"Өнертанудағы зерттеу үрдістері" тақырыбында семинар өтті

Сәуірдің 11 күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өтіп жатқан ғылым апталығы аясында, "Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубының ұйымдастыруымен Өнертану (кинотану) бойынша PhD, С.Демирел атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебековпен кездесу өтті.




«Өнертанудағы зерттеу үрдістері» тақырыбындағы семинарға академия ұстаздары, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар және студенттер қауымы қатысты. Кездесудегі беташар сөзді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Қабыл Заманбекұлы алды. Өнер академиясында тұңғыш рет ұйымдастырылып, алдағы уақытта жыл сайынғы дәстүрге айналдыру көзделіп отырған айтулы шара – ғылым апталығы шеңберінде көптеген кездесулер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, онлайн конференциялар өткізіліп отырғанын тілге тиек еткен Қ.Заманбекұлы бүгінгі кездесудің де тақырыбы өнертану ғылымындағы түйінді мәселеге арналып отырғанын жеткізді. Әрі осы кездесудің өткізілуіне қолдау көрсеткен М.Ергебеков пен «Көзімнің қарасы»мәдени-танымдық клубының жетекшісі Әннәс Бағдатқа алғыс айтты.

М.Ергебеков елімізде соңғы жылдары өнертану саласы бойынша көптеген докторлық, магистрлік ғылыми жұмыстардың қорғалып, қазақтілді өнертану зерттеулерінің контенті мен формасы дамып келе жатқандығын атап өтті. Алайда, аталған сала бойынша мәселелер мен  жекелеген кемшіліктердің де бар екенін алға тартты. Ғылымға енді аяқ басқалы отырған немесе өзінің алғашқы диссертациялық еңбегін жазуға дайындалып жүрген көп санды болашақ маманның алдында ең әуелі ғылыми жұмыс қалай жазылуы керек деген сұрақ тұрады. Өнер академиясындағы Ғылыми-диссертациялық кеңестің мұшесі ретінде де М.Ергебеков өзіне жастардың осы сұрақты көптеп қоятынын жасырмады. Ғалым бұл олқылықты бізде өнертану бойынша арнайы зерттеу әдістері курсының жоқтығымен түсіндірді. Тереңдетілген зерттеу курсы болашақ өнертану маманына әуелі зерттеу жұмысының теориялық негізін қалай қалыптастыру әдісін үйрететінін, кез-келген ғылыми еңбек толыққанды теориялық негізсіз (рамкасыз) шалажансар дүниеге, тіпті құнсыз еңбекке айналатынын қадап айтты.

Жас ғалым Қазақстандағы көпсанды ғылыми журналдардағы мақалалардың көлемінің қысқа жазылатынын да түйін ретінде айтып өтті. Яғни, көлемі 5-6 беттік ғылыми еңбекте теориялық негіздемені былай қойғанда, автордың айтпақ ой-тұжырымы да толық қамтылуы мүмкін еместігін тілге тиек етті. Ал, диссертациялық еңбектер көлемді болғандықтан, автор бұл арада көздеген мақсаты мен көзқарасын мейлінше теориялық алғышарттар негізінде жеткізе алады. Өз кезегінде семинар авторы ғылыми еңбектегі теориялық негіздің болмауы зерттеу әдісінің де болмауын туғызып отырғанын, ал, зерттеу әдісінің әлсіздігі бірнеше ондаған беттік зерттеу еңбегінің ұстанымы мен дәйегі жоқ, бос әңгімеге айналатынын нақты мысалдар негізінде дәлелдеді.

Екіншіден, өнертану саласындағы негіздік теориялық жұмыстарды пайдаланғанда оларды бір жақты қолдану мәселесіне де назар аударуымыз керектігі айтылды. Шындығында, теориялық көзқарастардың арасындағы объективтілікке автордың жауапты болуы да ғылымның бір сипаты болмақ. Сонымен қатар, өнертанудың нысанасы болып табылатын кез-келген тақырыптың әлеуметтік қырларын зерттеу ісі де кенжелеп тұрған тұстардың бірі екендігі жасырын емес. Өнертану, әсіресе кинотану саласында өнерге тән элементтері аз кейбір фильмдер зерттеуден қағыс қалып жатады. Есесіне халық ондай фильмдерді көп көреді. Демек, бұл шығармадан әлеумет өз қалауы мен еркіндігін таба алатындай бір астарлы шындық жатқаны шүбәсіз. Тіпті, біз оны тобырлық мәдениет деп атасақ та, белгілі бір таптың мүддесін тереңірек зерттеу ғылымға жат дүние емес.

Кездесу барысында диссертациялық жұмыстардың кіріспе бөлімінде аталатын көптеген теориялық әдебиеттердің сол еңбек мазмұнында толығымен қолданылмау мәселесі де көтерілді. Немесе, зерттеушінің көзқарасына шамамен сәйкес келетін теориялық пайымдаулар өзара толықтай салыстырусыз берілетіндігі, олардың ішкі айырмашылықтары іздестірілмейтіндігі, тіпті, диссертация авторының сол теоретиктермен пікірталасқа мүлде орын бере алмайтындығы сынды мәселелер де талқыланды.

Өз кезегінде М.Ергебеков өнертану саласындағы ізденістерге әлемдік кеңістіктегі және отандық ғылымдағы теориялық еңбектердің мол базасы керек екендігін, сонымен қатар ғылыми жұмыстың авторы ретінде өз көзқарасыңызға сай теориялық негізді таңдап алу мәселесінің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, көптеген нақты мысалдар арқылы қатысушыларға тақырыпты тереңірек түсіндіруге тырысты. Кездесу барысында өнердегі әлі де зерттелмей жатқан идеология және гендер (қоғамдық жыныс) мәселелері де талқыға түсті.

Кездесуде ғылыми зерттеу жұмыстарының тақырыбын таңдау мәселесі де назардан тыс қалмады. Жас зерттеушілерде немесе енді ғылым есігін аттағалы тұрған жастарда жалпылама тақырыптарды немесе нақты емес тақырыптарды таңдау проблемасы жиі кездесіп жатады. Тақырыптың нақты шеңберде болмауы зерттеудегі көзделген нысанадан ауытқуды тудыратыны шындық. Семинар форматындағы басқосу барысында көптеген сұрақтар, пікір алмасулар болды. кездесу соңында М.Ергебеков бүгінігі іс-шараны ұйымдастырып отырған Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Қ.З.Халықовқа және «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубына алғысын білдірді. Жалпы «Өнертанудағы зерттеу үрдістері» атты семинар осы сала бойынша білім алып жатқан болашақ мамандарға, жас зерттеушілерге және жалпы қатысушыларға берері мол, салиқалы кездесу болды.
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет