ШАЙТАН ӨЛГЕН

 

Екі актілі, алты көріністі драма

 

Қатысушылар:

КҮЙЕУІ – 30-35-тер шамасындағы еркек

ӘЙЕЛІ – толықша келген (30-33 жастағы әйел)

ТҮЛЕН – Ібілістің ұрпағы (қара киімді, мүйізді мақұлық)

ІБІЛІС – Тозақтың құдайы (қара киімді, мүйізді, құйрығы бар құбыжық)

КҮНӘҺАР-АДАМ – 45-50 жас шамасындағы, ақ киімді (кебін) ер адам

ПЕРІШТЕ – Күнәһар-Адамды райынан қайтаруға жіберілген Алланың уәкілі

ДИНАРА – Әйелдің құрбысы

 

Бірінші акт

Бірінші көрініс

Оқиға сән-салтанаты келіскен қаладағы үйлердің бірінде өтеді. Ортада кең диван. Әйелі мен күйеуі ұрсысып тұр. Айқай-шу бірте-бірте ұлғая түседі. Жандарында қара киімді, мүйізді мақұлық (Түлен) зыр жүгіріп жүр.

Ә й е л і. /айқайлап/ Мына жайнаған дүниенің бәрін менің әкем әперді. Менің дүнием бұл! Ал сенде не бар еді? Айтшы қане, не бар еді сен қара табанда?!

Қара киімді, мүйізді мақұлық (Түлен) күйеуінің жанына барып, құлағына сыбырлай бастайды.

К ү й е у і. Керек еді сенің жылтырақ дүниең! Мен алмасам... /тұтығып/ сен сияқты семізді кім алатын еді?! Шыныңды айтшы, өміріңде саған менен басқа бір еркек атаулы көзін сүзді ме?.. Тамсанып қарап көрді ме?.. Әне.. аузыңды да аша алмайсың... Еще кеп дүние-мүние дейді ғой... Түкірдім бәріне!

Түлен енді әйелдің құлағына сыбырлауға көшті. Келесіде күйеуінің құлағына сыбырлап, екеуінің аузына сөз сап беріп жүгіріп жүреді.

Ә й е л і. /ашудан булығып/ Сен... сен... нағыз арамы екенсің, малғұн! Маған үйленгенше сүйем де күйем деп... Менің, менің әкемнің байлығына қызықтың сен киізаяқ. Әкеме айтып сенің көзіңді құртам. Бұл қалада, тіпті мына жер бетінде өмір сүре алмайтындай хәлге жеткізем мен сені!.. Қара да тұр осыдан... Сені БОМЖ ғып жібермесем атым өшсін...

К ү й е у і. Ха-ха-ха... Дедің-ау сен де. Қорқып кетіп ем... /Диванға отыра кетеді/ Енді БОМЖ қылам де. Құдайдың қолын алған жандай сөйлейсің сен осы. Сен де, әкең де мені құрта алмайсыңдар. Ешкімнің де шамасы келмейді. Құдай дәм-тұзыңды тауысса, аттанасың арғы дүниеге. Ал өмір берді екен, оны ешкім де бұза алмайды. Қит етсе құртам да құртам деп құтырып шығатын бопсың сен қатын осы!..  Сотқа барғанда көрерміз... Жалғыз қалғанда көрермін менсіз өмір сүргеніңді.

Ә й е л і. Ибай, не сенсіз өмір сүре алмайды деп пе ең?! Сенсіз де ауа жұтып, сенсіз де жүріп-тұра алам. Менің байлығыма, мына кең сарайға /қолын сермей, айналасын нұсқап/ қай еркек қызықпайды екен. Қазір-ақ тауып алам, қажетсінсем!..

Пауза.

Т ү л е н. /Уххухххх. Секіріп-секіріп қояды. Екі қолын ысқылап/ Шоқ бәлем! Көрсетем қазір сендердің махаббатарыңның мәңгілік екенін. Сезімдеріңнің құнын анықтаймыз қазір, Ібіліс атамның шексіз құдіреті бұйыртса.

Пауза.

К ү й е у і. Құрсын бүйткен ит өмірді! Күшік күйеу боп, біреудің байлығына тәуелді боп жүргенше, өзімнің баяғы тар лашығым әлдеқайда жақсы еді. Нем бар еді сені алып. «Қайран басым қор болдың-ау..».

Ә й е л і. /Әйелі екі бүйірін таянып тұр/ Қайта  менің арқамда, тойыст менің әкемнің арқасында аяққа тұрып, күйленіп қалдың емес пе?! Құдайыңды ұмытпа. Сенің Құдайың, мына сенің Құдайың /Күйеуінің кеудесіне нұқып/ – менің әкем. Жаманға жақсылық та жақпайды деген рас екен. Не деуші еді әлгі, иттің басын алтын табаққа салсаң шоршып тұрмайды деуші ма еді. Тура сол саған арнап айтылғандай.

К ү й е у і. /Төменшіктеп, даусы бәсең тартып/ Ия, ия, қазір адамдар да Құдай боп кеткен. Әркім өзінше бір Құдай! Әуелім көктегі Құдайдың орнына таласар дәрежеге жетті. Құдайсыз ғасыр енді туғандай.

Түлен диванда отырған жігіттің жанына жантайып жата кетеді. Әйелі мен күйеуі үнсіз қалған.

Ә й е л і. Давай-давай, бол енді пәлсапаңды езбей. Жинал да құры, данышпансымақ. Көзіме көрінбе менің!

К ү й е у і. /Қайта ашуланып/ Кете алмайды ғой дейсің бе?! Қазір-ақ кетем. /Чемоданын алып шығып, киімдерін сала бастайды. Өз-өзінен күбірлеп/. Бала тумайтын бедеу қатынға несіне сонша байланып қалдым осы?

Ә й е л і. Еу, данышпаным, анау кітап-пітап деген мусорларыңды да ала кет. Бекерге далаға лақтырып жіберем.

К ү й е у і. Әкетем онсыз да. Сен бейбақ ол кітаптың құнын қайдан білесің?! Саған қалдырғанша, «Шайтан базарға» апарып қара танитын жандарға тегін үлестіріп бергенімнің өзі үлкен сауап емес пе?

Пауза. Әйелі арғы бөлмеге кіріп күйеуінің киімдерін лақтыра бастайды. Күйеуі үнсіз киімдерін чемоданға салып жатыр.

Т ү л е н. /Диванда жатқан күйі таңырқай/ Шайтан базар дей ме, ей, мынау? /Шалқалай жатқан күйінен етпеттей аунайды/ Ондай да бар ма? Табу керек екен онысын... Бірақ, мынау кітап па таратпақ боп жүргені /Күйеуінің чамаданға кітаптарды салып жатқанына қарап/, оны не қыламыз оқып? Әлде ондағы шайтандар кітап оқи ма екен?! Ібіліс атамды көп оқыған, періштелердің ұстазы болған дегенді естігем. Алайда біздің Құландар... Сұрайтын екен Ібіліс атамнан... әй, қойшы құрсын.  /Сәл ойланып жатады да, кенет жадырап сала береді. Қайтадан шалқалай жатып, бір аяғын тізесіне айқастырып алады/. Е-е-е-х, АДАМ баласы-ай. Неткен сорлы едіңдер. Неткен ақымақсыңдар! Міне, Ібіліс атамның бүгінге тапсырған тапсырмасын толығымен орындадым. Атам қандай қуанар екен менің мына хабарымды естігенде. Шайтандар үшін ең үлкен сауап – жаңа қосылған жастардың шаңырағын ортасына түсіру. Әй, бүгін басқа Құлан-Түлендердің алдында абыройым бір көтеріліп қалатын болды-ау. Уххухххх...

Ә й е л і. /Арғы бөлмеден күйеуінің көрпе-жастығын сүйретіп шығады/ Мә, мыналарыңды да ал. Түйенің жүні, апам тіккен дейтін сенің керемет көрпең. Анау ипотекаға алған жаңа үйіңе барғанда жаурап қаларсың, бейшара!

Күйеуі әйелі сүйретіп келген көрпені дұрыстап, бүктей бастайды. Әйелі диванға отыра кетеді де, жанында тұрған телефон тұтқасын алып, нөмірді тере бастайды.

Ә й е л і. Алло, Динка сенсің бе? Қалайсың?..  Ну да... Ияяяя..., сол ғой... Немене, жоғалып кетті дейсің бе? Қыдыртуға шығып па едің Графты? Қаппп... Ия, білем ғой Динка. Ол ит қымбат тұрады емес пе?  Жаль... Бәлкім табылып қалар.. Ия, көршілеріңе, анау дворда жүрген балдарға айтып, ескертіп қой. Ну, аз-маз тиынын берем десең болды ғой оларға... Бәлкім тауып берер... Менде жаңалық жоқ. Тыныштық сол... Менің де үйімдегі «итім» кеткелі жатыр... Әй, өмірдің ыстық-суығын көрмеген ғой бұлар... Айтпа... Ақшаның қайдан, қалай келетінін түсінбейді... Ну... Динка, менің үйімді білесің ғой... Да, день рождениямда папа подарит етіп еді ғой... Ну, мынау осы үйге тұрмаймыз, ипотекаға екі бөлмелі үй алдым, соған көшеміз деп миымды ағызып... Күшік күйеу дей ме... Ит дей ме... Еркек не, ит не бәрібір емес пе... Ха-ха-ха... Да... мынау қазір кетеді. Екінші қайтып келме дедім ғой.. Динка, саған бір просьба боп тұр... Уақытың болса келсеңші маған, үйге... Ия, сол кездерді еске алып... отырайық та. Ну, лан, күтем онда... Пока...

Пауза.

Екінші көрініс

Сахна тозақ бейнесінде безендірілген. Адамдардың шыңғырған дауысы. Жалынған, жаны қиналған үндер. Азан-қазан. Адам құлағы тұнар жанұшырған дыбыстар. КҮНӘҺАР-АДАМ терең қазан іспетті шұңқырдан жаға шығуға ұмтылады. Оны қолында үш ашалы айыры бар қара киімді, мүйізді, құйрықты Ібіліс қайта итеріп құлатып жібереді.

І б і л і с. /дауысы күркіреп/ Әй, сорлы пенделер. Бұл – сендердің ана дүниеде, бір кездері өлместей, ажал жетпестей жалғанды жалпақтарыңнан басып жүргенде менің және менің ұрпақтарымның айтуымен жасаған күнәләріңнің сыбағасы... Шыжғырылыңдар отқа! Күйіңдер қайнаған суға! Топырақтан жаралған жасық немелер! Мен – оттан жаралғам, сендер балшық-бейнесіңдер бар болғаны!

Күнәһар-Адам терең шұңқыр-қазан ішінен қайта жағаға ұмтылады. Оның кеудесіне Ібіліс айырының ұшын тақап тұр.

І б і л і с.  Қиналдың ба, бейшара?

                  Тозақтасың, не шара!

                  Ібіліске қызмет қыл,

                  Түсірмеймін азапқа!

К ү н ә һ а р - А д а м. /Жан даусы шыға шыңғыра/ Әкеңнің ғана... Ана дүниеде кезіксең басыңнан шарап ішер тостаған жасар едім...

І б і л і с. /таусыла сөйлеп/ Е-е-е, адамдар-ай, қызық жаратылыссыңдар сендер осы. Нәпсінің құлы бола тұрып, жаннатты аңсайсыңдар. Қамшының сабындай деп өздерің сипаттама берген ғұмырларыңда бір жақсылық жасадыңдар ма осы, айтыңдаршы қане?! Жасаған болсаңдар да сол жақсылықтарыңның қайтарымын күтесіңдер. Тағдыр тақталарыңа жақсылық атаулы бұйырып тұрса да, аяр көңілмен бәрін кері істейсіңдер. Ия, солай. Өйткені менің ұрпақтарым сендердің көкірек көздеріңді жауып тастаған. Сендерді дүниенің қызыл-жасылымен, ақшаның буымен, алтынның уымен, жалаңаш тәннің әрімен, қызғаныштың бәрімен алдайды. Ия, сендер пендесіңдер... Шарсызсыңдар... Пақырлар...

К ү н ә һ а р - А д а м. /Қарлығыңқы дауыспен айқайлап/ Әй, Ібіліс, менде қай атаңның құның бар еді? Тура жолдағы пендені азғыруға неге құмарсың сонша?!

І б і л і с. /жалт бұрылып/ Ә, сенбісің, күнәһар! Сен білмейді екенсің ғой. Мен мына қара әлемнің билеушісімін. Менен асқан білімдар жоқ. Мың сан періштелерге де ілім үйреткем. Сен мұны біліп қой! Жалғанның ақырғы пайғамбарымен тілдескенімде, ол маған: «Әй, лағынет атқыр Ібіліс! Тәубаға кел, сенің жаннатқа кіруіңе кепілдік болайын» деп еді. Мен оған көнем бе? Мен Жаратқанға уәде бергем. Жердегі қоңыз тірлік иесі, балшықтан жасалған пенделеріңді күнәға батырып, тозаққа әкеп топырлатам дегем. Жердегі пенденің бәрін тозақ отына шыжғырмай менің жаным жай тапсын ба?! Мақсатым да осы менің. Ей, күнәһар, біліп қой сен осыны!

Осы кезде Ібілістің ұрпақтары терең қазан іспетті шұңқырды айнала жүгіреді. Бәрі хормен: «Күйіңдер тозаққа! Жаныңдар тозақта! Бар күнәға баттыңдар, Балшық-бейне азаптал!» деп әндетеді. Барлығы қазан ішінде қайнап, жиекке ұмтылып жатқан адамдарды найзаларымен нұқып қайта тозақ отына итеріп тастайды.

Күн күркіреп, найзағай оты ойнайды. Адамдардың алыстан құмығып, талып, жанұшырып жеткен дауыстары.

К ү н ә һ а р - А д а м. /жиекке ұмтыла беріп/ Ей, Ібіліс, шартың қандай? Шамам келсе орындаймын. Шығар мені азаптан, құтқар мына тозақтан. Дәргейіңе бас ұрдым, өзіңе де жақсы ғой, көбейгені бір құлдың...

І б і л і с. /Күнәһар-пендеге төніп келіп/ Құл деймісің, әй, инсан? Сен Жаратқанның ғана құлысың! Маған қызмет қылғың келсе, шайтани сарбаз боласың. Адамдарды азғырып, жамандыққа итермелейсің. Жауыздыққа бастайсың. Ерекекті еркектің зорлауына, әйелдің ұрғашыға артылуына сеп боласың. Санасын билеп, ойын тұмшалайсың. Ең бастысы, осына жадыңнан шығарушы болма, ең бастысы, жаңадан қосылған жас отбасылардың шаңырағын күйретіп, ошақ қасын ойрандайсың. Бірін-бірі жек көріп, махаббаттары талқандалсын. Бұл сенің мәртебеңе мәртебе, беделіңе бедел қосады. Ұқтың ба, мисыз күнәһар?!

К ү н ә һ а р - А д а м. /тістене сөйлеп/ Лағынет атсын сені, Ібіліс! Лағынет саған, лағынет!

І б і л і с. /қазанды қоршап тұрған шайтандарға бұйыра/ Батырыңдар мынаны, ірің толы шараға! Туратыңдар, тік тастап, тоқсан тоғыз пышақтың қайшыласқан жүзіне!

Қазанды қоршап тұрған көп шайтан Күнаһар-адамды тозақ отынан жұлып алып, сахна сыртына әкетеді. Ол жақтан Күнәһар-адамның жалынған, ыңырсып, қиналған дауысы естіліп жатады.

І б і л і с. /көрермендерге қарап, теңселе жүріп, күркірей дауыстап/

Жаратқан Тәңірдің балшықтан жасаған құлдары! Ақ ниетті, қара пейілді азғындар, жалған дүниені жалпағынан басып, сайран салып өмір сүргілерің келеді, ә?! Нәпсіге ерікті беріп, қоңыздай боқтықты теріп, Құдайға жақын жандардан, тірлікте жүрсіңдер жеріп. Жарайсыңдар Пенделер!!!

Осы кезде жеңіл ойнақы даңғаза  музыка естіліп, сахнада тұрғаны бар, сахна сыртындағы бар, түгел шайтандар қосыла, хормен әндетеді:

                Мейманасы асқан.

                Қасиеті қашқан.

                Пенде біткен бұл күн,

                Қатты болдың тастан.

                                Жарайсыңдар Пенделер!!!

                Бізге еріп, бәрің.

                Ұмыт қып Алла кәрін.

                Әкесі қол сап қызына,

                Әйелің сатты арын.

                                Жарайсыңдар Пенделер!!!

                Үлкеннен ұят кетіп.

                Кішіңе қиянат жетіп.

                Хайуаннан хайырсыз болдың,

                Арыңа арамдық өтіп.

                                Жарайсыңдар Пенделер!!!

Сахнаға Күнәһар-адамды сүйрей екі шайтан келеді.

І б і л і с. /Күнәһар-адам мен шайтандарға бұрыла/ Оттан туған оғландарым, от құстырып, ірің ішкіздіңдер ме, мына тұрған малғұнға?! Тоқсан тоғыз пышақтың туралды ма жүзіне, жүзіқара?!

Қос Шайтан: /қосамжарласа/ Құдіреті шексіз, ілімі теңіз Ібіліс ата! Көнтеріс пендені дегеніңе көндірдік, айтқаныңа сендірдік!

І б і л і с. /Күнәһар-адамға тесіле қарап/ Ібілістің іліміне бас иіп, шайтандар әлеміне қызмет қылсаң, бұл азаптан құтыласың. Енді.../күмілжіп/ уақытша болса да. Қиямет-қайым орнағанға дейін.

К ү н ә һ а р - А д а м. /Еңсесін тіктей алмай, төмен қараған күйі/ Жеңдің мені сапалақ сайтан.

І б і л і с. /шаттана/ Міне, енді жөнге келдің киізаяқ қу пенде. Бағанадан көнсең ғой, Қинамас ем көп менде.

К ү н ә һ а р - А д а м. /қинала сөйлеп/ Ей, сапалақ сары сайтан, талабыңды түсіндім, міндетімді ұғындыр...

І б і л і с. /қуақылана/ Тілің неткен ащы еді, арамқатқыр адам-ай! Пенде тіктеп қарамаған, қаһарынан сескенген, Ібілісті қарғайды ғой әліне де қарамай. Қайсар екенсің пендем, қайсар екенсің. Мен көрген инсандардың ішіндегі тілалғышы өзіңсің. Адам сафиолладан бастап ақыреттің соңғы пайғамбарына дейін айтқаныма көндіре алмаушы едім, ал қазір жер бетіндегі кез келген қыбырлаған пендені менің сайтандарым оп-оңай-ақ азғырады. /Пауза. Ібіліс теңселе басып жүреді/. Қазір сені жіберем, Түлен отқан мекенге. Ажырастыр жастарды, келтір өзің икемге. Тәжірибесі аз Түленге, көмекке бар, сен қасқа. Пенделердің көзіне көрінбейсің, еш саспа. Кане, енді, тез жоғал, Тапсырмалар көп басқа. Айтқанымды етпесең, дегеніме көнбесең, тығам қайта тозаққа, салам мәңгі азапқа!

Күнәһар-адамды екі шайтан қазанға әкеп еңкейтеді.

К ү н ә һ а р - А д а м. /денесі дір-дір етіп, жалына/ Ілімі шексіз Ібіліс, тәу еттім саған! Тозағыңды атама!

Сахнадан Күнаәһар-адам жүгіре басып шығып кетеді. Шымылдық жабылады.

Үшінші көрініс

Үйге аппақ киімді КҮНӘҺАР-АДАМ кіріп келеді. Ерлі-зайыптылар оны көрмейді, тек ТҮЛЕН ғана жатқан диванынан атып тұрып, жиырыла қалады. Ерлі-зайыптылардың төбесінен түсіп тұрған жарық алынады. Олар қара-көлеңкеде қалады.

Т ү л е н. /шошына/ Әй, сен кімсің, не істеп жүрсің бұл жерде?

К ү н ә һ а р - А д а м. /қарқылдай күліп/ Шошынба, Түленжан, мені саған көмекке жіберді. Ірің ішкір Ібіліс атаң!

Т ү л е н. /таңырқай, сұқ саусағымен Күнаһар-адамды нұсқап, сосын өзіне қайыра көрсетеді (сені маған көмекке ме?, дегендей)/ Сонда қалай, сені маған Ібіліс атам жіберді ме көмекке?! /Тәуелдендіргісі келген өктем үн/ Ібіліс атам менің шексіз аярлығыма сенбеген бе сонда? Сенің не қажетің бар бұл жерге?

К ү н ә һ а р - А д а м. /сахнада еркін қозғалып/ Сенің әлі тәжірибең аз екен. Көмектес деп жіберді. Менің милау ұрпағыма септігіңді тигіз деп өтінді.

Т ү л е н. /ашулана/ Әй, оттаған күнәһар! Тозаққа шыдамай, пенде басыңмен шайтандардың қатарына қосылғаныңды ұмытпа! Көргем сендей сорлының талайын. Тарттырғам да сазайын. Енді менің бұйрығыма көнбесең, Ібіліс атама айтам да, қайта салам азапта.

К ү н ә һ а р - А д а м. /күле сөйлеп/ Оу, Түленжан, бір ашуыңды бер енді. Саған көмекке келген соң, бұйрығыңа бас ұрам. Маған қарап тұрған не бар, одан да соны айтшы тездетіп. /Пауза/ Тозақ пенен азапты атай көрме, енді қайтіп бармаймын, барғым келмейді ол мекенге.

Т ү л е н. /көңілденіп, диван үстінде аяғын айқастыра отырып/ Е, осылай деп жөнге келсей, сөзбұйдаға сала бермей. Ібіліс атамның құдіреті бұйыртса, кешке дейін ажыратып тынамын қос ғашықты /қолымен жас жұбайларды нұсқап, кекете күліп/.

К ү н ә һ а р - А д а м. /ақырын ғана/ Ісіңе Құдай береке берсін!

Т ү л е н. /жақтырмай қарап/ Құдай? Береке? Ха-ха-ха. Құдайың өзіңе! Ал шайтандарға берекенің керегі шамалы. Біз жүрген жерімізді берекесіздікке ұшыратамыз.

К ү н ә һ а р - А д а м. /таусыла сөйлеп/ Солай екен-ау, расында.

Т ү л е н. /қолындағы таяғымен түртіп/ Әй, киізаяқ қу пенде!

К ү н ә һ а р - А д а м. /селк ете қалады/ Ау, Түленжан, айта ғой.        

Т ү л е н. /таяп келеді жанына/ Неге тұрсың бұл жерде?

К ү н ә һ а р - А д а м. /айналасына жалтақтай қарап/ Ал не істейін, не бұйырасың? Мыналарды /қара көлеңкеде екі жаққа қарап тұрған екеуін нұсқап/ өзім-ақ ажыратам деп отырсың ғой.

Т ү л е н. Ажырастыру жағын маған қалдыр сен. Екеуін енді бір ұрыстырып, беттерін тырнатып алсам, өздері-ақ жөндерімен кетеді. Айтпақшы, бұл менің үлкен жетістігім болғалы тұр. Кешке қарай Ібіліс атамның мақтауын естіген соң екеуміз жақсылап тұрып тойлаймыз, ұқтың ба?!

К ү н ә һ а р - А д а м. /Көңілденіп сала береді/ Тойлау деймісің, сендер де тойлайсыңдар ма сонда, а?!

Т ү л е н. /мақтана сөйлеп/ Тойлағанда қалай. Сендердің жер бетінде тойлағандарың әдірем қалсын. Нағыз той біздікі ғой. Сендер өздеріңмен-өздерің арпалысасыңдар, ал біз болсақ... /ойлана қалып/ біз болсақ, адамдармен бірге де тойлаймыз, өзіміз оңаша, айдалаға от жағып та көңіл көтереміз. Бәрінен де адамдармен бірге тойлаған күшті. Есек ішпес сары суды да, өздері «шайтан су» деп ат қойып алған сасық пәлені де сілтеткіземіз. Санасын улап, ақылынан айырамыз, ес-түсін жоғалтамыз. Сосын барып адам деген бәрін жасайды ғой. Не айтсаң соны істейтін есек болады. Бір-бір адамға мініп алып таңға дейін айран-асырды саламыз біз. Уххххххууухххх, тезірек кеш батса ия...

К ү н ә һ а р - А д а м. /шошып кетеді/ Сұмдық екен. Адамның жаманы болмайды, тек иманы әлсіздер ғана жаманшылыққа бой алдырады деп отырушы еді марқұм атам. Сол рас екен ғой.

Т ү л е н. /қарқылдай күліп/ Ха-ха-ха. Марқұм атам де. Сен өзің де марқұмсың. Өлілердің санатындасың, бауырым.

Пауза.

К ү н ә һ а р - А д а м. /ұнжырғасы түсіп/ Маған не бұйырасың? Әлде кете берейін бе?

Т ү л е н. /қатуланып/ Кеткенің не пендем? Сен менің құзырымдасың енді. Айтқанымды орындайсың.

К ү н ә һ а р - А д а м. /қызуланып/ Айтсаңшы енді айтарыңды! Адамның миын езе бермей!

Т ү л е н. /Күнәһар-Адамның жүзіне таңырқай қарап/ Айтсам былай... Тәккккк... сен былай істесей... Үйді түгел тінтіп шықшы.

К ү н ә һ а р - А д а м. Тінтігенде не істеймін. Керегі не саған бұл дүниелердің?

Т ү л е н. Әй, аңқау. Айтқанды істесеңші қасарыспай. Бұл дүниенің маған көк тиынға қажеті жоқ. Бұл сендерге, сенің санатыңдағы пенделерге керек.

К ү н ә һ а р - А д а м. Сонда қалай?

Т ү л е н. Қалай-қалай, соқыр Николай /Күліп жібереді/ Адамдардан естіп қалып ем. Киізаяқ қу, осындағы күллі жылтырақ атаулыны /үй ішін қолымен нұсқап/, алтын-палтын, бағалы заттарын есіңе сақтап аласың. Сосын оны кешке уақытымыз болғанда басқа бір адамның ойына саламыз. Ал ол болса осы үйге ұрлыққа түседі. Сөйтіп күнә жасайды. Ұқтың ба, енді?!

К ү н ә һ а р - А д а м. А-а-а. Түсіндім. /Ішінен күбірлей/ Аярлығыңа құрық бойламайды екен албасты.

Жүре басып сахна сыртына шығып кетеді.

Екінші акт

Төртінші көрініс

Сахнаға Әйелі мен Күйеуі шығады. Түлен диванда жайғасып жатыр. Жас жұбайлар сахна ортасына кеп тұрады.

К ү й е у і. /төмен қараған күйі/ Ал, не дейміз, азды-көпті бірге тұрдық. Өмірдің ащы-тұщысын бірге таттық демесек те, азғантай болса да бақытты күндеріміз бірге өткен болар. Тағдырымызға жазылғаны осы шығар бәлкім. Сен мені түсінбедің, әлде мен сені...

Т ү л е н. /орнынан атып тұрады/ Бақыт дей ме мыналар?! Қой, арасына от салмасам ұрсысатын түрі жоқ қой бұлардың. /Әйелдің құлағына сыбырлайды/.

Ә й е л і. /сыңғырлай күліп/ Бақыт деймісің?. Жазған-ау! Қайдағы бақыт?!. Қайта сенсіз жүрген кезімде бақыттырақ едім ғой. Саған қалай тидім солай қырсық атаулы жабысты келіп. Адамдармен араласудан қалдым ғой.

Түлен сахнада ебедейсіз қимылымен өзінше билеп жүр. Мәз-мейрам.

К ү й е у і.  Ендеше қайта бақытты боласың.

Ә й е л і. /бұрыла берген күйеуін жеңінен тартып/ Тоқтай тұр. Бәрі бітті ғой ақыры. Дұрыстап сөйлесіп алайық. Ертеңдер маған звондап, кешірім сұрап, адамды ит қылма. Бүгін бәрін бітіріп, нүктесін қойып тастайық.

К ү й е у і. Ал, жарайды. Не туралы сөйлескің келеді? Құлағым сенде, айта бер.

Күйеуі ортадағы диванға келіп отырады. Диванның екінші бұрышына әйелі де жайғасады.

Ә й е л і. Жақсы. Ақыры ажырасады екенбіз, бір-бірімізді кінәламайық. Сенің менде, менің сенде шаруамыз болмайды.

К ү й е у і. Әрине болмайды шаруамыз. Осыған дейін болмаған бір-бірімізде шаруамыз. Мен өзімнің жалғыздығыммен, мұңыммен өмір сүрдім. Ал сен... сен өзіңнің сайтаныңмен ғұмыр кештің.

Ә й е л і. Ах, солай де /Күйеуін диван үстінде ұрғылай бастайды/ Менімен бірге тұрсаң да өзіңнің жалғыздығыңмен өмір сүрген екенсің ғой. Менің сонда саған арнаған осыншама өмірімді жоққа шығармақшысың ба?

К ү й е у і. /қорғанып жатып/ Өтірік пе енді осы? Өзің де білесің, өміріміз бос өтті. Не сүйген баламыз жоқ. Ел қатарлы бесік тербетіп, сәби күлкісіне тоймай, отбасымыздың шаттығына шалқып отырар.

Ә й е л і. /күйеуін сабалағанын қоя салып, бетін басып жылап жібереді/ Сен... сен білмейсің. Менің бойыма бала біткен. Құрсағыма құт қонды. Бірақ енді оның саған қажеті де шамалы. Бермеймін саған баламды. Бала менде қалады. Өзім бағып, өзім қағам. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өзім өсірем... Жағдайым да жетеді.

К ү й е у і. /әйеліне аңтарыла қарап/ Бала бітті деймісің бойыма. Неге... неге айтпай келгенсің бұны маған, а?!

Ә й е л і. /томсырайып/ Қоя салшы болды. Жәй әншейін айта салдым. Сен қуанды екен деп қайта жіби қалады деп ойладың ба? Айтарымды айттым саған. Енді жинала берсең де болады. Біздің өмірімізге осымен нүкте қойылсын. Мені енді іздеме. Балама да келуші болма. Оның енді әкесі жоқ.

К ү й е у і. /қуанышы су сепкендей басылып/ Жетілмей жатып жетімек болған періштем-ай. Сенде әкесіз өсетін болдың ғой. /Кемсеңдеп жылап жібереді/

Ә й е л і. Перестань, а! Жылағаны несі. Көз жасыңды бұламашы өтірік.

К ү й е у і. Жарайды, тағдырдың басқа салғаны екен. Көнеміз де бәріне...

Ә й е л і. Жолың ашық. Кете берсең де болады енді.

Күйеуі сыртқа қарай беттейді. Әйел состиып біраз тұрады да, музыка кояды. Жеңіл ырғақ. Өз-өзімен тербеліп, вальс билей бастайды. Мұны көріп тұрған Түлен әйелдің қолынан ұстап, белінен орай құшақтап бірге билеп, сахна сыртына беттейді.  

Бесінші көрініс

Үй іші. Басқа бөлме. Небір керемет жиһаздармен жабдықталған бөлме. Күнәһар-Адам барлық заттарға үңіле қарап, зер салып келеді.

К ү н ә һ а р - А д а м. /өз-өзінен күбірлеп/ жағдайлары жаман емес. Сонда осыншама байлықтың ішінде отырып та бақытсыз өмір сүреді ия. Қызыыықққ. Не жетпейді осы адамдарға, а?

Осы кезде Түлен жетіп келеді Күнәһар-Адамның қасына.

Т ү л е н. /әмірлі дауыспен/ Не таптың, киізаяқ қу пенде?! Ақтарыстырып жатсың ба?!

К ү н ә һ а р - А д а м. /Түленді елең қылмай, таңырқай сөйлеп/ Қарап жатырмын. Қандай әдемі үй ия? Сән-салтанаты жарасқан патша сарайлары да осындай ғана болса керек.

Т ү л е н. /дауысы зілдене түсіп/ Мен сені бұл жерді тамашала деп жібергем жоқ қой, миғұла-ау. Маған алтын-палтын, ақша-мақша керек. Тұрған орнын көріп алсаң, басқа бір адамнын санасына құя саламыз да, оны ұрлық жасауға итермелейміз. Бары сол.

К ү н ә һ а р - А д а м. Ұқтым, ұқтым. Болды бара берші енді. Өзім түгендеп шығам қазір бәрін.

Т ү л е н. Мен кеткен соң тағы да аузыңды ашып, көрінген нәрсеге таңырқап, уақытты босқа өлтірме! Тезірек қимылда, қане.

К ү н ә һ а р - А д а м. Еш алаңдамаңыз Түлен мырза. Айтқаныңыз айтқан жерде, айтқан уақытта орындалды деп есептей беріңіз. Мархабат! /Тізесін бүгіп, қолын төмен сермей құрмет көрсетеді/ А, айтпақшы, аналарды қайттіңіз? /Қолын шошайтып арғы бөлмені меңзейді/

Т ү л е н. /бұрыла беріп/ Олардың шаруасы тәмам. Бітірдік әйтеуір бәрін де. Айырылысты. Шаңырақтары ортасына опырылып түсті. Керегелері күйреді. Енді барлық отбасының осылай шырқын бұзамыз. Бақытсыздар қатарын көбейтіп, жетімдер санын арттырады Ібіліс атамыздың шексіз шарапатының арқасында. Ха-ха-ха...

К ү н ә һ а р - А д а м. /Ия күлерін, ия жыларын білмей/ Ммм... жарайсың Түленжан! /Түлен есіктен шыға бере/ Қарғыс атқыр қараниет құтырған!

Күнәһар-Адам үй ішіндегі кітап толы сөреге жақындайды.

К ү н ә һ а р - А д а м. Осы адамдар кітаптарды не үшін жинайды. Не оқымайды да бұларды. Босқа шаң басып тұрады.

Кенет Күнәһар-Адам кітап сөресінен Құран-Кәрімді көріп қалады да, қолына алады. Беттерін парақтап оқи бастайды.

К ү н ә һ а р - А д а м. /дауысын шығара/ Тірлігімде неге оқымадым осы кітапты, а? Қызық қуып, сайран салғанша бір уақ қасиетті кітапты парақтап тұрсамшы.

Осы кезде үйге періштенің келгендігі байқалады. Күнәһар-Адамның айналасы нұрланып, төбесінен жарық түседі.

К ү н ә һ а р - А д а м. /Құран кітабын күбірлеп оқи, тізерлеп отыра кетеді/ Ниса сүресі: «Кім Аллаға және Елшісіне бой ұсынса, астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы. Ал кім Аллаға, Елшісіне қарсы келіп Оның шектерінен шықса, ол, ішінде мүлде қалатын отқа кіргізіледі. Оған қорлаушы азап бар».

«Сен құдайдың құлысың. Шайтандардан жоғары тұрасың. Адам басыңмен ғана Аллаға қадірлісің» деген дауыс естіледі.

К ү н ә һ а р - А д а м. Кім, кім бұл, а? /Төбеге қарайды/

П е р і ш т е. /дауыс/ Мен сені райыңнан қайтаруға келдім, пенде...

К ү н ә һ а р - А д а м. Мен тозаққа түскен күнәһармын ғой. Алланың қаһарына ұшыраған жанмын. /Жан-жағына алақтайды/

П е р і ш т е. /зор үн/ Алла мейірімді. Құдай Тағала пенде баласын махаббатпен жаратты. Жан бітірді. Рух берді. Тірліктеріңде тек шайтанның азғыруына түсіп кеттіңдер. Алайда, Алла өзіне иман келтірген жандарға мейіріммен қарайды.

К ү н ә һ а р - А д а м. Қалай сонда! Мені де кешіре ме?

П е р і ш т е. Әрине кешіреді пендем. Тек иман келтір. Шайтандар шылауынан құтыл. Ойыңды ізгілікке жеңдір.

К ү н ә һ а р - А д а м. «Лә илаһа илла  алаһу, Мухаммудур расуль Аллах».

П е р і ш т е. Міне, инсан. Сен енді тек Алланың құлысың. Ібіліске лағынет.

Күнәһар-Адам орнына тұра беріп, Құран Кәрімді орнына қояды да, Түлен отырған бөлмеге беттейді.

Алтыншы көрініс

Әйел мен Түлен вальс билеп жүр. Алаңсыз. Музыка әуенімен тербеле басып, жеңіл қозғалады. Күнәһар-Адам бөлмеге (сахнаға) кіріп келеді.

 

Ә й е л і. /Ырғала билеп/ Музыка қандай тамаша! Өсе ғой құлыным! /Құрсағын сипалайды/ Мен саған жарық әлемді сыйлаймын. Ел-халқыңа қызмет қыласың. Әкең сияқты үлкен азамат боласың! Әкең сияқты... /Әйел өз даусынан өзі шошып кетеді/.

Осы сәтте Күнәһар-Адам Түленнің арқасына пышақ салып жібереді. Түлен құлап бара жатып, Күнәһар-Адамға жалғыз көзімен алая қарайды.

К ү н ә һ а р - А д а м. Өл! Малғұн! Адамдардың санасын жаулап, азғын істерге итермелеген сайтанның сапалағы. Ажалың менен болсын. /Тағы да пышақты сұғып алады Түленнің жұлынына. Түлен жерге құлап түседі/. Пыссымылла. Пыссымылла!!!

Күнәһар-Адам Түленді сүйреткен күйі сахнадан жылыстап шығып кетеді.

Күйеуі де, Әйелі де селк ете түседі.

Ә й е л і. Түлен түртті ме бізді, әлде жын қақты ма? Балам қалай әкесіз өседі? Мен оны сүйемін ғой, ол да мені... /Әкесі, әкесі деп айқайлап есікке қарай ұмтылады/

Есіктен шығып бара жатқан күйеуіне Әйелінің құрбысы Динара жолығады. Әйелі жүгіріп есік көзіне келеді. Үшеуі бір-біріне қарайды.

Д и н а р а. /жарқын үнмен/ Сәлем жас жұбайлар! Халдарың қалай? Бәрі дұрыс па сендерде?

Ә й е л і. Қалайсың Динка! Әрине бәрі дұрыс бізде. Отағасы командировкаға кетем деп жатыр еді, жібергім келмей қалды.

Д и н а р а. Командировкаға? Қай жаққа?

К ү й е у і. /Сөмкесін жерге қоя бере/ Ия, командировкаға жіберіп еді. Бірақ барғым келмей тұрғаны. Құрбыңның аяғы ауырлап, үйде жалғыз қалдыруға да қорқып тұрмын.

Ә й е л і. /күйеуін құшақтай алып/ Болды жаным, бармайсың ешқайда да, командировкасы да құрып кетсін...

Д и н а р а. Ооо, міне керемет! Жақсылықтың бәрі сендерде екен ғой.  /Құрбысының бетінен сүйеді/ Қуаныштымын, жаным, сен үшін!

Ә й е л і. /күйеуін құшақтаған күйі/ Өзім де қатты қуанып жүрмін құрбым. Көп рахмет саған. Қане үйге кір!

Үшеуі мәз-мейрам боп сахна сыртына қарай беттейді.

Еміс-еміс жарқын дауыстар естіліп жатады.

«Бүгін біздің үйде үлкен қуаныш»...

«Ия, жаным, біздің баламыз болады»...

«Қуаныштарың ұзағынан болсын. Сендерге бақыт тілеймін!»...

Сахна жабылады.

 01.10.2012-03.10.2012.

23 Наурыз 2017
940
0
0