«Оралман» тақырыбына талай оралуымыз керек

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында, "Аманат" киноклубының ұйымдастыруымен, кинорежиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмінің көрсетілімі туралы студент сөзі

Айгерим Жумасагиева

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, III курс


Қараша айының 9-ы күні Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында кинорежиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмінің көрсетілімі өткен болатын.  Келген қонақтар мен көрермендер арасында түсірілім тобы, сонымен қатар, Қазақстанның халық жазушысы, барлық шығармаларын оралмандар тақырыбына тоғыстырған Қабдеш Жұмаділов те болды. «Оралман» фильмі жазушының «Соңғы көш» роман-диалогиясы негізінде түсірілген. ХХ-шы ғасырдың 30-шы жылдарында қызыл империяның қуғын-сүргінінен талай қазақ отбасы тарыдай шашылып, жан-жаққа шашырап кеткен еді. Фильмде қилы кезеңде Ауғанстанға қоныс аударған қандасымыздың бірі Базарбай есімді ақсақалдың өмірін бейнелеген.

Қазақ кинематографиясының қоры салмақты тағы бір фильмге  толды деуге болады. Бұрын соңды айтуға болмайтын мемлекеттік құпия болып қалған тақырыпты экран бетіне шығару арқылы фильм өзекті болып отыр. Тағдырдың талабына түсіп, табанын тас тескен, маңдайын күн ысытқан қазақтың басынан өткен кішкене ғана заман бөлшегін туынды арқылы режиссер ашып көрсете білген. Кинокартина соғыстың әрбір қазақ отбасына тигізген қасіретін әр эпизод сайын көріністер мен диалогтар арқылы тереңдете түсірген. Қазақтың жаңа кейпін, қоғамның бүгінгі психологиясы мен ахуалын “асыра сілтемей” шынайы көрсеткен бұл туынды көрермендердің көзіне жаспен бірге қуаныш сезімін ұялатты. Оған мысал ретінде фильмге қысқаша тоқтала кетсек.

Базарбайдың қызы мен ұлы Ауғанстан елінде дүние есігін ашады. Балалары есейіп, тұрмыс құрады. Қызы ауған жігітіне тұрмысқа шықса, ұлы пуштун ұлтының қызына үйленеді. Осылайша, араға біраз жылдар салып, туған жерінің топырағына жетуге асыққан Базарбай ақсақал еліне оралуға рұқсат қағазын алады. Отбасын алып, Қазақстан шекарасына жетеді. Сол сәттегі қарияның шекара күзетшілерінен: «мынау қазақ жері ме?»-деп маңдайын жерге тигізіп, суық аязды сезбей топырақты иіскей сүйгені көзге жас келтіреді. Қария қаншама жылдар өтсе де, жат елде жаңылмай өз еліне Төретам ауылына табан тірейді. Пойыздан түсіп, аң-таң болған отбасына ең алғаш жасөспірім жігіт Шыңғыс мейірімділік танытып, ауыл әкіміне алып барады. Арманы орындалған ақсақал уақыт өте көз жұмады. Мәйітті жерлеу үшін орын сұраған баласына ауыл әкімі: «Өлді деген куәлік алу үшін сендердің азаматтық паспорттарың керек. Қазір мейрам, 2-3 күн күт, сосын бір амалын қарастырармыз...» деп жауап қатады. Адам тұрмақ, жануарды да олай қорлау ең ауыр күнә емес пе? Елін емірене сүйген азамат туған жерге оралсам осынша елеусіз қалам деп те ойламаған болар?! Шарасыз қалған Сапарқұл темірмен торланған зиратқа келіп мәйітті заңсыз жерлейді. Бұл бассыздыққа шыдамаған Сапарқұлдың әйелі: «Жұмақта бұлай азап көргенше, тозаққа барып өмір сүрген артық» деп ызаланады. Алайда, атасының көз жұмар сәтінде: «Қандай жағдай болмасын сендер осы жерде өсіп-өніңдер!»-деп айтқан өсиетін еске алса керек, ешнәрседен бас тартпай, туған жер топырағына сіңісе кетеді. Ауыл әкімі ауған жерінде азаншы болған Сапарқұлға ескі ғимаратты ұсынып, мешіт салуға береді. Әр адамнан ұрыс естіп, аяққа тапталса да, бастаған ісінен қайтпай мешіт құрылысын салып бітіреді. Сапарқұлға әйелі жүкті екенін естіртсе, туа бітті сөйлей алмайтын қыздары Мәриям емделіп, әндете бастағанын көргенде  одан әрі ата-аналық жүректері елжірей түседі. Ең басты мәселелеріне айналған азаматтық куәліктері де қолдарына түседі. Сонымен қатар, фильмде Мәриям мен Шыңғыстың балалық махаббат сезімдері кішкене эпизодтар арқылы орын алған. Кинотуынды оралман тақырыбына арналса да, әрбір деталь тағы бір тақырыптық орын алатын үлкен мәселені көтеріп отырады. Биліктің бұрмаланған заңдары, әр елде қолына қару алған қазақтардың бір-бірімен соғысуы, ұстанған діндерінен адасуы, қазақ қаракөздерінің жат елде жүріп өзге елге ұрпақ сүйдіруі фильм көрерменін “әттеген-ай” дейтін өкінішті сәтке бөлейді.

Арнайы қонақ ретінде шақырылған оралман қазақ бауырлармыз көзіне жас алып, фильмнен кейін алған әсерлерімен бөлісіп, барлық түсірілім тобына алғыстарын жеткізді. Жүрек тебірентер туындыда тек қана бір отбасының оқиғасы көрсетілсе, шетелде әлі де қаншама қандастарымыз осы күнге жетуді арман етіп жүр?!

Қағаз беттерінде қалған тарихымызға көз жүгіртіп, оралман тақырыбына әлі де оралуымыз керек. Әрбір туындымызды түсірер алдында ізденіс пен тыңғылықты дайындық жүргізілсе, «Оралман» фильмі сынды ауыз толтырып айтарлық дүниелеріміздің көп болары сөзсіз. 

10 Қараша 2017
62
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет