Данияр Базарқұлов: "Ол" – менің жан айқайым

Ішкі күйімді спектакль ойнау арқылы, спектакль қою арқылы шығарамын. Сол жерден менің қандай күй кешіп жүргенімді түсінуге болады. Мәселен, «Ол» спектаклі. «Ол» – менің жан айқайым.

"Қара шекпен" (авт. – Г.Хугаев) Тұзар – Д.Базарқұлов

Сұхбаттасқан Гүлім Көпбайқызы

кинотанушы





Бүгінде біз танитын Данияр Базарқұлов әкесі Жоламан Базарқұловтың сахнадағы сарабдал жолын жалғастырып, сүрлеулі соқпағының ізін жаңғыртып, өнер жолына келгенін білеміз. 1998 жылдан бері есептесек, келесі жылы өнерде жүргеніңізге 20 жыл болады. Киелі өнер әлеміне алғаш қадам басқан мұзбалақ Данияр мен бүгінде кәсіби актер болып қалыптасқан Данияр жайлы сөз өрбітсек...

Кез келген жанның өнерге келуіне біреу себепші болатынын бүгінде анық түсіндім. Екіншіден, өнер бойға әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен беріледі. Енді біреулер бұл салаға бойында талантының бар екенін аңғармай, адасып келеді. Солардың бірі – мен. «Музыкалық драма» мамандандыруына  түскенімді қайдам, не дауыс жоқ, не ән айта алмаймын, не биге икемім болмады. Өзімді «талантсыз» деп ойлайтынмын. Бірақ, математика, тарих пәндерінен жақсы болдым. Сол себепті де бала кезімде заңгер болуды армандаған болармын. Бүгінгі күнге дейінгі өмірімнің жиырма жылына көз жүгіртсем, талай дүниенің өзгергенін, біршама баспалдақтан өткенімді байқаймын. Менің бақытым – мықты ұстаздардың, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Амангелді Сембиннің шеберханасында білім алуым. Сол жанның арқасында ритмді, әуенді түсіндім, ән айтып үйрендім. Студенттік өмірімнің екі жылы өткеннен кейін ғана бойымдағы қасиеттерді біртіндеп байқай бастадым. Соңғы курста дипломдық екі спектакльде басты рөлдер ойнадым. Қазір ол рөлдерге күліп қарағаныммен, сол кезде мен үшін сәтті шыққандай көрінетін. Оқу орнынан кейінгі өнер деген алып кемеге нық отыруға септігін тигізген Батыс Қазақстан облыстық Орал театры. Осы тұста Оралға барғанымыздың бақытын айтайын. Тобымызда бітірген жеті бала жалындаған жастықпен жаңа толқын болып, академиядан кейін аталмыш өнер ордасына бет алдық. 2002 жылдары ол театрда жастар тапшы болғандықтан, біздің бағымызға орай, дұрыс ойнасаң да, бұрыс ойнасаң да рөлден тапшылық көрсетпеді. Үлкен буын актерлерге қарап бой түзейсің,  соның арқасында мол тәжірибе жиналды. Сол Оралда жүріп радиода, телевизияда жұмыс істедім, колледжде, мектепте сабақ бердім. Филармонияда жүргізуші қызметінде болдым. Міне, осындай қарқында жұмыс жасағандықтан болар, бүкіл қырым мен сырым сол Ақжайықта ашылды. Сол кездегі театрға келетін көрермендердің басым көпшілігі жастар болғандықтан: «Алматыдан келген жастар бүгін ойнай ма?» деп, іздеп жүріп театрға асығатын. Сахнаға шыққан сайын құшағымызды гүлге толтырды. Оралда жүріп-ақ Нью-Йорк қаласына фестивальге қатыстық. Режиссер Қ.Қасымовтың сахналауындағы «Ромео мен Джульеттасындағы» Ромеосынан бастап, А.Маемировтың «Зоопарк» қойылымы арқылы біраз додаларда бой көрсеткеніміз де бар. Ең қуаныштысы одан дандайсып кеткен ешқайсымыз жоқ. Театр директоры кеудемізде нан пісіп кетпесін деп ақырын ғана сабамызға салып отырғанымен, сахнада, өнерде басқан емес. Жасыратын ештеңесі жоқ, облыстық театр менің өнер жолымдағы үлкен мектебім. Академиялық театрларға келгенде көбі облыстық театрдан келген деп жатады. Олай бөліп қарауға еш болмайды. Шындығында, нағыз еңбек сонда жатыр. Академиялық театрлардың аты болмаса, тындырып жатқандары шамалы. Қазір сол жылдарға көз жүгіртсем, сахнада барша актер қауымы армандайтын біршама рөлдерді сахналаппын. Бәлкім, соның арқасында ашылып, кәсіби тұрғыдан шыңдалып, бүгінгі Даниярға жеткен болармын.

Өзіңізді қандай актер ретінде бағалайсыз?

Кәсіби тұрғыдан қарағанда, мен өз бағамды білетін адаммын. Ешкімнің жолын қиып, біреуге жаманшылық жасаған емеспін. Ерекше бір қасиетім – жақсылық пен жамандықты ұмытпаймын. Егер мен қиналған сәтте біреу маған он теңге берсе, ол өмір бақи санамда қалады. Орайы келгенде, сол он теңге берген адамға он мың теңге қылып қайтаруға тырасамын. Жамандық жасаған адамды кешіре алмаймын. Кешірдім дегенмен, көңілімде қалады. Бәлкім, өте сезімталдығымнан болар. Қызбамын. Жасқа жас қосылған сайын сабырлыққа бой алдырып, ұстамды болуға үйренудемін. Десе де, ішкі күйімді спектакль ойнау арқылы, спектакль қою арқылы шығарамын. Сол жерден менің қандай күй кешіп жүргенімді түсінуге болады. Мәселен, «Ол» спектаклі. «Ол» – менің жан айқайым.

Сөзіміздің арнасын осы моноспектакльге бұрсақ. Моноспектакльде ойнау арқылы қоғамның әлеуметтік мәселелерін қаншалықты жеткізуге болады?


Д.Базарқұлов "Ол" (авт. – Е.Аманшаев, реж. – Е.Карібаев)

Біздер көбіне театрға білімді, білікті режиссер, педагог, суретшілер жетіспейді деп ашынамыз. Ашындық екен деп отыра беруге де  болмайды. Ой-пікірлеріміз бір жерден шығатын замандастарымыз барда, неге осылай жүре беруіміз керек? Содан әріптесім Ерлан Карібаев екеуіміз біріге отырып, «Ол» моноспектакліне жан бітірдік. Спектакльдің интерпретациясын жасауды өз мойныма, Ерланның режиссерлік білімі, өзіңдік көзқарасы болғандықтан бағыт-бағдар беруді оған тапсырдым. Бірлесуіміздің арқасында жақсы тандем шыққандай. Әрине, спектакльді «шедевр» дей алмаймын, дегенмен адамдарға, қоғамға деген өкпемді, ренішім мен назымды сол қойылым, сондағы кейіпкерім арқылы айтуға тырыстым. Бүгінде көп жандардың ішкі әлемі айқайлағанмен, сыртқа шығыра алмайды. Ал, «Ол» моноспектаклін қоюдағы мақсатымыз – көріп отырған көрермен өзінің бет-бейнесімен тікелей жүздесіп, әлеміне бір уақыт көз жүгірткізу.

Сіздіңше бүгінгі таңда мықты артистер бар, режиссер жоқ боп тұр ғой?..

Қарымды режиссерлер бар, бірақ олар күн көрістің қамына кеткен. Спектакльдерді қойып-қойып қиялдары, қоры таусылды ма, түсініксіз. Қайталау басым. Жақсы актердің мың штампы болу керек дегендей, режиссерде соңдай болуы тиіс. Еліміздегі Қ.Қасымов, Ж.Хаджиев, М.Ахманов, т.б. театр режиссерлерімен біріге жұмыс жасадық, еңбектерін мойындаймын, құрметтеймін. Ал, шетелдіктерден ресей режиссері Юрий Бутусовпен жұмыс жасауды армандаймын. Жалпы, біздің ортамыздағы кей режиссерлер рөлге келетін актерді көріп тұрып,  көрмеген түр танытады. Өзіңе сенімді болған тұста мына кейіпкерді маған бергенде әлдеқайда тереңірек аша түсер ме едім деп қапаланған кездерім болды. Бұл жерде режиссерге немесе актерге реніш танытып отырғаннан пайда жоқ. Қолыңнан келе ме, спектакльді өзің қой.

Бүгінгі өз замандастарыңыздың ортасынан үздік бес актерді ата десе, кімдердің есімдерін алға тартасыз? Өзіңізді сол бестіктің ішінде нешінші орынға қояр едіңіз?

Әріптестерімнің арасында ешкімді бөліп-жарған емеспін. Менің замандастарымның әрқайсысы әр түрлі театрда жүр. Кез келген өнер ордасының өз кіл мықтылары бар. Сол себепті мойындайтын актерлерім жоқ емес. Мәселен, біздің тетардан кәсіби деңгейі жоғары, парасатты актерлердің бірі деп – Рахман Омаров ағамызды айтқым келеді. Ол өзінің шеберлігін әлдеқашан дәлелдеген, сонда да ашылмаған қырлары көп деп ойлаймын. Шығармашылық жолында бағын ашар режиссердің жолығуын тілеймін. Одан кейін Еділ Рамазанов ағамыздың есімін атар едім. Актрисалардан Жанар Мақашеваны ерекше атағым келеді. Оның талантын мен ғана емес, еліміздегі өнер адамдарының көбі мойындайды. Жанар – сахнаға шыққанда жанады, өзіне ғана тән қасиеті бар дарын иесі. Жастардың ішінде Ақбота Қаймақбаева есімді актрисамызды атап өткім келеді. М.Әуезов атындағы театрдан Дулыға Ақмолданың кәсібилігін мойындаймын және актер Еркебұлан Дайыровтың шығармашылығы қызықтырады. Елордамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрынан Қуандық Қыстықбаев, Сырым Қашқабаев, Нүркен Өтеуілов, т.б. актерлерден құралған ансамбльді жақсы көремін, өнерлерін жоғары бағалаймын. Жалпы, ол жақтағы труппаның актерлік ансамблін ерекше құрметтеймін. Сондай-ақ, Астана қаласының Жастар театрындағы Дәурен Серғазин бастаған актерлік ұжымды атап өткім келеді. Бұл өнер ордасы – нағыз тірі ағза. Еңбектері қашан да өзгелерден өзгешеленіп тұрады. Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы қазақ драма театрының артистері, әріптестерім Медғат Өмірәлиев пен Кенжебек Башаровтың актерлік шеберліктерін, сахнадағы еңбектерін байқамау мүмкін емес. Алыста жүрсем де сырттай бақылап, кәсіби ойындарына, ізденістеріне тәнті болып жүремін.     

Осыдан біраз уақыт бұрынғы бір сұхбатыңызда: «...бос жүрсем басым ауырады. Жыңданып кете жаздаймын, бос уақытым болмаса екен деп тілеймін» депсіз. Қазір қалайсыз?

Қазір жақсы қасиетке ие болдым, сәл уақытым бола қалса кітап оқимын. Ізденіс үстіндемін... Санамды серпілтетін дүние іздеудемін... Ақыл-парасатымды  дамыту жолында жұмыс жасалуда. Деңгейіңді жоғарлатпай, зейініңді тереңдетпей спектакль қоя алмайтыныңды түсіндім. Сол үшін де ізденемін. «Шыңырау» спектаклі осыңдай ізденістен пайда болған дүние. Бүгінде күн демей, түн демей ойға келген дүниелерді қағазға түсіруге дағдыланып келем.

Міне, келесі сауалды осыған әкеп тіремекпін. Жиырма жылға жуық сахнада актер болып келген Данияр Базарқұлов соңғы уақытта режиссерлік жұмыстарымен көзге түсе бастады. Режиссер болу қалай екен? Мүмкін, Сіз режиссерлердің жұмысына көңіліңіз толмағандықтан бұл жолға келіп отырған шығарсыз?

Қазіргі мақсатымның барлығы осында жатыр. Жаңа бағытта жаңа леппен жаңаша қойылымдар туғызатын... еліміздегі жаңашыл режиссер болу. Мысалға, «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» шығармасын бүкіл жерде қойды. Бірақ, сен оны өзгеше формада жандандырсаң, ол бәрібір сенің шешіміңдегі, сенің бейнеңде, сенің қиялыңдағы өнер туындысы болады. Соңдықтан жаңашылдыққа қызығамын, соған ұмтылам. Әрине, мен кәсіби мамандықты оқымаған режиссермін және сол «оқымаған» деген таптаурын ой бізді құртады. Мысалы, «Шыңырау» спектаклін кім қойыпты деген сұраққа: Сергей Потапов деп жауап қайтса, ол мақтау мен мадақтауға бөленетіні анық. Данияр Базарқұлов сахналапты десе: «..ол спектакль қоятындай кім? Оқымағаны көрініп тұр» дейтіндер табылады. Неге біз соңдаймыз?!. Неге көрермен міндетті түрде аты шыққан режиссердің жұмысын ғана қабылдауы тиіс? Өкінішке қарай, біздің ой-санамыз, жүйеміз кез келген дүниені саналы адамның көзқарасында емес, «қазақи түсінікпен» қабылдайды. Мен үшін философ қоя ма, суретші немесе сантехник қоя ма, оның дипломы бар ма, жоқ па маңызды емес. Ең бастысы режиссерлік шешімі, басы мен аяғы бар, формаға салынған, ерекше көзқарас туғызатын жұмысты көрсем болғаны.

Биыл Астана қаласындағы театр фестиваліне алғашқы режиссерлік жұмысыңызбен қатыстыңыз. Көптеген әріптестеріңіз жақсы қабылдады. Сарапшылар пікірі көңіліңізден шықты ма?

Иә, Ә.Сығайдың 70 жылдығына арналған XXV Республикалық драма театрларының фестиваліне қатыстық. Жақсы пікірлер естідім. Жоғарыда айтқан «қазақи түсінікпен» қабылдаған таптаурын ойды да естідім. Шынын айтсам, мен үшін Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов ағаның пікірін тыңдау маңызды болды. Тілектес Уахитұлы – жақсы көретін актерім, кезінде  ұстазым болды. Бүгінде ортамызда жүрген нағыз зиялы, парасатты актер. Ой өрісі бөлек азамат. Не керек, пьесаны шемішкеше шағып, зерттеп, қырын-сырын ашқан жаннан қатты қаймықтым. Себебі, «Шыңырау» шығармасына студенттік кезден қызығушылығымды ашқан сол Тілектес Мейрамов. Фестивальге барғанда ағай: «Спектакльді сен қойдың ба? Осы шығарманы қай театрмен қояр екем деп армандап едім» – деді. Спектакльден кейін сахна артына келіп өзі құттықтады. Ұнамаса келмес еді... Ол кісіден оң пікір есту мен үшін үлкен мәртебе. Мен кәсіби режиссер болмағандықтан қателерімнің көп екенін білемін. Көбіне жүрегімді тыңдаймын, қиялыма бағынамын.

Театр өнерімен қатар ұлттық кино саласында да өз қолтаңбаңызды қалыптастырып келесіз. Бүгінгі таңдағы қазақ кино өнеріне берер бағаңыз. Мініңіз бар ма?

Қазақ киносы күн санап өсіп келеді. Дегенмен, қояр мінім бар. Қалың көрерменге жол тартып жатқан фильмдерді көреміз, күлеміз, жылаймыз, бірақ араға аз уақыт салып ұмытылады да қалады. Неге «Менің атым Қожа»,  «Қыз-Жібек» секілді туындылар жоқ? Әйтеуір, түсіріп жатырмыз. Қазір сан алуан техниканың арқасында мүмкіндіктер көп қой. Кез-келген дүниеде сапа болмаса, тарихта қалу қиын.

Дұрыс айтасыз. Данияр, бүгінде Сіздің көңіліңіздің төрін қандай ой жиі мазалайды?


Данияр Базарқұлов

Жалпы, Гүлім, қазіргі Данияр соңғы кездері өлім жайлы көп ойлайды. Алланың менің еншіме берген уақыты өтіп бара жатыр. Күнделікті күйбің тіршілікті ойлап жүре беру дұрыс емес. Өнердің болашағы қатты алаңдатады. Таланттарды өсіру жағы бізде қиын. Көреалмаушылық басым, өнердің өзінде көп дүниені ақша, мансап шешетін заман болып тұр. Мықты, зиялы деген адамдардың көбі жетпістен асып кетті. Күні кеше дүниеден өткен Маман Байсеркенов, Бауыржан Нөгербек ағаларымызды ойласам, жүрегім ауырады. Бұл жандар нағыз аңыз адамдар. Өкінішке қарай, ортамыздан кетіп жатыр... Асанәлі ағамыздың өзі сексенде, Сәбит Оразбаев ағамызды да айта бер. Ендігі тұста бұл кісілердің тірі жүргенін, қоғамда ұзағырақ өмір сүруін қалаймын. Бұлардың артынан ізін жалғастырар хас таланттарды көре алмаймын, болса да саусақпен санарлық. Қазіргі театр өнеріне жанашырлық етіп отырған Асхат Маемиров ағамыз деп ауыз толтырып айтуға болады. Астана Мюзикл театрына қаншама жас өрендердің басын қосып, қанатын қатайтуда. Міне, бүгінде еліміздің атын асқақтатып, Еуропа төрінде әлемдік турне жасап жүр. Дегенмен, он жылдан кейінгі өнеріміздің тағдыры қалай болатыны мазалайды. Әрине, өмірге Платон да, Ньютон да келді, кетті. Біздің де сөйтерміз анық. Десек те, өмірге жай келіп, жай кетуге болмайды. Өнерде жүрген кез келген жан өз орнын қалдыруы тиіс. Менің мақсатым да сол – ұлттық өнердің табалдырығын аттағасын, өзіндік орнымды қалыптастырып, қолтаңбамды қою.

Данияр, ештеңені бүгіп, бүркемелемей, ойыңызды ашық айтқаныңыз үшін рақмет! Шығармашылығыңызға баянды ғұмыр тілеймін!




Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет