С.Нарымбетовтың "Көзімнің қарасы" кітабының тұсаукесері өтеді

2017 жылдың 10-наурызы, сағ. 12:00-де Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, "Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубында кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың "Көзімнің қарасы" атты кітабының тұсаукесері өтеді. Кештің модераторы белгілі сыншы, мәдениеттанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова. Кешке қоғам және өнер қайраткерлері қатысады.

Белгілі кинорежиссер, киносценарийші, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, тәуелсіз "Тарлан" және Француз киноөнер Академиясы Жорж және Рита Садуль атындағы жүлденің иегері, бірнеше беделді Халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетов 1946 жылы 7-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1965 жылы ҚазМУ-нің филология факультетін бітірген. 1969 жылы Бүкілодақтық кинематография институтын, 1984 жылы Мәскеудегі жоғары кинорежиссерлық курсын тамамдаған.

Өз сценарийлерінің негізінде бірнеше сүбелі деректі және көркемсуретті фильмдер түсірді. Айталық, "Созақтан шыққан Гамлет" (1990 ж.), "Көзімнің қарасы" (1995 ж.), "Омпа" (1998 ж.), "Мұстафа Шоқай" (2008ж.), "Аманат" (2015ж.) т.б.

Суреткер тек қана кино саласында ғана емес, сонымен қатар көркем проза жанырында да еңбек етіп келеді. 1968 жылы "Тентек" атты кітабы, 1981 жылы "Ассалаумағалейкум, Атлантида" атты повесть, әңгімелер жинағы жарық көрген. "Көзімнің қарасы" кітабы С.Нарымбетовтың авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды. Кинорежиссерлық өнер мен жазушылықтың үйлесім табу жолдары, тұлғалық деңгейге дейінгі өмір мен өнер соқпағы қамтылған шығармада жазушының өнер сыры жайлы, әріптестері туралы, қоғам мен руханият жайлы толғамдары, эсселері мен естеліктері және әріптестерінің автор туралы ой-толғамдары да қамтылған.

Автордың суреткерлік қолтаңбасы мен азаматтық болмысы туралы кеңірек мағлұмат беретін кітапқа режиссердің киносценарийлері де енгізіліп отыр. Қазақ киносының әлемдік контекстегі орнын анықтауға мүмкіндік беретін, үш бөлімнен тұратын жинақ ұлттық мәдениетімізді тағы бір қырынан айшықтайды.

Тұсаукесер рәсімін "Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубы, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапханасы және "Кино және ТВ" факультеті бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Өтетін орын: Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу театры. 

7 Наурыз 2017
311
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет