Б.Тұрғынбай: Шығыстық мәнер жаныма жақын

Сұхбаттасқан: Балерке ЕЛТАЙ

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, өнертану, ІІІ курс




Қазақ бейнелеу өнері, ұлттық көркем мәдениеттің бір бөлігі. Ал, осы қазақ бейнелеу өнеріне өз еңбегін аямай төгіп жүрген қыл қалам шеберлеріміз көп-ақ. Солардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "кескіндеме" кафедрасының меңгерушісі, профессор, ҚР Көркемсурет академиясының академигі Тұрғынбай Болат Сырлашұлы. Иә, бүгінгі сұхбатымыз қазақ бейнелеу өнеріне жаңа леп алып келген Болат Сырлашұлымен болмақ.

 

- «Өнер - білім берем десең басына, Бер оқуға балаларды жасынан» - деп, Жүсіп Баласағұни айтып кеткендей, өнерге баулу үшін көп ата-ана баласын жастайынан тәрбиелеп жатады. Сіздің осы өнер атты өмірге келуіңізге ата-анаңыздың ықпалы қаншалықты болды?

- Иә, көп өнер адамдары солай ата-анасының көмегімен келіп те жатқан шығар осы бір қайнап жатқан қазанға, алайда менің бейнелеу өнеріне бас сұғуыма ата-анамның ешқандай да ықпалы болған жоқ десем де болады. Жалпы, ол кісілер менің қай салада болмасын адам болып қалыптасуымды, өз мамандығымның адал маманы болуымды қалады және соған қарай ықпал жасады. Ол кісілер әрдайым «қай салада болмасын отбасыңа, туып-өскен жеріңе, ұлтыңа өзіндік үлесіңді қосып, өркендеп дамуына өз септігіңді тигіз» - деп, айтып отыратын. Ал, бейнелеу өнеріне кішкентайымнан қызықтым, әсіресе әкемнің бейнесін жазудан шаршамайтынмын. Бір күні ауылға өзімнің жерлесім Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Амангелді Тұрсынов келіп менің кескіндемеге деген талпынысымды көріп «сенен жақсы суретші шығады» - деді. Ол кезде Амангелді студент еді, солай менің қалаға келіп оқуыма  көмектесіп, алғашқы ұстазым болды.

- Жалпы, сіздің 1981 жылы Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесін, ал 1989 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтын бітіргеніңіз белгілі. Ал, шығармашылығыңыздың бастауы болған қандай да бір үлкен жағдайды айтып бере аласыз ба?

- Мен оқуды бітірген соң араға аз ғана уақыт салып Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына мұғалім болып жұмысқа орналастым. Студенттерге дәріс берумен ғана шектелмей өнердегі өзімнің бағытымды іздене бастадым. 1990 жылдар елде дағдарыс болып жатқан заман еді ғой барлық өнер адамдары жеке кәсіппен айналысып қыл қаламынан қашықтап қалған шақ болатын.


Жаңа ай. 2004 ж. 50*65

Ал, өнер адамы болған соң шығармашылық ізденіс немесе шығармашылық өрлеу әрдайым болу керек. Сондай бір ең алғашқы өрлеу 1993 жылы болған еді. Дәл сол жылы, біз досым Тұрлыбек екеуміз Қазақстан Суретшілер Одағының көрме залына өзіміздің жеке шығармашылық көрмемізді ұйымдастырдық. Мен кескіндемелік туындыларды досым қолданбалық жұмыстарын қойған болатынбыз.

- Дағдарыс заманы деп жатырмыз, ол кезде жеке көрме ашу бір ерлікпен тең деп ойлаймын. Тіпті, дәл қазіргі уақытта да жеке көрме ашу оңай шаруа еместігі анық. Дағдарыс заманында, еліміз өз тәуелсіздігін енді ғана алған уақытта сідерге жеке көрме өткізу қаншалықты қиынға соқты?

- Иә, халық қиналған, қаражат жоқ тіпті, кейбір жандар ішерге ас таппай жатқан еді. Қазіргі замандағыдай қосымша қаражат көзі жоқ, тек қана бір жалақыға қарап, жұмыс істеп жүрген уақыт болды ғой. Ал, біз досымыз екеуміз көрмеге ақша табу мақсатында зергерлік өнермен айналыстық. Негізі мен оқуға келгенде кескіндемеге дейін бір жыл металл мамандығын оқыған едім.  Себебі, мен келген жылы кескіндеме мамандығына конкурс өте қиын болды. Солай, металдың қыр-сырын бір жыл ішінде біршама үйреніп шықтым. Сол үйренгенімнің арқасында, досым екеуміз күнде кешкісін кішкене ғана шеберханамызға келіп, әшекей-бұйымдар жасап, өткізіп, содан түскен қаражатты жинап, жеке көрме ашқан жайымыз бар. Сол жылдары алғаш Суретшілер Одағына ақша беріп, жеке көрмемізді өткізген біздер едік. Алдыңғы аға буын өкілдері біздің жасап жатқан жұмысымызға қуанып, батасын берген болатын.

- Болат Сырлашұлы, шеберхана демекші қазіргі таңда өзіңіздің жеке шеберханаңызыды қалыптастырдыңыз, онда болашақ қыл қалам шеберлерін дайындайсыздар. Осы жайында айтып кетсеңіз...

- Иә, бұл айтып отырған шеберхана осы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акадеимиясының қабырғасында қаланған. Мұнда үшінші курстан жоғары қарай студенттерді даярлаймыз. Монументалды кескіндеменің қыр–сырын үйретіп, балаларды ұлттық мектептің бояуына баулыймыз.

- Ал, енді өзіңіздің жеке шығармашылығыңызға келер болсақ, туындыларыңыздан біз әрдайым философиялық ойды көреміз. Сіз көрерменді философиялық ойлауға жетелейсіз. Көрерменге ой салардай бір туынды жазбас бұрын көп ізденіп, әдебиет оқисыз ба?

- Мен өз басым, көп әдеби кітап оқығанды ұнатамын. Әрдайым жақсы кітаптар болса тауып алып оқып жүремін. Көбіне философиялық және діни кітаптарды оқимын. Діннің өзі бір үлкен философия, дінді түсіну адамның философиялық біліміне тікелей байланысты. Көп оқыған адам дінді өзінше түсінеді, ал қарапайым халық басқаша оймен түсінеді. Сол дінді оқи отырып әр адам өзіне керегін алады. Тәрбиенің түп тамыры – дін. Мен өз басым көбіне қытай философиясын және индияның ведаларын, исламға дейінгі заратуштыраны және исламның өзін қарастырып, оқимын. Кітап оқымайтын болсақ, ойымызда ешқандай құнды дүние болмайды. Ойымызда ешқандай дүние болмаса біз суретшілер көрерменді толғандыратын шығарма жазып шығара алмаймыз деп ойлаймын.  Қазіргі жаһандану заманы тек білімділердің ортасы. Ал, сол білімді адамдарды яғни көрменді өзіңе қарату үшін сенде білімді болуың міндетті. Бұл айтып отырған білім осы жан-жақты ізденістен туындайды. Ол үшін көптеген кітаптар оқу керек.


Арман. 2007 ж. 70*55

- Шығармшылығыздан шығыстық мәнерді байқаймыз. Алайда, сіз орыс реализмін оқығансыз. Осы жайлы әңгімелеп берсеңіз...

- Иә, мен орыс реализмін оқыдым. Алайда, ол менің басқа бағытта ізденіп туынды жазуыма еш кедергісін келтірген емес. Шығыстық мәнерде жұмыс жасауымның себебі, менің барынша еуропадан бөлінгім келгендігінде. Кескіндеме өнерінде басым көпшілігі еуропаға еліктейді, ол шындық. Тіпті, үлкен ағаларымыздан осы мәнерде сабақ алып, сол еуропа мен орыс реализмін дамытуға үлес қосып жатқанын да байқамай қалды. Ал, мен соларға керісінше әрекет жасағым келді. Өзімізге жақын шығысытық мәнерде, жылы түсті бояуымыз арқылы неге туынды жазбасқа?! Орыс реализімінде жұмыс жасайтын суретшілер тек күлгін, қара, сұр түстерді қолданады. Оларға сап-сары болып шығып тұрған күннің өзін дәл солай жазуы қиындау. Ал, шығыстық мәнердің ерекшелігі сарыны сары, қызылды қызыл етіп айқын түстермен бейнелеуі, бұл біздің жүрегімізге жақын болып тұрады әрқашан. Мүмкін, бір күндері еуропаның кескіндеме өнері өз демін басып, біздің шығыстық мектепке көңіл бөле бастайтын да шығар. Олар отырып міне, Қазақстанның шығыстық мектебі деп бізден сабақ алар әлі. Менің шығыстық мәнерде жұмыс жасауымның басты себебі де осы. Туындыларым шығыс мәнерінде салынғанымен ондағы сюжет қазақи яғни мен қазақтың шығыстық мектебін қалыптастыруға тырысудамын.

- Осы шығармаларды керілген кенеп бетіне орындау барысындағы техникалық ерекшеліктеріңізді, өзіңіздің тәсіліңізді атап кетсеңіз?

- Менің ешқандай туындыларымда бір ғана қабатты жағыс болмайды, әрдайым бес-алты қабатты жағысты пайдаланамын. Неге десеңіз,  әр жағылған жағыс келесі қабаттағы бояуға өзіндік ерекшелігін береді, яғни сол арқылы туындыда өзгеше колорит қалыптасып шығады. Менің жазған туындыларым ұзақ уақытты алады. Ешқашан ол қысқа уақыт ішінде бітіп қалмайды.


Құбылыс. 2000 ж. 100*80

- Сондай ерекше туындылардың бірі «Құбылыс». Осы туындыңыз арқылы көрерменге не айтқыныз келді немесе неге тәрбиелегіңіз келді?

- Иә, онда тек жалғыз жұмыртқа кескінделген. Шығарманы орындамас бұрын мен жалпы өмір жайлы ойланған болатынмын. Ал, керілген кенептен орын алған жалғыз жұмыртқа арқылы мен адамның өмірге келуі мен қайта кетуін көрсеткім келді. Адам баласы болсын мейлі ол жануар немесе жәндік болсын бүгін бар ертең жоқ. Сол қамшының ұшындай қысқа өмірді көрерменге түсіндіргім келді. Негізі халық туындыға қарап қандай ой түйсе де ол әрине өз еркі. Алайда, сапалы дүниені көрерменге жеткізу ол біздің міндет.

- Алдағы уақытта көрме ашу ойыңызда бар ма?

- Жеке көрме беру әрбір суретшінің міндеті деп ойламын. Алдымыздағы күз айларында өзімнің тың шығармаларымды көрерменге ұсынамын деген ойым бар. Онда соңғы жазылған он бес шақты жұмыстарым болады деп отырмыз енді, құдай қаласа.

- Енді соңғы сөзіңізді, жастарға арналған лебізіңізбен аяқтасаңыз.

- Қазіргі жаһандану заманындағы жастар өте білімді болғандықтан, оларда тың жоспарлар мен жарқын мақсаттары бар. Олардың бойында қазақ еліне, жеріне деген сүйіспеншілік пен құрмет бар. Сондықтан, болар қазіргі қазақ өнерінің ұлттық нақышта боялып жатқаны. Мен қазіргі қазақ жастарға көңілім толып, қуанатыным – ұлтымыз, дініміз, тіліміз деп ұлтжанды болып келе жатыр. Жастар еліміздің болашағы деп қызмет жасап жатыр. Ал, сендер мұндай ұлт жанды болмасаңдар, енді дамып келе жатқан елімізге өте қиын болар еді. Сендердің  осындай қайсар мінездеріңмен қазақ елі де, қазақ өнері де өздігімен қалыптасады. Келешек ұрпаққа өлмес өнер қалдыру үшін де ұлтжанды болу керекпіз.


Ұштасу. 2010 ж. 100*80

- Бүгінгі ашық сұхбатынызға рақмет. Өнеріңіз өрге жүзе берсін. Сізге тек шығармашылық табыстар тілейміз!!!

- Сіздерге де көп рақмет!!!
31 Қаңтар 2017
413
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет