Мемлекеттік қуыршақ театрының бүгінгі тынысы

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры үшін 82-маусым ерекше шығармашылық жыл болды. Театр репертуарына балалар ертегісінен басқа да жанрлар қосылды. Сонымен қоса, театр көрермендер үшін бес күн бойы спектакльдер көрсетуді алға қойды. Яки көрермендері көбейді.

Жазира Ахметова
театртанушы

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры әдебиет бөлім меңгерушісі


 

Бүгінгі таңда қуыршақ театры бүкіл дүние жүзінде бар. Сан ғасырдан бері адам баласымен бірге жасасып та келе жатыр. Қай ұлтта болмасын қуыршақ элементтері бағзы заманнан орын алған. Тек тілі, жанры, формасы жағынан ғана мазмұны ұштас, әрекеті бөлек. Бірақ кез-келген бүлдіршіннің тілін таба білетін қуыршақтар сонау дала театрынан қалыптасып бүгінгі кішкентай көрермендердің көз қуанышына айналғалы да бір ғасыр. Қуыршақ десе – ойын ұғымы бірден санамызды жаулап алатыны хақ. Бірақ сол ойынды сан құбылыспен балалар санасына сіңіру әрине автормен, актердің шеберлігінде. Сол шеберлік арқылы қуыршақ театры аудиториясынан Сіз халық ертегілерімен қоса, батырлар жырын, аңыз-әфсаналарды, драмалық шығармаларды танымал әншілердің, өзін қуыршақ сахнасында балалармен қауышып жатқанын көресіз. Театр – рухани мейірімге, ынтымақтастыққа, достыққа, баланың рухани өсуіне, қиялының еркін жетілуіне бірден-бір себепші екенінің де куәсі боласыз.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры үшін 82-маусым ерекше шығармашылық жыл болды. Театр репертуарына балалар ертегісінен басқа да жанрлар қосылды. Сонымен қоса театр көрермендер үшін бес күн бойы спектакльдер көрсетуді алға қойды. Яки көрермендері көбейді. Алматы қаласындағы жалғыз қуыршақ театры болғандықтан биыл маусым есігін жаппай жазғы жемалысқа шыққан бүлдіршінлерге қуаныш сыйлады. Бұрын спектакльдер тек 11.00-де және 12.30-да ғана көрсетілсе, бұл жолы кешкі 18.00-де де көрсетілетін болды. Бұрын театр 12 жасқа дейінгі көрермендерді қамтыған болса енді он екіден жоғары жастағы көрермендерді де қуыршақ театрына баулыды. Ол ересектерге арналған ертегі қойылымдар еді. Иә, жылда білім ордасынан режиссерлер білім алып жатқанымен де қуыршақ театрының спектакльдерін сахналайтын режиссер жоқтың қасы. Сондықтан да қуыршақ театрының артистері өздерін режиссерлік тарапынан да сынап көру мақсатында спектакльдерді өздері қойды. Ол режиссердың жоқтығынан емес, осы театрда көп жылдардан бері өзінің шеберлігін шыңдап, қуыршақтың қыр-сырын меңгеріп тәжірибе жинақтағандықтан әрине.  Мәдениет қайраткері Тауекелова Марал М.Мақатаевтың «Мен деп ойла» поэтикалық қойылымын сахналады. Ғасыр ақыны Мұқағалиды қуыршақ бейнесінде, бала жүрегінде сөйлетті. Аққулар поэмасында аққу-қуыршақтар биі оқиғаны қоюландыра түсті, «Қос қарлығаш» өлеңін көлеңкелі театр арқылы анимациялық үлгіде шешті. «Ақ шағала» актриса Г.Өнімбайдың орындауында шағала-қуыршақтың топтық биімен үйлесім тауып көрермендерді баурап алды. Ақынның өлеңіне жазылған әндер орындалып «Мұзарттың» пародиялық қуыршақтары жасалынып театр артистері А.Жақыпбаев, Ш.Құлназаров, Б.Каюовтар қуыршақты нақ тұлғадан айнытпай қозғалтып, жүргізіп, бір деммен топты алып шықты.  Әрине мұның барлығының артында сиқырлы қара кабинеттегі актерлердің сахнадағы жүрек көзі, сезім тынысы, шексіз шеберлік жұмыстары тұр. Қойылым барысында «Фан клуб» жұмыс жасады, студенттер Мұқағали жырларын оқып сайысқа түсті, театр артистері мәдениет қайраткері К.Ильясовамен, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Абуевалар қазылық жасап арнайы сыйлықтармен марапаттады. Ал актер А.Жақыпбаев «Шығыс ертегісін», М.Камалов ғашықтар күніне арнап «Махаббат гүлі солмайды» қойылымын сахналады. Актер Ш.Құлназаров пен актриса А.Байырбекова қойылымда қос ғашықтың сезімін бимен үйлестіріп мектептегі балалық сезімді баянды махаббатқа ұластырды. Артист Б.Қаюов 1 маусым балалар күніне арнап  ертегі кейіпкерлерінің қатысуыменен «Бақыт құсы» атты концерттік шоу бағдарламалық қойылымды дайындады. Театр фоесінде ертегі кейіпкерлермен ойын-сауық құрған балалар театр сахнасында Бақыт құсының қиял-ғажайып оқиғасымен үндесті. Сондай-ақ «Шипажай» балаларды емдеу орталығы және қалалық мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің кішкентай көрермендеріне театр қайырымдылық спектакльдер көрсетіп қуантып келеді.

Мұқағали "Музарт"

Сәуір айында жас режиссер Рүстем Жаныаманов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік»  қиял ғажайып ертегісін қуыршақ театрының сахнасында, қуыршақ жанрында бірінші рет сахналанды. Сондай-ақ режиссер Р.Жаныамановтың да қуыршақ театрындағы тырнақалды туындысы еді. Қойылымның сахнадағы барлық әрекеті тек қана қуыршақтармен ғана емес, сахна суретшісі С.Карпельдің шеберлігінен туындаған медиядекорациялар кішкентай көрермендерді бей-жай қалдырмады. Сахналық жүйесін жасаған Т.Атымтаева дүниеге жаңа келген құлыншақ пен бөлтіріктің достығы арқылы балаларды жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратуға, достықта шекара болмайтынын дәріптеді. Философиялық тұрғыдан шешілген Ана даланың құшағының кеңдігіне, мейірімге толы ыстық ықыласына көрермендерде иланды. Екі топтың арасындағы ежелден келе жатқан таиталасқа қарамастан екі бас кейіпкер достығын үзбеді. Қуыршақ құлыншақ-А.Сақтағанова, қуыршақ-бөлтірік-Т.Тлеулиева қуыршақтармен бірге ойнақтап, бірге қуанып, бірге достықты жеңді. Қасқырлардың қатыгездігі мен жылқылардағы тектілік бүгінгі адамдар арасындағы қарым-қатынастық жағдайларды көрсете білгендей. Қойылым қиял-ғажайып болғаныменде музыкамен әрлеген А.Жолдасханда қасқырлар тобырының бақталастық, тақталастық сахналарын заманауи шетелдік әуендермен әсірелеп, оқиғаға өзгеше сарын беріп отырды. Театр хореографы Г.Дәулетқұлованың да еңбегі ерекше бағаланды. Екі топтың табиғи мінезіне ұласатын билермен сахнаны біртұтастыққа жетеледі. Көкжал –Б.Момынжанов қойылым бойы бөрілікке тән тектілікті жоғалтпай көпшілік сахнадағы Арлан-Ш.Құлназаров, Ақазу-Ұ.Момынжанова, Қаражал-А.Тауекелов, Көкбөрі-Г.Бейсембаева тағы басқа бөрілер тобын иіріп отырды. Қай топты алсаңызда аты аңызға айналған кейіпкерлер осы қойылымда толығымен кездеседі. Бозайғыр –Б.Каюовта жылқыға тән қасиетті өз үйіріндегі Қарақасқа құлыншақтан бастап Маңмаңгер-Қ.Өтебай, Құлагер-А.Жақыпбаев, Ақбақай-Ә.Балбаев, Ана бие-М.Тауекелова, Бозбие-С.Жапишевалардың ойнауында Ана даланың(А.Байырбекова)  ыстық құшағында, табиғат төсінде емін-еркін көсілулерін қадағалайды.  Қойылымнан алған әсерлерін жасыра алмаған бүлдіршіндер құлыншақпен бөлтірікке жанашырлық танытып солармен бірге өмір сүрді.

"Құлыншақ пен бөлтірік"

Қуыршақ театры биыл бірден төрт мемлекетке фестивальге жолдама алып бақтарын сынады. Фестивальдің әр қашанда тәжірибе алмасуға, бүгінгі күнде балалар тақырыбында жазылған пьесаларды талқылап, жаңакөзқарастың туындауына жол ашатыны белгілі. Бұл сол мүмкіндіктердің бірі еді.  25-29 мамыр аралығында Бішкек қаласында драматург, режиссер қуыршақ театрларының негізін салушы Виктор  Александрович Швембергердің 125-жылдығына орай ІІ Халықаралық  «Так-теке» қуыршақ театры фестиваліне барды. Фестивальге әр елден қуыршақ театрлары қатысты. Москва облыстық мемлекеттік қуыршақ театры  В.Швембергердің «Машенька и Медведь», өзбек Мемлекеттік қуыршақ театры М.Игамназаровтың «Бахорой мен Науруз», Н.Жанғазиев атындағы мемлекеттік қуыршақ театры жапон ертегісі Д. Киноситоның «Благодарный журавль», Н.Шамурзаев атындағы Ош облыстық қуыршақ театры Б.Асакеевтің «Приключения Тигренка», Қырғыз «Рабаят» қуыршақ театры Л.Спачилла «Күтпеген қонақ», Маңғыстау облыстық қуыршақ театры Н.Насырованың «Айжан әжейдің ертегісімен», сондай-ақ Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры режиссер Қубанычбек Адилов сахналаған А.П.Чеховтың «Каштанка» қойылымымен қатысты. «Каштанка» қойылымы жеңіл әрі терең философиялық пәлсапаға құрылған. Бейтаныс жандардың үйіне келген кішкентай сары иттің тарихы  ересектерді де, кішкене көрермендерді де бей-жай қалдырмайды. Кішкентай ғана иттің өмір жолының тайталасына түсуі, еркіндікте жүрсе де еркіндікті сезіне алмай жайсыздықты бастан кешеді. Бір сарынды, іш пыстырарлық  өмір иттің тағдырын таразыға салады да иттің де адами сезімін биік қояды. Қырғыз көрермендеріменен келген қонақтардың ықыласына бөленген қойылым «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» номинациясын театр иеленсе, «Ең үздік режиссура» номинациясын режиссер Қубанычбек Адылов иеленді. Сондай-ақ Қырғыз театр қайраткерлері одағы режиссер Қ.Адыловты арнайы дипломмен марапаттады. Бір қызығы осы сәтте 28 мамыр күні қуыршақ театрының екінші құрамы Молдавия елі, Кишинев қаласында өтіп жатқан «Под шапкой Гугуцэ» атты халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ешмұратова сахналаған халық ертегісі «Қаңбақ шал» қойылымын  жиырма бес мемлекеттен келген өнер өкілдеріне көрсетіп, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» және театр директоры, мәдениет қайраткері Есеналиев Талғат Қамқабайұлы «Үздік менеджер» дипломымен марапатталды. "Қаңбақ шал" - қазақ халқының тұрмыс-салт ертегілерінің бірі. Жас ұрпақты қарапайымдылыққа, ақыл мен адал еңбек етуге тәрбиелейтін, халыктық мәні зор шығарма. Қара күшіне сенген екі дәуді де құр кеуделер ретінде мысқылдайды. Бұлардың бәрінен де қарапайым Қаңбақ шалдың мерейі үстем. Себебі ол - ешкімге зиян ойламайтын, өзінің адал еңбегімен күнелткен еңбек адамы. "Қаңбақ шал" - әлі күнге тәрбиелік мәні бар халық даналығының куәсі.

Театр ұжымы Бішкектігі фествалде

Ал маусым айында  Татарстан қаласындағы ХІІІ  түркі халықтарының  «Наурыз» фестиваліне драматург Әлібек Файзуллаұлының «Алтын адам» эпикалық спектакльмен қатысып арнайы дипломмен марапатталды. Қоюшы режиссері Ресей федерациясының режиссеры Юрий Уткин. Автор қазақ халқының жеті кереметінің бірі әрі бірегейі, 1970 жылдары  Жетісу өңіріндегі Есік өзенінің бойындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, бүкіл әлемді таңғалдырған Алтын адамды  ертегі-қойылымға арқау етеді. Туынды осыдан 2500 жылдай бұрын, темір дәуірінде өмір сүрген бабаларымыздың бабалары – сақ тайпаларының өмір-тіршілігін жас көрермендердің көз алдына елестетіп, азаттық, бірлік жолындағы жанқиярлық ерлік-шежірелерін паш етеді. Бүгінде Қазақ Елінің тәуелсіздік символына айналып отырған Қанатты барысқа мінген Алтын адам балаларды жігерлендіріп, балалардың жүрегіне отаншылдық рухын оятады. Алтын бала –Азат хан сонау бір заманда Алтын адам көксеген азаттыққа қол жеткізеді.

"Алтын адам" спектаклінен

Жақсылықтың үстіне жақсылық қосылып биылғы жыл қуыршақ театрына шығармашылық есігін айқара ашты. Маусым айында Түркістан және Шымкент қалаларында Y «Ортеке» қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі өтті. Ал бұл фестивальде Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекеттерінен және Ақтөбе, Маңғыстау, Жезқазған, Оңтүстік Қазақстан облыстарының қуыршақ театрлары өнер көрсетті. Фестивальде қуыршақ театрының анасы атанған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ешмұратова қазылар алқасының төрайымы болса, театрымыздың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Абуева қазылар алқасының мүшесі болды. С. Абуева соңғы жылдары көптеген қуыршақ фестивальдерінде қазылар алқасы. Қостанай қ. «Халықаралық қуыршақ фестивалінде және 2016 ж Астана қ. «Қуыршақ театрының аттестатциядан өткізу сараптамасында мүшелік жасап өз үлесін қосып келеді.

"Көңілді қонжықтар"

Сондай-ақ маусымның 10-17 аралығында Елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан «EXPO-2017» халықаралық көрмесін ілгерілету мақсатында Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасының қолдауымен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры маусым айының 12-16 жұлдызы аралығында Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ сазды драма театрының сахнасында астаналық кішкентай көрермендерге театр репертуарындағы үздік екі қойылымды тарту етті. Қойылымдар қазақ және орыс тілінде жүрді. Бес күн бойы драма театрының көрермендері бірден кішкентай балдырғандарға айналып шыға келді. Күн өткен сайын қойылымның көрермендері де көбейіп залға сыймай жатты.  Театр бұл жолы автор М.Поливанованың «Көңілді қонжықтар» ертегісін және Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік»  қиял ғажайып ертегісін көрсетті. Театр фоесінде, театр ардагерлері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Абуева, Мәдениет қайраткері К.Ильясова, Е.Жүнісовалар қуыршақ кейіпкерлермен  кішкентай бүлдіршіндерге ертегі қуыршақ кейіпкерлерімен кездесулеріне мүмкіндік жасап, олармен бірге ертегі әлеміне саяхат жасады, театр қуыршағының барлық қимыл-қозғалыстарымен таныстыру арқылы  бес күн бойы шеберлік сабақтарын өткізіп отырды. Мәдениет қайраткері К.Ильясовамен музыкамен көркемдеуші А.Жолдасхан астаналық Шалқар радиосында қонақта болып тыңдармандарменен қуыршақ тынысы туралы ойларымен бөлісті. Қуыршақ театрының қойылымдарына тек балалар ғана емес ҚазКСР Халық әртісі Қорлан Ихсанқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Түймехан Атымтаева, Қазақстанның халық артисі Г.Әспетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбаев, режиссер Ә.Оразбеков, Қ.Қасымовтар да қызығушылық таныта отырып өздерінің ыстық ықыластарын аянып қалған жоқ.

Театр ұжымы Анкара қаласында

Ал 28-шілде - 7-тамыз аралығында Туркия елі, Анкара қаласында өтетін халықаралық фестивальге жолға шықты. Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшісінің Қазақстанмен Туркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркия Республикасында қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға  қосқан үлесі үшін театр арнайы алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ Түркия елінен арнайы шақыру алған қуыршақ театры қазан айының 20-24 жұлдызында Анкарада өтетін ІІІ халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне екі спектакльмен баруға дайындық жасап жатыр.
2-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық форум-фестивалінде драма театрлардың алдында жас режиссер Рүстем Жаныаманов сахналаған Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» ертегісімен  қатысып арнайы диплом алды. Астана қаласындағы сапар гастрольдік іс-сапарға ұласып 1-17 қыркүйек аралығында көкше бүлдіршіндеріне де қуаныш сыйлады.
Театр сондай-ақ, телеарналармен шығармашылық бірлестікте жұмыс жасап келеді. Әсіресе, Алматы арнасы ішінен «Алтын сақа» бағдарламасынан қуыршақ театрына арналған «Алтын қақпа» айдары әр сенбі сайын эфирге шықты. Эфирде кішкентай бүлдіршіндер қуыршақ театрына келіп ертегі қуыршақтармен кездесіп қазақтың көнеден келе жатқан даңғара, ашамай, итаяқ, байыз, астау, күпі, өріс сынды сөздердің астарын кеңінен ашып түсіндіру сабақтарын жүргізу арқылы алтын қақпаның көрермендерін қызықтыра түсетін балаларға арналған арнайы жоба болды. Сондай-ақ «Таң шолпан», «Қайырлы таң», «Жаңа күн», «Күліп оян» «Армандар орындалады»,  «Айтуға оңай», «Тарихқа толы Алматы» бағдарламаларынан театр артистері жиі көрінді. Әсіресе «Шалқар», «Қазақ радиосынан» бала кезімізден құлағымызға сіңген кешкі ертегі қуыршақ театры артистерінің тізгініне берілді. Бүгінгі таңда студияда қазақ ертегілерінен дубляждық жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе артистерден ерекше қыры бөлек Б.Момынжанов кино мен театрды, сонымен қатар дубляж мамандығын қатар алып жүрген шебер актер. Бүгінде телеарналардан көрсетіліп жүрген «Қайсар сері Расти» мультфильмінде Расти, Айдаһар, патшаның дауысын,  «Чак балапанның саяхатында» атты мультфильмнің 52 сериясында Чак балапаннан бастап 5 кейіпкердің дауысын жасады. Сондай-ақ бүгінде балалардың сүйіп көретін тағы бір мультфильмі  «Тайо кішкентай автобустің» 52 сериясында да жасыл, қызыл, трактор, камаз, самасвал т.б. дауысын жазды. Уолта Диснейдің мультфильмдерінің таңдауына түсіп соның ішінде «Ақшақар және жеті ергежейліде» ергежейлілердің және Ашуланшақтың дауысына дубляж жасап бүгінде эфирден жиі беріліп жүр. Осы орайда «Балапан» арнасының ақпараттық кеңістігінде алатын орны ерекше бағаланып, әлемдегі ең үздік анимациялық өнімдерді ана тілімізде сөйлетіп, сауатты әрі сапалы дубляж жасағаны үшін арнайы алғыс хатымен марапатталды. Музыка бөлімінің меңгерушісі, әнші, сазгер Аршын Жолдасхан АО РТРК Қазақстан арнасында жүретін «Саз керуен бағдарламасы» бойынша жеңімпаз атанып «Сенің  ғашығың» әнімен лауреат атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қарашаш Абуева «Бақсы» -ана, «Ауыл сақшысы» сериалында Байбала, «Келінка Сабина 2» Бас құдағи, «Іңкәр жүрек» Ене, «Анаға апарар жол», «Кеңесшілер», «Бақсы», «Кінәратсыз күні», «Город мечты» фильмдерінде де эпизодтық бейнелермен көрінді. Актер Тауекелов Алтайда қуыршақ театрының өмірімен қатар кино саласында да «Аяулы арман», «Іңкәр жүрек», «Сотқа жеткізбей» (сериал), «Әр үйдің сыры басқа» фильмдерін «Сүйе білсең», «Абзал жан» фильмдеріне түсіп көрермен көзайымы болды. Биылғы жылдың кинотеатрлардан жүрген «Наурыз KZ» фильмі қуыршақ театры артистерінің шеберліктерін көрсетті. Театр артистері Е.Жүнісова, Б.Каюов, режиссер А.Зайцевтер басты рольдерде ойнап жоғары баға алды. Ал актриса Г.Бейсембаева С.Ж.Асфендиярова  атындағы ҚазҰМУ «Алғыс айту» іс-шарасында қазылар алқасының мүшесі әрі «Кутуньо» қуыршағын билетіп алғыс хатқа ие болса, Ұ.Момынжанова, Г.Бейсембаева, М.Камалов, К.Кудабаевалар Медеу ауданының әкімі Е.Жылқыбаевтың алғыс хатына, Б.Момынжанов мәдениет басқармасының құрмет грамотасымен, Е.Хайрушев, М.Тауекеловалар Нұр Отан партиясының алғыс хатымен, Алматы қаласы маслихатының құрмет грамотасымен Т.Тлеулиева, М,Карибаева, О.Абдибаев, Ш.Құлназаровтар марапатталды. Ал театр ұжымы  қала әкімі Б.Байбектің алғыс хатынан бастап, «Сәби бақыты» қоғамдық қорының, «Кеңпейіл» мүгедектер қоғамының, «Руханият» кәсіподақ ұйымының,  Мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің, Қалалық балабақшалардың, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің, «№1 Балаларды туберкулезге қарсы емдеу шипажайы», Медеу аудандық Мүгедектер Ерікті Қоғамының алғыс хаттарымен марапатталды.
Театр ұжымы әрқашанда ізденіс үстінде екендігін театрдың бүгінгі тынысынан көреміз. Сахналанған жаңа қойылымдарды арнайы театр сыншыларының сараптамасынан өткізуді де дағдыға айналдырып келеді. Сондай-ақ, қойылымнан тыс вокал, хор, би сабақтарынан Көркемдік кеңес мүшелеріне арнайы сынақ тапсыруда әр актердің міндетіне айналған. Әрине мұның барлығы қуыршақ театры артистерінің барлық мүмкіндіктерін ашу мақсатында жасалынған театр басшысы Мәдениет қайраткері Т.Есеналиевтің шығармашылықты түзу жолындағы ішкі жобасы болатын.
Бүгінгі таңда 5-қазан  күні театр өзінің кезекті 83-маусымын ашуға дайындық жасау үстінде.
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет