Ғалия Әли. Жаңа реализмнің өкілі – Дулат Әлиев

«Мен өзімнің суреттерімде басқалар сияқты жиһангезбін. Живопись мен үшін өмірді тану құралы. Суреттерімнің негізгі кейіпкері – адам. Мен оны жақсы көретіндігімді сезіндім».

Ғалия Әли

өнертанушы, Ә.Қастеев атындағы МӨМ-ның

ғылыми қызметкері



Көркемөнер процесінде ХХ ғасырдың аяғына таман ресми мифологемнен арылу, көркемөнерлік көңіл-күйді еркін білдіру, тек қана тарихи өткен емес, бүкіл әлемдік көркемөнер тәжірибесінен бастау алып жатқан өзін-өзі тану тенденциясы қанат жая бастады. Бұл кезеңнің өнері көп жағдайда өзіндік жоғары деңгейдегі кәсібилігін өткен кезеңдерде салынған дәстүр ретінде сақтай отырып, стилінің, концепциясының, көркемдік тілінің жан-жақты көп қырлылығымен ерекшеленеді. Ұлттық образды көрсететін характерлі жұмыстар пайда болады. Бұл кезеңнің суретшілер қатарында А.Дүзелханов, Д.Әлиев, Ә.Сыдыханов, А.Ақанаев, Ғ.Маданов, Ғ.Баяновтар болды.

Бертін келе еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, бейнелеу өнерінде де белгілі бағыттарда шығармашылық ізденістер жасаған суретшілеріміз жаңа шығармашылық табыстарға қол жеткізе бастады. Ел өнерінде үш бағыт анықталды. Олар – символикалық тәсіл, концептуалды тәсіл және жаңа реализм. Егеменді елдің өнері қайта қалыптасу барысында жандана бастады. Суретшілер қалыптасқан категориядан арылып, шығармашылық ізденуде еркіндік пен бостандыққа қол жеткізді. Жаңа ғасыр суретшілері өзіндік ой–сезімдерін көркем шығармалары арқылы жария етті.

Қазақстан өнері үнемі ынтық және оның әртүрлі сәндік-кескіндемелік тәжірибелер жасаған кезде табан тірейтін платформасы – классикалық академиялық мектеп дәстүрінде өз шығармашылығын Д.Әлиев дамытып келеді. Оның жұмыстарының қатып қалған классикалық қағидалардан өзгешелігі – өмірдегі нақты және тұрақты құбылыстарды ғана бейнелеп қою емес, адамдарды, заттарды қоршаған, оқиғалар өтетін көркемөнерлік орта жасауға талпыну. Солай бола тұра, оның шығармаларының сюжеттері сан алуан. Дарын иесі үшін күнкөріс ығытымен өтетін және жылы ықыласпен қараған көзге көрінетін, әр кезде жылы жеңіл әзілге толы қарапайым адамның тыныш өмірі маңызды.

 
"Отбасы". к.м.б. 1984 ж.

 

Қазақ бейнелеу өнерінің шоқтығы биік тұрған кескіндемеші, әрі педагог ретінде танымал Дулат Қаппарұлы Әлиев 1948 жылы Байзақ ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. 1977 ж. Санкт-Петербургтегі кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. Алматы көркемсурет училищесінде (1977-1982) және Республикалық көркемсурет колледжінде (1991-1994) ұстаздық еткен. Оның ең алғашқы танымал көркем туындысы «Жатаханадағы шай ішу» атты картинасы (1969). Адам, оның өмірі мен тағдыры, тіршілік-тынысы кескіндемешінің шығармашылық еңбегінің басты тақырыбы болып табылады.

Дарын иесі 20-дан астам көрмелерге қатысқан. Олардың ішінде шет елдік көрмелері де атап айтуға тұрарлық. Олар: «Гамбург-Ленинград, Ленинград- Гамбург» (1979); «Күзгі салон» (Париж, 1984): «Қазақстан суретшілері» (Болгария, 1985); және т.б. Д.Әлиев туындыларының коллекциясы бүгінгі күні Россия, Украина, БҰҰ, Франция және т.б. шет мемлекеттердің төрінен орын алған.

Дулат Әлиев – сырт көзге өте биязы, ашық мінезді, өзінің «Отырардың күйреуі» (1980), «Ас үй» (1981), «Серуендеу» (1984), «Қызбен тоты құс» (1993) еңбектерімен көрермен қауымды таңқалдырған дабылды 80-ші жылдардың жеңімпазы. Бұл шығармаларда ХХ ғасыр жүйесінің бағдары сезіледі, әсіресе кубизм мен экспрессия бағыты басым келеді. Бірақ, көп уақыт өтпей-ақ суретші жаңа бағытқа көшеді. Осының негізінде ол өзінің ішкі дүниесі мен өзіне ең жақын өмір – жанұясының өмірімен баланысты, күнделікті көңіл күй мен кешкі тыныштық сәттерін зерттеп, қылқалам тілімен жеткізе білді. Д.Әлиевті дана деп атасақ артық айтпаған болар едік, ешқандай артық сезімдерсіз, бос әурешіліктен ара қашықтықты сақтай отырып, шындықты байқата отырып, адамдардың қиын-қыстау кезеңдерін анық бере білген.

 
"Әкесіндей". к.м.б. 1985 ж

 

Өз полотноларымен жұмыс жасағанда ол анық бейнелеу қағидасына сүйенген, онда бейненің сипаты мен көрінісін баяндауда дәл де нәзік тәсілді пайдаланып, суретші мүлтіксіз анық етіп, бояуларының түсі мен өңін үйлестіре отырып көрсетеді. Сюжеттің ішкі мәні мен қысқаша мазмұнын жарықтандыра түсуге бейімдеп жасалыну қағидасы ұлы П.Брейгельдің заманынан белгілі, бұл қағида қазіргі жас суретшілерге өте қажет.

Суретші өзі және өзінің шығармашылығы туралы: «Мен өзімнің суреттерімде басқалар сияқты жиһангезбін. Живопись мен үшін өмірді тану құралы. Суреттерімнің негізгі кейіпкері – адам. Мен оны жақсы көретіндігімді сезіндім» дей келе өз өнерінің біртумалығын (шедеврлігін) танытады. Оның бір ашқан жаңашылдығы – тұрмыстық жанр тұрғысында, яғни ананың балаға, адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы, пайдалы іспен айналысып бір-біріне деген сүйіспеншілік, мейірімділік сезімдерін қанық түстер мен нәзік бейнелеуі арқылы ұлттық сана-сезім негізінің дүниесін танытқандығында. Суретші өз шығармашылығында кез келеген образды, сюжеттерді ұтымды пайдаланды. Суретшінің адам образын сомдаудағы психологиялық сезімге берілген көркем шығармалары күнделікті өмірден алынған. «Ана мейірімі» (1984) атты көркем туындысында ананың балаға деген сүйіспеншілігі диалог түрінде шынайы берілген. Әрбір ананың сәбиінің маңдайын иіскемей ләззат алуы мүмкін емес. Осы орайда ана мен бала арасындағы шынайы махаббаттың құдіреті композициялық көркем шығармаға арқау болған.

 
"Ана мейірімі". к.м.б. 1984 ж.

 

Суретшінің «Қолшатыр жамылған екеу» атты туындысындағы екі тұлғалық портретте әйел мен еркек арасындағы жарасымдылық жаңа өмірге жетелейтін тәрізді көрінеді. Қолшатыр астындағы басты образда суретші Д.Әлиевтің портреттік образы сомдалған. Қара плащ киген қарапайым суретшінің әйелдің иығнан құшақтап, газеттегі жаңалықтарға көз жүгіртіп, ойға шомып келе жатқан сәті бейнеленген. Қос портреттік туындыға тереңдей үңіліп қарасақ, дала табиғатымен үндескен жылы шырайлы сезім бар.

Кескіндемешінің әр түрлі циклдік туындылары көрерменге айрықша әсер туғызады. Суретші көп уақыт бойы көрермендерге беймәлім болған жалпы адамзатқа ортақ рухани байлықты іздестірумен талантын ұштаған өнер адамы. «Отырардың күйреуі» атты көркем шығарманың орындалу мәнері қазақ өнеріндегі постмодернизм бағытын дүр сілкіндіргендей әсер етті. Суретші сол замандағы оқиға желісімен мәдениеттің күйреуі және қанқұйлы жауыздықты сипаттайтын тарихи күрделі көркем композициялық көркем шығарма тудырды. «Отырардың күйреуі» тарихын адамзаттың қайғысы ретінде көрсете білді. Д.Әлиев жаңашылдыққа бой ұра отырып, қала өмірінің тыныс-тіршілігін бейнелеуде жемісті еңбек етті. Қала өмірінің өзгеше көрінісі оның шығармаларының ажырамас бөлігіне айналды.

Ал 1980-жылдан бастау алатын шығармашылығына баса назар аударсақ, адамның асыл қасиеттерін ашу үшін және тұрмыс тіршілігін әспеттеу үшін уақыт шеңберіндегі адамзаттың рухани сезімдерін бейнелеуге тырысқандығын көре аламыз. Ол өзінің туындыларының түсі мен композициялық шешімне баса назар аударған. Кез келген туындысын алып қарасақ, түстердің қанықтылығы мен ақ пен қара түс арасындағы үйлесімділікті, композициядағы заңдылықтардың яғни көкжиектің, перспективаның дұрыс алынуын, түрлі бағыттағы мазоктардың негізі белгілі бір образды құрап шығаратындығын бірден байқаймыз.

Талант иесінің «Ас үй» (1981) шығармасының тақырыбы өзіміз өмірге алғашқы қадамымызды бастайтын туған үй болып табылады. Картинада суретші отбасының топтық портреті бейнеленген. Жайлылық пен жылылықты көрсететін жылы түстер, жазу мәнеріндегі жұмсақ сыпайылық суретшінің адамдардың рухани бірігуінің маңыздылығын, бір-біріне деген ілтипатты сезімдерін көрсетсем деген идеясын ашуға көмектеседі.

 
"Сейілдеу". к.м.б. 1984 ж

 

Ал, суретші келесі «Сейілдеу» (1984) атты картинасында адам өміріндегі асып-тасушылықты, керітартпа, пиғылдарды мысқылдап бейнелеген. Картинаның композициясы мен персонаждарының сипаттамасы – өмір өзенінде қайықпен жүзіп келе жатқан, ештеңені сезбеген аңқау, бейқам жолаушы адамдар. Суретші енді бірде қайық үстіндегі адамдардың еркіндігінен, демалыс сәттерін жасампаздықпен емес, жариялықпен көрсетеді. Сонымен қатар, адамның өмірдегі міндеті туралы мәселені едәуір дәрежеде мысқылдап келекелеу де бар. Оның ой елегінен өткен өмір ағымы көріністері әрбір көркем туындыларында бейнеленген. Атап айтсақ, «Әкесіндей» (1985), «Отбасы» (1984), «Думан» (1983), «Ас үй» (1981) т.б. 

Әуелгі аталған жұмыстарымен салыстырғанда 1985 жылы салынған «Әкесіндей» (1985) атты картинасы қызықты, әрі балалық арманшылдыққа толы. Бұл аталмыш туындыда әкесінің кастюмін киген кішкентай бала бейнеленген. Бала үстінде сөлбірей кеткен кстюм мен ұзынша галстук, қолдары қалтасында, тіп тік ғажайып тұрысы кескінделген. Картинаға бірден қарап, кішкентай балақайдың бет әлпетінен оның ертерек дәл әкесіндей есейіп, үлкен азамат болып, еркінділікті қалап тұрғандығын аңғарамыз. Сүйкімді бейнелі балақайдың тұрысы мен бет әлпеті көрер көзге нәзіктік, тамсанарлық сезім тудырары хақ. Картинадағы қара мен қызыл және сары түстер үйлесімді шешім тапқан. Туынды жарқындылық тұрғыда бірден көзге басылады.

Д.Әлиев шығармашылығының тақырыбы әрқырлылығымен ерекшеленді. Ол өзінің келесі бір сөзінде «Мен 1977 жылға дейін өзімнің сүйікті суретшілерімнің (Тициан, Гойи, Веласкес, Эль Греко, Сезанн, Пикассо) «тәжірибелік мектебінен» өтіп, шеберлігімді шыңдап, композициямен, түспен және образдармен көп жұмыс жасап, жеке басымның көркембейнелік талғамын қалыптастырдым» дейді. Суретшінің шығармашылығында отбасы тұрмысының көп бейнеленуінің бірден бір себебі, оның ұғымында «үй және отбасы – ыстық, жайлылық пен бақыт ортасы» екендігін түсіндіреді. Демек, бейнелеу өнерінде Д.Әлиев творчествосының тың тақырыптары отбасы және адам өмірі деп мақтанышпен айта аламыз. Оның кескіндемелік туындыларының бәрінде қарама-қарсы түстердің әсерлі шешімдік үйлесімі арқылы көрерменді өзіне баурап алады. Картиналарында кеңістікті шынайы бейнелеу, әрі суретті реалистік деңгейге көтеру, әдіс-тәсіліне көп көңіл бөлінген.

«Суретші өз көргенін емес, өзгелердің көргісі келетінін суреттейді» деп өнер жанашыры Поль Валери айтпақшы, Дулат Әлиев қылқаламынан туған туындылары көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын. Бүгінгі күні, жаңа өнер «ХХ ғасыр өнерін» өз шығармашылығында жаңғыртты деп ауыз толтырып айта аламыз. «Сыншы оқырманды жазбасы арқылы тамсандыру үшін ең алдымен суретші сыншыны тамсандыруы тиіс» деп Оскар Уайльд айтқандай, суретші жұмыстары жоғары кәсіби деңгей дәстүрін сақтай отырып, еркін де тәуелсіз тақырыптық қалыпқа ие болған. Сондықтан да, суретшінің қол жеткізген табыстары тек қазақ әлемінде емес, бүкіләлемдік мәдени кеңістіктен көрінуде. Жаңа ғасыр суретшісі дәл осы қарқынмен қазақ бейнелеу өнерінің беделін арттыра беретіні анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан бейнелеу өнері.ХХ ғасыр. – Алматы, 2001.332 б

2. Әлемдік өнертану. Үш томдық. 2-т.: Бейнелеу өнері.-Алматы: Өлке, 2008ж. – 304б






 

 

18 Қараша 2017
197
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет