Заманауи қазақ фильмдеріндегі Астана бейнесі

Қазіргі заманауи фильмдердің біразы дерлік Алматы қаласында түсіріліп келеді. Дегенмен, күні бүгінге дейін көрермен сүйіспеншілігіне бөленген Астана жайлы картиналар да жоқ емес. Нақтырақ төмендегі туындыларға тоқтала кетсек...

 

Гүлмира Әбенова

ҚазҰӨУ, кинотану, II курс

 


«Қазіргі таңда, әлемдік қауымдастық кеңістігінде халқымыз өз орнын іздеп, дәстүрлі болмысымызға, дінімізге, мәдениетімізге қайта үңіліп, тіршілік етіп жатқан тұрмысымызға енгізгісі келетіні анық. Сонымен қоса, бүгінгі әлемді жаулап алған жаһандану үрдісіне байланысты Батыс пен Шығыстың көпшілік мәдениетінің есіп жатқан лебінің әсері әсте бар. Тоқсаныншы жылдардағы депрессиядан шыға бастаған қоғам, өзінің кімдігін іздестіруге кірісті. Адами құндылықтарын қайтаруға күш салуда, алайда жаһандану заманында тек бір ғана есік емес, бірнеше жолдың алдан шығуы, әр түрлі бағыттарды қалыптастыруда» [1], - деп кинотанушы Минуар Айдар атап өткендей, қазіргі кино саласы заман талабына сай, әр түрлі бағытта өрбіп, заманауи қазақ киносының жан-жақты бағытта дамуға деген оңтайлы бет-бұрысы байқалуда. Қамтылған көптеген фильмдердің ішінде біздің көңілімізді аудартқаны Астана тақырыбындағы фильмдер болды. Осы орайда, соңғы онжылдықта көрермен назарына ұсынылған фильмдердегі Астана бейнесіне кезек берсек.

Астана бейнесі заманауи қазақ киносында сирек көзге түседі. Отандық киноөндірісте бас қаламен байланыстыра түсірілген фильмдер қатарының аз болуын елордамыздың жаңадан аяққа тұрып келе жатқанымен байланыстыруға болады. Екіншіден, жас қаламыз – Астана бизнес орталығының басқарылуы негізінде құрылған, экономикалық даму бағытындағы болашақтың қаласы. Сондықтан, режиссерлердің көпшілігі қаланың табиғи орналасу ерекшелігіне байланысты, кинотуындыларын түсіруге бел буа алмай жатады. Қазіргі заманауи фильмдердің біразы дерлік Алматы қаласында түсіріліп келеді. Дегенмен, күні бүгінге дейін көрермен сүйіспеншілігіне бөленген картиналар да жоқ емес. Нақтырақ төмендегі туындыларға тоқтала кетсек...

«Бәйтерек» көркемсуретті фильмі (реж. Д. Саламат, 2009). Фильмде бас қаланың символы болған «Бәйтерек» баланың қиялына ерік береді. Астананың да айшықты келбеті де осы тұста айқындалады. Фильмнің идеясы ұлы мұрат асқақ арманнан басталатынын алға тартады. Басты кейіпкер Санжар «Бәйтеректі» арманының символикалық биік нышан ретінде алып, оны мақсатының орындалуымен байланыстыра көрсетуі, бала психологиясын көрерменге айқын сезінуге мүмкіндік береді. Астана бейнесін ашуға талпынған бірден-бір туынды ретінде қазақ кино тарихында өзіндік орнымен ерекшеленеді. Астананың бүгінгі бейнесіне қарап, болашағы жастардың арманы іспетті жарқын боларына кәміл сенеміз.

«Еліміздің бүгінгі жастары жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір»,- дейді дана халқымыз. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өміріндегі ұстанымына олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты» [2],- деп Әшім Айжан атап өткендей, болашағымызды айқын көре білу аса маңызды. Жастардың білімділігінің арқасында ұлтымыздың келешегі де айқын болары анық. Жоғарыда айтылған ойдың жалғасы ретінде «Армандастар» (реж. Е. Сағынов, 2012) атты жастарға серпін беретін тың туындыны атауға тікелей негіз бар. Елбасының халықаралық «Болашақ» стипендиясы үміткерлерінің өмірбаянын арқау еткен, шынайы оқиғалар желісіне құрылған фильмде жас мемлекетіміздің қарқынды дамуы көрсетіліп, кейіпкерлердің өмірлік мақсаттары мен келешекке деген жоспарлары жайында баяндалады. Фильмге Алматы, Қарағанды қалаларымен қатар Астана келбетін де көрсетудегі мақсаты неде? Атап айтқанда, соңғы бөлімдегі кадрлардың елорда бейнесімен байланысуы тосыннан емес. Қаламыздың көрікті жерлерінің бірі, ерке Есілдің жағасына жақын орналасқан ұлттық мұрағат пен кітапханамыздың маңында арман қуған, бір арнаға тоғысқан, мақсатына талпынған оқу озаттарының кездесуі бейнеленеді. Расында, Астана жастардың ордасы болғаннан кейін, ұлтымыздың болашаққа бастар жолдағы нақты қадамын айғақтайды.

«Армандастар» (реж. Е. Сағынов, 2012)

Жастар демекші, Астанада түсірілген фильмдердің көбі жас буын өкілдерімен байланысты. Сол тақырыптағы, бірақ одан гөрі сезім мен махаббатқа толы, сенім бар жерде махаббаттың да болатыны заңды деген идеяны алға тартар «Астана – махаббатым менің» атты телесериалды басты назарға алсақ (реж.Е.Шынарбаев, 2010). Фильм масштабтығымен қоса, сюжеттік желісінің қоюлығымен ерекшеленеді. Бұл жердегі Елорда бейнесі қандай? Ең алдымен, оқиға Астана қаласында өтеді. Екінші Астана тек армандар орындалатын немесе махаббат ордасы ретінде ғана емес, бизнестің, шет елмен қарым-қатынас жасау жолындағы саяси-дипломатиялық келісімдердің, экономиканың дамуына маңызды үлес қосар, рөлі зор қала ретінде көрсетіледі. Түркия елімен бірлесе түсірілген бұл фильмде түрік қызы мен қазақ жігітінің арасындағы махаббат екі ел арасындағы махаббаттан хабардар етеді. Фильмдегі кейіпкер өмірі, қызметі тікелей Астанамен байланысты. Сюжеті тікелей екі адам арасындағы махаббатқа құрылса да, неге фильмнің атауы «Астана-махаббатым менің» деп аталады? Себебі, фильмдегі барлық жағымды сәттерді, сәтті істерді, махаббатты Елордамыз сұлу Астанамен байланыстыра суреттеуінде. Сондықтан Астана – махаббат қаласы, армандар қаласы деп бекер айтылмаған. Режиссер қаланы барлық жағынан ашуға тырысқан.

Жоғарыда аталып, көрермен тарапынан өз бағасын алып үлгерген бұл туындыларда ортақ байланыстың бары қуантады. Ең бірінші байланыстың Астана қаласы екені белгілі. Екіншіден идеяның ортақтығы. Ол дегеніміз махаббат, қызмет, оқу, жастар бұның барлығы фильмдерге айтылған ортақ кілт сөздер. Жас қала келбетін жастармен астастыра суреттеп, Астананы махаббаттың қаласы ретінде алып, даму сатысының жоғары баспалдағына көтеріп, әр фильмнің идеясында ортақ бір байланыстың болуымен ерекшеленеді.

«Астана – махаббатым менің» (реж.Е.Шынарбаев, 2010)

Есілдің қос қапталында алыстан назар аударатын ерекше нысандарымен еңсесін тіктеген елорда туралы кинофильмдердің біразының куәсі болдық. Расында, жас қала аз уақыт ішінде адам нанғысыз кейіпке еніп, тек қазақ жұртын ғана емес, әлемнің де назарын өзіне аударып үлгерді. Астана бейнесінің отандық киноөндірсте аз көзге түсуі туралы жоғарыда айтылған болатын. Шетел киноөндірісіне назар салсаңыз, фильмдердің басым көпшілігі сол елдің астанасында түсіріледі. Отандық фильмдердің оңтүстік Астанамыз Алматы қаласында түсірілуін мәдени, тарихи орда болғандығымен байланыстыруымызға да болады. Дегенмен, біз болашақта кино өнерімізде Астана бейнесінің нақты бір дәрежеде көрініс табуына мән беруіміз керек. Елордамыз қанша бизнес, орталық биліктің көзі болғанымен де мәдени қалаға айналдыру ол өз қолымызда. «Астана – Елбасының ғажайып ерлігі. Жас ұрпақтың келешегін ойлайтын кемеңгер адам Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы дала төрінен асқақ та ғажап қала тұрғызуы – теңдессіз қайсарлық. Әр елді Астанасы-сол елдің төлқұжаты. «Астанасына қарап елін таниды» [3], - деген Елбасы сөзінде терең мән бар. Мәдениеттің бірден-бір маңызды бөлігі – өнер. Сол себепті киноөндірісіміздің жан-жақты, бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірінен ерекшеленіп, дараланып тұруы үшін де біз кез келген қадамға бара білуіміз керек. Соның бірі Астана қаласында киноөндірісінің дамуы. Бұл ойға үлес қосушы бірден-бір маңызды субъект ол режиссер. Сондықтан алдағы уақытта режиссерлердің қазақ киносында Астана бейнесінің лайықты көрсетілуін, фильм сюжетіне арқау болуын, жалпы айтқанда бұл мәселеге баса назар аударғандарын қалар едім. Қорыта айтқанда, кез келген бастаманың жалғасы болатындай, болашақтан жоғарыдағы аталған картиналар секілді сапалы кино туындылар күтеміз.

 

Сілтемелер:

  1. http://www.qazaquni.kz/2012/07/30/12903.html
  2. http://old.adebiportal.kz//aza-stanny-bolasha-y-zhastardy-olynda.page
  3. https://www.zharar.com/kz/shygarma/507-astana_otan.html
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет