Деректі фильмдегі шынайылықтың бейнесі

II Республикалық "Байқоңыр" қысқаметрлі фильмдер фестиваліндегі деректі фильмдерге студенттік шолу

"Мен оралдым" фильмінің режиссері Жайық Белғожаев

Өмірбек Айгөлек

ҚазҰӨУ, кинотеледраматургия, II курс



15,16 қыркүйек күндері ІІ Республикалық «Байқоңыр» қысқаметрлі фильмдер фестивалі Алматының көрікті Көк Төбесінде болып өтті. Дәстүрлі түрде фестиваль көрермен назарына көркем суретті, деректі, анимациялық фильмдерді ұсынды. Фестивальдың негізгі бөлімінің бірі -  деректі фильмдер. Бұл бөлімде көпке ұсынылған фильмдер қатары ауыз толтырып айтарлық мол мақтауға лайық болды. Фильм жасаушылардың айтар ойы, көздеген мақсаты мен күткен нәтижесі толық орындалып-орындалмағандығы фестиваль соңында әділ-қазылардың бағасымен анықталды.

Деректі фильмдер шымылдығын ең бірінші болып ашқан Жайық Белқожаевтың «Мен оралдым» фильмі болды. Фильмнің басынан-ақ аса бір мұқияттылықпен тамашалауға тырыстық. Режиссер тарихи отанына оралған қандасымыздың алғашқы өсу жолындағы сан түрлі көрген қиындығы мен жеткен жетістігін кейіпкердің сөзімен, күнделікті тіршілігімен, алуан түрлі бояулармен бере білген.  Кейіпкер өмірінің осы уақытқа дейінгі бар болмыс-бітімін алдыңа әкеп ақтара салуында асқан бір шынайылық пен тазалық жатыр. Кәсіптің түр-түрін меңгерген кейіпкердің аса бір еңбекқорлығына  жұрт тәнті болды. Елге оралған оралман бойындағы ақжарқындық, көңілінің кеңдігі фильмге деректі фильм атмосферасын беріп тұр. Оператор жұмысына да қарын тоярлық. Оқиғаның бір-бірімен байланысы жақсы өрбіген. Бұл фильм арқылы көрермен әрекетте берекет барлығына    тағы бір мәрте көз жеткізгендей.      

Менің ойымда есте қалар фильмдер тізіміне енген «Мен оралдымнан» өзге Шыңғыс Қаймоллаевтың «Я хирург», Анель Сатбекованың «Ойна», Аян Бугибаевтың «Одна мечта» фильмдері болды.

«Я хирург» фильмінде кейіпкерлердің медицина жолындағы қызықты да қиын оқиғалары баяндалады. Фильм барысы тек кейіпкерлердің баяндауымен  жеткізіледі. Оператордың ота стөлін түсіргендігін көреміз. Бұл көрерменді өзіне тарта түсті. Ал, кейіпкерлердің жанынан шыққан сөздері мен басынан өткен оқиғалары келген жұртты таңқалдырудан жалықпады. Бұл фильм әуесқой режиссердің қарым-қабілетін байқатуымен ерекшеленді.

Анель Сатбекованың «Ойна» фильмінің операторлық жұмысы бірден назарды аудартты. Себебі, фильм қараңғы кадрларға толы. Кейбір қадрлардың созылыңқы болғаны да көрерменнің ішін пыстырды. Бұл жерде  өзге ұлт адамдарының қарапайым тіршілігі бейнеленеді. Кейбір кадрлар кәсіби емес әуесқой түсірілім іспетті. Фильм басталарда әйелдің жасы келген адамды жұлқылап үйге әкелуі көрерменге ой салғаны анық. Ал кішкентай баланың басында ауытқушылық бар екенін байқаймыз. Осындай қиындықтарға қарамастан отбасы бірлігі сақталғандығы көз қуантады. Бұл фильмде режиссердің ізденісі байқалады. Өмірде осындай адамдардың бар екендігін көрерменге паш етіп отыр. Және бұл жерде кейіпкер жалғыз адам емес бүтін бір отбасы. Фильм соңында бет-әлпеттерін әрлеп, ұлттық киімдерін киіп билеп жүрген бақытты жандар бейнесін көреміз. Бұл бүкіл фильм барысындағы пессимисттік көңіл күйді жойып, фильм тақырыбын екі мағынада да ашып берді.

Келесі фильм Аян Бугибаевтың «Одна мечта» фильмі болды. Мұндағы кейіпкердің жан мен тән қиналысын тек қана өзі арқылы емес жұбайы арқылы да бере білген. Фильмнің басында отынды қақ ортадан бөлуге талпынып және оны жарған кейіпкердің бойынан бір мін байқамайсың. Бірақ сюжеттің жалғаса келуімен көңілің түседі. Оператор кейіпкерді ірі планмен алған. Басты кейіпкер мен әйелі екеуін фильмнің соңына дейін жүздестірмеуі  де режиссер жұмысының бір бөлігі. Музыкасы кейіпкердің жан-жарасымен үндеседі. Бір сөзбен айтқанда режиссердің алдыға қойған мақсаты орындалды. Себебі, кейіпкер өмірін өзі де әйелі де баяндады. Екеуі бір-бірін толықтырып отырды. Оның арман-тілегі, ішкі сезімі, ойы, барлығы көрерменге түсінікті болды.

Деректі фильм ерекшелігінің бірі белгілі бір кейіпкер өмірін еш өңдеусіз, өзгеріссіз бастапқы қалпында көрерменге жеткізуінде. Әр фильмді көре отырып көрермен көкейіне қандай да бір ой түйсе бұл - режиссердің жетістігі. Жалпы, фильмдерде жауыр болған дәстүрлі бірсарындылық байқалмайды. Әр фильм өзіндік ерекшеліктерге ие және  өз алдына қойған мақсаты, принциптері, нәтижесі бар.

 

24 Қыркүйек 2017
193
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет