«Балапан» телеарнасындағы мультфильмдердің көркемдік ерекшеліктері

«Балапан» телеарнасы баланың айқын болашағына үлкен бір қадам. Себебі, бұл телеарнаны көріп өскен әрбір баланың белгілі бір нәрсемен айналысуна құлшынысы артып, өз ана-тілінде еркін сөйлеуіне үлкен септігін тигізеді.

Алтынай Тайжанқұлова 

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, II курс


«Балапан» ­– Қазақстанның балаларға арналған тұңғыш телеарнасы. Эфир аудиториясы 3 жастан 10 жасқа дейіңгі балаларды қамтиды. Телеарнаның басты ерекшелігі қазақ тілінде эфир таратуы болып табылады.

«Балапан» – бұл өскелең ұрпақты жақсы тәрбие мен білімділікке үйрететін пайдасы өте көп телеарна. Қазіргі таңда «Балапан» телернасында  осыған байланысты көптеген мультфильмдерге қоса бағдарламаларда көрсетіліп жатыр. Әрине бұл баланың зерек болып өсуіне себепші болары анық. Осы тұста теларнадағы бағдарламаларды атап өтсек: «Балапан NEWS», «Ақ сандық – көк сандық», «Кел ойнайық», «Саядан Хат», «Үй тапсырмасы», «Не, қайда, қашан?», «Аспаз мектебі», «Он саусақ», «Алақай балақай», «Шытырман», «Күлегеш», «Әдемі-ай», «Мың түрлі сұрақ», «Ойлан тап», «Шынықсаң шымыр боласың», «Сынақ алаңы», «Күлдір-бүлдір» сынды бағдарламалар баланы кішкентайынан шымыр, зергек, әрі талантты болуына көмектеседі. Бұл бағдарламалардың барлығы әртүрлі бағытта болсада, мақсаттары бір, яғни балаға жақсы тәлім-тәрбие беру. «Балапан» телеарнасы баланың айқын болашағына үлкен бір қадам. Себебі, бұл телеарнаны көріп өскен әрбір баланың белгілі бір нәрсемен айналысуна құлшынысы артып, өз ана-тілінде еркін сөйлеуіне үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар бала басқада елдердің тілін меңгере алады. Мұның бәрі телеарна аясында толық қамтылған. Балапан телеарнасы аясында көптеген кастингтер және жобалар болғандықтан  кішкентай бүлдіршіндер өздерін көгілдір экраннан көруге де мүмкіндік алады.

Телеарнада сондай-ақ отандық өнімдер мен шетелден аударылған көптеген мультфилмдер көрсетіледі. Олардың сюжеттері, іс-әрекеті, өзіндік бейнелері және айтылып жатқан сөздері өздігінше әртүрлі, барлығы бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Жалпы мультипликациялық (анимациялық) кино дегеніміз (латын тілінде multіplіcatіo – көбею; ағылшын тілінде animation – жандандыру) – cуреттердің, қуыршақтардың қозғалыс кезең-кездерінің фазаларын жеке кадрларға түсіріп, ретімен көрсетуден туатын кино өнерінің бір түрі. Көптеген елдерде бала тәрбиесіне, соның ішінде балаларды мультипликациялық кино арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Мәселен, Жапонияда балаларға салт-дәстүрін, өзара қарым-қатынас этикасын, адамның ортада өзін ұстау мәдениетін мультфильм арқылы үйретсе, АҚШ бұл әдіспен математика, география, физика пәндерінің негіздерін оқытуды мақсат ететіні байқалады. Ал Қытай болса анимация өнері бойынша әлемде көш бастап тұр. Олар ұлттық мүддені ғана көздейтін мультфильмдерді шығару арқылы бала санасына Отанға деген сүйіспеншілігін оятуға тырысады. Оған қоса, Қытайда шетел мультфильмдерін көруге тыйым салынған. Неге? Себебі әр ел өздерінің фильмдері арқылы өздерінің саясатын, салт-санасын, идеологиясын жас көрермендер назарына сіңіретінін назарға алу қажет. Осы орайда біздің елде ұлттық дәстүрді насихаттайтын, ұлттық тәрбиеге негізделген, әлемдік бәсекеге қабілетті анимациялық фильмдер жасала қоймағаны жұртшылық арасында қынжылыспен айтылып жүр. Соған қарамастан балапан телеарнасы ұжымы бар еңбегін салып, жас ұрпаққа көз–қуаныш бола алатындай мультфильмдер ұсынып жүр. Бірақ, қазіргі уақытта елімізде толық метрлі мультфильмдер санаулы, тек бар жоғы ең ұзақ дегенде 30 минуттан аспайтын мультфилмдер ғана көбейіп жатыр. Оның себебі неде? Біз қазір осы сұрақтарға тоқталатын боламыз.

Мультфильм қалай бастау алады және оның сюжеті неден басталады деген сұраққа, әрбір қазақ азаматы ертегілерден бастау алады деп айтары анық. Ертегісі жоқ халық кемде-кем болғандықтан, көп елдер өздерінің мультфильмдерін ертегідегі оқиғалармен шығарады. Міне, осы сияқты балапан телеарнасындағы мультфильмдердің көбісі қазақ ертегілеріне негізделген. Бұл жердегі бір ерекшелік ертегілер сюжеті 21 ғасыр оқиғаларымен құрылған. Мысалға атап өтсек: «Алдар көсе» - бұл ертегіні білмейтін бала жоқ шығар, байдың қылығана әбден ызалаңған Алдар көсенің байға көрсеткен қиындықтарын балалар енді көгілдір экраннан да тамашалап жүр. Алдар көсе  көбінің сүйіп қарайтын мультфиліміне айналды. Алдаркөсе мультфильмі  көптеген бөлімдерден тұрады. Әр бөлімде Алдар сараң байдың қылмысын әшкерелеп, қызықты қулықтарымен көрерменді таңқалдыра түседі. Бұл да бір, мультфильмнің көркемдік ерекшелегінің бірі болып табылады. Балапан телеарнасында көптеген қазақи нақыштағы,салт-дәстүрмен байытылған мультфилдьмдер де баршылық олар: «Әли мен Айя», «Ғажайыпстанға саяхат», «Балапан және оның достары», «Данышпан қарға», «Сәлем Астана» мультфильмдері болып табылады.

Оларға жеке тоқтала кетсек:

  • «Әли мен Айя» - 5 жасқа дейінгі балалардың ой-өрісін, ойлау қабілетін дамыту. Ауылда тұратын ата-әжесіне келген Әли мен Айя есімді кейіпкерлер арқылы балаларды қоршаған ортамен таныстыру. Әли мен Айя табиғаттың түрлі құпия-сырларына жауап іздейді. Ән айтып, би билейді. Әр бөлімде қазақтың ұлттық өнері, мәдениеті, әдет-ғұрып және салт-дәстүрі қамтылады.
  • «Балапан және оның достары» атты мультхикаяда балапан, қошақан, ботақан, бұзауқан, құлыншақ және  күшік сынды кейіпкерлері қызықты ойындар ойлап тауып, әртүрлі оқиғаларға тап болады. Бұл мультихикая балаға әлеуметтік болмысты ойын түрінде үйрету, оқытуда ойын элементтерін тиімді пайдалана отырып, оң нәтижеге қол жеткізуге үйретеді. Бұл мультфильмді көру арқылы бала санауды үйренеді, басқа да қажетті дағдылар меңгереді. Айналасымен танысып, қарым-қатынасқа түсіп, өзіне деген сенімділігін арттырады. Дүниетанымын кеңейтуге бағытталған әлеуметтік, өмірлік дағдыларды игереді. Сондықтан, бұл мультсериалдың бала тәрбиесі үшін маңызы зор болмақ.

Бұл атап өткен мультсериалдардың барлығы 10-15 минуттан ғана тұрады. Осы уақыттың ішінде балаға өздерінің образдары және іс әрекеттері арқылы әсер қалдыра алады.

«Балапан» арнасында көрсетіліп жатқан мультфильмдердегі кейіпкер бейнесіне тоқтала кетсек, жалпы айтқанда ондағы кейіпкерлер ұлт ерекшеліктеріне қарай түр-келбеттері ажыратылмағанын байқаймыз. Барлығының түрлері бірдей тек өзгертілген көздері мен шаштарының түсі ғана. Ал, жануарларға күлгін, қызыл, сары, көк сынды түстерді берген жəне де жануарлардың бейнесі шетел мультфильмдеріне елкітетіліп жасалған. Сол себепті алдағы уақытта, аниматорлар Əмен Қайдаров сынды режиссерлерден үлгі алып, тура түстерді қолданса дейміз. Себебі, бала не көрсе соны тура солай жаттап алатыны барлығымызға белгілі.

Қорытындылай келе қазақ мультфильмдері балалардың көз-қуанышы, олардың алып жатқан тəрбиесі екенін айтқым келеді. Қазіргі таңда бізде 80% шет ел мультсериалдары болса тек 20%-ы ғана отандық мультфильмдер екенін де ескеріп, алдағы уақытта көптеген жаңа режиссер, аниматорлармен жұмыс жасап жетістіктерге жетеді деген үміттеміз. Қазіргі таңда елімізде көптеген киностудиялар да көбейіп келе жатыр. Осы ретте жас талантты режиссерлеріміздің өсіп келе жатқанына сеніммен қарап, «Балапан» арнасындағы өнімнің 20% емес, 80% отандық болатынына үміттенеміз.

Пайдаланылған әдебиет көрсеткіші:

1.http://balapan.kaztrk.kz/ru/  «Балапан» телеарнасындағы мультфильмдердің аты.

 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет