Гүлнар Жуваниязова. Монументалды өнердің шебері

В.С.Твердохлебов 1970-жылдардан бастап Қазақстан монументалды өнері мен кәсіби қолданбалы өнері саласына бірегей шығармашылық туындыларымен айтарлықтай үлес қосқан суретшілердің бірі.

Гүлнар Жуваниязова

Өнертану магистрі, ҚР СО мүшесі



Владимир Сергеевич Твердохлебов 1937 жылы 18 мамырда Ресейдің Краснодар өлкесі, Ново-Покровск бекетінде дүниеге келген. Ол 1967 жылы В.Мухина атындағы Ленинград Жоғары көркемсурет-өнеркәсіптік училищесін бітірген соң, Қазақстанға кәсіби маман ретінде жолдамамен келеді. Міне, содан бері Владимир Сергеевич Алматыда тұрып, шығармашылығымен айналыса жүріп, КСРО Суретшілер одағында кешенді көркем безендіру бойынша жетекші және бас суретші болып қызмет атқарды. 

Суретші-монументалист В.Твердохлебовтың шығармашылық туындылары қай салада болмасын әрқайсысы – шешімі табылған терең мазмұнды, мағыналы композиция. Әрбір шығармашылық туындысындағы композиция мен көркемдік шешім кескіндеудегі мүмкіндіктердің бар құпиясын ашып бергендей.

 
Гүлденген шөл дала. 2008, гобелен

 

В.С. Твердохлебов 1970-жылдардан бастап Қазақстан монументалды өнері мен кәсіби қолданбалы өнері саласына бірегей шығармашылық туындыларымен айтарлықтай үлес қосқан суретшілердің бірі. Суретшінің 1970-80 жылдары жасаған бірқатар туындылары ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Ғалымдар үйіндегі (ұлы ғалым Әл-Фарабидің, ақын және философ Абай Құнанбаевтың, шығыстанушы және Қашқарды алғаш ашушы Шоқан Уәлихановтің, ағартушы және педагог Ыбырай Алтынсариннің, тұңғыш геолог Қаныш Сәтпаевтің бейнелері), Есік мейрамханасындағы, Қазақстан мен Қырғызстан қалаларының мәдениет сарайларының және балабақшалардың ішкі-сыртқы қабырғаларындағы витраждар мен мозаикалар, қабырға суреттері (фреска, роспись), гобелендері орын алады.

Суретші-монументалист В.С.Твердохлебовтің ең танымал жобаларының бірі және алматылықтардың сүйіктісіне айналған – «Шығыс күнтізбесі» субұрқағы. 1980 жылы алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы Ғалымдар үйі ғимаратының алаңына құрылған бұл «Шығыс күнтізбесі» субұрқағы макетінің авторы және орындаушысы. Бүгінде келбетін жоғалтпаған бұл субұрқаққа 37 жыл толып отыр. Суретшінің айтуы бойынша бұл субұрқақтың сәулеттік жобасының авторы В.Кацев, ал аңдардың мүсіні мен комопзициялық идеясы мүсінші А.Татариновпен бірге сомдап шығарған  екен.

 
Шығыс күнтізбесі. 1980, Субұрқақ

 

Шығыс халқына тән тәңірлік күнтізбе белгілерінің ерекше мінездік формасы ұтымды табылған. Он екі қырлы келген субұрқақтың ортасында күн орналасқан. Күн формасы 365 данадан тұратын бұйраланған ирек таяқшалардан тұрады. Бұл таяқшалар бір жылдағы 365 күнді белгілейді. Әлемге нұрын шашқан күннің айналасында он екі қола аң бейнелері ерекше композициялық шешімде берілген. Субұрқақтың ішкі түбінде лотос гүлі тәрізді жайқала ашылған формаға аспан әлемі көркемделген. Суретші ондағы әрбір мүсіншелердің архетип нұсқасын зерттей отырып, өзінің композициялық идеясымен ерекше бейнелерді сомдап шықты.

Сонымен қатар, В.С.Твердохлебов 1970 жылдың екінші жартысынан  бүгінге дейін, гобелен өнерінде де өзінің ерекшелігін танытқан суретші. Айталық, «Қазақтың бүркітпен саятшылығы» (1979), «Алма-Ата – Алма қаласы» (1981), абстрактілі гобелені «Ғылым және өрлеу» (1983), «Ғылым және өрлеу» гобелен-шымылдығы (1984), «Абстракция» (1991). Ол белгілі бір ғимараттың ішкі жазығына жасалған бұл алып гобелендердің композициялық сюжеті мен ырғақты сызықтары, түстердің динамикалық қуат серпілісі монументалды өнердің құндылығын дәлелдейді. Сол құндылықты бойына сіңірген Владимир Сергеевич әрбір орындаған объектік композициясын келтіру уақытында жарық пен кеңістікті сезіне алатын қасиетін байқатады.

 
Шарын өзенінің аңғары. Ағашты көл. 1995

 

Өнер әлеміндегі өзгерістер Твердохлебовтың шығармашылығында да тыс қалмады. Кеңес дәуіріндегі белгілі шарттардан еркін шабытқа ерік берген суретшінің  «Көктем, Жаз, Күз» төрт мезгіл топтамасынан (2005), «Пиондар» (2009), «Гүлденген алма бұтақтары» (2007), гобелендері табиғаттың тылсым болмысының сәні бейнеленіп тоқылса, ал қазақтың даласына арналған  «Шөл даланың түсі» (2008), «Гүлденген  шөл дала» (2008) гобелендерінде көсіліп жатқан ен даланың әуені шертілген. Суретші мың түсті жіптердің өзара үйлесілімдігін динамикалық ырғақтықта үндестірген. Табиғаттың шынайы болмысын сол қалпында түрлі түсті жіптермен тоқып жеткізу де кәсіби біліктілік, көрегендік пен талғамдық мінезді танисың. Шығармашылық туындыларында ол әрбір сызыққа мән беретіні, олардың маңыздылығы мен мәнділігіне аса көңіл аударады.

1990-шы жылдары суретші В.Твердохлебов монументалды өнер шығармашылығын жалғастыра жүріп, станокті-кескіндеме саласында да өзіндік қолтаңбасын ерекшеледі. Ол жыл сайын халықаралық «Тенгри» шығармашылық тобымен Орта Азия мен Қазақстанның әсем жерлеріне саяхат плэнеріне қатысып «Хиуа кесенесі», «Кешкі Хиуа», «Шарын. Гүлденген шөл дала», «Таудағы күз», «Қажы-Сай», «Тон шатқалы», «Қызыл жартастар» және т.б топтамалық туындыларын жазады. Суретшіге әрбір жердің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан) өзіндік нәрі қуат бергендей, оның қылқалам ізінен табиғаттың тылсым болмысы мен рухани байлығының шексіздігін көре аламыз. Әр туындысында шынайы бейнеленген көріністерді бір жұмақ мекені дерсің. Ондағы бояу түстердің өзара үйлесімділігі, динамикалық қозғалысы суретшінің жүрегінен тулап шыққан жыр секілді.

19 Қараша 2017
86
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет