«Шыңырау» - интрига болсын деп...

Қыркүйек айының тоғызыншы жұлдызы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында режиссер Рахымжан Қалдыкөздің «Шыңырау» атты қысқаметрлі фильмінің көрсетілімі болды. «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы аясында ұйымдастырылған бұл шарада көркемсуретті фильмге жас киногерлер арасында тұшымды талдау жасалды.

Ақмарал Айтбаева

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотеледраматургия, II курс


«Шыңырау» Рахымжан Қалдыкөздің тырнақалды туындыларының бірі  болса да, Қазан қаласында өткен халықаралық «Zilant» кинофестивалінен қанжығасы жүлдемен оралды.

Артхаусты жанрлы фильм болғандықтан, көрерменнің өз еншісінде қалар ой қомақты. Туындыны сан қырынан саралаған сыншылардың әрқайсысында өзіндік түсінік, ой туды. Қазақ қоғамының менталитетін, тұрмысын, сайып келгенде сенім мәселесін көтерген туынды кез-келген ел қоғамындағы қайшылықтарды ұтымды драматургиялық және режиссерлік шешімдермен көрсете білген. Мысалға, балалы болуға кедергі, немесе Аллаға серік қосушылық деп саналған әулие-ағашты қарияның балталауы. Ер мен әйел арасындағы психологиялық тартыс, бұл жағдайларға үлкен буынның көзқарасы нағыз кино тілімен көрсетіліп, әр кадр өзінше мән-мағынаға ие. Сөзсіз-ақ сайрап тұр. Ал, сексеннен астам жылқы қатысқан көкпар алаңын, ондағы тартысты таспалау шеберлігін елеусіз қалдыруға болмас.

Рақымжан Қалдыкөз, режиссер

Қателіктер де жоқ емес. Қала болмаса да, дала көрермені көзіне оттай басылатын жылқы малының бабын көрсету, уақыт аралығы сияқты ұсақ олқылықтар байқалды.

Актерлік ойын мен оператор Шерхан Таңсықбаев, суретші Бағдат Қожахметов жұмысы да фильмнің сәтті шығуының кепілі болған. Жанбол Файзиев пен Перизат Маденова және қарияның алып шыққан кейіпкерлері үздік ойынның ғана емес, олардың актерлық фактураларына, кездесе бермес көзқарастары мен келбеттерінің ерекшеліктерімен дараланып тұр. Демек, әрине, режиссердің актерды дұрыс таңдай білу, оны көре білу шеберлігінің белгісі. Бұл ойындар бас кейіпкер конфликтке түскен қосалқы рөлдегі актер Дәулет Ниязовтың театрландырылған ойынын жуып-шайды.

Дегенмен де қысқаметірлі фильмде ауқымды идеяны жеткізіп үлгеру шеберліксіз шыңына шықпасы хақ. Драматургияның кәсіби әрі үлкен логикаға құрылған тапқырлығының есебі идея өз мәресіне жеткен.

Көрсетілім соңынан фильм режиссерімен және сценарий авторы Шыңғыс Маманмен  сұхбат жүргізілді. Түсірілім барысынан және де сценариидің жасалу процесін сөз ете отырып, режиссер «Шыңырау» аспаннан интрига үшін алынған, немесе ерекше естілуін қалағаннан қойылған кездейсоқ тақырып екенін айтып қалды. Дегенмен де фильм атауының жолы болар режиссердің жеңгесіндей алдынан шыға қалғаны  дөп таңдалған сәтті атау екенін фильм сюжетін көріп, көзіміз жетті.

Жалпы, он екі минуттық таспаға сыйған осыншама дүние сапалы жұмыс пен білікті режиссердің айтулы еңбегін, кәсіпқойлығын дәлелдеді. 

9 Қараша 2017
146
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет