«Әкеге қоңырау шалу» фильміне студенттік пікір

Режиссер қоғамымыздың жанды жерін нысанаға алып, ауруын көрсете алды. Көтеріп отырған мәселе осы тақырыптың төңірегінде шалыс басқан ата-аналардың кеудесіндегі барлық өксікті жинап алып, ұрпақтар өмірінің маңыздылығын ашып берді.

 

Айғана Битай

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, III курс


«Аңшы», «Ақсуат», «Бауыр» сынды кинокартиналарымен көрермен қауымға етене таныс, қазақ киносындағы «Жаңа толқын» ағымының өкілі, белгілі режиссер Серік Апрымовтың  «Әкеге қоңырау шалу» атты тағы бір жаңа туындысы көпшілікке жол тартты. Фильмдегі бір ерекшелік  Серік Апрымов продюсерлік, режиссерлік және операторлық жұмыстарды өзі атқарған. Көркем фильмнің сценариін де өзі жазып, экранға экспериметтік бағытта жаңа туынды алып келді.

Фильмдегі оқиға Еркін есімді бала тұратын қазақ ауылында болған. Дәрігер оған ПДБ деген диагноз қояды да, қарапайым мектепке де бара алмайтындығын айтады.

Еркіннің анасы ауру баламен тұрмыс тапшылығына шыдай алмай, оған қоса  үлкен ұлының қазасынан кейін үйден кетіп қалады, ал Еркін әкесімен қалып, оған әрдайым кірпіш сатып, табыс табуына көмектеседі. Әкесі ішкілікке жақын еді... Еркін өз қатарластарынан артқа қалғандығына қарамастан қалаға баруды армандайды, балалар үйінде жатып, білім алғысы келеді.

Әрине, фильм көрерменге терең ой, ерекше әсер бергісі келеді. Дегенмен, несімен ерекше деген сұраққа тоқталсақ. Шым-шытырық оқиға, күрмелген мәселелер. Яғни, отбасылық құндылықтарды сөз етіп, кейіпкердің ішкі әлемін барынша ақтара алғандығы. «Өмір» дейтін сынақтан қарапайым отбасына берілген ауыр соққы. Отбасының ұйытқысы деп білетін әйел бейнесі бұл фильмде жиіркенішті  көрсетілген. Оның дәлелі, анасы отбасын қиын сәттерде тастап, басқа еркекке кетуі, бауыр еті баласына жек көрініш сезімін ашық білдіруі, мейірімнен мақұрым күй кешуі және жолдасымен ызаға толы қарым-қатынас. Ал, керісінше мұнда араққұмар болса да, әйелінің көңілінен шыға алмайтын күйеудің образы – «әке» бейнесі жоғары деңгейде ашылған. Әкесі Еркінді сақтай білді. Оған мысал: баласының оқи алмайтынына сенбеуі, ұлын қандай жолмен болса да оқытқаны және  «Балама тиіскендердің барлығын қырамын» деген сөзі. Сондай-ақ әкесі бала арманының орындалуына жол ашты.

Фильмнің басты кейіпкері Еркіннің ішкі дүниесінің жай-күйін режиссер екі бейнелік  көрініспен ашып береді. Оның біріншісі, бала Еркіннің өміріндегі тереңдік пен құлдырау сәтін терең жардың шетімен көрсеткен. Ал, екіншісі баланың қалыптасу кезеңін ауру екенін білген Еркін мен қалаға оқуға кететін Еркіннің арасындағы әкесіне көмектесуі арқылы жиналған кірпішпен  байланысты. Себебі, кірпіштер тазаланып, қаз-қатар жиналып сатуға шығарылған кезде ұлы да арманына бет түзеп қалаға кетеді. Фильмнің өн бойында бас кейіпкердің қиналысын көреміз. Бірақ, қиналғаны Еркіннің түрінде емес, оның барлық іс-әрекеттерінде. Яғни, мектептегі жағдайлардан шаршауы, соңғы уақыттарда әкесінің көп ішімдікке бет бұрысынан қиналасы, тағы да басқа қиындықтар кезінде ағасының елесін көруі, онымен тілдесуі бауырға деген сағынышты да көрсетеді.

Жалпы кинотуындының мағыналық жағынан тереңдігін жоғарыда айтылған  ойлардан байқауға болады. Дейтұрғанмен, фильмнің орталарында кездесетін уақыттың өтуін жәй ғана қара экранға «6 жыл өтті», «20 жыл өтті» деген жазулармен шығармаған дұрыс болар еді. Көптеген әлемдік, отандық кинорежиссерлер уақыттың өткенін түрлі кадрлармен керемет көрсете білген. Яғни, сол жазулар фильмнің атмосферасын құртып тұр. Тіпті 20 жыл өтті деп бас кейіпкер ғана өзгеріп, қалған кейіпкерлердің сол қалпында, сол киіммен жүруі фильмнің басынан алған барлық әсеріңді жояды. Дегенменде, режиссер қоғамымыздың жанды жерін нысанаға алып, ауруын көрсете алды. Көтеріп отырған мәселе осы тақырыптың төңірегінде шалыс басқан ата-аналардың кеудесіндегі барлық өксікті жинап алып, ұрпақтар өмірінің маңыздылығын ашып берді.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет