Дулыға Ақмолда. Қорқытты осы заманға жақындатуға тырыстым

М.Әуезов театрының талантты жастарының қатарында ерте танылып, бүгінде орта буын актерлердің арасында айырықша аты аталатын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолданың сахнаға алып шығатын әр жаңа образын театрсүйер қауым тыныштықта қалдырмай, жіліктеп талдап, талқылап отырады.

Дулыға Ақмолда Қорқыт образында © auezov-theatre.kz

Сұхбаттасқан – А.Аханбайқызы


Ерекше сын көзбен қарайтындардың “Дулыға қалай ойнады?” деген сауалының астарында батпандай салмақ бар. “Нашар” болмаса, “бірсыдырғы тәуір ойнады” десе, кешіргілері жоқ. Өйткені, ішкі қуаты түгесілмейтіндей көрінетін кең тынысты Дулыға әу бастан көрерменін өзін биік межемен бағалауға үйретіп қойған. Өнер қарашаңырағының өткен маусымдағы алты премьерасының ішіндегі  шоқтығы биігі, сөз жоқ, “Қорқыттың көрі” пьсесасы болды. Спектакль жетістігінің басты сыры бас кейіпкердің роліне Дулығаның таңдалғанынан басталса керек...

 

- Көрермен ретінде заманауи спектакльдерден гөрі сіздің тарихи, классикалық пьесалардағы рольдеріңіз айқын әрі нақтырақ орындалады. Сіздің болмысыңыз Керіммен, Хлестаковпен, Грегор Замзамен, Қорқытпен әдемі үйлесім табатын секілді. Келісесіз бе?

- Мұндай жанрдағы спектакльде ойнау әр актер үшін үлкен мәртебе ғана емес, сынаққа берілген мүмкіндік те. Актерге классикалық пьесада ойнау мүмкіндігі берілсе, білім жағынан да, актерлік шеберлік жағынан да өсу болады. Бірақ мұның да бір ескеретін тұсы бар. Қазақтың «Жығылсаң, нардан жығыл» дейтін мәтелін бәріміз білеміз. Жығылса, актер осы классикалық рольді ойнай алмай оңбай жығылуы мүмкін. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байласа, өзіне тигізіп, өзін жарақаттамай қоймайды. Бір кейіпкерді сомдап шығу үшін актерге көп ізденістерге баруға тура келеді. Бірнеше жүзжылдықтарды артқа тастап, сол ғасырға, сол кезеңге түсу, типтендірілген характерге ие кейіпкердің ішкі жан дүниесіне үңілу, оны көрерменге жеткізе білу өнері – өте күрделі. Сіз атаған тарихи персонаждардың қай-қайсысы да өзіме ұнайды. Ұнайтын себебі, бұларды ойнау қаншалықты қиын болса, соншалықты қызық та, өйткені, қара теріңді сорғалатып тұрып еңбектенуді қажет етеді, бірақ сол қиындығы рахатқа бергісіз. Шынын айту керек, қиналмай ақ, жеңіл де шығара салатын рольдер болады. Өйткені, ол өз табиғатыңа сай келіп тұруы мүмкін.

 

- Сахнада партнердің қарым-қатынасы қашан да маңызды. Мысалы, Асанәлі Әшімов пен Есболған Жайсаңбаевтың партнерлігін әлі күнге тамсанып айтатындарды көрдім. Ал, сіз әріптестеріңіздің қайсымен тонның ішкі тауындай жымдасып, үндестік тауып ойнай аласыз?

- Актер үшін партнер өте маңызды деп ойлаймын. Актерліктің өзі синтез өнер болғаннан кейін, партнерге мән бермеу мүмкін емес. Драматургиясы, музыкасы, декорациясы, режиссерлігі тұтас келісім тауып, жасалған спектакльді жарыққа шығару барысында, осылардың ішінде актер үшін партнердің орны бөлек. Жалғыз өзі ойнап шығатын моноспектакль емес, жеке дара тұрып айтатын монолог та емес, актер партнерсіз ешнәрсе істей алмайды. Өз басым Ерлан Біләлов, Асылбек Боранбаев секілді курстастарыммен көп партнер болдым. Бекжан Тұрыспен партнер болу бір бақыт. Астанаға ауысып кеткен Ақыш Омармен партнер болудың рахатын айтып тауыса алмаймын. Ғажайып партнер деп Ғазиза Әбдінәбиеваны айтар едім. Чеховтың «Шағаласында»  мен Треплевті ойнадым, ол кісі анамды ойнады. Ғазиза апай маған көп көмектесті. Апайдың жасаған образы әлі күнге көңілімде тұрады. Осыдан әлденеше жыл бұрынғы спектакльді қазір ойнаңдар десе, сол кездегі аналы-балалы күйіміздің кілтін тап қазір табан астында тауып алар едік. Осының бәрі қайталанбас қымбат сәттер. Егер жақсы партнер болса, бір-бірін көзқарасынан, тіпті демінен сезіп тұрады. Сахнадағы импровизацияны жаным сұмдық сүйеді. Ал, импровизация дегенің тікелей партнерге байланысты. Партнерің сені түсінбей тұрса, бастаған ойыңды ары қарай жетілдіріп алып кете алмаса, сорлағаның. «Партнерім осындай болса екен» деген арман әр актердің ішінде тұрады. Партнердің партнер болып көрінетін шағы репетиция кезі. Ал, спектакль сахнаға шығып кеткеннен кейін актер ойнамайды, ол өмір сүруі керек. Рас, кейде мықты партнерді аңсайтын кездерің болады. Таң қаламын, кейбір актер сахнада жүріп дауыс интонациясын іздейді. Актер сахнада ойнамай, шын өмір сүріп тұрса, дауыс интонациясы өз-өзінен шығады. Ангинаң мазалап, дауысың қарлығып тұрса да, сол қырылдаған дауыстың арасынан керек интонация «кирелеңдеп» болса да шығады. Мысалы, мен қыздардың ішінде нағыз партнер болды деп «Сұлу мен суретші» спектаклінде бірге ойнаған Назгүл Қарабалинаны айтар едім. Шүкір, жастардың ішінде де жақсы партнерлерім өсіп келеді. Бірақ, сұқ саусағымды шошайтып тұрып «бірақ» дейтін бірнәрсе бар. Қазіргі парнерлардың көпшілігі көзге қарап сөйлемейді. Бұл үлкен қателік. Сахнада ойнап тұрған екі актер түгілі, әңгімелесіп отырған екі адам да бір-бірінің көзіне қарап сөйлемеуші ме еді? Сұхбаттасыңа деген сенім, ықылас, шынайылық сол кезде оянбай ма? Партнер мен партнер деңгейлес болса, оның кереметтігі тілмен айтып жеткізгісіз. Арзан жыртыңға бармай, ғашықтар секілді «ішпен біліп, көзбен ұғысқанға» не жетсін!? «Көз – жүректің айнасы», не айтқысы келіп тұрғанын, өтірік айтып тұр ма, шын сөзі ме, көзге қарап білесің. Осындай олқы нәрсе оқта-текте көрініп қалады, бірақ мұның бәрі уақыт өте келе жөнделетін болар.

 

Дулыға Ақмолда "Қорқыт" қойылымында © auezov-theatre.kz

- Сіздің соңғы уақытта ойнаған ең сүбелі роліңіз – Қорқыт деп білеміз. Мұншама күрделі бейнені жасауда тек сізге ғана тиесілі жаңалық болғанын да аңдадық. Шамасы, «Таңсұлуда» да Бақсы бейнесін орындадыңыз. Мистикалық, мифтік бейнелерді ойнауда актер нені біліп, нені ескеруі керек?

­- «Мистикалық», «мифтік бейне» дегенде біз де бірнәрсені ескеруіміз керек. «Миф» дегеннің өзі көне дәуірлердегі аңыз-әфсана дегенді білдіретіндіктен, осындағы кейіпкерлерімізді көрерменнен саналы түрде алыстатып аламыз. «Баяғы өткен заманда осындай болыпты-мыс» деген сөздің өзі бүгінгі күнге беттетпей, керісінше, кеудесінен итеріп тұрады. Осыдан арылуымыз керек. Сол себепті де сахнадағы Қорқытты осы заманға жақындатуға тырыстым. Неге десеңіз, сол тарихи кейіпкерлерді неғұрлым бүгінгі кезеңге жақындатсаңыз, ол соғұрлым көрерменге түсінікті болады. Егер, біз, актерлер тарихи ірі персонаждарымызды алыстата берсек, көрермен де бейсаналы түрде алыстай береді. Театрға келген көрермен «сондай адам болды ма екен» немесе «расымен ойдан шығарылған адам ба, әлде шын ба?», «болыпты-мыс» деген дүдәмал ойда кетпеуі керек. Рас, осы адам болды. Ол осылай сөйлеген. Мен сияқты ойлаған. Ол да жылаған, ол да күлген. Болды. Спектакльдің мақсаты көрерменді «Қорқыт шынымен бақсы болған екен, ол қобызда ойнаған. Ей, біз Дулығаның ойнаған Қорқытынан көрдік қой» деген деңгейге жеткізу керек. Сонда ғана режиссер Қорқыттың болғанына сендіре алады. Негізі, Қорқыт болған. Ол болмаса, мыңдаған жылдарды артқа тастап, аты осы күнге жетпес еді ғой. Ескеретін нәрсе сол, геройларымызды, пір тұтатын тарихи тұлғаларымызды өзімізден алыстата бермей, жақындата түсуіміз керек. Драматург Иран Ғайыптың түпкі ой-қазығы өте мықты: Қорқыт – ой жетпейтін, қол жетпейтін философиялық үлкен тұлға. Бірақ Алланың алдында ол да пенде. Шарқ ұрып Жаратушысын іздейді. «Сен неге көпсің, сен неге жалғыз емессің? Неге, неге?» деген сансыз сауалдан қауашағы жарылып кетердей болды да, аласұрып Ақиқатты іздей бергеннен жалығып, айналып келді де: «Жоқ, мен өзіме-өзім Құдаймын» деді. Алайда өзі Құдай болса да, сансыз сауалына бәрібір жауап таппады. Соңында намазға бас ұрып жығылуы Алланың бар екеніне, хақ екеніне сеніп, Өзінен де жоғары биік Жаратушы иенің бар екенін мойындайды. Жалпы, Қорқыт туралы пьеса – ауыр материал. Драма ақ өлең түрінде жазылған. Құдайға қарата айтылатын кесек, кесір сөз өте көп. Екі періштемен айтыстың өзі оңайға соқпайды. Айтсам, әркім әр саққа жүгіртер, бірақ Қорқыттың өзі  маған күш бергендей болды. Қорқытты ойнап жүріп фальш жасау – актерге кешірілмейтін қателік. Мұны қарадүрсін түсіндірсем, қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде қылдың үстінде жүріп Ленинді ойнағанмен бірдей дер едім. Мүлт кеттің  бе, майып боласың. Осыдан кейін өнермен қоштаса берсең де болады. Үкімді өзіңе өзің шығарып қойғансың. Ия, тура мағынасында солай: иненің жасуындай қатілікті көрермен де кешірмейді, төбеңнен төніп отырған төрелер де басыңнан сипай қоймас. Сондықтан роль актерге құйылып түсуі керек. Жеңі ұзын, балағы кең немесе етегі қысқа, иығы кіші болса, киімді де қомсынып тұрасың ғой. Сол секілді актер де рольге құйылып түскенін сезінбесе, мың жерден тыраштанғаныңмен тұщымды дүние шығара алмайсың. Актер кейіпкерінің не себепті сондай жағдайға тап болғанын түсінуі тиіс. Мысалы, мен, Дулыға, сол кейіпкердің орнында болсам, не істер едім? Мен, мысалы, ойнамас бұрын алдымен осы сұрақтарға жауап іздеймін.

 

- Театр тарихында актерден өсіп шыққан режиссерлер жоқ емес. Алдағы уақытта режиссерлік жұмыспен айналысу ойыңызда жоқ па?

- Режиссерлік – менің студенттік кезден біргі арманым. Оған да уақыт керек шығар. Актер болып туылатыны сияқты, режиссер болып та туылу керек. Бір-біріне жақын мамандық сияқты көрінгенімен, айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ қандай іс жасасам да, қорқа-қорқа барғанды құп көретін адаммын. Қасымда жүрген әріптес жолдастарымның да «режиссер болып, бағыңды сынап көрсеңші» деп ара-тұра қолқалайтыны бар.  Ниеттеріне рахмет, бірақ уақыты келмей, ұрынбаған дұрыс деп ойлаймын.

 

"Қорқыт" қойылымы © auezov-theatre.kz

- Марқұм Әшірбек Сығай ағамыз өнерде жүрген бір топ талантты жас актерлер туралы пікірін білдіре келіп, « М.Әуезов театрындағы Дулыға Ақмолданы ерекше атаймын, өнерге адал жігіт. Бойы аласа болғанымен, ойлы, парасатты жігіт» депті. Шынымен де, сахнадан сиректеу көрінетін интеллект деген нәрсені санаулы ғана артистердің бойынан көреміз. Жайшылықта «өнерге адалдық» деп асқақтататын жалау сөзіміз даңғырлаған бос бөшке мен құр айғайдың, өтірік күлу мен ағыл-тегіл жасанды жылаудың көлеңкесінен көрінбей барады. Сіз қалай ойлайсыз?

- Көрерменді алдай алмайсың. Шын айғай ма, құр айғай ма, бос бөшке ме, әлде ішінде байлығы бар бөшке ме, бәрін біліп отырады. Актер өз кейіпкерінің мінезін беруі үшін, жүрісін салуы үшін, күлкісін табуы үшін, бір сөзбен айтқанда, кілтін табуы үшін ізденіс жолында болады. Ізденіс үшін актерге қор керек. Яғни, қанша кітап оқығаны, не оқығаны, қалай оқығаны тап осы жерде көрінеді. Жақсы, ол кейіпкеріне базарға барған, көшеде көрген кезіндегі әлдебір детальдарды әкеп жапсырар. Бірақ кешіріңіз, осылардың бірде-бірі оқу арқылы ғана табылатын детальдардай бола алмайды. Өз басым оқығаныма көбірек сүйенемін. Оқыған нәрсе жадыңнан өшпейді. Ерекше кейіпкерлер есіңнен кетпейді. Сол кейіпкерлердің кейбіреуі сенің сахнада ойнайтын кейіпкерлеріңмен дөп түсіп жататын кездері болады. Әлгінде айтқанымдай, құйыла кетеді. Ең жаманы, қай актердің іші қуыс, қай артистің жаны қазынаға толы, кімнің кім екенін сахна жарқыратып тұрып көрсетіп береді. Жас актерлерді кінәлауға да болмайтын шығар. Ауылдарда бұрынғыдай кітапханалар жоқ, барының өзінде классикалық кітаптар емес, керексіз бірдеңелер тұрады. Мәдениет үйлері жабылған, барының өзі «жұмыс істеп тұр» деген аты ғана. Ең сорақысы, өнер оқу орындарында, соның ең басындағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында болашақ актерлердің бір бөлігі «платно» оқытылып жатыр. Ақшасын төлеп, ақылы оқыған баладан қандай өнер күтуге болады? Осыдан кейін театрлардың табалдырығынан қандай актерлердің аттай бастайтынын болжадық па? Қаланың баласынан сұмдық сахна шебері шығыпты дегенді әзірге естігем жоқ. Қала мұнда ғана қазақылана бастады. Дарын мен таланттың бәрі – ауылда. Ал, академияға келіп ақылы оқитындай ауыл баласының бәрінің бірдей ақшасы бар деп айта алмаймын. Тауы шағылып, шекесі тасқа тиген соң ауылына қайтады. Ал, өнердің иісі мұрнына бармайтын қайдағы бір дилетанттар ақшасын төлейді де, актер атанып шығып жатыр. Мамандығын сүймеген адам ертең театрдың маңдайын жарқырата ма? Осыдан кейін қалай өнер туралы әңгіме айтамыз? Алдымыздағы он жылда бұл сөзсіз «жемісін» бере бастайды. Сахнаға менің «нағыз партнерларым» келеді. Не істеймін сонда? Шынтағымды тістеймін... Мен осыдан қорқамын. Өнер адамын ақша төлеп дайындау деген сөз – өнерге үлкен майлы нүкте қою деген сөз. Йосиф Бродскийдің «Әдебиетін менсінбеген халық – сорлы халық» деген сөзі бар. Актерлердің бәрін «түк оқымайды» деп жазғыруға болмайды, көп оқитын жігіттер бар, бірақ олар аз. Соңғы жылдары шетелдік фестивальдерге жиі шығып жүрміз. Салыстырмалы түрде алғанда, деңгейіміз олардан биік болмаса, кем емес. Бірақ өзгелердің шеберлігінен де үйренеріміз жетерлік. Актер солай өседі. Әлемде жыл сайын тек театрға ғана қатысты 33 мың конкурс пен фестиваль өтеді екен. Соның үшеуіне қатысып тұрсақ актерлер де өсіп, кәсіби жағынан көп биіктер ме едік? Фестивальдерге барған сайын өзге елдің актерінің шеберлігін аузымыздың суы құрып айта бергенше, біз туралы да біреулер дәл солай тамсан тұрып айтып жатса, ұлт театры үшін бұл мақтаныш емес пе? Содан кейінгі қадап айтатын тағы бір мәселе, өмірден өтіп кеткен мықтыларымыз болсын, қазіргі көзі тірі мақтаныштарымыз туралы көбірек айтып, насихатын кенде қылмауымыз керек. Бірақ айтқанның жөні осы деп, айналып келіп бір-екі адам туралы айта береміз, ал анау кешегі Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Боранбаев, Әнуар Молдабеков, Мейірман Нұрекеев сынды қаншама ғаламат актерлеріміз бар. Сол заманда, кеңес өкіметі тұсау салып, санаулы ғана фильмдер түсіруге мұрсат берген тар заманның өзінде осы кісілер деңгейлес қаншама актерлеріміз кинода болсын, сахнада болсын, кез келген шетелдік актеріңді шаң қаптыратын тілмен айтып жеткізгісіз ғажайып бейнелер жасады. Шетелдік актерлердің техникасы күшті шығар, ал біздің ағаларымыздың жан дүниесінің техникасын өздерінен басқа ешкім де қайталай алмайды. Өз тұлғаларымызды қалыптастыратын уақыт жетті.

10 Желтоқсан 2016
1122
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет