Берік Жаханов: "Еркек" әкеме арналған фильм

Академиядағы оқуын жақында бітірген режиссер Берік Жахановпен студенттік сұхбат.

Дана Тұрғынбай

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, ІІІ курс


Қызығы мен шыжығы мол студенттік шақтарға не жетсін? Әйткенмен, бар әлем қолыңда тұрғандай сезініп, тау мен тасты төңкерердей күші бар өнер жастарының академия қабырғасынан шыққан соң қайда тап болып, өздерін қалай сезінетініне ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Әрине, ұстаздар берер білімін берді, енді соның есебін тауып, ересек өмірде қаншалықты іске жаратуын түлектердің өздерінен артық ешкім білмес. 2016 жылы Нұргелді Садығұлов шеберханасында монтаж режиссурасы мамандығын тәмамдаған Берік Жаханов бұл сұраққа іркілместен «өте жаман» деп жауап қатты.

Ең алдымен сағынатының академиядағы ерекше атмосфера, бәрі де қарбаласып идея, эстетика сынды жоғары болмыстарға, өнер тудыруға тырмысады. Ал қазір оның ешқайсысына да уақыт жоқ, «Мен студентпін» деген сылтауларды ұмытып, күн көрудің амалын тауып, несібе қуып кетеді екенсің. Дипломды қолыма алған соң мен де қатты күйзеліске түстім, әрі қарай қайда жылжитынымды білмедім десе де болады. Кейіннен телеарнаға жұмысқа орналасып көрдім, сорақысы, ол жақта өнер дегенді ешкім аузына да алмайды. Бастысы кадрдың тазалығы, әрбір бұйымның өз орнында жатуы ғана маңызды. Кадр көркемдігі, жарық секілді маңызды нәрселерді ескермек тұрмақ, пысқырып та қарамайтын жерде мен ұзақ қала алмадым. Режиссер болып  орналасқаныма қарамастан, араға екі күн салып ол жерден шығып кеттім. Қазіргі сәтте бейнебаяндар, жарнамалар мен әлеуметтік роликтер түсірумен айналысамын, бір сөзбен айтқанда фрилансермін десе де болады.

Айта кететін жайт, Берік Жаханов өзінің дипломдық жұмысы «Еркек» атты фильмімен «Қырғызстан қысқаметрлі фильмдер мекені» атты халықаралық кинофестивальде «Үздік режиссура» жүлдесіне ие болды. Фестивальға 14 елден 14 режиссер қатысты. Аса ауқымды болмағанымен өте сапалы ұйымдастырылғанын және сайыстан ең жақсы әсермен оралғанын баяндайды жас өнерпаз. Беріктің бұған дейінгі он шақты қысқа метрлі жұмысы жарық көріп, бірнешеуі «Жас дидар» сынды байқауларға қатысқанына қарамастан, өзінің алғашқы көңілі толатын  туындысы ретінде осы «Еркек» фильмін атады.

Кино ең алдымен шынайы болуы керек, ал бұл фильм толығымен мен жайлы. Академияға құжат тапсырар кезде мен әкемнің дүниеден өткенін естідім, жерлеуге Қызылорда қаласына баруға тура келді. Сол кезде мен «егер де академияға түсе қалсам, дипломдық жұмысқа сол сәтті түсіремін» деп өзіме ант еткенмін. Алайда 4 курс біткеннен кейін мен 7 новелладан тұратын тамаша сценарий жазып шыққанмын. Ол барша ұстаздарға, әсіресе өзіме қатты ұнаған болатын. Бірақ мерзімі тақалған сайын берген сөзім санамнан кетпей қойды. Осылайша «Еркек» дүниеге келді. Ал жеті новелла қазіргі сәтте төртке айналып, одан әрі өңделу кезеңінен өтіп жатыр.

Өзінің болашаққа жоспарлары жайлы сұраққа Берік Жаханов ізденісін тоқтатпайтынын, уақтысы келгенде барынша шынайы фильмін түсіретінін  мәлімдеді. Іске сәт!


Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет