Виолетта Вологодская. Көзге көрінбейтін құбылыс...

Автор өзінің шығармашылығында шығармаларының көпшілігінде көзге түсетін құстың бейнесін дамытады. Бұл - рухани және дүниелік еркіндіктің көп мәнді философиялық образы. Аллегориялық мағынада періштеге айналған жан дегенді білдіреді. Інжілдің түсіндірмесі бойынша Көгершін - Қасиетті рух. Құстарда адамзаттық және ғарыштық бастау бір мезгілде біріккен - олардың жеңілдігімен және шапшаңдығымен, еркін қалықтауымен, аспанға жете алатын мүмкіндігімен өлшенген символизм.

Виолетта Вологодская

Өнертанушы

Ә.Қастеев атындағы өнер музейіндегі «Шетел өнері» орталығының ғылыми қызметкері



Андрей КопчакУкраинаның сегіз қырлы, бір сырлы заманауи суретшісі. Ол – график, кескіндемеші әрі иллюстратор. Оның шығармашылығы тақырыбы жағынан әр алуан – онда натюрморт та, пейзаж да, сюжетсіз композициялар да бар. Автор қашан да «өз сұлулығын», «өз тілін» іздеу үстінде жүреді.

Суретші – украин кескіндемешілері әулетінің өкілі. Львов облысының Трускавец қаласында қылқалам шеберлері Юрий және Вера Копчактардың отбасында дүниеге келді. Ата-анасының шығармашылық қызметі, олардың айналасы өнердегі жолын енді бастаған автордың жеке тұлғасының қалыптасуына ықпалын тигізгені сөзсіз.

Қазір Андрей Копчак кескіндемеші ретінде белгілі, алайда ол суретшілікті графикадан бастады. 1999 жылы Киевтегі «Грифон» галереясында «Қара-ақ ойын» атты алғашқы жеке графикалық көрмесі өтті. 2001 жылы ол Самбор педагогикалық колледжінің бейнелеу, сәндік-қолданбалы өнер және дизайн бөліміне оқуға түсті. Оқып жүрген кезде Л.Рондяктың «Мен өз мінез-құлқымды өзім құрамын», «Мен – сіздің балаңызбын» деген екі кітабын безендірді. 2005 жылы Федоров атындағы Украин Баспа академиясында кітап графикасы факультетінде оқуын одан әрі жалғастырды. Профессор В.Овчинниковтің шеберханасында оқып-үйренгендері оның графика өнерінің қыр-сырын жетік білуге алып барған баспалдақтарының бірі болды. Ұстазынан қуат алған Андрей офорт техникасында экслибристер топтамасын жасады. Графиканың мәнерлі ерекшеліктерін оқып-үйренген ол өз ой өрісін кеңейтіп, кескіндемедегі өз жолын табуға барынша ерекше ынтамен кіріседі. Өнердегі колористік сазда көркемдіктің ғаламат күші барын түсінеді.


Шыны қабатының артындағы шексіздік. 2008

 

«Жарқын әрі экспрессивті, абстрактылы әрі нақты, осындай да  әр түрлі», –  дейді замандастары оның жұмыстары жайлы. Андрей Копчак – түс сезімін игерген суретші, палитрамен батыл жұмыс істейді, картиналары да көп бояулы. Олар колоритке толы, күрделі. Суретшінің кескіндемесі еркін, құлашын кең сермейді. Оның картиналарына қарап отырып, образдар жеңіл, өз бетінше жазылған деген қорытындыға келесіз. Автордың шығармашылығы асықпай, оймен қарауды керек етеді, сонда оның кескіндеме әлемі мен толыққанды образдық жүйесі түсінікті бола түседі. Суретші өз картиналарын эмоциямен, түйсік пен дәл есептің ең ұшар басында тұрып, түстік шиыршықтар мен уақыт шиыршығын ойсыз айналдырып жазады. Кешегі күнде де, бүгінгі күнді де суретші өзіне кейіпкер етіп алған. Оның шығармашылығының негізгі сипаттары – ашық, тіпті біркелкі қою қанық түсті іліп алып, мастихинмен сілтей жазу. Ең бастысы – табиғилық, әдейі жасамаушылық, түсті батыл сезіну.

Суретшінің ертеректегі жұмыстары – «Қарсы тұру», «Әйел», «Қос мәнділік» түске мейлінше сазды. Оларда көркемдік құралдар мен образдарға деген ізденіс кенеттен бітіп қалғандай жеңіл өте шығады. Суретші өз туындылары арқылы қоршаған ортаға байланысты ойлар мен сезімдерді, өмір мен өлім туралы, өткен өмір жайлы, болмыстың мәні туралы толғамдарды ашады. Оның тарихы – өнердегі заманауи үрдістердің көмегімен алдында болып өткен тәжірибелерді қайта електен өткізу.

Андрейдің шығармашылығы арқылы өткен кейіпкерлердің жинақтама образдары берілген портреттер топтамасы бір төбе. «Толғаныс», «Уақыт», «Асу» - тарих пен әдебиеттің көптеген белгілі кейіпкерлерінің қырларын ашуға болатын портреттер. Олар сырттай бақылаушы, уақытпен, өзімен тыныш «күрес үстінде». Суретші түстің жанды ойының көмегімен адам санасын бейнелейді. Картинадағы композициялар көрерменге мейлінше жақын көп элементтен құралған. Кеңістік «Мереке» топтамасындағы «Коляда», «Қонақта» картиналарындағыдай топталып қалғандай болады да, салмақты әрі маңызды бола түседі. Есептелген фрагменттіктің нәтижесінде көрерменнің назары автор үшін ең маңызды жерге шоғырланған.

Суретші түрлі бағытта шеберлікпен жұмыс істейді, өз нақышын, өз екпінін іздейді. 20 ғасырдың бас кезіндегі тәсілдер мен мәдени мұраға бет бұру – осының айғағы. Зерттей отырып, өз тәжірибесінде оны өз ыңғайына алып келеді.

Халықтың ғасырлар бойы жиған ақиқат әрі ғибратты, ғажап әрі фантастикалық өткеніне мойын бұруы – суретші үшін шабыттың сарқылмас көзі. «Түн», «Құпия орын», «Биде» картиналарында біз фольклорлық мотивтерді көреміз, халық шығармашылығына тән колориттің ашықтығы, көру бейнесінің қанық мазмұны, жалпылау - осының нәтижесі.

Андрей Копчактың  туындылары көбінесе картинадан картинаға өткен сайын оның философиялық ізденістерінің негізгі бағытын ашатын символдарға толы, ол символдар  ̶  есік, баспалдақ, құс. Мысалы, есікті кеше мен бүгіннің, дүние мен рухтың кеңістігін бөліп тұратын сызық, уақыт порталы дерсіз.

Суретші аллегорияға жүгінеді. Оның «Жер» картинасы - басты кейіпкері қойма ретінде алынған тостаған - руханият пен танымның, ашылу мен жетілудің символы. Христиан иконографиясында ол наным-сенімнің ұлы символы. 


Көзқарас. 2017

 

Автор өзінің шығармашылығында шығармаларының көпшілігінде көзге түсетін құстың бейнесін дамытады. Бұл - рухани және дүниелік еркіндіктің көп мәнді философиялық образы. Аллегориялық мағынада періштеге айналған жан дегенді білдіреді. Інжілдің түсіндірмесі бойынша Көгершін - Қасиетті рух. Құстарда адамзаттық және ғарыштық бастау бір мезгілде біріккен - олардың жеңілдігімен және шапшаңдығымен, еркін қалықтауымен, аспанға жете алатын мүмкіндігімен өлшенген символизм. Мифологияда жаратылыстың бастау алған тұсы ағаштың символының да маңызы зор. Ол үш әлемнің ара қатынасын белгілейді. Ағаштың образы - асудан асып, жоғары өрлеуге болатын жолдың символы. Автордың барлық символдары өзара байланысты:  ағаштың ұшар басында құстар ұя салады.

Суретші түйсіктік деңгейде материяның реңктік тербелісін ұстап алғандай қоршаған ортаны түске жайып сала отырып, картиналарын жазады. Туындыларының колориті  күтпеген үйлесіммен, ашықтықпен, қанықтықпен, көбінесе қарама-қарсылықпен құрылған. Автор белсенді, жүрдек бояулармен түйсікпен танылатын формаларды салады. Оған әлем туралы өзінің түсінігімен, оның әлемін мекен еткен образдарымен бөліскен маңызды. Суретші көрерменге қазір өтіп бара жатқан, бірақ сол уақытта, баяғыда бір күні болған өз тарихын баяндайды және көрермен оның ойдан шығарылған  әлеміне сенеді.

Андрей Копчактың шығармашылығы Украинаның бай халықтық өнерімен тығыз байланысты болғандықтан, оның тәсілі өзінше жол тапқан. 

Андрей Копчак – талантты график. Оның көлемі шағын парақтары тушьпен орындалғандықтан, образдарға мәнер беретін қара мен ақтың айқын қарама-қарсылығына жеткізген. Ол графикада «Әйнек қабатының ар жағындағы шексіздікте» көретініміздей, сызық, дақ сияқты түрлі көркемдеу тәсілдерін қолданады. Немесе, «Шексіздік» деп аталатын басқа парағында қысқа сызықтар мен нүктелер желісін пайдаланған, сөйтіп парақ селдір өрнекті болып шыққан, композиция мен көлем пайда болған, сонымен бірге кеңістік те бос қалмай, толтырылған.

Қазіргі уақытта суретші айналадағы құбылмалы факторларға ой жүгірте отырып, өз сана-сезімінің танымға өтуін қағаз бетіне түсіріп үлгеруге, сонымен қатар асықпай, өткеннің контексінде қазіргіні басқаша ой елегінен өткізуге тырысады. Суретшінің картиналары - болмыстың тұтас кешенімен байланысқан түрлі қуат көздерінен тұратын кеңістік вариацияларының күрделі құрылымын көрерменге көрсетуге жасалған талпыныс. Ол үшін уақыт - жойқын құбылыс.
1 Тамыз 2017
267
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет