Ұлпан Тоқаева. Сергей Потаповтың "Шиесі"

Қазақстан театрларындағы мәдени байланыстар: Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы Сергей Потаповтың режиссерлігімен сахналанған А.Чеховтың «Шие» комедиясының негізінде.

Ұлпан Тоқаева

театртанушы



Қазақ театр тарихына үңілетін болсақ, ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Ресейден М.Г.Насонов, Ю.Л.Рутковский, И.Г.Боров, П.В.Лесли, қырқыншы жылдары М.И.Гольдблат, А.Г.Ридаль, Я.С.Штейн, О.И.Пыжова мен Б.В.Бибиков, елуінші жылдары аты аталған режиссерлерден бөлек тағы Н.Д.Ковшов, В.А.Вронская сияқты өнер майталмандары келіп, отандық театрдың дамуына өз үлестерін қосты. Ал, ХХІ ғасырдың басынан бастап еліміздегі театрлардың дені режиссерлерді Орта Азиядан шақыруды бастады. Атап айтар болсақ, Өзбекстаннан В.Умаров, О.Салимов, Тәжікстаннан Б.Абдураззаков, С.Усмонов, Қырғызстаннан Н.Асанбеков, Н.Абдықадыров, Түрікменстаннан К.Аширов пен О.Ходжакули сынды мықты режиссерлер Қазақстандағы түрлі театрларда еңбек етіп, қайталанбас қолтаңбаларын қалдырды. Соның ізімен бүгінгі таңда еліміздегі академиялық, облыстық театрлардың барлығы дерлік шетелден режиссерлер шақыруды дәстүрге айналдырып отыр. Ресейден Н.Птушкина, Якутиядан С.Потапов, Башқұрстаннан А.Абушахманов, шекаралас жатқан мемлекеттерден бөлек Литвадан И.Вайткус, Л.Зайкаускас, Германиядан М.Пфайффер, Д.Билов, Грузиядан Г.Маргвелашвили, Оңтүстік Кореядан Кан Тхе Сик және т.б. режиссерлер келіп мәдени байланыс орнатуда.

Осы тектес ынтымақтастық нәтижесінде пайда болған спектакльдер соңғы маусымдағы ең үздік қойылымдар қатарына еніп отыр. Сахна мәдениетіндегі мұндай шығармашылық диалог елдегі театр процесін байытып, одан әрі дамудың айқын жолдарын көрсетеді. Оның айқын дәлелі  Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында С.Потаповтың режиссерлігімен сахналанған А.Чеховтың «Шие» комедиясы.


Сергей Потапов

Сергей Потапов – өнер жолын актерліктен бастаған, кейіннен ГИТИСтің режиссерлік факультетін М.Захаровтың ұстаздығымен тәмәмдаған якутиялық театр және кино режиссері. Бүгінде аталмыш екі салада да жетістіктерге жетіп, көптеген фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол сахналаған Э.Ионесконың «Макбет» қойылымы 2005 жылы «Золотая маска» Ұлттық театр премиясының жүлдесіне ие болған.

Режиссер көбіне жаңа драма немесе заманауи авторлардың пьесаларын сахналаған, дегенмен классикалық дүниелерді көрсетуден де қашқан емес. Атап айтар болсақ, У.Шекспирдің «Сон в летнюю ночь», Л.Толстойдың «Анна Каренина», А.Чеховтың «Апалы сіңлілі үш қыз» сынды шығармаларын Саха театрында әр жылдары қойған. Шетелде жұмыс істеген  тәжірибесінің бірі – Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы А.Чеховтың «Шие» комедиясы.

«Шие бағы» пьесасы автордың өмірінің соңында жазған ғұмырнамалық туындысы. 1903 жылы жазылып, тура бір жылдан кейін Мәскеу театрларында қойыла бастаған пьеса қоғам өміріндегі құбылыстардың шиеленісуін шынайы көрсетеді, ал күрделі мәселелерді әзіл, ирония арқылы көрсетуі драма жанрын комедия деп анықтауға негіз болды. Автор пьесаларына тән қасиет – кейіпкерлердің ішкі шиеленісін суреттеуде характерлердің әлеуметтік-психологиялық маңызына мән беруі. Дәл осы ерекшелікке байланысты драмаларды сахналауға кез-келген режиссердің батылы бара бермейді. Әлемнің түкпір-түкпірінде қойылып жүрген драматург пьесаларының біздің елімізде, әсіресе қазақ театрларында сахналанбауы қынжылтады. Мысалы, «Шие бағы» пьесасы біздің елімізде осыған дейін Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрында Е.Оразымбетовтың, А.Чехов атындағы Павлодар облыстық орыс драма театрында И.Меркуловың, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Р.Андриасянның режиссерлігімен сахналанған болатын. Бұл қатарды Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы С.Потаповтың интерпретациясымен қойылған А.Чеховтың «Шие» спектаклі толықтырды.

Классикалық туындыларға тән Чехов пьесаларының бір ерекшелігі – өткен ғасырда жазылса да қазіргі біз өмір сүріп жатқан ортамен үндестік табуы. «Шие бағы» заманауи пьеса, себебі дәл бүгінгі таңда біз несиенің, кепілдіктің не екендігін, жерді тартып алып, үйсіз қалудың қандай екендігін де өте жақсы түсінгендейміз. Тіпті соңғы кездері өте үлкен мәселеге айналған жер мәселелері пьесаның бүгінгі таңда қойылуын талап ететіндей. Осы тұрғыдан алғанда, күрделі мәселелерді қозғайтын спектакль жанрын фарс немесе комедия деп қарау тым жеңіл ойлаумен тең. Алайда режиссер С.Потапов спектакль жанрын комедия деп алуы арқылы пьесаның негізгі айтар ойын күлкі, әлжуа арқылы жеткізгісі келген.

Якутиялық режиссердің сахналануындағы қойылым домбыра тартып, «Ойлап тұрсам бұл дүние шолақ екен-ау...» деп ән салып отырған қария мен оны мазақ қылып, не күлдіргісі келіп жүрген актер сахнасынан басталады. Осыдан-ақ спектакльдің классикадан ерекшеленетінін байқадық. Режиссер С.Потапов пьесаны қазақ қоғамына алып келуге тырысқан. Ол үшін біріншіден, кейіпкерлердің есімдерін қазақиландырса, екіншіден олардың бірі киімдеріне ою жабыстырып, ал кейбірі үстілеріне комзол, бастарына тақия киіп шықты. Онымен қоса сахнаның бір жағында тұрған үлкен есік те оюланған. Ал, үшіншіден, қойылымда актерлердің көпшілігі домбырамен ән айтып, қобызбен күй тартып, бірде көріністерді алға жылжытуға, ал бірде кейіпкерлер мінезіндегі өзгерістерді көрсетуге тырысады. Нәтижесінде оюланған киімдер мен ұлттық аспаптардың арқасында «қазақиланған» орыс классикасын емес, А.Чехов пьесасындағы астарлы ойларды жеткізе отырып, сол кезеңде өзекті болған мәселенің бүгінгі таңда да маңыздылығын жоғалтпағанын көрсетті.

Ең алғашқы көрініс тыныштықты бұзып, поезд дыбысын салып, қолдарына чемодан ұстап өздерінің Парижден келе жатқандықтарын көрсеткен кейіпкерлерден басталады. Олардың бәрі көрермендерге қарама-қарсы келіп тұра қалғанда олардың ішінен бірі басты кейіпкерге «Бұл қай бөлме?» деген сұрақ қояды. Осы кезде басқалары «Балалар бөлмесі» деп сыбырлай бастайды, ал, Шие ханым солардың сөздерін қайталаған кезде сахнадағы жарық бірден күшейе түседі. Режиссер қойылымдағы жарық рөліне аса мән берген, нәтижесінде екпін қойылуға тиісті іс-әрекеттер, сахналар түстердің ауысуымен шешіліп отырды. Спектакльдің басында сахна кеңістігін билеп тұрған әлсіз жарық – тыныштықты осылайша қуаныш, жастық, бақыттың белгісіндей жарық алмастырады. Бұл жарық Шие ханымның (Любовь Андреевна) қайтыс болған баласының ұстазы Пәтөнәй (Трофимов) бейнесіндегі Д.Әлімов сахнаға шыққан кезде де үлкен рөл атқарады. Пәтөнәйді көргендегі Шие ханымның естеліктерінің арқасында сахна қараңғыланып, арғы жағынан көбелек қуып жүрген Ғаниге (Гриша) әлсіз жарық түсіп, өткенді көрсетеді. Осылайша жарық бірде өткенді еске салса, бірде сол сәтте болып жатқан оқиғалардың маңыздылығын арттырып отырды.

Спектакльдегі тағы бір ерекшелік – сахнаның бір шетінде орналасқан микрофон. Басты кейіпкерлер кей тұстарда монологтарын микрофон арқылы    баршаға жария еткендей қылып айтып отырды. Бұл режиссердің кино саласында да еңбек ететіндігін байқатса, екіншіден бүгінгі таңдағы «саундрамалық» қойылымдарда көптеп кездесетін тәсілдердің бірі. Режиссер әр кейіпкердің жүрек түкпірінде жатқан ең құпия сырды да, баршамен бөліскісі келетін ойларын да микрофон арқылы айтқызады. Осы арқылы режиссер қойылым барысындағы кейіпкер сөздерінің ең негізгілерін екпін қойып көрсеткісі келген. Онысы сәтті шыққан, спектакльге серпіліс алып келген тұстардың бірі болды десек қателеспеспіз.

Өкініше орай, көптеген режиссер спектакльдің сыртқы формасына көп назар аударатындықтан актерлік ойын екінші орында қалып қойып жатады, бұл әсіресе замануи театр процессінде жиі байқалады. Бұл тұрығыдан алғанда режиссер С.Потапов өзі ойлаған әр шешімнің актерлермен ойнатылып, ақталуына аса мән берген. Нәтижесінде бір-біріне ұқсамайтын ерекше образдар да, тұтастай қарағанда үздік актерлік ансамбль де болды. Әсіресе, Ғайып (Гаев) рөліндегі Қ.Қыстықбаев, Балташ (Лопахин) бейнесіндегі Н.Өтеуілов және Ескенді (Семен Панталеевич) сомдаған С.Қашқабаев ойындарында мін жоқ. Дәл осы қойылымда олар өздерінің сан қырлы актер екендіктерін дәлелдеді. Сомдайтын образдарын жіті зерттеп, бойларына сіңіріп, жан-жақты игергендерін байқатты.

Шие бағын «құтқарып қалу үшін» түрлі ұсыныстармен келетін Нүркен Өтеуілов сомдаған Балташ бейнесінен дамуды көрдік. Кейіпкер мінезіндегі намыстың тапталуы өшпенділікке, ал ол кек алуға, кейіннен дұшпан санайтындардың ең бағаласынан тартып алуға әкеліп соқтырды. Алғашқы көріністердің біріндегі Ақмарал Танабаева мен Нүркен Өтеуіловтің сахнасын режиссер символикалық түрде шешкен. Жерге отыра кетіп, бақты алып қалудың амалдарын көрсетуге тырысқан Балташ рөліндегі Н.Өтеуіловтің үстінен Шие ханымды сомдаушы А.Танабаева аттап өте шығады. Осы арқылы Сергей Потапов Балташтың пікірін құлағына ілместен, теріс бұрылып кеткен Шие ханымды көрсетті. Осы көріністен екі нәрсені байқадық. Бірі – ханымның басын әр нәрсеге ауыртқысы келмеуі, тіпті ол үшін маңызы зор бақты аман алып қалуға да тырыспағаны. Ал, екіншісі – Балташ мырзаның намысының оянуы, ал оған себеп болған айналасындағылардың оны елемеуі, сол арқылы кек алуға итермелеуі. Бір мизансцена арқылы режиссер екі кейіпкердің де мінездеріндегі ерекшелікті, өзгерісті көрсетті. Спектакльдің ең соңында шие бағының сатылғандығын және оны Балташ мырза сатып алғандығын естігенде Шие ханым рөліндегі А.Танабаева ештеңе деместен, жерге отырып, ал Балташ бейнесін содаған Н.Өтеуілов осы сәтті пайдаланып, кегін қайтарып, оның үстінен аттап жүре береді. Осылайша, дүниенің алма кезек екендігін тағы бір еске салғандай әсер қалдырды.

Ғайып бейнесін сомдаған актер Қуандық Қыстақбаев айналасында болып жатқан жайттармен шаруасы жоқ, бақ сатылып жатқанда балық аулап, болмашы нәрсеге жылап жүретін кейіпкерді көрсетті. Режиссер трактовкасындағы кейіпкер – отбасы тұрмақ, өзінің намысын қорғай алмайтын,  айтқаны болмай бара жатса жылап қорқытатын бүгінгі таңдағы ез жігіттердің бейнесі. Сол себепті де сомдайтын кейіпкерінің әрекет етпеуін, үйді қорғап қалуға талпынбауын режиссер осы трактовка арқылы көрсеткен.

Ал Ескен рөліндегі Сырым Қашқабаев эпизодтық бейнені сомдау арқылы актер ретінде қаншалықты түрлене алатынындығын байқатты. Өзіне жағымсыз адамдармен сөйлескенде бірде аузы-басын тыржитып, бірде бақа болып секіріп ұнамайтынтығын ашық көрсете алатын кейіпкерді актер мимика арқылы, пластикалық шешімдер арқылы көрсетті.

Керісінше қойылымдағы әйел адамдардың бейнелерін сомдаған актрисалардың ойынына әлі де даму керек. Шие (Любовь Андреевна) рөліндегі А.Танабаева, Алманы (Аня) сомдаған Ж.Искакова, Бану (Варя) бейнесіндегі А.Ибраева сынды актрисалардың ойыны әлі де шеберлікті, дайындықты қажет етеді. Режиссер С. Потапов қойылымға жас актерлерді енгізу арқылы пьесаға жаңа үн қосуды мақсат еткен. Мысалы режиссер қойылым бойы «Шиені» жас қыз образында көрсетті. Онысы орынды да, туған жеріне, балалық шағы өткен үйіне келгенде жан-дүниесі жасарып, ерекше күйге бөленген адамды С.Потаповтың шешімімен акробатикалық қимылдар жасап, билеп, сахнада еркін қозғалған жас актриса сомдады. Ал, спектакльдің ең соңында сатылып кеткен шие бағымен қоштасқан актриса А.Танабаева кенеттен егде жастағы әйел болып шыға келеді. Сол арқылы қойылым бойы біз көрген жас қыз тек Шие ханымның ішкі әлемінде болып жатқан толқыныстарды көрсетуге негізделген тәсіл екендігін түсіндік. Режиссер трактовкасындағы бейне сәтті жасалғанымен, актрисаның кейіпкердің ішкі образын жасаудан гөрі, сыртқы келбетіне көп мән беруі байқалады. Негізгі екпін пластикаға қойылғандықтан, серіктестеріне «баға» беру, кідірістердің жай ғана пауза емес, қақтығыстың ең биік шыңына айналып психологиялық паузаға ауысуы жетіңкіремей жатты. Алайда,  туып-өскен үйіне келген кездегі актриса көзінен шаттықты, дауысынан қуанышты көре алмасақ та, соңғы көріністегі қоштасу сахнасында қимастықпен шие бағына қайта-қайта оралып, жан айқайы шыққан шарасыз әйел бейнесін көре алдық.

Бану (Варя) бейнесін сомдаған актриса Айшолпан Ибраеваның кейіпкері сабырлы, әркез ұстамды, үй ішіндегі тірлікті ғана ойлайтын, басынан орамалын тастамайтын нағыз қазақ әйелі. Мойнына таққан кілттері арқылы үй шаруасының кімнің қолында екендігін көрсеткісі келгендей. Спектакль басынан тастамай тағып жүрген кілттерін, қойылым соңына қарай еріксіз Балташқа беруге мәжбүр болды. Режиссердің осы арқылы кейіпкер табиғатын, осы үйдегі алар орнын символикалық түрде шешуі сәтті шыққан. Алайда актриса А.Ибраева ойынының бір сарынды, дауысының бір темпте ғана болуы сомдап жатқан кейіпкер мінезіндегі өзгерістерді ашып көрсете алмады. Атап өткеніміздей, бұл бейне отбасының тұтастығын сақтауды, шие бағын аман алып қалуды ойлайды, ол үшін бәрі қосқысы келіп жүрген Балташқа үйленсе өз дегеніне жетер еді. Актриса Балташпен үйленуге қарсы емес екендігін сөзбен айтпаса да, ісімен, қылықтарымен білдірсе рөлдің ашылуына септігін тигізер еді.

Қойылымда қылықтары әзіл тудырып, сахнаға әр шыққан сайын бір ерекшелік алып келетін актриса бар, ол – Дәрия (Дуняша) рөліндегі Алтынгүл Серкебаева. Актриса бір күйден екіншісіне тез ауысып, дауыс ырғағын да сан құбылтып, соған сай іс-әрекет жасайды. Қойылымға комедиялық сарын беріп тұрған образ өз мақсатына жете алды, ең алғашқы сахналардан бастап көңілді, айналадағылардың бәріне қуаныш сыйлап жүретін кейіпкердің де мұңайатын кезі болатынын көрдік. Соңғы сахналарының бірінде Парижге кетіп бара жатқан Жарасқа (Яша) сүйетіндігін, хат күтетіндігін айтқанда актрисаны мүлдем басқа қырынан көрдік. А.Серкебаева үнемі күліп жүретін адамның да қайғысы барын, бір қарағанда жеңілтек көрінетін қыздың да сүйіп, күтетін бір ғана адамы бар екенін көрсетті. Тағы бір айта кететін жайт – актриса серіктестерімен әдемі диалог құрып қана қоймай, оны ешқандай жасандылықсыз, шынайылыққа жақындатуға тырысады. Нәтижесінде ауыз толтырып айтуға болатын толыққанды бейне пайда болды.

Бұдан басқа, қойылымда қайғылы кейіпкер бар, ол – Шал (Фирс). Шал бейнесін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрланов сомдады. Бар ғұмырын сол үйдің шаруасына беріп, өмір бойы қызмет етіп келе жатқан қарияны қартайған шағында ешкім де тыңдағысы келмейді. Шие бағы сатылып, үй құлыпталып бәрі жан-жаққа кеткенде ұмыт қалған қария кеткендердің артына қарап жылауын тоқтатпайды. Шие бағымен қатар жас қосып келе жатқан қарияның оталып жатқан шиелерді құшақтап жылауы – көз алдында жастық шағының балталанып жатқанына қынжылуы. Актер кейіпкерінің характерін жақсы тапқан, спектакль бойы К.Нұрлановтың өзін-өзі ұстауы болып жатқан оқиғаларға еріксіз көнетіндігін көрсеткендей, алайда соңғы сахнасында жан дауысын шығара айғайлауы жалғыздықта өлуге қарсы шыққысы келетіндігін немесе өткен жастық шағының бекер кеткендігін көрсеткісі келгендей.

Жалпы қойылымдағы актерлік ансамбль өте жоғарғы деңгейде болды. Бұған әр актер өз үлесін тигізіп жатты. Атап айтар болсақ, Дастан Әлімов Пәтөнәйді (Трофимов), Айман Аймағамбет Шарлоттаны, Шах-Мұрат Ордабаев Жарасты (Яша) сомдады.

Қойылым суретшісі Берік Бурбаев еңбегінің зор екендігін де айтып өту жөн болар. Сахнада атап айтарлықтай күрделі сценография жоқ, бірде есік, бірде шкаф қызметін атқарып тұрған дүние, авансценадағы шие бұтақтары және сахна түбінде орналасқан есік. Шаңырақ ретінде көрсетілген қызыл абажур да тиімді табылған. Қойылым соңында шие бағының сатылғанын хабардар еткенде аталмыш шаңырақ Балташ рөліндегі Н.Өтеуіловтің жоғарғы жағынан төмен қарай түсіп, осы шаңырақтың иесі болғанын көрсеткендей. Сонымен қатар, Парижден қолдарына ұстап келген чемодандар бірде Алма образын сомдаған Ж.Искакова қуанышпен еске алып көрсеткен әуе шарына айналса, бірде үлкен үй ішіндегі бөлмелерді көрсетті. Бұдан бөлек сахнада бірнеше орындықтар орналастырылған, олар спектакль бойы өз қызметтерін атқарды. Ең соңғы сахнада шие бағы сатылып, барлығы жан-жаққа кетіп бара жатқанда актерлердің ортада орналасқан орындықтарды құлатып кетуі де ерекше шешілген. Осылайша бір отбасының тарихы күйреп, өткені ұмытылып, болашаққа деген сенімі жоғалғанын көрсеткісі келді деп түсіндік. Режиссер мен суретшінің сахнаны декорациямен толтырмай, көптеген дүниелерді шартты түрде көрсетуі заманауи театр талабына сай, минимализмге жақын, ал символикалық шешімдер кейіпкерлердің мінезін ашуда құпия кодтар тәріздес мәнге ие. 

Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған С.Потаповтың қойылымы репертуарға тың өзгеріс алып келді. Орыс классикасы қазақ қоғамына жақындады, ондағы қатысушылардың баққа деген көзқарасы бүгінгі таңдағы заман келбетінің жалпы бейнесін жасады. Өкінішке орай, режиссерлердің дені спектакльде басты  орынға кейіпкерлерді шығарып, тек солардың іс-әрекеті арқылы өмірдің өзгергендігін, бұрынғы күндердің қайтып келмейтіндігін көрсетіп жатады. Алайда, сол қатысушылардың бір кездері жайқалып, кейіннен бұрынғы бейнесін жоғалтқан баққа деген қарым-қатынасының нәтижесі ғана заманға берер баға болмақ. Итальян режиссері Дж.Стрелер «Сад — это сердцевина всей истории, он — главное действующее лицо, и потому именно он представляет собою самую большую трудность для постановщика. Не показывать его, просто подразумевать — это ошибка. Показать, дать почувствовать — другая ошибка. Сад должен быть, и он должен быть чем-то таким, что можно увидеть и ощутить, но он не может быть просто садом, он обязан быть всем сразу. Потому что в нем концентрируется все», – дейді. Айтылған мәселе С.Потапов трактовкасының негізгі кілтіне айналған. Себебі режиссер үшін басты мәселе – баққа деген адамдардың көзқарасының өзгеруінен туындайтын өзгерістер. Мүмкін ол жақсы жаққа қарай өзгеріс, мүмкін керісінше, алайда якутиялық режиссер шие бағы сатылғанмен, барлық кейіпкерлерді жаңа өмір күтіп тұрғандығын көрсетті. Сахна қараңғыланған кезде, түкпірде орналасқан есіктен жарық шашылып баршаны қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтетіндей әсер сыйлады.

Сонымен қатар, театр ұжымы аталмыш спектакльмен 2016 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында өткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінде «Үздік спектакль» номинациясын, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Талдықорған қаласында өткен "Қазақстан - Еуразия жүрегі" атты VI Орта Азия мемлекеттері театрларының Халықаралық фестивалінде «Гран-при» жүлделерін жеңіп алды. Бұл осы тектес спектакльдердің соңғы маусымдағы ең үздік қойылымдар екендігін тағы бір дәлелдесе керек.

Жалпы алғанда қандай режиссер келсе де, ол ең алдымен екі ел арасындағы мәдени байланысты орнатқаннан бөлек, отандық театрларымыздың дамуына өз үлесін қосатыны белгілі. Ол үлес әр режиссердің жұмыс істеудегі ерекшеліктерімен бағаланады. Сол секілді, шетелден шақыртылған режиссерлердің жұмысы, ең алдымен, таңдалған тақырыптардың өзектілігімен, Қазақстан театр мәдениетіне әкелген жаңа бағыттарымен (Й.Вайткус спектакльдеріндегі постмодернизм, Б.Абдураззаковтың психологиялық, абсурд театр жүйелерімен жұмыс істеуі) ерекшеленді. Әр спектакльдегі актерлердің жаңа қырларынан ашылуы да аталған режиссерлердің еңбегі. Себебі бұл режиссерлер формадан бөлек,  әр актермен, образбен жұмыс істеуге көп мән береді.

Әр елдерден шақыртылған талантты режиссердің кез-келгені ұлттық мәдениетіміздің дамуына үлес қоса отырып, екі ел арасындағы байланысты одан әрі айшықтай түсері анық.

Фотоматериал: Моншақ Бекайдарова

 
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет