Смағұл Елубай: Ешкімнің де ұлтына қарамай, мемлекеттік тілде тәрбиеленуі керек

Драматург, жазушы Смағұл Елубаймен сұхбат

Фото Азаттық Радиосы сайтынан алынды

Сұқбаттасқан: Аяулым Садуақасова

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, ІІІ курс 


«Алмас қылыш» фильмінің сценариін жазуға ұсыныс түскенде қандай сезімде болдыңыз?

Қазақ халқы өзінің бай тарихын, соның ішінде Алтын ордадан әлемге жайылған, сондай бай тарихын көргісі келеді. Осы идеяны Елбасы бізге ұсынған кезде, «Қазақ хандығы» 20 сериялы фильм түсіру керек деген кезде біз қатты қуандық. Біз ғана емес, бүкіл халық қатты қуанды деп білемін.

«Қазақ елі» тарихи сериалының сценарий авторы ретінде фильм туралы не айтасыз?

«Қазақ хандығы» жобасы – Елбасының идеясы. Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының бұл жобаға қатысты ұсынысын, талап-тілегін жеткізген болатын. Онда негізгі сценарий Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша жазылсын делінген еді. Әбілқайыр хан көшпелі қазақтардың «Көк Орда» ұлысын басқарған хан екені тарихтан белгілі. Бұл кезде Жәнібек пен Керейдің халқы сол Көк Орда ұлысының құрамында болды. Хан тұсында Орда Еженнің ұрпақтары тарапынан Керей мен Жәнібекке қарсы әрекеттер жасалынады. Оның үстіне, Әбілқайыр хандығы тұсында өзбек-қазақ ұлысы деп аталып жүрді. Яғни, қазақ пен өзбек этнос ретінде бөлінбеген кезі еді. Сондықтан, Керей мен Жәнібек бөлінгеннен кейін «қазақ» деген этникалық атау таңылды. Сол атаумен тарихқа кірді. Осы тұста әңгімені Әбілқайырдан бастайтын болсақ және оның алғашқы қазақ хандарымен күресін баяндасақ, бұл жерде Әбілқайырдың өзбек халқының бастауында тұрған хан екені еске түседі. Бұдан «ұлта­ралық түсініспеушілікке әкеле ме?» деген күдік пайда болса керек. Сондықтан, Әбілқайыр билік еткен тұсты азайтып, осы жер­дегі өзбек-қазақ деген сөздерден сақ болып, оқиғаны қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің көшіп кеткен кезінен бастау керек деген ұсыныс түсті.

Осы мәселеге қатысты бірнеше қысқартулар болды деп өзіңіз айттыңыз. Бұл ұсынысты дұрыс деп есептейсіз бе?

Бұл ұсынысты дұрыс деп есептеймін. Себебі, өзбек-қазақ бауыр халық. Сонау тарихтың бастауында екі елдің екіге бөлінейін деп тұрған кезіндегі кикілжің бүгінгі біздің достығымызға ешқандай көлеңке түсірмеуі тиіс. Авторлар ұжымы бұл философияны дұрыс қабылдап, сол бағытта сценариді қайта жаздық. Тіптен, Әбілқайырдың атын алып тастап, «Шайбан шах» деген атау бердік. Тарихта Әбілқайыр, ал кинода «Шайбан шах» деген атаумен бара жатыр. Экранда қалай болатынын басшылармен ақылдасамыз. Біз «Шайбан шах» деп қалдырсақ, тарихшылар «тарихта ондай шах болмаған» деп дау көтеруі мүмкін. Ал, Әбілқайыр десек, ол өзбек ұлтының бас­тауында тұрған хан, өзбек-қазақтардың ханы. Бұл жерде көтерілетін тарих өзбек-қазақтардың бастауы туралы болса, әңгіме басқа.

Сонымен қатар, Қарақыпшақ Қобыланды арғынның Ақжол биін өлтіретіні тарихтан белгілі. Бұл жерде бізге «осы оқиғаны айналып өткен дұрыс» деген ұсыныс түсті. Тарихтың бұл тұсын да сценариден қысқартуға мәжбүр болдық. Дайырқожаның өлімі тек ауызша айтылады, экранда көрсетілмейді. Сценариде Қобыландының батыр ретінде образы бар. «Дайырқожа Қобыланды батырдың досы болған», «тек Әбілқайырдың арандатуына сеніп досын өлтірді» деген бағытта баяндалып, қазақтың батырын ақтап алып, Қобыландының жағымды бейнесін жасаймыз. Сондай-ақ, Дайырқожаның әкесі Қотан жыраудың бейнесін елдің татулығын сақтауға, Қазақ хандығының дамуына үлес қосқан ақсақал ретінде алдық.

Қысқасын айтқанда, «Қазақ хандығы» жобасы елдің ішкі және сыртқы билігіне, Қазақ хандығы тұсында ұстанған саясат, яғни «ауызбіршілік» саясатының бүгінгі саяси ұстаныммен сабақтастығын көрсетуге жұмыс істейді. Яғни, кезіндегі қазақ хандары жер үшін, қала үшін күрес жүргізгенімен, өздігінен барып тыныш жатқан елге тиіспеген, басып алушылық саясатын жүргізбеген.

Тағы да айта кететін жайт – қаражат мәселесі. Көпшілікке қызық болып отырған дәл осы қаржы мәселесі.

Сценаридің алғашқы нұсқасында құлашты кеңге сермеп, Созақ, Алмалық, Сығанақ қалаларын көрсетпек ниет болған. Бірақ, қаржы тапшылығына байланысты тек Сығанақты қалдырып, оның өзінде Қапшағай бойындағы қамалды пайдалану ғана жобаланды. Созақ түбіндегі соғыс сценариден қысқартылды. Ал, Моғолстан астанасы болған Алмалықтың тек ішкі интерьері түсіріледі. Қолымызда бар 10 сериялы телефильм тарихи маңызды ұлы жобаны ұятқа қалдырмайды деп сенемін.

Көпке қызық болып жүрген тағы да бір маңызды мәселе, Елбасымен болған кездесу жайлы қысқаша айтып берсеңіз.

Кездесудегі әңгімеміз сол Елбасы мақаласын талдаудан басталды. Өте мазмұнды, салиқалы, тартымды әңгіме болды. Өзара түсіністік болды. Келелі кеңесіміз екі жарым сағаттай уақытқа созылды. Ол жерде барлық мәселе айтылды. Тіл, дін, әліпби ауыстыру, оралман, демография, кино, әдебиет, мәдениет, бәрінің де мәселесі тілге тиек етілді. Мектептердегі үштілділік те жан-жақты талқыланды.

Елбасымен кездесу барысында ерекше көңіл бөлетін, назар аударатын мәселе - үштілділікке қатысты өз ұсынысыңызды білдірдіңіз.

Мен кездесуге келгенде бір мәселенің басын ашып алуды ойладым. Ол – мектептердегі үштілділік жайы еді. Осы «үштілділік» деген сөздің өзі құлаққа түрпідей тиеді. Себебі, үштілділік дегенде мемлекеттік тіл мен қалған орыс, ағылшын тілі екеуінің мәртебесін бірдей қойғандай боламыз. Үш тілді де мемлекеттік деңгейде тең дәрежеде көтергендей боламыз. Олай болмауы керек. Қанша дегенмен, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан меніңше, балабақшадан бастап, ешкімнің де ұлтына қарамай, мемлекеттік тілде тәрбиеленуі керек. Мектепте де тура солай болуы керек. Бірақ, орыс тіліне арналған пәндер болуы керек, ағылшын тіліне арналған пәндер болуы керек. Негізгі тәрбие мен оқу мемлекеттік тілде жүруі керек. Сонда ғана, 11 жыл мемлекеттік тілде оқыған кез келген ұлттың баласы үш тілде сайрап шықса, тіл мәселесі өз өзінен күн тәртібінен түсіп қалатын болады. Ал, үш тілді толық меңгерген жас, әсіресе, мемлекеттік тілде білім алған баланың бойында қазақтың тарихына, әдебиетіне, жалпы Қазақстанға деген патриоттык сезімі оянады. Сөйтіп, біртұтас қазақстандық ұлттың рухы қалыптаса бастайтын болады. Ал егер, олай болмайтын болса, ана әліпби бірінікі, мына әліпби бірінікі болып, орыс мектебі бір бөлек, қазақ мектебі бір бөлек болатын болса, онда бұл өзінен-өзі екіге бөліну болып саналады. Оның болашағы қандай болатыны бәрімізге белгілі.

Кино тақырыбына қайта келетін болсақ. «Алмас қылыш – Қазақ хандығы» тақырыбында да Елбасымен кездесу барысында  сөз болды ма?

Әрбір екі-үш жылда бір мықты тарихи фильм шығып тұруы керектігі айтылды. Өйткені, кешегі шыққан «Алмас қылыш – Қазақ хандығы» елді дүрліктіріп, еңсесін көтерді. Рухымызды асқақтатты. Тарихи фильмдерге деген сұраныстың өте жоғары деңгейде екенін танытты. Осы ретте Арыстанбек Мұхамедиұлы дұрыс бағытта жұмыс істеп жатыр.

Осы «Қазақ хандығы» сериалындағы көшпелі тұрмыстың жұтаңдығын, ондағы көрсетер жекелеген детальдардың кемшіліктері барын аңғардық.

Оның себебін айтайын. Жалпы, Қазақстанда көшпелі болып көрген ұрпақ аз қалды. Киностудияда «көшпелі тірлік» дегеннің не екенін білетін жалғыз адам жүр. Ол мына алдыңызда тұрған сценарий авторы – мен. Бірақ, сценарий авторы анау алаңда түсіріліп жатқан киноның қасына баруға мүмкіндігі жоқ. Тұрақты түрде сол жерде жүруге міндетті емес. Түсіру алаңында редактор мен режиссер жүреді. Ал, андай-мұндай кемшіліктер кетіп жатса, оған мен жауап бере алмаймын. Сценарий диалогқа, жалпы құрылымына, сюжетіне жауап береді. Сценариде ол жазылған. Ал детальдарға, үйді қалай тігетініне, атты қайда байлап, отты қайда жағуды немесе «ана көр қазып жатқан жер үйге жақын тұрды» деген секілді ескертулерге сценарист жауап бере алмайды. Бұндай кемшіліктер қазақтың көшпелі тірлігін көрмеген балалардың ісінің «нәтижесі» деуге болады. Егер өзім түсіру алаңында жүрген болсам, ондай детальдарға мән берген болар едім.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет