Есенгелді Тұяқов: "Өмір бойы оқумен, ізденіспен келемін"

«Қыз Жібекті» қояр кезде көп сөйлегенді аса жақтырмайтын Хаджиевтің маған бір ауыз ғана сөз айтқаны маңызды болды. Терең ойда отырған жүзін маған қаратты да, «қамшы» деп қалды. Мен бәрін түсіне кеттім.

Карима Ахан

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Театртану, II курс студенті



2017 жылдың 19 сәуір күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театртану» мамандандыруы бойынша білім алатын студенттерінің «Жас сыншының үні» клубында кезекті кездесу өтті. Бұл жолы болашақ театртанушылар көрнекті театр суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  "Құрмет" орденінің лауреаты, Есенгелді Тұяқовты арнайы қонаққа шақырып, пікір алысты.

Кездесуді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, өнертану кандидаты, профессор С.Қабдиева ашып берді.

Қазақстанның Театр қайраткерлері және Суретшілер одағының мүшесі жас ізденушілерге театрдағы сценографияның маңызы мен мағынасы жайында кеңінен баяндады.

1948 жылдың 11 қарашасында Қарағанды қаласында өмірге келген Есенгелді Жұмақұлұлы атадан балаға даритын суретшілік өнердің өз бойында жеткіншек күнінде байқалғанын есіне алды. Бірде анасына бала Есенгелдінің әрекетін бақылаған ауызы дуалы үлкен кісілер: «Бұл баладан бір нәрсе шығады» деп мол үміт артқан екен. Ал бүгінде осы сөздердің жүзеге асқанына сіз бен біз куә болып отырмыз.

Театр мен бейнелеу өнерінің басын бір жерге тоғыстыратын сценография мамандығы өзінше бір әлем деуге болады. Бейнелеу өнерінде айналаңдағы табиғаттан – пейзаж, алдыңдағы адамнан – портрет, қолыңдағы заттан – натьюрморт салуды үйренудің ілімі бар. Ал жоқтан бар жасау, қолмен ұстап көзбен көрмеген елесті бейнені тірілту табиғи талантың болмаса қолыңнан келуі екіталай. Тіпті, мүмкін емес. Қол – меxаника. Ойыңа идея келсе болды, эскиз әп-сәтте дайын. Басты мәселе фантазияның ұшқырлығы мен дәлдігі.

«Өмір бойы оқумен, ізденіспен келемін» дейді кездесу қонағы. 1972 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің декорация факультетін декоратор-суретші мамандығы бойынша аяқтаған соң,  1977 жылы М.Горький атындағы Мәскеу Көркем академиялық театры жанындағы Немирович-Данченко атындағы Мектеп-студиясының қоюшы суретшілік факультетін сахна суретші-технологы мамандығы бойынша бітірді.

Үздіксіз ізденіс пен үнемі ойлаудың үстінде жүретін суретші өз әңгімесінде ұстаздарының берген кеңесін қағылездікпен түйсініп, теория мен практиканы қатар алып жүрудің маңыздылығына баса тоқталды. «Суретшілер аса момын халық. Айғайламайды, айтыспайды. Бірақ өздерінің көркем де күрделі әлемі бар. Жандары жұмбақ, әсершіл келеді. Тіпті, кей кездері бала сияқты да болып кетеді. Мәселен, режиссермен жұмыс бірден басталып кетпейді. Әр бір режиссердің өзіндік жұмыс жасау жолы болады. Суретші де режиссердің ойындағысын оқуға талпынады. Спектакльдің сценографиясын жасау басталған сәтте суретші бұл әлемді тастап кетеді.  Мен жүріп келемін, бірақ жаным спектакльде. Мен шай ішемін, ойым оқылған пьесаға сценография құрастыруда...» – деп ағынан жарылды қылқалам шебері. Бұл өнерге деген махаббат, көрерменге деген адалдық, ұжымның (театр қызметкерлерінің) алдындағы жауапкершілік қасиетінің көрінісі.

Театрда қызмет еткен 40 жылда 200-ге жуық спектакльді безендірген суретші солардың ішінде жанына жақыны, мақтанышы көретіні 30-40 ғана екенін әңгімеледі. Дегенмен, олардың барлығыда мына әлемнен жырақтап, жан дүниесінің төңкерісінен туған төл «баласы» болғандықтан, қай-қайсысы да өзінше ерекше, өзінше дара.

Суретшінің ойы, режиссердің елестетуі, актердің түсінігі кейде (мүмкін көбіне) бір жерден шықпай жатады. Әрқайсысы өзіне ұнамды бұрыштан сығалап, ыңғайлы тұсынан зер салғанда солай болуы заңды да. Ал, Е.Тұяқов ұжымның әрқайсысымен жеке тіл табысуға, асқан байқампаздықпен сөйлеп, сабыр сақтап түсіндіре жеңуді дұрыс санайды. Бұл оның табиғатына келетін құбылыс. Соның арқасында талай шығармалардың көркемдік бейнесі өзі қалағанындай туып жатты.

Артисттің еркелігін көтеру, бұл да оның еті үйренген ісі. «Өңімді ашпайтын көйлек, көңілімнен шықпайтын қалпақ, ұнамсыз шалбар» деп бұртиған өнерпаздарға пьеса оқудан (читка) бастап роліне бейімдеген режиссер секілді түсі мен матасынан бастап, маңызы мен мағынасын, жағдаят пен қажеттілігін алгоритм бойынша түсіндіріп, киіндіру әдісін де ол жетік меңгерген.

Оқылған пьесадан ойдың туындауы ұзақ, әрі толғақты құбылыс болып кетеді. Астың дәмін келтіре алмай титықтағанда демеушіге зәру боласың. Суретші - сценограф үшін мұндайда режиссер басты көмекші болмақ. Е.Тұяқов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Ж.Хаджиевпен болған естеліктен сыр шертті. «Қыз Жібекті» қояр кезде көп сөйлегенді аса жақтырмайтын Хаджиевтің маған бір ауыз ғана сөз айтқаны маңызды болды. Терең ойда отырған жүзін маған қаратты да, «қамшы» деп қалды. Мен бәрін түсіне кеттім. Міне, шығармадағы басты символ – қамшыға айналды. Ол Төлеген мен Бекежанның арқасынан таспа тіліп жатпаса да, кеңістікте сермеліп, ауаны сойғандай дыбыс береді. Мұның өзі үлкен әсер... Осының арқасында тығырықтан шықтым» – деп тебірене сөйледі суретші.

Біздің байқауымызша кей кездері спектакльде декорация ойналмай жатады. Артық реквизит, қажеті шамалы бейнелер, ойсыз-мәнсіз қойыла салынған дүниелер көрерменнің қабылдауына кері әсерін тигізеді. Саxна саңлағына кедергі келтірмесе пайдасының жоғы екібастан. Суретшінің айтуы бойынша бұл режиссер мен сценографтың өзара талқылау жүргізбегендігінен, бірге шешім қабылдамағандығының кесірі. Саxнадағы әрбір зат сахнагердің игілігіне жарауы тиіс. Бутафорлық дүниелер актерге демеу болып шығарманың көркемдігіне жұмыс жасағаны жөн. Сол себепті режиссер мен суретші жұмысы спектакльдің басты компоненті екенін естен шығармауды ол әр кез өз шәкірттеріне де айтып отыратынын тілге тиек етті.

Жас театртанушылардың сұрақтарына бар ынтасымен жауап берген тарлан суретші қазіргі таңдағы инновациялық техникалық құрылғылардың театрдағы қызметі мен орны жайына да тоқталды.

«Соңғы уақытта театрда жаңа технологияларды қолданып жүрміз. 3D форматындағы қойылымдар, түрлі шоу бағдарламалар көбейіп келеді. Бірақ проектордың қызметі сценограф, режиссер, актер тапшы болған кезде ғана қолданылып, солардың орнын толтыру үшін пайдаланылуы керек. Расымен, ең соңғы үлгідегі техникалық құрылғы, өз бағдарламасымен сахнаға көрік береді. Бұл театрға заманауи келбетті беру үшін қажет те шығар, бірақ біз  ұжымнан айырылып қаламыз. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ХХІ ғасыр «жетістігінің» олқылығы да жоқ емес. Техника бәрібір сахнадағы актердің, режиссердің, суретшінің қызметін толық атқара алмайды» – деді.

Кездесу соңында Есенгелді Жұмақұлұлы Тұяқов театр сыншылары сценографтың еңбегін елеуді ұмытпаса деген тілегін білдірді. Қалай алып қарасақ та спектакльді қоятын режиссер мен сценограф. Бірі актерді ойнатса, бірі сахнаны тірілтеді. Яғни, спектакль жетістігінің 50% суретші еншісінде деуге негіз бар. Шымылдық ашылған кезде көзіміз бірден декорацияға түседі, кейіпкер пайда болғанда костюмге мән беретініміз де осының дәлелі.

Ұжымдық өнер – күрделі процесс. Кафедра меңгерушісі Қабдиева С.Д. мұндай кездесулер мен ой бөлісулер болашақта жоспарға айналар іс екенін алға тартты. Қазақ театры өрлей берсін, суретші қиялы сарқылмасын деген ыстық ықыласпен отырысты аяқтадық.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет