"Ақылды бала" орталығындағы "мультфильм әлеміне саяхат"

Бала – тұғырлы тәуелсіздіктің тұтқасын ұстайтын елдің ертеңгі болашағы. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деген, халқымыз. Расында да, мемлекетті көгертіп, көркейтетін - көзі ашық, көкірегі ояу, өнер – білімге құштар, талантты да тәрбиелі ұрпақ.

Айжан Есенгелді

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, II курс


Ел ертеңі үшін, кейін опық жеп, бармақ тістеп қалмау үшін, балаларды қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге ынтымақтасып күш жұмсауымыз керек. Бала бақытының шынайы бағбаны – әрине ата-анасы. Алайда енді жетіліп келе жатқан жас жеткіншектерге қоғамдағы өзгерістер де әсер етпей қоймайды. Сол себепті бала тәрбиесіне баса назар аударған жөн.

Қазіргі балалар ата-апасының ертегісіне еліп емес, смартфонға телміріп, теледидардардан көз алмай өсіп келеді. Осы орайда баланың санасын улайтын атыс-шабыс, қан төгістен тұратын фильм, ойын, мультфильмдердің кері әсер берері анық. Сол үшін әрдайым балаңыздың кімдермен араласып, бос уақытта немен шұғылданып, неге әуестенетініне сақ болуыңыз керек.

Теледидар – танымдық дүние. Көк жәшіктен жас жеткіншектер не көреді? Не көргісі келеді? Қызығушылықтары қандай деңгейде? т.с.с. сұрақтарға жауап тауып, кішкентайлармен тілдесу мақсатында Астана қаласындағы «Ақылды бала» дамыту орталығына арнайы шақыртумен барып қайттым. «Мультфильм әлеміне саяхат» атты кездесу ұйымдастырып, мұндағы алғыр, ақпаратқа қанық, ойлары жүйрік, сөзге шебер, көздерінде оты бар оқушыларға таңырқай қарадым. Оларға қызықты сюжетімен баурап алатын, академия түлектерінің таңдаулы туындылары көрсетілді. Атап өтер болсақ: «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» (реж. Ә.Қайдаров), «Мутация» (реж. Д.Кишкентаев) «Сәбіз» (реж. М.Шахирова), «Жолбарыс» (Б.Еділбаев), «Дән» (Ә.Батырбекова). Балалардың жадына жатталып, ұзақ талданған – режиссер Дастан Кишкентаевтың «Мутация» анимациялық фильмі. Мұның астарында дәл қазіргі қоғамдағы адамдардың кітапқа емес, технологияға телміріп, соңында жылдар өте мутацияға ұшырайтын сыңайлы деген ой бар. Алған білімді қажетіңе жаратпасаң, текке кетеді деп үндеген. Небәрі 6-10 жас аралығындағы кішкентай балақайлардың осыны түсініп қарауы – көңілге қуаныш ұялатты. Тіпті, «Болашақта аниматор мамандар Әлия мен Мәншүк, сақ ханшасы Томиристей батыр арулар турсында туындылар түсірсе» деген тілектерін білдірді.  

Иә, расында, толассыз ақпаратқа толы заманда балалардың бос уақыты болмауға тиіс. Сабақтан тыс түрлі үйірмелерге қатысып, спортпен, өнермен, шығармашылықпен шұғылданғаны абзал. Айгүл Рахметқызы басқарып отырған бұл орталықта балалардың дамуына мол мүмкіндіктер жасалған. Қарапайым үй тапсырмасын орындатудан бастап, шығармашылық студия, өнер студиясы, логопед, психолог мамандары жұмыс жасайды. Алдағы уақытта анимациялық фильмдер көрсетіп, тағылым беріп, талдауға үйретіп, тәрбиелейтін жаңа сабақ қосу жоспарлануда. Осының нәтижесінде кино тілін жастайынан игеріп, талғамын тез тауып, экранды сүйетін бүлдіршіндер көбейер болса, қазақ кино өнерінің бұдан әрі қарыштап дамуы бек мүмкін! 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет