Креолдық тіл

немесе мұғалімге құлша мойынсұнатын «ұлттық педагогикадан» пайда жоқ.

Сурет "Jasqazaq.kz" сайтынан алынды

Серікбол ҚОНДЫБАЙ



Немесе мұғалімге құлша мойынсұнатын Ұлттық педаго­гикадан пайда жоқ Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы, оның болашағы қазақтың бәрін болмаса да, бірегейлерін ойландырмай қоймайды. Тілдің басына түскен шырғалаңнан шығар, жолдың табыла қоймауы, елдегі тілге деген көзқарас оның болашағын бұлыңғыр ететін сияқты. Дегенмен, осы мәселеде тек «қара» немесе тек «ақ» деген анықтағыш сапамен шектеле алмайтынымыз түсінікті. «Қара аспанды төбесіне төндіретіндей» ақырзаманның алдында тұрғанымыз жоқ. 8 млн қазақтың (шетелдерін қоспағанда) жартысынан астамы қазақ тілінде сөйлейді, қазақ баласының жартысынан көбі қазақ мектебіне барады, газет-журнал, телевидение де бар. Бірақ тіл шаруасының оңалар түрі көрінбейді.

Тілдің сырқаты неде? Осы сауалға жауап іздеудің өзі болашақ тіл дамыту идеяларын туғызуға себепкер болар деген үмітіміз бар. Бүгінде қазақ тілінің екі түрі бар. Бірі – әдеби тіл, ол ақын-жазушылардың, журналистердің, тіл-әдебиет мамандарының, кейбір өнер саласы қызметкерлерінің, мектеп қызметкерлерінің қазақ тілі. Ол бұрынғы қалыптасқан әдеби нормалары мен ережелерді, 100 пайыз болмаса да, сақтай отырып, Мемтерминком енгізген жаңа сөздерді қабылдайды, ішінара пайдаланады да. Екінші тіл – күнделікті көше мен үйдің қазақ тілі. Бұл – әдеби тілдің нормаларын, ережелерін сақтамайтын, орыс тілінің жеке сөздерімен, сөз тіркестерімен, сөз орамдарымен мейлінше мол қаныққан тіл. Қазақ халқының әлгі көрсетілген мамандық иелерінен басқаларының 95-99 пайызы осындай «қойыртпақ тілде» сөйлейді. Бұл – өмірдің ақиқаты, оған бірдеме деп дау айта қою қиын. Мұндай тілдерді әдетте «креолдық» тіл дейді, бұлар – Африка мен Орталық Аме­рика аралдарының отарланған халықтарына тән болған. Әр жақтан әкелініп, бір аралда тұруға мәжбүр болған құлдардың ортақ тілге көшуінің екі жолы бар: не олар отаршының тіліне (ағылшын, испан, француз, португал) толықтай көшеді, не өздерінің тілін отаршы тілдің сөздерімен, тіл нормаларымен толықтырып, «қойыртпақ тіл» жасап алады. Әрине, оларға сын жоқ, тағдыр айдауымен бір жерге келіп, құл болғандардың өз мұрасын сақтай алмайтындығы түсінікті. Ал «айдың күнінің аманында», аса мол, бұл жағынан орыс тілінен асып түспесе кем түсе қоймайтын қазақ тілінің іс жүзінде «креол» тілге айналуы, сол креолша тілімізбен айтсақ: «обидно».

Қазақта жеке ғылыми тіл, ресми тіл, әскери тіл, т.б. арнайы мамандык тілдері дамымаған. Қазақта басқа тілдердегідей жаргон тіл (арго, сленг) де дамымаған. Ол – тілдің кемістігінен емес, тілдің тап болған тарихи жағдайынан болған іс. Бұлар – уақыт өте қалыптасып кетер бағыттар, ол үшін арнайы термннологиялық ізденістер мен мол ақпараттық-анықтамалық әдебиеттің қазақ тілінде жарық көруі қажет. Ал әзірге ең басты тіл мәселесі қандай?

Тіл мәселесін қозғай отырып, кінәліні іздегенде көбінесе журналистерді, әсіресе тележурналистерді кінәлауға құмармыз. Әрине, олардың сөйлеу сапасында, жеке басының зерделік сапасында (мұны «Айкю – интеллект деңгейі» деп те атайды) олқылықтар бар, бірақ бұл жаппай ортақ құбылыс емес. Журналистің де жақсысы, жаманы бар. Міне, осы тележурналистерге, жалпы теледидар қызметкерлеріне «неліктен казақша ойын-сауық, зерде толтырар, білім жарысы, ток-шоу сияқты хабарлар жасамайды» деп кінә таққанда, журналистер мен тележүргізушілердің жеке сапасынан басқа ескеріліп көрмеген бір жайт бар. Осы бір жайтты – ең басты себеп деуге болады. Ол - қазақша хабарға қатысушы қазақтың өз тілінде сөйлеу жағдайы. Сөйлеу туралы айтқанда «орыс болып кетті» деп қала қазағына ренжиміз-ау, ал осы дұрыс қазақ тілінде сөйлеуге келгенде, ауыл қазағының да «көктетіп жүргені» шамалы. Өйткені телехабарға қатысушы қазақ әдеби тіл деңгейінде сөйлей алмайды, ал күнделікті креол тілімізде сөйлеген (яғии жартысы орысша болатын) сөзден кейін қазақша хабардың да құты қаша бастайды. Оны теледидар жаңалықтарынан бастап арнайы телехабарлардан да көріп жүрміз. Қазағы жарты миллионға жетсе де, толыққанды қазақы тілді ортасы жоқ Алматыда орналасқан екі мемлекеттік телеарна журналисі мен жүргізушісіне осы қаладан қазақша дұрыс та түсінікті, көркем сөйлей білетін қарапайым (зиялы емес) не қызметкер қазақты тауып алу – қиынның қиыны. Телехабарға қатысып отырған қазақша сөйлеушінің аузынан жөні түзу сөз бен жауап ести алмай тұрған, сөйтіп ойын құрастырып айта алмай тұрған қатысушыны жөндей алмай, жаны қиналып тұрған тележүргізушіні аяйсың. Аямағанда ше? Қанша тырысқанымен «қазақша сөйлеп» тұрған «қазақ» алдында ол дәрменсіз, шарасыз, өйткені бүкіл қазақтың 99%-ы сол қойыртпақ тілде сөйлеп отыр емес пе?

Сондықтан «Хабардың» да, «Қазақстан – 1-дің» де жүргізушілері әдеби тілді меңгерген ғалымдар мен жазушыларды, өнер адамдарын бір үстелдің басына жинап алып, жиырма минуттан бір сағатқа созылатын мылжың хабарлар беруге әуес, өйтпеске олардың лажы жоқ. Көңіл көтерерлік қазақша хабар табуға ұмтылғанымен, қолда бар қазақ тілді контингенті солай болып отырған соң, «қысылғаннан қыз болдымның» кебін киеді, мұндай ха­барлар, көп ұзамай-ақ, бірер жазғыштың сынына ұшырап, ғайып болып кетеді. Қазақ тіліндегі рейтинг сәл де болса жоғары деуге болатын саусақпен санарлық телехабарлардың ішінде «Жетпіс жеті күн», «Ұят болмасын..» сияқтылардың өмір сүруі – олардың «қазақтілді орташа контингентті» емес, театр актерлері мен өнер қайраткерлерінің жұмыстарын пайдаланудың арқасында болып отыр. Егер осы хабарларға ауыл мен қаланың «қазақша білетін қазағы» қатысса, бұлар да ғайып болар еді.

Ал облыстық, аудандық деңгейдегі теледидардағы қазақша хабарлар жөнінде айтпай-ақ қойса да болады: ол жоқ, бола қойғанның өзінде әлгіндей «малтасын ұжымдаса отырып езуден» аспайды. Міне, сондықтан «аспанның қаһарын» тек журналистерге ғана төге бермей, басты дерттің себебін басқа тұстан іздеген жөн сияқты. Мұндай дерттің көзі бар, ол – мектеп.

Кеңес дәуірінің мектепте сөйлеу мәдениетін қалыптастыру жүйесін әңгімелеп жатпай-ақ, бүгінгі қазақ мектептеріндегі осындай жүйе туралы сөз қозғасақ, айтарымыз мынау: Кеңес дәуірінде де, бүгінгі кезде де «қазақ тілінде сөйлеу мәдениеті» деген жүйе атымен болған емес. Сөйлей білу, кез келген тақырыпта пікір айту, кез келген сұраққа айтар жауабын әдеби тіл нормаларына сай құрастырып беру қабілеті адамның психологиясына, ой еркіндігіне байланысты нәрсе. Бүгінгі «халықтық педагогика», «Атамекен», т.б. оқу-тәрбие бағдарламалары өзінің рухани ниетінің дұрыстығына қарамастан, жас баланың, оқушының ойын шектеуге, еркіндігін басып-жаншуға, оны бағынышты, мойынсұнғыш етуге бағытталған өте қауіпті бағдарламалар болып табылады. Бала ұлттың тарихы мен өнерін, әдет-ғұрпы мен мұраларын білгенімен, тек жаттау арқылы, «мұғалімнің шайнап берген» дайын материалын үнсіз «жұта беруге» дағдыланады. Қай пәнде болмасын, оқушы он бір жыл осы «сөйлеу» мәселесіне ешқашан назар аударып көрген жоқ. Қазақ тілі мен әдебиетінде диктантты не шығарманы қате жазбаса, өлеңді жаттап айтып берсе, оқулықтағы сабақты не мұғалімнің айтқанын барынша толық қайталап берсе «төрт» пен «бес» алады. Математика, химия, физика сияқты пәндерде оқушы сөйлемейді, есепті дұрыс шығарса, формуланы жатқа білсе, кейбір ауызша қойылған сұракқа бір сөзбен жауап берсе болғаны. Тарих пен биология пәнінде оқулықтағы материалды жаттап алып не кейбір даталар мен ұғымдарды атап берсе «бес» алуға болады. Ал гео­графия пәнінде картадан бес-алты нүктені көрсетіп жіберіп немесе бір-екі цифрлық мәліметті айтып жіберіп те баға ала беруге болады. Басқа пәндерде де солай. Сөйтіп, бала он бір жыл бойына өз бетінше ойын жеткізе білуді, кез келген тақырыпқа айтар сөзін жатық та әдеби тұрғыдан дұрыс тілмен құрастыруды білмей-ақ өтеді. Мектептегі тәрбие сағаттары мен ашық сабақтардағы оқушының өлеңдетіп, сабақ айтып тақылдап тұруы – сөйлеудің көрсеткіші емес, тек көз алдау ғана, мұғалімнің дайындап берген сөзі мен оқулықтағы бір екі абзац жолды жатқа айтуы ғана. Мектептен кейін жоғары оқу орны. Мұнда да қазақша сөйлеу мәдениеті қалыптаспайды. Егер тіл-әдебиет, тарих, педагогика, журналистика салаларында бұл мәдениет әжептәуір алға жылжыса, техникалық, басқа да оқу орындарында бұрынғы оқушы – бүгінгі студент, керісінше, сөйлемек түгілі, бұрынғы білгенінен айырылады. Оның куәсін, өмірді айтпағанда, теледидардан айқын көрінеді. Премьер-министр де, министр мен ірі мекеме бастығы да, әкім мен милиция қызметкері де, қарапайым фермер мен саудагер де, дәрігер де, әскер офи­цері мен қатардағы жауынгері де өз ойын қазақша жеткізіп бере алмайды. Бұл жерде орысша оқып өскен қазақтарды айтып отырғанымыз жоқ, олардың айтар себебі бар, әңгіме өзегі тек қазақ мектепте 10-11 жыл оқыған, қазақ тілді ортада өскен қазақ.

Сөйлеу демекші, осы қазақ тіліне қатысты тағы бір көп аңғарыла бермейтін құбылыс бар. Ол – бүгінгі қазақтың креолдық тілінде аймақтық диалектілердің пайда болуы. Газет-журнал мен кітап оқудың «кітап оқығыш» кеңес заманымен салыстырғанда өте төменгі межеге түсуі, аймақтық теледидарда (тіпті қазағы мол делінетін облыстардың өзінде де) қазақша бағдарламалардың болмауы, орталық екі-үш теледидардың да қазақшасының аз болуы, бір жағынан, орыс тілді ақпарат құралдарының жергілікті деңгейде үстемдік етуі, екінші жағынан, ортақ тіл нормаларын жойыла бастауына, облыстық қазақтың қойыртпақ тілінің диалектілерінің қалыптаса бастауына жол ашып отыр.

Қазақ тілінің «й» (кіші жүздік-ноғайлық), «дж» (үйсіндік-жетісулық) диалектілері XVI ғасырда болғанымен, XVII-XVIII ғасырларда 150 жылға созылған қалмақ-жоңғардан қашу заманында қазақтың барлығы Оңтүстік Қазақстанда топтасып, шоғырланып тұруына байланысты «ж» (Орталық-Оңтүстік) диалектісіне ауысып, бүгінгі ортақ қазақ тілі қалыптасқан еді. 1730 жылдан кейін қазақтың бір тобы Жайық пен Мұғалжарға, Маңғыстауға екінші тобы Сарыарқа мен Алтайға қайтып оралғанымен, олардың барлығы да ортақ тілді бүкіл дала кеңістігіне алып кеткен еді. XIX ғасырда да, кеңес заманында да жергілікті тіл ерекшеліктерінің болғанына қарамастан қазақ тілі ортақ болатын. Miнe, енді кері процесс – тілдік бөлшектенуі (диалектіленуі) басталған сияқты. Мұның алдын алмаса енді бір 50 жыл уақыт өткен соң Жетісу қазағы Маңғыстау қазағының тілін түсінбейтін дәрежеге жетуі әбден мүмкін.

Орыс пен қазақтың ойын жеткізе білу, айтар сөзін нормаға сай құрастыра білуін салыстырар болсақ, қазақша сөйлейтін жоғарғы сынып оқушысы мен одан үлкен студенттің сөйлем, ой құрастыру деңгейі орыс немесе орыс мектебінде оқитын бастауыш сынып оқушысы, тіпті балабақша баласының деңгейімен бірдей болып шығады. Орысша сөйлегенде, тақылдап тұрған балақай мен қазақша сөйлеген дардай ересектің білім деңгейіне қарамастан, бірдей сапада болуы – құр кемсітушіліктен туған салыстыру емес, өмірдің ащы шындығы. Орысша сөйлеген адам «балабақша – мектеп – жоғары оқу орны» тізбек сатысында сөйлеу мәдениетін қалыптастырады, оған қосымша өмір бойы қатарласа ілескен орыс тілді теледидар мен фильмдер, баспасөз де көмектеседі. Ал қазақта мұндай тізбек жоқ, сондықтан қазақтан әлі де болса, қазақша сөйлейтін ақын-жазушылардың, журналистердің шығып тұруы – мектептің арқасында емес, сол жеке адамдардың өз қабілет-ынтасының арқасында болып отырған жетістік.

Міне, осылардың бәрін болмаса да біразын айта отырып, қазақ тілін дамытудың басты шарты – қазақша сөйлеу мәдениетін, ең алдымен, қазақ тілді қазақтар арасында қалыптастыру дер едік. Әрине, бұл тілге қатысты басқа мәселелер мен әдістемелік-бағдарламалық жүйені жоққа шығару деген сөз емес, керісінше, оларды да әрі қарай дамыта пайдалана отырып, басты назарды сөйлеу мәдениетіне аудару дегенді білдіреді. Бұл – ең алдымен мектептің шаруасы. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін мектепте дене шынықтыру мен еңбек пәнінен (әдетте, тіпті, сөйлемейтін) бастап география, математика, физика, тіл-әдебиет пәндеріне шейінгі барлық пәндер үшін арнайы «сөйлей білу» жүйесін (әдістеме, бағдарлама) жасау қажет, яғни оқушы барлық пән бойынша, кез келген тақырыпқа өз ойын құрастыра алатын дәрежеге жетуі тиіс. Әрине, оқушының бәрі өз ойын Қазыбек бидей не Әйтекедей болып, шешендік деңгейде болсын деп тұрғанымыз жоқ, тек осылай сөйлеуде орыс тілді құрдас-қатарласынан кем болмауын айтып отырмыз. «Шешендік» демекші, мектеп бағдарламасына арнайы, он бір жыл бойынша оқытылатын «сөйлеу, шешендік өнері» пәнінің енгізілгені де қажет сияқты. Қалай істеуге болады? Бұлардың барлығына біз айта қояр дайын тұрған рецепт жоқ. Оны табу, жетілдіру – мамандардың сыбағасы.

Айтарымыз – сөйлеу мәдениеті мен шешендік пәні барлық қазақ тілді жоғары және арнайы орта оқу орындары үшін де міндетті болуы керек. Тек сонда ғана теледидардан қазақша дұрыс та ұғынықты сөйлеп отырған инженерді, әкімді, дәрігер мен офицерді көруге болады. Тек сонда ғана тележүргізуші саны мол «қазақша дұрыс сөйлейтін армиясы» ішінен өзінің хабарына қажетті контингентті орыс тілді теледидардағы сықылды оңай әрі тез таба алар еді, бұл өз кезегінде қазақша теледидардың дамуына сеп болар еді. Осылайша қиялдағанның, үміт күткеннің айыбы болмас, қанша дегенмен қазақтар саны 10-100 мың ғана болатын, жойылып бара жатқан халық емес, 10 миллионнан асқан жұрт қой. Тілді қалпына келтіріп қана қоймай, әрі қарай дамытудың да бір реті келер. Ең бастысы – қазақ баласы мұғалім мен үлкен кісіні сыйлай білу шеңберінен шықпай отырып, олардан қаймықпай, мәдениетті түрде өз ойын, өз дегенін, өз дұрыстығын дәлелдей, мойындата білуі, оны дұрыс та ұғынықты қазақ тілімен жеткізе білу керек. Әйтпесе, бүгінгі бастық пен мұғалімге құлша мойынсұнатын «ұлттық педагогикадан» еш пайда болмайтынына көз жеткізу қиын бол­мас.

 

Маңғыстау облысы, Шетпе кенті.

«Алтын Орда» газеті, 2001 жыл, 5 қаңтар

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет