Гүлжан Наурызбекова. Америка киносының қысқаша тарихы

Америка киносының қысқаша тарихы. 1-лекция. Америка киносының қалыптасу жылдары.

Edvin Porter

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың басында фильмдер өндірісінің қуаттылығы жағынан Франция, Англия, Италия, АҚШ, Дания, Германия шамамен бір деңгейде болды.  Мемлекетаралық тәжірибе алмасу жолға қойыла бастайды. Америкада кино өндірісінің алдыңғы қатарында «Эдисон» және «Байограф» фирмалары болды. Сонымен қатар, Нью-Йорк, Чикаго, Бостон, Сан-Франциско қалаларында ірі кинофабрикалар пайда болады. Көп ұзамай-ақ кино өндірісінің сандық көрсеткіші жағынан америка киносы алдыңғы қатарға шығады. 1906 жылға дейінгі аралықта американың кино өндірісінде де  басты шығармашылық тұлға оператор және механик болып қалды. Фильмді түсіретін де, монтаждық тәсілмен құрастыратын да, дайын туындыны кинотеатрдан көрсететін де бір өзі болды. 1900 жылдар тұсында экраннан сюжеті күрделі оқиғаларды сипаттауға деген құлшыныс пайда болады. Кино тілінің осы бағыттағы сипаттау тәсілдерін жаңа деңгейде дамытуға үлес қосқан америкалық режиссер Эдвин Портер болды. Шығармашылық жолын «Эдисон» фирмасының механигі қызметінен бастаған жас маманның алғашқы фильмдері кино тіліне ешқандай жаңалық әкеле қоймады, алайда, Жорж Мельестің ықпалымен оның  эстетикалық талғамдары мен шығармашылық тәсілдері біртіндеп өзгеріске ұшырай бастайды. Ендігі жерде Портер толықметражды фильмдер түсіре отырып, монтаждық тәсілдер бойынша тәжірибелерді жүзеге асыра бастайды. Оның «Жизнь американского пожарного» (1902) және «Большое ограбление поезда» (1903)  фильмдері мазмұндық оқиға сипаттаудың күрделі тәсілдерінің мысалы бола алады.  «Жизнь американского пожарного» фильмінде режиссер алғаш рет архивтен алынған деректі  хрониканы көркем тілдегі сюжеттік тармақтармен монтаждау арқылы үйлестіреді. Өте сәтті басталған монтаждық ізденіс тәсілдерін режиссер өзінің келесі фильмдерінде тереңдете түседі. «Большое ограбление поезда» фильмі жалпы  кино өнері  тарихындағы жаңа ағымның, атап айтқанда, вестерн жанрының басы болып табылады. Бұл фильмде оқиғаның өрбітілу барысында камера қозғалысы арқылы монтаждық тәсілдер кең пайдаланылады, нәтижесінде оқиға өтетін орта сипаты алма-кезек беріліп отырады, параллельді монтаждың алғашқы тәсілдері осылай басталады.

Портердің және басқа да  бірқатар американық  режиссерлардың фильмдерінде алғаш рет монтаждық тәсілдердің кеңістік-уақыттық мүмкіндіктері  жүзеге асырылады. Олардың фильмдерінде кең пайдаланылған кадр байланыстары сюжеттік оқиғаның заңды  даму сәйкестігін ғана емес, сонымен қатар, болашаққа саяхат немесе өткен кезеңге шегініс сияқты уақыт кеңістігінде емін-еркін бойлауға мүмкіндік берді. Әсіресе, мұндай монтаждық тәсілдердің қуғын-сүргін фильмдердегі(фильмы погони) сюжетті көрсетуге мүмкіндіктері мол болды, біріншіден, кеңістік деңгейінде қозғалысты алма-кезек қамту мүмкіндіктері, екіншіден, қуғындағы кейіпкерлердің арасындағы ұзындық өлшемінің дәлдігі. Осы мүмкіндіктердің айқын мысалы, әсіресе,   Портердің «Большое ограбление поезда» фильмінде жүзеге асырылды. Әрине, бұл тәсілдер сол кездегі француз киносының ірі киноөндірістері «Пате» және «Гомон» студияларынан шыққан фильмдерде де кеңінен пайдаланылды.  1905 жылы Питтсбург қаласында             «Никельодеон» деген атпен алғашқы кинотеатр пайда болады. Никель – бір билеттің құнына сәйкес монета атауы, «Oдеон» - театр қойылымына сәйкс мазмұндағы ұғым. Бұдан былайғы уақытта АҚШтың басқа да қалаларында кинозалдар  көптеп пайда бола бастайды. 5 жыл көлемінда Америкадағы кинотеатрлардың саны 10 мыңға жетті. 1908 жылдың соңында Нью-Йорк қаласында «Байограф» және «Витаграф» кинофирмаларының бірігуі нәтижесінде жаңа киноөндірістік трест пайда болады. Бұл патенттік трест заңына сәйкес барлық кинотеатрлар «Эдисон компани» тресіне лицензиялық ақы төлеуге міндетті болды. Осындай қыспаққа алынған жағдайда бірқатар тәуелсіз кинотеатрлар иелері Нью-Йорктен алшақ басқа қалаларға, кейбіреулері тіпті шетелге қоныс аударуға мәжбүр болады. Осындай ыңғайлы жағдай Лос-Анжелес маңында Калифорнияда пайда болды. Болашақ Голливуд (1908) тарихы осы жерден басталады.

Great train robbery (1903)

1905-1914 жылдар аралығында американың кино өндірісі жедел қарқынмен дами бастайды.  Никельодеон кинотеатрлары көпшіліктің ең сүйікті орнына айналады. 1907 жылы Европадан эмиграциямен келген адамдар саны ең шарықтау шегіне жетеді. 1 млн 285 мың адам. Тілі, діні, мәдениеті бөлек әр елден жиналған адамдардың  ортақ рухани құндылығы кинотеатрлардан көрсетілетін сеанстар  болды. АҚШ халқының басым көпшілігін қамтыған «Никельодеон» кинотеатрлар жүйесі ендігі жерде Канада мен Мексиканың шекарасына жетеді. Жаңа өлкедегі жаңа өмір жағдайында 20-ғасырдың алғашқы онжылдығында кинематографтың дамуындағы көркемдік суреттеу тәсілдеріне алғышарттар осылай қалыптаса  бастайды. Тәуелсіз киностудиялардан үзіліссіз жарық көріп жатқан фильмдер негізінен екі жанрда қалыптасты: көпшілік көрерменнің талғамына сәйкес келген халықтық жанр – вестерн  тарихы ковбойлық фильмдерден бастау алды, және екінші жанр – комедия жанры. Ковбой фильмдердің жанр ретінде қалыптасуына актер және режиссер Гилберт Андерсонның сіңірген еңбегі мол болды.  «Байограф» және «Витаграф» сияқты ірі кинокомпаниялардан қолдау таппаған Андерсон кішігірім кинофирманың продюсерлерімен бірлестікте 1908 жылы «Эссеней» студиясын құрады. Сан-Франциско маңайында орын тепкен бұл студияда әр күн сайын жаңа фильмдердің эпизодтары үзіліссіз түсіріліп жатты.  Барлық фильмдердің бас кейіпкері ковбой Брончо Билли өте тапқыр әрі ержүрек жауынгер ретінде  көрерменнің көңілінен шығады. Аса танымал экран кейіпкеріне айналған Брончо Биллидің үлгісімен ендігі жерде басқа да киностудиялар өздерінің ковбой кейіпкерлерін экранға шығара бастайды. Ковбой тақырыбындағы барлық фильмдердің драматургиясы бір мәнерде өрбітіліп отырды: бас кейіпкер тапқыр, ержүрек, адал және қашан да зорлық-зомбылыққа қарсы тұрады, оған қарама-қарсы қойылатын кейіпкер зұлым, екі кейіпкердің тартысы міндетті түрде жағымды кейіпкердің жеңісімен аяқталады, ақыр соңында әділеттілік орнайды.  Алғашқы жылдардағы ковбой фильмдердің кейіпкерлері шым-шытырық оқиға ортасынан міндетті түрде  әділетті жеңіске жетуге тиіс болды. Ковбой тақырыбына түсірілген әр фильмдегі сипатталатын оқиға сюжетінің нанымдылығы, кейіпкерлердің табиғилылығы және оқиға динамикасының жылдам қарқыны Америка киносының Еуропа экранына жол табуына зор ықпалы болды.

Әдебиет көрсеткіші:

  1. Гуидо Аристарко «История теорий кино». М., "Искусство", 1966.
  2. Теплиц Ежи. История киноискусства. М., 1968-1973.
  3. Леон Муссинак. Избранное. М, Искусство, 1981.
  4. Садуль Ж. Всеобщая история кино. М., 1958-1982.
  5. Киноэнциклопедический словарь. М., 1986.
  6. Комаров С.В. Великий немой. Из истории зарубежного киноискусства (1895-1930). М., 1994.

 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет