Омар Қиқымов: "Сырғалым" телехикаясынан кейін Жантөре есімді балалар өмірге келе бастады

Кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Қиқымовпен сұхбат.

Сұхбаттасқан: Жансая Зейнелғабетова

Т.Жүргенов атындағы КазҰӨА, кинотеледраматургия, ІІІ курс



Омар аға, жалпы, өнер деген қиын жол. Оның ішінде актерлік жан-жақты болуды, бесаспап болуды талап ететін өнердің ең қиын түрінің бірі деп ойлаймын. Бұл салаға қалай келдіңіз? Бала кезден «актер болсам» деп армандап па едіңіз?

Иә, шынымен өнерге кездейсоқ келгем жоқ. Мен 4-сыныптан бастап сахнаға шығып, скетч оқып жүрдім. Оның үстіне, сол кездері халықтың, отбасымның да өнер адамдарына деген көзқарасы ерекше болатын. Құрметпен қарайтын. Бұл бір. Екіншіден, маған қатты әсер еткен «Қыз жібек» фильмі болды. Сол жылдары шыққан «Қыз жібек» фильмі негізінен, көп балаға ой салып, әсер етті десем де болады. Ол кезде ауылда клуб деген болатын. Жан-жақтан, Қырғызстаннан, Қазақстанның облыстарынан театрлар келіп, спектакль қоятын. Біз оны көріп өстік. Осының бәрі әсер етіп, актерлік жолға түстім.

 

Сізге рөл ұсынылған сәтте қаншалықты талғампазсыз? Көңіліңізден шықпаған рөлден бас тартатын кездеріңіз бола ма?

Рөлдің бәрі бірдей керемет, шедевр бола бермейді. Рөл деген нәрсе, сенің бір жақының сияқты, сырласың сияқты, іштен шыққан балаң сияқты болуы керек. Әрине, ұнамайтын, бір нәрсе жетіспей тұратын кездері болады. Бірақ, бас тарта алмайсың.

 

Сіз сонау 80-жылдан бастап М.Әуезов театрында еңбек етіп келесіз. Сондай-ақ, біз сізді кино актері ретінде де жақсы танимыз. Соның ішінде, көпшілік сүйіп көрген «Сырғалым» телехикаясындағы Жантөренің рөлі жайлы айта өтсеңіз. Өзіңіздің бір берген сұхбатыңызда бұл рөлді ең сүйікті рөліңізге жатқызатындығыңызды айтыпсыз. Бұның себебі мен үшін қызықты болып тұр...

Шынымен де, «Сырғалым» бұрынғы түскен сериал, фильмдердің ішіндегі ең қомақтысы болды. Қазақ айтады ғой, «жамбасыма келген» деп. Актердің «жамбасына келген», шын пейілімен өзіне ұнаған рөл, міндетті түрде көпшілікке де ұнайды. Жантөренің рөлі өзіме де ұнады. Сондықтан да болар, көпшілікке де ұнағаны. Ал қазір, сол мен рөл сомдаған осы телехикаяны көргеннен кейін, Жантөре есімді балалар өмірге келе бастады. «Сіз өнердегі Жантөресіз, мына бала өмірдегі Жантөре» деп, талайы менің кейіпкеріме осылай сүйіспеншілік білдіріп жатты.

 

Ал, түсірілім барысында қандай да бір қиыншылықтар болды ма?

Көп қиындықтар болды. Біз жазда түстік. Жазда, павильонның ішінде, ыстық, ми қайнатар темірдің астында түстік. Кейін бірте-бірте, қысқа қарай созылған кезде ол қақылдаған суық болды. Соның бәріне төзуге тура келді. Сонысымен де қызық болды.

 

Бүгінгі таңда қазақ киносы біршама дамыған. Отандық, сапалы телехикаялар да экранда көбейіп келеді. Дегенмен, біздің елдің жастарының санасын корей, түрік телехикаялары жаулап алған. Шетелдік телехикаяларға деген қызығушылықтың басым болуының себебі неде деп ойлайсыз?

Енді, әрине телеарналарға толтырып шетелдік телехикаяларды қойып тастағаннан кейін, амал жоқ көруге тура келетін шығар деймін. Бұл бір. Екіншіден, ол телехикаяларды көретін себебі, мысалы, әсіресе корей сериалдарында олар өздерінің ең басты құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық кодтарын жақсы көрсетеді. Үлкенді сыйлау, ізет-ибадатын көп көрсеткеннен кейін сонысымен құнды, тартымды деп ойлаймын. Әйтпесе, актерлардің ойыны, материалдарымен асып тұрғаны шамалы.

Ал, жалпы өзіңіздің қазіргі қазақ кино өнеріне берер бағаңыз қандай? Көңіліңіз тола ма?

Біз, қазақ киносы совет одағының кезінде орталыққа, яғни Мәскеуге бағынышты болатынбыз. Тәй-тәй басқан бала сияқты, енді-енді толысып келе жатыр. Құдайға шүкір... Әрине, бұрынғыны аңсайсың, сол кездің киноларын. Бірақ, қазір заман талабына сай фильмдер түсіріліп жатыр. Дегенмен, менің көңілім толмайды. Менің қазіргі қазақ киносына берер бағам осы. «Көңілім толады, жақсы» десем өтірік айтқан болар едім.

 

Өнер академиясында жылдан-жылға студенттер көбеюде. Әсіресе, театр (актерлік өнер) саласына деген қызығушылық көп байқалуда. Бұл бір жағынан қуантарлық жағдай болғанымен, бойында мүлдем актерлік қабілеті жоқ балалар келіп жатады дейді. Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Актер болу үшін сонда, бастысы талант керек пе? Әлде, еңбек етсе, тер төксе бағындыра алатын шың ба?

Дұрыс. Өнер саласына «актер болсам» деген, бірақ оның мәнісін түк түсінбейтін, құры қызығушылықтар көбейіп жатыр. Ал, оның бәрі ертең қала беретіні рас. Өйткені, балалардың көбісі бәрі оңай екен, бара салам, ала салам деп көрсеқызарлықпен келеді. Шынымен, бойында мүлдем актерлік қабілет жоқ балалар келіп жатады. Келсін, бірақ, олардың оқыған сонша өмірі кейін босқа кетеді. Актерлік деген әрине, еңбек. Біздің мұғалімдеріміз баяғыда, актер болу үшін 5 пайыз талант, 95 пайыз еңбек керек дейтін. Ал, бірақ еңбек ету үшін де сенің бойыңда талантың, өнерге деген бейімің болмаса, құры далақтап шапқаннан түк шықпайды. Талант керек, талантпен қоса талап керек.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет