Әбілхан Қастеевтің бейнелеу өнеріндегі ерекшелігі

ҚР мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейіндегі халық суретшісіне арналған мемориалдық залына бір саяхаттап қайтайық.

Ақбота Алимхожина

Өнертанушы

Ғалия Әли

Өнертанушы

 



Ә.Қастеевтің шығармашылығына тоқталмас бұрын, қазақ жеріндегі бейнелеу өнерінің алғашқы даму барысы ХХ ғасырдың 20 жылдары орыс елінен жер аудару барысында және экспедиция негізінде келген орыс суретшілерінен бастау алатындығы мәлім. Атаулы сол суретшілердің бірі Н.Г.Хлудов (1850–1935) Совет үкіметінің кезеңінде қазақ және қырғыз суретшілерінің кәсіби түрде жетілуіне ықпал ете отырып, қазақ халқының тұрмыс–тіршілігін, салт–дәстүрін де кенеп бетіне түсіріп отырды. Сонымен қатар бұл кезеңде студия, театр, өнер және ғылым саласында да өзгерістер болып, білім мен өнер қатар дами түседі. Хлудов Алматыға арнайы ғылыми зерттеуші ретінде келеді. Суретші 62 жыл өмірін шығармашылыққа арнаған. Қазақстандағы бейнелеу өнерінің дамуына көп үлес қосқан. 1921 ж. бастап Алматыда тұңғыш көркемсурет өнер студясына жетекшілік етеді. Хлудовтан Қастеев 2 жыл профессионалды түрде сурет салу техникасын үйреніп, білімін шыңдай түсті. Сол қазақ өнерінің, оның ішінде бейнелеу өнерінің даму көшінде  суретші Н.Хлудовтан білім алған, қазақ елінің ең алғашқы кәсіби суретшісі Ә.Қастеевтің шығармашылығы біз үшін маңызды орынға ие. Болашақ суретші 1904 жылы Талдықорған облысы, Жаркент ауданындағы Шежін ауылында көшпелі кедей отбасында дүниеге келген. Әкесінен сегіз жасында жетім қалған Әбілхан, тұрмыстың барлық ауыртпашылығын арқалап өседі. Ол жалшылыққа жүріп, Шалғынбай атты байдың жайлаудағы малын бағып тіршілік етеді. Қойшы бала мал соңында жүрген ұзақты күндерде ағаштан ойып, тастан қашап әр нәрсенің суретін салуға әуестенеді. Сол өнерге дағдылана келе, оюлап–әшекейлеуді қоя тұра, хайуанаттарды тіпті адамдарды бейнелей бастаған. Суретші өмірдің де, творчествоның да қиын жолдарынан өтеді. Ол ауылынан Жаркент қаласына келіп 1926 ж. 7 жылдық Түрксіб құрылысында қара жұмысшы болып істейді. Қастеевтің осы теміржол құрылысында жүріп, көркемсурет өнерімен шұғылданып, өзінің тұңғыш тәжірибелерін осы уақыттан бастаған болатын. Құрылыста жүріп жартас беттеріне әріптестерінің, Лениннің портретін қашап бейнелеп жүреді. Бұл өнерін байқаған әріптес достары Қастеевтің нобайлары мен бірнеше шығармаларын студияларға апарып тапсырады. Сол уақытта Қастеевтің эскиздерін көрген Н.Хлудов өз студиясына шақырады. Бұл өнерді қайдан үйрендің дегенде: «Таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, әжемнің киізінен, ешкінің мүйізінен» деген екен. Мінекей осы сәттен бастап, қазақ кәсіби суретшісінің алғашқы еңбек жолы құрыла бастайды. Небәрі 20 жасында хат танып, 1929–1931 жж. Алматыда Н.Хлудовтың студиясында және 1934–1936 жж. Мәскеуде Н.Крупская атындағы Көркемөнер студиясының кешкі оқуына қатысады. Суретші оқып жүрген уақыттан бастап, республикалық, мемлекеттік көркемсурет көрмелеріне үзбей қатыса бастайды. Сол көрмелердің біріне ең алғаш қойылған примитивті бағытта суреттелген «Кенесары портреті» 1934 ж. жазылған бұл туындысы ең алғаш кенепте майлы бояуда орындалған еңбектерінің бірі.

Кенесары портреті (1934 ж.).  Бұл туындыда мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837–1847 жылдардағы ұлт–азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841–1847) Кенесары Қасымұлының (1802–1847) бейнесі суреттелген. Кенесары хан Шыңғыс ханның 27 ұрпағы, Абылай ханның немересі болып табылады. Оның саяси көзқарасының қалыптасуы Ресей империясында  Петр І билігі кезеңінен басталған Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар сипатымен тығыз байланыста болды. Портреттегі Кенесары ханның бейнесі, түр–тұлғасы, оның қазақ хандығының батыры екендігі шапанынан, басындағы хан қалпағынан, иығына іліп отырған садағы мен малдас құрып отырған кейіпінен бірден байқалады. Және Кенесары ханның үстіндегі шапаны мен қалпағының ұлттық нақыштағы ою-өрнектер портреттегі табиғат көрінісімен әсем үйлесім табады. Бірнеше планда құрылған бұл портреттің артқы планындағы кеңес беруші уәзірлер бейнесі, ақ орданың бір қырының көрінісі, салт аттылар бейнесі Кенесары ханның саясаткер, әрі қолбасшы болғандығының айқын дәлелі болмақ. Қастеев бұл портретті тарихи–әдеби кітаптарды оқи отырып, тереңірек зерттеу нәтижесінде бейнелеген. Тіпті, туындыдағы алыстан бой түзеген асқар таулардың биіктігі арқылы Кенесары ханның беделінің жоғары болғандығын көрсетеді. Портрет Шығыс миниатюрасына сай, декоративті болып келеді. Портреттегі оюлар, төселіп тұрған алаша, ашық түсті реңктері арқылы көруші назарын бірден өзіне аударады. Суретші 1934 ж. бастап 10 жылдай уақыт қазақ халқының ескі және жаңа тұрмысына арналған сериялар жазып шығарады. Ол Мәскеуде жүріп, бояу, живопись техникасын меңгерді, сол уақыттан бастап өзіне ежелден мәлім қазақ ауылының көрінісі жөнінде де тұңғыш картиналарын жазады. Совет үкіметі кезіндегі тың жерлерді игеру сәтінен, қазақ халқының еңбек жолындағы әйел адамдардың шаруашылыққа араласуын, жаңа тұрмысты көрсететін туындысының бірі «Мақта жинау» (1935). Туынды ашық түсті бояулармен, сәуленің айқын түсуімен және биік көкжиектілігімен ерекшеленеді. Ең бірінші планда мақта жинайтын комбайнмен жұмыс жасап жатқан үш әйелдің бейнесін байқаймыз. Қастеев адам еңбегін табиғат аясында, жер анамен бір арнада кескіндеген. Ал, ақ түсті үлпілдек мақталардың тазалығы, әйел адамдардың да еңбекке араласуы эстетикалық идея, тәрбие болып табылады. Артқы фондағы шаңдатып жүк тасыған автомашиналар, палаткалардан құрылған қоныс, реттілікпен жиналған жүк байқалады. Негізінен бұл туындыда берілген жаңа қондырғы ең басты назарды аудартатыны анық. Қастеев бала кезінен ауыл тұрмысының қиыншылығын бастан кешіріп өскендіктен, бұл қондырғыны қарапайым халықтың жұмысын жеңілдету үшін суретшінің арман–қиялынан ойлап тапқан ауыл шаруашылық құрылғысы деп айтылады. Бірақ, кейбір деректерде сол дәуірде болған неміс машинасы екендігі де айтылады. Дегенмен, социалистік реализм рухымен жазылған бұл туынды, Қастеевті «шыншыл суретші» ретінде танытады.

 
"Пішен шабу" 1934

 

Еңбек ету, егін егу тақырыбындағы аталмыш тағы бір ерекше туындысының жарық көруіне негіз болады. 1934 жылы шағын, әрі тік форматта орындалған «Пішен шабу» туындысы бір ғана жасыл түстің қолданылуы арқылы ерекшеленеді. Нәзік жасыл түстің көкжиекке дейінгі алмасу реті аяның кеңдігін, тереңдігін айқындай түседі. Осы әдістер арқылы суретші егістіктің көлемін, қазақ жерінің кеңдігін бір картинаға сыйғыза білген. Қысқа дайындық жүргізіп жатқан тынымсыз еңбек үстіндегі адамдардың қуанышты бейнесі жүйелі түрде бейнеленген. Тіпті алыс шалғайдан көрінген қоныстардың бейнесі анық байқалады. Бұл туындыға қарай отырып,  суретшінің түстер мен композицияны, тереңдікті ұтымды түрде пайдалана отырып, туындысындағы әрбір элементтерге аса ұқыптылықпен қарағандығын көре аламыз. Алдыңғы картиналарда жаңа тұрмыс суреттелсе, келесі «Қызды еріксіз әкету», «Сатып алынған қалыңдық» туындыларында ескі тұрмыстың көлеңкесі көрінеді. Қастеев 1937 жылы Мәскеуден еліне оралып, Алматыда ұйымдастырылған Қазақстанның суретшілер одағына қабылданады. Осы кезеңнен бастап, Қастеев шығармашылығы жемісті әрі жеңісті еңбек жолының шыңына шығады. Оның ревалюцияға дейінгі қазақ әйелдерінің өміріне арналған шығармалары өте тартымды жасалған суреттер. «Ескі және жаңа тұрмыс» сериясында бай мен кедей теңсіздігін, қалың малға сатылған қыздар трагедиясын көрсетеді.

 
"Қызды еріксіз әкету" 1934

 

Бұл сериядағы 1934 ж. бейнеленген «Қызды еріксіз әкету» полотносы арқылы суретші қоғамдық оң көзқарасқа ие болады. Бұл туындыда қарақшы топтың әлсіз жандарға зәбір көрсету сәті бейнеленген. Қараңғы түн уақытында шалғай орманда тыныш ұйқыда жатқан халықты оятып, бірінің мал–мүлкін, бірінің өрімдей жас қызын күшпен, еріксіз әкету көрінісі берілген. Картинадағы драмалық көріністі сол жақ беткейден түсіп тұрған ай сәулесімен анық бейнелей отырып, халықтың мұң–зарын, ана көкірегінің қарс айырылуын табиғат құбылыстары арқылы дәл жеткізен. Артқы фондағы шыршалардың қасқая тік тізіліп тұрғандығы, аспанның тұманданып, қара түнек басқандығы осы картинадағы үрей мен қорқынышты одан әрі әсірелей түседі. Ең бірінші планда қызды еріксіз әкетіп бара жатқан ат үстіндегі үш ер адамның кекете күлуіне табиғат ана да қарсылық танытып тұрғандай. Түстік палитрадағы қою қара түстердің пайдалануы драмалық көрініс пен бейнелердің динамикалық қалыптары туындыдағы басты идеяны, яғни қорқыныш пен үрейді, күшті мен әлсіз топты анық көрсетіп тұр.

 
"Сатып алынған қалыңдық" 1938

 

Қастеевтің «Ескі және жаңа тұрмыс» сериясына жазылған тағы бір айтулы туындысы  «Сатып алынған қалыңдық» (1938) деп аталады. Картинада Ревалюцияға дейінгі қазақ халқының феодалдық салт көрінісі берілген. Яғни, әйел адамның теңсіздігінің аяққа тапталуы, сөз еркіндігінің жоқтығын көрсетеді. Картинаның бірінші планынан жайма шуақ табиғат аясында, тау ішінде келе жатқан үш салт аттыны көреміз. Олар жас қалыңдықты ұзатып алып келе жатқан күйеу жігіт – қарт пен оның бәйбішесі. Түстік реңктер ашық әрі жылы болып келеді. Алдыңғы картинада қорқыныш пен үрей табиғат құбылысы арқылы, образдардың динамикалық қалпы арқылы берілсе, бұл туындыда тек жас қалыңдықтың бет жүзінен, оның психологиялық келбетінен-ақ байқалады. Суретші қауіп–қатер мен болашаққа нүкте қойылғандығы, өмірінің ең жарқын сәттерін қартпен өткізетіндігіне мұңайып, үмітінің үзілгендігін қалыңдықтың солғын тартқан келбетімен жеткізе білген. Ақ боз аттағы қарттың жас өмірге балта шапқанына қарамай, керісінше жас қалыңдыққа жымия қарауы, артындағы бәйбішесінің жиіркене, қызғана қарауы анық байқалады. Кейбір деректерде бұл образ қарттың жеңгесі деп, енді бірде жас қалыңдықты шығарып салып келе жатқан жеңгесі деп айтылады. Тік форматта орындалған бұл картинадағы негізігі идеяны суретші асқан шеберлікпен бейнелеп шыққан.

Қастеев қазақтың ұлы тұлғаларының ішінде халық ақыны Жамбыл Жабаевтың (1937) да портреттік образын бейнелеген. Жамбыл Жабаев 1846 жылы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ол қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Портретте киіз үйдің ішінде, малдас құрып отырған егде жасқа келіп қалған ақ сақалды Жамбыл образы берілген. Оның басындағы бөрігі, қарапайым шапаны қарапайым халық арасынан шыққандығын көрсетсе, артқы фондағы оюлы, кестелі киіз үй жабдықтары ақынның қазақ халқының тумасы екендігін танытады. «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» демекші, қолындағы домбырасы Жамбыл Жабаевтың айтыскер ақын екендігін танытатын айғақты элемент. Ол өз заманында ұдайы шоқтығын асырып , Бақтыбай, Досмағанбет, Шашубай,  Құлманбет сияқты ақындықтың жорға, жүйріктерімен айтысқа түскен. Суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлаған, Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлерге арналған «Ленинградтық өренім» өлеңінің авторы. Сонымен бірге, көзіндегі қайғы, сол 1937 жылы өріс алған қазақ еліндегі қайғылы оқиға, репрессия уақытындағы ауыр кезеңге жаны ашып отырғаны да байқалады. Естеліктер атты еңбекте суретшінің жұбайы Сақыш апаның айтуы бойынша, бұл туынды ақынның фотосурет негізінде жазылған еңбегі.

 
"Колхоз тойы" 1937

 

Суретші өз заманындағы колхоз өмірінің жаңа тұрмысына үлкен сериялы шығармаларын арнайды. 1937 жылы жазылған «Колхоз тойы» (1937) картинасы 1929 жылы қолға алынған Кеңес үкіметінің күштеп колхоздастыру кезеңіне арналған. Туындыдағы Кеңес үкіметінің жалауы кеңестік идеологияның көрінісін көрсетеді. Картинадан ауыл шаруашылығындағы колхоз жұртының егінді жинап алып, тынымсыз шаруашылық жұмыстарының аяқталып, керемет табиғат аясында той тойлап жатқан жұртшылықты көреміз. Картина өрісті сюжетпен берілген, көп тұлғалы, үлкен көлемді  композициядан құрылған. Яғни, сол жақ бөлікте – бір топ қымыз ішушілер, оң жақ бөлікте домбыра мен қобыз ырғағына ән салып, би билеген ұлттық киімдегі жас қыздың биін тамашалаған колхозшылар, күн көзінен жасырынған палатка астындағы потифон тыңдаушылар. Осы кезеңде қазақ жерінде жаңадан радио, патифон, автомашиналар мен комбайндар жаңадан тұрмысқа ене бастайды. Қастеев бұл жаңалықтарды, техниканы суреттей отырып, картина еңбек тақырыбында екендігін танытады. Колхоздандыру кезеңіндегі бұл жаңалықтар шаруа адамдарының білім деңгейінің көтерілуіне, егін шаруашылығының жылдам әрі тез орылуына септігін тигізді. Бірақ, суретші ескі мен жаңа тұрмыстың жалғастығын картинада берілген ұлттық биімен, ұлттық киімі мен сусындарынан бірден танытады. Колхоздандыру – коллективтік шаруашылық – ССР – де социалистік ірі ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін өндіріс құралдары мен еңбекті ортақ пайдалануға өз еркімен біріккен шаруалардың коперативтік ұйым. Оның міндеті – қоғамдық шаруашылықты жан–жақты нығайтып, оны үнемі дамытып, еңбек өнімділігін арттыру. Бұнымен қатар, ауыл шаруашылық өндірісін жаңа техникамен жабдықтап, комплексті механикаландыру, электрлендіру, жер суландыру, колхозшылардың материалдық және мәдени қажетін неғұрлым толық қанағаттандыру болып табылады.

 
"Бүркіт ұстаған аңшы" 1935

 

Суретші колхоз өмірін суреттеумен қатар, 1934 жылы көркем–әдеби орталықтарының ұйымдастыруымен өткен қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, ақын Абай Құнанбаевтың портреті мен оның шығармаларына иллюстрация жасау конкурсына қатысады. Абай Құнанбаевтың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңінің желісіне ұқсас 1935 ж. жазылған «Бүркіт ұстаған аңшы» туындысын айтуға болады. Туындыда қолына бүркіт ұстаған, күрең аттағы аңшы бейнесі берілген. Примитивті бағытта салынған бұл картинасындағы қыс мезгілінің көркі қардың түсінің дәлме–дәл берілуі Қастеевтің шеберлігінің даму үрдісіне түскендігін көрсетеді. Ақшыл фондағы ақ сақалды ер адамның бүркітін аң аулауға баптап, еріне бір олжасын байлап қойған қам–қаперсіз келесі олжаны күтіп тұрған бейнесі берілген. Қазақ халқы аңшылықпен ежелгі палеолит дәуірінен айналысқан. Төрт мың жылдық дәстүрлік тарихы бар бұл кәсіп – қазақ халқының мәдениетінің бір бөлшегі болып табылады. Сол себепті суретші бұл жұмысының әрбір элементіне ерекше мән береді. Қастеев осы іспеттес конкурстарға қатыса жүріп, колхоздандыру кезеңіндегі қазақ ауылының тұрмыс – тіршілігін, халық тұрмысына енген жаңалықтар жанды да, әсерлі көрсеткен. Халықтың еңбегімен қатар, ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысқандығын, төрт түлік малды азық ретінде қолдану көрінісі «Колхоздағы сүт фермасы» (1936) туындысынан байқалады. Картинада жайлаудағы тау етегінде сүттен жасалып жатқан ұлттық тағам – құрт өнімінің дайындалу әдісін егжей–тегжейлі көрсетеді. Жаңадан тұрмысқа енген май шайқайтын заманауи құрылғы сепораторды да көруге болады. Болып жатқан оқиға табиғаттан бөлінбейді. Осы пейзаждың көрінісі арқылы ауыл өмірінің бірлікте, татулықта өмір кешіп жатқандығын көреміз. Алыс панорамалы көкжиек, өзен арналары мен тау жоталарынан құрылған көрініс картинаны ортаңғы сызығынан екі бөлікке қарастыруға болатындығын танытады. Сол кезде екі жанрдағы, екі түрлі мәнді картина шығады. Қастеев табиғатты адамдарсыз бейнелемейді, ол осы табиғат өнімдерін игеріп жатқан адамзатты бір арнада суреттейді. Суретші бұл туындылары жайында: «Адамдарсыз табиғат өлі, ал адамдармен табиғат тіріліп, мән–мағынасы тереңделе түседі» дейді. Қастеев үшін табиғатсыз адам еңбегін көрсету мәнсіз болса, тұрмыстық заттарсыз халықтың күнделікті тіршілігін бейнелеу де мәнсіз болған. Сондықтан, ол «Жайлаудағы отар» картинасында да биік шыңды тау көріністерімен, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ көшпелі тұрмысын көрсетеді. Салқын тартқан табиғат көрінісі арқылы суретші жайлаудағы кешкі отардың өрістен қайту сәтін суреттеген. Ер адамдардың бірлесе малдарын қайыруы достықты, тыныштықты, бірлікті көрсетеді. Төрт түлік мал тақырыбындағы тағы бір тунындысы «Бие сауу» (1936). Бұл туындыда жасыл алқапта өрістен қайтқан биелерді сауу сәті бейнеленген. Бояу реңктерінің қанықтығы табиғаттың тазалығын, жайлаудың табиғи сұлулығын, бірінші пландағы реттілік пен бірлестікте тұрған образдар мен биелердің де сұлулығын жеткізіп тұр. Артқы фондағы тіз қатар бір сызыққа бейнеленген киіз үйлер, алыс шалғайдағы тізілген таулар, тіпті бұлттардың өзі бір заңдылыққа бағынып тұр. Бұл адамзаттың осы әлемге жататындығы, табиғат пен адамды бөліп қарастыруға болмайтындығы жайында ой қозғайды. Әбілхан Қастеевтің «Колхоздағы сүт фермасы» (1936), «Жайлаудағы отар» (1947), «Бие сауу» (1936), «Жайлаудағы кілемшілер» (1950) атты туындылары Кеңес үкіметінің идеологиясына, қазақ халқының жайлаудағы тұрмыс–тіршілігін, қазақ халқының марқа–марқа қой, үйір–үйір жылқы баққандығын көрсететін шығармалар қатарына жатады. Және де осы төрт түлік малды азық–түлік пен киім–кешек ретінде, жүріс көлігі ретінде пайдалана білгендіктерінің айқын көріністері.

 
"Түркісіб" 1969

 

Қастеев шығармашылығы жайында айтылғанда, ең алғаш ауызға түсетін көрнекті, эпикалық мәнердегі  туындыларының бірі «Түрксіб». 1969 жылы салынған бұл туындысы 1927 жылдан басталған Орталық Азия мен Сібірді қосатын теміржолының құрылысына қатысқан суретші өмірінің естелігінің нәтижесінде туған шығарма. Қазақ халқының шынайы тарихы негізінде кескінделген туындыдағы оқиға, яғни қазақ жеріне алғаш рет поездің келуі, халық үшін үлкен мереке, қуаныш болғандығын көрсетіп тұр. Тау етегін қақ жара, ақ түтінін будақтатып келе жатқан поезді қазақ жұртшылығының қуана қарсы алуы жақсылықты, ал кейбір образдардың таңқалған үрейлі бейнелері жамандықты танытып тұрғандай. Ер адамдардың жылқымен шауып келіп аспанға қуана бөріктерін лақтыруы, ұлттық мерекелік көйлекпен қолдарын сермеп тұрған келіншектер бейнесі, кейбір образдардың таң қала қарап тұрған бейнелері үлкен оқиғаның болып жатқандығын көрсетеді. Поезд - жаңа өмір, ол жарқын болашақ ретінде еніп келе жатса, оған қарама-қарсы жүріп бара жатқан, сол жақ бөліктегі жүк артылған көш керуен өткен өмірді, тарихты меңзеп тұрғандай. Тауды бұзып, тасты жарып, жарқын болашаққа жол ашып берген бұл магистраль жаңа өмірдің символындай болды. Түрксіб теміржолы 1926–1931 жж. салынған КСРО–ның ірі құрылыстарының бірі болды. Соғыс жылдарында әскери жүктердің үздіксіз тасымалдарын, майданға әскери эшелондарды, әскери техниканы, металл және басқа да маңызды жүктерді уақытында жеткізуді ұйымдастыру бойынша жауапты міндет атқарды.

Ә.Қастеев ең алғаш сурет өнеріне әуестенгенде майлы бояуға көшпес бұрын, қағаз, қарындаш, акварельмен бірнеше акварельдік, графикалық жұмыстар орындайды. Ол Абайдың, Құсықбаевтың, жақын туыстарының портреттерін, өз жерінің пейзаждық көрінісін суреттеді. Бертін келе «Қазақстан жерінде», «Қазақстан байлықтары», «Менің республикамның жері» атты акварельдік сериялары үшін 1967 ж Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болады. 

Ол әр түрлі техникада ұлы адамдардың, ұлт мақтанышына айналған ірі тұлғалардың образдарын бейнелей келе, 1951 ж. кең, әрі үлкен форматта, майлы бояумен орындалған «Шоқан Уәлихановтың» (1951) портретін кенеп бетіне түсіреді.  Портретте қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қостанай облысында туған демократ, ағартушы  шығыстанушы, этнограф ғалым Ш.Уәлихановтың образы бейнеленген. Балалық шағы өткен ата қонысы Аққанбұрлық алабындағы жайлауда отырған кейіпі суреттелген. Ол 1834 жылы Омбыда Сібірдің казак әскери училищесін бітіріп, 1847 жылы Сібір кадеті корпусына оқуға орналасады. Қастеевтің бұл туындысында ғалымның әскери училищеден жазылмас ауыр індет жұқтырып, ауылына оралған кездегі бейнесін суреттеген. Ғалымның өмірінің соңғы жылдарындағы Омбыдан қазақ жайлауына келіп демалып, жартас бетінде жағын таяна отырған образын көреміз. Артқы фонда киіз үйлер мен ауыл адамдары және Шоқан келген орыс күймесі көзге түседі. Шоқан бейнесінде үстіне киген әскери формасы, қолындағы кітабы, оның білімді әрі саясаткер екендігінің белгісі. Ғалымның мұңлы көздері, оның еліне, жеріне деген сағынышын көрсетсе, бозарған солғын келбетінен аурудың асқынып, бойлап бара жатқандығын көреміз. Ш.Уәлиханов өз заманында ғылыми экспедицияларға қатысып, 1858-1859 жылдары Қашғарияға сапар жасап, Манас жырын жазып шығады. Қастеев қазақтың ғұламаларын таныта келе, олардың бейнесін өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдырды.

1960 жылы өзінің суретшілік жаңа тақырыбы – өнеркәсіптік пейзажға көшеді. Бұл туындыларда ұлы құрылыстар мен асқақ крандарды, кен қопарушы құдіретті карьерлер, алып завод ғимараттары суреттеледі. Осы жанрда суретші 1967 ж. алтын күнге шағылысқан кен қопарушы «Ақсай карьерін» бейнелеп шығады. Бұл туынды үлкен көлемде берілуі, оны алыс қашықтықтан көруді талап етеді. Туындыдағы алып өнеркәсіп құрылысының әрбір бөлшектері анық бейнеленген. Алып құрылыс жанында адам баласының табиғаттың бір ғана кішкентай бөлігі екендігі салыстырмалы түрде айқын берілген. Өзге суретшілер туындыларын қысқа мерзімде орындап шығуды мақсат етсе, Қастеев ұзақты күн–түндері отырып, туындысын егжей–тегжейлі бір орнынан тап жылмай аяқтап шығуды міндет еткен. Дәл осы жылдары, осы туындыны орындай отырып, Қастеев бояу тақтайшасына да өзгеріс енгізді. Ол күміс түсті бояудың үйлесімді түрін табады.

Қастеев бұрынғысынша табиғат көркін табиғи түрде көрсете келе, пейзаж жанрындағы соңғы суреттерімен қазақ жерінің көрінісін қорытындылады. Оның көрінісін асқан шеберлікпен орындаған айтулы туындыларының бірі 1972 жылы бейнеленген «Тау көрінісі» картинасын алуға болады. Аталмыш суретте табиғат көрінісінде шексіз байтақ даланың, шыңыраулы жартасты құздарды, бұлт бүркенген асқар тауларды, асқардан құлай аққан арналарды, өзіндік табиғат ерекшеліктерін әсерлі суреттеген. Қастеев шығармасындағы пейзаж жанрын үш топқа бөлуге болады таулы, тұрмыстық және дала. Суретші бұл уақытқа дейін Алматының табиғатына арналған пейзаждық сериялар жасаса, бұл туындысы қазақ тауының көрінісіне арналады. Шығармада кең панорамалық заңдылықты сақтай отырып, кенепке эпикалық мән береді және суретші көлемді аумақты қамти келе, ол бөлікке аспанды, тау беткейлерін, кішкене қалашықты сыйдыра кеткен. Күлгін түспен көк түсті араластыра отырып, күннің қызарып тау бетіне түсуін анық, әрі әсем жеткізе білген. Тіпті, шаңдатып келе жатқан автомашинаның өзін суреттегені оның тума талант ретінде танытады. Түстік мезгілдегі көлеңке мен күн көзінің тура түсуін парарельді түрде, қарама–қайшылықта асқан шеберлікпен суреттеп берген.

Қастеев шығармашылығындағы ұлы тұлғаларды бейнелеудегі ең күрделі тақырыптың бірі – Абай образы. Ол Абайды бейнелеуде 50–ге тарта көлемді суреттер  мен нұсқа-нобайлар орындаған. Ұлы ақынның образын 1934 ж. бастап, тек 1945 жылы творчестволық шабытынан туған өскелең рухтың образы – «жас Абайдың портретін» суреттеп шығады. Портретте Абайдың 17-ге әлі тола қоймаған жас шағы нәзік лиризммен бейнеленген. Ғұлама ғалым, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевқа арналған бұл портрет 1945 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырылған көрмеге қойылып, оң бағаға ие болады. Ол ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Жас ақын қара сөздер мен тәрбиелік мәні зор көптеген өлеңдердің авторы. Қастеев ұлы ақынның портретін орындамас бұрын оның туған жері Семейге барып ақынның жүрген жерлерімен жүріп, белгілі абайтанушы М.Әуезовпен кездесіп, ақын жайында әңгіме–дүкен құрып, М.Әуезовтың суреттеуі бойынша бірнеше эскиздер жасайды. Ол эскиздерін М.Әуезовке көрсете жүріп Абай бейнесінің нақты образын жасап шығарады. Абай жолы романының І томын оқығаннан кейін барып, суретші Абай образын суреттеп шығады. 1945 жылы жазылған қара–қоңыр фондағы, жасыл шапанмен алыс шалғайға көз тастаған Абайдың психологиялық бұл образы, Қастеев шығармашылығындағы сәтті шыққан Абайдың жас шағындағы портреті болып саналады. Бала Абайдың тұрпатты образы, қолындағы арабша кітабы оның медреседе оқып жүргендегі кезі болу керек. Жас ақынның келбеті ашық, кең маңдайлы, отты көздерін алысқа қадаған, болашақ ғұлама ақын, философ болатынын меңзейді. Кейіннен Абай образына және шығармаларына иллюстрация жасағандығы үшін, суретшінің еңбектері жақсы бағаланып, Қазақстан Оқу Халық комиссариатының грамотасымен марапатталады.

Суретші осы тұста советтік Қазақстанның жаңалықтарын Алматы төңірегінің табиғаты арқылы да әдемі көрсетеді. Суретшінің аталмыш туындылары «Совнарком демалыс үйінен көрініс» (1957), «Ыстық көл» (1953) деп аталады. Ондағы табиғат көрінісі таза да, әсем бейнеленген. Тау ішіндегі көп қабатты демалыс үйінің салынуы, ыстық көлді қайықпен тамашалаушы қонақтар арқылы жаңа инновациялық кезеңнің дамыған уақытын көреміз. Екі пейзаждық туындының артқы фоны тау етектеріндегі орман алқаптарымен бітеді. Жасыл шыршалардың, жасыл шөп басқан тау сілемдерінің, су бетіне түскен тау көрінісі мен шыршалар табиғат ананың шексіз сұлулығын жеткізіп тұр.

 
"Амангелді Имановтың портреті" 1950

 

Ал, 1936 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 20 жылдық мерейтойына арнап Ә.Қастеев қазақ халқының қаһарман батыры, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің Торғай облысындағы қолбасшысы, халық батыры Амангелді Имановтың портретін (1950) жасап шығаруды алдына міндет етіп қояды. Осы міндетті орындау үшін суретші талай төңкерісті басынан кешкен, батырдың туған жері Торғайға келіп, зерттеп, оның төңіректерімен терең танысады. Ол Амангелдінің қолбасшылығымен болған көтерілістерге қатысқандармен кездесіп, әрқайсысымен әңгімелесе отырып, өте бағалы, фактылы материалдар жинайды. Мұнымен қатар, жауынгер достарымен де кездеседі. Нәтижесінде, Амангелді Иманов достарының айтуы бойынша, ол өзінің інісіне және басқа жақын туыстарына ұқсас болып шығады. Ә.Қастеев сол себепті Амангелдінің ағасының да, туысқанының да суреттерін түсіріп алады. Суретші тіпті сол уақыттағы ұрыста пайдаланылған қару–жарақтарды, батырдың қандай костюм кигендігі және жүріс–тұрысын әбден зерттеп ізденеді. Сөйтіп, суретші Амангелді Имановтың зрительдік образын жасап, оның достары мен туыстарына көрсеткен уақытта бір ауыздан «міне Аманкелді» деп қуанады. 1950 ж. сәтті шыққан бұл туындысында Аманкелді батыр көтерілісшілер лагерінде отыр. Ол байсалды да, салмақты. Алысқа көз тастап, алдағы уақытта болатын шайқастың жоспарын құрып отырған іспетті. Ол терең ойлы, кең иықты батыр ретінде бейнеленіп, қолындағы арабша жазылған қағазы арқылы Амангелді Имановтың тегін адам емес, саясаткер, сауатты оқыған, білімді болғанын көре аламыз. Революциялық тарихты жазу барысын Ә.Қастеев екі бағыт бойынша жүргізді, бірі Амангелді образын жасау болса, енді бірі 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс еді. Негізінен, бұл көтерілістің басталуына патша өкіметінің 1916 жылғы армияның қара жұмысына 19–43 жасқа дейінгі ер–азаматтарды шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болады. Бұл саясатқа қарсы көтерілістің жетекшілері ішінде А.Иманов, Ә.Жангелдин, Т.Бокиндарды атауға болады. Сол замандағы Торғай облысындағы ұлт азаттық көтерілісін бейнелеу негізінде Қастеев 1970 жылы «Амангелді сарбаздары» туындысын жасап шығарды. А.Иманов көтерілісті ұйымдастыруда, әскери жинақ жасауда ерекше білімді болған. Ол өзінің білімі мен батырлығы арқасында қол астына 50 мыңға жуық әскери жинақ құрған. Екі монументалды туындыда Ұлт азаттық көтерілістің Торғай облысындағы қолбасшысы, қазақ батыры Амангелді образы мен сарбаздары бейнеленген. Амангелді сарбаздары картинасында сол бөліктен бір қатарда сап түзеп келе жатқан  сарбаздар, артқы фонда қару жарақ жасаушылар лагері көрінеді. Сарбаздардың қолындағы қызыл әскер жалауы, олардың ұрысқа кетіп бара жатқан көрінісінен хабар етеді. Амангелді батыр өз әскерін елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөліп, ақыр соңында патша үкіметі құлағанша шайқасады. Тарих сахнасындағы бұл батырдың образын мәңгі есте қаларлықтай жасағандығы үшін суретші Қазақ Советінің құрмет грамотасымен марапатталып, Қазақ халық суретшісі атағына ие болады. Қазіргі таңда суретші жасаған Амангелдінің бұл образы театр, кино салаларына да үлгі ретінде қолданылады. Кез келген қойылымдар мен кино туындылар Кастеев жасаған осы образ арқылы гримделеді. Жәнеде бұл туындылар сол уақыттарда Мәскеудегі Бүкілодақтық көркемсурет көрмесіне қойылып, бүкіл елімізге мәшһүр көрнекті туындылар ретінде танылады.

Суретші бертін келе табиғат көркін республикада болып жатқан өзгерістермен, жаңа оқиғалармен байланыстыра суреттейді. Сол өзгерістердің бірі дүние жүзі елдерінің жалаулары желбіреген Медеудегі таулы мұз айдыны. Қастеевтің композициялық бұл картинасында еліміздің мақтанышы Алматының төңірегінде, Кіші Алматы өзенінің жағасында жататын Медеу мұз айдынының табиғи қалпының көрінісі суреттелген. Медеу ең алғаш табиғи мұз айдыны ретінде 1951 ж. пайдаланыла бастаса, Медеу Спорт Кешені 1972 ж. тұрғызылады. Қастеевтің бұл туындысында табиғи медеу мұз айдынында он бес одақтас республиканың қысқы ойындарының өтіп жатқан көрінісі суреттелген. Қаламгер әрбір елдің жалауын бейнелеп, тамашалаушы көрермендерді нақты көп тұлғалы етіп кіші көлемде дәл бейнелей білген. Сонымен қатар, суретшінің бұл туындысынан қыс мезгілінің пейзаждық көрінісін көреміз. Картинадағы қардың жылы ашық түсі жылылықты бірден сезіндіреді. Суретші кеңістікті, ауаның кеңдігін майлы бояумен сезіну арқылы әсем бейнелеп, туындыға эпикалық мән берген. Медеу көрінісінің төменгі бөлігі адам бойының деңгейімен, жоғарғы бөлігі құстың ұшқан деңгейімен суреттелген. Сондықтан болар, табиғат көрінісі түгел дерлік, кең көлемде беріледі. Қазіргі таңда медеу мұз айдынына су тасқынынан қорғайтын бөгендер салынып, табиғи қалпынан қазіргі заманға сай тұрғызылып, дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешендері қатарына енген.

Қастеевтің өмірінен сыр шертетін тағы бір панорамалы форматта орындалған туындыларының бірі «Талас өңірі» (1970). Картинада ағып жатқан Талас өзені, мал бағушы шопан бейнесі, жұмыстан қайтқан жастардың таласа өзенге түсу көріністері берілген. Бірнеше композициялы бұл туындысы қазақ жерінің кеңдігін тағы бір мәрте танытады. Суретші көкжиектегі көз мөлшерімен  бейнелеген бұл панорамалық картинасында жаңа болашақты, келіп жатқан жаңалықтарды, өзінен кейінгі ұрпақтарының біліммен айналысуын суреттеген. Картинадағы автобустар, алыстан шаңдатып келе жатқан автомашиналар жаңа техникалық дәуірді танытса, сол жақ пландағы мектеп формасындағы оқушылар арқылы білім мен сауаттылық заманның басталғандығын танытып тұр. Осы өзгерістердің бәрін өз көзімен тамашалап, өзінен кейінгі ұрпағының қиыншылық көрмей, сауатты өмір сүретіндіктеріне қуана көз тастап отыр.

1972 ж. жазылған «Қапшағай су электр станциясы» туындысы суретші шығармашылығының соңғы кескіндемелік жұмысы болып табылады. Бұл туындыда бұрын соңды жан бара алмайтын тауларға жоғары вольтты электр сымдарының орнаған тарихын көреміз. Бірінші планда анық әрі нақты түрде капшағай су электр станциясының жоғарыдан қараған көрінісі суреттелген. Қапшағай СЭС–ғы Іле өзенінің таза мөлдір су беті, жаңадан құрылып жатқан бөгендер, жартас шеттеріндегі заманауи құрылыстар, аспандағы тік ұшақ та көзге түседі. Картинаның жоғарғы бөлігі нәзік болса, төменгі бөлігі техника мен электр сымдары арқылы ауырлықты сезіндіреді. Суретші тіпті жартастардың табиғи күрең түстерін жеткізе білген. Қастеев өмірінің соңғы жылындағы бұл туындысы арқылы халық өмірінің қуанышты және гүлденбелі сәттерінің басталғандығын айтып, өзі куә болған советтік Қазақстанның тарихына нүкте қойып кеткендей.

Қорыта айтқанда, Әбілхан Қастеев суретші ретінде өз халқымен бірге өсті, шындықты сипаттаудағы талант ерекшелігі сол өсуден шешімін тапты. Оның өмір шындығын шын мағынасында суреттей білуі, оқиғаны, табиғатты документтік дәлдікпен көрсете білу қасиеті суретші шығармаларының негізгі ерекшелігі болып табылады. Зерттеуші ғалымдар қазақ халқының тарихын кітап ретінде жазып қалдырса, Ә.Қастеев халқымыздың еңбек өмірін, тың жерлерді игеруден бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихын айнадан көрсеткендей қылқаламымен айқын бейнелеп берді. Отанын, халқын жанындай сүйетін патриот суретшінің сарқылмайтын сан салалы тақырыбы – Советтік Қазақстанның өміріне арналған жылнама іспетті. Бүгінгі таңда Ә.Қастеев туындылары Қазақстанның көптеген ірі мұражайларында, сонымен қатар Ресей, Украина және Қырғызстанда, алыс және жақын шетелдердің жеке жинақтарында сақтаулы. Біздің музей қорында суретшінің 460-қа жуық кескіндеме, 2000-ға жуық акварельдік жұмыстары сақтаулы.

2004 жылы суретшінің 100 жылдық мерейтойы тойланып, ЮНЕСКО–ның халықаралық күнтізбесіне маңызды оқиғалардың бірі болып енді. Және жыл сайын музейінде Қастеев оқулары дәрістері жүргізіліп тұрады.

 

Пайдаланған әдебиет тізімі


  1. Абылхан Кастеев. Альбом (Составитель Б. Барманкулова) – Алма–Ата: Өнер, 1986 – 258 стр. илл.
  2. «А. Кастеев» Альбом (автор текста Е. Вандровская) – Москва: «Советский Художник», 1955 – 64 стр.
  3. Е. Г. Микульская. Абылхан Кастеев – народный художник Казахстана. Алма–Ата, 1956.
  4. Кастеев Абылхан. Альбом репродукций (составитель Л. Г. Плахотная) – Алма–Ата, «Жалын», 1978.
  5. Әбілхан Қастеев. Альбом – Алматы: Өнер, 2004 – 160 бет.
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет