"Іздеп таптым сені": Шындық пен жалғанның қақтығысы

"Іздеп таптым сені" қойылымына студенттік пікір.

Нұрғали Артықбаев

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, ІІІ курс


«Іздеп таптым сені» спектаклі «Астана Жастар» театрының репертуарындағы үздік қойылымдардың бірі. Қоюшы режиссері – Дәурен Серғазин. Пьеса авторы татар жазушысы – Т.Миңнуллин. Қазақ тіліне аударған – Иран Ғайып.

Бұл психологиялық драма, қолдағы барды бағалап, кешіп жатқан өмірімізге шүкіршілікпен қарауға шақыратындай.

Соғыста қос аяғынан айырылған Рахымжанның өмірі. Ол да сезім атты ұлы құбылысты бастан өткергісі келеді. Тағдыр тәлкегіне салынған Рахымжан, өз өмірін виртуалдық әлемге алмастырған. Тек, таңнан кешке дейін телефоннан бас алмай, махаббатын осы әлемнен іздемекші болады.

Режиссерлік жұмыстың шеберлігі өте жоғары. Сахнадағы екі адамның сезімдерін, бишілер дуэті арқылы аша түсті. Екі биші де сан мәрте сезімдермен арпалысып, ақыр соңында сезім оларға бағыт бағдар беріп, екі жанның қосылуына бұл адам келбетіндегі сезімдер үлкен рөл ойнады.

Дегенмен, көрермен түсіне бермейтін тұстары да болды. Мұндағы қос аяғынан айырлған жігіттің, қай майданда соғысқаны туралы көрініс толықтай ашылмады. Менің ойымша, Ауған соғысында жер жарылғыш заттары көптеп қойылған болатын. Мүмкін, Рахымжан сол соғыстың ардагері. Және де, бұл қойылымда айғай тым көп. Әдемі диалогтардың арасында айғайдың орын алуы, көрерменді шошытып жіберуге дейін апаратыны сөзсіз.

Қойылым финалы өте әсерлі болды. Екі мүгедек, бір-бірімен кездескенде, екеуінің арбадан тұрып, қол ұстасып шығуы махаббат атты сезімнің қаншалықты ұлы күш екенін көрсетеді. Қаншама арпалысып, қиындыққа көз жұмып, өмірлік адамыңды тапсаң, онымен тау-тасты қопарасың деген мағынада көрсетіп тұрғандай.

Қойылым орыннан тұрып, қол соғатындай дәрежеде болды. Актерлік ойын да жоғарғы деңгейде. Иә, әр туындыда қателіксіз болмайды. Оны да «Жастар театры» түзейді деген ниеттеміз. Көрермен тарапынан айтар болсам, бұл қойылымнан көп сабақ алдым. Қандай кемшілік болмасын бойымыздағы сезім атты ұлы құбылыстың лаулай жанған отының сөнуіне жол бермеуіміз керек.   

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет