Ең таңдаулы дәстүрлі әндер жинағы жарық көрді

«Назқоңыр» атты бұл жинаққа халық арасында кеңінен таралған әндердің көркем, озық нұсқалары таңдалып алынып, көпшілікке ұсынылып отыр. Атап айтқанда авторлар ел жадында сақталып, бізге жеткен ең таңдаулы деген 310 әнді бір жинаққа тоғыстырған.

Жақында Алматыдағы «ОНОН» баспасынан қазақ ән өнері үшін тағы бір сүбелі туынды жарық көрді. «Назқоңыр» деп аталатын көлемді дәстүрлі әндер жинағының авторлары белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев пен ҚР мәдениет қайраткері, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы.

Ұлтымыздың ән өнері тамыры тереңде жатқан, сарқылмас қазына спетті рухани асыл мұра. Ән – елдің тыныс-тіршілігімен ілкіден бері біте қайнасып келе жатқан, күнделікті өмір-салтымызда айырықша орны бар өнер саналады. Әсіресе дәстүрлі ән өнері сан ғасырлық уақыт тезінен өткен, екшеліп сұрыпталған көркемдік қуаты мен эстетикасы мол сала.

«Назқоңыр» атты бұл жинаққа халық арасында кеңінен таралған әндердің көркем, озық нұсқалары таңдалып алынып, көпшілікке ұсынылып отыр.  Атап айтқанда жинақтың шығарылу мақсаты ел жадында сақталып, бізге жеткен ең таңдаулы әндерді бір арнаға тоғыстыру.

Жинақ үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде авторлары ұмыт болып, ел арасында сақталған халық әндері берілген. Екінші бөлімінде ХІХ–ХХ ғасырларда өмір сүрген Біржан сал, Мұхит, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Шалтабай, Әсет, Жаяу Мұса, Абай, Балуан Шолақ, Кенен, Қалқа, Майра, Естай, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Ғазиз, Мәди т.б. сол сияқты әнші-композиторлар әндері енгізілген.  ХІХ ғасырда қазақ жерінде ән өнерінің мерейін үстем еткен композитор-орындаушы бір буын өмірге келді. Бұл өнерпаздар шоғыры сал-серілер дәтүрін орнықтырып, қазақ әнінің көкжиегін кеңейтіп, көркемдік деңгейінің көтерілуіне көп үлестерін қосты. Екінші бөлімде сонымен қатар авторлық әрі жаңашыл бағытта қалыптасқан Абай және оның әнші шәкірттері Шәкәрім, Ақылбай, Әсет, Уәйіс, Берікбол, Мұхамджан, Шәкір Әбенов секілді семей өңірі әнші-композиторларының туындылары еніп отыр.

Үшінші бөліміне дәстүр ізімен шыққан кейінгі заман композиторларының туындылары берілген. М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Қ.Байғабылұлы, Р.елебаев, С.Кәрімбаев, К.Күмісбеков, К.Салықов қатарлы тағы да басқа композиторлардың жаңа заман келбетімен үндескен өзгеше туындыларымен қатар дәстүр сорабымен жалғасқан М.Ержанов, Б.Жылқыбаев, Қ.Бабақов, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Кәрменов, Т.Рахимов, және т.б. композиторлардың әндері де осы жинаққа енді.

Әндерді бүгінгі күнге орындап жеткізген майталман әншілердің орындауындағы әр жылдары жазып алынған үн таспалардан, мұрағаттардан, Қазақ Радиосының «Алтын қорынан», жеке мұрағаттардан, ән-табақтардан (СD, пластинка) алынып, екшеліп, түпнұсқалық бояуы сақтала отырып аталған жинаққа енгізілді. Ән мәтіндері де өзге орындаушы нұсқасы және ілгеріде жарық көрген нұсқаларымен салыстырылып жүйеге келтірілген.

Жинаққа енген шығармаларды іріктеу барысында айтулы әншілердің репертуарларын саралай отырып, ең жақсы деген үлгілер таңдап алынып отыр. Ә.Қашаубаев, Қ.Байжанов, Қ.Бабақов, Б.Жылқыбаев, Қ.Лекеров, Ж.Тоғандықов, И.Әлібаев, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Д.Рақышев, М.Ешекеев, Ж.Кәрмеонв, Қ.Байбосынов сынды майталман орындаушылардың айтуындағы әндердің көркем делінген нұсқалары алынған. Кейінгі буын өкілдерінен Б.Тілеухан, Р.Бөдесов, Р.Стамғазиев, Н.Жанпейісов, Е.Шүкіманов, Т.Құрманғалиев, Ш.Даржанова, Қ.Әдікеев т.б. секілді әншілерді орындауындағы кейбір әндер де осы жинаққа енгізілген.

Кітапта әнші-композиторлардың өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәліметтер де қоса ұсынылған. Әрине, бүгінгі таңда  домбыра аспабына лайықталып түсірілген дәстүрлі ән жинақтары санаулы ғана. Сол үшін де әндердің нотасы мен тональдігі домбыраға
икемделіп түсірілген.

Жинақ орта және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, музыка саласындағы зерттеушілерге, жалпы ән сүйер жұртшылыққа ұсынылып отыр.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет