Клара Исабаева. Сабыр Мәмбеев – ел есінде

Кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халық суретшісі Сабыр Әбдірәсілұлы Мәмбеев шығармашылығы туралы.

Клара Исабаева

Ә.Қастеев атындағы өнер музейіндегі баспасөз қызметінің жетекшісі

Аударған: Ақбота Алимхожина

өнертанушы



Ұлы шебердің жүрегі соғуын тоқтатты. Ол тірі аңыз еді. Қазақ бейнелеу өнерінің мақтанышы. Оның "Тауда" (1957) атты жұмысы Шығыс халықтарының (Мәскеу) өнер мұражайында, ал "Киіз үй" (1958) туындысы Третьяков галереясының жеке жинағында орналасқан.

Суретшінің жайлы және тыныштық орнаған кештері, "Киіз үй" картинасындағы сезімтал көрініс – қазақ көркемөнерін одақтық деңгейде ұсынды. Бұл туынды тіпті «Жастық» журналында жарияланды және автордың жоғары шеберлігі, оның бірегей көркем стилистикасы Қазақстаннан бөлек басқа елдерде де кеңінен танымал болды. Тамаша суретші-лирик Сергей Герасимов «Тауда» және «Киіз үй» жұмыстары жайында 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің Онкүндігінде:

«С.Мәмбеевтің полотнолары туған халқының болмысының қуанышына толы. Бейнелеу мәнері өзгеше атмосфераға толы сәнді болып келеді, олар жарықпен,  күнмен, ашық түстермен толықтырылған... ұлттылығымен қатар өзінің эмоционалдық саптарымен заманауи болып келеді» деген еді.

«Мәмбеевтің картиналарында  бейбітшілік пен ынтымақ орнаған, поэзия мен көркем нысандарының аристократизмі, шын мәнісінде табиғатта емес, мәдениетте. Сезімдер мен ойлар мәдениеті «өткен натураға» – қазақтардың дәстүрлі өмір салтына оралған, оның жаңғырығы әлі күнге дейін шалғай ауылдар мен жайлауларда естіледі, – деп атап өтті «Қазақстан өнері Антологиясы», 2004.


Киіз үй. 1962

 

Бірнеше ондаған жылдар бойы оның жауһарлары "Киіз үй" (авторлық қайталау), "Көктем", "Терезе алдындағы қыз", "Қара кимоно" атты туындылары Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері залын безендіріп тұр.

Кенбаев пен Телжанов бәйгелерінің  динамикаға толы композицияларынан Мәмбеевтің айырмашылығы, онда қозғалыс жоқ, барлығы тыныштықта орын алған.

Оның көркем тілі –қазақ менталитетін пайымдау идеясы; меңзей қараудың  жай-күйі, далалық өмір салтын ұстануға тән қасиет.

Ал, ұзын маскалар, шығыстық пайымдау – музыкалық симфония іспетті.

Мәмбеев – қазақстандық колористердің ішінде өте сезімталы.

50 -жылдардың ортасында Қазақстанда кескіндеменің жаңа кезеңі басталады, яғни сол кездегі көркем оқу орындары Мәскеу мен Ленинградтан үздік  білім алған талантты жастардың келуімен байланысты болды.

Өз ұрпағының көптеген өкілдері ретінде Сабыр Мәмбеев те 20 ғасырдың қиын кезеңдерін басынан өткізді: соғысты, айырылу, ашаршылық.

Ол 1928 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, 13 жасында жетім қалады. Бірақ білімге, шығармашылыққа деген ұмтылысы, мақсатқа жетудегі арманы өмірдің қиыншылықтарына қарамастан, Сабыр Мәмбеев Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, Ленинград қаласындағы Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институына оқуға аттанады.

Онымен бірге көркемсурет училищесінде оқыған жақын достары М.Кенбаев, Қ.Телжанов, Б.Төлеков, Ж.Шарденов, К.Шаяхметов, Г.Исмаилова сынды беделді суретшілер болды, олардың оқытушысы танымал тұлғалар, суретшілер – Абрам Черкасский, Леонид Леонтьев, Алексей Беседин, Брылов Георгий және Алексей Бортников болды.

Ленинградта оқуы аяқтағаннан кейін, ұзақ жылдар бойы туған жерін сағынып келген суреші ерекше жылулықпен бірнеше картина жазады.


Көктем. 1965

 

Қаламгер табиғи ырғағымен үйлесімділік тапқан қазақ ауылының өмірін, сұлулығы мен даналық болмысын шығармаларында ерекше көрсетіп береді.

"Көктем" (1964) туындысындағы ашық және қара дақты түстердің қозғалысы мен статикасы, жасыл алқаптың нәзіктігі мен күміс шөптердің фактурасын беріп қана қоймай, дала сұлулығына деген ұстанымды махаббатын кенеп бетіне түсіреді.

Сонымен қатар, тақырыптық суреттермен бірге, Мәмбеев портреттерді де жазады, оның қылқаламына көптеген тамаша образдар тиесілі.

Сабыр Мәмбеев қазақ бейнелеу өнерінің бастауында тұрған бірегей дәуірдің көрнекті алғашқы  қазақ мектебін ашқан суретшілерден  және сол мектепті әрі қарай танытқандардың қатарынан болды.

С.Мәмбеев еңбек пен шығармашылыққа толы, қоғамдық өмірін барлық айқын ойын, күш-жігерін көпұлтты Қазақстанның мәдениетіне, халықтың эстетикалық тәрбиесіне, ұлт мұрасы мен әлемдік мәдениетке арнады десек болады.

11 облыс орталықтарында оның басшылығымен суретшілер мен мүсіншілерге арналған шеберханалар, мұражайлар мен көрме залдары ашылды. 6 қалада (Алматы, Қарағанды, Өскемен, Семей, Шымкент, Целиноград) суретшілер үйі салынды.

Ол Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ашылуына белсенді қатысты.

1956 ж. 28 жасында алғаш рет КазССР суретшілер Одағының төрағасы болып сайланады. Аздаған үзіліспен 1982 жылға дейін, яғни 26 жыл бойы осында қызмет атқарды.

1968 жылдан 1983 жыл аралығында, КСРО суретшілер Одағы басқармасының хатшысы болып сайланады, яғни 17 жыл.

1987 жылдан бастап 1992 жылға дейін қоғамдық негіздегі, Қазақ мәдениет Қорының Төрағасы болды.

1971 жылдан 1985 жылға дейін 15 жыл бойы, ҚазССР компартиясының ОК мүшесі, КПСС съездінің XXIV делегаты болып сайланады.

1980-1985 ж. ж. ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, кейін Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланады.

"Құрмет Белгісі" ордені, екі мәрте "Еңбек Қызыл Ту", "Халықтар достығы" және "Парасат"орденімен марапатталған.

Бастысы суретші артына қайталанбас туындыларды қалдырды. Ол туған еліне қызмет еткен адам, сондықтан оның шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінің, қазақ елінің есінде мәңгілікке қалмақ.

7 Тамыз 2017
481
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет