Өнер мен оқырман арасы: Медианың рөлі

«Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубында блогер, журналист Назгүл Қожабековамен «Медиадағы бар мен жоқ: сіз оған не қоса аласыз?» атты кездесу өтті.

Шынымен де медиада бар және жоқ дүниелерге не қоса аламыз? Кездесудің тақырыбы сұрақ болып тұрғандықтан, Назгүл Қожабекова да кездесуге келген жастарға сұрақ қоюдан бастады. Өнертанушы жастардың жазған дүниелері қандай сұрақтарға жауап беретіні турасында өрбіді.

Әрине, өнертанушылардың жазған еңбектері қалыптасқан үлгіде белгілі бір газет немесе интернет желісінде жарияланады. Ол жазылғандарды өнер саласындағылар ғана оқитыны, басқа саладағы адамдарға қызық бола бермейтіні тармақтала талданды. Осы тұрғыдан медиа саласының өнер мен оқырман арасын жалғаудағы рөлі және бүгінгі өнер турасында жазылып жатқан дүниелердің сапалық деңгейіне қатысты нақты проблемалар қозғалып, оны шешудің жолдары да қарастырылды. 

Назгүл Қожабекова белгілі бір өнер саласында медиа арқылы жетістікке жетудің жолдарын арнайы тақтаға сызып, тайға таңба басқандай етіп көрсетті. Өзінің білімі мен медиа саласында жинаған тәжірбиесін жастарға барынша ықыласымен түсіндірді. Тақырыпты жүйелі, жан-жақтылы қамтып жазуды кездесуге келген жастар арасындағы бітіруші курстардың дипломдық жұмысын негіз ете отырып жеткізді.

Сұхбат, тақырып мәселелеріне де ден қойып, маңызды тұстары мен құпияларын ашып берді. Әлеуметтік желідегі белгілі бір контентті дамытудағы пайдалы кеңестерді де айтты. Қазақстан медиасындағы бос кеңістікте жатқан өнер саласының дамуы үшін жастарға қажетті жол нұсқап, ұсыныс тастады.

Қорытындылағанда медиа арқылы өнер туралы оқырмандарды қызықтыратындай дүниелер жазып, сауатын көтеру мақсатын қойды. Назгүл Қожабекова мен кездесу қонақтары топтық рәсімге түсіп, медианың бар мүмкіншіліктерін пайдаланып өнертану саласын дамытамыз деген үмітпен тарқады.


    

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет