Ержан Жұмабеков: Студенттік фильмдер тың серпілістің, жаңа көзқарастың көрінісі

Кинотанушы Ержан Жұмабековпен сұхбат.

Сұхбаттасқан: Нұрғали Дүйсенғали

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, III курс



Қазіргі таңда қазақ киносы жаңа қарқынмен дамып келе жатқаны белгілі. Қалалық кинотеатрлардан комерциялық және авторлық фильмдердің көрсетілімдері болып, халықаралық кинофестивальдерден жүлделі орындармен оралып жатқан фильмдеріміз де аз емес. Дегенмен, режиссерлердің  қабілеті алғашқы фильмдерінен байқалып, көп жағдайда кинодағы шығармашылық жолын студенттік кезеңнен бастайды.

Ал, бүгінгі студенттік фильмдердің көркемдік ерекшелігі, кәсіби деңгейі қандай? Осы мәселе төңірегінде кинотанушы Жұмабеков Ержан Фазылұлының пікірін білген едік.

Сұхбатымызға кіріспе ретінде студенттік фильмдердің кино өндірісіндегі маңыздылығы жайлы айтып берсеңіз.

Студенттік фильмдер – кинематография саласында тың серпілістің, жаңа көзқарастың көрінісі. Болашақ режиссердің қабілетін осы кезеңдегі фильмдерінен байқауға болады. Сонымен қатар, емін-еркін тәжірибелер жасап, өзіндік стилін қалыптастыру мүмкіндігі.

Осыған орай қандай фестивалдер өтіп жатыр?

Қазақстанда студенттік фильмдердің фестивалдік мүмкіншілігі жыл санап артып келеді. «Бастау» Халықаралық студенттік фильмдер мен киномектептердің кинофестивалі, «Байқоңыр», «Сарыарқа» сынды республикалық фестивалдері студенттік фильмдерді насихаттауға, деңгейін бағалауға себепші болып отыр. Бұл үлкен нәтиже деп ойлаймын.

Техникалық немесе көркемдік деңгейде дамуы байқала ма?

Кино өнерінің бағытын, көркемдік деңгейін анықтаушы осы кинофестивалдердегі көрсетілімдер екенін ескерсек, студенттер өз фильмдерін кинофестивалдерге ұсынып жатады. Халықаралық деңгейдегі фестивалдер мысалында, кейбірі техникалық жабдықтаудың әлсіздігі әсерінен сапасыз түсіріліп, конкурсқа қабылданбай жатады. Келесі мәселе, шет елдерде студенттік фестивалдердің көптігіне қарамастан, олар одан хабарсыз немесе фестивалге жіберу жолдары мен талаптарын түсінбей жатады. Осы мәселе жөнінде еліміздегі оқу орнындарындағы «шығармашылық бөлім» немесе арнайы мамандар тарапынан қолдау жетіспейді.

Қазіргі таңдағы студент фильмдерінің жағдайы қандай?

Студенттік фильмдердің жағдайын 2015 жылы «Бастау» халықаралық кинофестивалінен шет қалған фильмдердің «Три дня отверженных» атты көрсетілімі айшықтап берген секілді. Өз деңгейінде бағаланбай келе жатқан студенттік фильмдер осындай наразылық арқасында киномамандардың назарын өзіне аударып, жаңа қозғалыс алды.

Кино мамандарын дайындайтын оқу орындары жайлы не айта аласыз?

Елімізде кино мамандарын дайындайтын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Туран универтистеті, Қазақ ұлттық өнер университеті оқу орындарынан бөлек «Сталкер» сынды жеке кино мектептер ашылып жатыр. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Себебі, бәсекеге қабілетті болу үшін кино мектептің бейімділігі, даму үдерісі жоғарылайды. Соңғы уақытта бұл алаңда New-York Film академиясындағы қазақстандық студенттердің фильмдері қосылды. Аталмыш оқу орны студенттерінің режиссерлік жұмысқа, кино тіліне деген көзқарасы мүлде бөлек. Және болашақ қазақ киносындағы комерциялық кино, мейнстрим бағытының дамуына осы режиссерлер үлкен үлес қосады деп сеніммен айта аламын.

Жалпы, жас киногерлердің қатарынан үздік деген режиссерлерді атап бере аласыз ба?

Бүгінгі студенттік фильмдердің қатарынан «Таң сәулесінің шапағаты» (реж. Дархан Төлегенов), «Еркек» (реж. Берік Жаханов), «Шибөрі» (реж. Айсұлтан Сейітов), «Аялдама» (реж. Диас Кулмаков) сынды фильмдерді атап кетуге болады. Бұл фильмдер бір қатар Халықаралық кинофестивалдерге қатысып, қазылар алқасының, киносыншылардың назарына ілінді. Үздік деп танылған осы фильмдерің режиссерлері бүгінгі қазақ киносында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру жолында.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет