Гүлжан Наурызбекова. Швеция киносы

«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері. 13-лекция. Швеция киносы

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


Швеция киносының қалыптасу жылдары

Швеция киносындағы алғашқы сюжеттерді түсірген шетелдік кинооператорлар болды. Тек 1898 жылы ғана швед операторы Э.Флориан алғашқы хроникасын түсірді. 1907 жылы құрылған «Свенска биу» фирмасы Швециядағы енді қалыптасып келе жатқан кино өндірісін  бір жүйеге келтіруге мүмкіндік алады. 1909 жылдан фирманың  бас директоры және жетекші режиссеры болып К.Магнус тағайындалады. Бұл жылдардағы экранға шыққан фильмдердің басым көпшілігі әдеби шығармадан экрандалған фильмдер («Вермландцы»-1909, «Свадьба в Ульфосе»-1910, «Регина фон Эммериц»-1910, «Галоши счастья»-1912)болды.  1911 жылы тағы 4 кинофирма құрылады. Әлем киносының дамуына  ықпалы болған атақты «Швеция киносының  классикалық мектебі» дәл осы жылдары өріс алды. Бұл мектептің әлемдік деңгейге жетуіне себепкер болған  режиссерлар В.Шестрём, М.Стиллер, Ю.Йенсен өз фильмдері арқылы экранға жаңа кейіпкер әкелді. 1917 жылға дейінгі аралықта бір ғана В.Шестрём 32 фильм түсіреді. Оның 1916 жылы Г.Ибсеннің әдеби шығармасы желісімен түсірілген «Терье Виген» фильмі шын мәнінде «швед киносының классикалық мектебінің» негізі болды. В.Шестрём фильмдері арқылы экранға шаруа, балықшы, қарапайым қала тұрғыны  сияқты күнделікті ауыр тұрмыстан әбден қажыған шарасыздықтың  қыспағындағы тосын кейіпкерлер экранға келді. Әлеуметтік теңсіздік, қоғамдағы қақтығыстар жеке адам өміріне қалай әсер ететіндігі аса терең зерттелді. Бұл жылдары Швеция киносындағы экранға шыққан фильмдердің басым көпшілігі әдебиеттен, әсіресе, скандинавия неоромантик жазушыларының шығармаларынан экрандалған фильмдер (режиссер Виктор Шестрёмның фильмдері: «Горный Эйвинд и его жена»-1917, «Девушка с болотного Хутора»-1917, «Сыновья Ингмара»-1918, «Карин, дочь Ингмара»-1919, «Возница»-1920) болды.  Осы жылдары шығармашылық ізденісте болған режиссер Морица Стиллердің фильмдерінде ритмге, кадр композициясының бейнелік шешіміне баса көңіл бөлінеді («Песнь о багрово-красном цветке»-1918, «Юхан»-1920, «Деньги господина Арне»-1919).  Швеция киносының классикалық мектебінің аясында әлем киносына Л.Хансон, Т.Хаммарен, Й.Экман, И.Нильсон, Г.Гарбо, К.Муландер сынды экран жұлдыздары танымал болды. Швеция киносындағы режиссура мектебінің көркемдік эстетика ерекшелігі, әсіресе, режиссер Ю.Брюниустың («Сюннове Сульбакен»-1919, «Тора ван Декен»-1919, «Сильная воля»-1923) фильмдерінде терең ашылды. Тұтас алғанда 1914-1920 аралығы Швеция киносының тарихында өрлеу кезеңі ретінде бағаланып «Алтын ғасыр» деп айдарланды. Киноға дыбыстың келуімен режиссер В.Шестремнің «Маркурелла из Вадчепинга» (1930) алғашқы дыбысты фильмі экранға  шығады. Жалпы алғанда, отызыншы жылдар тұсындағы Швеция киносының көркемдік деңгейі өте төмен болды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында  Швеция кино өндірісінің қарқыны аз да болса көтеріле бастайды. Бұл жылдары экранға көптеп шығып жатқан фильмдердің басым көпшілігі, әрине, мелодрама, жеңіл сюжеттегі фильмдер болғанымен де, солардың арасында қоғамдық өзгерістер салдарының адам өміріне әсері тақырыбындағы немесе антифашистік, партизан қозғалысы тақырыбындағы күрделі фильмдер де шығарыла бастады: «Опасные пути» (1941, реж.А.Хенриксон), «Первая дивизия»(1941, реж.Экман), «Ваше превосходительство»(1943, реж.Экман), «Возгорится пламя»(1943, реж.Г.Муландер), «Живи опасно»(1944, реж.Г.Муландер). 1944 жылы экранға шыққан Шебергтың «Травля» фильміне сценарий жазған Ингрма Бергман. Бұл фильм  Швеция әдебиеті мен өнерінде орын алған буржуазиялық идеалдардың  тұжырымдарына қарсылық білдірген шығармашылық топтардың жас өкілдері қозғалысымен келген «фюртиотализм» ағымының манифесі ретінде бағаланды. «Фюртиотализм» ағымының көркемдік-идеялық принциптері И.Бергманның  шығармашылығының бірінші кезеңінде маңызды орын алды («Кризис»-1946, «Дождь над нашей любовью»-1946, «Корабль идет в Индию»-1947, «Музыка в темноте»-1948, «Жажда»-1949 т.б).  40-жылдар тұсындағы комедиялық фильмдер деңгейі аса жоғары бола қоймады дегенмен де, олардың ішінде сатиралық фарс жанрында бірқатар үздік туындылар пайда болды («Актер»-1943, «Деньги»1945, «Воздушный шарик»-1946, «Солдат Бом»-1948). Бұл аталып отырған фильмдердегі бас рольдерді сомдаған актер  Н.Поппе  өзінің экрандық кейіпкерлері арқылы Ч.Чаплиннің экранға әкелген мәңгілік «кішкентай адам» бейнесін жалғастырушысы болды.

 

Ингмар Бергман

Ингмар Бергман шығармашылығы

Ингмар Бергман (14.07.1918) шығармашылық жолын театр режиссеры ретінде бастайды. У.Шекспирдың, Г.Ибсеннің А.Стринбергтың, А.Чеховтың шығармалары бойынша  сахна қойылымдарын  жүзеге асырды. Кино саласында 1944 жылдан. Осы жылы И.Бергманның  сценарийі бойынша алғашқы  фильм («Травля», реж.А.Шеберг)  экранға шықты. Фильмнің басты тақырыбы – антифашизм. Кинорежиссер ретінде И.Бергман алғашқы көркем фильмін («Кризис») 1946 жылы экранға шығарды. Елуінші жылдарға дейінгі аралықта экранға шыққан И.Бергманның фильмдерінің басым көпшілігі әдеби шығармалар желісінде түсірілген фильмдер болды («Дождь над нашей любовью»-1946, О.Бротеннің шығармасы бойынша; «Корабль идет в Индию»-1947, М.Седерйельм шығармасының желісімен; «Портовый город»-1948, О.Ленсберг шығармасы желісімен). Осы аталып отырған және тағы басқа да фильмдердегі көтерілетін басты тақырып – қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік құрбандары болған – жалғызбасты адамдар, олардың аз да болса бақытты өмірге деген талпынысы. Елуінші жылдар тұсындағы И.Бергманның  шығармашылығы жаңа сатыға көтерілді деп айтуға әбден болады. Бұдан былайғы фильмдерінің барлығына дерлік сценарийді И.Бергман бір өзі жазатын болды. Фильмдерінің басым көпшілігінде көтерілетін тақырыптар - өмір мәні деген ұғымның философиялық  негізі, құдайшылық, дінге сену мен дінді мойындамаудың қарама-қайшылық қақтығысы. Аса  ширықтырылған конфликт желісі тақырыпты психологиялық  себеп тұрғысынан тереңдетуге мүмкіндік береді. Бас кейіпкерлерінің жүрек түкпіріндегі аласапыранды ашып көрсетуде  табиғат көріністерін салыстырмалы түрде жиі пайдаланады («Летняя игра»-1951; «Лето с Моникой»-1952; «Вечер шутов»-1953). 1955 жылы экранға шыққан «Улыбки летней ночи» фильмінде суреттеу тілінің тағы бір жаңа формасын пайдаланады, мысалы,  адамдар арасындағы қарым-қатынастың аяқ асты өзгеруі мүмкін жағдайларды комедия түрінде беруге тырысады. Режиссердың «Седьмая печать» (1957, «Канн» фестивалінің жүлдесі) фильмінде өріс алатын ортағасырлық оқиға төңірегінде бас кейіпкерлердің (рыцарь және өлім арасындағы қақтығыс) арасындағы қақтығыс салыстырмалы-шартты түрде беріледі. 1957 жылы экранға шыққан И.Бергманның «Земляничная поляна» фильміндегі сюжеттік таралым адам өмірінің артта қалған өткелдеріне «сапар шегу» формасында сипатталады: қарт профессор өмірінің соңғы сәттерінде өткен өмірін саралап, балалық шағын, жастық өмірін еске түсіру барысында қаншама уақыты мәнсіз ғұмырмен өткендігін байқайды. У.Исаксонның «Добрые достойные» романының желісімен түсірілген «У истоков жизни» (1958, «Канн» фестивалінің жүлдесі) фильмінде өмір деген түсінік қаншалықты қайшылықтарға толы болса да, ең құнды қазына ретінде сипатталады, ал, әйел – сол өмірдің бастауы. И.Бергманның фильмдеріндегі рухани құндылықтар философиясын көрерменге тасымалдаушы кейіпкерлер кейпінде көп жағдайда дала кезіп ашық аспан астында ойын қоятын актерлар, цирк мамандары, фокусниктер болады. Олар буржуа өкілдерімен, полиция өкілдерімен  конфликтке түседі («Лицо»-1958).  Жан қиналысының құрсауындағы кейіпкерлерді алдыңғы планға шығарған  режиссердың «Источник» (1960) фильмі халық ауыз әдебиетінің желісімен түсірілді және ол  Америка киноакадемиясының «Оскар» жүлдесін иеленді. Алпысыншы жылдар тұсында экранға келген фильмдерінде режиссер кейіпкердің өз ішіндегі тартыс сипатын аса ширықтыра түседі. Ендігі жердегі кейіпкерлері қоршаған ортадағы  қатыгездік салдрынын  мүлдем тұнышығып қалғандай әсерде болады. Режиссердың «Как в зеркале» (1961), «Причастие» (немесе «Зимний свет») – 1963, «Молчание» (1963, «Оскар» жүлдесі) фильмдері тақырыптық жақындық тұрғысынан алғанда трилогия үндестігінде түсірілген шығармалар болып есептеледі. Бұл аталып отырған фильмдердегі кейіпкерлердің барлығына ортақ сипат – олар өмірдің қиындығын, оның күрделілігінен қиналғандықтан естерінен ауысады немесе өмірмен қоштасады. 1966 жылы экранға шыққан режиссердың «Персона» фильмі де осы тақырып төңірегінде. Мұндағы кейіпкер жалғыздықтан әбден қалжыраған бақытсыз жан. Бергманның фильмдерінде кейіпкерлер өмір сүретін орта шындық өмір мен санасы ауру адамның (есуас) адамның ойындағы нәтиже болып табылатын шартты орта (химера) арасындағы сипаттан пайда болған жаңа орта («Час волка»-1968).

"Det sjunde inseglet" (1957)

Алпысыншы жылдарда кино саласына жаңа көзқарастағы  жас режиссерлар келе бастайды. Олардың шығармашылықтарымен "швед киносының жаңа толқыны" пайда болады.  Көркем киноның суреттеу тәсілдеріне деректі кино тәсілдерін (репортаж, табиғи ортадағы көріністер) енгізу арқылы өмір қайшылықтарының ащы шындығын айқын көрсетуге тырысқан бұл режиссерлардың фильмдері  субъективті-психологиялық жанрды қалыптастырған алдыңғы буын режиссерлардың (әсіресе, И.Бергманның) шығармашылық бағытына деген  өзіндік қарсылықтары еді. Көп жағдайда "жаңа швед киносының" фильмдері сұрықсыз тақырып таяздығына ұрынып қалып жатты. Дегенмен де, жаңа кезеңдегі швед киносының көрнекті деген өкілдері де (Видерберг, И. Доннер, В. Шеман)  өздерінің жаңа бағыттағы ізденістерімен танылды. Мысалы,  И.Доннер "Любить" (1964) атты фильмінде Бергман фильмдерінде қалыптасқан махаббатқа деген жеккөрініш сезіміне жалғыздықтан адамды құтқаратын осы махаббат сезімі идеясын қарсы қояды. Режиссер В. Шеман әлеуметтік өмір көрінісін адам табиғатының биологиялық бастамасы тереңдігінен іздейді ("Моя сестра, моя любовь" (1966); "Я любопытна: желтый" және "Я любопытна: синий"; "Пригоршни любви" (1974), "Линус" (1979).  Б.Видерберг фильмдерінде бастапқы кезде көрініс алған шағын көлемдегі әлеуметтік мәселелер (Детская коляска" (1962), "Привет, Роланд!" (1966)), бірте-бірте қоғамдық көлемді саяси-әлеуметтік проблемаларға ұласады ("Адален 31", "Джо Хилл").

Жетпісінші жылдар тұсында швед киносына әйел-режиссерлардың бір тобы өзіндік қолтаңбаларымен келеді: С. Остен, Г. Линдблум, И. Хельнер. Бергман фильмдерінде актерлық өнерлерімен ерекшеленген бірнеше актрисалар да режиссурада өз күштерін сынап көреді: И. Тулин ("Расколотое небо"), Л. Ульманн ("Исповедальные беседы").


                         Әдебиет көрсеткіші:

  1. Жорж Садуль. История киноискусства от его зарождения до наших дней. М., 1957.
  2. Ежи Теплиц История киноискусства. «Прогресс». Москва. 1968.
  3. Киноэнциклопедический словарь. М.1986.
  4. Ингмар Бергман. Статьи.Рецензии. Сценарий. Интервью., М.1969.
  5. Суркова О. Метаморфозы шведского кино. М., «Искусство», 1976.
  6. Ингмар Бергман в театре и кино. М. «Радуга», 1985.
  7. Ингрид Бергман. «Моя жизнь». М. «Радуга», 1988.
  8. Ингмар Бергман. Осенняя соната. Киноповести. М. «Известия», 1988.
  9. Ингмар Бергман. Картины. Музей кино. Москва – Таллин, 1997.
  10. Ингмар Бергман. Исповедальные беседы. М., «Культура», 2000.
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет