"Еуразия-2017" - Ортақ кинематографиялық кеңістік үшін

Елімізде «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында үлкен мәдени шаралар өтуде. Астанада өткізілген осы мәдени шаралардың қатарында А.Әшімовтің 80 жылдығына арналған бірінші Халықаралық «Астана» театр фестивалі және ХШ «Еуразия» халықаралық кинофестивалі «Қазақстан-2050» Мемлекеттік стратегиялық бағдарламасындағы мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы сәтті шаралар болды. Назарларыңызға осы шаралардың өту барысы және қорытындылары туралы белгілі сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанованың мақалалар топтамасын ұсынамыз.

Әлия БӨПЕЖАНОВА

сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері




"ОРТАҚ КИНЕМАТОГРАФИЯЛЫҚ КЕҢІСТІК ҮШІН"

Бұл -ХІІІ халықаралық «Еуразия» кинофестивалі  ұраны

Халықаралық кинофестивальдің ашылу салтанаты  22 шілдеде кешке өтті. Дәстүр бойынша қызыл кілеммен жүріп өту салтанаты болды. Елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залының алдында жиналған жұртшылық кино өнерінің отандық және әлемдік жұлдыздарының шеруін тамашалады. Елорда жастарының, әсіресе, шетелдік танымал актерлер  Н.Кейдж бен  Э.Броудиге ықыластары ерекше болды.

Қазақстан Республикасының Президенті ХІІІ Халықаралық  «Еуразия» кинофестиваліне қатысушыларға арнайы құттықтау хат жолдады. Онда былай делінген:

«Сіздерді  осы Фестивальдің ашылуымен құттық­таймын!

Бұл форум Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі әрі Орталық Азиядағы басты кинофестиваль алаңы болып саналады. Ашық формат пен оның креативті тұжырымдамасы озық тәжі­рибелермен және шығармашылық идеялармен танысып-бөлісу үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Биыл оның ЭКСПО-2017  халықаралық мамандандырылған көрмесі  аясында өтіп жатқанының символдық  мәні бар. Көрменің болашақтың энергиясы тақырыбы кинофорумның теңдестірілген әрі үйлесімді әлем құру жөніндегі негізгі миссиясымен үндес. Осы кинофорум отандық кине­матогра­фияның одан ары дамуы мен танымалдығын арттыруға, біздің өңір мен жалпы әлемдегі  кино өнерінің рөлін көтеруге атсалысатынына сенімдімін. Кинофести­вальге  сәтті тұсаукесер­лер, жаңа есімдер мен қызықты туындылар, ал көрер­мендерге ұмытылмас  әрі жарқын әсерлерге бөленуді  тілеймін!» 

Елбасының  құттықтау хатын  фестивальдің ашылу салтанатында  ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұха­медиұлы оқыды және фести­вальдің жұмысына сәттілік тіледі.  Келесі құттық­тау сөз айтқан  америкалық актер, режис­сер, продюсер, «Оскар» және «Алтын гло­бус» сыйлықтарының лауреаты Н.Кейдж бұл фестивальға қатысуы оған  үлкен мәртебе екенін, Қазақстанға алғашқы сапары жемісті боларына сенетінін, өйткені, кино – коммуникацияның әмбебап тілі екеніне, кино мәдени кедергілерді жоя­тынын қадап айтты. Содан кейін халықтың сүйікті әншісі Б.Төлегеноваға ХІІІ «Еуразия» ХКФ ұйымдастыру комитетінің «Кино өнеріне сіңірген еңбегі үшін»  сый­лығын тапсырды. Шын рәуішті құттықтау сөзін америкалық актер, продюсер, «Оскар» және «Сезар»  сыйлықтарының лауреаты Э.Броуди де жеткізді. Ол қазақ­тың Қыз Жібегі мен Төлегені,  танымал актерлер Қ.Тастан­беков пен М.Өтеке­шоваға ХКФ ұйымдастыру комитетінің арнайы сыйлығын тапсырды. Мұндай салтанат ән-күйсіз болар ма – бұл кеште Бибігүл апай мен Димаш Құдайбергенов қалың көпшіліктің құлақ құрышын қандыра ән айтса, Ұлттық Өнер универ­ситеті жанындағы мектеп пен колледж оқушыларының домбырашылар оркестрі және университет ректоры, осы фестива­льдің президенті, белгілі скрипкашы А.Мұ­сақожаева жеке орындаушы болып скрипкашылар ансамблі өнер көрсетті.

Фестивальдің негізгі конкурсына қатысатын фильмдердің қысқа таныстыры­лымы өтті. Салтанатты кеш соңында қалың көпшілік үлкен экранда қазақ киносының жауһары «Қыз Жібек» көркем фильмін тамашалады.

Осы күні таңертең  шетелдік мәртебелі қонақтар: америкалық атақты  киногерлер династиясы Коп­полалар өкілі Н.Кейдж және  «Пианист» фильміндегі рөлімен бір­ден кино олимпіне шыққан Э.Броудимен «Мариотт» қонақүйінде баспасөз конфе­рен­циясы өткізілді. Голливудтық жұлдыз­дар қазақстандық киногерлермен ынты­мақтастықта жұмыс жасау ниетін, ал Э.Броуди Қазақстанның балаларға ар­налған қайырымдылық ұйымдарының біріне қол ұшын бергісі келетінін білдірді.

***

Фестивальдік көрсеті­лімдер 23 шілде күні қысқаметражды фильмдер­ден басталды. Азиялық және африкалық қысқаметраждар көрсетілді. Ал негізгі байқау белгілі қырғыз режиссері А.Құбаттың «Кентавр» көркем фильмімен ашылды.


"Кентавр"

А.Құбат бүгінгі қырғыз киносының биігін танытатын суреткерлерінің бірі және ол қырғыздың М.Үбікеев, Т.Өкеев, Б.Шамшиев сынды көрнекті режис­сер­лерінің дәстүрін жаңаша жалғастырушы. Ол өз туындыларында қашанда  өзекті тақырыптарды көтереді, бүгінгі қырғыздың жанына үңіледі. «Ат – адамның қанаты». Бұл фильмнің эпиграфы.   «Ат – ердің қа­наты» дейді қазақ.  Ал режиссердің  «ат – адамның қанаты» деуінде терең мағына бар. Бұл тұста жылқы – көшпелілер мәдениеті мен өркениеті ұғымында.  Фильмнің «Кентавр» аталуы да бекер емес. Бұл – бүгінгі екіұдайланған ахуал. Кентавр – бас кейіпкердің лақап аты. Ол өзі бір мінезі қызық адам.  Өзге емес, өз туысы, ауылдың байы Қара­байдың сәйгүлігін ұрлайды. Өз дәстүрін ұмыта бас­таған, жылқы жануарын қастерлеуді қойған туысына, ауылдас­тарына  қарсылық көрсеткен түрі. Жаны таза жан әр түрлі перипетиялардан өте келе ақыры нағыз барымташының бір оғынан қаза табады… Шағын айылдың  тыныс-тіршілігі, бүгінгі рухани ахуалын бейне­лейтін фильм рухтың жоғалуы туралы. Бірнеше елдің қаржысына түсірілген фильмнің техникалық орындалуы, визуалды қатары өте мықты. Кейіп­керлері де өзге­шелеу. Режиссердің өзінің айтуынша, антиқаһармандар,  әдеттегі сұлулық туралы ұғымға кереғар кейіпкерлер.

Келесі фильм қытайлық және жапон­дық киногерлер Х.Цзи мен Р.Оцукидің «Ақымақ құс» атты кинокартинасы Қытайдың бір провинциясында тұратын жас қыздың көрген зорлығы мен психоло­гиялық қорлығы туралы.  Фильм сценарийі режиссердің өмірлік тәжірибесі негізінде жазылыпты, әрине, қаз-қалпында емес, типтендірілген. Бүгінгі таңда әйел баласының көріп отырған зорлық-қорлығы аз емес, ал фильмдегідей жағдай азиялық елдерде көп кездесетіндіктен, ол жас қыздардың да өз дауыстарын естіртуге құқығы бар деп есептедік, – дейді фести­вальға келген фильм продюсері Р.Оцуки.  Өкінішке қарай, фильм түсірілген елде прокатқа шығуға әлі рұқсат  берілмепті. Өте күрделі, психо­логиялық тұрғыдан ауыр, әлеуметтік-азаматтық үні биік фильм.

Бұл күннің үшінші конкурстық шығармасы үнділік режиссер Б.Дамодарранның «Тыныштық үні» фильмі болды. Негізгі мамандығы гомеопат Дамодарран, доктор Биджоның мұның алдындағы  «Үйге апарар жол» фильмі әке мен баланың арасындағы үлкен махаббат, достық, мейірім туралы болса, бұл фильмде керісінше. Жас баланың туған әкеден көрген қорлығы, махаббатқа зәрулігі, монастырьде де қатарластарынан қағажу көруі.  Өзі махаббатқа зәру жас баланың қатыгез әкесіне, айналасына деген үлкен жүрегі туралы. Медитацияға жету, кемел­дікке ұмтылу туралы өте әсерлі де әдемі фильм. Үнді елінің сұлу табиғаты, буддис­тік храмдар мен ондағы рәсімдер… – осы­ның бәрі дүниені сүйген жүрекпен түсірілген. Баланың рөлін режис­сердің өте талантты ұлы Говардан орындайды.


"Тыныштық үні"

Осы күні Оқушылар сарайында ашылған «Бес құрылық» балалар фильмдерінің конкурсы ашылды.  Н.Кейдж ол салтанатта да құт­тықтау сөз айтып, бағдарла­ма­ның маңы­зына тоқталса, «Эндам Гарден» қонақүйі­нің мәжіліс залында фестиваль аясында  Қазақ­стан­ның бірінші  кинонарығының тұсаукесері өтті.

Бұл елеулі шараны ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова  құттықтау сөзімен ашты. Министрлік жанындағы Қазақстан мәдениеті ғы­лыми-зерттеу институтының директоры А.Хас­була­тов «Кино туралы» заңның жобасымен таныстырды. Республи­каның кино сала­сындағы саясаты айшық­талған жобада ұлттық киноны қолдау және кинематограф жөніндегі сарапшылар кеңесін құру қарастырылған. Ал мемлекет тарапынан біріккен жобаларға 50 пайыз,  көпшілік аудитория үшін фильмдерге 70, ал әлеу­меттік маңызды, білім, ғылыми-көпшілік, деректі, авторлық анимация, балалар фильмі және елеулі оқиғалар туралы фи­льмдерге 100 пайызға дейін қаржы бөлу жобаланған. Өзге де бірталай мәселе қамтылған жобада қазақ­стандық прокат нәтижесін есептеуді автоматтанды­рылған жүйеге қосу да бар.Бұл шарада түсірілімі аяқталуға жақын қазақ­стандық жеті киножобаның таныстырылымы өтті.

«Ортақ  кинема­тографиялық кеңістік  үшін» мақ­сатындағы фестивальда фильмдерді негізгі конкурс, қысқа метр конкурсы және тәуелсіз FІPRESCІ (халықаралық киносыншылар мен кинотанушылардың бірлестігі) мен  NETPAC (Азия киносын көтеру желісінің) қазылар алқасы сараптан өткізуде.

 

*   *    *


"КИНО – ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫН АЙТУЫ КЕРЕК"

Бұл – «Еуразия-2017»  халықаралық кинофестивалі фильмдерінің көбіне ортақ идея 

24 шілде, фестивальдің екінші күні негізгі байқау көрсетілімі Қазақстаннан ұсынылған жалғыз кинотуынды, режиссер С.Құрман­бековтің басты рөлге Д.Ақмолда түскен «Оралман»  фильмімен басталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсіріліп, көрермендердің үлкен ықыласына бөленген бұл кинокартина бұған дейін Иранның астанасы Тегеранда өткен ХХХY Халықаралық Фаджр кинофестивалінде «Азияның үздік фильмі» жүлдесіне ие болған еді. Сценарийін режиссердің қатысуымен Н.Санжар жазған фильмде ХХ ғасырдың 30-жылдары сұрқай саясат салдарынан Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болып,  тәуелсіздігімізді алған соң, туған елге оралған бір отбасының өмірі бейнеленеді. Өзіне туған жерден топырақ бұйыруын арман еткен Базарбай қария (актер, белгілі ұстаз Е.Сегізбаев) мақсатына жетеді. Ұрпағы елге келіп, туған жерге туын тігеді,  небір қиындықтарға қарамастан. Фильмді тақырыбына қарай оралмандар туралы деуге болар, ал шынтуайтына келгенде, бұл – туған елге, жерге деген теңдессіз махаббат туралы фильм.


"Оралман"

С.Құрманбеков кино кеңіс­тігінде режиссер С.Апырымовтың сонау 90-жылдар қарсаңындағы атақты «Ақсуат» фильмінің қоюшы-суретші ретінде көрінген. Одан беріде көрерменге «Секер», «Әурелең», «Кешіккен махаббат» фильдері арқылы жақсы таныс. Ал соңғы жұмысы «Оралман» режис­сер С.Құрманбековтің ел туралы, жер туралы терең ой айта алатын суреткер ретінде толысқанын танытады. «…азамат болу боры­шың» режиссердің өнердегі де қағидасындай.«Кино – халықтың мұң-мұқтажын айтуы керек». Бұл – режиссердің пікірі.

Фильмнің контексті көп, онда саяси да, қоғамдық-әлеуметтік те мәселелер көтеріледі. Бірақ, оның бәрі көзге ұрмайды, адам тағдыры, адамның жан дүниесімен бірге өте табиғи да шынайы өрнектеліп отырады. Кезінде ауған елінде дұшмандар қатарында болған, қатардағы қарапайым азамат Сапарқұлдың жандүниесі арқылы. Ол  рухы мықты, иманы мықты азамат. Елдің тірегі де осындай азаматтар. Бұл кейіпкер, бас кейіп­кер ролінде - бүгінгі қазақ театры мен киносының шын мәнісіндегі жұлдызды актері Д.Ақмолда. Фильмде кәсіби актерлер  Б.Қажнабиева, Е.Тү­сіпов, Ш.Асқарова, сондай-ақ  жас қыз рөліндегі  Д.Дайырова да кейіп­керінің жандүниесін әдемі ашады. Визуалды қатары (операторы М.Омаров, суретшісі Р.Одинаев) мен музыкасы да келіскен (композиторы А.Сағат) «Оралман» – бүгінгі қазақ киносының жетістігі, біздіңше, фестивальда өзге фильмдермен өте лайықты бәсекелес.

Екінші фильм «Біз» (режиссері Ф.Вара де Рей, Испания) әлемдік кинопремьера деуге болады. Өйткені, бұл – фильмнің ең алғашқы көрсетілімі. Өмірлерінде белгілі бір нәрсені өзгерту керек болып және осы жолда нақты шешім қабылдауға бел буған бес достың хикаясы  Испаниядағы ең маңызды күн бүкіл халықтық сайлау кезіне орайластырылған.Қарапайым адамдардың саяси толқу кезіндегі күрделі тағдырлары, проблемалары бейнеленетін қызғылықты фильм испандық жас кинобуынның азаматтық үні деп қабылдадық. Фильм таныстырылымына келген продюсер Т.Овежероның айтуынша, қатысқандардың көпшілігі  кәсіби актерлер емес. Режиссердің ерекше жұмыс жасауының арқасында олар рөлдерін өте жақсы меңгерген.

25 шілдеде «Менің бақытты отбасым» (Германия) және  «Қарақшы қыз» (Израиль) фильмдері көрсетілді.

«Менің бақытты отбасымда» (режиссерлері Н.Эквтимишвили, С.Гросс) бас кейіпкер грузин әйелі.  Белгілі грузин театр актрисасы И.Шульяшвили орындайтын бұл кейіпкер - жақсы перзент, жақсы жар, жақ­сы ана, жақсы қызметкер. Кәд­уілгі ұғымнан алғанда, бақытты әйел. Бірақ… отбасы, айналасы  оның жандүниесімен есептесіп жатпайды, ол тек – міндетті, міндетті, міндетті… Сондықтан да болар, бәрінен шаршаған ол  елу екіге толған күні айды аспаннан шығарып, үйінен кететінін айтады. Жеке пәтер жалдап тұра бастайды. Отбасы шат-шәлекей, жұрттың бәрі аң-таң…


"Менің бақытты отбасым"

Адам баласы қоғамда, әлеуметтік ортада, отбасында ғұмыр кешеді. Оның осы институттардың бәрінің алдында жауапкершілігі бар. Дей­тұрғанда, адамның өзінің жеке өмірі – ең биік құндылық. Психоло­гиялық тұрғыдан өте терең, өте гармониялы, актерлік ойыны өте жоғары фильм, біздіңше,  адам­ның еркін де жан жарасымымен өмір кешуіне ешкім кедергі жасамауы керек, адам – өз өмірінөзі таңдай алады деген ойға жетелейді.

«Қарақшы қыз» (режиссері Х.Бен-Ашар) фильмі де махаббатқа зәрулік, жалғыздық туралы. Бұл тұста ата-анасы ажырасып, әкесі басқа отбасын құрған, анасы ғашығымен «бақыт кешіп» жүрген жасөспірім қыздың өмірі. Оқиғалары баяу ағынмен жүретін фильмнің айтар пәлсапасы – адам махаббатсыз, бір-біріне деген жан жылуынсыз  күн кеше алмай­ды. Жалпы, осы күні конкурстан тыс «6 плаза» бағдарламасында көрсетілген, ауған режис­сері Шәрбану Садаттың «Қасқыр мен қой» фильмінде де  махаббатқа зәрулік мәселесі көте­ріледі. Кинокартина  биік таулар арасында тұратын бір қыш­лақтың сүреңсіз өмірі. Балалардың да сүреңсіз, болашағы аздау өмірі туралы.

* *   *

Фестиваль аясында көптеген шаралар өтті. Солардың  бірі –«Қазақ тілі және заманауи кинематограф» атты конференция. ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің өкілдері, «Қазақстан» РТРК кинокөрсетілім бөлімінің басшысы  Г.Рахимова, «Болашақ» корпоратив­тік қорының директоры Д.Шәй­жүнісова,  «Арай медиа-групп» студиясының бас продюсері А.Бай­бек, дистрибьютор, Европадағы Loco fіlm продюсері  Д.Ролан (Франция), белгілі кинорежиссер Р.Әбдіраштар  қатысқан шарада киноиндустрия және отандық телеарналарында мемлекеттік тілді дамыту мәселелері қарастырылды.

Бір мақсаты – киноның жас буынын тәрбиелеу болып отырған фестивальда жыл сайын питчингтер өткізіледі және ол болашаққа жұмыс жасайтын шара. Биылғы Eurasіa Spotlіght-2017 питчингінің  жеңімпаздары да анықталды.  Бай­қауға түскен отыздан аса  жобаның ішінен конкурсқа қатыстырылуға сегізі таңдалып алынып, халық­аралық сарапшылар төрелігіне ұсынылған болатын. Нәтижесінде 1-орынды «Сілеусін» жобасымен жас режиссер Ш.Оразбаева, 2-орынды «Ессіздік» жобасымен  А.Найза­беков жеңіп алды. Халықаралық сарапшылар, сондай-ақ, Ә.Аукаши­мованың «Жалғыз» жобасын да ерекше атады. Бұл жеңіс жас киногерлердің жобаларын жүзеге асыруларына мүмкіндік береді және болашақтарына жол ашады.

 


Питчинг жеңімпаздары Ш.Оразбаева, А.Найза­беков

21 шетелдік және 27 қазақстан­дық компания стендерін қойған фестивальдік кинонарық та табысты өтті. Шаралар нәтижесі бойынша белгілі киносыншы М.Мюллер: «Қазақстанның әлемдік нарықта жетекші рөлдердің бірін алуға барлық мүмкіндігі бар… Қазақстан Шығыс пен Батыстың кездесуі үшін нағыз шынайы алаң бола алады», –  деді.  Фестиваль жұмысына әр елден сыншылар қатысуда.  Олардың ара­сында қазақстандықтарға жақсы танымал ресейлік киносыншы К.Разлогов та бар.

 

ӘЛЕМДІК КИНОДАҒЫ ЖАҢА БУЫН ҮНІ

"Еуразия-2017" кинофестивалінде айқын естіледі

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Елордада ұйымдастырылған халықаралық кинофестиваль жұмысын кеше қорытындылады. Конкурстық көрсетілімдер  27 шіл­­­деде аяқталды. Атап айтарлығы – конкурстық бағдарлама, яғни, негізгі бағдарлама фильмдері үлкен кино деген анықтамаға жауап беретіндей сапалы болды. Мазмұндары, сюжеттері әрқилы фильмдерде  адамның жеке  бақыты, адамның бақытты болуға деген құқығы көтеріледі.  Қандай да қиын жағдайларда «адам болып қалу» мәселесі қозғалады.

Халықаралық кино өнері мерекесіне фильмдерімен қатысқан режиссерлердің басым көпшілігі кейінгі буын өкілдері. Олардың фильмдерінде  жаңашылдық, із­деніс, жалынды жігер және де ең бағалысы – адамға деген махаббат, үлкен жүрек пен азаматтық айқын да ашық үн бар. Бұл тұста әзірбайжандық режиссер И.Над­жаф­тың «Анар бағы» отбасылық құндылық, ұрпақ жалғастығы, дәстүрдің үзілуі, ресей­лік режиссер Б.Хлебниковтың «Арит­миясы» махаббат пен парыз, оңтүстік­корейлік режиссер Л.Юн-Гидің «Бір күн» фильмдері адамдар қарым-қатынасының нәзік құпиялары, өмір мен өлім туралы толғаныстарға бастайды.


"Анар бағы"

Фестивальде әйел режиссерлердің жұмыстары да аз болмағанын айту керек. Негізгі байқау бағдарламасында вьетнам­дық кино және телевидение актрисасы Ф.Хонг Анның «Жол бекеті» фильмі көрсетілді. Вьетнам жазушысы Н.Куанг Лептің 1991 жылы жарық көрген атақты романы желісімен түсірілген. Алғашқы фильмі. «Ақ түн» атты мейрамхана қожайынының отбасы өмірі бейнеленетін туындыда отбасындағы  зорлық-зомбылық, әсіресе, әйел баласын қорлау шегіне жеткен. Режиссер бұл тақырыпқа әдейі барғанын айтады. Бір ғасыр бойы Қытайға тәуелді болған вьетнамдықтар отбасында ер адамның, ұл баланың рөлі өте биік, олардың жанында әйел баласы адам саналмай келді. Бұл жағдай алыс аудан-ауылдарда әлі кездеседі. Режиссердің алғашқы туындысы шебердің қолтаңбасын танытады. Актерлік ойын, операторлық жұмыс жоғары деңгейде. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері фильм­деріндегі теңіз сұлулығы мен пәлсапасы ерекше. Жалпы, фестивальдік фильмдердің барлығының да түсірілім  деңгейі жоғары болғанын айту керек.


"Жол бекеті"

«Жалын ортасында» түркиялық режис­сер қыз Д.Озчеликтің фильмі. Джейлан бірталай жыл телеарнада қызмет етіпті, блогер болған. Режиссер болуды тоғыз жасымнан армандадым, дейді өзі. Телеарнада қызмет ететін жас әйел   Хасрет көк жәшік арқылы жұртқа таратылатын өтіріктен шаршап, жұмыстан кетеді. Өзі ұдайы бір түс көреді. Ата-анасы көлік апа­тынан қаза тапты делінеді, бірақ, кейіп­кердің бұған күмәні бар. Адамның жады­сын өшіруге ұмтылатын саяси техноло­гияларға қатты қарсылығы бар кейіпкер шындықтың түбіне жетуге ұмтылады. Фильм атмосферасынан бүгінгі Түркияның ахуалынан үндестік сезіледі.

Конкурстық емес «6 плаза» бағдарла­масындағы  мысырлық режиссер әйел И.Камельдің «Мысырлық Жанна  Д’Арк» фильмі де азаматтық биік азаматтық үні­мен баурайды. Руми жырларынан сусын­даған кейіпкердің 2011 жылғы Мысыр револю­циясы кезіндегі қарсылығы деректі және мистикалық элементтерде, поэтика­лық баяндау мен би арқылы көрініс табады.

«Гаити – менің махаббатым» – Аме­рикада тұратын гаитилік режиссер әйел Г.Феллиннің фильмі. Гаитиде 2010 жылы болған зілзалада  үш жүз мың адам қаза тапты.  Олар менің отбасым еді. Бұл фильм отбасымды жоқтауым дейді режис­сер. Гаитидің керемет табиғаты, табиғатпен бірегей адамдары, теңізасты түсірілімдері әдемі кинокартина.

Негізгі байқау көрсетілімдері индоне­зиялық режиссер Х.Брамантоның «Кар­тини» фильмімен аяқталды.  Картини – Индо­незия үшін ұлттық қаһарман, халық жыл сайын сәуір айында оның туған күні кеңінен тойлайды дейді режиссер. Картини алғашқы болып әйелдердің теңдігі үшін күрескен, оларға мектеп аштырып, білім алуына бастамашы болған  әйел. Өмірбаян­дық көркем фильм индонезия­лықтардың психоло­гиясын ашумен қатар тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі туралы да көркем баяндайды.

***

Фестивальде «Еуразиялық панорама», «Қытайға назар», «Ерекше көзқарас» бағдарламалары да көркем де қызғылықты жүрді. Біз негізгі байқау фильмдерін көр­гендіктен, бұлардың ішінде «Ерекше көз­қарастан» Т.Фремоның «Люмьер!» фильмін ғана көре алдық. Көрнекті киногер, Люмьер институты мен Канн фестивалінің көркемдік жетекшісі Фремо кино атасы саналатын Люмьер және оның мұрат­тастарының деректі кадрлардан деректі фильмге дейінгі жолын көрсетеді. 19-ғасырдың соңы 20-ғасыр басындағы 108 фильмді қамтитын туынды кино өнерінің көркемдік әдістерінің қалыптасуын көр­сету­мен қатар сол уақыттың көркем шежіресі болып шыққан.

2016-2017 жылдары түсірілген фильм­дерінің «Тұлпар» ұлттық сыйлығы үшін байқауында, негізінен, қазақстандық киноөнімдер көрсетілді. Бұл бағдарлама бойынша Р.Әбдірәштің  «Алмас қылыш» көркем фильмінен бастап,  А.Сатаевтың «Аудандар», С.Райбаевтың «Алжир: қармен жуылған қан», Н.Адамбайдың «Тараз», А.Төлеубайдың «Бір сен үшін», тағы да басқа сегіз фильм көрсетілді. Демек, бұл байқау қазақстандық кинематоргафтың соңғы бірер жылдағы ахуалынан хабар береді.

***

Фестивальдік көрсетілімдер ЭКСПО орталығы жанындағы «Мега Силкуэй»  сауда ойын-сауық кешеніндегі «Чаплин» кинотеатрында, ал ресми шаралар ХІІІ «Еуразия» халықаралық кинофестиваль орталығы «Эндам Гарден»қонақүйінде ұйымдастырылды. Бұл шаралардың соңғы­сы 27 шілде күнгі «Орталық Азия­дағы кинематографияны қалыптастыру­дағы киностудия орталық бірлестіктерінің рөлі»  тақырыбындағы дөңгелек үстелі болды. ЕАVE 2008 жылы Қазақстан және Ресей аумағындағы (Берлин) Еуропалық Кино­про­дюсерлер жобасының ресми танысты­рушысы А.Качко,  Мәскеу мемлекеттік кинематография институтының профес­соры, мәдениеттану докторы К.Разлогов, Бристоль университетінің профессоры (Ұлибритания), киносыншы Б. Биргит,  Тәжікстан Республикасы ҒА философия,  саясат және  құқық институты мәдениет философиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д.С.Рахимов, NETPAC халықаралық кино академиясының мүшесі, «Айтыш Фильм» (Бішкек) киностудиясының ре­жиссері және продюсер Д.Тілепберген, ҚазҰӨУ «өнертану» кафедрасы доценті, өнертану кандидаты Н.Мұқышева, т.б. қа­тысқан ғылыми шара КСРО ұлттық кине­матография тарихы және  ТМД мем­лекеттерінің қатысуымен кино дамуының болашағы мен кино білімі тақырыбы жан-жақты талқыланды.

27 шілде күні «Еуразия-2017» халық­аралық кинофестивалі аясында ҚР Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен өткен «Бес құрылық» балалар фестивалінің жабылу салтанаты Оқушылар сарайында өтті.

Қазақстан, Франция, Нидерланды, Қытай, Ауғанстан, Иран, Тунис, Перу, Үндістан, Мексика, Испания, Италия, Дания, Грузия, т.б. елдердің шығармашылық топтарының жұмыстары көрсетілген фестивальде   «Қазақ елі» (Қазақстан), «Келилех пен Демнех» (Иран), «Сұлулық» (Жаңа Зеландия, Қытай), «Үйде жалғыз өзі» (Гонконг), «Эльфтер тағы» (Қытай, АҚШ) фильмдері үздік бестік қатарына енді.  «Ең үздік фильм» деп «Періште 2» фильмі (Чех Республикасы) танылса,  «үздік бала рөлі» аталымы бойынша   «Сұлулық» фильміндегі рөлі үшін У.Шилдс марапатталды.

«Бес құрылықта» «ең үздік сценарий» жүлдесі «Қазақфильм» киностудиясының 2016  жылғы өнімі «Қазақ елі» фильміне берілді, сценарий авторлары – С.Үсіп­әлиев, Б.Аманәлиұлы, С.Әбдіхалықов.


"Қазақ елі"

«Еуразия-2017» халықаралық кино­фести­ва­лінің жабылу салтанаты бүгін кешке «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді. Салтанатта бас-аяғы төрт негізгі конкурс, қысқа метр конкурсы және тәуелсіз FІPRESCІ (халықаралық киносыншылар мен кинотанушылардың бірлестігі) мен  NETPAC (Азия киносын көтеру желісінің) қазылар алқасының қорытындысы бойынша  Бас жүлде, үздік режиссерлік жұмыс, үздік ер адам, үздік әйел адам бейнесі аталымдары бойынша жүлделер, сондай-ақ,  әлемдік кино өнеріне қосқан үлес үшін сыйлық тапсырылады.  

 

***

 «ЕУРАЗИЯ-2017»:

ЖЕҢІСТЕР МЕН ЖОСПАРЛАР

ЭКСПО-2017  халықаралық маман­дан­­дырылған көрме аясында 22–28 шілде аралығында Елордада өткен  «Еуразия-2017» фестивалі қорытын­дысында қазақ киносының мәртебесі асқақтады. Халықаралық қазылар алқасы  ҚР Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің қолдауымен «Қазақ­фильм» киносту­диясында түсірілген  «Оралман»  көркем фильмін  фес­тиваль­дің Бас жүлдесіне лайық деп ұйғарды.

Фестивальдің  «Әлемдік киноға сіңірген еңбегі үшін» сыйлығы  амери­ка­лық актер, режиссер, продюсер, екі мәр­те «Оскар» но­минанты Джон Мал­ковичке тапсырылды. Сыйлықты ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы тапсырды. Құт­тықтау сөзін ағылшын тілінде айтқан министр америкалық өнер қайрат­керіне шығармашылық табыстар тіледі.Ал Дж.Мал­кович Қазақстанға ризашылы­ғын білдіріп, бұл сыйлығын өзінің достары мен әріптестеріне  арнайтынын айтты.

«Оралман»  –  «Еуразия-2017»  Бас жүлдесін жеңіп алды!


Жеңімпаз режиссер С.Құрманбеков қыздарымен

Салтанатты сахнадан  «Фестивальдің Бас жүлдесі  «Оралман» фильміне, Қазақстан» деп хабарлағанда, әрине, залдың қуаны­шында шек болмады. Қатар отырған белгілі кинотанушы Нәзира  Мұқышева шынында да  бас жеңімпаз осы  фильм болуы керек деп ойлағанын айтса, киноны «шемішкеше шағатын» нағашы сіңлім Алена «Оралманды» көріп шыққан соң-ақ бас жүлдені беріп тастаған еді. Ал  фильм режиссері Сәбит Құр­манбеков үшін бұл – күтпеген жүлде болыпты.

– Бұл мен үшін күтпеген қуаныш, – деді режиссер. – Фестивальда басқа да мықты фильмдер болды. Солардың арасынан таңдау біздің туындыға түскеніне өте қуаныштымын. Бас жүлде шығарма­шылық ұжымыма, отбасыма және тарихи Отанына оралған қандастарыма ортақ, бұл  – олардың да жеңісі» деп сурет­кер­лік, азаматтық сөзін айтты. Режиссердің кішіпейілді­гіне, ішкі мәдение­тіне  риза болған көрермен қошеметін аяған жоқ. «Оралман»   фести­вальдің негізгі  бай­қауында көрсетілген он үш  кино­картина  арасынан қара үзіп шықты. Бұл – жеке киногердің жеңісі ғана емес, ұлттық өнердің, бүгінгі қазақ киносының, ұлттық киноның жеңісі.

*   *   *

Фестивальдің келесі мәртебелі жүлдесі – «үздік режиссерлік жұмыс» жүлдесі қырғыз режиссері Ақтан Арым Құбатқа берілді.  «Кентавр» (Қырғызстан, Франция, Германия, Нидерланды, Жапония) фильмінің режиссері Бас жүлде алған әріптесіне, керісінше, жүлде алатынына сенімді болыпты. Ол «Еуразия» фестивалі сонау 1998 жылы алғаш рет өткізіл­генде Бас жүлде алғанын, кезекті бір «Еуразияда» ұлының да жүлделі болғанын еске салып өтті.

Әділқазылардың қорытындысы бойынша, «үздік әйел бейнесі» жүлдесі Ия Шульяшвилиге («Менің бақытты отбасым», Германия, Грузия, Франция), «үздік ер адам бейнесі» жүлдесі Құрбан Исламовқа («Анар бағы», Әзірбайжан) берілді.


Режиссер С.Нарымбетов, кинотанушы Н.РАхманқызы, "үздік әйел бейнесі" жүлдесі иегері И. Шульяшвили және мақала авторы

Халықаралық Қазылар алқасының арнайы сыйлығы әзірбайжандық режиссер Ильгар Наджафтың «Анар бағы» және въетанмдық Фам Хонг Анның «Жол бекеті» фильмдеріне берілсе, кино әлеміндегі беделді ФИПРЕССИ (Кино­пресса халықаралық федерациясы) сыйлығы  ресейлік режиссер Борис Хлебниковтың «Арит­мия», ал НЕТПАК (Азия киносын қолдау қауым­дастығы) жүлдесі «Кентавр» фильмдеріне тапсырылды.

Қысқа метражды фильмдер байқауының Бас жүлдесі қазақстандық  режиссер Мейір­жан Сандыбайдың «Ит» фильміне берілді.

*   * *

Фестивальда «Тұлпар» Ұлттық сыйлығы үшін бағдарламасының көрсетілімі жүрді. Алайда, бұл байқаудың салтанатты шарасы, марапаттауы  қыркүйек айында Алматыда өтеді. Байқауға түскен 18 фильмнің ішінде белгілі режиссер Р.Әбдіраштің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» сынды үлкен полотносы, А.Сатаев, Ә.Райбаев, Ә.Бисенбин сынды танымал есімдер фильмдерімен қатар жас режиссер А.Төлеубайдың тұңғыш фильмі «Бір сен үшін…»  көрсетілді. Белгілі театр және кино актері А.Сатыбалды продюсерлік жасаған кинотуындыға Азаматтың өзімен қатар, қара шаңырақ, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының  актрисалары З.Кармен, А.Сатыбалдиева түскен. Ал фес­тивальдің салтанатты шеруінде Әуезов театрынан актерлер  А.Сатыбалды,  Е.Дайы­ров, сондай-ақ, Ж.Мақажан болғанын айта өту орынды.

Фестиваль салтанаты ән-бимен, фейер­верк­пен аяқталған соң, көрермен атақты амери­калық режиссер Л.Бессонның  «Ва­лериан және мың ғаламшар қаласы» фильмін қазақ тілінде тамашалады.

Осы кеште киногерлер қауымы мен көзіқарақты жұртшылыққа әсер еткен байыпты сөз германиялық кинотанушы, киносыншы, ФИПРЕССИ-дің Бас хатшысы  Клаус Эдердің сөзі болды.  Ол ЭКСПО және оның аясында кинофестиваль өткізіп жатқан  Қазақ еліне рахметін білдіре келе, қазақ киносы үшін үлкен еңбек жасаған, қазақ киносын әлемге таныс­тырған қадірлі әріптесі Бауыржан Нөгербек туралы тебірене сөйледі. Бауыр­жандай сын­шысы болуы  қазақ киносы үшін бақыт еді деді ол. Ақ-адал сөз. Бауыр­жанның орны, әрине, фестивальда да ойсырап тұрды… Әріптесінің тұлғалық болмысын бағалай білгені және ерекше құрметі үшін алманиялық сыншыға риза болдық.

Бір апта бойы әлемнің әр түкпірінен келген және қазақстандық киногерлер үшін бір-бірін тереңірек білу, шығармашылық пікіралысулар және іскерлік алаңы болған «Еуразия» фестивалінің жабылу салтанаты  бітісімен германиялық кинотанушы, киносыншы, ФИПРЕССИ-дің Бас хатшысы  К.Эдер­мен бірер ауыз пікірлестік. Сонымен қатар көрнекті ресейлік киносыншы, мәдение­танушы К.Раз­логов және «Еуразияда» негізгі байқау бағдарламасын жүргізген белгілі кинорежиссер Е.Шынарбаевпен блиц-сұхбаттар жасаған едік. «Еуразия-2017» ХКФ туралы материалдар топтамамызды осы шағын сұхбаттармен қорытындылай отырып «Еуразия» беделі арта берсін, жақсы фильмдер және оның көрермендер қатары, әсіресе, қазақ ұлттық киносы көрермендерінің қатары молая түссін деген тілек білдіреміз.

Клаус Эдер,

кинотанушы, киносыншы, ФИПРЕССИ-дің Бас хатшысы  (Германия):

Астана таң қаларлықтай қала екен

 

Сіз жаңа сахнада көрнекті кинотанушы Бауыржан Нөгербек туралы айтқаныңыз бәрімізге қатты әсер етті. Оның мақалаларымен жақсы таныссыз ба және жалпы қазақ киносымен ше?

Қазақ киносы Еуропаға таныс. Дегенмен де қалың көрермен соншалықты жақсы біледі дей алмаймын. Ал әлемдік кәсіби орта осы ай­мақтың кино өнерін, «қазақтың жаңа тол­қынын», режиссер С.Нарымбетов, тағы басқа­ларды кинотанушы Бауыржан Нөгер­бектің шетелдік басылым­дарда жарияланған мақала­лары арқылы біледі. Оның кітаптары шет тілдеріне аударылмаған сияқты, мен ондай ақпарат таппадым. Сондай тұлғаның, үлкен кәсіби маманның өмірден өтуі, әрине, сіздер үшін де, біз үшін де өкініш…

… Сіз халықаралық кинофестиваль­дардың жұмысына тұрақты түрде қатысасыз. «Еуразияға» алғаш рет келіпсіз.

Мен Қазақстанда бұрын да болғанмын, ал фестивальға бірінші рет қатыстым. Мен үшін ФИПРЕССИ Бас хатшысы ретінде, ең бастысы – фестивальдің батыс кинотану­шылары мен киносыншылары үшін қызғылықты болуы, ал, сыншы ретінде бұл сапарда – қазақ және ор­талық азиялық кинематографын көру мүм­кіндігін алдым. Бұл аз емес, өйткені, бұл кине­матогафтарды басқа еш жерден көре алмайсыз.

Сапардан нендей әсер алдыңыз?

Әсер, әрине, жақсы. Фестивальдің жалпы атмосферасы ұнады. Ал Астана таң қалар­лықтай қала екен.

 

Кирилл Разлогов,

С.А.Герасимов атын­дағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинемато­графия институтының (Мәскеу) профессоры, мәдениеттану докторы:

Киноның болашағы – глокализацияда 

Сіз кино өнерінің әлемдік мерекелеріне жиі қатысасыз. Көпжылдардан бері Мәскеу халықаралық фестивалінің бағдарламалар ди­ректорысыз. Фестивальдарда сіз үшін маңыз­дысы не?

Қандай да фестивальде, ең алдымен, маңыз­дысы – кинобағдарламасы. Сондықтан мен де ең алдымен, бағдар­ла­маларға назар аударамын.  Фестивальдер кино­өнер мен кинонарықты дамыту үшін өткізіледі. Осы тұрғыдан келгенде, фести­вальдің салтанат жағына ғана назар аударып, мазмұнын ескер­мейтін болса – ондай фестивальдар әдетте өшеді.

Сіз «Еуразия» фестиваліне бұдан бұрын­дары да қатыстыңыз. Биылғы фестиваль барысы туралы не айтасыз?

Иә, бұл «Еуразияға» бірінші келуім емес. Фестивальда, меніңше, осы  жолы жинақылық жетіспеді. Ал жақсы жағы – іскерлік алаң жақсырақ жұмыс жасады, кинонарық ашылды, питчинг жобалар қарастырылды.

Жинақылық жетіспеді деуіңіз неге байланысты – бағдарламаларға ма?

Жоқ, бағдарламаларда емес, фести­вальді ұйымдастыру жұмыстарында жинақы­лық жетіспеді. Ал бағдарлама ойдағыдай. Ұсы­нылған фильмдер әр түрлі. Өте қызғы­лықты фильмдер бар, кейбірі әлсіз. Кей фильмдер экзотикалық жағынан немесе бұрын фести­вальда көрінбеген елі тұрғы­сынан қызық. Әр түрлі бағдарламалардағы фильмдердің  мақсаттары да қызық. Яғни, мұнда сан қырлы аспект бар.

Сіз ресейлік бір басылымға берген сұхбатыңызда қазақ киносының феномені туралы айта келіп, кейінгі кезеңде қазақ киносы онша көрінбей отырғаны туралы айтып едіңіз. Қазақстандық бүгінгі киноүдеріс туралы не дер едіңіз?

Қазақстан  киносы өз сценарийі бойынша дамып отыр. Фестивальдік,  әдетте бейресми фильмдер жағы мықты. Және ұлттың мәр­тебесін көтеретін, мемлекет қаржыландыратын және бизнеспен байла­нысты бірнеше ірі жоба бар. Осы екеуінің, яғни, фестивальдік пен мемлекет үшін мәртебелі фильмдер  арасында орын өте аз қалады ғой деймін. Қазіргі кезде тағы бір бағыт пайда болды. Ол – көрермен үшін кино түсіру. Ол өнімдер жергілікті көрер­меннің сұранысын өтейді. Менің әріптестерім мұндай фильмдерді сынайды, ал мен бұл үдеріске дұрыс қараймын. Өйткені, қандай да кино көрерменмен жанды байланыс болмаса,  өмір сүре алмайды.

Сіздің еңбектеріңізде кинодағы глоба­лизация-жаһандану мен локализация-жер­гіліктілік «туындысы» глокализация туралы аз айтылмайды. Мұны «Орталық Азиядағы кинематографияны қалыптастыру­дағы кино­студия орталық бірлестіктерінің рөлі» тақыры­бында өткен дөңгелек үстелде де қозғадыңыз. Сіздіңше, бүгінгі киноның даму жолы глока­лизация ма?

Әрине. КСРО кезінде Орталық Біріккен киностудиялар жұмысынан басталған үдеріс бүгін де жалғасын табуда. Глокализацияда – глобализация барынша жаһандық ауқымда, ал локализация әрбір жергілікті ауқымда өзіне қажетті дүниелерді түсіре отырып, кең ауқымға ұмтылуы шарт, яғни, ол фильмдер кең ауқымда көрсетуге де жарайтын болуы керек. Мұның қалай жүзеге асатыны туралы айту қиын, бірақ, бүгінгі күн талабынан келгенде бұған ұмтылу керек болады.

 

Ермек Шынарбаев, кинорежиссер, продю­сер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ха­лықаралық кинофестивальдар жүлдегері:

Еуразия» мәртебелі кинофестивальға айналды

Біраз жылдан бері «Еуразияның» кон­курстық бағдарламасының таныстыры­лымын жүргізесің. Өзімізді де, әлемдік те кинокон­тексті жақсы білетіндіктен, сенің сондай жарқын да жасампаз таныстырылымдарың, бір есептен, қалың көрермен үшін білім көзі деуге болады. «Еуразияның» әр жылғы беталысын жақсы білетін киногер ретінде биылғы фестиваль несімен ерекше дей аласың?

Жақсы пікіріңе рахмет. «Еуразияның» биылғы ерекшелігі, әрине, біріншіден, ЭКСПО-2017 аясында өткізілуі. Мемлекет тарапынан жақсы назар аударылды, бюджет те жылда­ғыдан көптеу бөлінді. ЭКСПОҒА келгендердің киносүйерлері қызғылықты фильмдер көруге мүмкіндік алды. Ал негізгі ерекшелік, меніңше, фестивальдік бағдарла­маның сапалы болуында. Әдетте маған «Еура­зияда» бір провинциализм бардай сезілетін. Жас фестивальміз, сондықтан да үлкен фестивальдардан қалғанды әкелеміз, көкірек қақпаймыз, тағысын тағылар… Алайда, өткен жылдан бері жағдай күрт өзгерді.  Өткен жылғы бағдарлама мықты болған еді, биылғысы да асып түспесе, кем болған жоқ. Бұл тұста фестивальдің бағдарлама директоры Е.Ларионо­ваның еңбегі үлкен. «Еуразияда» тек жақсы фильмдер көрсетілуі тиіс деген биік меже алып, тек жақсы фильмдер әкелу мақсаты қойылған. Бүкіл әлемдегі кино әлемін жақсы білетін Аме­рика, Азия, Еуропадағы  аса танымал кино­танушылармен, сыншылармен шығарма­шылық байланыс орнатылуы да – фильмдер іріктеуде және фестивальға әкелуде пайдалы болды.

Өз тарихының он үшінші жылында «Еу­разияның» мәртебесі орнықты, яғни, «Еура­зияға» шақыру алу, «Еуразияда» мойын­далу  – үлкен мәртебеге ие болды деген сөз. Кино­продюсерлер ассоциациясының Халық­аралық федерациясы ФИАПФ «Еуразияны» салмақты фестивальдар санатына кіргізді. Бұл – қуаныш­ты жағдай.  Фести­вальдің, әрине, кемшіліктері бар. Бірақ, қай фестивальда кемшілік жоқ дейсіз. Соңғы екі жылдағы артықшылық – бейнепроекцияның, дыбыстың сапасы өте жоғарылығы, кинотеатрлардың көрерменге жайлылығы. Бұл жағынан әлемнің кез-келген фестивалі қызығарлықтай дейді қатысушылар. Біз бұған мақтана аламыз.

90 жылдар қарсаңында дүр етіп көтерілген «жаңа толқынның» белгілі өкілісің. Қазіргі қазақ киносындағы  үдерістер туралы пікіріңді білу қызғылықты болар еді.

Кеңестік кездері қазақ кинематографы күрделі жағдайда болды.        Бізде ұлы кино болғанын кейінірек түсіндік. Бүгіндері Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қо­жықов есімдерін мақтанышпен атаймыз. Олар кеңестік кинода жарқырап көріне алмады. Ал бізде қандай ғажайып актерлер болды!

Қайта құру кезеңі келгенде, қазақ киносы күрт алға шығып, әлемге танылды. «Қазақтың жаңа толқыны» бүкіл әлемде мойындалды, сол кездері бағдарламасында қазақтың кинокарти­насы болуы – фестивальдің сапалық белгісін­дей еді, қазақ киносы әлемдік барлық бәсеке­лерден марапатпен оралатын. Есімде, бір жолы марқұм Ораз Рымжанов барлық режиссерлерге марапаттарын Кино үйіне алып келуді өтінді. Сонда марапаттың көптігі сондай, Кино үйін біздің марапаттар «басып қалды». Ол кездері біздерге  мұндай ахуал  жалғаса беретіндей көрінетін. Бірақ, олай емес. Ол жағдай ерте ме, кеш пе, бір аяқталар еді…

Қазіргі жағдайда біздерге өзге кинемато­графтар шыққан позицияларымызды қайтадан жеңіп алу керек. Сондықтан да әлемдік кинода не болып жатқанын көріп-білу үшін «Еуразия» кинофестивалін өткізуіміз аса маңызды.

Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмін көрермен қалай қабылдағанын, шетелдік қонақтар қалай қызыға қарағанын көріп отырдық. Отандық көркем фильм өзін өте лайықты танытты. Бас жүлдені жеңіп алды. Мақтануға болады. Фильм барысында менің де көзімнен жас шыққан сәттер аз болмады. Сәбит адамның жүрегіне жете алады. Жалпы, бұл – қазақ кинематографына тән қасиет. Қазақ киногерлері жүректің қылын шертеді.

Көз жасы демекші, әдетте көрермендер сүйсініп, кейде көз жасын төгіп көретін фильм­дерді сыншылар қатты сынайтыны бар.

Бұл тұста мен мынаған назар аударғым келеді: бүкіл әлемде сынның бір-бірінен өзге­шелігі жоқ, тіпті, бірдей десе болады. Мысалы, мен Канн фестиваліне барғанда, сыншы достарымды кездестіремін. Олар, бітті, кино құрыды, ештеңе де жоқ, деп күңіренеді. Бұл, тіпті, әлемдегі барлық сыншының «ауруы» десе болатындай… Кино дамыса деген оймен үнемі көңілі толмау, үнемі сынау – сыншы­лардың міндеті болар. Ал, көрермен мейірбан, ол бәрі­бір киноны жақсы көреді… Осыған да тәуба. Сосын барып түсінесің – кез-келген фильмнің өз көрермені бар. Кино дегеніңіз көпқырлы. Жақсы кино, жаман кино деген жоқ, тек қана әр  түрлі кино бар. Кино әр  түрлі, менің бүгінгі таңда өзім тоқтаған басты тұжырымым – осы.  Нашар кино деген жоқ, сондықтан да сыншылардың «мынау нашар кино» деуін қаламаймын, қабылдамаймын. Өйткені, әр фильмнің артында киногерлердің, кинотоптың  қан мен тері, зор еңбегі тұр… Ол нашар кино емес. Бар болғаны – ол сын­шының ойындағы, қалауындағы кино емес. Ал қандай да көркем фильмнің міндетті түрде өз көрермені болады…

«Жаңа толқынның», өзің айтпақшы,  үні бәсеңсіп қалуына не себеп? Соңғы кезеңдері фестивальдардан да көрінбейтін болды…

Жоғарыда айттым ғой, әр нәрсенің өз мерзімі, аяқталар сәті болады. Бұл – сол тол­қын режиссерлері тоқтап қалды деген сөз емес. Басында бір толқын болғанмен, әр режиссердің өзіндік жолы бар. Жаңа пози­цияларға шығу керек. Өзіме келсем, бос жүретін кезім жоқ. Көп­теген жобаларым бар. Осы жолы Джон Малковичпен бір ерекше жобам туралы сөйлестім, мәселені әлі пысықтаймыз.

Тартымды әңгімеңе рахмет.  «Еуразияның» мәртебесі арта берсін. Жобаларың сәтті жүзеге ассын.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет