Театрды болашаққа жетелейтін фестиваль

20-21 сәуір күндері Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан драма театрлары арасында II Республикалық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестивалі өткізілді.

фото Ахтанов театрының әлеуметтік желі парақшасынан алынды

Анар ЕРКЕБАЙ

театртанушы



Екінші мәрте өтіп отырған мәдени шара былтыр студенттік және жастар театрының фестивалі деп ашылып, осы жылы өзінің негізгі концепциясын эксперименталды қойылымдарға арнауы құптарлық іс болды. Екі күнде көрсетілген 9 спектакльдің жанры мен пластикалық шешімі түрлі болғанымен де, оларды бұл фестивальде басын қосқан ортақ мақсат – эксперименталды бағыты. Қуантатыны – осы дүниелерді ұсынған режиссерлердің көбі жастар. Фестиваль елімізге Фархад Молдағалиев, Айдын Салбанов, Ерлан Кәрібаев, Мейрам Хабибуллин сынды жаңа есімдермен таныстырды. Бұл жас жігіттердің көркемдік қиялы бай, режиссерлік ой-тұжырымы ізденіске толы, болашақ потенциалы зор екенін байқадық.

Фестивальге еліміздің танымал режиссері Қуандық Қасымовтың өзінің атақты «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысуы жастар үшін мастер-класстан кем түспеді. Кезінде, осыдан 8 жыл бұрын қойылған «Қыз Жібек» сынды классикалық дүниені тың режиссерлік шешіммен камералық сахнада қойылуы ұлттық өнеріміздегі үлкен жаңалық болды. Режиссер эпостық материалға сүйене отырып Жібек пен Төлеген тағдырының ең негізгі сюжеттік желісін ғана алып, жас ғашықтардың кездесуі, Бекежанның қызғаныш кесірінен жасаған әрекеттері, Төлегеннің өлімін небәрі қырық бес минут ішінде көрсетіп шықты. Сахнада бар жоғы тоғыз орындаушы онер корсетеді. Камералық қойылымнан шаманизм белгілерін де, вокалдық композиция элементтерін де, би мен әнді де, актерлік ойын мен режиссерлік тапқырлықты да, декорация мен ұтымды мизансценалық шешімдер де жаңаша интерпретацияда тамашаладық. Төбедегі шаңырақтың қос ғашықтың өліміне себепкер болған Бекежанның үстіне түсуін режиссер Қ.Қасымов символға құрылған. Жас ару билеп жүріп, ақ матаның арасында ғайып болып ортада тек сәукелесі қалғанымен Жібектің өлімін белгілейді. Ал, Жібектің көзін бұрымдарымен байлап екі жігіттің садағын алып билеуі, ақыры біреуін лақтырып жіберіп Төлегеннің ақ орамалы байланған оқты жоғары қарай көтеруі де әсерлі шыққан. Жастардың некелерін қию салты да әдемі шешілген. Ауыл бәйбішесі қолындағы белбеумен жерді, үйді аластап, Жібектің Төлегеннің беліне байлатуы серттік белгісіндей еді. Сондықтан белбеуін қолына ұстаған Төлегеннің Бекежанмен күресіп мерт болуы да заңдылық.

Спектакльдің негізгі ойын режиссер бимен, пластикамен, музыка ырғағымен беруге күш салған. Е.Г.Брусилоскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің атақты ариясы «Гәкку» мен еліміздің көне «Қара жорға» биі шығарманың лейтмотивына айналған. Қойылымды әуенмен өңдеген Е.Құсайынов ұлттық музаканың нақышын қалдырып, заманауи ырғақта беруі де тақырыптың негізгі тартысын аша түскендей. Ал, Төлеген мен Бекежан арасындағы жекпе-жек кезінде дауылпаздың қағысымен орындалған динамикалы ырғақ екі батырдың Жібек үшін ешнәрседен аянбайтынын көрсеткендей. Көпшілік сахнасының орындауындағы өсек-аяң да пыш-пыштаған келіншектердің, сыбырлаған еркектердің дауыс какафониясы арқылы өзге бір түрде баяндалады. Бір мезетте көшкен ауылдың, келесі көріністе қыңқулап ұшқан ақуларды бейнелеген актерлер қимылы әдемі.

Кенен Ақүрпековтің орындауында  біздің санамызды сіңіп қалған сұлу да нәзік Төлеген бейнесінің стереотипі бұзылды деуге болады. Сұңғақ бойлы, ер тұлғалы батырға ару Жібектің таңдауы түскеніне бірден сенесің. Бірақ, қойылымның негізі пластикаға сүйенгендіктен актерге әлі де болса би элементтерімен жұмыс істеу керектігі байқалды. Ал, Мәмбет Қожалиевтің сомдауындағы Бекежанның Жібекке деген махаббаты байқалмайды. Бірінші кезекте оның өзегін өртеп бара жатқаны қызғаныш оты актердің жүзінен, іс-қимылынан анық көрінеді. Әсіресе, барлығы «Гәккуді» айтып жүргенде Бекежан – М.Қожалиевтің көкке қарап отырып бұл әуенді қасқырша ұлуы да оның жан-дүниесін кернеген ашу-ызадан хабар беріп тұрғандай. Сондай-ақ, Жырау роліндегі Жүніс Әлімбеков сахналарды бір-бірімен байланыстырып жүрген оқиғаның қозғаушы күші.

Әрине, қойылымның ұзақ жылдардан кейін жаңа орындаушылар құрамымен қалпына келтірілгендігі байқалып тұр. Пластикаға шешілген қойылым орындаушылардың қимылдырының тазалығын, синхрондылығын талап ететінін есте ұстаған жөн.

Стилизацияланған ұлттық киім, салт-дәстүрлердің элементтері спектакльдің заманауи тынысын байқатады. Суретші М.Шарафиттиновтің қолынан шыққан әр зат сахнада ойнап тұр. Актерлердің қолындағы қолшатырлар бірде көшіп бара жатқан керуенді бейнелесе, келесі сахналарда бүкіл бір ауылды суреттейтін киіз үй қалпында қаз-қатар тұра қалады. Ал, Төлеген қайтыс болғаннан кейін, әлгі қолшатырлар жабылып, олар да аза тұтады...

Жалпы, бұндай қойылым нағыз фестивальға апаратын дүние болып шыққан. Қатысушылар саны аз, қойылым ұзақтығы қысқа, эксперименттік шешімдерге толы әрі ұлттық фольклор мен салт-дәстүрден мол хабар береді. Кезінде бұл қойылым Каирде өткен эксперименталды театрлар фестиваліне қатысып жоғары баға алғаны баршамызға аян. Ұлттық нақышқа бай, этнографиялық элементтермен көмкерілген бұл спектакль шетелдегі өнер сүйер қауымды қазақ сахна өнерімен таныстырып, жаңа режиссерлік интерпретация мен актерлік шеберлік мектебінің жоғарғы деңгейін көрсеткен еді. Сондықтан, бұл қойылымның «Балауса» фестивалінде үздік спектакль номинациясын да илененуі таңқаларлық жағдай болған жоқ.

С.Мұқанов атындағы Петропавл облыстық қазақ драма театрының жас режиссері Фархад Молдағалиев «Қасірет» драмасының негізгі желісін сақтай отырып, драматург Р.Отарбаев ұсынған тақырыптық шеңберді кеңейтіп, өзіндік интерпретация ұсынған. Драмалық шығарманы едәуір қысқартып, бұрыңғы қойылып жүрген спектакльдердің формасынан бас тартып, реалистік бағытқа ұрынбай жаңа шешімдер қолданған. Сахнаның екі жағында отырған актерлерді біртіндеп әрекетке араластыруы арқылы нағыз театрлық ойынның әдісін пайдаланған. Қойылымның басында пьеса кейіпкерлері Жалқытай, Тоғжан, Кәмиләнің көрерменнің алдына шығып өздерін таныстыруы, болашақта армандаған ойларын айтқызуы арқылы көрерменді келесі сахналарда олардың жарқын болашақтарына неліктен жете алмағандықтарын түсіндірендей болады.

Қоғамымыздың үлкен дерті – нашақорлықтың елімізді жаулап алуын бір жанұяның басынан өткен оқиғасы арқылы өрбитін қойылымның бүгінгі жастарға берер тәлім-тәрбиесі зор. Есірткеге тәуелді болып қалған Жалқытайдың өмірі ғана емес, әке-шешесінің, сүйікті қызының тағдыры тас-талқан болуы көрерменді ойға жетелейді.

Қара түсті сахна кеңістігінде темір орындықтар мен ілулі тұрған арқаннан басқа бөлек зат жоқ. Өзінің зұлым дертке ұшырағанын сезген бас кейіпкер сол арқанды мойнына іледі, кейде қолына ұстап алып сахнаны шыр көбелек айналуы арқылы режиссер тағдыр шеңберіне түскен Жалқытайдың тар қапасты бұзып шыға алмайтындығын көрсеткендей. Жас режиссердің ұқыптылығы Жалқытаймен Камилланың арасындағы тән махаббатын суреттейтін сахнада да байқалды. Біздің режиссерлердің көбі бұндай сахнаны нәзік пластикалық қимылдармен суреттесе, соңғы кезде тым реалистік тұрғыдан шешетіндер де шығып жүр. Фархад бұл жағдайды кейіпкерлерінің дауыстарын шығарып күлдіріп, бірінің артынан бірі қуалап, жүгіруі арқылы шешкен. Ал, өз қабірі үстінде қоятын құлпытасын арқалап шығып, оны жерге қойғаннан кейін артына құлауымен Жалқытайдың өлімі шешілген. Және оның есірткіге тәуелділігі өзін ғана өлімге әкелмей, жақсы көретін адамдарының да өмірін сындырғанын келесі сахнадағы барлық кейіпкерлердің ақ кебін киіп құлпытасын арқалап шығуы арқылы көрсеткені де әсерлі. Бұның философиялық ойын Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің орындалуы да күшейте түскен. Дегенмен де, осы соңғы сахнада қара қабырғада мешіттің сұлбасы оттай жарқырап шыға келуі артықтау болды деген пікірдеміз. Әрине, режиссердің адамзатты иманға шақырған ойы түсінікті, бірақ осындай сценографиялық шешім (суретшісі Эльвира Бейсенбаева) дәл бұл сахнада өз ойын толық аша алмады.

Режиссердің ой-тұжырымын Петропавл театрының актерлері де ойнағыдай алып шықты. Әсірсе, қойылымдағы Жалқытайдың анасын орындаған Аида Супатаеваны ерекше атап өткеніміз жөн. Жалғыз ұлының жазықпас дертке ұшыраған ананың шарасыздығын, уайымын біздің сахнаға тән классицистік мәнерде шешпей, нәзік психологиялық жан иірімдерін дұрыс тапқан. Алдымызда тағдыр тәлкегіне мойынсұнған, ұлының физикалық ауыруына моральды көмектесуге тырысқан, бар күш-жігерін жұдырықтай денесіне жинаған Ананы көрдік.

Қойылымды психологиялық планда шешкен жас режиссер Ф.Молдағалиевтың шығармалық ізденісі сәтті нәтижеге жеткізген. Мұның режиссурасының басты ерекшелігі –  автор идеясын, өзінің ой-тұжырымын актер ойыны арқылы жүзеге асыруында. Спектакльге қатысқан Айбол Қасым (Жалқытай), Ташкен Дулат (әкесі), Мадина Өсербаева (Тоғжан), Дария Әбілмажінова (Кәмила), Нұрбол Асқаров (көрші), Мұрат Құсайынов (шеф) сынды актерлер өз рольдерін толық меңгерген. Сөзді таза сөйлеумен бірге, оның астарын ашу, екінші планды сезіну, актерлік ансамбль мен сахналық тұтастық бар. Жас режиссер сахналық кеңістікті ұтымды пайдаланып, ұқыпты мизансценалардың құруы арқасында «Үздік режиссерлік шешім» жүлдесіне иеленді.

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жанынан құралған «EGO» театр лабораториясы ұсынған «Ол» моноспектаклі фестивальдің жаңалығы болды.  Жас режиссер  Ерлан Кәрібаев пен актер Данияр Базарқұловтың шығармашылық тондемі өте сәтті шыққан. Моноспектакль – өте күрделі дүние. Қойылым бойы сахнада жалғыз актердің көрермен залын баурап, әр сөзімен, әрекетімен кейіпкерінің оқиғасын жеткізу кез келген орындаушының қолынан келе беретін іс емес. Сондықтан да, бұл қойылым ұсынылған жанрға толықтай жауап береді, әрі кәсіби деңгейдің биіктігін байқатқан толыққанды дүние болып шыққан.

Қазіргі ХХІ ғасырдың театры – режиссерлік театр. Әр шығарманы режиссер өзіндік интерпретациясымен, ой‑тұжырымымен шешеді. Инсценировка авторы Д.Базарқұлов Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» шығармасын барынша қысқартып, тек бас кейіпкердің линиясын қалдырған. Қойылымның камералық сахнада өтетіндігін жете ескерген режиссер Е.Кәрібаев кейіпкердің жан иірімдерін ым-ишара, қимыл-қозғалыс, дыбыстық эффектілер арқылы берген. Саханада тұрған тегешке тамшылап ұрған судың дыбысы да кейіпкердің ішкі жан-дүниесін керемет жеткізеді. Кішкентай алаңқайда ойнап жүрген актердің аяғы сыртқа шығып кетсе болғаны бірден дабылдың дауысы қосылады.  Өйткені бүгінгі адам қатып қалған заңдылықтарға қарсы шыға алмайды, бәрімізді өмір бір пішінге, біл келіге салған, ал бұл шеңберді бұзып шығайын десе де қоғам рұқсат етпейді. Сахнаның бұрышында отырған қобызшы қыз кейіпкердің әр қимылын қыңқ еткен дыбыспен беруімен сахнадағы жалғыздық пен шарасыздық атмосферасын жеткізеді. Ескі теледидардың қаңқасы да қойылым барысында жақсы роль ойнады. Ол өмір өзгергенімен де, адамзат пен қоғам мәселесінің көне екенін байқатса, екіншіден кейіпкердің жұпыны жағдайын да меңзегендей. Ал жігіттің теледидарға мініп алып қайықты ескендей отыруы арқылы үлкен өмір-теңізде кішкентай адамның жүзуіде оңай емес екендігін көрсетсе, соңында кейіпкер экранның орнын скотчпен байлауы арқылы әр адамның өміріне өзгелердің килігуіне құқығы жоқ деген ойға жетелейді. Жалпы Е.Кәрібаев сараң да нақты детальдармен бүгінгі әлеуметтік мәселелерді терең қозғай алған.

Актер Данияр Базарқұловтың кейіпкері шынайы болмыс мен фантасмагорияның арасында өмір кешеді. Ол – рухани құлдырауға түскен, бүгінгі қоғамнан, өзінің мардымсыз өмірінен шаршаған адам. Актер кейіпкерінің психологиясын терең түсінген. Бір актердің 40 минут бойы бүкіл көрермендерді күйгелек көңіл-күйде ұстауы да керемет. Спектакль басталғанда 5 минуттай тек тым-тырыс үнсіздікте актер әр қимылы, тартқан темекісі, оны өшіріп, топыраққа көмуі, қолына таяғын ұстап алып онымен ауаны кескілеуі арқылы кейіпкерінің ішкі күйзелісінің, ойының алақ-дүлей болып жатқанын жеткізеді. Өзін Қорқытқа теңеген жігіттің жасы 27. Осыдан да режиссер мен актер үлкен мәселе көтеріп отыр. Бүгінгі жастардың қазіргі қоғамдағы орнын анықтауға тырысады. Не бітірдім, қандай жетістікке жеттім, алда мені не күтіп тұр деген сұрақтарға жауап таба алмай жас жігіт дал болады, жұмыстағы жиналыста да осы ойларын айтуға ұмтылады.

«Ол» моноспектаклі жас режиссер мен актердің шығармашылық потенциалының молдығын көрсетіп, қазақ театрын тың жұмыспен толықтырды. Сондықтан, бұл қойылым бірден өзінің жаңа пішімімен көзге түсіп, актер Данияр Базарқұлов фестивальдің «Үздік ер адам бейнесі» номинациясына ілігуі де бекер емес.

Өскемен қаласынан келген Жастар театрың «жаңа драманың» негізін салушылардың бірі Л.Разумовскаяның танымал «Дорогая Елена Сергеевна» қойылымын көрсетті. Бүгінгі күнмен үндестіре отырып, тың режиссерлік шешімдермен көзге түскен жас режиссер Айдын Салбанов болашағынан зор үміт күттіріп тұр.

Кезінде кеңестер одағын дүр сілікіндірген пьесаның бүгінгі күнмен өзектесіп жатқаны бірден байқалады. Мектеп бітірушілердің ұстаздары Елена Сергеевнаны туған күнімен құттықтап келгендегі ойлары басқада. Кешегі тапсырған емтиханның қағаздарын ауыстыру үшін сейфтің кілтін алмақшы. Балалар өздерінің болашағын ойлап, ойлаған жоғарғы оқу орнына түспекші, олар армандарының орындалуын тілеп, жақсы өмірді таңдаған бүгінгі жастардың келбеті. Математика пәнінің мұғалімі Елене Сергеевнада олардың болашағының жарқын да керемет болғанын қалайды. Бірақ, ол болашаққа қол жеткізу үшін ең алдымен арың таза, ниетінің түзу болу керектігін алға тартады. Осыдан конфликт туындайды.

Режиссер қойылымда автор ұсынған идеяны толықтай ашып берді. Өзінің ой-тұжырымын бірнеше сәтті табылған детальдармен, суретші Расул Қасымовпен ойласа жасаған сценографиямен шығарған. Егер пьесадағы оқиға орны Елена Сергеевнаның пәтері болса, Салбановтың шешімінде сахнаның бір бұрышы ғана пәтерді бейнелеп, екінші жағы жағажайдағы волейбол алаңына айналып, еденді құм басып, ал авансценада өзенді бейнелеген ванна орналасуы өте қызықты шешім болды. Және осы декорацияның қойылым барысында тыңбай ойната алуы да жас режиссердің шеберлігін көрсетті. Бірнеше планды бір мезетте шығарып, әрекет әрдайым сахнаның әр жерінде жүріп жатады. Бір-біріне доп лақтырып ойнап жүріп балалардың ересектерше әңгіме айтуы, өз мәселелерін шешу жолында ештеңеден де тайынбауы бір жағынан қорқыныш ты да екінші жағынан бүгінгі заманның келбетін анық көрсетіп тұр.

Сонымен қатар, режиссер әр кейіпкердің қолына тас ұстатуы арқылы олардың тағдырын, мазалаған ойларын көрсеткендей. Ең үлкен тас Елена Сергеевнаның қолында. Өйткені, ол өз ісіне адал, ниеті түзу, бәріне сенетін әрі кешіретін, басқалар үшін өз өмірін қиятын жан. Бүкіл өмірін ауру шешесін бағып-қағып, өз өмірін құрбандыққа шалған. Жар жылуын, бала қызығын көрмей, біреулердің балаларын тәрбиелеуге, білім беруге бар күшін аямаған, мектептің кішкентай ғана жалақысын қанағат тұтқан ұстаз. Бірақ оның бала сүю туралы іштей арманын режиссер авансценада орналасқан кішкентай ғана құмнан жасалған бала мүсін арқылы бейнелеген. Жалғыз қалғанда Елена Сергеевна осы мүсінді мүлтіксіз жағдайға жеткізгісі келгендей сипалауы, балалар келіп қалғанда өзінің ішкі арман-тілегін қауіпсіздендіру үшін, ешкімді оған жолатпау үшін орамалмен жасырып қояды. Бірақ, оқушылары орамалды ашып қарауы арқылы, өз тілегіне жету үшін өзгенің жеке өміріне килігуге дейін баратынын да байқатады. Соңында он жыл бойы тәрбиелеп өсірген шәкірттерінің шынайы бет-бейнесін көріп, болашақтан күдер үзген Елена Сергеевна қолындағы тасымен арман-қиялын, яғни жылдар бойы балшықтан жасап келген бала мүсінді сыдыруы өте әсерлі әрі ойға жетелейтін көріністердің бірі. Кім біледі, егер дәл сол күні оқушылары келмесе сәбидің мүсіні де Пигмалионның Галатеясы секілді күндердің бір күнінде тіріліп шыға келер ме еді. Бірақ, өмір шындығы мүлдем бөлек екенін режиссер нақты көрсете алды. Дегенмен де, осындай күрделі ойларды арқалаған Елена Сергеевнаны сомдаған Диана Казыкешованың ойыны ойдағыдай шықты дей алмаймыз. Жас актрисаға әлі де болса бейнені толыққанды етіп жеткізу үшін талай жұмыс жасауы керектігі байқалып тұр.

Ал, ең кішкентай тасты режиссер Володяның қолына ұстатуында да үлкен ой жатыр. Оның әке-шешесі аухатты адамдар, ол өз болашағына кәміл сенеді, болашақта дипломат боламын деген ойында күмәні де жоқ, және ең бастысы сыныптастарына емтиханның жауабын ауыстыруды қалай іске арсыру жөнінде де ақыл айтқан да Володя. Режиссер Володяның қолына кубик-рубикті ұстатуы арқылы оның өмірді бір ойыншыққа теңейтінін де әдемі жеткізген. Бірақ, Абай Хасеновтың орындауында Володя жүйке ауруына шалдыққан адамға ұқсап кеткен секілді. Актердің кекештеніп сөйлеуі, күйгелек іс-қимылдар жасауы болашақ дипломатты көрсетіп тұрған жоқ.

Авансценаға қойылған ванна да үлкен роль ойнап тұр. Спектакльдің басында Елена Сергеевна суға келіп қолын жуып, жағасында отырып армандаса, балалардың келуімен ол «өмір – өзен» қағидасын нақты көрсетеді. Витяның (Заңғар Акаев) сол суға құлауы да симмволға толы. Өйткені оның тағдыры ауыр, қолайсыз отбасыда өмір сүріп жатқан жігіт. Болашағы да түсініксіз. Өмірде бірінші болып шалынып құлайтындар да витялар ғой... Паша (Айдос Нұрмағамбетов) мен Ляля (Мақпал Елтайқызы) да қарым-қатынастарын судың ішінде шешеді. Ал, финалда Елена Сергеевнаның қолындағы тасы-тағдырымен сол суға сүңгіп кетуі де бүгінгі қоғамға берілмегендігін көрсетеді. Сол таза да пәк қалпында өзі секілді мөлдір суға өмірін тапсырады.

Режиссер оқушыларды бүгінгі күннің киімін кигізіп, қолдарына ұялы телефодарды ұстатуы арқылы да қойылымды бүгінгі күнге жақындатуға тырысқан. Жалпы Айдын сахнада ұсынған әр затты керемет ашып ойната білген. Тіпті волейбол торының ар жағында тұрып оқушылардың ұстаздарынан кешірім сұрауы да, жалбарынышты үнмен шақыруы да бір қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың арасындағы көзге көрінбес аражікті көрсеткендей. Бұған оқиға мазмұнына сай келген музыка қосылып, қойылымның пластикалық бейнесін құраған. Ал сахнадағы кейіпкерлердің ішкі жан күйзелісін, әсіресе Елена Сергеевнаны ой мазалағанда, психологиялық тебіреніске кеткенде, армандап қиялдағанда сахнаға виолончельмен музыканың орындалуы (Назерке Қабыкенова) осы сәттерді тереңдете түседі. Мұның бәрі де  режиссердің ой-тұжырымнан, оның көркемдік сезімталдығынан, байқағыштығынан туындап, барлығы да спектакльдің сахналық бірлігін сақтайтын принципке құрылған.

Режиссерлік ой-тұжырым мен актерлік ойын бір арнаға тоғысуынан сахналық тұтастық сақталған. А.Салбанов символ, метафораға, контрастық шешімдерге жиі барады. Ойлы режиссура орындаушылық өнерге қанат бітіріп, оның өзіндік ерекшелігін анықтағанын байқатты. Осыдан Шығыс Қазақстан облыстық драма театры жанынан құрылған Жастар театрына «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясы тапсырылды.

Фестивальде  ақтөбелік режиссер Мейрам Хабибуллиннің бірден екі қойылымы қатысуы жас маманның жұмыскерлігін, ізденімпаздылығын көрсетеді. Әсіресе, оның «Алақай» театрында Н.В.Гогольдің «Шинелін» қуыршақтар арқылы сөйлетуі үлкен жаңалық болды. Біріншіден, қазақ қуыршақ театрының әлемдік, нақтырақ болсақ орыстың классикалық шығармасына баруы. Екіншіден, қуыршақ спектаклі болғанымен балаларға емес ересектер аудиториясына арналған. Бұл жерде шығармашылық ұжым мен режиссердің қуыршақ театры тек балаларға арналған қойылымдарды қою керек деген кеңестер заманынан қалыптасып қалған стереотипті бұзғандары қуантады. Мұнда балаларға арналған әсерлі ойын-сауық та, тікелей әрі бірбеткей әсер етуде жоқ.

Әрине, жас режиссер Гогольдің күрделі де атақты шығармасының инсценировкасын өзі жасап  қуыршақтар арқылы қоюы үлкен жұмыс атқарғанын көрсетеді. Дегенмен де, Гогольдің астарлы юморын, кекесінді мағынасы толықтай ашылды деп айта алмаймыз. Режиссердің көздеген мақсаты да басқада болғаны аңғарылды. Ол негізгі сюжеттік линияны сақтаған, яғни басты кейіпкер Акакий Аккакиевичтің кішкентай адам екендігін, оны бәрі жұмсайтынын, оның икемсіздігі мен жуастығын анық ашып көрсеткен. Сондай-ақ, сахнада биіктігі екі метрге жуықтай шапандардың жүруі де бүгінгі күннің адамдары үшін бай киімнің үлкен роль ойнайтынын меңзегендей. Осылардың арасында консервы банкаларынан жасалғандай кішкентай ғана адамды өз-өздеріне сенімді үлкен шапандарға қарама-қарсы қойған. Бірақ жарқыраған жаңа шапан киген Аккакий Аккакиевичтің бойында батылдықтың, қимылында ширақтықтың пайда болуы да жақсы шешілген.

«Алақай» театрының актерлері осы жолы да шеберліктерін көрсете алды. Үлкен шапандардың ішінде отырған олардың тек қолдары көрініп, дауыстары ғана естіледі. Сол қолдарының қимылымен, дауыс ырғағымен кейіпкерлерінің жеке мінездерін, сол сәттегі эмоцияларын тамаша жеткізеді. Темір қаңылтырдан жасалған қуыршақты жүргізген Дәулет Балапанов кішкентай адамның мінезін жақсы аша алған. Оның жүрісі, ақырын күрсініп қойып өзге шапандардан құжаттарды жинауы, тіпті олар оның қуыс басына умаждап қағазды тастағанда да тек «неге мені ренжітесіңдер?» дегеннен басқа ештеңе айта алмауы жаңсақ адамды айнытпай көрсетті. Петровичті орындаған Нұрат Мұратов шапанның ішінде болса да тігіншінің мінез ерекшелігін тамаша бейнеледі. Қалтасынан шөлмегін шығарып алып оны артқа қарап тұрып қылт-қылт етіп ішуі, масайған дауыспен ақыл айтып, тігіншінің ең басты құралы – сантиметрмен жұмыс жасауы қызықты шыққан. Сондай-ақ басқа шапандарды жүргізген Қанат Егдір, Ақбөбек Жанәділова, Гаухар Оралбай, Роза Балғалиқызы, Әлішер Орынбасаров, Райымгүл Хабибуллиналар күрделі құрылымды қуыршақтарды тірілтіп қана қоймай, қойылым барысында оның ішінен шығып драмалық шеберліктерін де қоса көрсетті. Әсіресе, соңғы сахнада Аккакий Аккакиевичпен қоштасу кезінде олардың жоқтап отырып, сыбырласып өсек айтуы, тіпті карта ойнауы арқылы бүгінгі таңда өз ұлтымыздың арасында кездесетін жат та ұят қылықтарды анық байқатты. Режиссер бұл жерде соңғы кезде етек жая бастаған ұлттық құндылықтарды жоғалту, салт-дәстүрге немқұрайлы қарау секілді менталитетіміздің жағымсыз қырларын да ашып көрсетті.

«Шапан» қойылымының суретшісі Әсия Құрманалинаның еңбегі зор.  Шапандар арқылы бүгінгі қоғамдағы адамдардың бет-пердесін дәл ашқан. Біреуі генералдың шапаны болса, екіншісі жылтыраққа әуес шыршаның жалт-жұлт еткен ойыншықтарын іліп алған шапан, ал үшіншісі тігіншіні бейнелейтін түймелерге толы. Сахнаның төбесінде ілінген Н.В.Гогольдің портреті жоғарыдан өтіп жатқан оқиғаға мысқылмен қарап тұрғандай. Заман ауысса да адамдар ауыспайды дегенді меңзейді режиссер мен суретші. Спектакльдегі декорация мен қаңылтыр адам мен зәулім шапандардың авторы – суретші Әсия Құрманалинаға «Ең үздік сценографиялық шешім» жүлдесі әділ берілді.

Фестивальге қатысқан қалған төрт қойылым «Эксперименталды  ізденіс үшін» атты ынталандыру дипломымен марапатталды.

Т.Ахтанов атындағы облыстық театрының қазақ труппасымен режиссер Мейрам Хабибуллин Б.Абдуразаковтың «Әйел сырын» камералық сахнада шешіп, әйел затының ішкі жан-дүниесін, психологиясын көрсету үшін батыл қадамдарға барған. Сахнадағы жеті әйел – жеті түрлі тағдыр. Олардың армандары мен қиялдары, күл талқан болған өмірлері мен арам пиғылдары әйел затының психологиясын, ішкі жан-дүниесін көрсетеді. Спектакльде жалғыз қызын жоғалтып алған ана бейнесі Майгүл Мұзбаеваның суреттеуінде дара сахналық бейнеге айналған. Актриса баласын іздеп, жүрегіндегі үмітін сөндірмей, әр көрерменнің көзіне үңіліп сұрағына жауап күткен ананың көңіл-күйін тап басады.

Сахнадағы ер адамның манекенін біреуі аймалап жақсы көріп жатса, екіншісі жанын кернеген ашу-ызадан өшін алып жатады. Дегенмен де, жезөкшелікті басты кәсібіне айналдырған қызды сомдаған актрисаның анайы қимыл-әрекеттер жасатуы тұрпайы көрінді. Әрине, заманауи сахнада қазір бәрін көрсетуге болатының білеміз. Бірақ, режиссерден ұқыптылық пен орындаушылармен роль үстінде жұмыс істеудің процестеріне барынша көңіл аударғанына мән беруді сұраймыз.

Спектакльдің пластикалық бейнесін жасап, көркемдік сипатын анықтауға тәжірибелі де білімді суретші Айбек Орынбасар мол еңбек сіңіріпті. Оның жұмысында  шарттылық шешім әдемі үйлесім тауыпты,  сахна кеңістігін көркемдік өлшеммен пайдалануға ұмтылыс бар. Қойылымның финалында артқы шымылдық ашылып әдемі пейзажға қарай әйелдердің бет алуында да үлкен ой жатыр. Олардың басынан қандай қиындық өтсе де жандары жұмаққа барады. Ал бос сахнада ер адамның жансыз тұлғасы ғана қалды...

Жеті әйелді сомдаған актрисалар сахналық айқындығымен, даралығымен шығарманың көркем-идеялық мазмұнын ашуына септігін тигізген. Айгүл Оразалина, Жанар Кемалбаева, Әдемі Нажмеденова, Толқын Жандыбаева, Майра Ілиясова, Асила Турагалиевалар өздеріне жүктелген рөлдерді әжептеуір меңгерген. Әрине, әйелдердің психологиялық толғаныстың, әрекетті ойға құру жағының жетіспеуі, режиссер тарапынан әлі де ойластырыла түсер деген ойдамыз. Өйткені, бүгінгі күн тақырыбына арналған «Әйел сыры» пьесасының материалы маңызды да қызық.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры ұсынған «Play» перформансының режиссері Евгения Пермякова сахналық үлгісін табуда, оның сырт бейнесін жасауға өзгеше шешіммен келіпті. С.Беккеттің абсурдтық шығармасын ол жанрына сәйкес шешуге тырысқан. Бірақ, махаббат үшбұрышында адасқан адамдардың бастарын үстел үстіндегі табақтарға орналастырып, бишілер арқылы қиымыл-қозғалыстарын көрсетуі қисынсыз. Бір сағатқа созылған қойылым тек мимика мен дауыстарына сүйенген актерлер (Марат Ажаубеков, Валерия Данилова, Дарья Пивень) үшін де, бұны қарап отырған көрермен үшін де қиынға соқты. Спектакль театрдың ізденісін көрсеткенімен, жас орындаушылардың өнерін толық аша алмады.

Қоюшы-режиссер кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатыснастарды тереңдету үшін музыка мен биді жақсы қолданған. Танго әуені мұнда спектакльдің қосымша компоненті ғана емес, сонымен бірге, сахнаны бейнелеу құралдарының бірі іспеттес. Ал, бишілер Юрий Алдашев, Мария Сорокина, Александра Нагайбековалардың әдемі де кәсіби қимылдары  тартыс желісін шиеленістіріп, махаббат атмосферасын қоюлатып, кейіпкерлердің ішкі дүниесін аралап, оның толық ашылуына септігін тигізіп тұр.

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры В.Коняевтің «Тор» психологиялық драмасын ұсынды. Режиссер Мұратбек Оспанов пен суретшіс Айдана Бисембаева қойылымның пластикалық үлгісін жақсы тапқан. Спектакльдің басы мен финалында жарықты сахна төрінде орналасқан торға және әр кейіпкер мініп жүрген орындықтардың астынан түсіруі арқылы әсерлі мизансценалар жасалған. Маскүнемдікке, нашақорлыққа шалдыққан алты кейіпкердің өлгеннен кейін жұмаққа не тозаққа түспей торда қамалып, өздерінің өткен өмірін баяндау арқылы бір-бірімен қарым-қатынастарын да анықтап дал болады. Сахнада өнер көрсеткен Маржан Букешова, Зүлкәпіл Батихан, Дархан Касенов, Медет Хамзин, Гүлнұр Қожанова, Ақмарал Жайлауовалардың рөлдері дараланбай жалпылама шыққан. Өйткені кейіпкерлер режиссура тарапынан толық пайымдау таппағандықтан актерлердің ойынында бірсарындылық басым.

Жалпы нашақорлық, маскүнемдік секілді мәселелер бүгінгі таңда өз өзектілігін жоғалтып келеді. Әрине, мүлдем жойылды деп айта алмаймыз. Дегенмен де өткен ғасырдың 90-шы жылдарына қарағанда қазіргі біздің  70-80 пайызы иманылық жолында жүрген жастарды басқа дүниелер толғандырады. Сонықтанда бұл тақырыпқа арналған аударма пьесаның қаншалықты репертуарға керектігі бар деген сұрақ туындайды. Бүгінгі күнде актерлер құрамы, режиссура мен сценографиясы кәсіби дәрежедегі театрға қойылар талап жоғары. Шыққан биігінен төмендемеу үшін театр көп жұмыстар жүргізуі керек. Ең бастысы – репертуар таңдауға барынша жауапты қарау керек.

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының жанынан құрылған «Лестница» шығармашылық лабораториясының Ольга Павлованың режиссурасымен қойылған «Вредные советы для взрослых» спектаклінде төрт жас актер музыканың сүйемелдеуімен ресейлік балалар ақыны Г.Остердің өлеңдері мен қазіргі «жаңа драма» өкілі И.Вырапаевтың монологтарын алма-кезек айтып, сахнаны шыр айналып, өлең ырғағымен би билеп, қимыл-әрекет жасап отырады. Орындаушылар әр сөздерін өздерінің сахнадағы әрекеттеріне үйлестіріп, поэзиялық мазмұнын еркін жеткізеді. Дмитрий Белич, Руфина Ибрагимова, Николай Дорощук, Серфима Приставка ойындарында жастық жалын, кейіпкер характерін өздерінше сомдауға ұмтылыс бар. Қос автордың материалын олар терең меңгерген, мол зерттеген, бойларындағы шығармашылық қызулығын аямаған. Дегенмен де, қойылым біртұтас көркем дүние болуына әлі талай жұмыс істеу керектігін айтқымыз келеді. Дәл осы түрінде жақсы студенттік жұмыстан әрі аспай тұр.

Бүгінгі ХХІ ғасырда ұлттық театрымыз да заман талабына сай жұмыс істеуі тиіс. Тек театрдың сахнасын ғана пайдаланбай, жаңа кеңістіктерді, бағыттарды, жанрларды игеріп жүрген әлемдік режиссерлердің есімдері бүгінгі күні жер жарады. Жоғарыда сөз болған қойылымдар жаңа кеңістікті (қазақ көрермені үшін!) яғни камералық сахнаны игеруге тырысып, көрерменмен тікелей қарым-қатынаста жұмыс жасауы бүгінгі режиссурамыздың еуропалық үлгідегі заманауи театрдың көрінісін ұсынды, әр қойылым өзіндік жаңалығымен келді.

Екі-ақ күнге созылған фестиваль өте мазмұнды болды. Ең бастысы, жастар бір-бірімен танысты, бірінің жұмысын бірі көрді. Әділқазылар алқасының пікірін білгенше асықты, байыппен тыңдады. Осыдан олардың арасында шығармашылық бәсекелестік басталады. Ал бәсекелестік оларды жаңа экспериметтерге итермелеп, шығармашылықтарына стимул береді. Сондықтан, бұл фестивальдің өмірі ұзақ болса екен деген ниет-тілегіміз бар. Осы форматтан, бағыттан алшақтамай жыл сайын жастарды Ақтөбеге «Балауса» жинап отырса ұлттық театрымыздың болашақта әлемдік аренаға батыл шыға алатынана сенімдіміз. Өйткені, «Балауса» жаңа есімдерді ашып, заманға сай режиссерлердің шығуына түрткі болады. Сондай-ақ, Ақтөбенің өзі де бұл фестивальді өзінің брендіне, «визиттік карточкасына» айналдырса, қаланың мәртебесі де өсіп, кім біледі мәдени туризм саласын да кеңейте түсетін шығар.

Дегенмен де, болашақта «Балауса» театр фестивалін халықаралық деңгейге көтеру үшін әлі талай жұмыс істеу керек. Ең бастысы қатысушылардан келіп түскен өтінімдердің барлығын қабылдай бермей, үлкен іріктеуден өткізу керек. Сонымен қатар фестивальдің талаптарын нақты көрсету абзал. Аты «Балауса» болғандықтан қатысушы режиссерлердің де жас ерекшелігіне мән беру керек секілді. Не болмаса, жастықтың белгісі болып тұрған атты өзгерткен дұрыс шығар. Сонымен қатар, әр қатысқан қойылымға бір номинация беру керек деген ойдан алшақтауымыз керек. Тіпті бір қойылым бірнеше номинацияға ілінуі әбден мүмкін. Осының барлығы театрларды алға ұмтылуға көмектеседі, келесі жылы біз бірінші болуымыз керек деген ой жұмыстарына түрткі болады. Әділқазылар алқасына театртанушыларды көптеп кіргізуіміз керек. Өйткені олардың ой-пікірлері, талдаулары біздің театрларға, режиссерлер мен актерлерге, суретшілер мен сахна жұмысшыларының қызметіне әділ бағасын ғана беріп қоймай, болашақ дүниелеріне де бағыт-бағдар ұсынады.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет