"Алмас қылыш" фильмі жайлы

"Тұлпар" жүлдесіне ұсынылған "Алмас қылыш" фильмі XIII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің аясында көрсетілді.

Дана Әмірбекова

кинотанушы


Жер бетінде тіршілік басталғалы әр адам баласының көксегені – еркіндік, әр ұлттың аңсағаны – тәуелсіздік, дербес ел болу. Жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының құрамында болған әр мемлекет 1990-1991 жылдары тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел ретінде еркіндік жолына аяқ басты. Тоталитарлық режим мен комунисттік идеологияны ысыру жолында әрбір ұлт өз тарихындағы  ұмыт болған салт-дәстүрі мен өнерлерін жандандыруға ниет білдіре бастады. Әрине, әр елдің жүріп өткен жолы, бүгінгіні бағалап, келешекке байыпты көз салуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да, жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың аттары аталып, батырларымыздың  жарқын келбеті барлық өнер салалары арқылы ашылып жатса халықтың рухын асқақтата түспек.

Тарихи  кино әр ұлттың ежелден қалыптасқан салт-дәс­түрін, болмыс-бітімін, әдет-ғұрпын, тарихи оқиғалары мен тұлғаларын, кемеңгерлігі мен философиялық ұстанымын экран арқылы бүгінгі көрермен назарына ұсынады. Өткенге сапар шегу арқылы, болашаққа жол сілтейтін аталмыш жанрда түсірілген кез-келген фильм сиқырлы айна іспеттес көрерменге тарихқа көз жүгіртіп, өткен заманның қоршаған ортасымен кеңірек танысуына мүмкіндік сыйлайды. Елінің тарихына деген қызығушылығын оятып, өз бетінше ізденуіне итермелейтін аталмыш жанрда түсірілген фильмдердің әрбір ұлт үшін, оның болашағы үшін маңызы зор.

Экран алдында ержеткен XXI ғасыр көрермені тарихи жанрда түсірілген фильм мен деректі кино жанрларында түсірілген кинотуындылардың айырмашылығын жақсы түсінетіні еш күмән тудырмайды. Солай бола тұра, кез келген көрермен көп жағдайда көркем туындыдан тарихи дәлдікті, нақтылықты іздейді. Белгілі бір себептермен экрандалған туындыда суреттелген оқиғалардың тарихынан хабары жоқ көрермен психологиялық тұрғыдан экрандағы кейіпкердің бейнесін еріксіз  шынайы деп қабылдайды және көрсетілген оқиға жайында фильм көрсетілімі барысында алған жеке әсері арқылы ой қалыптастырады. Сондықтан, тарихта орын алған оқиғалар мен ұлтымыз үшін орны ерекше ұлы тұлғаларымыздың экрандық бейнесін қалыптастыруда олардың шектен тыс бұрмаланып, өзгеріске ұшырамаған бейнесін халықтың жадында қалдыру қазақ кинематографистерінің негізгі мақсатына айналуы тиіс.

Алаш жұртының арманы болған азаттыққа қол жеткізіп,  егеменді ел болғалы халқымыздың өнегелі тарихынан сыр шертетін кинотуындылар саусақпен санарлық. Өз заманының идеологиясымен суарылып, қазақты кедей мен бай болып бөлінген, ауызбіршілігі жоқ ұлт ретінде бейнелеген кеңес заманындағы фильмдерден кейін қазақ көрермені отаншылдық сезімді оятып, ерлікке бастайтын көркем туындыларға зәру болды. Осы оқылықтың орнын толтырады деген ниетпен И.Пассер, С.Бодров, Т.Теменовтің бірлесуімен алғашқы түсірілім күнінен бастап қазақ елінің батырлығын әлемге паш ететініне үлкен сенім артылған «Көшпенділер» (2005) фильмі көрерменнің ойлағанындай болмады, үмітін ақтамады. Тәуелсіз Қазақстанның кинопрокат жүйесіне енуге деген алғашқы қадамы болған бұл туынды заманауи техниканы жақсы меңгерген шетелдік киномамандардың қатысуымен түсірілгендіктен, фильмнің техникалық өңделу сапасында мін жоқ деуге болады. Оқиға өрбітілу барысы да жылдам қарқынмен беріледі. Десек те, "қазақ" деген халықты жер жүзіне танытып, қарсы келген жауларына ойсырата соққы берген,  бүкіл қазақ халқын бір байрақтың астына жинаған даналығы мен тапқырлығы тең дәрежеде болған ұлы қолбасшы Абылай ханның бейнесі толық ашылмай,  бір-екі шайқас көріністерімен сипатталып, тек күрескер, жауынгер ретінде ғана қалып қойғаны өз тарихын, дәстүрін санасымен танып-білетін қазақ көрермені үшін ауыр соққы болды. Мән-мағыналы ою-өрнекпен көмкеріліп, әсемдік пен мазмұндық жағынан үйлесім таба білген қазақ халқының ұлттық киімдері аталмыш фильмде сұрықсыз кастюмдерге алмасып, тамыры тереңге бойлаған көне тарихымыз көмескі сипат алып, жалпы заман тынысы, көшпенді халықтың рухы сезілмеді. Қазақ деген ұлттың кім екенін тереңінен түсінбейтін, түсінуге тырыспайтын голливуд әртістері халқымызды әлемге танытады деген жалған үміт ақталмады. Осы тұрғыда ұлттық киномыздың  майталмандарының бірі Мәжит Бегалиннің: "Мен фильмді өзімнің қазақ көрермендерім үшін түсіремін. Ең әуелі менің фильмімді өз елім қабылдауы қажет. Содан кейін өзге елдер мойындасын" деген сөзі еске түседі. Әрине, әлем киноаренасына шығу керек, бірақ, ұлтымызды өз тақырыбымызбен және өз актерлеріміз сомдайтын өз кейіпкерлерімізбен таныту негізгі мақсатқа айналуы тиіс.

Көпшілік көрерменнің сынына қалған "Көшпенділер" фильмінен кейін Ұлы дала тарихын жаңғыртып, көрерменнің тарихи жанрдағы заманауи қазақ киносы жайында қалыптасқан теріс көзқарасын жоққа шығарып, жыртығымызды жамағандай әсер қалдырған "Алмас қылыш" кинодастаны ("Қазақ елі" көпсериалы фильмінің 2 сағат 10 минтутқа ықшамдалған нұсқасы) 2016 жылы қазақ экранына жол тартқан  ең ірі әрі бірегей жобаболып отыр. "Қаладан келген қыз" (2004), "Құрақ көрпе" (2006), "Сталинге сыйлық" (2008), "Балалық шағымның аспаны" (2011) фильмдерімен қазақ киносының дамуына сүбелі үлес қосқан Рүстем Әбдірәшевтің бұл туындысына шақырылған мамандар түсірілімге атсалысқан топтың он  пайызын құрап, ал қалған тоқсан пайызын өз киногерлеріміздің толықтырғаны заманауи қазақ киносының мүмкіндіктерінің зор екенінің бірден-бір дәлелі.

Ілияс Есенберлин жазған "Көшпенділер" трилогиясының алғашқы кітабының желісі бойынша түсірілген туындыда 1456 жылы Керей мен Жәнібек ханның Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті – қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударып, қазақ хандығын құруы жайында сыр шертеді. Қазақ хандығының құрылуы – азаттық үшін жан берісіп, жан алысқан әрбір қазақ баласының қанымен жазылған тарих. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.

Оқиғаның өрбітілу барысы жылдам қарқынмен берілген фильмде өте жақсы операторлық жұмыс пен сәтті қолданылған монтаж тәсілдері голливудтық тарихи экшн фильмдерден еш кем емес. Азаттық жолындағы қанды күресті бейнелеген шайқас көріністеріндегі сарбаздардың көне заман мәнерінде орындалған қару-жарақтары мен сауыт саймандары, жоғары деңгейде жасалған. Әскердің ат үстінде жауға шапқан шайқас көріністеріндегі екі қарсыластың бір-біріне сілтеген семсерлері мен қағысқан қалқандары, құйындатып шауып келіп, бірін-бірі түйреген найзалары, алыстан атылған жебенің суық суылы мен аяқтың астында қанға шыланып, тапталып жатқан сарбаздардың дулығалы бастары асқан шеберлікпен беріліп, шынайы әрі әсерлі болып шыққаны сондай, қарапайым көрерменнің көбі сол фильмде өзі жүргендей күйде отырады. Бұл, әрине біріншіден режиссердің еңбегі болса, екіншіден осыған дейін "Көшпенділер", "Моңғол", "Дневной дозор", "47 Ronin", "Жаужүрек мың бала", "Марко Поло" іспеттес т.б. фильмдерде Жанарбек Күнғожиновтың жетекшілігімен жұмыс атқарған әлемге әйгілі  "NOMAD" каскадерлер тобының сапалы жұмысының нәтижесі деп білеміз.

Тарихи кезең лебін сезіндіріп тұрған декорация мен осы фильм үшін арнайы тігілген кейіпкерлердің әсемдік пен мазмұндық жағынан үйлесім таба білген костюмдері ұлттық ою-өрнектер арқылы үйлесімді безендіріліп, ұлтымыздың киім киіс әсемділігін жеткізе білген. Ескі үлгідегі полиуритан, былғары, сонымен қатар торы кіреуке сауыттар, хандар мен батырларды сомдаушы кейіпкерлер үстіндегі алтын зерлі сауыт-саймандар сол заманға лайықталып жасалған.

Фильмнің сценариі жайлы кинотеледраматург Айдана Аламан: "Тарихи жанрдағы фильмдердің сценарийін жазу кез келгеннің қолынан келетін, оңай шаруа емес. Себебі, мұндағы қиыншылық тек тарихи деректерді орынды пайдалана білумен ғана емес, сол дәуірдегі адамдардың сөйлеу мәнері мен сөз саптасын, әр жағдайға байланысты өз-өзін ұстау, өрбіп жатқан оқиғаға байланысты драматургиялық  шешім шығарудағы да мәселелермен тікелей байланысты болмақ. Бұл тұрғыда аталмыш фильм жоғарыдағы шарттардың барлығын өз деңгейінде орындап, туындының көркемдік сапасын арттыру жолында тиімді пайдаланылды. Әсіресе, кейіпкерлер ансамблін жасап шығаруда Досқан Жолжақсыновтың Әбілқайыр мен Ниязбек Шайсұлтановтың Шахмұхамедіне, Қарлығаш Мұхамеджанованың Рабия бегімі мен Арман Әсеновтың Қобыландысына, Мәдина Есманованың Жаһанбикесі мен Мейірғат Амангелдиннің Қасымына басымдылық беріліп, негізгі оқиғалар желісін соларға қарай ойыстыра білген. Драматург мұндағы әр кейіпкерді бір-бірін ұқсамайтын жеке-жеке әлем, әрқайсысы бағзы заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың үлгісі ретінде сенімді түрде суреттеді. Бір қарағанда драматургиялық траекториясы қым-қиғаш сызықтарға толы болып көрінбегенімен, сериалдық нұсқасында конфликтілер нығыздалып, оқиғалардың шарықтау шегі интригалармен толыға түседі деген ойдамыз. Себебі фильм үлкен кезеңді қамтығандықтан, баяндаулар мен суреттеулерді кадр сыртындағы дауыс арқылы берілуіне түсініктікпен қарауға болады.

Фильм экспозициясында Асан қайғының монологы мен сол дәуірдегі қиын кезеңді сипаттаған кадр сыртындағы дауыс арқылы  көрермендерді салмақты картина көруге дайындайды", - деп өз ойын білдірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан жалпы ауқымды тарихи жобаның түсірілім тобы фильмнің өн бойында  патриотизмді ұлықтауға тырысты. Ұрпаққа Отанды, Жер-Ананы сүю үлгісін көрсетуге мақсат қойды және тек Қазақстан мамандарынан құралған топ ол жоспарларына қол жеткізе білді.

Қазақ елінің азаттығының символына айналдырған "Алмас қылыш" фильмі халқымыздың тәуелсіздік үшін күресін бейнелеу арқылы бүгінгі егеменді мемлекетте өмір сүріп жатқан ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, еркіндікті қадірлеуіне түрткі боларлықтай көркем туынды деп айта аламыз.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет