Ұлпан Тоқаева. "Қымбатты Елена Сергеевна": Ұрпақтар сабақтастығына заманауи көзқарас

Жаңарған құраммен жаңа маусымды ашқан ұжым көрерменге А.Салбановтың режиссерлігімен сахналанған Л.Разумовскаяның "Қымбатты Елена Сергеевна" спектаклін ұсынды.

Ұлпан Тоқаева

театртанушы,

Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі



2015 жылы Қазақ ұлттық өнер университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері негізінде ашылған Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры 29 қазан күні өзінің екінші маусымын ашты. Құрылғанына бір жыл толған театр құрамы биыл да жаңа актерлермен толығып, шығармашылық құрамның саны арта түсті. Жаңарған құраммен жаңа маусымды ашқан ұжым көрермендерге А.Салбановтың режиссерлігімен сахналанған Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклін ұсынды.

Орыс драматургі Людмила Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна»  пьесасы 1980 жылы Мәдениет министрлігінің тікелей тапсырысымен жазылған, алайда дайын туынды цензураның қатаң сынынан өтпегендіктен бір жылдай еш жерде сахналанбаған. Тек 1981 жылы ғана пьеса Таллиндегі Жастар театрында эстон тілінде қойылады. Осыдан бастап, қоғамда резонанс тудырған пьесаның әлем театрларында жүзден аса интерпретациялары көрсетіле бастайды. Араға отыз бес жыл салып Л.Разумовскаяның аталмыш пьесасы қазақ тілінде тұңғыш рет Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының сахнасында қойылды.

Спектакльдің ерекшелігі – драматург жазған күрделі жасөспірімдердің мәселесінен бөлек, режиссердің пьесаға көзқарасынан туындап отырған ғаламдық мәселелердің қозғалуы. Драматург Л.Разумовская өз пьесасында емтиханнан алған төмен бағаларды түзету барысында жас жеткіншектердің адам шошырлық әрекеттерге, тіпті адамды өзіне қол жұмсауға дейін апаратындығын көрсеткен. Ал, режиссер А.Салбанов пен қойылым суретшісі Р.Қасымов сценографиядағы шешімдер – ең негізгі тіршілік көздері болып табылатын төрт стихия ауа, жер, су, отты пайдалану арқылы бізде өмір сүруге ең қажеттінің бәрі бар, сонда бізге не жетпейді деген сұрақты көтереді. Шынымен де, адам табиғаттан өзіне керектің бәрін алды, әлі де игеруде, дегенмен кей кездері қажеттіліктің туындауынан, кейде қанағатсыздықтан, кейде тіпті, ашкөздіктен түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, адами құндылықтарымызды жоғалтып алып жатамыз. Ал, кейде тіпті бір емтиханға бола адамды өлімге дейін итермелей алады екенбіз деген ой түйіледі. Спектакль соңында ашынған Елена Сергеевнаның көрермендерге қарап «Бізге не жетпейді?» деп сұрақ қойып, суға батып кетуі – өзі тәрбиелеп жатқан оқушылардың бассыздығына күйінуі. Осылайша, режиссер қазіргі таңда өзекті болып отырған пьесаны сахналай отырып өзінің трактовкасы арқылы спектакльді ғаламдық деңгейдегі мәселеге дейін көтере білді.

Қойылым – қолына сіріңке ұстаған әйел адамның қараңғы сахнаға жарық беріп кіруінен басталады. Бұны, бір жағынан, баршаны білім нәрімен сусындатқан ұстаздың айналасына нұрын шашуы десек, екіншіден, әділетсіз, опасыз болып бара жатқан жалған дүние қараңғылығынан шындық іздеп, «мыңмен жалғыз алысқан» әділетті адамның шырылдауы деуге де болады. Осылайша басталған спектакльдің темпоритмі бір сәтке де түспеді, режиссер пьесаға қысқартулар енгізу арқылы, әр сахнаның көпшілікке түсінікті, әрі ықшамды болуын қадағалаған. 

Бұдан бөлек, режиссердің қойылымда символикалық тәсілдерді көп қолдануы сәтті шыққан. Мысалы, спектакльдегі барлық кейіпкерлердің қолдарына тас ұстап келуі – әрқайсысының Елена Сергеевнаның үйіне өз мәселелерін арқалап алып келулерін көрсетеді, бірі – бағасын жақсарту үшін, бірі – біліктілігін арттыру үшін, ал бірі – жай ғана қызық үшін, соған сәйкес қолдарындағы тастардын көлемі де сан түрлі. Ал қойылымдағы ең көлемді тасты Елена Сергеевнаның қолынан көреміз. Өмірі сырқаттанған анасы мен мектеп арасында өтіп жатқан ұстаз өзгелер секілді әдемі киініп, әйел бақытын сезініп, сәби сүйгісі келеді. Режиссер оны сахнаның бір шетінде тұрған мүсін арқылы айқындай түседі. Күн сайын жабылған матаны ашып, саз балшықтан жасалған бала мүсінін одан әрі дамыту арқылы ойындағы, арманындағы сәбиінің өсуіне өз үлесін қосып жатқандай әсер алатын Елена Сергеевна спектакль соңында талай жылдардың жемісі болған мүсінді қолына ұстаған таспен қиратады. Өмір бойы сәби сүюді армандаған әйел жетесіз, адамгершіліктен жұрдай балалардың қылықтарын көру арқылы, сәбилі болу, әйел бақытын сезіну армандарынан бас тартып, қиялында өмір сүрген бақытын өзі қиратады. Барлық оқиғалардың орталығы, қақтығыстардың себепшісі болып табылатын Елена Сергеевна образын театр актрисалары Д.Казыкешова мен Д.Кабышева жасады. Диана Казыкешова сомдаған Елена Сергеевна мұғалімдерге сай барлық қасиеттерге ие болса да, өзі тәрбиелеп жатқан оқушылардың бассыздығын көргенде кей сәттерде өз-өзін ұстай алмай, айғайға басып, ұрыса алатын, ал, кейбір жерлерде үнсіздік арқылы талай жылғы еңбегі зая кеткен ұстаздың қасіретін жеткізе білді. Динара Кабышева сомдаған Елена Сергеевна керісінше, қандай жағдай болса да, өз-өзін ұстай алатын, тіпті айғайлағысы келсе де оған еті үйренбеген сабырлы, байыпты ұстазды көрсетті.

Емтихан бағасын түзетіп, жоғарғы оқу орнына түсуді ғана армандап келген, алайда санасынан тыс ұйымдасқан қылмыскерлердің құрамында болған, аңқаулығы мен ақымақтығы қатар жүретін кейіпкер – Витя. Кейіпкер Витяның мектептегі үлгерімінің төмендігінен бөлек, отбасындағы мәселелерінің көптігінен қос актер сахнаға көлемді тасты ұстап шығуға мәжбүр, онысы орынды да. Басқаларымен салыстырғанда негізгі мақсаттан бөлек Елена Сергеевнаға қарсы ешқандай арам ойы да, жоспары да жоқ кейіпкерді екі құрамдағы актерлер З.Ақаев пен Е.Амантайев сомдады. Заңғар Ақаев ойынынан декорациядағы әр детальды ойната отырып, оны орнымен қолдануды көрдік. Ол өз кезегінде, актердің көңіл-күйін, қуаныш-күйзелісін жеткізе отырып, образдың сан қырлы болуына септігін тигізді. Ал, Ержан Амантайев Витяның психологиялық болмысына аса мән берген, актер кейіпкер жан дүниесінде болып жатқан өзгерістерді сөзі, бет-бейнесі, іс-қимылы арқылы барынша шынайы етіп жеткізуге тырысқан.

Володя – спектакльдегі күрделі образдардың бірі. Болашағы алдын ала ойластырылып қойған ол ештеңеден тарықпайды, ендеше мұғалімнің үйіне келіп, жалынып баға сұрау не үшін қажет болды деген ой туады. Спектакльдегі басқа кейіпкерлер мұғалімнің үйіне келе сала түпкі мақсаттарын айқындап, мінездерінің қандай екендігін ашық көрсете бастайды. Ал, Володя болса спектакльдің соңына дейін қандай ойда жүргендігін ешкімге байқатпайды, сыр да бермейді, себебі ол, өз сөзінде айтқандай, болашақ дипломат, өзіне қажет болмаса да Елена Сергеевнадан сейфтің кілтін алу ол үшін біліктіліктің көрсеткіші. Сол себепті де, оның дәл сол сәтте қолына кішігірім тас ұстап, мұғалімнің үйінен табылуы заңды. Володя образын сомдаған үш құрамдағы актерлер А.Хасенов, А.Нұрмағамбетов, Е.Мәсәлімнің ойындары бір-біріне ұқсамайды. Олар режиссер берген еркіндікті пайдалана отырып, әрқайсысы өзінше ізденуге тырысқан. Абай Хасеновтің Володясы – барлық былықты ойластырып, болып жатқан оқиғаларды шеттен ғана бақылап отыруды көздейтін Жантық, Яго сынды образдарға жақын. Қолынан тастамай ұстап жүрген кубик-рубик арқылы сол жерде болып жатқан жайттардың барлығы өзінің бақылауында екендігін, соның жоспарымен іске асып жатқандығын көрсетті. Ұқыпты киімі, тұтығып сөйлеуі, мұғалім сөзін қолпаштап отыруы, алғашында Володяны ұялшақ, тәрбиелі, адал адам ретінде көрсетсе, шынайы бет пердесі ашылғаннан кейінгі қылықтары, дарақыланып күлуі, мысқылдап сөйлеуі кейіпкердің нағыз екіжүзді, «қой терісін жамылған қасқыр» екендігін көрсетті, осы тұрғыдан алғанда актер Абай Хасенов сомдаған Володя өте ұтымды шыққан. Екінші құрамдағы актер Айдос Нұрмағамбетовтің ойынынан барлық былықты ойластырушы, жанындағыларға айтқанын істете алатын, ештеңеден қорықпайтын батыл, әр сөзінен сенімділік байқалатын Володяны көрдік. Ал, үшінші құрамдағы актер Елдос Мәсәлімнің сомдаған Володясы әрекеттерін бірде астыртын ұйымдастыратын, ал кейде нағыз бет-бейнесін ашық көрсететін кейіпкер. 

Ляля – баға сұрап келген балалардың ішіндегі жалғыз қыз, сөйлеген сөздеріне үңілетін болсақ, ол өте білімді, жақсы оқитындардың қатарына жатады, дегенмен ол да сол сәтте басқаларымен бірге Елена Сергеевнаның үйіне келді, оған да жақсы баға керек. Ал, екінші жағынан, ол айналасында болып жатқан жайттардан құр қалғысы келмейтін қызыққұмар. Сыныптастарының шамаларының қай жерге дейін жететіндігін бағамдау, сабақ түсіндіргенде мінсіз болып көрінетін ұстаздың тұрмысын өз көзімен көру, жоспардың қалай іске асатындығын бақылау екі құрамда ойнаған М.Елтайқызы мен Г.Абикенқызының басты мақсаттары болды. Қос актриса алдымен өздеріне керек бағаны қойдыру үшін, сонымен қатар ұстазын сынау үшін келген сыбайластардың бірі екендігін, кейіннен ойынан айнып, аяқ астынан жүрегінде мейірім пайда болған қызды шеберлікпен көрсетті. Гульвира Абикенқызы сомдаған Ляля – балалығы басым ерке қыз болса, Мақпал Елтайқызының нұсқасындағы Ляля – өмірдің қиындығынан ой түйіп, ерте есейген қыз.

Паша – қойылымдағы әлсіз образ, сүйген қызы Ляляға байлығынан басқа берері жоқ ол емтихан бағасын түзету арқылы білікті маман болып, қоғамдағы орнының беделді болуына еңбек етуде. Себебі, сол кезде ғана талабы биік қыздың жүрегін жаулап, болашақта бірге болуға мүмкіндік ала алады. Яғни, осы образды сомдайтын актер үшін басты мақсат – кілтті қайткен күнде де алу болып табылады. Кілтті қолына түсірсе ғана Ляляны да уысына түсіре алатынына сену арқылы әрекет ету Паша рөлін сомдаған екі құрамдағы актерлер Е.Ақылбеков пен Н.Жұмаділлаевтің мақсаттарына кірмеді. Актер Едіге Ақылбековтің нұсқасындағы Паша бірде кілтті алуға тырысып бағады, ал бірде жанындағы сыныптастарының қылықтарына наразылығын білдіріп, ашуға булығады. Ал, екінші құрамдағы актер Нұрлан Жұмаділлаевтің Пашасы – нағыз романтик, ол үшін кілтті алудан бұрын, Ляляның көңілін тауып, әр сәтте жанынан табылу маңыздырақ екендігін көрсетті.

Қойылымдағы актерлердің ешбірі сахна сыртына кетпейді, олар бірде, болып жатқан оқиғаларды волейболға арналған тордың артынан бақылап қана тұрса, спектакль шарықтау шегіне жеткенде әрқайсысы бір қалыпта табжылмай отырып алады. Мысалы, алғашында сыныптастарымен мұраттас болып келген Ляля рөліндегі қос актриса өз ойларынан айнып, кетуге бекініп, бірақ амалсыз қалуға мәжбүр болғанда үстіне пальто жамылып, тізесін құшақтап отырып алады. Осы арқылы ол өзі қаламаса да, кілтті алуға араласпаса да соңына дейін шыдап бағатынын көрсетті. Біраз уақыттан кейін айналасында болып жатқан жайттардың бірін көргісі де, естігісі де келмегендей кейіп танытып басын жауып, жерге жатып алды. Ал, араққа тойып алып, ұйықтап қалған Витя образын сомдаған актерлер бүгінгі замандағы ер адамдарының бет-бейнесін көрсетті. Әуелбаста, емтихан бағасын түзету оған ауадай қажет болса, кейіннен келгендегі мақсатын ұмытып, арағын құшақтап жатып қалады. Біз өмір сүріп отырған қоғамдағы ер адамдардың көпшілігі отбасы қамын ойлап, жағдайын жасаудың орнына, ондай мәселелерге басын ауыртқысы келмей жата беретіні өтірік емес. Ал, өзге актерлер кейіпкерлер жан дүниесінің бейнелерін оқиғаларды сырттан бақылап отыру арқылы көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда, әр актердің ішкі дүниесінде болып жатқан өзгерістерді сөзсіз, қимыл-әрекетсіз, тек қалыптар арқылы айқындау сәтті шыққан деуге негіз бар. Актерлердің кейіпкер келбетін сомдауда, актерлік ансамбльдің түзілуінде режиссер Айдын Салбановтың еңбегі зор. Образдардың бір сарынды болмай, бір-бірінен ерекшеленуіне еңбек еткен режиссердің түпкі ойын актерлер әлі де шыңдай түсіп, әр спектакль сайын рөлді бойларына сіңіре түседі деген сенімдеміз.

Режиссер Айдын Салбанов пен қойылым суретшісі Расул Касымов  сценографиядағы әр элементтің ойнатылып, кейіпкер жан-дүниесін ашуда маңызды рөл атқаруына баса мән берген. Оған декорациядағы волейболға арналған тор мен доптың ұтымды қолданылуы айғақ. Екінші пландағы сахнада актерлер осы доппен ойын ойнап жүріп жоспарларын құра бастайды, тіпті Елена Сергеевнаны ойынға шақырып, кілтті беруден бас тартқан ұстаздарын мазақ қылып, доптың артынан жүгіруге мәжбүр етеді. Кілтті алуға келген арам ойлы оқушылардың жоспар құру алаңына айналған тор күллі спектакльдің соңғы нүктесін қойды. Тордың ар жағында тұрып, «Елена Сергеевна!» деп айғайлаған оқушыларды режиссер ақтап алған жоқ, барлығының қылмыс жасап, темір торға қамалуы тиіс екендігін көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда спектакль көрермендердің бірін қанағатшыл болуға, қолда барды бағалауға тәрбиелесе, екіншілеріне адам жаны нәзік шыны екендігін, қатты жел соқса, найзағай ойнаса морт сынып кетуі мүмкін екендігін айтқысы келеді.

Қойылымның музыкамен көркемделуі орнымен, әрі талғаммен таңдалып қойылған. Виоленчель аспабының сиқырлы әуені Елена Сергеевнаның жан-дүниесіндегі қуанышын, қайғы-мұңын жеткізуге септігін тигізді. Осынау аспапты жанды дауыста ойнаған музыкант спектакльдің кей сәттерінде шығып, басты кейіпкердің көңіл-күйін беруге тырысты. Елена Сергеевна бассейнге кіріп, суға батып кеткен сахнада виоленчельдің мұңды әуені соңғы рет шыққанын көрдік, композиция аяғына жетпей, шарықтау шегіне келгенде үзіліп кеткен аспап үні қыршыннан қиылған ғұмырды бейнеледі. Ал жоғарыда тұрған терезеден Елена Сергеевна батып кеткен суға түскен жарық сәуле әділетті адамдардың әлі де бар екендігін, үміт сәулесінің ешқашан да сөнбейтіндігін көрсеткендей.

Қорытындылай келе, Ресейде жаңа драманың бастамасы болған аталмыш пьеса Жастар театры үшін таптырмайтын материал екендігін айтқымыз келеді.  Жаңа драмалардағы барынша қарапайым тілде сөйлеу арқылы шынайы өмірге  жақындай түсу классикалық туындылардағы декламация мен пафос нәтижесінде пайда болатын таптаурындылықтан арылуға септігін тигізері анық. Сол себепті жас ұжымның репертуарында түрлі театр ағымдары мен жанрларындағы драмалық шығармалардың көп болғанын қалар едік. Сонда ғана өзге театрлардан ерекшелене алатын «Қымбатты Елена Сергеевна» сынды тың дүниелер сахналанатын болады. Заманауи театр процессінде болып жатқан өзгерістерге, атап айтар болсақ, іс-әрекеттен гөрі, сөзге баса мән бере отырып спектакльдің темпоритмін түсірмеу, пьесада көрсетілген бір мәселе арқылы режиссерлік тәсілдерді қолдана отырып одан да күрделісін көтеру, символикалық шешімдер арқылы айтар ойды жұмбақтап, өрнектеп жеткізу аталмыш қойылымның басты ерекшелігін айқындап тұр. Ал, спектакльдің   көркемдік тұтастығы, режиссерлік шешімдер, актерлік ансамбльдің түзілуі аталмыш қойылым ғұмырының ұзақ болатындығын, театр фестивальдерінде жүлделі орындарды еншілейтіндігін көрсетті. Жас театр ұжымының жаңа маусымда көрермендерге берері әлі де көп болары сөзсіз.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет