АҚҚУ-ЖІБЕК

 

 

Оқиғаның кейіпкерлері:

Жібек

Төлеген

Бекежан

Нөкер

Нөкерлер

Аққу-Жібек

Құзғын-Бекежан

Қарға-нөкерлер

Ата

Немере

 

БІРІНШІ   БӨЛІМ

Көл жағасы. Әсем табиғат аясында атасы мен немересі.

Немересі. Ата, біздің көлді «Аққулар мекені» деп неге атаған? Онда аққулар жоқ қой.

Атасы. Баяғы бір заманда мұнда аққулар көп болған деседі, балам.

Немересі. Енді олар қайда кетті?

Атасы. Біздің адамдардан түңіліп, басқа бір жаққа ауып кеткен көрінеді.

Немересі. Олар бізден неге түңілген?

Атасы. Бұрынғыға қарағанда біз мейірімсіз, қатал боп кетіппіз. Аққудың өзіне де оқ атыппыз. Сонан соң олар бізден безіп кетіпті.

Немересі. Енді олар қайтып келе ме?

Атасы. Кім біледі, балам. Егер адамдар қайтадан мейірімді, қайырымды бола бастаса, бәлкім, қайтып келер.

Немересі. Адамдар аққуды неге атқан?

Атасы. Е-е, ол ұзақ әңгіме, балам.

Немересі. Мейлі, ата, ұзақ болса да айтып берші.

Атасы. Ал, тыңда ендеше.

–Баяғы бір заманда Жібек деген қыз бопты. Оның ай десе аузы, күн десе көзі бар, жаннан асқан сұлу екен. Оның Төлеген деген сүйген жігіті бопты. Әке-шешелері той жасап, екі жасты қосқалы жатқанда Бекежан деген қара ниет, қызғаншық бір қарақшы көп әскер жинап кеп, Жібек қызды тұтқындап әкетіпті. Ал оның жігіті Төлегенді тас үңгірге қамап, садақ жасатып қойыпты. Бірақ, Жібек қыз қарақшы Бекежанның дегеніне көнбепті.

 

*                 *                 *

Бекежанның дөрекі тас сарайы. Тас сәкіде Бекежан, оның қарсы алдында періштедей сұлу Жібек қыз отыр.

Бекежан. Өз еркіңмен маған әйелдікке келісім беру үшін, саған қырық күн мұрсат берген едім, Жібек. Келісімді мерзімнің 39 күні өтіп, бір-ақ күн қалды. Ал, не айтасың?

Жібек тіл қатпайды.

Мергендікті кәсіп етіп, үй-ішін жабайы аңның етімен асыраған қу кедейге сонша ғашық болардай Төлегеннің не артықшылығы бар еді, соны айтшы.

Жібек үндемейді.

     –Ал, менде байлық деген жетеді (сандықтағы алтын ақшаларды сапырып қояды). Бұл аз болса, тағы бір қаланы тонап, саған алтыннан сарай салдырып, үлде мен бүлдеге бөлеп қоямын. Сен әлемдегі ең сұлу, ең дәулетті, ең бақытты әйел боласың. Бұл саған ұнамай ма?

Жауап жоқ.

–Мергеннің атып әкелген аңы мен құсының етіне қарағанда менің айтып отырғаным дұрыстау шығар. (Күліп) қалай, келісесің бе?

Тағы да үнсіздік.

Өлер Төлеген өлді, енді оны қайтып тірілте алмайсың.

Жібек (шошып кетіп). Жоқ, ол өлген жоқ!

Бекежан. Оның өлгеніне 39 күн болды. Елінде әке-шешесі оның қырқын бергелі жатыр.

Жібек. Егер ол өлсе, мен де өлем!

Бекежан (қарқылдап күліп). Жоқ, өлмейсің. Алдымен маған әйел боласың, сонан соң өзің біл. Сен менің ашуымды келтіре берме, 39 күн жауабыңды күтіп, сабыр сақтағаныма рахмет айт.

Жібек (ызалы кекесінмен). Рахмет!

Бекежан (орнынан тұрады). Ойлан, Жібек! Таңертең күн шыққанда келемін. (Оның аяғына жығылып) Ақылды қызсың ғой, тек, болмайды дей көрме. Мынау, алтын білезік! (Білезікті білегіне кигізеді. Жібек теріс айналады). Күш көрсетуге мәжбүр ете көрме мені, Жібекжан! (кетеді).

*                 *                 *

Жібек жалғыз. Ол зарлы да мұңлы ән айтады. Ән біткен соң періштелерге жалбарынады.

Жібек. О, әулие ақ періштелер! Құтқара гөр мені мынадай қорлықтан. Құтқармасаң өлім жібер! Жалынып сұраймын, құлақ салыңдаршы менің зарлы үніме!

Дауыс. (Әлде ертегіші атаның, әлде періштенің үні). Сен өлмейсің, Жібек! Естідім зарыңды.

Жібек. Бұл дауыс қайдан шығып тұр? Сен кімсің?

Дауыс. Бірін-бірі шын жақсы көрген адамдар аққуға айнала алады. Сен Төлегенді шын жақсы көремісің?

Жібек. Иә. Ол өлсе маған да өмір сүрудің қажеті жоқ!

Дауыс. Ойлан! Егер шын жақсы көрсең аққуға, жүрегіңде жалғандық болса құзғынға айналасың. Тәуекел етесің бе осыған?

Жібек. Тәуекел етемін! Айта бер шартыңды.

Дауыс. Онда көзіңді жұм. Енді екі қолыңды жай. Міне, екі қолың екі қанатқа айналды. Міне, енді аққу кейпіне келдің. Ал, енді аққу мекеніне қарай самғап ұша бер. Қанатыңды шешсең адам қалпына келесің, кисең қайтадан аққуға айналасың!?

Жібек аққуға айналып ұша жөнеледі. Ол ұшып бара жатқанда дауыс қайта сөйлейді:

Дауыс. Жолың болсын, Жібек! Талмай іздесең бақытыңа жолығарсың!

 

*                 *                 *

Бекежанның тас сарайында жұрт абыр-сабыр.

–Дабыл! Дабыл! Жібек жоқ! Жібек аққу боп ұшып кетті!

Бекежан. Бұл неғылған даңғаза?!

Нөкер. Жібек жоқ, тақсыр! Жібек аққу боп ұшып кетті!

Бекежан. Соқ өтірікті! Адам аққуға айналушы ма еді? Табыңдар тез! Оны сендер құтқарып жібергенсіңдер! Қазір бәріңнің бастарыңды аламын!

Ол сарай ішін аудар-саудар ақтара бастады.

Дауыс. Бірін-бірі шын жақсы көрген адамдар аққуға айнала алады. Оны іздеп әуре болма, Бекежан!

Бекежан. Бұл кім? Қайдан шыққан дауыс бұл? Әлде мен жаңсақ естідім бе?

Ол тас есікке жақындайды. Жақындай бергенде тас есіктің өзі ашылады. Жібек жоқ. Тас сандықтың аузын ашады. Тас сандық өз-өзінен төңкеріліп түседі.

Дауыс. Көрдің ғой, Бекежан, әуре болма деп. Ол мұнда жоқ.

Бекежан қорқа бастайды. Өзге қарақшы нөкерлердің зәрелері қалмайды. «Сиқыр! Сиқыр! Мына тас сарайдың ішін дию-пері қаптап кеткен!» деп олар қалшылдап кетеді.

Бекежан. Тоқтатыңдар босқа үрейленуді, өңкей су жүректер! (Ол еңбектеп қашып бара жатқан нөкерлерін тепкілеп кері қайтарады). Мұнда ешқандай сиқыр жоқ! Сиқыр болса да Бекежан одан қорықпайды. Жинаңдар мергендерді. Бәрі де садақтарын сайлап аққулар мекеніне жөнелсін. Бір де бір аққу аман қалмасын, бәрін де атып түсіріңдер! Жібек бәрібір менен құтылмайды!

Нөкер. Тақсыр, тас үңгірде қамауда жатқан Төлегенді де алайық. Ол атқан оғы құр кетпейтін құла мерген.

Бекежан. Жарайды! Оның да керек болар күні туды. Бірақ, Жібектің аққуға айналғанын оған айтпаңдар!

*                 *                 *

«Аққулар мекені» аталған айдын көл.

Әсем аққулар жүзіп жүр. Олардың әні қазақтың «Гәккуіне» келеді.

Би. Ән. Мереке.

 

*                 *                 *

Аяғында байланған тас, қолында садағы бар Төлеген де келеді.

Бекежан. Мерген екеніңді көрсет! Егер бір оғың тимей кетсе, мына қылышпен шауып түсіремін. Егер, көлдегі алтын білезікті аққуды атып түсірсең, сүйген қызың Жібекке өз қолыммен қосамын!

Төлеген. Рас па, Бекежан аға!

Бекежан. Бекежан қашан екі сөйлеп еді? Тойыңды өзім жасап беремін (оны арқасынан қағып, қарқылдай күледі).

Төлеген. Рахмет, Бекежан аға! Мен мүлт жібермеуге тырысармын.

 

*                 *                 *

Көл жағасындағы баяғы көрініс. Аққулар мерекесі жалғасуда. Кенет найзағай ойнап, азан-қазан шу басады.

Бұл келген Бекежанның қарақшы нөкерлері еді.

Аққуларды жаппай ату басталады.

Өлген, жараланған аққулар көл бетін қаптап кетеді:

Аққулар зары.

Аққулар сыңсуы.

Бекежан (қарқылдай күліп). Жарайсыңдар, нөкерлерім! Көл бетінде бір де бір тірі аққу қалған жоқ! Іс бітті, кек қайтты. Енді шарап ішіп, көңіл көтеріңдер!

Бекежан бастаған қарақшы нөкерлер жеңіс тойын тойлап кетеді.

Хор: Біз нөкерміз, нөкерміз,

Бекежан біздің көкеміз.

Ерегескен дұшпанның

Түбіне осылай жетеміз.

 

Бекежан біздің көкеміз,

Көкені көсем етеміз.

Қарсы келген жауларды

Аяқпен таптап өтерміз.

 

Қаланы қан қыламыз,

Шаћарды шаң қыламыз.

Садақ, қылыш, найзамен

Дүниені таң қыламыз.

Жеке дауыс. Жасасын батыр Бекежан!

Бәрі қосылып: Жасасын батыр Бекежан!

                           Жасасын!

Жасасын!

Жасасын!

Нөкер. Бекежан! Бізбен бірге Төлегеннің көңіл  көтеруіне қақысы жоқ.

Бекежан. Неге?

Нөкер. Ол бір де бір оқ шығарған жоқ.

Бекежан. Неге?

Нөкер. Ол бір де бір оқ атқан жоқ. Нанбасаңыз қорамсағын қараңыз.

Бекежан оның қорамсағын қарайды.

Бекежан. Сен бір де бір оқ шығармапсың ғой. Кімді аядың?

Төлеген. Адамдар аққуды атпайды, Бекежан аға.

Бекежан. Далбаса! Адамнан артық ештеңе жоқ! Қажет болса бір аққуды емес, бәрін қырып саламыз. Сен уәдені орындамадың.

Төлеген. Мен аяғы сақиналы аққуды күттім ғой. Уәде бойынша.

Бекежан. Аласапыран атыста қай аққудың аяғын бағып тұрарсың! Аққуларды аяп атпағаның үшін ім-м... қандай жаза берсем екен, ә?

Нөкер. Айыпты адамға бір-ақ жазаңыз бар ғой – өлім жазасы.

Бекежан. Жарайды. Өлім жазасы!..

Нөкер. Қалай өлтірейік? Буындырып өлтірейік пе, басын шауып...

         Нөкерлер Төлегенді сүйрелеп әкеткелі жатқанда саңқылдаған аққу үні естіледі. Ән, би тоқталып,бәрі аспанға дүрлігіп қарап қалады.

         Көл бетінде алтын білезікті аққу көлбей ұшып жүр.

Нөкер. Бекежан! Аққу! Бір аққу тірі қапты!

Бекежан. Бұл алтын білезікті аққу ғой. Атыңдар!

Бәрі атады. Бірақ оқтары тимейді:

Нөкер. Бекежан! Ол тым биікте ұшып жүр, оқ жетпейді.

Бекежан. Жеткізіңдер! Өңкей әлжуаз арамтамақтар!

Олар тағы атады. Оқтары тимейді.

Бекежан. Ал, Төлеген, енді сенің кезегің келді. Ат! Атып түсірсең өлім жазасынан құтыласың!

Төлеген. Аяғымдағы тас бұғауды шешіңдер, әйтпесе ата алмаймын.

Бекежан. Шешіңдер аяғындағы тас бұғауды!

Нөкерлер Төлегеннің аяғына байланған тас бұғауды шешеді.

Бекежан. Ат тез!

Төлеген аққуға қарай садағын кезейді.

Бекежан.  Ат деймін, тез!

Төлеген ұзақ көздейді. Бірақ, ата алмайды. Аққу ұзап кетеді.

Бекежан. Ах, оңбаған! Аққу ұзап кетті! Қуыңдар соңынан!

Бәрі аққуды қуып кетеді.

Өзгелерден бөлініп Төлеген де кетеді.

*                 *                 *

Аққу-Жібек қанатын жаймен қағып ұшып кетеді.

Аққу-Жібек. Қандай әсем табиғат! Биіктен қарағанда, Өмір қандай ғажайып сұлу еді! Көк майса, жасыл орман, жайқалған гүлдер! Тамаша! Ғажап! Аққулар мекені деген қай жерде екен? Көл бар да, ұшып жүрген аққулар көрінбейді.

Ол жасыл алқапты айнала ұша береді.

 

*                      *                 *

Көл жағасында аққуды аңдып Төлеген тұр.

Кенет оның қарсы алдына аққу келіп қонады. Сасқалақтап қалған Төлеген садағына жармасады

Төлеген. Алтын білезікті аққу! Бұл қалайша дәл менің алдыма кеп қона қалды?

Төлеген аққуды көздейді.

Аққу-Жібек. Тезірек ат, Төлеген!

Төлеген. Сен... аққу... адамша сөйледің бе?

Аққу-Жібек. Иә. Естіп тұрған жоқсың ба?

Төлеген. Сен менің атымды қайдан білесің?

Аққу-Жібек. Білемін. Көптен білемін.

Төлеген. Ға-жап! Ал, сен өзіңді неге ат дейсің?

Аққу-Жібек. Сонда сен бақытыңа жетесің?

Төлеген. Менің бақытым не екен сонда?

Аққу-Жібек. Сүйгеніңмен мәңгі бірге болу.

Төлеген. Білсең айтшы – менің сүйгенім кім?

Аққу-Жібек. Жібек деген қыз. Қазір ол Бекежанның тұтқыны.

Төлеген. Иә, дәл таптың, Аққу! Дәл таптың! Егер мен сені, білезікті аққуды атып түсірсем, Бекежан өзі той жасап, мені сүйгеніме қоспақ.

Аққу-Жібек. Ендеше неге тұрсың? Ат мені.

Төлеген не істерін білмей дал болады. Ол садағын кезене беріп, қайта түсіреді.

Төлеген. Япыр-ай, не істесем екен. Атайын десем қол бармайды, атпайын десем жол болмайды...

Аққу-Жібек. Сүйген адамың үшін бір аққуды несіне аяйсың.

Төлеген. Қандай әдемі құс едің? Япыр-ай, қайсысын таңдасам екен? Не Жібек, не аққу? Не аққу, не Жібек (тағы да садағын кезейді). Жоқ, ата алмаймын. Қолым қалтырап, көзім бұлдырап барады.

Аққу-Жібек. Атпасаң мен ұшамын. Сен сүйгеніңе қосыла алмайсың.

Төлеген. Амал бар ма, әсем аққу! Ол – адамның аруы, сен – құстың аруысың. Бақытсыз болсам мен ғана бақытсыз боп өмір бойы зарлап өтейін. Жібек бәрібір мені өлді деп есіткен еді ғой. Бәлкім, күдерін үзіп, бақытын іздер. Сені аттым десем, ол да мені өмір бойы кеше алмас. Қош! Аман бол! Адам тілін білетін қасиетті аққуым!

Төлеген басын көтергенде көз алдында тұрған ару Жібекті көріп, есінен танып қалады. Жібек оның бетіне су бүркіп, есін қайта жиғызады.

Төлеген. Өң бе, түс пе? Бұл не құдірет? Жібек? Арманым болған Жібек?

Жібек. Иә. Солмын.

Төлеген. Жібек! Аққу-Жібек (оны құшақтай құлайды).

Жібек. Төлеген!

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

Бекежандар тобы Жібек пен Төлегенді іздеп дүрлігіп жүр.

Бекежан. Оларды жер жұтып кетті ме, қайда кетті! Қап! Аққу да жоқ, тұтқын да жоқ!

Нөкер. Бәлкім, тұтқын да аққуға айналып кеткен шығар. Бірін-бірі шын жақсы көретін адамдар аққуға айналып кете алады деуші еді ғой...

Бекежан. Жап аузыңды, нақұрыс! Қара табан кедейдің баласы аққуға айнала беретін болса, мен самұрық боп кетермін.

Іздеңдер! Іздеңдер!

Нөкер. Олар бұл маңда жоқ, мырза. Бұл тегін нәрсе емес, мұнда бір құпия сыр бар. Мен қорқайын деп тұрмын.

Бекежан. Қалшылдама, су жүрек! Өткен жолы да тас сарайды тастап бірінші сен қашқансың. Өзгелерге үрей тудырмас үшін қазір басыңды шауып түсірейін (қылышын суырады).

Нөкер (басын қорғалап). Мені өлтіруге болмайды, тақсыр!

Бекежан. Неге болмайды?

Нөкер. Біздің қарақшы-сарбаздар айтып жүрген «Бекежан біздің көкеміз» деген әннің әуені мен сөзін жазған мен ғой.

Бекежан. Солай ма? Өзің су жүрексің, сөйте тұра қаћармандық ән шығарасың! Жылпос неме! Ізде әлгілерді! Таппасаңдар бәріңді қырып саламын! Іздеңдер!

*                 *                 *

Көл жағасында Жібек пен Төлеген. Олар әсем табиғат аясында серуендеп жүр.

Үкілі Ыбырайдың атақты әні «Гәккуді» қосыла шырқайды.

Жібек. Төлеген! Төлеген! Мұнда аққу өліп жатыр! Мында тағы біреу... Тағы біреу... Екі, үш, төрт... он, он бес...

Төлеген үн қата алмайды.

–Неге үндемейсің, Төлеген! Мұнда аққу қырғыны бопты ғой! Қайран аққулар! Әсем аққулар! Нәзік аққулар!.. (ол отыра қап жылайды).

Төлеген оның қасына кеп Жібекті құшақтамақ, жұбатпақ болады.

Жібек. Бұларды атқан сендер ме?

Төлеген. Иә... біз...

Жібек. Жолама маған! Сендер барып тұрған жауызсыңдар!

Төлеген. Жібек! Жібекжан! Тыңдашы. Бекежанның тұтқынында отырған сен аққуға айналып ұшып кеткен соң ол ашу-ызаға шыдамай көлдегі барлық аққуды қырып салуға жарлық берді. Тас қамалда отырған мені де босатты. Оның іздегені сен болатынсың.

Жібек. Демек, мына аққулардың өліміне мен себепші болған екенмін ғой. Ендеше, мен де өлемін. «Аққулар мекенінде» жалғыз қалып, мен бақытты бола алмаймын.

Төлеген. Ал, мен ше? Мен қайтпекпін, Жібек? Мені оп-оңай тастап кете бермексің бе? Азап пен қорлықтың бәріне төзіп, енді ғана бақытқа қолымыз жеткенде екеуміз екі айырыламыз ба?

Жібек. Аққу біткен қырылып, айна көл иесіз қалғанда екеуіміз қалай ән салып, қалай бақытты болмақпыз. Мен де жартастан көлге құлап өлемін.

Ол жартасқа өрмелейді. Төлеген тоқтатпақ боп оның соңынан жүгіреді.

Төлеген. Жібек, тоқта! Мен де сенімен бірге кетемін!

Жібек. Жоқ, Төлеген! Сен аққуға оқ атқан адамсың. Бейкүнә жандардың арасында саған орын жоқ.

Төлеген. Мен оларға оқ атқан жоқпын. Жібек! Бекежан мені сол үшін өлім жазасына да кешкен.

Жібек. Енді ақталудың орны жоқ, Төлеген! Мынадай қырғыннан соң бәрібір екеуіміз бақытты бола алмаймыз. Қош Төлеген!

Жібек көлге енді секіргелі тұрғанда баяғы Дауыс естіледі.

Дауыс. Райыңнан қайт, Жібек! Төлегенді жалғыз тастама. Сен үшін көрген азабы да жетіп-артылады.

Жібек. Дауыс? Баяғы дауыс? Мына жазықсыз аққулардың қанын жүктеп, мен қалай бақытты боламын, жебеушім?

Дауыс. Сабыр ет! Аз ғана сабыр ет, Жібек. Сонан соң өзің көрерсің...

*                 *                 *

Бекежандар тобы келіп жетеді.

Нөкер. Бекежан! Олар мында! Бізден қашып жартастың басына өрмелеп барады.

Бекежан. Ә-ә, зәлім қашқындар! Ақыры қолға түстіңдер ме?! Атыңдар екеуін де!

Олар ата бергенде Жібек аққу боп ұша жөнеледі.

Бекежан. Ұстаңдар Төлегенд!

Олар Төлегенді қоршап ұстамақ болғанда екі жақты айқас басталып кетеді. Бірнеше нөкердің ортасында Төлеген жалғыз өзі ұрыс салып жүр. Бекежанның жігіттері оны тұтқынға ала алмайды.

Бекежан. Әй, өңкей әлжуаз өлімтіктер! Қоя беріңдер маған! Жібектен дәмелі жігіттің әуселесін өзім байқап көрейін!

Нөкер. Сөйтсеңіз жақсы-ақ болар еді, Бекежан мырза. Біз былайырақ кетейік.

Олар Бекежан мен Төлегенді оңаша тастайды.

Бекежан мен Төлегеннің жекпе-жегі. Жекпе-жектің қанша уақытқа созылуын режиссер біледі.

Жекпе-жекте Төлеген жеңеді.

Бекежан. Өлтірме. Төлеген! Сен жеңдің, мен жеңілдім. Ұсынған мойынға қылыш көтеру батырға тән емес. Қоя бер! Дос болайық!

Төлеген оны босатады.

Төлеген. Достыққа құшағым ашық.

         Екеуі құшақтасады. Бірақ Бекежан уәдесінде тұрмайды. Сырт айнала берген Төлегенді қақ жауырынан атады.

         Төлегеннің қоштасу әні.

Осы кезде олардың төбесінен Аққу-Жібек ұшып өтеді.

Нөкер. Бекежан! Бекежан! Аққу!

         Аққу-Жібек Бекежанның алтын білезігін тастайды. Ол дәл Бекежанның алдына түседі. Бекежан оны көтеріп алады.

Бекежан. Алтын білезікті аққу! Атыңдар!

Аққу-Жібек. Атпа, Бекежан! «Аққулар мекенін» қан сасытып ең, енді опасыздықпен Төлегенді өлтірдің.

Бекежан. Менде басқа қандай амал бар, Жібек! Жігіт басыммен аяғыңа жығылдым, жалындым, өлердегі сөзімді айттым – елең қылмадың. Менің де саған деген махаббатым Төлегеннің махаббатынан кем емес еді, сен зарыма құлақ аспадың.

Аққу-Жібек. Сен жазықсыз жандарды қанға бөктірдің.

Бекежан. Кешір мені, Жібек!

Аққу-Жібек. Саған қояр шартым бар, Бекежан!

Бекежан. Қандай шартың болса да қоя бер. Жібекжан! Мен бәріне әзірмін.

Аққу-Жібек. Онда көзіңді жұм да, қолыңды қанат қып серме. Егер мені шын жақсы көрсең, мен секілді аққуға айналасың, ойыңда жалғандық болса, құзғынға айналасың. Көнесің бе осыған?

Бекежан сасқалақтап жауап бере алмай қалады.

Аққу-Жібек. Неге жауап бермейсің, Бекежан? Әлде, өзіңе-өзің сенбейсің бе?

Бекежан. Неге?... Сенемін...

Аққу-Жібек. Сенсең жауабыңды айт тез.

Бекежан. Көндім... Көндім...

Нөкер. Айтыңыз жауабыңызды, Бекежан аға! Бекежан оған оқты көзімен қарап: Екі жүзді сұмырай!..

Аққу-Жібек. Жұм көзіңді.

Бекежан. Жұмдым.

Аққу-Жібек. Көтер қолыңды.

Бекежан. Міне, кө-кө... көтердім.

Нөкер. Дұрыстап көтеріңіз. Міне, осылай.

Аққу-Жібек. Екі қолыңды қақ.

Бекежан қолын қанат қып қаға бергенде құзғынға айналып, қарқылдап ұша жөнеледі.

Нөкер. Құзғын боп кетті! Бекежан құзғынға айналды! Қош, Бекежан мырза! (Өзгелерге қарап) ућ, құтылдық-ау қатыгез қарақшыдан. Ей, нөкерлер! Келіңдер, «Бекежан біздің көкеміз» деген әннің орнына бұрыннан дайындап жүрген «Қарасы батсын бәленің» деген әнімізге басайық!

Бекежан кетті бел асып,

Бойына қанат жарасып.

Жүрсін енді қор болып,

Құзғындармен таласып.

 

Болған соң билік қолында,

Күн үшін жүрдік соңында.

Ал, нөкерлер, тыңдаңдар

Бұйрығымды орында!

 

Жақсылап бүгін тойлайық,

Ертеңгі күнді ойлайық

Қарасы батсын бәленің,

Орнына бастық сайлайық!

Дауыс. Тойлаңдар! Шулаңдар! Күліңдер! Қарқылдаңдар!?

Нөкер. Тойлаймыз! Шулаймыз! Күлеміз! Қарқылдаймыз!

Дауыс. Сендер қара қарғаға айналасыңдар.

Нөкер. Қарғаға? Қарға? Қар... Қар... Қарр-р, қар-қар-р!

Нөкердің бәрі қарғаға айналып, қарқылдап ұша жөнеледі.

 

*                 *                 *

Көл жиегінде Төлегеннің денесі. Жібек оның қасына кеп отырады. Өліп жатқан Төлегеннің бетін алақанымен үш рет сипап өтеді.

Төлеген көзін ашады.

Жібек. Тұр, Төлеген! Аш көзіңді!

Төлеген орнынан тұрып жан-жағына таңырқай қарайды.

Төлеген. Мен қалай көп ұйықтағанмын. Күн кешкіріп қапты ғой.

Жібек. Жи есіңді, Төлеген! Естимісің аққулардың сыңсуын?

Төлеген. Иә, естіп тұрмын! Зарлы да мұңды әуен.

Жібек. Көл бетінде аққулар тіріліп, атамекендерімен қоштасып барады. Енді олар бұл маңға оралмайды.

Төлеген. Ал, біз қайтеміз?

Жібек. Біз де солармен кетеміз.

Төлеген. Сен кетерсің, мен қалармын.

Жібек. Жоқ, екеуміз бірге кетеміз, Төлеген. Екеумізге бұл арада орын жоқ.

Төлеген. Мен қалай кетемін. Мен аққуға айнала алмаймын ғой.

Жібек. Бекежан құзғынға айналды, нөкерлері қарға боп ұшып кетті.

Төлеген. Қалай?

Жібек. Себебін кейін айтам. Ал, әзірге көзіңді жұм. Енді қолыңды көтер. Енді екі қолыңды қанат қып қақ. Неге айналарыңды сонан соң көреміз.

         Жібек оған күлімсіреп қарап тұрады. Төлеген қолын үш рет қанат етіп қаққанда ол да әсем аққуға айналып шыға келеді.

         Жібек те аққу кейпіне түсіп, екеуі қатар ұшып бара жатады.

         Жібектің дауысы. Қош, айна көл!

Төлегеннің дауысы. Қош, Аққулар мекені!

Жібектің дауысы. Адамдар мейірімді боп, адалдық пен пәк сезімдерді аялап үйренгенінше біз бұл жерге қайтып оралмаймыз. Қош, қош, қош!

*                 *                 *

Көл жағасындағы Ата мен немере. Атасы аңыз-ертегіні айтып бітті.

Атасы. Адамдардың қатігездігін көрген аққулар өздерінің атамекені болған «Аққулар мекенін» осылайша мәңгілік тастап кетіпті, балам. Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы мен Баян, Ләйлі мен Мәжнүн, Ер Тарғын мен Ақжүніс тағы сондай бірін-бірі шын жақсы көрген адамдар зұлымдықтан қашып, аққуға айналып кеткен деседі. Ал, Бекежан сияқты қара ниетті адамдар қарға-құзғынға айналыпты.

Міне, сол аққу қырғынынан кейін біздің көлден аққулар безіп кетіп, қара қарғалар ғана қалыпты.

Немересі. Ата, біздің арамызда аққуға айналатын адамдар бар ма?

Атасы. Кім біледі, балам, бар болса бар шығар. Біз оларды біле бермейміз ғой. Тек бірін-бірі жақсы көрген ғашықтар ғана емес, бар ғұмырын адалдық пен пәктікте өткізген адамдар да қартайып көз жұмған соң кеудесіндегі жаны аққу құсқа айналып ұшып кетеді екен. Сондықтан да адамдар аққуды ешқашан атпаған.

Бала кенет орнынан тұрып алақайлап айғай салады.

Немересі. Ата, Ата! Аққулар! Әні, екі аққу көлді айналып ұшып жүр! Алақай! Алақай! Біздің жаққа аққулар келді, аққулар!

Бала көкке қарай қолын созып жүгіре жөнеледі.

–Келіңдер, оралыңдар мекендеріңе! Ей, аққулар, аппақ ақ-қу-ла-ар! Қош келдіңдер! Сүйікті аққулар-ар!

 

Соңы