Зәуре Батаева. Луврдың ерекше қонағы: Йоханнис (Ян) Вермеер

1995 жылы Вашингтон қаласының Ұлттық Галереясында өткен «Вермеердің 21 туындысы» атты көрмеге ағылған халықтың көп болғаны сонша, музей демалыссыз күнделікті кешкі сағат 9-ға дейін жұмыс істеген. Қаңтар және ақпан айының қақаған аязында халық музейдің сыртында ұзын-сонар кезекте бірнеше сағат тұрған. Вермеерге деген бұл құштарлықтың сыры неде?

Зәуре Батаева

аудармашы, блогер



Жылына 10 миллиондай адам тамашалайтын Луврға қысы-жазы кезек. Оның үстіне Йоханнис Вермеердің көрмесі болса, онда кезекте 1 сағаттан кем тұрмайсыз. Луврдың «Наполеон» залында 2017 жылдың 22 ақпанында басталған «Вермеер және жанр суретінің шеберлері» атты көрме 22 мамырға дейін жоспарланған. Адам саябырлаған болар деген оймен көрмеге наурыздың 18 күні барған едім, бірақ «Наполеон» холлына өту үшін кезекте ұзақ тұрдым. Шыдамсыздық танытып, кезек басына ұмтылғандар да табылып жатты, бірақ ұлы шебермен қауышқалы тұрып, көңіл күйін бұзғысы келмегендей, кезекте тұрған жұрт бас шайқаумен шектелді.

Жуықта бір мақаладан Вермеердің тағы бір көрмесі жайлы қызықты дерек оқыған едім. 1995 жылы Вашингтон қаласының Ұлттық Галереясында өткен «Вермеердің 21 туындысы» атты көрмеге ағылған халықтың көп болғаны сонша, музей демалыссыз күнделікті кешкі сағат 9-ға дейін жұмыс істеген. Қаңтар және ақпан айының қақаған аязында халық музейдің сыртында ұзын-сонар кезекте бірнеше сағат тұрған. Вермеерге деген бұл құштарлықтың сыры неде?

Шеберлігі жағынан кем түспесе де, Вермеердің есімі біздің елдерде Рембрандт сияқты белгілі емес, сондықтан оқырман «Ол кім?» деген сұрақ қойса, «Інжу сырғалы қыз» туындысын есіңізге салар едім. Бұл туындыны 2003 жылы басты рөлде Скарлетт Йо́ханссон ойнаған белгілі фильмнің басты кейіпкері десе де болғандай.

Йоханнис Вермеер (1632-1675) – Нидерланд сурет өнерінің жауһары, көркем өнер тарихында орны бөлек шебер. Бізге жеткен 32 туындысы барлық компьютерлік рентгендік тексерулерден өтіп, олардың Дельфт суретшілер гильдиясының шебері Йоханнис Вермеерге тиесілі екені әбден дәлелденді. Вермеердің туындылары тек қана шеберлік үлгілері емес, олар 17 ғасырдағы Нидерланд жайлы антропологиялық мәліметтер беретін тарихи құжаттар, Нидерланд халқының өзін өзі тану және басқа жұртқа таныту құралдарының бірі.

Вермеердің шеберлігіне бас иген жазушы Марсель Пруст өзінің белгілі романында былай деп жазған еді: «Өнер бізге өз әлемімізден алшақтап, басқалардың әлеміне ену мүмкіндігін ұсынады: әлемде қанша шебер болса, сонша әлем бар, олар бір біріне ұқсамайды. Ал олардан да бөлек шексіз ғалам төрінде жарқыраған жұлдыздар – ғасырлар бұрын алаулаған от ұшқыны, олардың аты Рембрандт болсын, Вермеер болсын, бізге әлі күнге дейін жарық шұғыласын төгуде».

Орта ғасырда асқан шеберлікпен салынған туындылары Вермеердің өз уақыты үшін тым ерте болса, қазіргі уақыт үшін сыр сандық. Сондықтан болар, Вермеердің туындылары 200 жыл бойы арзан туындылар қатарында қолдан қолға көшіп жүрді. Кейде басқа суретшілердің еншісінде кетсе, кейде керісінше басқа шеберлердің еңбектері Вермеерге таңылып жатты. Вермеер шеберлігі 19 ғасырдың ортасында ғана тиісті бағасын алды.

Суретшінің өмірбаянын зерттеген Людвиг Голдшейдер «Вермеер» (1958 және 2015) атты еңбегінің бірінші тарауында «Импрессионистер мен Вермеердің атағы бір уақытта шықты. Импрессионистер 20 жыл күтсе, Вермеер 200 жыл күтті» деп жазды. Бұл адам туралы деректік құжаттар көп, бірақ ақпарат өте аз. Өмірбаянын зерттеген мамандар осы құжаттар мен бізге жеткен 32 туындысына қарап, көптеген нәрселер жайлы болжамдауына тура келеді, бірақ бұл жәйт оның талай ұрпақты таңдай қақтырған туындыларының құпиясын арттыра түсетіні рас. Анверпен қаласынан Амстердам қаласына 1611 жылы көшкен жібек тоқушының жалғыз ұлы Йоханнис сурет өнерінің алғашқы негіздерін жібек өрнектеу маманы болған өз әкесінен үйренгені хақ. «Вермеер және жанр суретінің шеберлері» атты көрмеде шебердің өзінің 12 туындысы ғана ұсынылған, қалғаны оның замандастары мен шәкірттерінің еңбектері. Көрменің әр залындағы басқа туындылар арасында асыл тастай жарқыраған бейнелері біртума суретшінің шеберлігін үнсіз паш етіп тұр.

Көрмеге кіре сала «Таразы ұстаған әйел» (1662-63) көзіме оттай басылды. Табиғи емес, көмескілеу электр жарығы қара көлеңкелеген музей залына шұғыласын шашқан бұл туынды адам баласы емес, құдіретті бір күш салғандай. Ақ жаулықты жүкті әйел бейнесі ендігі сәтте қозғала кететіндей. Салалы ақ саусақтарына таразыны кербездене іліп, ойға батқан әйелдің бойына біткен жаңа өмір лебінен толған айдай толықсыған мәрмәр жүзі нұр шаша ма әлде бұл көздің жауын алған інжу-маржанның жарқылы ма? Иллюзия шеберінің көрермен ойын сан-саққа жүгіртер жұмбаққа толы туындысы әлде бір хикаят үзіндісіндей.


"Таразы ұстаған әйел" (1662-63). Гугл суреттер жинағынан

​​Шынында да, Вермеер туындыларын әр қилы тәржімелеуге болады. Кейбір мамандар бұл туындыны сурет ішіндегі сурет – Қиямет Күні тақырыбымен байланыстырады. Таразы мен арасат – ашкөздік пен парасат арасындағы тартыс. Әлде теңгерілген таразы бұл көрікті әйелдің салмақты санасы мен ынсапты ұстамдылығы ма? Бұл туынды Вермеердің діни тақырыпқа арнаған бірен-саран туындыларының бірі. Вермеер басқа замандастары сияқты өнерді дінмен тікелей байланыстырмаған, оның туындыларында тақырып қуу немесе қандай да діни немесе саяси ұстаным жоқ: ол алдындағы көріністі кенеп бетіне барынша дәлдікпен түсіруге ұмтылған нағыз арт қозғалысының өкілі. Бұған оның кальвинистік көзқарасы әсер еткен болар. Дегенмен, шығармашылығындағы бірен-саран інжіл сарындары оның қаржы тапшылығынан қалталы католик әулетінен шыққан әйелі Катаринаның анасы Болнес ханымға тәуелді болғанын көрсетеді. Өмірбаянын зерттеген мамандар соңғы жылдары Вермеердің қаржы жағынан қысылып, көп қарызға батқанын жазады. 

Кескіндеу техникасын әбден меңгеріп, соңынан одан мүлдем бас тартқан 20 ғасыр суретшілерінен айырмашылығы сонда, 17 ғасыр шеберлерінің мақсаты көріністі мүлтіксіз, яғни қазіргі фотосурет деңгейіне жеткізу болған еді. Бұл тұрғыдан Вермеер көптеген замандастарынан ілгері болғаны анық. 43 жасында өмірден озған Вермеер суретшілік кәсібімен айналысқан 20-25 жылда небары 32 туынды қалдырғаны осы сұраққа жауап берер ме екен? Ол үшін әр туындысын кемеліне жеткізу маңызды болды ма екен?

Вермеердің көрмедегі тағы бір көз тартар туындысы – «Сүт құйған әйел» (1658-61). Кенепке майлы бояумен салынған бұл туынды Вермеердің ең танымал туындыларының бірі және қазір Амстердам қаласындағы Рейкс музейінің иелігінде. Бұл сурет Нидерланд мәдениетінде алар орны зор бейнелердің бірі болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, Вермеердің күнделікті тұрмысты сипаттау әдісі өз заманы жайлы көптеген ақпарат береді. Бірақ осы сурет бүкіл Нидерланд халқының еңбекқор болмысы мен қарапайым табиғатының символындай. 19-20 ғасырда көркем өнер білгірлерінің бірі ретінде танымал болған неміс дипломаты Вильгельм Гаузенштейн суретшінің дарынын, «Вермеер – голланд ішінде нағыз голланд, ең бекзаты, ең күштісі, Голландияның өзінің классикалық үлгісі» деп бағалаған екен.

Вермеердің шығармашылығымен жақсы таныс адам оның шеберханасының бір бұрышындағы кішкене терезені бірден тани кетеді. Оның еңбектерінде тән тыныштық пен салмақтылық да осында. Оның қылқаламына тән ұстамды түстер де осында. Үстелдің бір шетіне асығыс ілінген сүлгі мен кейіпкердің беліндегі жиырыла төгілген алжапқысы ше? Бұлар да жібек пен кілемді суреттеуге келгенде алдына жан салмайтын Вермеердің қолтаңбасы. Бұл жолы суретші көрерменнің қиялына нәр беріп, иллюзия әсерін іске асыру үшін қандай әдіс пайдаланды екен? Техника тұрғысынан мамандар бұл суреттегі натюрморт үшін Вермеердің пуантиль әдісін тамаша пайдаланғанын атап жүр. Туынды жалпы «жанрлық» сурет үлгісіне жатқанымен, Вермеер натюрморт қосу арқылы көрерменге жанрлық көріністі өзгеше ұсынады. Суреттегі басты кейіпкердің қарапайым үй қызметкері болуы да жаңалық. Бұл тұрғыдан Вермеер тағы өз замандастарынан айрықша.

Вермеердің суреттеріндегі пропорция және перспектива тұстарын мұқият зерттеген мамандардың біразы оның camera obscure, яғни қараңғы бөлменің бір қабырғасынан кішкентай саңылау жасап, көріністің проекциясын екінші қабырғаға түсіру әдісін пайдаланған деген пікірде. Бұл пікірді мүлдем жоққа шығаратын мамандар да аз емес. Олардың пайымдауынша, Вермеердің шағын шеберханасында оптикалық құрал қолдануға жағдай болмаған. Басқа мамандарды сауалға жетелейтін перспектива дәлдігі – соңғылардың пікірінше, біртуар суретшінің ерекше шеберлігінің белгісі.

Қолданылған материалдар:

1.Карл Шульц, Вермеер, TASCHEN баспасы, 2017

2.Людвиг Голшейдер, Вермеер, Phaidon Press, 2015

 

 

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет