АЙПАДТАН ШЫҚҚАН АЛТЫН САҚА

«Алтын сақа» ертегісінің негізінде жазылған пьеса

Қатынасушылар:

ҚУАНЫШ,  оқушы

БАЙҚУАТ,  Қуаныштың досы

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР

ЖЕЗТЫРНАҚ,  Жалмауыз кемпірдің шәкірті, жасы Қуанышпен қатар

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ

САРЫ ТҮЛКІ

ҚАРА ТӨБЕТ

АЛА ТӨБЕТ

 

Уақиға ауыл шетіндегі тоғай арасында өтеді. Сахнаның ортасында биік ағаш. Ағаш әрлі-берлі қозғалады және басына өрмелеп шығуға да болады. Сахнаға Қуаныш шығады. Мойынында әдемі қапшыққа салынған айпад бар.

ҚУАНЫШ: Бүгін күн сондай  жайнап, жарқырап тұр екен! Жақсылап бір суретке түсіріп алайыншы! (Айпадын алып шығып айналасын суретке түсіре бастайды.) Айтпақшы, ең алдымен мына ағашты түсіруім керек екен ғой! (Ағашты да түсіреді.) Ауылдағы маған ең ұнайтын нәрсе – осы ағаш!.. Көлеңкесіне  жатып ұйықтауыңа да болады!.. Басына шығып ән салуыңа да болады... (Айпадына музыка қосып,ыңылдап ән айта бастайды. Сосын өрмелеп ағаштың басына шығады.) Міне, қандай керемет! Дүние қандай тамаша! (Сахнаның бір бұрышынан Байқуаттың төбесі қылтияды.) Ау, мынау Байқуат па?! Ол қайдан жүр?!.

          Қуаныш музыканы өшіріп,  жапырақтардың арасына тығылады.

БАЙҚУАТ(айналасына қарап): Ол осы жаққа кеткен сияқты еді... Қайда жүр екен?! Әй, Қуаныш!.. Қуаныш!.. Қайдасың?!

        Ағашты айналып іздей бастайды. Осы сәтте оның ту сыртынан білдірмей Қуаныш жерге секіріп түседі.

ҚУАНЫШ: Байқуат мырза, мен мындамын!..

БАЙҚУАТ (шошып кетіп): А!.. Сен қайдан шыға келдің?!. Аспаннан түстің бе?!.

ҚУАНЫШ: Иә-иә, аспаннан!.. (Ағаштың басын көрсетіп): Әне, жақтан!..

БАЙҚУАТ: Ол жақта неғып жүрсің!..

ҚУАНЫШ: Ән салып жүрмін!.. Әнді ағаштың басына шығып айтсаң  сондай рахат! (Айпадын алып түймесін басып, қосылып әндете бастайды.)  Тыңдашы, өте жақсы ән  емес пе?!

БАЙҚУАТ: Иә, жақсы екен!  Әнің де жақсы! Айпадың одан да керемет!

ҚУАНЫШ: Рахмет!.. Өзің қайдан келе жатырсың?

БАЙҚУАТ: Қайдан болушы еді?!. Үйден келе жатырмын... Күнімен тыпыр етпей сабаққа дайындалдым. Тіпті, басым айналып кетті!..

ҚУАНЫШ: Басың айналғанша неге оқисың?!.. Оқымай қоя салмайсың ба?

БАЙҚУАТ: Қалай қоясың?!. Папам бір жағынан... Мамам бір жағынан... Оқу оқымасаң адам болмайсың дейді... (залға қарап) Мына жерде балалар отыр ғой!.. Өздері көп сияқты ма деймін?!.. Бұлар қайдан жүр?!..

ҚУАНЫШ: Қайдан жүруші еді?!. Театрға келген балалар ғой?!. Ойын көрейін деп келген...

БАЙҚУАТ: Ха-ха!.. Ойын көрейін деп... Бұлар ойын көреді!.. Ал біз оқу оқуымыз керек – осы да әділдік пе?!

ҚУАНЫШ: Е... енді әділдік болғанда бұл былай ғой... Бұл балалардың бәрі сабақтарын жақсы оқиды... Үйге берілген тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп  бітіріп қойған... Сосын қолдары босаған соң келіп отыр!

БАЙҚУАТ: Оны кім айтады?!.

ҚУАНЫШ: Оны өздері айтады!..

БАЙҚУАТ: Өздері айта береді ғой... Өтірік шығар?!.

ҚУАНЫШ: Жо-жоқ, өтірік емес!... Оны өзгелер де... мысалы, мұғалімдері... (залға қарап) мына апайлары да айтады...

БАЙҚУАТ: Апайлары дейсің бе?!. (залға қарап) А, иә, шынында апайлары да келіп отыр екен!.. Егер апайлары айтса... онда бәрі де жақсы оқиды ғой!.. Ал біз... біз болсақ!...

ҚУАНЫШ: Иә, біз... біз де оқимыз ғой енді!... Мысалы  мен қазір үйге барып...жуынып... тамақ ішіп... аздап тынығып... біраз ұйқтап... сосын... сосын оқысам бар ғой.... сабақ дегенің миыма бірден кіріп кетеді. (Залға қарап) Солай емес пе, балалар!

БАЙҚУАТ: Сен оларды қоя тұр!... Сен алдымен олардан емес, мына  менен сұрасайшы. (Пауза. Қуаныш оған аңтарылып қарайды.) Мен... мен осы жерге неге келіп тұрмын, алдымен осыны сұрамайсың ба?!

ҚУАНЫШ: Оның несін сұраймын!.. Сен бұл жерге ойын ойнайын деп келген жоқсың ба?!.

БАЙҚУАТ: Жо-жоқ, қайдағы ойын?!. Мен «Алтын сақаны» іздеп келдім!..

ҚУАНЫШ: Не?!. Алтын сақа?!. Кәдімгі қойдың асығы -   сол ма?!.

БАЙҚУАТ: Жо-жоқ, қойдың асығы емес... Кітап!..

ҚУАНЫШ: Кітап?!. (залдағы балаларға қарап) Мынау дейіт?! Біресе сақа дейді, біресе кітап дейді!.. Мені мазақ қылып тұр ма?!

БАЙҚУАТ: Жо-жоқ, рас – кітап!.. Асық туралы кітап!.. Дәлірек айтқанда, алтын сақа туралы ертегі!..

ҚУАНЫШ: А, енді түсіндім!.. Алтын сақа туралы ертегі... Кәдімгі ертегі  – солай ма?!. (Айпадын ашып) Иә, бар екен!.. «Алтын сақа» да бар екен! Бәрін шығарайын ба?!.

БАЙҚУАТ: Не?!

ҚУАНЫШ: Бәрін бе деймін... «Алтын сақа» ертегісіне қатыстатындардың бәрін шығарайын ба?!. Айтпақшы, сен ол ертегіге кімдердің қатысатынын білесің бе?!.

БАЙҚУАТ: Білгенде... білем ғой... Оған... ол ертегіге қатысатындар... әлгі кім... Иә-иә, алтын сақа... алтын сақа қатысады...

ҚУАНЫШ: Жақсы, алтын сақаны шығарайын... Міне, қара! (Айпатын ашып, түймесін басып қалады. Сахнаның ортасына сәулесі жалт-жұлт етіп алтын сақа түсе қалады. Пауза.)

БАЙҚУАТ: Бұл - не?!.

ҚУАНЫШ: Көріп тұрған жоқсың ба – бұл кәдімгі сақа!.. Өзің сұраған алтын сақаның дәл өзі!

БАЙҚУАТ(Алтын сақаға ақырын жақындап): Шынында сол сияқты... Қане... қане, көрейінші. (Алтын сақаның сәулесі  жалт-жұлт етіп ойнап ұстата қоймайды. Байқуат қуып жүріп, ақыр соңында ұстағандай болады...) Мынау шынында керемет екен!.. Алтын сақаның тап өзі екен! Сонда бұл қайдан шыға келді?!.

ҚУАНЫШ: Қайдан болушы еді, мынаның ішінен шықты?! (Қолындағы айпадты көрсетеді. Пауза.)

БАЙҚУАТ (Біресе айпадқа, біресе алтын сақаға қарап): Түкке түсінген жоқпын!.

ҚУАНЫШ: Қалай түсінген жоқсың?!. Не, сенде айпад жоқ па?!.

БАЙҚУАТ: Бар ғой!.. Айпад та, компьютер де, смартфон да бәрі бар. (Алтын сақаны көрсетіп) Бірақ мынандай жоқ!  Менің айпадымның ішінен  ештеңе шықпайды...

ҚУАНЫШ: А, түсіндім... Сенің айпадың ескі айпад екен ғой!..

БАЙҚУАТ: Жоқ, онша ескі емес... былтыр алғам!..

ҚУАНЫШ: Ал мен биыл алғам... Жақында ғана папам Жапонияға барып әкеліп берген! Мұндай айпад бүкіл Алматыда менен басқа ешкімде жоқ!..  Айтпақшы, тағы кімді шығарайын?!

БАЙҚУАТ: Жаңағы ертегіден бе?! «Алтын сақадан» ба?!. (ойланып) Онда... онда... Мен оны баяғыда оқып едім - ұмытып, қалыппын!..

ҚУАНЫШ: Ха-ха!... Өтірік! Сен оқымағансың! Түк те оқымағансың! (залдағы балаларға қарап)  Балалар, айтыңдаршы, сендер «Алтын сақа» ертегісін білесіңдер ме?! Ол ертегіде кімдер бар еді?!

          Балалар «білеміз,білеміз» деп шулай бастайды.

БАЙҚУАТ: А-а, есіме түсті!...  Онда... ол ертегіде түлкі болатын... Екі түлкі... Біреуі қызыл... біреуі сары!

ҚУАНЫШ: Дұрыс!.. Қырдың қызыл түлкісі!.. Сайдың сары түлкісі!.. Міне, қара! (Айпаттың түймесін басып қалады. Сахнаға Қызыл түлкі мен Сары түлкі билеп шыға келеді.)

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ (әндете билеп):

                               Қызыл түлкі менмін,

                               Қырдан түсіп келдім!.

                               «Алтын сақа» дейтін,

                               Ертегі айтып бердім!...

САРЫ ТҮЛКІ (әндете билеп):

                              Сары түлкі сайдан,

                              Шығып салды сайран!

                              Ойламаңдар бізді,

                              Жүр екен деп қайдан!

          Бәрі қосылып әндетіп билей бастайды:

                              Ертегіден келдік,

                              Бәріңді де көрдік.

                              «Алтын сақа» дейтін,

Ойын ойнап бердік.

БАЙҚУАТ: Керемет!.. Өте керемет екен! Бұлар, шынында, айпаттың ішінен шықты ма?!...

ҚУАНЫШ: Сен әлі сенбей тұрсың ба?!. Мен бұлардың бәрін мына айпатқа салып қойғам... Қалаған уақытымда шығарып аламын... Тағы кімді шығарайын?!.

БАЙҚУАТ: Тағыда ма?! Тағы да?! Төбет... Иә-иә, «Алтын сақада» екі төбет бар сияқты еді – соларды шығаршы!..

ҚУАНЫШ: Дұрыс!.. Екі төбет... Біруі қара төбет!.. Біреуі ала төбет!.. Міне!..

      Айпаттың түймесін басып қалады. Сахнаға әндетіп, билеп Қара төбет пен Ала төбет шыға келеді.

ҚАРА ТӨБЕТ: Қара төбет менмін!

                          Талай елді көрдім!.

                          «Алтын сақа» дейтін,

                          Ертегіден келдім!

АЛА ТӨБЕТ: Ала төбет болам!..

                         Билеп, ән де салам!.

                         Күзетуге мен дайын,

                         Болса қойың, қораң!

Бәрі қосылып билеп, әндете бастайды:

                        Қойымыз да дайын!

                         Қорамыз да дайын!

                         Би билеміз осылай,

                         Сендер келген сайын!

БАЙҚУАТ(билеп жүріп): Ойпырмай, қандай керемет!.. Өзіміз биші екенбіз ғой!

ҚУАНЫШ: Иә-иә, солай!    Әнді де, биді де қатырамыз!

БАЙҚУАТ: Әсіресе, биіміз қандай!.. Міне, қарашы, дәл осылай ешкім де билей алмайды! (Биін күшейте түседі.)

ҚУАНЫШ; Жақсы... жақсы, осымен болар!.. (Төбеттер мен түлкілерге қарап) Қане, үйлеріңе қайтыңдар. (Айпаттың түймесін басады. Төбеттер мен түлкілер билеген күйі сахнадан шығып кетеді.) Иә, қалай екен?!

БАЙҚУАТ: Айттым ғой, өте тамаша!.. Мынау айпат... сенің айпатың, шынында, өте керемет екен!.. Ішіңде бәрі бар!.. Айтпақшы, басқалары қайда?!

ҚУАНЫШ: Қандай басқалар?!.

БАЙҚУАТ: Кәдімгі... осы ертегідегі... Жалмауыз кемпір ше?!.. Жалмауыз кемпір... сосын оның қасындағы қыз?!. Екеуі алтын сақаны аңдып жатады...

ҚУАНЫШ: А, иә, алтын сақаны аңдып.... Сосын байдың баласы... Астында аты бар, алтын сақаны іздеп Жалмауыз кемпірге келеді...

БАЙҚУАТ: Иә, сол!... Жалмауыз кемпір... Қасындағы қыз... Ол екеуі де бар ма?!

ҚУАНЫШ: Әрине бар! (Айпатты көрсетіп) Екеуі де осының ішінде отыр!

БАЙҚУАТ: Ендіше екеуін де шығар!.. Көрейік!..

ҚУАНЫШ: Мен қорқам!

БАЙҚУАТ: Не?!

ҚУАНЫШ: Қорқам деймін! (Пауза.) Қалай түсінбейсің – ол Жалмауыз кемпір... Сен не, Жалмауыз кемпірдің кім екенін білмейсің бе?!,

БАЙҚУАТ: Білем ғой!.. Кітаптан суретін талай көргем...

ҚУАНЫШ: Сурет... кітаптағы сурет ол мүлдем басқа... Ал мынау айпат!.. Міне осы айпаттан Жалмуыз кемпір кәдімгі тірі адам сияқты жұлынып шыға келсе... шыға келсе!..

БАЙҚУАТ: Иә-иә, шыға келсе... онда ешкімді аямайды...

ҚУАНЫШ: Міне, көрдің бе?!. Ал қасындағы қыз одан да өткен... Нағыз зәлім!..  Мен оған Жезтырнақ деп ат қойғам!

БАЙҚУАТ: Жезтырнақ дейсің бе?!. Өте дұрыс... дәл тауып қойғансың! Екеуі де зәлім... (Пауза.) Бірақ сен... сен оларды кез-келген уақытта... кез-келген сәтте айпатқа қайтадан қамап тастайсың – солай ма?!.

ҚУАНЫШ: Әрине! Міне, мына түймені басып қалсам... бәрі көзді ашып-жұмғанша жоқ болады!..

БАЙҚУАТ: Ау, онда жақсы ғой... Сен онда шығар... Жалмауыз кемпірді де... оның қасындағы Жезтырнақты да шығар...

ҚУАНЫШ: Сосын?!.

БАЙҚУАТ: Сосын біз... екеуміз мына бұрышта тығылып тұрып қараймыз... Егер бірдеңе болса... сен айпатыңының түймесін басып қаласың...

ҚУАНЫШ: А, ол да дұрыс екен! Қане, жүр!

     Екеуі сахнаның бұрышына барып тығылады. Қуаныш айпаттың түймесін басып қалады. Сахнаға Жалмауыз кемпір мен Жезтырнақ шығады. Жалмауыз кемпірдің қолында таяқ. Жезтырнақ өте сәнді киінген. Тырнағын қып-қызыл ғып әдемілеп бояп алған.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР(айналасына қарап): Әй, Жезтырнақ, біз қайда келдік?!. Мынау қандай жер?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ (ол да айналасына қарап): Бұл... бұл театр ма деймін?! Шынында, театр сияқты, Жалмауыз кемпір апай!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Театр дейсің бе?!. Ол не деген сөз?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ол... ол ойын қоятын жер ғой!.. Кәдімгі ойын ойнап, көңіл көтеретін жер...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А, онда жақсы екен... Ойын қойса... көңіл көтерсе, ендіше біз де көңіл көтерейік! Әйтпесе, айпаттың ішінде жатып, ішіміз пысып мүлдем өлетін болдық!.. (Кенет билеп, саусағымен өзін нұқып көрсетіп қойып әндете бастайды.):

                            Сен, Жалмауыз кемпір;

                            Мықтылармен тең тұр!

                            Ұнамаса біреу,

                             Шашын жұлып ал да,

                            Тәубесіне келтір!

ЖЕЗТЫРНАҚ (ол да қосыла билеп, әндетіп):

                             Мен Жезтырнақ болам,

                             Лаулап оттай жанам!

                             Ұнамаса біреу,

                             Көзін ойып алам! (Қып-қызыл тырнақтарын көрсетіп қояды.)

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Дұрыс! Сен тура менің өзіме тартқансың!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Мен сіздің оқушыңыз емеспін бе!.. Мені қаншама оқыттыңыз!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Сені оқытпағанда кімді оқытамын...  Ертең қартайғанда сен де тура мен сияқты Жалмауыз кемпір болуың керек!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә, болам ғой!.. Оған алаңдамаңыз!..

 ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, солай!.. Айтпақшы, бізге бір бала... алтын сақа іздеген бала келуі керек еді!..  ( залға қарап): Әй, балалар, алтын сақа жоғалтқан бала көрдіңдер ме?! (Пауза.) Өздері үндемейді ғой! Әлде бізді мазақ қылып отыр ма?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Солай сияқты.... Тіпті, әне біреуі бізге қарап  күледі!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А?!. Онда шаштарын жұлайын!.. Әлде мына бір тісімді жұлып, бәрінің аяғын сындырсам ба екен?!. (Тісін жұлып алып, қалай лақтыратынын көрсетіп қояды.)

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, сөйтсеңіз де болады... Тісіңізді жұлып бір ұрсаңыз... ешқайыссы сау қалмайды... Сосын... сосын мен  олардың көздерін ойып... көздерін ойып...

       Қып-қызыл тырнақтарын көрсетеді. Сосын екеуі сахнаның екі шетінен балаларға төне түседі.

БАЙҚУАТ (Қуанышқа жанұшырай сыбырлап): Ойбай, бол!.. Айпатыңның түймесін бас деймін!...

ҚУАНЫШ: Иә-иә, бастым!.. Міне бастым!...

        Қуаныш айпаттың түймесін басып қалады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (кілт тоқтап): Қап, болмады!.. Сәл кешігіп қалдық!

ЖЕЗТЫРНАҚ(ол да  тоқтап): Иә-иә, сондай... Сәл ғана кешіктік.... Әйтпегенде бар ғой, көздерін ойып....

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Шаштарын жұлып... Бірақ бар ғой, екінші жолы қолға түскенде аямаймыз!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, дәл солай!  Аямаймыз!

     Қып-қызыл тырнақтарын көрсетіп қояды... Сосын екеуі майыса басып сахнаның сыртына шығып кетеді.

ҚУАНЫШ: Иә, қалай?!.

БАЙҚУАТ: Шынында қорқынышты екен!.. Тіпті, балаларға тап берейін деп тұр ғой... Аяйтын емес!..

ҚУАНЫШ: Оларды айпатқа қамап қойғаным да сондықтан да емес пе?!.  Абайламасаң болмайды!..

БАЙҚУАТ: Иә-иә, солай екен!.. Айтпақшы осымен болды ма?!

ҚУАНЫШ: Нені айтасың?!.

БАЙҚУАТ: «Алтын сақа» ертегісі... Сосын не болатын еді?!. (ойланып) Алтын сақа... Жалмауыз кемпір... сосын... сосын?!. А-а, есіме түсті... Сосын байдың баласы...

ҚУАНЫШ: Иә, байдың баласы... Сосын оның тайы... Жәй тай емес, өлейін деп тұрған қотыр тай!..

БАЙҚУАТ: Міне, солар қайда?!. Неге көрінбейді?!..

ҚУАНЫШ: Олар – жоқ!.. Байдың баласы да, оның қотыр тайы да жоқ!..  Түк жоқ!

БАЙҚУАТ: Неге жоқ?!. Алтын сақа бар!.. Жалмауыз кемпір бар! Ал байдың баласы жоқ. Осындай да ертегі  бола ма екен?!. Ал кітапта оның бәрі  бар еді...

ҚУАНЫШ: Ол кітап қой!.. Кітап! Ал мынау не?! (Айпатты Байқуаттың көз алдына таяп) Бұл - айпат! Ал айпатқа кез-келген нәрсенің бәрі сыя бермейді!

БАЙҚУАТ: Түк түсінген жоқпын!

ҚУАНЫШ: Мен саған мынау айпатқа байдың баласы да, оның қотыр тайы да сыймай қалды деп тұрмын!.. Соны да түсінбейсің бе?!.

                               Пауза.

БАЙҚУАТ: Сонда қалай, біздің ертегіміз.... ойынымыз осымен біткені ме?! Ау, бұл ұят емес пе?! (залға қарап) Мына жұрттан, мына отырған балалардан ұят емес пе?!

ҚУАНЫШ: Иә, ұяттау енді... Бірақ біз табамыз ғой... Мысалы байдың баласын міндетті түрде табамыз. Міне, қара!.. (Қалтасынан қазақы тақия шығарып киіп алады.) Байдың баласы, міне, алдыңызда тұр!.. (әндетіп билей бастайды.) Баласымын байдың!

                     Жоқ уайым, қайғым!

                     Алам қазір өзін

Аспандағы айдың!..

(Байқуатқа қарап) Иә, қалай екен?!.

БАЙҚУАТ: Өте тамаша!  Бай баласының тап өзі боп шыға келдің! Ал бірақ оның астындағы аты қайда?!.

ҚУАНЫШ: Астындағы аты дейсің бе?!. Кәдімгі қотыр тайын айтып тұрсың ғой?!. Ол – міне тұр! (Саусағын шошайтып Байқуаттың өзін көрсетеді)

БАЙҚУАТ: Не?!. Мен бе?!..

ҚУАНЫШ: Әрине, сен!... (Сахнанаың сыртына барып бір ұшына аттың басы бейнеленген таяқ алып шығады.) Мә, ұста!

БАЙҚУАТ (қашқақтап): Бұл не?!.

ҚУАНЫШ:  Бұл – ат! Міне былай! (Ағаш атты мініп олай-былай жүріп көрсете бастайды.) Бұдан артық саған не керек?!

БАЙҚУАТ: Сонда мен ат болам ба?!. Кәдімгі ертегідегі жаман қотыр тай! Бұл ұят, масқара ғой!

ҚУАНЫШ: Дұрыс!... Ал бірақ ертегіміз аяғына жетпей осымен бітіп қалса не болады?! Ең ұят, масқара сонда болмай ма?!. Оны жаңа  өзің де айтқансың. Оған мына отырған балалар да куә! (залға қарап) Солай ғой, балалар! (Залдағы балалар «солай, солай»деп шулайды.) Міне, естідің бе!..

БАЙҚУАТ: Иә-иә, солай... айтқаным рас еді!..

ҚУАНЫШ: Рас болса - мә, мін атыңа!..(Байқуатты ағаш атқа мінгізеді.) Айтпақшы, «Алтын сақа» ертегісінде бұл былай айтылатын... Бай баласы, яғни мына мен, құрығымды күлдіретіп, жүгенімді сылдыратып қотыр тайға жақындап келемін... Сол кезде... Сол кезде..

БАЙҚУАТ: А, есіме түсті... есіме түсті... Қотыр тай былай... Міне былай!..  

         Өлімсіреп әрең жүрген қотыр тайдың бейнесін салады.

ҚУАНЫШ: Міне, сол кезде... Бай баласы қотыр тайға жүген салғанда... сол кезде... (Қотыр тайға жүген салғанды қимылмен көрсетеді.) Не болады?!

БАЙҚУАТ: Жүген салғанда қотыр тай қотырынан түгел жазылып, жайнап, ойнақтап шыға келеді. (Қотырынан жазылып ойнақтаған тайдың жүрісін салады.)

ҚУАНЫШ: Дұрыс!.. Ал сосын былай... үстіне тоқым салғанда тай қандай күйге түседі?! (Тайға тоқым салған қимылды көрсетеді.)

БАЙҚУАТ: Үстіне тоқым салғанда тай жұлқынып басын ала қашқан жүйрік құнанға айналады.  (Жүйрік құнанның жүрісін салып көрсетеді.)

ҚУАНЫШ: Өте керемет!.. Ал үстіне ер салғанда ше?! Ер салғанда жүйрік құнан қандай болады?! (Құнанға ер салған қимылды көрсетеді.)

БАЙҚУАТ: Үстіне ер салғанда жүйрік құнан шаңына жан ілестірмейтін бәйге  дөненге   айналады. (Жүйрік дөненнің  жүрісін салады.)

ҚУАНЫШ: Тамаша!.. Ал айылын... төс айылын тартқанда ше... сонда қандай болады?!. (Аттың төс айылын тартқан қимылды көрсетеді.)

БАЙҚУАТ: Төс айылын тартқанда... сол кезде тай маңайына жан жуытпайтын нағыз  тұлпарға айналады. (Тұлпардың шабысын көрсетеді.)

ҚУАНЫШ:  Өте керемет!..  Сондай керемет!.. (қосылып билей бастайды.) Иә, ат та бар... Байдың баласы да бар?. Енді не жоқ?!

БАЙҚУАТ (Атын тебініп қойып): Алтын сақа жоқ!.,

ҚУАНЫШ: Иә-иә, алтын сақа жоқ!.. Сосын Жалмауыз кемпір жоқ!

БАЙҚУАТ: Иә, сол жоқ. (Сахнаның бұрышына қарап) А, анау келе жатқан сол емес пе?!,

ҚУАНЫШ: Иә солар екен!.. Жезтырнақ екеуі келе жатыр... Қане, тығылайық!   

Екеуі сахнаның сыртына тығылады.

Сахнаға Жалмауыз кемпір мен Жезтырнақ шығады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР(ақырындап сахна шетіне жақындап): Әй, Жезтырнақ, біз қайда келгенбіз?!. Бұл не өзі, үй ме, дала ма?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ (ол да аяғын ұшынан басып): Үйбай, далаңыз не?!... Бұл дала емес!.. Тіпті, үй де емес!... Бұл театр ғой, Жалмауыз кемпір апай!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А, бағанағы театр ма?! (залға қарап)  Мына балалар да сол балалар ма?!. Әлі отыр ма осы жерде?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, солар ғой!.. Ойын көрейін деп келген!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ойын көрейін деп?!. Ау, осылардың бәрі ойын көрсе қозыны кім бағады?! Қойға кім қарайды?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Жо-жоқ, бұлар қозы бақпайды.. Қойға да қарамайды... Бұлар оқу оқиды!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А, осылардың бәрі оқу оқи ма?! (залға күн салып қарап) Сұмдық-ай, іштерінде мен сияқты үлкен кісілер отыр ғой, олар да оқу оқи ма?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Жо-жоқ, олар апайлары ғой!.. Олар оқымайды ... оқытады!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А, мен сияқты десейші! Мен сені қалай оқыттым  – бұлар да тура сол сияқты ғой?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, тура сондай, Жалмауыз кемпір апай!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А, онда жақсы екен! (Кенет таяғымен сахнаны дүңк еткізіп) Бірақ бар ғой, оқытқан соң дұрыстап оқыту керек!.. Қаққанда қанын, соққанда сөлін алып оқыту керек! (Жезтырнаққа қарап) Айтшы, мен сені сөйтіп оқытқан жоқпын ба?!

ЖЕЗТЫРНАҚ (дауысы өлімсіреп шығып): Иә-иә, тура солай!.. Қаққанда қанымызды... соққанда сөлімізді... Ешқашан аямайтынсыз?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ал сен содан жаман болдың ба?!. Ешқандай да жаман болған жоқсың! (залдағы балаларға қарап) Міне сендер де... сендерде егер қолыма түссеңдер тура сондай болады...(Жезтырнаққа қарап) Айтпақшы, әлгі бала қайда?!  Алтын сақаны іздеп келетін бала?! Анау сол емес пе?!.

          Сахнаның шетінен Қуаныш көрінеді. Басындағы тақиясын шешіп тастаған.

ҚУАНЫШ Сәлеметсіз бе, Жалмауыз кемпір апай!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (шошып кетіп): Не дейіт?! Мынау өзі мені таниды ғой деймін?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, таниды! (сыбырлаңқырап) Ойбай-ау, бұл айпаттың иесі ғой!... Бізді қамап қойған айпат ше – тура соның иесі!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (сыбырлаңқырап):  Рас па?!.. Бәсе... бәсе, тегін емес шығар деп өзім де ойлап едім. Зәлім екені көзінен көрініп тұр!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Үйбай, олай демеңіз!... Естіп қалса екеумізді де айпатқа қайта қамап тастайды...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, ол да мүмкін... бұл адамдардан бәрін күтуге болады! (дауысын өзгертіп, мүләйімсіп сөйлеп) Ай, өзің бір дұрыс бала екенсің! Үлкенді сыйлап... құрметтеп - ол жақсы ғой!.. Ал кейбір балалар  сыйламақ түгілі, тіпті, танымайды да!..

ҚУАНЫШ: Жо-жоқ, о не дегеніңіз!... Сізді танымайтын адам болушы ма еді?! Сізді жұрттың бәрі таниды!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Рахмет! Айтпақшы, мен өзіңнен бірдеңе сұрайын деп едім!.. Бізге бір бала келуші еді...

ҚУАНЫШ: А, бала дейсіз бе?!. Қандай бала?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Кәдімгідей... астында аты бар!.. Басында тақиясы бар!... Алтын сақа іздеп жүрген байдың баласы...

ҚУАНЫШ: А, иә, есіме түсті...  Астында қотыр тайы бар бала ғой?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (қуанып): Соның тап өзі... Келуі керек еді...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә, келуі керек еді.... Күте-күте көзіміз талды....

ҚУАНЫШ:  А, солай ма?!. Бірақ оған алаңдамаңыздар!... Бала келеді... Міне, қазір келіп те қалар!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Рас айтасың ба?! Шынымен келе ме?!.. Жарайды, онда күте тұрайық!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, күтейік.

Жалмауыз кемпірді қолтықтап ағаштың түбіне қарай беттейді.

ҚУАНЫШ (балаларға қарап): Міне көрдіңдер ғой... Жалмауыз кемпір де бар!.. Байдың баласы да бар!.. Енді тек Алтын сақа ғана  жоқ!.. Қазір ол да болады... (Әдемі дорбасынан айпатты шығарып, түймесін басып қалады.) Міне, Алтын сақа!

          Жалмауыз кемпірдің жанына жалт-жұлт етіп алтын сақа түсе қалады. Жалмауыз кемпір Алтын сақаны бас салады. Қуаныш ақырындап сахнаның сыртына шығып кетеді.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Сақа!.. Алтын сақа!.. Соның тап өзі! Бұл қайдан келіп қалды?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Қане, мен де көрейінші!.. Шынымен алтын сақа ма?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, алтын сақа! Жаңа ғана жоқ еді, аспаннан түсті ме?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, аспаннан түскен сияқты... Өзі өте әдемі екен!.. Жалт-жұлт етеді! Енді мұны не істейміз?!.. Сатамыз ба?! Сатып маған бір көйлек алсақ... Сосын бір телефон!.. Сотка!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ойбай, көйлегің не айтып тұрған?! Қайдағы көйлек?!.. Біз басқа... мүлдем басқа!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Басқа?!.. Қандай басқа?!. Әлде машина... «Тойото камри» аламыз ба?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жо-жоқ, басқа... Бала...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Не?! Қандай бала?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Кәдімгі... Кәдімгі... Күнімен айтып жүрген бала!.. ЖЕЗТЫРНАҚ: Мен... мен ешқандай баланы білмеймін. Әншейін, сіз айтқан соң   қоштай салып едім...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Бұрын білмесең енді білесің!.. Кәдімгі бала!.. Басында тақиясы бар байдың баласы!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Қазір не көп – бай көп! Сіз қандай байды айтып тұрсыз?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жапонияға барып баласына бүкіл Қазақстанда жоқ айпат сатып әкеп берген байды айтып тұрмын!.. Міне, сол байдың баласы қазір осында келеді. (Қолындағы алтын сақаны көрсетіп) Сосын мен оны шап беріп ұстап... аяқ-қолын байлап... (Қалай байлайтынын көрсете бастайды.) Ауызын буып... сосын подвалға... үйдің жертөлесіне апарып қамап тастаймын!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Подвалға... Үйдің астына!.. Ха-ха! Ха-ха!..  Аяқ-қолын байлап... ауызын буып... Қандай керемет!.. (Мәз болып билей бастайды.) Айтпақшы, сосын?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Сосын байға хабарлаймыз!..(Дауысын өзгертіп) Ақша керек пе, бала керек пе?!.. Ха-ха!... (Жалмауыз кемпір де мәз болып билей бастайды.)

ЖЕЗТЫРНАҚ (Одан сайын әндетіп билеп): Ха-ха!.. Оған, әрине, бала керек!... Өйткені онда ақша  көп... Ал бала... бала көп емес!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Әрине, көп емес!.. Бай адамда бала көп болушы ма еді?! Мықтаса бір-екеу ғана шығар?!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Жо-жоқ, бір-екеу де  емес!... (Саусағын шошайтып) Біреу ғана!.. Жалғыз!... Ха-ха! Байда ақша көп, бірақ бала жалғыз!.. Қандай керемет!.. (биін кілт тоқтатып) Кемінде бір миллион сұрау керек!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А?!. Бір миллион?!. Теңгемен бе?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Туһ, қайдағы теңге?!. Доллармен!.. Әмірикан долларымен!... Тура бір миллион!.. Онан бір тиын да кем емес!.. Ха-ха!.. (Кенет) Әне… әне, келе жатыр ғой деймін!..

            Көрермендер залының шығар есік жағынан бірі ат, бірі бала болып ағаш атқа мінгескен Қуаныш пен Байқуат көрінеді. Қуаныштың басында тақия.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, келе жатыр екен!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Үйбай, өздері атпен келеді ғой… Аты жүйрік шығар, ұстатпай кетпей ме?!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жүз жерден жүйрік болса да құтылмайды!... Міне, былай! (көрсете бастайды.) Бір тісімді жұлып лақтырсам бір аяғы сынады!.. Екі тісімді жұлып лақтырсам екі аяғы сынады!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ха-ха!.. Тамаша!.. Екі аяғы сынған соң ат қанша  жүйрік болса да қайда қашып құтылады дейсің?!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, солай!... Қане, жат! Ұйқтаған болып жата қалайық!

         Екеуі ағаш түбіне ұйықтаған болып жата қалады. Ағаш атқа мінгескен Қуаныш пен Байқуат сахнаға шығады. Байқуат басымен алысқан тұлпарды бейнелеп екі аяғымен жер тарпып қояды.

ҚУАНЫШ: Сәлеметсіздер ме?!. Сәлеметсіз бе, апай?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (Ұйқысынан шошып оянған болып) А?!. Не?!. Сәлемет пе?!.. Иә-иә, сәлеметсіңдер ме?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ (ол да шошып оянған болып): Кім?! Бұл кім?!..

ҚУАНЫШ: Бұл біз ғой!.. Біз!.. Сәлеметсіз бе?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: А, сәлеметсіз бе?! Мен бір әдемі түс көріп… сондай жақсы ұйқтап жатыр едім!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, мен де сондай!...Сондай  рахаттанып… енді ұйқтап бара жатыр едім…Таң атпай  не іздеп жүрген баласың?!

ҚУАНЫШ: Жоқ іздеп жүрген баламын, апасы!.. Бір жақсы затымыз жоғалып… соны іздеп жүрген жәйіміз бар!..

Байқуат-ат оны қостағандай аяғымен жер тарпып қояды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Астыңдағы атың да сөз түсіне ме деймін, шырағым?!..

ҚУАНЫШ: Иә-иә, аздап түсінеді... Өзіміздің ат қой!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Е, онысы жақсы екен!.. Қазір айтқан сөзіңді ат түгілі адам түсінбейтін заман болып тұр ғой!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә, сондай! Бірдеңе айтсаң сөзіңді сөз екен демейді… Тіпті, өзіңді мазақ қылады!.. Айтпақшы, жоғалтқан жоғыңыз не нәрсе еді – ат басындай алтын ба?!.

ҚУАНЫШ: Иә-иә, алтын!.. Алтын!.. Бірақ ат басындай емес… Кішкене, титімдей ғана  алтын асық.

Байқуат-ат та қоштап, аяғымен жер тарпып қояды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Асық дейсің бе?!. Жаңа ұйқтап жатқанда осы жерге бірдеңе түскен сияқты еді.(Сипалап, алтын сақаны алып шығады.) Міне, мынау ма?!

ҚУАНЫШ: Иә-иә, осы!.. Осы алтын сақа!.. Көшкенде жұртта қалып қойыпты!.. Соны іздеп жүр едік...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Іздесең...  міне, атыңнан түс те, келіп ала ғой!

      Алтын сақаны жерге тастайды. Сосын  баланы келген бойда шап беріп ұстай алуға дайындала бастайды.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, қане, ала ғой, балақай!

     Ол да баланы келген бойда шап беріп ұстап алуға дайындала бастайды.

ҚУАНЫШ (сақтанып): Жо-жоқ, мен осылай!.. Аттың үстінде тұрып-ақ... Сіз алтын сақаны маған осылай... аттың үстінде тұрғанда бере салыңызшы.

ЖЕЗТЫРҒАН (бірден өлімсіреген  кейіпке түсіп): Үйбай, шырағым-ау, мен қаусаған кәрі кемпір емеспін бе?! Отырсам, тұра алмаймын!.. Тұрсам, отыра алмаймын!..(Отырса тұра алмайтынын қисалаңдап көрсете бастайды.)

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, солай!.. Көріп тұрсың ғой, отырса тұра алмайды; тұрса отыра алмайды... Одан да  өзің аттан түсіп, ала салсайшы! (Аттан түссе шап беріп ұстай алуға дайындалады.)

ҚУАНЫШ: Жо-жоқ, мен де сондай... Атқа мінсем түсе алмаймын, түссем міне алмаймын!..

       Байқуат-ат аяғымен жер тарпып, басын шұлғып қостап қояды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Үйбай, мынау өзі зәлім бала екен!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә, сондай!.. Өзі де зәлім, астындағы аты одан да зәлім!..Мен мұнымен тұрып сөйлесейін!..

       Жезтырнақ орынынан тұрып ат үстіндегі Қуанышқа тұра ұмтылады. Бірақ Байқуат-ат жалт беріп ұстатпай кетеді. Жезтырнақ екпінін тоқтата алмай біраз жерге барып қайтады.

ҚУАНЫШ (Жезтырнаққа): Сіз... сіз, Жезтырнақ апай, алтын сақаны сіз әперіп жіберіңізші!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ой-бой, шырағым-ау, мен қалай әперем?!. Мен... мен де тоқтасам жүгіре алмаймын; жүгірсем тоқтай алмаймын! Міне, қарашы!...

      Жезтырнақ сахнаны айналып зырлап жүгіреді. Осы сәтте Байқуат-ат алтын сақанының жанына аяғын бүгіп жата қалады. Қуаныш көз ілестірмей алтын сақаны іліп алады. Сосын екеуі ағаш атқа мінгескен күйі сахнадан түсіп, балалардың арасымен залдың шығар есігіне қарай қашады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ойбай!... Кетті!.. Қашты!..  Қу!.. Қуыңдар!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә, қашты!.. Ұста!.. Ұстаңдар!..

     Екеуі сахнадан түсе салып қашқындарды қуып береді. Залда, балалардың арасында қашқындар мен қуғыншылардың арасында қызу жарыс басталады.  Қашқындар қуғыншылардың қолына түсе қоймайды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Әне!.. Әне кетті!... Ұстаңдар!.. Алдынан шығып ұстаңдар!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Тығылды!.. Қайда тығылды?!. Мына балалардың арасына жасырынды ма деймін?!. Жо-жоқ!.. Әне... әне кетіп барады екен!

      Қашқындар сахнаға қайта көтеріле бастайды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Әй-әй, тоқта!.. Тоқтаңдар!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ойбай, тоқтамайды!..  Тоқтамайды олар!.. Одан да тісіңізбен... тізіңізбен ұрыңыз!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, сөйтейін... Бұлардың сілесін сөйтіп қатырайын!.. (Ауызынан бір тісін жұлып алып лақтырған қимыл жасайды.) Мә!.. Бір тісіме бір аяғың сынсын!..

Сахнаға шыға берген Байқуат-аттың бір аяғы қиралаң ете қалады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Мә!... Екі тісіме екі аяғың сынсын!..

        Жалмауыз кемпір екінші тісін лақтырған қимыл жасайды. Байқуат-аттың екінші аяғы қиралаң ете қалады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (көрермендер залында тұрып мәз болып): А, құлады!.. Аяқтары көктен келіп құлады... Ха-ха!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә! Тырапай асты!... Екеуі де бірден тырапай асты!.. Ха-ха!... Енді құтылмайды!...

Екеуі әндете билеп сахнаға жақындайды.

БАЙҚУАТ (Қуанышқа): Қане, қаш!... Қаш!.. Жүгір!..

ҚУАНЫШ: Сені тастап қалай қашамын?!.

БАЙҚУАТ: Олар маған ештеңе де істемейді...  Олар сені... сені қуып жүрген жоқ па?!.. Әне!.. Анау ағашқа шығып кет!

          Қуаныш жүгірген бойы сахнаның ортасындағы ағашқа шығып кетеді. Шығып бара жатып алтын сақаны жерге түсіріп алдады. Байқуат аяғын қиралаңдата басып, ағаш атымен сахнаның сыртына қарай кетеді. Жалмауыз кемпір мен Жезтырнақ билеген күйі сахнаға шығады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (ағаш басында отырған Қуанышқа қарап): Ә, зәлім бала, қолға түстің бе ақыры?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, шаруасы бітті!..  Енді ешқайда құтылмайды!...

Екеуі ағашты айналып билеп әндете бастайды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жаман қашақ бала,

                                          Қане, мында қара!..

                                          Қолға түскен жерің

                                          Болды осы ара!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Қашып қайда бардың?!

                           Қорқып естен тандың!.

                           Паналадың басын,

                           Мына жаман талдың!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Құтылмайсың енді,

                                          Өлер жерің келді!

                                          Жаның қалар жалынсаң,

Апатайлап мені!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Түс ағаштан қане!..

                            Болса жаннан дәме!...

                            Бір миллион берсең,

                            Алтын сақаң әне!...

     Жезтырнақ анадай жерде жатқан алтын сақаны алып алады.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Міне, көрдің ғой, алтын сақаң бізде!... Бір миллион берсең болды - өзіңе қайтарамыз!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, кәдімгі әмірикан долларымен бір миллион берсең болды – алтын сақаңды қайтып аласың!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Сосын екі аяғы жоқ ақсақ атыңды мін де үйіңе қайта бер!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, солай!.. Қане түс!..

ҚУАНЫШ (екеуін мазақтағандай үнмен): Не?! Қайда түсем?!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жерге!.. Біз саған мына жерге... төменге  түс деп тұрмыз!..

ҚУАНЫШ: Мен төменге неге түсуім керек?!..  Маған осы жер ұнайды!.. (Ағаштың басында әрлі-берлі тербеліп ) Міне, қараңыздаршы, қандай керемет!.. Тура, әткеншек сияқты!.. Тіпті, әндетуге де болады.  (Әндете бастайды.)

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Мынау не дейіт?!.. Есі дұрыс па өзінің?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Меніңше, қорыққаннан жынданып кеткен сияқты!.. Әйтпесе, есі дұрыс адам ағаштың басында тұрып ән айта ма екен?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, солай-ау деймін!... Анық жынданған!...

ҚУАНЫШ: Мен бе жынданған?!. Ха-ха!.. Мен сіздерге жынданғанның қандай болатынын көрсетейін қазір... (иығындағы дорбасынан айпатты алады.) Төбеттерді шақырып... Қара төбетім мен Ала төбетімді шақырып, сіздердің сазайларыңды бергізейін!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (Қолын құлағына тосып): Не дейіт?!.. Мынау бірдеңе деп тұр ма?!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ойбай, ол әлгі иттерін... Қара төбеті мен Ала төбетін шақырайын деп жатыр!... Олар келсе жағдайымыз қиындайды!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Олар келгенше өзінің көзін құрту керек! Қане... қане, итер ағашты!.. Құлат!

ЖЕЗТЫРНАҚ (ағашты әрмен-бермен итеріп көріп): Ойбай, құламайды... тіпті, құлайтын түрі жоқ!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Онда қазу керек!.. Түбінен қазсақ қазір-ақ дүңк ете қалады!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, дұрыс!.. Түбінен қазу керек!.. Бірақ немен қазамыз?!. (айналасына қарап) Қолымызда түк жоқ!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Тіспен қазамыз!... Менің тісіммен қазамыз!..

     Ауызынан бір тісін жұлып алған қимыл жасайды. Сосын ағаштың түбін бұрқыратып қаза бастайды. Оған Жезтырнақ та көмектеседі. Ағаш әрлі-берлі шайқалып құлап түсетіндей болады. Қуаныш та ағашпен бірге әрлі-берлі тербеліп құлап түсуге сәл-ақ  қалады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ха-ха!... Бәлем, жаның қысылды ма?!. Қазір... қазір...Торға түскен торғайдай етіп.... Аяқ-қолыңды байлап... ауызыңды буып...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Көзіңді бозартып.... Бір тамшы су таттырмай!... Сосын... сосын жан керек болса... бала керек болса бір миллион долларды өздері-ақ әкеліп береді...

         Осы кезде сахнаға Қара төбет пен Ала төбет жарыса шауып шыға келеді.

ҚАРА ТӨБЕТ: Бұл не?!. Не істеп жатырсыңдар?!. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Ағашты құлатайын деп жатырсыңдар ма?!.. Нелерің бар бұл ағашта?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (бірден мүләйімсіп және өтірік естімеген болып): А?!. Не?! Мыналар бірдеңе дей ме?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ (ол да абдырап): Иә-иә, бірдеңе дейді?! Мына ағашты құлатайын деп жатырсыңдар ма дейді?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (одан сайын мүләйімсіп) Жо-жоқ, құлатқаны несі?!.. Біз қайта бұл ағаш мықты болсын деп... түбін қопсытып... су құяйық деп жатырмыз!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә, солай... Су құйсақ бұл ағаштың жемісі өте көп болады!...

ҚАРАТӨБЕТ: А, солай ма?!. Жемісі көп бола ма?!.

АЛА ТӨБЕТ: Айтпақшы, жеміс болғанда қандай жеміс ол?!... Көруге бола ма?! (Жоғары қарап, Қуанышқа көзі түседі) А?! Бұл сіз бе?! Сіз мұнда нағып отырсыз, Қуаныш көке?!. АФ!.. Аф!..

ҚАРА ТӨБЕТ ( ол да жоғары қарап): Иә-иә, мынау шынында сіз бе?!.. Бұл ағаштың басында сіз қайдан жүрсіз, Қуаныш көке?! Аф!.. Аф!..

ҚУАНЫШ (сыр білдірмей): Жәй әншейін дем алып отыр едім!... (Саусағын Жалмауыз кемпір мен Жезтырнаққа қарай шошайтып) Айт! Айт!.. Айтақ!...

ҚАРА ТӨБЕТ: А не дейіт?!. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Бұлар сізге тиісті ме?! Онда көрейік бұларды!.. Аф!.. Аф!..

      Ала төбет пен Қара төбет Жалмауыз кемпір мен Жезтырнаққа бас салады. Ол екеуі сахнаны бір-екі айналып қашып, сосын залға, балалардың арасына тығылады.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А?!. А?!. Өлтірді!.. Өлтірді!.. Құтқарыңдар!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, өлтірді!... Талап жейін деп жатыр!... Көмектесіңдер!..

     Екеуі Қуаныш пен Байқуат-аттың әлгіндегі  әрекетін қайталап балалардың арасына тығыла бастайды. Ал Ала төбет пен Қара төбет те олар Қуаныш пен Байқуатты қалай қуса енді өздерін де тура солай етіп қууға кіріседі.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А!.. О!.. Өлтірді!.. Әне өлтірейін деп келе жатыр!.. Милиция!... Милиция!...

ЖЕЗТЫРНАҚ! Ойбай, милицияңыз не!... Милиция жоқ қазір!.. Полиция деңіз!.. Полиция!... Қайдасыңдар?!. Көмектесіңдер!...

ҚАРА ТӨБЕТ: Бәрібір құтылмайсыңдар!.. Қайда қашсаңдар да құтылмайсыңдар!... Біз сендерді... Сендерді!.. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Иә!.. Иә!.. Қазір... Қайда тығылсаңдар да ұстап... Сазайларыңды беріп... Біздің Қуаныш көкемізге неге тиісесіңдер?!. Аф!.. Аф!..

           Ақыр соңында Қара төбет пен Ала төбет Жалмауыз кемпір мен Жезтырнақты сүмеңдетіп сахнаға айдап шығады.

ҚАРА ТӨБЕТ: Қане!.. Қане!.. Қолдарыңды көтеріңдер!.. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Иә!.. Иә!.. Дереу көтеріңдер!.. Аф!.. Аф!..

        Жалмауыз кемпір мен Жезтырнақ қолдарын көтереді.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, көтереміз ғой қолымызды!.. Түк жазығымыз болмаса да көтеріп келеміз...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Бәсе десейші!.. Біз не істедік?!. Ештеңе де істеген жоқпыз!.. Бар болғаны бір миллион... бір миллион сұрадық – сол ма жазығымыз?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Мен де соны айтам-ау!... Біздің орынымызда басқалар болса кемінде он миллион сұрар еді!..

ҚАРА ТӨБЕТ: Жә, болды!.. Сендерге бір миллион түгілі бір тиын да жоқ!

АЛА ТӨБЕТ: Дұрыс!.. Түк жоқ!.. (Жоғары қарап) Қуаныш көке, бұларды не істейік?!.

ҚУАНЫШ (ағаштың басында шіреніп отырған күйі): Алдымен, әлгі алтын сақаны берсін! (Жезтырнақ алтын сақаны береді. Қуаныш оны қалтасына алып алады.) Енді екеуі ағаштың түбін қайтадан көметін болсын.

ҚАРА ТӨБЕТ: Иә, қане көміңдер!... Тезірек көміңдер!... Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Дұрыстап... тура бұрыңғысындай етіп көміңдер! Аф!.. Аф!..

Жалмауыз кемпір мен Жезтырнақ ағаштың түбін қайтадан көме бастайды.

ҚАРА ТӨБЕТ: Қуаныш көке, бұдан кейін не істейміз?!.

АЛА ТӨБЕТ: Иә, ағаштың түбін көміп болған соң қайда жібереміз?!..

ҚУАНЫШ: Мен... мен оларды мына айпаттың ішіне қайта қамаймын!.. Жатсын сол жерде көздері бозарып!.. (Айпатын ашып, түймелерін басуға дайындалады.)

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (жыламсырап): Иә-иә, жатамыз ғой!.. Сол жерде жатпағанда басқа қайда барамыз енді?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Жо-жоқ, менің онда барғым келмейді!... Онда... айпаттың ішінде түк жоқ!... Құр жатасың әншейін.. Барғым келмейді!.. Бармаймын!...

         Жезтырнақ ызалана жылап ағаштың діңін сілкіп-сілкіп қалады. Сол кезде Қуаныш та ағаштан құлап кете жаздайды. Ағаштан ұстай беремін дегенде қолындағы айпаты түсіп кетеді. Жезтырнақ айпатты жерге түсірмей қағып алады.

ЖЕЗТЫРНАҚ: О, айпат!.. Айпат!..  Қандай тамаша!.. Қандай керемет!...

Айпатты алып тұра қашады.  Қара төбет пен Ала төбет оны соңынан тұра қуады.

ҚАРА ТӨБЕТ: Әй!.. Әй!.. Тоқта!.. Біреудің айпатында нең бар?!. Тоқта деймін!.. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Қашты!.. Айпатты алып қашты!.. Қане ұстаңдар!.. Аф!.. Аф!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Қаш!.. Қаш!.. Ұстатпа!...

ҚУАНЫШ (ағаш басынан айқайлап): Ұста!.. Ұста!.. Айт!.. Айтақ!..

   Жезтырнақ пен екі төбет сахнаны зырылдап бір-екі айналып шығады. Сосын Жезтырнақ айпатты екі қолымен алдына ұстап тұра қалады.  Сол сәтте екі төбет те қатар тоқтайды.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Қане, екеуің де қолдарыңды көтеріңдер!...

Екі төбет қолдарын көтереді.

ҚУАНЫШ (ағаштың басынан шырылдап): Әй, неге көтересіңдер?!.. Көтермеңдер!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ха-ха!.. Бұлар саған бағынбайды!.. Бұлар мынау айпатқа бағынады!.. Солай ма?!..

ҚАРА ТӨБЕТ: Иә, солай ғой!.. Біз тек  айпатқа ғана бағынамыз!.. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Иә-иә, айпатқа!... Айпат айтса болды – бізге заң!.. Аф!.. Аф!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Міне, көрдіңдер ме?!.. Ха-ха!... Айпаттың айтқаны заң болса қане билеңдер!. (айпаттың түймесін басып қалады. Музыка) Қане!.. Қане билеңдер деймін!...

     Жезтырнақ өзі бастап билейді. Оған Екі төбет те қосылады.

ЖЕЗТЫРНАҚ (Жалмауыз кемпірге): Қане сіз де... сіз де билеңіз!...

Жалмауыз кемпір де билей бастайды.

ЖЕЗТЫРНАҚ (әндетіп): Бағымыз ба, сорымыз ба,

Айпат түсті қолымызға!..

Енді бізге қарсы болып,

Ешкім тұрмас жолымызға!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (Әндетіп билеп):

Ешкім бізді жеңе алмайды!

Ақымызды жей алмайды,

Бір миллион әкел десек,

                                            Ақшамыз жоқ дей алмайды!.

ЖЕЗТЫРНАҚ (ағаштың басына қарап қойып): Иә-иә, солай!.. Тура бір миллион! (Төбеттерге қарап) Қане, сендер де айтыңдар!.. Ән айтып, би  билеңдер!..

ҚАРАТӨБЕТ (әндете билеп): Қара төбет қолға түсті,

                                                   Қашып жүріп зорға түсті.

Жезтырнақ пен Жалмауыздар

Құрып қойған торға түсті. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ (ол да әндете билеп):

Жасырмаймыз болған істі,

Ала төбет ол да түсті...

Айпат сөзі бізге заң деп

                                                      Үйге қайтар жолға түсті!.. Аф!.. Аф!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, дұрыс!... Енді үйлеріңе... айпаттың ішіне қайтасыңдар!.. Қане, шагом марш!..

      Қара төбет пен Ала төбет қолдарын көтеріп, сүмірейіп шығып кетеді.

ЖЕЗТЫРНАҚ(Айпатты көтере ұстап): Енді мынау айпат тұрғанда бізді ешкім жеңе алмайды!..Жасасын айпат!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жасасын айпат!.. (Сахнаның сыртын көрсетіп) Ана жаққа бізді енді ешкім де қуа алмайды!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Керісінше, біз қуамыз...  (жоғары қарап) Мына баланы да қуайын ба?!. Қазір жоқ қылып жіберейін!.. Жатсын айпаттың ішінде көзі бозарып. (Айпаттың түймесін  басуға дайындалады.)

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жоқ, болмайды!.. Оны қамап тастасасаң... сосын ақшаны... әлгі бір миллионды бізге кім береді?!. Сондықтан тірідей ұстау керек!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: А, солай екен-ау! Бір миллион деген де жерде  тегін жатқан жоқ! Сондықтан бұл зәлімді тірідей ұстау керек! (жоғары қарап) Әй, түсесің бе, жоқ па?!..

ҚУАНЫШ: Ха!.. Ха!... Мен неге түсемін?!. Маған осы жер де ұнайды!... Міне, қараңдаршы, дүниенің бәрі көрінеді! (Ағаштың бұтағына шығып айналаға қарап әндете бастайды.)

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ай, мынау  бізді мазақ қылады ғой деймін!... Біз қазір сенің қол –аяғыңды байлап... ауызыңды буып...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Көзіңді бозартып... Жан керек болса әкел бір миллионды!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, әкел бір миллион долларды!..

ҚУАНЫШ: Ха-ха!.. Бір миллион долларым болса мен осылай ағаштың басында отыратын  ба едім?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Мынау бізді шынымен мазақ қылып тұр екен! Көрсетейік бұған мазақ қылудың қандай болатынын!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, көрсетейік! Қаз, қане!.. Құлат ағашты.

      Және бір тісін суырып алып ағаштың түбін қаза бастайды. Жезтырнақ ағашты бір жағынан итеріп құлатуға тырысады. Ағаш қисайып, құлауға жақындайды. Қуаныш аяқ-қолы тырбаңдап ағаш басында әрең тұрады. Осы сәтте сахнаның түбінен Қызыл түлкі шығады. Оның артынан Сары түлкінің құлағы қалқиып көрінеді. Қызыл түлкі Сары түлкіге ымдап жасырына тұр деген белгі береді. Сары түлкі жасырынады. Қызыл түлкі  Жалмауыз кемпірге жақындап келеді.

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ (майысып): Сәлеметсіздер ме?!. Сәлеметсіз бе, апай?!. (Жезтырнаққа қарап) Сіз де сәлеметсіз бе?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (жақтырмай): Сәлемет пе?! Сен кімсің?!. Қайдан жүрген немесің?!

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Мен... мен Қырдың қызыл түлкісімін!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Қырдың түлкісі болсаң бұл жақта не ғып жүрсің?!

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Жәй қыдырып... серуендеп... Қарасам, сіздер жүр екенсіздер... Бірдеңе қазып жатырсыздар ма?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Мына ағаштың түбін қазып жатырмыз!...

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: А, онда не бар екен?!... Алтын бар шығар?!. Ағаштың түбіне алтын көмеді деуші еді!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Дұрыс айтасың – алтын!.. Бағасы тура бір миллион!..

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Бір миллион?! Рас па?! Мен де көрейінші!.. (ағаштың түбіне үңіледі.)

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Шырағым, онда емес! (Саусағын жоғары шошайтып) Әне, анда!..

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: А?! Қайда?!. (Жоғары қарайды. Қуаныш оған танымаған бол деп ымдайды. Қызыл түлкі де оны  түсінгенін аңғартады.) Бұл кім?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Бұл байдың баласы!...

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Байдың баласы болса ағаштың басында неғып отыр?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Бізге ақша берейін деп отыр!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, ақша!... Тура бір миллион!... Қазір мына ағашты құлатсақ  бір миллионды бөліп аламыз!...

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Бір миллион?!. Теңгемен бе?!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Шырағым,  сен бізді кім деп жүрсің?!.. Біз теңгеге жұмыс істемейміз?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, солай! Доллар!.. Тура бір миллион әмірикан доллары!..

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Рас па?!. Тура бір миллион ба?!.  Онда мен де қазайыншы!... (Ағаштың түбін кәдімгі түлкі сияқтанып бұрқыратып қаза бастайды.)

ЖЕЗТЫРНАҚ: Апырмай, мынау өзі жақсы қазады екен!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, сондай екен!... Бұрыннан да қазып жүргені бірден байқалады...

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Дұрыс айтасыз, қазғанда қалай!... Мен мұндай ағаштың талайын құлатқанмын!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Онда сен қаза берші!.. Біз шамалы дем алып алайық!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, сөйтші!.. Әйтпесе, біз күнімен қазып өлейік деп қалдық!... Айтпақшы, мә,  менің тісіммен қазшы!... (тісін беріп) Әй, бірақ байқа, жоғалтып алма!... Бұл менің ең соңғы тісім! (ауызын көрсетіп) Міне, басқа түк жоқ!..

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Жо-жоқ, жоғалтпаймын!...  Ал егер жоғалтсам онда сіздің бір тісіңіздің орынына өзімнің  екі тісімді жұлып беремін! Міне! (Ауызын ашып көрсетеді.)

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, жақсы!.. Біз аздап дем ала тұрайық!.. Қане, Жезтырнақ, кел!

          Жезтырнақты жанына шақырады. Осы Сәтте Қуаныш Қызыл түлкіге ымдап, айпатты қолға түсір деген белгі береді...

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Иә-иә, сіз де тынығып алыңыз... Мына дорбаңызды былай қоя салсаңызшы. (Жезтырнақтың иығындағы дорбаны алмақ болады.)

ЖЕЗТЫРНАҚ: Жо-жоқ, болмайды! Бұл өзіме керек!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, оған ие бол!.. Біреу-міреу қағып кетіп жүрер!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Жо-жоқ, ие болам ғой!.. Ешкімге бермеймін.

    Жезтырнақ айпат салынған дорбаны қолтығына қысып  Жалмауыз кемпірдің жанына қисаяды. Жатқан бойда екеуінің де ұйқтап кеткені аңғарылады.

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ (қазуын тоқтатып): Мыналар ұйқтады ғой деймін! Шынымен ұйқтап қалған сияқты. (Жатқан екеуінің жанына жақындап, ақырындап бесік жырын айта бастайды) «Ұйқтай ғой, бөпем, ұйқтай ғой!  Ұйқтай ғой, бөпем ұйқтай ғой!» Ха-ха! Ұйқтап қалыпты!.. Шынымен ұйқтап қалыпты!..(Сахнаның түбіне қарап ысқырып қалады. Сары түлкі шығады)

САРЫ ТҮЛКІ: Иә-иә, не болды?!.. Әлгілер қайда?!.

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Ұйқтап қалды!.. Екеуі де тырайып ұйқтап қалды! (ағаштың басындағы Қуанышқа  қарап.) Қане, түсіңіз!.. Тезірек түсіңіз!   

         Қуаныш ағаштан түседі. Қызыл түлкі әндетіп билей бастайды.

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Қызыл түлкі менмін!

                              Талай қызық көрдім!..

                              Жалмауыз бен Жезтырнақ,

                               Екеуін де жеңдім!..

САРЫ ТҮЛКІ (әндетіп билеп):

                               Сары түлкі менмін!

                               Алыс жақтан келдім!

                                «Алтын сақа» дейтін,

                                Ертегі айтып бердім!..

ҚУАНЫШ (ол да әндетіп билеп):

                                  Би билейміз талмай,

                                  Ән саламыз қалмай!

                                  Ертегіміз қызық,

                                  Тәттілігі балдай!...

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Ал, болды, кетейік!..

САРЫ ТҮЛКІ: Иә-иә, кетейік!... Әйтпесе, мыналар оянып кетіп жүрер!

ҚУАНЫШ: Жо-жоқ, болмайды!.. Алдымен айпатты алуымыз керек!..

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: А, солай екен ғой!.. Оны ұмытып кете жаздаппыз!..

                      Үшеуі үш жақтан аяқтарын ұшынан басып, ұйқтап жатқан Жезтырнақтан айпатты алуға әрекет жасайды.

ҚУАНЫШ (ақырын сыбырлап): Қазір... қазір... мен оны бірден... міне, былай!

      Жезтырнақтың мойынындағы айпатты алмақ болады. Бірақ сол сәтте Жезтырнақ ұйқысырап сөйлеп, аунап түседі. Қуаныш шегініп кетеді.

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Жо-жоқ, мен... мен оны бірден... былай жұлып аламын!   

      Жұлып алмақ болып төне түседі. Бірақ сол кезде Жезтырнақ тағы да ұйқысырап сөйлеп екінші жағына аунап түседі. Қызыл түлкі де шегініп секіріп кетеді.

САРЫ ТҮЛКІ: Қане!... Қане, мен көрейінші!

                  Жезтырнаққа төне түседі. Осы Сәтте Жалмауыз кемпір ұйқысырап сөйлеп екінші жағына аунап түсенді.  Сары түлкі шошып кейін секіргенде Жалмауыз кемпірдің аяғын басып кетеді.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (шошына айқайлап): А!.. А!.. Өлдім!.. А!..

           Қызыл түлкі мен Сары түлкі сахнаның сыртына қарай қашады. Қуаныш ағаштың басына қайта шығып, ұйқтаған болып отыра  қалады. ЖЕЗТЫРНАҚ(шошып оянып):  А?!. Не?!. Не болып қалды?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: А!.. Өлдім!.. Өлдім!... Аяғым!... Біреу аяғымды басып кетті!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Кім?!.. Кім басты?!.  А, әлгі Қызыл түлкі басқан шығар?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, сол ғой деймін... (басын көтеріп) Қайда ол өзі?!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, қайда кеткен?!. (Ағаш басындағы Қуанышқа қарап) Қайда ол?!

ҚУАНЫШ: Кім?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Қызыл түлкі!.. Әлгі қызыл түлкіні айтам!..

ҚУАНЫШ: Қандай қызыл түлкі?!. Бұл жерге ешқандай да қызыл түлкі келген жоқ!.. Сіздер оны түстеріңізде көрген шығарсыздар!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (орынынан тұрып): А, не дейіт?!. Мынау рас айтып тұр ма?!. Әлгі түлкіні... қызыл түлкіні мен шыныммен түсімде көрдім бе?! (Жезтырнаққа қарап) Солай ма?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Мен... мен білмеймін... Өңім бе... жоқ, түсім бе... әйтеуір бір қызыл түлкіні көрген сияқтымын...

ҚУАНЫШ: Иә-иә, түсіңізде... Қызыл түлкіні түстеріңізде көргенсіздер!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Қап-әй,  мына заржақ неме зарлап қоймады ғой!.. Қане, қазайық ағаштың түбін!..

ҚУАНЫШ: Ха-ха! Қалай қазасыз?!. Ауызыңызда бір тісіңіз жоқ, немен қазасыз?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (қолымен ауызын сипап көріп): Иә-иә, жоқ екен!... Түк қалмапты!... Енді қайттік?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ағашты құлату керек!... Өзі де, міне, құлайын деп тұр!...

Ағашты итереді. Ағаш, шынында, бір жағына қисайып кетеді. Қуаныш аяқ-қолы тырбаңдап ағашқа жабыса түседі. Жезтырнаққа Жалмауыз кемпір көмекке келеді. Ағаш одан сайын қисая түседі.

Сахнаға Сары түлкі шығады.

САРЫ ТҮЛКІ: Сәлеметсіздер ме?!. (Жалмауыз кемпірге қарап): Сәлеметсіз бе, апай?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Сәлемет пе?!... А, тағы біреуі келді ғой деймін?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, келді!  Тура кешегідей түлкі!.. Бірақ ол қызылдау ма еді, қалай?!.

САРЫ ТҮЛКІ: А, ол қырдың қызыл түлкісі ғой, ал мен сайдың сары түлкісі боламын!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә, сайдың сары түлкісі, сайрап сен қайдан келе жатсың?!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Бәсе десейші... Осындай мезгілсіз уақытта бұл жерде не істеп жүрсің?!

САРЫ ТҮЛКІ (майысып): Мен... мен әншейін... сіздерді көріп... сәлем берейін деп... Не, мына ағашты құлатайын деп жатырсыздар ма?!

ҚУАНЫШ (ағаштың басынан сөйлеп): Иә-иә, құлатайын деп жатыр... Кешеден бері осымен айналысуда, бірақ қолдарынан түк келетін емес!..

САРЫ ТҮЛКІ (жоғары қарап): А, сіз кімсіз?! Ағаштың басында неғып отырсыз?!

(Саусағын ерінінің ұшына апарып, танымаған болып ымдайды.)

ҚУАНЫШ (ол да танымаған болып): Жәй... мына далаға... тау жаққа қарап... көңіл көтеріп отырғаным ғой...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, көңіл көтеріп отыр!... Қазір бізге бір миллион берсе көңілі одан сайын көтеріледі...

САРЫ ТҮЛКІ: Анық па?!. Рас, бір миллион ба?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Әрине!.. Қазір мына ағашты құлатсақ тура бір миллионды санап аламыз!

САРЫ ТҮЛКІ: А, онда...  мен де... мен де көмектесіп жіберейін!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ай, мынау тым  жылпылдап кетті ғой!... Бір пәле жасайын деп тұрған жоқ па?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ол да мүмкін... Кешегі түлкі... тап осындай түлкі... ой, сұмдық зәлім екен!..

САРЫ ТҮЛКІ: Жо-жоқ, айттым ғой, ол қырдың қызыл түлкісі... Ал мен сайдың сары түлкісі... Бізде өтірік айту деген ешқашан болған емес! Қане! Қане!..

Үшеуі ағашты бір жағынан итере бастайды. Ағаш кәдімгідей қисаяды. Қуаныштың аяқ-қолы тырбаңдап жерге құлап түсе жаздайды. Бірақ үшеуі оған бәрібір қол жеткізе алмайды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жо-жоқ, болмады!.. (Жезтырнаққа) Сен, қане, үстіме шықшы!

ЖЕЗТЫРНАҚ (түсінбей): Не?!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (иығын көрсетіп): Үстіме... иығыма шық деймін... (Сары түлкіге) Ал сен ағашты жібермей итеріп тұр!...

САРЫ ТҮЛКІ: Жақсы... жақсы! Жібермей мықтап итеріп тұрайын...

       Сары түлкі ағашты жібермей қисайтып итеріп тұрады. Жезтырнақ Жалмауыз кемпірдің иығына өрмелеп шыға бастайды. Жалмауыз кемпір оны көтеріп ағаштың түбіне жақындайды. Жезтырнақ бір қолымен ағашқа сүйеніп, бір қолымен Қуаныштың аяғынан ұстайды. Қуаныш аяғымен тепкілеп құтылуға тырысады. Бірақ Жезтырнақ оны жібермейді.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Әп, бәлем, түстің бе қолға!.. Қане, тарт!.. Аяғын сындырып, жұлып ал!..

       Жезтырнақ Қуаныштың аяғынан ұстап тарта бастайды. Қуаныш құлауға айналады. Осы сәтте Сары түлкі бір қолымен ағаштың діңгегінен ұстап тұрған күйі, екінші қолмен Жезтырнақтың мықынынан қытықтай бастайды.

ЖЕЗТЫРНАҚ: А-А!.. Ха-ха!... (Кенет Қуаныштың аяғын жібере салып жерге құлап түсіп, сықылықтап күле бастайды.) Ха-ха!.. Хи-хи!... Ой, ішегім-ай!... Ой, жаным-ай! Хи-хи!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Мынаған не болды?!... Аяқ астынан жынданып кетті ме?! (Сары түлкіге қарап) Әлде сен бірдеңе жасадың ба?!...

САРЫ ТҮЛКІ: Жо-жоқ, ештеңе жасаған жоқпын!... Мен, міне, ағашты итеріп тұрмын ғой! (Екі қолымен ағашты итеріп тұрған қалып көрсетеді.)

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, мен сондай қытығым келіп... Хи-хи!... Ха-ха! (Кенет күлкісін тиып, жынды адамша орынынан атып тұрып) Қап, мынау бізді шынымен мазақ қылды-ау!.. Енді не істесем екен?!. Не істесем екен?! (Кенет мойынындағы айпат салынған дорбаны лақтырып жіберіп) Мен... Мен мұны өзім... Міне былай, өзім! (Жүгірген бойы барып ағашқа өрмелей бастайды... Жалмауыз кемпір оның соңынан ұмтылады. Бірақ Қуаныш Жезтырнақты аяғымен тепкілеп жолатпайды.. Жезтырнақ тыраң етіп жерге құлап түседі. Осы екі арада Сары түлкі жерде жатқан айпатты іліп әкетеді. Оны көріп Жалмауыз кемпір де, Қуаныш та аңырып тұрып қалады.

Пауза. Жым-жырт тыныштық. Сосын Жезтырнақ ақырындап басын көтереді.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Мен... мен өліп қалған жоқпын ба?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (Кенет дауыс салып жылап): Ойбай, сен өлген жоқсың!... Ешқандай да өлген жоқсың сен!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Өлмесем неге жылайсыз?!... Дауыс салып соншама неге жылап тұрсыз?!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ойбай, бүйткенше өлгенің жақсы еді?!... Өмірем қауып өлгенің жақсы еді бұдан да! Ойбай-ау, біз айпаттан айырылып қалдық қой! (бүйірін таянып жоқтауын үдете түседі.) Арманда кеткен қайран айпатым-ай менің!

ЖЕЗТЫРНАҚ: А?! Айпат?!  (үсті басын сипалап)  Ол қайда?! Қайда?!

Жалмауыз кемпір дауыс салып отырған күйі иегімен Сары түлкі жақты нұсқайды.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ә, зәлім, әкел айпатымды!..

        Жезтырнақ Сары түлкіге тұра ұмтылады. Сары түлкі сахнаны айналып  қашады!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Ұста!.. Ұста!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Арман да кеткен қайран айпатым-ай! (Жоқтауын жалғастырған  күйі ол да тұра қуады. Осы сәтте Қуаныш ағаштан секіріп түседі.

ҚУАНЫШ: Қаш!.. Қаш!..Бермен қарай қаш!

      Сары түлкі қашқан бойы  айпатты Қуаныштың қолына ұстатады.

ҚУАНЫШ (айпатты алдына көтер ұстап) Тоқта!.. Тоқтаңдар!... (Жалмауыз кемпір де, Жезтырнақ та тоқтай қалады.)  Қане, қолдарыңды көтеріңдер!... (Екеуі де қолын көтереді. Қуаныш айпатты көтере ұстаған күйі оларға жақындайды.) Сіздер... сіздер мына айпатты көріп тұрсыздар ғой?!.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР МЕН ЖЕЗТЫРНАҚ (қосарланып): Иә-иә, көріп тұрмыз ғой... Көріп тұрмыз?!

ҚУАНЫШ: Көрсеңіздер осы айпаттың бұйрығына бағынасыздар ғой?!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Иә-иә, әрине, бағынамыз!

ЖЕЗТЫРНАҚ: Бағынбай өле алмай жүр дейсің бе?!...

ҚУАНЫШ: Ал бағынсаңдар... бағынсаңдар осымен ойын бітті... Енді үйлеріңізге қайтасыздар

Ана екеуі қолдарын түсіріп, аңырып тұрып қалады.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Біткені қалай?! Неге бітеді?!. Әлгі миллион?!. Бір миллион  доллар!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Ойбай, оны қойыш!.. Миллион деген не?!. Құрысын миллионың!.. Одан да ойынды айтсайшы!.. Бүгінгі ойынымыз шынымен  бітіп қалғаны ма?!.

Сахнаға Қызыл түлкі, Қара төбет пен Ала төбет және астында ағаш аты бар ақсаңдай басқан Байқуат шығады.

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ: Жо-жоқ, тоқтай тұрыңдар!.. Неге бітеді?!.  Бүгінгі ойын біз келмей тұрып қалайша бітпек сонда?!.

ҚАРА ТӨБЕТ: Бәсе десейші!.. Біз үйде... айпаттың ішінде қамалып жатамыз, ал бұлар болса ойынды бітіре салмақшы!.. Мұны қалай түсінуге болады?!. Аф!..Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Иә-иә, солай!... Өздері бізді үйге жібереді, сосын бізге түк айтпай, ойынды аяқтай салмақ! Осы да әділдік пе?!  Аф!.. Аф!..

БАЙҚУАТ (ағаш атын қамшылап қойып): Мен де соны айтам-ау! Біз жатамыз... аяғымыз сынып... жүре алмай!...Ал бұлар болса бәрін бітіріп... (залға қарап қойып)  Мына жұрттың бәрі кетейін деп жатыр ма?!.

ҚУАНЫШ: Жо-жоқ, ешкім де кетейін деп жатқан жоқ!... (Залға қарап) Ойын әлі біткен жоқ!..

САРЫ ТҮЛКІ: Иә-иә, біткен жоқ!.. Біздің әлі ән айтуымыз керек!.. Би билеуіміз керек!..

ҚАРА ТӨБЕТ: Дұрыс, ән айтуымыз керек!.. Би билеуміз керек!.. Аф!.. Аф!..

АЛА ТӨБЕТ: Мен де қостаймын... Сонша жерден келіп ән айтпсасқ, би билемесек ол қалай болады?!. Аф!.. Аф!..

 БАЙҚУАТ (ағаш атын қамшылап қойып): Дұрыс!... Әсіресе би билеуіміз керек!... Бүгін менің сондай билегім келіп тұр! (Билемек болады, бірақ аяғы қираң ете қалады.) Ой, аяғым!.. Аяғым!.. (Жалмауыз кемпір мен Жезтырнаққа қарап)  Бәрі сендердің кесірлерің.... Егер сендер болмағанда... сендер болмағанда мен қазір қандай билейтін едім!..

ҚУАНЫШ: Дұрыс!.. Сол үшін де қазір бұл екі кісіні... екеуін де бірден үйлеріне қайтарамыз... (Айпатын ашып, түймесін басуға дайындалады.)

ЖЕЗТЫРНАҚ: Жо-жоқ, қоя тұрыңызшы!... Біз байқамай... жәй әншейін...(жылап жібере жаздап) Менің де билегім келіп тұр!... Билеп ән айтқым келіп тұр шынымен!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Мен де... мен де солай!.. Көптен билеген жоқ едім!... (Байқуатқа қарап)  Сіз кешіріңізші!... Біз шынында байқамай... абайламай!... Әйтпесе, сіздің аяғыңызда не шаруамыз бар!...

ЖЕЗТЫРНАҚ: Иә-иә, солай!.. Сіз бізді кешіріңізші!..

БАЙҚУАТ: Әрине, кешірер едім!... Бірақ, аяғым... Билей алмай тұрғанда қалай кешіремін?!..

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Жо-жоқ, сіз билейсіз!... Рас айтам! Қане, билеп көріңізші!..

БАЙҚУАТ (ағаш атын тебініп қойып): А, рас па?!. Билей алам ба?!. Қане, көрейінші!...

     Бір басып, екі басып ақырын билей бастайды... Сосын бірте-бірте тарсылдатып билеп кетеді.

БАЙҚУАТ: А, биледім!... Шынымен керемет билеп кеттім!...

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Демек, сіз кешіресіз ғой?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ: Мені... мені де кешіресіз ғой!...

БАЙҚУАТ: Иә-иә, кешіремін... Бәріңді де кешіремін!.. Ах!.. Ох!...

Ағаш атымен тайраңдап билей бастайды.

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР (Қуанышқа жақындап):  Сен де... сен де бізді кешіресің ғой?!.

ЖЕЗТЫРНАҚ(қипақтап келіп): Иә, кешіреді ғой... Қараңызшы, өзі қандай  жақсы бала!..

ҚУАНЫШ: Жо-жоқ, мұны алдымен өзгелерден... мыналардан сұрау керек! (Қызыл түлкі мен Сары түлкіге екі төбетке жақындап) Сендер не айтасыңдар?!. Кешіресіңдер ме?!.

ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ МЕН САРЫ ТҮЛКІ (қосарланып): Иә-иә, кешіреміз!.. Онда тұрған не бар?!.

ҚАРА ТӨБЕТ ПЕН АЛА ТӨБЕТ (қосарланып):  Біз де кешіреміз!.. Кешіреміз!.. Аф!.. Аф!..

ҚУАНЫШ: Жарайды!.. Жарайды, онда мен де кешірдім!

ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР: Рахмет!.. Бала-шағаңның рахатын көр!..

ЖЕЗТЫРНАҚ: Мен де солай!.. Рахмет!.. (майысып жақындай түсіп)  Сенімен билейінші... Қане, билейікші...

ҚУАНЫШ: Қазір... қазір! (Қалтасынан алтын сақаны алып лақтырады, Алтын сақа  жалт-жұлт етіп ортаға түседі... Бәрі алтын сақаны айналып, әндетіп, билей бастайды...

ҚУАНЫШ (билеп жатқан топтың ортасынан шығып, сахнаның шетіне қарай жақындап) Құрметті балалар! Қадірлі көрермендер! Бүгінгі ойынымыз осымен аяқталды... Келесі кездескенше аман сау болыңыздар!

Ән, би күшейе түседі.

 Шымылдық

25 Қазан 2017
66
0
0