Алматыда Қазақ деректі киносы күндері өтіп жатыр

Алматы қаласында деректі кино апталығы өз бастауын алды

Бүгін Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры қолдауымен Қазақ деректі киносы күндері ашылды.

Еліміздің белгілі режиссерлері мен шығармашылық университеттердің студенттері қатысқан Қазақ деректі киносы күндерінің ашылуы салтанатында, «Қазақфильм» киностудиясының «Деректі кино және киношежіре» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Әсет Ерназаров жақында ғана Екатеринбург қаласында өткен  ХХVІІІ «Ресей» деректі кино фестивалінде қазылар алқасының арнайы «Өмірді сүйетін кейіпкердің образын көрсете алғаны үшін» атты жүлдесін «13 шақырым» фильмінің режиссері Владимир Тюлькинге табыстады.  

Владимир Тюлькинге жүлдесін табыстау сәті

- Екі ай бойы әр сәрсенбі күндері Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының қорының кинозалында еліміздің деректі кино мэтрлары, сонымен қатар жас режиссерлер түсірген деректі кинолар көрсетіледі. Деректі фильмдер прокатқа шықпайтындықтан, заманауи Қазақстанның өзекті мәселелері жөнінде баяндайтын отандық документалистердің соңғы екі жылда түсірген жұмыстарын көріп, танысуға бірегей мүміндік туып отыр, - деді Әсет Ерназаров.

Қазақ деректі киносы күндерінің ашылуында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған «Өйткені жақсы көремін», «Түстердің үйлесімділігі» және «Наири» атты жас режиссерлердің жұмыстары көрсетілді.

Сонымен қатар, мәдени іс-шара барысында «Қазақфильм» киностудиясы шағарған басқа да деректі фильмдер көрсетіледі, олар: «Казахский ренессанс. Жұмат Шанин» (режиссері А.Каменский), «Қазақ биі» (режиссерлері Ғ.Насыров, А.Садықова), «Сенім жолында» (режиссері Ә.Байғожина), «Алтын Эмель» (режиссері О.Белялов), «13 шақырым» (режиссері В.Тюлькин), «Жігіттер оны Батя деп атайды» (режиссері А.Ахметжанова), «Отан неден басталады» (режиссері Е.Бектұров).  Барлық фильмдердің қоюшы режиссерлері мен шығармашылық топтың өкілдері өз картиналарын көрерменге таныстыратын болады. 

11 Қазан 2017
53
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет