Көрерменнен алыс көркемсуретті фильмдер

II Республикалық "Байқоңыр" қысқаметрлі фильмдер фестиваліндегі көркем-суретті фильмдерге кезекті студенттік шолу

                                            Айтбаева Ақмарал

ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, II курc


Қыркүйек айының 15,16-жұлдызы II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметрлі фильмдер кинофестивалі өтті. Фестиваль шымылдығын былтырғы жылы Еуразия кинофестивалінде жүлделі болған режиссер Мейіржан Сандыбаевтың  «Ит» анимациялық фильмі ашты. Драматургиялық құрылымы ерекше. Қаңғыбас  иттің жасап жүрген келеңсіз тірлігінің барлық шешімін фильм соңында сәби денесіне тамған бір тамшы жастан аңғартады. Яғни, ол ит барлығын анасы тастап кеткен сәбиді жұбату үшін жасаған. Өмірдегі  жаман деп жүрген адамдардың бір жан жарасы бар болуы мүмкін деген  идеяны алға тарта түсірген бұл фильм көрермен мен сыншыларды одан әрі келесі фильмдерге ынтықтыра түсті. Одан әрі отыздан астам көркемсуретті, анимациялық және деректі фильмдер
көрсетілді.

Кезек көркемсуретті фильмдерге келді. «Похоранить молчание» реж. Алма Баймұратова, «Я в тебя верю» реж. Шаймерденова, «Көне кілем» реж.С.Евтушенка, «Somnus»  реж. Цой Владисав , «Куб» Максим Кадров, «Мәди» реж.Абдібек Бигелді,Сембиева Айнұр, «Квартира 6» реж.Олжас Ахметов, «Любовница» реж.Джулия Гони, «Майлыбай» реж.Самғар Рахым, «Глитч» реж. Әлібек Өмірбеков және т.б.көркем фильмдер көрермен назарына ұсынылды. Бұл мақалада осы фильмдер туралы сөз қозғайтын боламыз.

Бигелді Әбдібеков фильмі «Мәдиге» ерекше тоқталып өтсек. Ұлынан айырылған әке психологиялық ауытқуға ұшырап, көшедегі  балаларды өз баласы  Мәди деп үйіне әкеліп, қинап ұстайды. Фильмде көрерменге де өзге балаларды Мәдидің әкесінің көзімен қаратуы, яғни Мәди бейнесінде көрсетуі үздік режиссерлік және операторлық шешім болған. Белгілі оператор Ренат Қосайдың жұмысы тек бұл тұста ғана емес кереует басындағы қабырғада салынған отбасы суретін көрсетуі, бөлме қараңғылығын бала мен әке жүрегінің сәулесіздігіндей етіп көрсете білуі сәтті шыққан кадрлар. Алайда фильм мәресінде балалар құдыққа итеріп жібергеннен кейін баласының өлгеніне сенген Әкенің өз қалауымен жан тәслім еткенін көреміз. Бірақ әкенін психологиялық ауытқуға ұшырағанын полицейлер баяндап, көрерменге шайнап берудің қажеті жоқ еді. Себебі артхаусты фильмдер соңғы шешімді көбіне көрермен еншісіне қалдыруымен ерекшеленеді. Сәйкесінше, құдыққа батып барардағы балалар бейнесінің Мәди емес, өзгелер екенін көрсеткенде-ақ айқындалған-ды. Әкенің баласын тамақтандыруы, онымен бірге ойнауы сияқты кадрлар бастан аяқ көрсеткені көрерменді зеріктіреді. Ал, фильм дыбысының  тігісі жатық. Басты рөлді де тәжірибелі театр және кино актеры ойнағандықтан жақсы алып шыға білген. Актер кейіпкерін зерттеген. Бұл еңбекті қазылар алқасы Нью-Йорк фильм академиясының арнайы сертификатымен марапаттады.

«Үздік сценарий» номинациясын алған  Олжас Ахметовтың «Квартира 6» фильмінің сюжеттік басталуы жұмыссыз хирургты әйелінің тастап кетуі болса, шарықтау шегі пәтер саны тоғыздың есіктің қатты жабылғанынан  айналып түсіп алтыға өзгергеніне байланысты хирургтың ақшаны белінен басқан бандылардың басшысы болып шығуымен аяқталады. Оқиғаның шешімі де осы. Сюжетке тоқталу себеп көркемфильмдердегі жаттанды сюжеттердің бірі  болуы. Дегенмен әлі күнге дейін көрерменді жалықтырмаған шытырман оқиғасы бар бұл фильмнің көңілден шығуы актер Азамат Сатыбалдының да үздік ойынының себі. Алайда хирургты тастап кеткен әйелінің үйіне қайта келіп, ақшасыз күйеуінің бір сөмке ақшаны санап отырғанын көре тұра, күйеуі қуып жібергеннен кейін де қайта оралмағандығы логикаға сиымсыз, көрерменге сенімсіз. Фильм идеясы өмірдегі күтпеген бұрылыстардың бар екені, және олардың сені басқа арнаға салып жіберуі мүмкін екенін айтпақ болған.

Самғар Рақымның «Малыбайдағы оқиғасы» банк тонаушылардың әбігерін қызықтыра көрсете білген. Ақыр соңы ұрылардың өзара бөлісе алмаған ақшасы айдаладағы таксисттің уысында кетуі «жүгіргеннің емес бұйырғандікі» екенін аңғартады. Сюжеттік желісі сендіре біледі. Күлкілі образ-қыли жігітті ақымақ санаса да үндемегеннен үйдей бәле шығатынын әжуамен көркем көрсеткен. Фильмде қырағы көрермен байқаған қоғамдық шындық бар. Радиодадағы банк 15 млн ұрланды деп ақпараттандырады. Алайда олар 10 млн ұрлағандығы өздеріне аян. Бұл бұған дейін ұрыны қаралайтын халыққа  банк басшыларының да «ақ» еместігін айқындайтын қызықты деталь. Фильм «Қазылар алқасының арнайы сыйлығына» ие болды.

Былтыр ғана тұсауын кескен фестиваль көбінде көрерменмен сирек қауышатын көркемсуретті фильмдерге өз әділ бағасын беріп, жас режиссерлерге жаңа леп сыйлады.

23 Қыркүйек 2017
227
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет