Жас драматургтердің шығармашылық байқауы өтті

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның "Өнертану" факультеті, "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасының  дәстүрлі түрде  "Кинотеледраматургия" мамандығының студенттерінің арасындағы шығармашылық байқауын өткізді. Байқауға белгілі драматургтер Дулат Исабеков пен Сұлтанәлі Балғабаев қазылық жасады. Үздік шығып, жүлделі орыннан көрінген бірнеше әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

Ешкімге ғашық емеспін!

(Монолог)

Ақмарал Айтбаева

кинотеледраматургия, II курс

Ғашық болу - бойжеткен болмысының мәні ме екен?! Әлде, Жаратқанның қыз жүрегіне тамған мөлдір көз жасы ма?! Сондықтан да сергелдеңге салған осынау шерлі сезім мұңға толы екен-де.

Махаббат... Махаббат өзі не деген дүние? Ғашықтық асықтықпен ұштасып, қашықтыққа апарып жүрегін жардан лақтырады. Сосын жырым-жырым бір уыс ол бейшараны көтеріп тәтті сезімнің демімен үпілеп-сүфілейді де, жарасын кейін қайта тырнайды. Әлде бұл емес пе? Демек, Розалинаны ес-түссіз сүйемін деп жындана жаздаған Рамеоның Джульеттаға көңілінің түсуі немесе, Тоғжан деп зарыққан Абайдың Тоғжанға ұқсағаны үшін Әйгерімді сүйгені ғой. Сонда, махаббаттың «жалғыз әрі мәңгілік» атты теориясы қайда қалды?

Ал, кейбірі нағыз махаббат - Эдип патшаның өз анасына ғашық болуы дейді. Сандырақ! Патша Эдип - баланың анаға махаббатын ердің әйелге деген сезімімен шатастырған өз тағдырының құрбаны ғой. Шын махаббат, әлде, осы ғашықтық жырларын тудырып жүрген ақындардың жарларына адалдығы ма екен? Иә, өз әйелі Лашынның шәйін ішіп отырып, Мұқағали ақынның «Фариза жан» -  деп жыр жазуы секілді. Бұл махаббат емес, қатыгездік қой. Тіпті өзімшілдік. Білмедім... Білмеймін. Себебі мен ешкімге ғашық емеспін. Бүгін «сенсіз дүние тұл» - деп жігітіне зарығып жылаған құрбымның ертесіне ол сыйға тартқан сырғаны тағынып басқасына көз салғанын көре тұра бола алмаймын. Ешбір жанға сөзімді бермей күткендегім он қыздың бұрымын иіскеген жігіт болса, оның құшағында махабаттың жылы шуағына шомыла алмаспын. Екі сөздің басын құрап бір қызға сөз айтпаған «тормозға» да көңілім аумай(ды)т. Әлеуметтік желідегі хаттарында серілігі қысып ән арнайтын, жыр толғайтын, ал, жүзбе-жүз кезіккенде сәлем сөзін ыңқылдап әрең айтатын рухы төмен, бір кісілік күші жоқ әлсіздерден  де шаршдым.

Кейде біреудің сені шын  ұнататынын сезесің. Былай қарасаң жаман емес сияқты... Кейін бәрін құртатыны оның «сұлу қыздың қалайша жігіті болмауы мүмкін?» деген Ұлы логикасы ғой! Шіркін-ай, әйтеуір ұштаспайтын дүние!

Бірінің бойы тым қысқа, бірі ұзын. Бірі иглз, екіншісі ұлтшыл. Анау кетіп бара жатқаны тым мылжың, отырғаны мылқау. Біресе фактурасы нашар, біресе кез-келген қыздың көзі түсер тым сұлу. Одан кейін қырғын қызғаныш тумай ма?! Бірі қуыс кеуде, бірі тым ойшыл. Ал сырттай ғашықпын деп жүргенім қайырылмай көзден кетсе көңілімнің асыққанда шала ішіп суынған шәйдай салқындап қалуы тағы бар.

Жоқ...  Мен үшін махаббат -  он сегізге толғанымша оның «м» деген әріпін айтуға қорықатын, ол жайлы сөз қозғалса масқара ұят қысатын дүние болды емес пе?! Ал боз балалармен кездесуге шығатын құрбыларым халық жауындай елестейтін. Біреуді ұнатып қалып, сабақты емес оны ойлап қою -  ата-анам алдындағы күнәм, Алла алдындағы жазылмас жазығым іспетті болған. Немене, күлкілі ме? Бірақ, қазір ойласам өзім де күлем. Күлем де жылаймын. Осындай ақымақ болғаныма. Саф сезімнің қадірін кеш түсінгеніме, оны бағаламағаныма ұялам.

Бүгінде ес тоқтатқан, есебі бар бойжеткен ешкімге ғашық емес. Себебі балалық аңғалдықпен ес-түссіз ғашық болар кезеңі өтті. Себебі - махаббат деп айналасынан беті шимайланған қатынастарды көріп жүрген көзінің оған тойып қалуы. Содан соң сұмдық принциптердің қалыптасуы туды. Бәлкім, бұл айтып тұрғандарым үшін бес немесе он жылдан кейін ұялатын шығармын, күлуім де мүмкін. Бірақ, ішкі толғаныстың бәрі бір сәттік көңіл-күйден туады. Және ол таңғы шықтай тап-таза. Оны өзертуге,ол үшін ұялуға болмайтынын да жақсы түсінем...

Ал, кейде жанары айнадай, жүзі жылы дидарлыны көргенде ешқандай туыстығы жоқ туысыңның, жақындығы жоқ жақсы адамыңның болғанын қалайсың. Бар ақымақ ұстанымыңды бұзып, ғашық болғығың келеді. Бірақ, мен кітаптағыдан да, кинодан да, тіпті өмірдегіден де ерек елестететін асыл сезімді арнаушы лайық жан табылмас деп қорқамын. Ал қорқыныш бұл -анти-махаббат.


Дулат Исабеков, Дамир Амантай

Дәу қораптың ішінде

Дамир Амантай

 кинотеледраматургия, II курс

 

 

Бұл оқиға Алматының қыс мезгілінде болған еді. Нақтырақ айтқанда, желтоқсанның алғашқы күнінде. Қар жауғанына бірнеше тәулік болған. Жолдардың барлығын мұз басқан. Жаз қандай ыстық болса, қыс одан қалғысы келмей, қаланы бар күшімен тұншықтырып, суықпен қысып алған. Оған қоса, ысқырып соққан ызғырық жел мүлде тоқтағысы келмейді. Гуілдей береді, гуілдей береді. Адамдар қаншалықты қалың киінсе де, суық сүйектерінен өтіп, үш-төрт күннен соң, мұрындары пышылдап, тұмаурап жүреді.

Осындай сұрапыл қысқа Айтуған атты жас жігіт бірінші рет тап болған еді. Ауылдың тумасы және бірінші курс студенті болғандықтан оның Алматыдағы алғашқы жылы. Өзі де, денесі де, организмі де, дансаулығы да бұндай суыққа үйренбеген. Үнемі тістері тарсылдап, қатты дірілдеп жаурап жүреді. Тіпті сабақ кезінде де күрткесін шешпей отырады. Күз бойы қыдырса, енді, міне, жатахана бөлмесінен шықпайды.

Ата-анасы да ауқатты адамдар емес, біреуі трактор айдайды, екіншісі мектептің полын жуады. Уақыт-уақытымен жіберіп отырған ақшалары бала керегіне жетпейді. Амал жоқ, Айтуған ай сайынғы стипендиямен күн көреді.

Алайда қарашаның стипедиясы кешігіп жатыр, ал қыркүйек пен қазандікі бітіп қалған. Айтуғанның қалтасында көк тиын жоқ. Құдайға шүкір, «оңайының» ішінде төрт жүз теңгедей бар. Оңай – қоғамдық көлікпен жүргенде жол ақысын төлейтін кіп-кішкентай, төртбұрышты, сары түсті карта. Ол болмаса жігіт жаяу қалған еді.

Айтуған үш сабақтан рубежка тапсырып, бүгінгі күні кеш қайтты. Аялдамаға келді. Онда адам лық толған. Көшелердің барлығы кептеліс. Тайғанақ жол да тез жүруге мүмкімдік бермейді. Таксилердің өзі тасбақа сияқты баяу қимылдайды.

«Қашан келеді мына автобус? Осы түрімізге қарағанда ешқайда да бармайтын сияқтымыз ғой! – деді ішінен тістері тарсылдай берген Айтуған. – Әттеген-ай, ауылымда болсам ғой! Түні бойы далада жүрсем де, дәл осылайынан жаурамайтын едім. Әй, әттеген-ай!».

Ел-жұртты жарты сағат күттіріп, автобус та келіп жетті. Бұл автобус – заманауй көлік, бірақ түріне қарасаң, Кеңес Одағынан қалған сияқты. Әрең-әрең қозғалады. Және кез келген сәтте істен шығатындай көрінеді. Бірақ соны біле тұра адамдардың барлығы отырып алады. Себебі дала суық, таксиге ақша жоқ, жүруге жол алыс.

«Үх, мына мотормен жүретін төрт дөңгелекті дәу қорап келді-ау, әйтеуір!» - деп қуанған Айтуған автобусқа жылдам барып мініп алды. Бірінші кезекте терминалға «оңай» картасын тизіліп, бос тұрған бір бұрышқа тұра қалды. Кондуктор жігіт: «Жол ақысын дереу төлейміз, тұрмаймыз. «Оңайы» барлар, терминалға тигіземіз. Жоқтар менен келіп билеп аламыз. Түскенде билет пен «оңайды» көрсетіп түсеміз!» - деп тоқтаусыз қайталауда. Жүргізуші де: «Тұрмаймыз есік алдында! Ортаға жылжиық, ортасы бос қой! Жылжимыз, жылжимыз!» - деп тамағын ауыртуда. Ал шынына келгенде, автобус лық толған, отырғаны алаңсыз, тұрып тұрғандары бір-біріне қысыла жабысқан. Қимылдамақ түгіл, тыныстын өзін әрең алады. Ол аз дегендей, автобус ішінде ауа жоқ. Терезелер де ашылмайды. Ашылса да, кішкентай саңылау ғана. Ал саңылаудан келер пайда не?

Келесі аялдамаға жеткенде жағдай одан бетер ушыха түсті. Алдыңғы жақта тұрған адамдар: «Алдыңғы есікті ашпа! Елдер артынан кірсін! Түсетіндерді түсір де тездетіп жауып ал!» - деп жүргізушінің құлақ етін жей бастады. «Түсеміз!» деген адамдар өз алдарында тұрған жолаушыларды итеріп, басқаларға шаптап, қысып, есікке қарай жылжи берді. Олардың бірі кешірім сұрап, орын ауысайық деп, сыпайылық пен тәрбиелік танытса, екіншісі аяқты мыжып  таптап өтуге дайын тұрады.

Есік ашылғанда автобустан тоғыз адам алақайлап түсіп кетті. Бірақ орнына он бес адам мініп алады. «Жол ақысы толықтай төленбегенше, автобус жүрмейді» - деген сылтау тапқан жүргізуші, адамдардың ашуын келтіріп, сыртқа темекі тартуға шығып кетті. Апалар болса міндетті түрде ұрсыс бастады. Шыдамдары біткен ағалар жүргузушіні боқтап, контуктордың қанын ішті. Ол да: «Жол ақысы, жол ақысы!» - деп өзінің әнін шырқап қоймай қойды. Студенттер болса ахіреп-ухіреп: «Қашан жетеміз?» - деп мазасыз тұрды.

Айтуған да сол. Ыстықтап кеткені соншалық, денесі қызып, маңдайынан тер аққан. Тынысы да тарылып, жүрегі де айни бастаған. Қалай ғана талып қалмай, әлі де ояу тұрғаны өз-өзіне түсініксіз, біршама таңғалып тұр. «Құдайым-ау, шыдай алатын емеспін! – дейді ол ішінен. – Тез-тез құтылайыншы мына адамға толы дәу қораптан! Тез-тез түсейінші мен! Ешкімі жоқ, кең көшемен таза ауа жұтып жүрейінші мен!».

Бес минут өтіп, жүргізуші темекісін шегіп бітті. Сөйтіп, әйтеуір дегенде автобус орнынан қозғалды.

Айтуған бөгде адамдардың өсектерін тыңдап тұрды. Күйеуі және екі баласы бар Жансая өзінің бастығымен жақындасқан екен. Нұрғали атты бір жігіт үш қызды бір айдың ішінде екіқабат етіп, енді басы қатып жүрген көрінеді. Елена атты бойжеткенді біреулер ұрлап, айдалаға апарып, зорлап тастаған екен. Жанар мен Дидар ажырасып кетіпті. Алексей банкке үш миллион теңге қарыз боп шығыпты. Наташаны жігіті тастап кетіпті. Мерей әңгіме жазып, байқауға қатысып, бес жүз мың теңге ұтып алыпты. Белгілі қаламгер Лондонға барыпты...

Мұның өзі Айтуған естіген тек жарты өсектер ғана. «Адамдар ақымақ екен-ау! – дейді ол ішінен. – Автобустың іші таныс емес адамдарға толы екенін біле тұрып, неліктен осындай нәрсені айта береді? Ел-жұрт қаласа да, қаламаса да тыңдайды ғой. Оның үстіне, айтантындары – не өзінің, не өзгенің қайғысы. Не болмаса көре алмай, қызғанып айтқан дүниелер. «Әленше мен Бәленше үйленді, бала туды» сынды қуанышты нәрселерді неге айтпайды?!».

Аяқ асты оны біреу арқасынан итеріп қалды. Кім болса да, оны әдейі итермеген шығар, бірақ Айтуған алдында тұрған жас әйелдің үстіне құлай кетті.

-Айып етпеңіз, арттан біреу итеріп қалды! – деп ол әйелден кешірім сұрады. Алайда әйел қырсық мінезді ме, әлде тым ашулы ма, Айтуғанға айғайлай жөнелді.

Оны неше түрлі жағымсыз сөздермен атап, боқтық сөздерді де аямай айтты. Әйелдің айтқан кейбір сөздерін Айтуған түсінбеді де. Қайта-қайта кешірім сұрады, бірақ әйелдің даусы көтеріле берді, көтеріле берді. Оған қоса, Айтуған мүлде танымайтын қыз оған: «Бағанадан бері мені сипалап тұрдың!» - деп айып тағып, жазықсыз жігітті қызартып жіберді.

Оның қызаруын көрген контуктор жүргізушіге автобусты тоқтатты да, Айтуғанды жағасынан ұстап, автобустан шығарып жіберді. Қарға оңбай құлаған жігіт орнынан тұрып үлгерген жоқ, автобус әрі қарай жүріп кетті.

- Мен түк те істеген жоқпын, малғұндар өңкей! – деп айғай салды ол арттарынан. Қасынан өткен адамдар оған «жынды ма?» дегендей қарап қалды.

«Мейлі, кете беріңдер. – деді ішінен. – Басқа да автобустар бар, соларға отырамын».  Бірақ қалтасына қолын салып қалса, «оңай» картасы жоқ. Қайда кеткені белгісіз. Автобуста түсіп қалған ба, біреу суырып алған ба, әлде басқа бір жерде ұмытып кеткен ба, қалтасында жоқ.

Міне, енді Айтуғанда  ақша да жоқ, телефоны да өшкен, «оңайы» болса жоғалған. Ал жатаханаға дейін әлі шақырымдар мен шақырымдар.

Алайда жақсы жаңалық: ол дәу қораптың ішінде емес.

Айтуған аспанға қарады да: «міне, тілегім мүлде қаламаған жолмен орындала қалды!» деп, ауыр күрсіне ойлады. Сосын екі қолын қалтасына салып, терең дем тартып, алдыға қарай ешкімі жоқ, кең көшемен жүре берді.


Ақмоншақ Ахмет, Әшімова Данышпан

Аллергия

Әшімова Данышпан

 кинотеледраматургия, III курс

Көзімнің алды тұманданып барады. Ешнәрсе көрер емеспін. Мына бір жаз айында туындайтын аллергия атты сұмның қайдан пайда болатыны белгісіз, шықпайтын жерден шығып, мазамды алып жібермесі бар  ма?! Бұл пәлені тек қыс айында ғана емдей алады екенсің. Енді сол аллергиямды емдету үшін жаздың ортасында қыстың басын күтіп жүрген жәйім бар. Жаз бен қыстың арасы тым ұзақ болғандықтан, күте-күте шыдамың да таусылады екен.

Былтыр Санат деген бір досым қалаға жұмысқа шақырған, соған барамын деп үй ішіммен біраз қырлысып қалдым. Олар «не істейсің қалада? Оданда үйде қалып мал бақ, бақша суғар» деген cынды ұсақ-түйек шаруашылықты айтып, қалаға жібермей қойды. Ана жақтан Санат «бір шақырғанда келмедің» деп ол ренжіп екі ортада қалдым. Содан ары ойланып, бері ойланып, қалаға жұмыс істеуге бармасам да, біраз қыдырып, жер көрейін деп шештім де үйдегілерді әрең дегенде көндіріп, жолға шықтым. Қала деп отырғаным Алматы ғой баяғы.

Алматыға келгенімде, Санат күтіп алып үйінде қонақ қылды. Оның үйінде біраз жатып көптеген қызықтарға кенелдім. Қаланы да аралап, біраз шаңын ол тоздырдық. Осы қалаға келгенде ғой, аллергиям пайда болғаны. «Қайдан шықты бұл пәле?» дегенімде «Алматы лас қала болғандықтан көптеген аурулар пайда болады дейді білгіштер, аллергияң да сол себептен пайда болған шығар» деп Санат қалды.

Асбөлмеде шәй дайындап отырғанмын, Санат жұмысқа кеткен болатын. Дайындаған шәйімді енді аузыма апара бергенімде, есіктің қоңырауы шырылдап, аузым шәйдан қағылды. Санат келген екен деп есікті ашсам, аласа бойлы, қолында чемоданы бар, қараторы бойжеткен  бетіме күлімсіреп қарап тұрып:

- Сәлеметсіз бе?! Мен Санатты іздеп келіп едім. Бұл Санаттың үйі ма? - деп тіл қатты.

- Иә, соның үйі, ал сіз кім боласыз? – деп едім, Санаттың бөле қарындасы екенін, есімі Майра болатынын айтып болған соң, сыпайлықпен төрге шақырып, Санаттың біраз уақыттан кейін келетінін айтым да, аздап күте тұруын өтіндім.

Өзі сондай инабатты қыз екен. Бір көргеннен ұнатып қалдым. Оның да менде көңілі болды-ау шамасы деймін кейде. Өйткені менімен сөйлескенде қиылып тұрушы еді. Бірақ бір өкініштісі ол да мен сияқты аллергиямен ауыратын. Егер оның аллергиясы болмаса, мен онымен көңіл жарастыратын едім. Ертеңгі күні заттарымды жинастырдым да, Майраны босқа үміттендірмейін деп ауылыма кеттім де қалдым. 


Сұлтанәлі Балғабаев, Айгөлек Өмірбек

Сен кеткенде...

(Қоштасу хаты)

Айгөлек Өмірбек

кинотеледраматургия, II курс

Тылсым күштің тереңіне тартқандай болады жанымды. Ойда жоқта бойлап кетем.  Еріксіз бойымды билеген беймәлім күштің жетегінен шығу, ұйқыға кеткендей оңай болса ғой, шіркін! Шырмауықтай шырмап, қол-аяғың, бар бітіміңе тұсау салатынын қайтесің. Бұл сезім сен кеткелі пайда болды. Сен барда өзімді мың жерден қорғалғандай сезінуші едім. Үрей пайда болды. Үреймен болмысым үндескелі қашан... Айналамнан азырқанбас көңілім сол үрей пайда болғалы адамдарға сенбеуіме үгіттеді. Сенімсіздік те үрейдің сенімді серігіндей. Тынысымды тұмшалап, қалауымды қанағаттандырмай, болмысымды бөлектеген екеуін жанымнан жұлып тастау қолымнан келер емес.

 Тақымымды қысып денем жерге жабысардай болып отырғаныма үш сағаттан асты. Бөлме қараңғы. Бірақ ол қараңғылық жаныма қорқыныш сезімін еш ұялатпайды. Жанымды жегідей жеген ішкі дүниемнің күйі болып тұр. Мен кеше саған біраз нәрсе айтқым келді. Сөзімді «екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас елден ерек» деп бастағым келді. Сен маған сөз бермедің. Мүмкін, сен, саған арнаған көкейімдегі сөзімді айта алмай, үнсіз бас изеумен болатынымды білген боларсың?! Құдайым-ай, ішім өртеніп барады.  Қол – аяғым бос болса да, кісендеулі бейбақтығым, өлер алдындағы жәндіктің күйіндей дәрменсіздігім-ай! Өне бойым айтылмай қалған сөз бен ақтарылмай қалған сырға толы. Денемнен түскен зіл баттам уайым мен төгілер запыранды бір сілкіп, аттап кете берсем ғой. Әттең, қолымнан келмейді! Мен білем, сен менсіз де өмір сүре аласың. Менсіз де мына жалған өмірдің сүрепетін кетірмей сүре аласың. Ал сен мені ойладың ба? Иә, білем, сен мен үшін күйіп – пісіуге міндетті емессің. Бірақ берген уәдең бар еді ғой. Әлі есімде тамыздың тұманға малынған түнінде, айналамыз суық күнгі деміңнен шыққан будай, жаңбырдан кейінгі сәтте маған деген бар сезіміңді, шын уәдеңді берген едің ғой. Бұл күнде ол естелік сүреттер іспетті парақтап отыруға ғана жарамды. Кешегі күн менің өмірімдегі болмауын қалаған қарғыс атқыр қара түнек күндердің бірі еді. Сен менің қарсы алдымда  қолыңды сабынмен жуғандай, бір-біріне үйкеп тұрып:

 − Түсінесің бе, Фарида, мен сені қалай жақсы көргендігімді білесің. (Жақсы көргендігім?  Өліп өшіп сүйгендігің жақсы көруге айналыпты ғой) – Әрине, менің бұл әрекетім дұрыс еместігін білемін. Бірақ, мен сенің өміріңнің бұлай өзгерерін білмедім ғой. Сол себепті, көп созбайын, маған алдағы уақытта сен сияқты мүгедек қыз керек емес. Осы сөздерден кейін сол сәтте өміріммен қош айтыссам да өкінбестей едім. Сол сәттегі күйімді дұшпаныма да тілемес едім ғой, тәңірім! Тағдыр әділетсіздіктен жаралғанбысың?  Өмір ғажайып едің ғой?!  Тұла бойым қол тигізбес шоққа айналды. Бірақ ол шоқтың табы жалынын сыртқа шашпай, мына менің ішімді, көзге көрінбес жанымды өртеп барады. Көзімнен жас домалай жөнелді. Мен сенің бұлай деріңді білсем де, өз-өзімді алдаусыратып мен білетін Қасымның олай деуі мүмкін емес, ол ондайға бармайды деумен болдым. Бірақ мен қателесіппін. Ойыңдағыдай болмаған нәрсе адамды жүз сексен градусқа өзгерте ме қалай?! Одан кейін әрекет етуге кедергі көп. Одан кейінгі әректе істен гөрі үреймен арпалысқан сенімсіздік пен шайтанның торына түскен күрмеудей ой басым сияқты. Мен соны ұқтым.  Мен дереу жылауымды тоқтатып, орнымнан тура ұмтылып елім, қарғыс атқыр аяғымның жансыз екенін ұмытып кетіппін. Жеңіңнен тартып, өзіме қарай жұлқып, күртеңді жұлмалай бастадым. Сен  маған қарай жақындадың. Көзіңде жас болды. Жасырмағың! Жасырма, білем, сенің де жаның ауырды, бірақ сен мендегі болаттай төзімнің тырнағына да татымай қалдың. Мен жағаңа жармасып, кеудеңнен ұрғылай бастап едім, сен басыңды төмен сұғып, солқылдап жылауыңды тыя алмадың. Мен сенің сол күйіңді аяп кеттім. Сені үнсіз жібере салғым келді. Бірақ оған ішімде, тағы айтылмай қалған мұң қалар, сенің тағы да маған жағымды үн қатқаныңды қаладым. Сонда да солқылдап жылауымды тоқтата алмадым.

− Қасым, жаным, неге олай дейсің? Менің қалай қиналып тұрғанымды білсеңде, неге мұндай әрекетке барып тұрсың? Сен жыласаң, көзіңнен аққан әрбір жас,  тілгілеген денемнің судай аққан қаны сияқты. Сондықтан, сен жылама! Жылағаның менің жан-тәнімді де ауыртып жатқанын ұмытпа деуші едің ғой?! Сол ауруды сезінбей қалғаның ба? Неге бұлай өзгердің? Неге?  Сен мені қатты қысып құштың да, артыңа қайырылмастан жүгіріп, көз алдымнан ғайып болдың. Мен отырған орнымда қала бердім...Қала бердім. Бұл сенің бұрынғыдай менен тығылып, екеуміздің ағаштарға оратыла, бір-бірімізді қуалай жөнелетініміздей болса ғой, шіркін, деп ойлауым бекер еді. Себебі, мен елестеткен сурет сенің санаңда сақталмай қалған. Сақталса, бұлай жасар ма едің?! Жасамас едің. Мені шын сүйсең, менімен жаның егіз болса, мұндай әрекетке бармас едің ғой?! Мен сені кінәламаймын дегенім өтірік болар. Сол сәтте өмірімді осындай қасіретке толтыратының бар, неге мені жараттың деп Тәңірге қарғыс айтумен болдым. Білем, мұным қателік болды. Мүмкін бұл сөздерді сен айтып тұрмаған боларсың. Саған айтқызып тұрған, ішіңдегі ата-анаңның, дос-жаранның, туған-туыстарыңның жаңғырған дауысы болар. Сені өзіме ақтап алуға басқа себеп таппадым. Кешір, кешір мені...Қос дөңгелекті аяғымның алға басарын айналдыра сені қуып жеткім келді. «Тоқта, кетпе, күте тұр!» деп шабан үйректей жете алмай қала бердім.

Содан бері арада көп жыл өтіпті. Қаншама ұйқысыз атқан таң мен, жылаумен батқан күн өтті. Сен кеткелі адамның ұсқынсыз, көз қарақсыз өміріне өң беретін жалғыз нәрсе махаббат екенін түсіндім. Ол сөзімнің дәлелі менің өзім. Сенен қол үзгелі менің өмірімде еш мән, еш рең қалмады. Айналамдағаның бәрі ақ-қара фильмдердегідей реңсіз еді. Мен ондай фильмдерді әлі күнге дейін  көре алмаймын. Тұншығып кетемін. Көрген сайын өз өмірімнің тек ақ-қара түстерге малынғаны налытады.

Мен өзіңе қанша өкпелеп, қанша ренжісем де саған жамандық тілеген емеспін. Адам сүйгенін жамандыққа қалай қыйсын. Солай емес пе ? Болған оқиғаны жазып не керегі бар деп ойлап отырған боларсың? Сен менің сол кездегі күйімді сезінгеніңді қаладым. Маған деген титтей құрметің, сағынышың қалса осыны оқып отырып көзіне жас алсын дедім. Себебі, көз жасы адам көңілінің шынайы бейнесі емес пе? Көзіңнің бір тамшы жасы менің, қаламның сиясын батыра жазған соңғы сөйлемдеріме тамып отырғанын көргім-ақ келеді. Бұл менің сенің күйіңді табалайын деп емес, сенің маған деген шынайы көңіліңнің болғандығына көз жеткізгеніме қуанғаным болар еді.

Сен кеткелі мен өзгердім, есейдім дегенім артық болар. Бірақ қазіргі өмірімнің өзгеруіне бірден-бір себеп – сен едің! Жағдайым жақсы, көңіл күйім әрқашан жақсы. Уайымдауды қойдым, сағынуды мүлдем, күлуді ұмытпаймын, жылауды білем...Сен кеткелі...

Құрметпен Сәлім Фарида!

Есік қоңырауы сыңғырлады. Ерініп төмен тартқан денемді әзер көтеріп, есікті ашуға жөнелдім. Таңнұр келіпті. Бетінен сүйіп амандасып, төрге шығардым. Көңіл-күйі жоқ секілді. Сұрай бастадым. Сөз Қасымға келіп тірелді. (менің Қасымның бұрынғы сүйгені екенін ол білмейді) Айтса екен тезірек. Жағдайы  қалай екен? Менің хатымды алған соң, қандай күйде болды екен? Бәлкім, бойынан бір өзгерістерді байқаған болар Таңнұр!

Әкелген хабары қуантарлық емес еді. Таңнұр : «Ол мүгедек боп қалды, Фарида! Мен оны тастап кеттім! Білемін, мұным қателік болды. Бірақ мен сенің қалай қиналғаныңды көрдім ғой. Оған мен шыдай алмайтынымды білдім. Сондықтан, оның да өзімнің де жанымды қинамас үшін, осы қадамға баруыма тура келді» - деді.

Мен не жыларымды, не күлерімді білмей абдырап тұрып қалдым...


Ақмоншақ Ахмет, Қыран Жеңіс

Тәрбие!

Жеңіс Қыран

 кинотеледраматургия, III курс 

«Ішпе балам, ішпе! Оқы балам, оқы!» Деп еді әкем аянышты күйзелген қалпы... Арман екеумізді мал қорада ішіп отырған жерімізден ұстап алып.

Арамыздан қыл өтпестей дос едік. Ең алғаш ішуді оның туылған күнінде бастағанбыз. Тоғызыншы сынып. Мал қора да басталған. Сол күннен бастап жұбымыз жазылмайтын үрімкелестерге айналдық. Содан бері қанша қызық көріп, қанша үлкендердің  жұдырығынан дәм таттық десеңші. Бірақ одан өлген ешкім жоқ. Өсе келе кәрі-жасын түгел жеңдік. Жігіт болып жасқанбай ішіп жүрдік. Ол біздің ер жүрек еркек екеніміздің дәлелі. Бірақ, бәрін мойындатсақта, ұстаздарымыздың алдында су ми деген аттан арылмадық. Пингвин Дильяра, очкарик Айман ғана бізді су ми емес, көк ми деп атайтын. Екеумізді де сабақтан босатып үшімізді қинамай қойып беретін. Міне, нағыз ұстаз деген осындай болса керек. Сөйтіп жүріп он бірінші сыныпқа да жеттік. Емтиханға ұстаздар жібермей әлек, мына жақтан анам емтиханға қатыссыншы деп өзімен-өзі әлек. Ал маған бәрі бір! Гитлерде жетістіріп оқымапты деседі. Менің су ми деген атым болса да, он бір жылдық білімім бар. Осынша жыл бекер жүргенім жетер, ертерек жұмыс істеп, ертерек баюдың қамына кіріспеймін бе? деп шешім қабылдап қойғанмын. Өкінішке орай емтихан тапсырып, қуанышыма орай он тоғыз балмен оқусыз қалдым. Асанның оқуы менен қарағанда, сәл тәуір еді... Ақылы бөлімге ілінді. Ал менде ол да жоқ... Өкініп тұрған мен де жоқ! Мен келер жылы оқуға қайта тапсырмадым. Бір жола оқымадым. Армандағанымдай содан бері бір тынбай жұмыс істеп келе жатырмын. Бірақ әлі байымадым... Артынша үйлендім, балалы болдым. Мал да бақтым, егін де ектім, жүк тасушы да болдым. Көше де тазаладым. Ал Арман болса, оқуын бітіріп келді де өзіміз тәмандаған мектепте, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болды. Ғұмырының соңғы күндеріне дейін сол орыннан бір қозғалмады жарықтық...

Ай қайран марқұм досым-ай, ең қызығы жаңа соның Қанаты мен менің Жарасымды мал қорадан ұстап алдым... Ішіп отыр екен... Дауыс көтеріп ұрса алмадым, ұра алмадым... Жігіт болып қалыпты... Тарих шынымен қайталанады екен-ау... Жәй ғана күйзеле отырып аянышпен бар айтқаным... «Ішпе балам, ішпе! Оқы балам, оқы!»

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет