«Театр көктемі – 2017» фестивалі

Театр ұжымының шығармашылық жұмыстарына баға беріп, пікір білдірген қазылар мен сыншылар алқасында театртанушы мамандандарға басымдық берілуі, бұл жарысты өзге фестивальдерден ерекшелеп тұрды.

фото Әуезов театры сайтынан алынды

Гулзия Cадвакасова

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, 4 курс студенті



Ғылыми тұрғыдан «фестиваль» сөзі латын тілінен аударғанда «мерекелік» деген ұғымға ие болып, театр, музыка, кино, эстрада, цирк өнерінің жетістіктерін көрсететін ойын-сауықтың бір түрі ретінде қарастырылады.  Театр өнеріндегі өнерпаздарды жеткен жетістіктеріне қарай баға беріп, шығармашылық жұмыстарын сарапқа салатын фестивальдер елімізде алғаш рет 1992 жылы Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдығына арналып өткен болатын. Содан бері республика көлемінде әртүрлі фестиваль-байқауларды өткізу дәстүрге айналған.

Рухани саламыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 1995 жылдан бастап жаңа премьеараларға арналған «Театр көктемі» фестивалін ұйымдастырып келеді (алғашқысы 1995 жылдың 18-27 наурыз аралығында өткен). Көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін дәстүрлі байқау, биыл сахна саңлағы, Қазақстан және КСРО халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналды. Актрисаның зиратына гүл шоқтарын қойып, құран бағыштаумен бастау алған фестиваль, баспасөз мәслихатына жалғасып, театр актерлерінің қызыл кілемдегі шеруімен салтанатты түрде ашылды. Биылғы «Театр көктеміне» 5 спектакль,  бір өзіндік жұмыс қатысты: Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы (реж. Қуанышбек Адылов), Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахико» (реж. Асхат Маемиров), «Көмбе нанның дәмі» (реж. Алма Кәкішева) драмалары мен  Рэй Кунидің «Мани-Мани» комедиясы (реж.Еслям Нұртазин), Қолғанат Мұраттың «Бақыт кілті» драмасы (реж.Есмұхан Обаев) және Ж.Кокто мен Ф.Пуленктің «Адам дауысы» монооперасы (реж. Рүстем Жаныаманов пен Асхат Маемиров).

Театр ұжымының шығармашылық жұмыстарына баға беріп, пікір білдірген қазылар мен сыншылар алқасында театртанушы мамандандарға басымдық берілуі, бұл жарысты өзге фестивальдерден ерекшелеп тұрды. Қазылар алқасының төрағасы – театр режиссері, Қазақстанның халық артисі Нұрқанат Жақыпбай болса, құрамында республикаға танымал театртанушы ғалымдар: өнертану кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қабдиева Сәния Дүйсенханқызы, өнертану докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы және  шетелдік театр мамандары: өнертану докторы, блоггер, Илья атындағы Мемлекеттік ғылыми зерттеу университетінің басшысы Лаша Чхартишвили (Грузия) мен философия және өнертану ғылымдарының докторы, доцент, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы, Архитектура және өнер институты, «Театр, кино, телевидение» бөлімінің меңгерушісі Видади Гафаров (Әзербайжан) қатысты. Сыншылар алқасында ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, доцент Аманкелді Мұқан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты Анар Еркебай, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Әдебиет бөлімінің меңгерушісі», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова болды. Шетелдік театр мамандарының қатысуы аталмыш фестивальді, болашақта халықаралық деңгейге жеткізудегі мақсаттың  алғышарты еді. 

Сондай-ақ көршілес мемлекеттерден келген қонақтар шеберлік дәрістерін зор құлшыныспен өткізді. Атап айтсақ, Видади Гафаров  «Постдрамалық театрға дейін және кейінгі актерлік өнер»  тақырыбында сөз қозғаса, Лаша Чхартишвили «Қазіргі актерлік өнердің кейбір мәселелеріне» тоқталып, өз ойы, тәжірибесі және  сараптамасымен бөлісті. «Хадиша Бөкеева және бүгінгі актерлік өнердің өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда еліміздегі театртанушы ғалымдар баяндама оқып, өзекті мәселелерге тоқталып, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Театрдың «Сырласу» клубында КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп көрермендермен жүздесіп, жиналған қауымның көкейдегі сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында көпшіліктің сұрауымен Нүкетай Мышбаева «Майраның әнін» шырқап, Асанәлі Әшімов те  әннен шашу шашты. Есмұхан Несіпбайұлы тамылжыта ән салса, Дәрия Жүсіп «Томиристің» монологын оқыды.

Наурыз айының 13-17 аралығында нағыз мерекеге айналған фестиваль төмендегіше қорытылып, номинаттар дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды иеленді. Қазылар мен сыншылар алқасының шешімімен: «Балғын талант» жүлдесі «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Сәлім шалға ілесіп жүретін бала ролі үшін Аян Бекжанға, «Тұсаукесер» жүлдесі: «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Ахмет ақын ролі үшін Абзалбек Максимге, «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Ахиконың әкесі ролі үшін Аян Өтепбергенге, «Көрермен көзайымы»: «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы I Тергеуші ролі үшін Жанат Тинбаевқа, «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Тұтқындағы әйел ролі үшін Айзада Сатыбалдиеваға, «Үміт» жүлдесі: «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Люба – украин қызы ролі үшін Ляйля Тілеуоваға, «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Ауылбасының ұлы ролі үшін Мерей Мұхтарұлына, «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы Сердәлі ролі үшін Қайрат Нәбиоллаға, «Ақан сері –Ақтоқты» қойылымындағы Сейіт ролі үшін Қуаныш Бейсеғалиевке, «Өзіндік жұмысы үшін» («Адам дауысы» қойылымы) Дәрия Жүсіпке, «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Сейфолла Оспанов ролі үшін Болат Әбділмановқа, «Актерлық ізденістері үшін» «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Степан ролі үшін Азамат Сатыбалдыға, «Шығармашылық ізденістері үшін» «Көмбе нанның дәмі» қойылымының режиссері Алма Кәкішеваға, «Сахналық үйлесімді жұп»: «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы Қоңқай ролі үшін Мұрат Нұрәсіловке, «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы Дәмелі ролі үшін Рахилям Машуроваға, «Сахналық ғұмыр» жүлдесі: «Бақыт кілті» қойылымындағы Жынды ролі үшін Жоламан Әміровке, «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы Науан ролі үшін Бақтияр Қожаға, «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Ауылбасы ролі үшін Омар Қыйқымовқа, «Эпизодтық ер адам бейнесі» «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Альберт және «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Махмуд рольдері үшін Дәуір Анарбайға, «Үздік эпизодтағы әйел адам бейнесі»: «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Жәмиля ролі үшін Шынар Асқароваға, «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Зуһра ролі үшін Жанаргүл Жаныамановаға, «Сахналық ансамбль» жүлдесі «Мани -Мани» қойылымына, «Үздік режиссура» «Бақыт кілті» қойылымының режиссері Есмұхан Обаевқа, «Үздік сценография»: «Бақыт кілті» қойылымының суретшісі Мұрат Сапаровқа, «Көмбе нанның дәмі» қойылымының суретшісі Есенгелді Тұяқовқа, «Қойылымдағы тарихи бейне» «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Ақайдың Қасені ролі үшін Бекжан Тұрысқа, «Екінші пландағы әйел адам бейнесі»: «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Түрік кемпір ролі үшін Гүлнәр Джакуповаға, «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Катя ролі үшін Жанель Мақажановаға, «Екінші пландағы ер адам бейнесі»: «Бақыт кілті» қойылымындағы Казаков ролі үшін Бауыржан Қаптағайға, «Көмбе нанның дәмі» қойылымындағы Неміс шал ролі үшін Азат Сейтметовке, «Үздік ер адам бейнесі» «Ақтастағы Ахико» қойылымындағы Ахико бейнесі үшін Дулыға Ақмолдаға берілді.

Ал, театр өмірін газет-журнал, теледидар мен радио  арқылы халыққа насихаттап жүрген бұқаралық ақпарат қызметкерлері «Театр және ақпарат» жүлдесімен  марапатталды.

Фестиваль соңы Хадиша Бөкееваны еске алу кешіне ұласты. Кешке ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, халыққа ыстық ықыласын жолдады. Қазақстан Театрлары ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов, министрлік және ассоциация тарапынан «Хадиша Бөкеева» атындағы арнайы сыйлықты «Ақтастағы Ахико» спектакліне ат салысқан ұжымға және «Үздік актер» деп танылған Еркебұлан Дайыровқа тарту етті. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы «Ақтастағы Ахико» спектакліндегі Ақтамақ бейнесі үшін Данагүл Темірсұлтановаға табысталды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған кеш ары қарай Астана қаласы Жастар театры, Алматы қаласындағы Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры, Корей мемлекеттік театр ұжымдарының қатысуымен өз жалғасын  тапты.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет