Сейдолланың ашылмаған сыры...

"Әлия", "Жан Досым" сынды халық жүрегінен орын алған әндердің авторы, композитор Сейдолла Бәйтерековтың шығармашылығына арналған ән кеші Алматыда өтеді.

Сұхбаттасқан: Бекжан Байгенжеев



Ақпан айының 10-күні Республика Сарайында композитор Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығына арналған «Жан досым...» атты ән кеші болады. Осы концерттің ұйымдастырылуы мен орындалатын әндер жайлы толығырақ ақпарат алу үшін, композитордың жары Ләззат Мұзарафқызымен сұхбаттасқан едік.

– Таудың биіктігін етегінде жүріп көре алмайтының секілді, таудай болған азамат, Сейдолланың өмірден өткеніне 19 жыл болса да, оның тұлғалық биіктігін, бізге деген қамқорлығын бұрынғыдан да жақын сезініп жатырмыз. Ол менің рухани ұзтазым...

«Көп сөйлеген шешен емес, дөп сөйлеген шешен...»

Сейдолла өмірде өте қызық адам болған. Көп сөйлемей-ақ, ішкі дүниесін бізге ашып көрсе алды. Сөйлегенде де, ойдың тоқ етерін айтып, қысқа ғана сөйлейтін еді. Менің ойымша, халық та соны көріп отыр. Өзінің өмірімен әндерінің мағынасын көрсеткен секілді. Бірақ, Сейдолланың әндерінің сыры әлі ашылмай жатыр. Оны әлі де зерттеу керек. Жеңіл әндер біршама уақыттан соң халық көңілінен шығып қалады. Ал, Сейдолла әндері – мәңгілік әндер. Тек бір «Әлия» әні ғана мәңгілік болса, басқа сөз болар еді. Немесе «Әлиядан» соң сол типті, сол әннің айналасындағы әндер жазған болса, халықтың жүрегінде осындай үлкен орын алмас еді. Сейдолланың әр әні бір-бір әлем. Керек десеңіз, екі нотаның арасынан бүтін әлем тауып алуға болады. Мысалы, осы концертке дайындалу барысында «Дос туралы жыр» («Жан досым») әнін дайындап отырып, осы күнге дейін байқамаған, екі нотаның арасындағы әлемді тауып отырмыз. Алдағы уақытта әлі талай сырдың ашыларына сенем.

Осы концертте Сейдолланың әндерін орындайтын әншілердің көбі танымал жас әншілер болады. Олардың өмірге көзқарасы жаңаша болғандықтан, әндерді жаңаша таныту үшін таңдап отырмыз. Және ол әндер жаңартылып жатыр. Жаңартылғанда да, уақытқа сай, заманға сай өңдеулер жасалды.

Өмірін – шығармашылығымен тең ұстаған тұлға

Сейдоланың ерекшелігі, оның мінезі, адамдық қасиеті, болмысы – шығармашылығына сай. Екі қанатын бірдей қағып, әуелеген құс секілді қалықтап ұшып, халқының махаббатына бөленуінің бір себебі осы деп ойлаймын. Адам болған соң, шаршау, энергия таусылу деген болады. Үнемі жақсы көңілмен жүру мүмкін емес қой. Сыртта, жұмыста әртүрлі жағдай болады, мүмкін, ұрыс-керіс те болатын шығар. Оның үстіне сол уақытта үй салып жатқан болатынбыз. Проблема жетерлік еді. Бірақ, Сейдолла ешқашан үйге келгенде ашулы, қатаң мінез танытқан емес. Көңілді, сабырлы, айналасына махаббатын шашып жүретін. Әндері қандай терең болса, өмірінде сондай тереңдікті көрсетіп кетті. Біз үшін ол – өмірлік бағдар болып қала бермек.

Қамқорлығында шек жоқ. Көзі тірісінде: «Сен қиналмайсың. Сен жыламайсың. Менің құрметім халқымда. Халқым өзі көтереді. Үстіңнен керек адамдарды жіберіп отырам» – дейтін. Рас екен. Қазір концерт ұйымдастырып бастағаным сол екен, керек адамдар өздері келе береді.

Сейдолланың маған деген махаббатын кәсіби маман көріп, әннен сол махаббатты сезініп, тіпті, сол әннің ішінде мені көргенде таң қалғаным соншалық, айтарға сөзім қалмады. Быкова Людмила Сергеевнадан жеке сабақ алып жүрген едім. Кейде ол кісінің үйіне барам, кейде ол кісі біздің үйге келеді. Бір күні, үйге келіп: «Мен Сейдолланың бір әнін таптым. Менің ойымша, бұл әннің ішінде сіз барсыз. Сіз және тамшы»  деді де, «Жаңбырлы түн» әнін орындады. Шын мәнінде, бұл әнді Сейдолла мен орындау үшін жазған болатын. Екеуіміз сол әнді екі сағаттай қайта-қайта орындадық. Арасында көзімізге жас алып, қайта айтамыз. Осы оқиға арқылы өзі өмірден өтсе де, бізге деген махаббаты бізбен бірге екендігін тағы да дәлелдеген секілді.

Композитордың «Жан досы»...

Сейдолланың достары көп болды. Композиторлармен, ақындармен, әншілермен, жазушылармен, режиссерлермен де өте жақсы дос болды. Бір-біріне керек уақытта көмектесіп, ақылдасып, сырласып та жүретін. Қалай десек те, ол кісінің ең жақын досы - халық. Содан кейін, әндерін орындаған, ел құрметтейтін әншілер. Алдағы концертте Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Сәкен Майғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Бейбіт Кушкалиев, Айша Байбосынова, Кәмшат Жолдыбаева, «Кешью» тобы, Айдана Меденова, Санда, Меруерт Мүрсәлі, Серік Ибрагимов, Серікбол Сайлаубек, «Алау» тобы, «Jayrun» тобы, «Vidmen» тобы, «Alem» Band, Еркеш Хасенов, Айгерім Рақышева, Ардақ Әлекешев, Арманай Мұхамедиярова, Дана Кентай, Жанель Садуақасова, Тимур Қайыпов – Сейдолланың әндерін орындайтын болады. Концерттің қызық өтетініне және тыңдарман үшін Рухани азық боларына сенімдімін...

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет