде ғана өнердің айналасы болашақта қанды қақтығыстардан алыстап, жақсылық, сұлулық, әділеттілік, бостандық, бақыт пен рухани шындықты іздейтін адамдардың арасындағы байланыс көпіріне айналады» (Сборник, 2016:19) дейді. Әрбір өнер адамы, әсіресе, продюсерлердің мән беретін шарттарының бірі. Продюсер – мамандарды бір ортаға шоғырландыру арқылы өзіне керекті туындыны жасай білетін басшы. «Басшы  – қоластындағы өзіне бағынышты, белгіленген шектеулі шарттарда барлық тапсырмаларды орындайтын  адамдардың қызметін қадағалап, бағыттап отыратын адам» (Удалев Ф.Е. 2013:142). Басшының ең басты міндеті қоластындағы қызметкерлердің күш-жігерін алға қойылған міндеттерді шешуге және сол міндеттерді барынша жақсы атқаруға қабілетті ұйым құруға бағыттау болып табылады.  «Основы менеджмента» кітәбінің авторларының пайымдауынша кез-келген басшы қызметкерлермен жұмыс барысында төмендегі талаптарға сай болуы тиіс:


  • қатал әрі талапшыл;
  • айналысатын ісіне деген жоғары жауапкершілік пен адалдық;
  • адамдармен қарым-қатынаста әділдік пен серіктестеріне деген сенімділік;
  • ойын тұжырымды әрі жинақтап жеткізе білу әрі өзгелерді сендіре алу;
  • қызметкерлерінің статусы мен қызмет бабына қарамай бәріне бірдей құрмет көрсету.

Басшының жеке қабілеттері:


  • туындаған мәселені шешу білу; 
  • мақсатқа жету жолындағы беріктік пен табандылық қасиеттерін қызметкерлеріне көрсете, таныта білу;
  • өзінің және өзгенің уақытын үнемдей білу;
  • тәуекелге бара білу;
  • кәсіпкерлік қабілет;
  • жоғарғы еңбекке қабілеттілік;
  • кәсіби интуиция;
  • жеке іс-әрекетін қадағалай білу;
  • ұйымдастырушылық қабілет;
  • жігерлік пен еріктік.

Сонымен қатар басшының ерекше қасиеттерінің бірі – қалыпты жағдайда (стандарная ситуация) қалыпсыз (нестандарные) шешімдер қабылдай білуі. Уақтылы әрі дұрыс қабылданған қалыпсыз шешімдер мақсатқа жету жолындағы үнемділік пен тиімділікті арттырады.

Профессор Г.Я.Гольдштейннің пікірінше жоғарыдағы айтылғандарға қоса басшы:


  • кез келген мәселені тек өзінің ұйымы құрғысынан ғана емес, әлемдік деңгейде сараптап, олардың сыртқы ортадағы мүмкіндіктері мен қолданысын зерделей білуі тиіс;
  • ұйым ішіндегі және сыртындағы жай-ахуалдарға сақтықпен қарау;
  • өзін және қызметкерлерді ынталандыра білу;
  • қызметтес болуға қабілет пен ықылас таныту;
  • нәтижені ұғына білу, жоспарларды жүйелі түрде жоспарлау және орындау.

Сонымен қатар кез-келген басшының басқару стилі болады. Менеджментте басқарудың үш стилі бар. Олар:


  • авторитарлық
  • ортақтасу
  • автономды

Авторитарлық стильде менеджер жеке дара шешім қабылдап, тапсырма береді. Қызметкерлер тек орындайды.

Ортақтасу стилінде менеджер шешім қабылдауда қызметкерлердің ойымен санасады. Бірақ ойын жинақтап, тұжырымдай келе соңғы шешуші шешімді өзі қабылдайды.

Автономды стильде менеджер көбіне екінші рөлде қалып қояды. Қызметкерлер көпшілік дауыспен шешімді өздері қабылдайды.

Аталған үш стильдің тек ортақтасу ғана продюсердің жұмысына тән. Кинопродюсер шығармашыл ұжымда қызмет ететіндіктен, жұмысы өзге өнер салаларымен өте тығыз байланысты болғандықтан, И.Адизес айтпақшы барлығын толықтай білу, меңгеру мүмкін емес. Сондықтан ол жасақтаған (білімі мен тәжірибесіне сүйене) топ мүшелерімен ақылдаса келе, өзі дұрыс санаған шешімді қабылдайды.  


Өндіріс – бұл жиынтық ресурстарының құрамы анықталып, өнімге айналдыруға бағытталған, капитал мен инвестицияны керек ететін кез-келген процесс. Фильм өндірісінде идеяның пайда болуынан оның көрерменге жетуіне дейінгі арасындағы уақытты, мәдениет (капитал. авт.еск.) пен экономиканың (инвестиция. авт.еск.) құндылықтарынан тұтасқан шынжыр ретінде суреттей аламыз (TÖRE, 2010:13). Фильм өндірісінде бұл шынжырдың (уақыттың) бес кезеңнен тұратындығын айта кеткен Эврим Озкан Төре, сол кезеңдердегі продюсердің міндеттерін төмендегідей түсіндіреді.  

1. Қаржыландыру кезеңі (Finans): Қаржыландыру кезеңі жобаны жүзеге асыру үшін қаншалықты қаражат жұмсалатындығын анықтап, сол қаражатты табу мақсатында «қаржылық жоспар» дайындаудан басталады. Қаржылық жоспар жобаның күрделілігіне қарай әртүрлі болады. Коммерциялық фильм мен авторлық фильмнің жоспарларының моделі екі түрлі. Бұдан бөлек жоба ортақ өнім бола ма, яғни өзге елдерден продюсерлер керек пе, жоқ па? Фильмнің түсірілімі қанша  уақытқа созылуы мүмкін? сынды сұрақтар бұл кезеңнің маңызды сұрақтарының бірі. Жоспар дайындалып болғаннан кейін продюсердің міндеті көрсетілген қаражатты жинақтау болып табылады (мәдени ұйымдарға жобаны ұсыну, өзге де продюсерлермен жолығу т.с.с.). Негізі фильмнің ең қиын әрі ауыр кезеңі осы қаржыландыру кезені болып есептелінеді. Себебі дәл осы кезеңде жобаны жинақталған қаражатқа байланысты икемдеу басталады (сценариді қысқарту. авт.еск.). Егер жобаға бөлінген уақыт шектеулі болса және жетпеген қаражатты жинақтау үшін қаржыландыру кезеңіне бөлінген уақытты созуға мүмкіндік болмаса (продюсердің жеке капиталы болмаған жағдайда. авт.еск.)  жоба бастапқы түр-сипатынан әлде қалай өзгеруі мүмкін. (Кейбір жағдайларда продюсер өзінің жеке капиталын қоспай-ақ, жобаға керекті қаражатты жекелеген ұйымдардан жинақтап фильмге продюсерлік етуі мүмкін. авт.еск.)

2. Дайындық кезеңің (Pre-produktion) екіге бөліп қарастыруға болады:

A. Жоба таңдау (жеке капиталы бар ірі кинокомпаниялар үшін. авт.еск.);

B. Жобаны дамыту.

A – Жоба таңдау:  Продюсердің қаржыландырғысы келетін жобаны таңдау процессі. Мұндайда продюсер жеке өзінің мақсат-мүддесіне сүйене келе таңдау жасайды. Коммерциялық табысты әлде авторлық туынды ма? Жоқ әлде болашағынан зор үміт күттіретін режиссермен бірнеше жобаға келісім шартқа тұрып барып жоба таңдай ма? т.с.с. Таңдау өзіне келіп жеткен сценарилер арасынан да болуы мүмкін. Болмаса өзінің ойында жүрген оқиғаны бір сценаристке жаздырып барып жобаны жүзеге асыруы мүмкін. Бұл кезеңде продюсер кинонарығында бұрын соңды түсірілген, түсіріліп жатқан, түсірілгелі жатқан фильмдерді ескере келе таңдау жасауы тиіс.  

B – Жобаны дамыту: Таңдап алынған жобаны (ол сценарий, әлде тек синопопсис болуы әбден мүмкін) сценарист, режиссер, идея авторымен (болған жағдайда. авт.еск.) біріге отырып талдау. Егер де тарихи жоба болса продюсер бұл кезеңде сценариді (сипонсис) тарихшыларға көрсетіп, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, өзге де түсірілім тобының мүшелерімен (бас оператор, суретші т.с.с.) ақылдаса келе, әдеби сценаридің соңғы нұсқасын қабылдап алады. 

Сонымен қатар, осы кезеңде продюсер түсірілім тобын жасақтауды толық аяқтайды.  Актерлерді бекітеді және олардың әрбірімен келісім шартқа отырады (авт.еск.)

3. Түсірілім кезеңі (Produktion): Бұл кезеңде продюсер жұмыстың белгіленген жоспар мен бюджетке сай атқарылып(атқарылмай) жатқандығын қадағалап, түсірілген материалдарды көріп, өз пікірі мен ескертпелерін режиссерге айтып отырады. Сонымен қатар, білікті продюсер осы кезеңде болашақта дайын өнімнің (фильм, сериал) жарнамасын жасап, әлемдік сатылым(прокат) мен телеарналарға шығаратын студиямен келісімшарт жасасады. (Егер режиссер өнімнің сатылымымен өзі айналысатын болса, жоғарыда аталған жұмыстарды атқаруға кіріседі. авт.еск.).

4. Өңдеу кезеңі (Post-produktion):  Бұл кезеңде продюсер монтаждалып, дыбысталып, өңделген дайын фильмді қабылдап алады. Егер дайын өнім продюсердің көңілінен шықпаса режиссер фильмді қайта монтаждап, қажет болған жағдайда (продюсердің қалауымен) кейбір эпизодтарды қайта түсіруі әбден мүмкін. Сонымен қатар осы кезеңде продюсер фильмнің алғаш жабық көрсетілімін жасап, көрермендердің фильмді қалай қабылдағанын, пікірлері мен ойларын білуге тырысады. Сонымен қатар, фильмнің трейлерін шығарады.

5. Дистрибуция кезеңі (Distribution): Бұл кезеңде продюсер фильмнің алғашқы көрсетілімі қай мемлекетте, қай күні, қай жерде (мекен) болатындығына, қандай фестивальдерде қатысатындығы, қандай кинотеатрлар мен телеарналарда көрсетілетіндігі т.с.с. шешімдер қабылдап, екінші тараппен келісімшарттар жасасады. Барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып фильмнің жарнамасын жасайды.

Продюсер тек бас менеджер ғана емес, сонымен қатар, өндіріс жүйесі мен нарық сұранысын зерттей білетін маман иесі. Фильмнің  идеясын, сценариін, режиссерін, басты рөлдерді сомдайтын актерлерді, бюджетті бекітетін продюсер. Т.Хаджиевтің айтуынша продюсердің  лауазымдық  міндеттері төмендегілерден құралады:

 
  • продюсер киножобаның көркемдік сапасы мен экономикалық көрсеткіштеріне  бірінші  сараптап, баға  береді;
  • продюсер көрермен талғамы үшін әлеуметтік зерттеу мен аудиовизуалдық нарықтың сұранысын анықтайды, аудиторияның тақырыптық  және жанрлық  қажеттерін зерттейді;
  • продюсер фильмнің шығармашылық тұжырымын, өндірістің тиімді практикасын  және  сатылымның (прокаттың) стратегиясын анықтайды;
  • продюсер жобаның орындалу жолдарын іздейді, оның ішінде фильмге бөлінетін барлық қаржыны қадағалайды;
  • продюсер авторға сценариді жазуды тапсырады немесе дайын сценариді сатып алады;
  • продюсер қоюшы-режиссер,  оператор,  суретші, композитор және т.б. өнер иелері мен атқарушы продюсер, бухгалтер, басқа да администрациялық  топқа мамандарды  алады, фильмнің өндірісі мен қаржысына жауап береді;
  • продюсер фильм өндірісінің кез-келген уақытында оны сату үшін дистрибутормен  келісім-шартқа  тұрады. Кейде продюсер өзі фильм прокатымен айналысуы да мүмкін;
  • продюсер әдеби және режиссерлік сценарий негізінде қойылым жобасын бекітеді;
  • продюсер жобаны білікті мамандармен қамтамасыз етіп, еңбектің ыңғайлы да қауіпсіз жағдайын құрайды;
  • продюсер барлық шығармашылық және өндірістік мәселелерді шешеді;
  • продюсер фильм өндірісі мен прокат кезінде авторлық құқықтың орындалуын қамтамасыз етеді;
  • продюсер фильмді ойдағыдай шығару үшін бекітілген қаражаттан аспай киноөндірісті қалай ұйымдастыру керек және шығармашылық мәселелерді қалай үйлестіру керек деген сұрақтарды шешуге қатысады.

Міне, осы мәселелерді әлемдік киноөндірісінде негізгі тұлға болған – продюсер ғана шеше алады.

Продюсер жұмысының басқа қызмет түрлерінен ерекшелігі – мұнда шығармашылық та, кәсіпкерлік те бір-бірімен ұштасады. Себебі, продюсер кинонарықтың болашағын, көрермендер сұранысын үздіксіз зерттеп отыратын, өндіріс саласын жетік меңгерген, жасалған өнімнен толық пайда көре білетін менеджер. Сондықтан ол міндетті түрде тауарды (кино, анимациялық фильмдер, музыкалық жоба т.с.с) нарықта қандай бағамен, кімге  сатуы керектігін  анық білуі және оны алдын-ала жоспарлауы тиіс. Өз тауарын сатып және одан белгілі бір пайда түсіру жолында продюсер еркін нарықтық экономика жағдайында барлық бизнесте кездесетіндей, өзгелермен экономикалық жарысқа, бәсекеге түседі. Жалпылағанда, продюсер кез-келген тәсілдермен фильмді алдыға жылжыту мен оның экрандық өмірін қамтамасыз етуі керек. Ол өзінің бар қайрат-жігерін көздеген нысанасына жету үшін жұмсап қана қоймай, тәуекелге бара алатын кәсіпкер. Продюсердің білуге міндетті қағидаларының тізіміне мыналар да кіреді: монтаж өнерін танып-білу, белгілі бір фактілер мен тарихи мәліметтерге тікелей жауап беру, қосалқы нарықты бағалай білу.

Бүгінде көрерменді таңқалдыру және кинотеатрларға тарту үшін киноөндірушілер техниканың жаңа үлгілерін, технологияның жетістіктерін пайдалануға асық. «Титаник», «Аватар» фильмдері осының дәлелі. Екі фильмде де халық экраннан компьютерлік графика мен визуалды мүмкіндіктерден тоғысқан киноөндірісіндегі жаңашылдықты көрді. Бұл өз кезегінде фильмдердің сатылымдағы қаражатына оң әсерін тигізбей қоймады.  «Box office Mojo» сайтының мәліметіне сәйкес «Титаник» фильмінің бюджеті 200 млн американ долларын құраған, ал сатылымдағы (прокат) жинаған қаражаты (box office) 2.187 млрд доллар болған екен. «Аватар» фильмінің бюджеті 237 млн.доллар болса, жинаған қаражаты 2.788 млдр долларды құрапты. Кинодағы техниканың рөлі жайында чехтің кинотанушысы Карел Тейге «Киноның эстетикасы және кинографиясы» мақаласында жақсы атап өтеді: «Киноның өнертапқыштық (изобретательная) поэтикалық әсерлілігі - әрине, оның техникалық жетістігінен, фото өнері мен проекцияның жаңашылдықтарынан құралғандықтан (түрлі түсті кино, дыбысты фильм), оны дәйексіз эстетикалық алып-сатарлықтан тікелей жаңа эстетикалық танымға алып келеді... Киноның өткінші өнердікіндей (искус­ства прошлого) қиын-қыстау кезеңдері мен түрленуі, даму лабиринттері жоқ. Оның даму жолы техниканың дамып, қарыштауымен тікелей байланысты» (К.Тейге, 2005:311)

Р.Арнхейм болса технологияның дамуының өнерге емес, сауда-cаттыққа (коммерция) берері көп болатындығын 1930 жылдардың өзінде-ақ айтып кеткен. Киноөндіруші – фильм – көрермен тізбегі жайлы ойларында, продюсерлер мен фильм сатушыларының қаржылық қызығушылығының алдыңғы сатыда тұратындығын, сондықтан олар сенсация жасау арқылы халықтан ақша өндіру мақсатында технологияның түбегейлі өзгерістерін асыға күтеді: «Әрбір жаңа сенсация  кинотеатрлардағы лық толы зал. Киноөндірушілердің техниканың дамуына деген қызығушылығын міне осымен түсіндіруге болады» (Аrnheim, 2002:65).

Киноөндірісінің қарқынды дамуының нәтижесінде жылдан жылға киноөнімге деген талаптардың ұлғайып,  бөлінетін  қаражат санының да артқандығынан жалғыз продюсерге  бірнеше топтан құралған киномамандарын басқару қиынға түседі. Сөйтіп продюсерлердің бірнеше түрі пайда болады.  «Үлкен қаражатты ірі жобаларда жалғыз продюсер барлық міндеттерді атқаруда физикалық тұрғыда үлгермейтін болғандықтан, бір жобада нақты өзіне жүктелген өндіріске жауапты продюсерлердің бірнеше түрі пайда болды. Өндірістен бөлек түсірілім алаңында қосымша іспен айналысатын болғандықтан бұл продюсерлердің түрін  «қосалқы продюсерлер» деп атаған жөн», – дейді «Основы продюсерство» кітәбінің авторлары. Қосалқы продюсерлер жобадағы негізгі міндеттерді атқаратын адамдар. Авторлар олардың атқарушы продюсер, құрастырушы продюсер,  серіктес  продюсер, жауапты продюсер, көркемдік продюсерді жатқызады.

Атқарушы (executive)  продюсер  фильмнің көркемдік идеясы мен қаражатына жауапты компания атынан тағайындалатын, мекеменің білікті әрі сенімді  адамы. Атқарушы продюсер фильмдегі бас продюсерден кейінгі тұлға. Жобаның ауқымдылығына қарай фильмдегі атқарушы продюсердің саны бірнешеу болуы мүмкін. Мысалға Джеймс Кэмеронның «Титаник» (1997ж.) фильміндегі атқарушы продюсерлерінің саны алтау болса, «Аватар» (2009ж.) фильмінде біреу болған.

Құрастырушы (creative) продюсер деп көбіне ірі кинокомпанияларға фильмнің сценариін немесе тың идея ұсынатын, сценарий (идея) қабылданған жағдайда өзіне түсірілім тобын жасақтап, өндірістің дамуына мүмкіндік жасап, қадағалау жүргізетін адам.

Көмекші (associate) продюсер  деп фильмде тек белгілі бір алаңда бас продюсерге көмекші бола алатын тұлғаны атайды. Мысалға бас продюсердің заң саласында білімі жектіліксіз болса, ол осы саланың өнердегі маманына, яғни көмекші продюсерге жүгінеді. Көмекші продюсер өз кезегінде өндіріс жүйесін заңға сай орындалуын қағалайды. Осы сынды тәжірибелі сценарист немесе білікті экономист т.с.с. көмекші продюсер бола алады.

Жауапты (line)  продюсер жобаның ең маңызды немесе фильмнің әлде бір себептермен түсірілмей қалған бөлімдеріне жауап беретін адам. Кейде жауапты продюсер фильмнің тек қаражатына жауапты болады. Фильмнің қаражаты аз болғанда, мүмкіндігінше қолда барды жеткізу мақсатында фильмнің қаржылық шығынын бақылауды осы продюсер атқарады.

Көркемдік (art)  продюсер  –  бұл көбіне жобада кеңесші қызметін атқаратын адам. Фильмнің тілін өте жақсы меңгерген, кейбір жағдайларда  жобаның қоюшы режиссерінен де тәжірибелі, продюсерге де өзге де түсірілім тобының қызметкерлеріне кеңес бере алатын жан. Көпшілік жағдайда көркемдік продюсер сценаридің сапасына жауапты болады.

Көркемдік продюсердің көмегіне көбіне тарихи жобаларда және белгілі бір мамандық фильм түсіруге негіз болғанда қызмет көрсетеді. Соным қатар, бұл тізімге VFX продюсері мен Ортақ продюсерін қосуға болады.

VFX продюсер немесе VFX супервайзер фильмнің физуалды эффектілерін жасайтын адам. Негізгі жұмысын жобаның өңдеу (post-production) кезеңінде атқарады. Бірақ «Asymmetric VFX» визуалды эффектілер студиясының директоры Виктор Лакисовтың айтуы бойынша VFX  супервайзердің жұмысы фильмнің дайындық кезеңінен басталып өңдеу кезеңінде аяқталады. VFX продюсерінің тек фильмді өңдеу кезінде іске кірісуі продюсерлер үшін әлде қалай қымбатқа және VFX супервайзерінің жұмысын қиындататынын «Российский кинорынок» сайтына берген сұхбатында айтып өтеді.

Ортақ продюсер (Co-Producer): Фильм екі мемлекеттің ортақ жобасы болғанында, екі елден де жобаға қаражат жинақталғанда ортақ продюсер пайда болады. Егер ортақ продюсер басынан-ақ жобаға ортақ болса  қаражаттан бөлек (екі жақтың келісім шартына байланысты) фильмдегі басты рөлдердің бірін сол мемелекеттің актерлері сомдауын талап етуі мүмкін. Кейде қаражаттың жеткіліксіздігінен тоқтап қалған жобаға қаражат қосқан адам да ортақ продюсер атанады.

Жобаның қиындығына қарай фильмде әрбір қосалқы продюсердің саны әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ, шетелде тәжірибе жинақтаған кинорежиссер Рашид Нұғмановтың айтуы бойынша, Америка продюсерлер гилдиясының бекіткен заңына сәйкес бір жобада бас продюссерлердің саны үштен аспауы тиіс.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


  1. Адизес И. К., «Развитие лидеров»,  Москва, ISBN 978-5-9614-2043-2, 2011.
  2. Аrnheim R., «Sanat olarak sinema», Ankara,  2002.
  3. Box office Mojohttp://www.boxofficemojo.com/movies/?id=titanic.htm   http://www.boxofficemojo.com/movies/?id=avatar.htm
  4. Гольдштейннің Г.Я., «Основы менеджмента», Таганрог: Изд-во ТРТУ, 2003.
  5. Erkılıç D., «Sinema ve Toplumsal Etkileşim: Teknoloji, Sanat ve Seyir», Sanatlar ve Toplumsal Etkileşim. Ed. Çakır Aydın, Mukadder. İstanbul: 2009, E, Y.
  6. Onaran, Oğuz., «Sinemada Müzik Kullanımı ve Bir Örnek:uzak», Görüntünün Müziği Müziğin Görüntüsü. Ed. Pekman, Cem. İstanbul: Pan, 2004. Y.
  7. Удалов Ф.У., Алехина О.Ф., Гапонова О.С., «Основы менеджмента», Нижний Новгород, 2013.
  8. Иванов Г.П., Огурчиков П.К., Сидоренко В.И., «Основы продюсерства», Москва: Юнити, 2003.
  9. Хажиев Т.Ы., «Нарық жағдайындағы продюсерлік киноның рөлі» Проект, 2008, №2.
  10. Сборник,  «Современное искусство в контексте глобализации», Санкт-Петербург, 2016.
  11. Töre Е.Ö.,  «Sektörel Araştırma Raporu»,  İstanbul, 2010.
  12. Тейге К., «Эстетика кино и кинография»,  Киноведческие записки, 2005. № 71. С. 311.
  13. Newsweek, N.Bajekal «Jon Landau:  People will never stop going to the movies» 10/4/16 http://www.newsweek.com/jon-landau-movies-titanic-avatar-one-young-world-506137
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет