Ғалия Әли. Өміршең өнер иесі

Халық суретшісі өмірдің елеусіз оқиғаларын назарға ала отырып, еңселі мәселелерді көңіл елегінен өткізіп, өзінің көркем шығармасында көрсете  білген суреткер.

Ғалия Әли

Өнертанушы, Ә.Қастеев атындағы МӨМ ғылыми қызметкері



Бейнелеу өнері арқылы халықтың өмірі мен мәдениеті, келбеті көрінеді. Сондай-ақ, Отанымыздың қилы сәттеріндегі тағдыры мен тарихы, ата-бабаларымыздың даңқты өткені, рухани және патриоттық сезімі өнер туындыларынан көрінетіні рас. Осыған себеп отызыншы жылдардан бастау алған кескіндеме өнерінің  қилы тағдырына көңіл бөлген өнер иесі – Қанафия Темірболатұлы Телжанов дей аламыз.

Халық суретшісі өмірдің елеусіз оқиғаларын назарға ала отырып, еңселі мәселелерді көңіл елегінен өткізіп, өзінің көркем шығармасында көрсете  білген суреткер. Қазақ елінің осы күнгі бейнелеу өнерінде КСРО халық суретшісінің шығармашылығы жетекші орынға ие. Ол бұл өнерге 50-жылдардың бас кезінде, кеңестік тақырыптық кескіндеу мен жаңа кезең тарихын орнықтыруға ат салысты. Ойы ұшқыр, рухы биік, айтары ашық суретші шығарма орындауда шынайы шеберлігін танытып кетті. Сондықтан, суретшіге деген қалың жұртшылықтың шынайы сыйластығы, өнеріне құрметі шексіз. Телжанов ХХ – ғасырдың елуінші жылдары қазақ бейнелеу өнерінде үлкен бетбұрыс жасап, еншісін даралаған. Дарын иесінің көркем туындыларының құндылығы эпикалық кеңдігімен, халықтық дәстүрлігімен, тарихи мазмұн және туынды тереңдігімен өлшенеді. Суретші туындылары Қазақстан халқының кең даласының әуені, әрі болашағы.

Ол ұлттық қаһармандарды тарихи қалпында картинаға әкеліп қана қоймай, сонымен қатар өзінің әдісін жасауға айрықша бейнелілікке жетуге тырысты. Бұл орайда кеңістікті ұтымды пайдаланып, бояусыз тұтас көрініске лайықтап, пішіндердің жинақталғандығы мен силуэттілігін батыл көрсетеді. Таза әсемдік тәсілдерге қарамастан, оны қоршаған табиғат бояуының көптігі мен адам сезімінің қалтарыс-қатпарларыда ұмытылмай көрініп тұрады.

 
Алғаш рет. 1954

 

Халқының тағдыры мен тарихы туралы философиялық ой толғауы – Телжановтың шығармашылық дүние танымына тән қасиет. Шебер суреткер көркемдік пайымдауларына замандастарының өмірінен алынған алуан түрлі тақырыптар енгізеді. Олар: лирикаға толы «Жамал» (1955), «Әжесі мен немересі» (1955), «Алғаш рет» (1954), «Сабақ соңында» (1955) атты тұрмыстық жанрдағы шығармалары. Бұл жұмыстарында қазақ әйелі келбетіне мейірім, сабырлық, жылылық сезімдерін ұялата отырып, ана тақырыбының кеңідігін айқындады. Сонымен қатар, Телжанов бейнелеу өнерінің ұзын-қысқа, кәрі-жас сияқты қарама-қарсы заңдылықтарын сақтай отырып, әр қоғамның үлкен қозғалысын, тоталитарлық жүйенің дыбысы шықпас дүрбелеңін батыл бейнелейді. Оның туындылары тек бейнелеу өнерінің заңы бойынша емес, өмір заңдылығын ашу. Ол бүгінгі күнге дейін маңызы мен мазмұнын жойған жоқ.

Кәсіби суретші образдар жасауда қайсар мінезді, игілікті істерді, рухани сезімді қарапайым адамдар бойынан іздеді. Картинада бояу үндестігі, пластикалық шешім, уақыт пен өлшем, кемелдік кезең, өмір шындығын даралап бейнелеу бірізділікпен шешілген.

Ол кәсіби суретші ғана емес, қоғам қайраткері ретінде көптеген жылдар бойы Республиканың Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан КПОК мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақтың мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының директоры қызметін атқарғандығы мәлім. Бұл суретшінің қолтаңбасы шетелдік өнертанушыларға танымал. Атап айтқанда, Италия, Франция, Венгрия, Египет, Үндістан, Куба елдерінде шығармашылық сапар жасап тәжірибе алмасуы өнердің озық үлгісін тануы болып табылады. Дарынды дара тұлғаның көркем шығармаларының кеңістігінде әлемдік өнер үлесін ашық және толық қарауға болады. Ол Куба өнер академиясына (1972), Синьцзянь өнер институтына (1993) барып, тәжірибелі ұстаз ретінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді.

Қылқалам шебері монументті картиналары арқылы суретшіліктегі сәуле мен бояу реңктерін биязы астастыра білу тәсілдерін көрсетеді. Ол әріптестері секілді жекелеген табиғат көріністерін тартымды бейнелеумен ғана шектелмеді. Өзінің әрбір жаңа туындысы арқылы көрерменнің күннен – күнге өсіп келе жатқан эстетикалық және рухани жоғары талап-тілегін қанағаттандыруды көздеді.

Қылқалам иесі классикалық өнерімізді өрбітуде өз деңгейін түсірген емес, көркем туындылары өнердің мәңгі өмір сүруіне өзекті ой тастап, тақырыптық мазмұны мен мәнімен құнды көркем шежіремізді толықтырды. Сондықтан да, көрнекті суретшінің белгілі кескіндеме өнерінде ТМД-елдерімен теңдесіп, әлемдік өнер аренасында өзіндік орны бар классик суретші екендігін дәлелденген дарабоз талант иесі демекпін.

 
Көкпар. 1960

 

«Суретші өзінің көргенін емес, өзгелердің көргісі келетінін суреттейді» – деп атақты Поль Валери айтпақшы, Телжанов кеңестік бейнелеу өнерінен бастау алған төл туындылары арқылы халық пен Отанымыздың мүдесін қорғап, картина бетінде халық ойы мен арман – мақсаттарын тірілте білді.

Шағын картиналары мен триптихтардың арасы қаншама ізденістерді, сілкіністерді, бетбұрыстарды қажетсінді. ХХ ғасырдың Испан суретшісі Пабло Пикассоның «Суретші дегеніміз – өзі жауап беруге тиіс дәуір талаптарымен үнемі қатар жүретін саясат адамы...» – деген сөзі ойға оралғанда, Телжановты саясаткер ретінде де көре аламыз. Өйткені, ұлттық тарих, ұлттық сана, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер дәріптелген бұл туындалар легі ұлт санасындағы ұлылықты дәріптеп, өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталуына себепші болатыны анық.

Өнер өрінде ақтаңгер талант, сан жылдардың тарихын бойына жиған шығармалары қазақ ұлтымен бірге жасай береді. Бүгінгі таңда оның алғашқы қадам жасаудағы «Алғаш рет» (1954) картинасы бүкілодақтық көрмеде танымал суретші Б.В.Иогаисон көзқарасымен оң пікірге ие болағандығы қуантса, «Жамал» картинасының Третьяков галереясының төрінен орын алғандығы өнердің құндылығының белгісі.

Ұлттық бейнелеу өнерінің өзіндік дәрежесін, қазақ елінің бояу үндестігін әлемге танытқан тұлға 2013 жылы қыркүйек айының 28-жұлдызында өмірден өтті. Халықтың ардақты өнер иесі, ел мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан халық суретшісі бақилық болса да, өнері бүгінгі ұрпаққа өзінің қайталанбас көркемдік ерекшелігімен қымбат. Өзінің тума талантының арқасында қайталанбас көркем туындыларды бейнелеп, ел жадында мәңгі сақталуына үлкен үлес қосқан – Қанафия Темірболатұлы Телжанов.

10 Қараша 2017
54
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет