«Қазақ киносының тарихы» (IV.V)

IV.Қазақ ұлттық кино өнерінің дамуы (1950-1970) 4.5.Эксперименталды мультфильмдер

 Бауыржан Нөгербек

өнертану кандидаты, профессор, кинотанушы


Эксперименталды мультфильмдер

Қазақ анимациясы алғашқы қадамдарынан-ақ, шығармашылық ізденістерге, жаңа көркем-суретті стилистиканы игерудегі эксперименттерге дайын екенін көрсете білді. Қазақ фольклорының негізінде жасалған классикалық мультфильмдермен қатар, авторлар, анимация үшін таңсық жанр — кинопублицистиканы, фантастиканы игеруге тырысты. Бұған, Виктор Чугуновтың бірқатар жұмыстары куә бола алады.

Айталық, режиссер-дебютант Виктор Чугунов қойған қазақтың үшінші сызба фильмі (“Өзгерту”, 1969) шығыстың фәлсәфәлық әпсәнасы іспетті жасалған, соғысқа қарсы публикациялық шығарма түсіруге деген талпыныс.

Мультфильмнің сценарийі мадияр жазушысы Хелтаидің, шығыс әпсәнасы арқау болған, ертегісінің желісімен жазылған.

Сценарий авторлары — Анатолий Волков пен В.Чугуновты — шығыс әпсәнасының жанры, соғысқа қарсы тақырыпты поэтикалық теңеулер арқылы ашу мүмкіндігімен қызықтырады.

“Өзгерту” — фильм-ескерту деуге тұрарлық. Авторлар “жер бетіндегі бейбітшілікті сақтаудағы, әлемдегі текетірес ошақтарын жоюдағы әр адамның жауапкершілігі жайлы ойды тереңдетуге” [1] талпынған.

Хелтаидың ертегісінде бұл тақырып жеңілдетілген еді. Кішкентай ғана шіркей метаморфозаға ұшырап пілге айналады.

Сценарийге кіріскен сәттен, авторлар публицистикалық сарынды күшейтуге бекінді. Олар Хелтаи ертегісінің баяу, баяндамалық сюжетінен бас тартып, фабуланы драматургиялық тұрғыдан мейлінше күшейтті.

Шіркейдің бейнесі экрандық нұсқада бірте-бірте ұлғайып, адамның ырқына көнбеген Жамандықтың символы ретінде көрсетілген.

Шығыс ертегілері мен әпсәналарында піл, әдетте Жамандық пен Жауыздықтың символы емес. Сондықтан, авторлардың кішкентай ғана шіркейді болат сауыт жамылған өрмекші сынды құбыжыққа ұқсатқандары дұрыс болған. Осы бейне — мағынасыз жойқын соғыстың ең дәл әрі әсерлі символына айналды.

Драматургиялық тұрғыдан фильм екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім — тұрмыстық, онда шіркейдің пайда болуы жайлы, сырт қарағанда езу тартқызар кәсібі жайлы айтылады: шіркей бір кейіпкерден екінші кейіпкерге қоныс теуіп, күлкілі жәйттерге тап болады. Дәл осы бөлім, екінші, драматургиялық бөлімге “кіру кестесі” сияқты. Шіркейдің пайда болуымен туындаған, түйелерді қайырушы жас жігіт пен  бір әйелдің күйеуі арасындағы түсініспеушілік қанды оқиғамен аяқталады — малшы өлтірілді. Өз кезегінде малшының өлімі, ең аяғы қырғынға ұшыратқан, қанды қылмыстардың басы ғана болып шығады...

Драматургия “айналмалы спираль” принципімен жасалады. Малшының өлімі жолдастарының ызасын тудырады. Ал, күйеудің өлімінен ауылдастары қаһарына мінеді. Бір топ малшының өлімі туыстары мен жақындарының ашуын кернеді. Ауыл ауылды, қала қаланы шапты, сөйтіп, бәрі соғыстың жан түршігер құйынына ұласты.

Спираль айналған сайын, фильм сюжеті де шиырыла түседі. Оның шырқау шыңы қаладағы шайқас. Қарсылас екі жақ соқтығысқан кезде құйындай көкке атылды...

Негізгі мағыналық жүкті ақ сақалды Дананың бейнесі көтереді. Сондықтан, новелладағыдай кинокартинаның соңы күтпеген жәйтпен аяқталады — мұның бәрі қарияның қиялында болған уақиға екен. Кішкентай ғана зұлымдықтың ішіне сақтаған кесапаты зор екенін бірден түсінген ол, Жамандық нәубетке айналмай тұрғанда оның көзін құртады. Фильмнің осылайша аяқталуы келісті әрі дәл еді.

Фильмнің басы мен аяғында қолданылатын Леонид Толстойдың жұтаң дикторлық мәтіні халық ертегілерінің мәнерімен жазылған. Осынысының арқасында шығарманың негізгі ойы тура жеткізіліп, картинаның болмыс-бітімі іштей толысады.

Қызықты шығыс әпсәнасының пошымымен көмкерілген сценарийдің тақырыбы, түпкі ойдың маңыздылығы мен күрделілігін, оның бейнелі-поэтикалық көлемін жеткізе алатын жаңа көркем-суреттік тәсілдерді қажет етті.

Режиссер В.Чугунов пен қоюшы-суретші В.Щукин фильмнің өзіндік графикалық шешімін тапты.

Шығарманың көркемдік қатарын түзеу үшін шығыс миниатюрасының ою-өрнектерінің, байырғы сәулетінің, халық киім-кешегінің, жезді соғудың мәнерлі элементтері қолданылды.

Дайындық кезеңінің өзінде, кейіпкерлер мен фондардың алуандығын, көркем-суретті пішіннің түсті-бояулық және графикалық байлығын экранда жан-жақты көрсете алатын технаканы таңдауға мейлінше көңіл аударылды. Ұзақ ізденістер мен ондағы экрандық сынақтардан кейін суретшілер, сызба мультипликация мен жазық бейнелерді алмастыратын комбинациялық техниканы қолданғанды жөн көрді. Бірақ, әдетте, сызба суреттер мен жазық марионеткалардың арасындағы айырмашылық өте көп, мұның өзі кейіпкер мен фонның стильдік сәйкессіздігіне ұрындыруы мүмкін. Сондықтан, суретшілер целлулоидте салынған суретке, жазық бейнелерге ұқсатып, мұқият түрде штрих түсіретін болды. Осының арқасында эклектиканы болдырмауға мүмкіндік туды.

Жан бітіру техникасы мейлінше ықшам. Кейіпкерлердің ойыны мәнерлі — мінез-құлықтың ерекшелігінен туындайтын әрбір қимыл психологиялық дәлдікпен келтірілген.

Алайда, фильмде бәрі де ойдағыдай шықты деп айта алмайсың. Бірінші тұрмыстық бөлімде Дананың мінезінде біржақтылық басым. Режиссер бейнені сомдаудағы белгілі бір жұтаңдықтан арыла алмады. Бейненің экрандық нұсқасында жалпыламалық басым, осының салдарынан даралық сейіледі. Қарияның көптеген қылықтары эмоциялық реакцияны туғызбайды. Оның үстіне алғашқы үш эпизодтың ырғағы тым созылыңқы: ондағы статика қимыл-әрекеттің екпінін әлсіретеді. Мұның өзі, ойдың ішкі даму ырғағын бұзып, көрерменнің көңілін басты нәрседен ауытқытады.

Драматургиялық материалдан туындайтын соғыстың қаталдығын көрсету экрандағы өзіндік, ерекше тәсілді қажет етті.

Мультфильмнің қоюшы-суретшісі В.Щукин кинокартинаның бейнелі қатарына қазіргі заманның динамикалық тәсілдерін ұтымды қоса білді. Қаланың үстінен құбыжық төнген сахна — мықты сахналардың бірі. Драматургиялық тайталасты білдіру үшін, суретші бұл эпизодтарда өткір ракурсты композицияларды  қолданады. Олар “төменнен” алынғандықтан адамдарға төнген қауіптің зорлығы айқын білдіріледі. Құбыжық қаланы шарлаған кезде, оның жүрісі жан түршігер гуілге ұласып, онысы үрейлі музыкамен “әспеттелген”. Сазгер С.Ботпаев әлемге төнген қауіпті музыкасында дәл жеткізе алды.  Оның фильмге жазған музыкасы, қуғын сахнасынан бастап алыстап бара жатқан құбыжықты шығарып салатын ең ақырғы аккорттарына дейін шығарманың ең негізгі ойын айқын сезуге мүмкіндік береді, сөйтіп, фильмнің публицистикалық, фәлсәфалық сарынын күшейтеді.

“Өзгерту” атты қазақтың сызба фильмі барынша экспериментальды деумізге болады. Картина авторлары алғаш рет әпсәна жанрына бой алдырды. Өкінішке орай, фәлсәфалық ойды білдіруге септігі тиетін осы жанр қазақ мультипликациясында көрініс таппады деуге болады. Суретші мен режиссер жаңа көркемдік-суреттік мәнерді, жаңа мультипликациялық техниканы игере отырып экспериментке батыл қадам жасады. Жаңа көркем-суреттік тәсілдерді іздегенде, олардың шығыс өнерінің бай ұлттық дәстүріне көңіл аударғаны қуантады.

Түрлі-түсті, екі бөлімді “Кәрі Еркеннің тыртықтары” (1970) фильмі, кинодраматург Леонард Толстойдың сценарийі бойынша түсірілген, Виктор Чугуновтың екінші жұмысы. Бұл — жартылай көркем-суретті фильм, мұнда анимация деректі натурамен, актер ойынымен салғастырылады. Мульфильм жеке тұлғаның атынан баяндалады: экрандағы адам өз әңгімесін залда отырған балаларға бағыттап, басынан кешкендерін баян етеді. Мультфильмдегі әңгімешінің ролін театр мен киноның ақсақалы Серке Қожамқұлов сомдады.

“Кәрі Еркеннің тыртықтарындағы” басты тақырып — туған жерге деген махаббат — В.Чугуновтың тағы да Леонард Толстойдың сценарийі бойынша түсірген “Көк планета” атты үшінші фильмінде жалғасын табады. Түпкі ойының қызықты болуына қарамастан, бұл фантастика жанрын игерудің сәтсіз қадамы еді.

Кино тарихшысы Қабыш Сиранов “Казахстанская правда” беттерінде “Көк планета” туралы былай жазған еді: “Фильмдегі графикалық суреттердің, техникалық тұрғыдан алғанда, кәсібилігі бірден көзге түседі. Бірақ мәселе мынада, бұл — сыртқы, бос, айқын ойы мен мазмұнынан ада әдемілік. Фильмдегі оқиғалар шашыраңқы һәм астарсыз. Картина кейіпкерлері қай ұлтқа, қай елге жататынын дөп басу мүмкін емес, онда ешқандай ұлттық ерекшеліктер жоқ... Көңіл жұбатарлық нәрсе, “Көк планета” — қазақ мультипликациясы өнерінің жалпы бағытынан ауытқыған бір-ақ шығарма” [2].

Шамасы, “жалпы бағыт” дегенде Қабыш Сиранов, халық ертегілері мен аңыздарын экранға шығарып келген қазақ анимациялық шығармаларының көркемдік, жанрлық және тақырыптық бірлігін айтқан болар.

“Көк планетадан” кейін Виктор Чугунов сызба анимациясындағы жаңа тақырыптарды іздеумен болады, алайда, олардың бәрі алғашқы жұмысы “Өзгертуге” жете алмады.


Әдебиеттер көрсеткіші:

  1. Сценарий авторымен әңгімеден
  2. Сиранов Қ. Становление жанра //Казахстанская правда, 1972, 18сәуір.

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р.Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет